Әңгімелер ✍️
Ботагөз
БІРІНШІ БӨЛІМ
(Роман)
ТҰҢҒИЫҚТА
БІРІНШІ ТАРАУ
КЕЗДЕСУ
1
Ботагөз Бурабай көлінің нақ жар қабағына салынған, бір бөлмелі кішкене қарағай үйдің терезесінің алдындағы айнаға түрегеп қарап тұрып, иығынан аз-ақ төмен түсетін, толқынды бұйра қара шашын сүйріктей саусағымен біресе иығына, біресе алдына түсіріп желпіп, өз шашымен өзі ойнады. Шашын желкесіне қарай желпігенде, қарақаттай мөлдіреген қара кезін Көкшенің құшағына бөленген Бурабай көліне тігіп еді, бураның шудасындай желкілдеген толқын біресе жарды сүзіп, біресе кейін қайтып бұрқанып жатыр екен.
Көлдің бурадай буырқануы Ботагөздің қуанышты сезімін өзгертпеді. Ол біресе көлге, біресе айнаға қарап, көлдің толқынына еліктегендей, толқынды бұйра қара шашын бұрынғыдан да жиі желпи түсті.
Оның бұл тұрған қалпын ағасы Балтабектің әйелі Айбаладан басқа ешкім көрген жоқ. Айбала көлден алған екі шелек суды иығындағы иін ағашқа іліп, есігі ашық тұрған үйге еніп еді, айна алдында өз шашымен өзі ойнаған Ботагөзді көрді.
«Еркем, не ғып тұрсың?» – деп қала жаздаған Айбала, сүйікті көретін қайын сіңлісінің қуанышты сезімін бұзбайын дегендей, аузына келіп қалған сөзді ернімен бөгей қойды.
«Я, – деп ойлады, шелегін босағаға қойып, жүрісін сездірмей, ептеп басып далаға шыққан Айбала,– қуанатын жөні бар. Бала ғой. Бүгін сабағым басталады деген!»
«Қандай жігіттің бағы ашылып, маңдайы жарылып тұр екен, сені құшуға?»–деген ой Айбалаға келе беріп еді, Ботагөзді шын сүйетін жүрегі, балапандай жаңа ғана қанаттанып келе жатқан еркесін жігіттен қызғанды.
Айна есіктен бір қырын еді. Қуаныш толқынына сүңгігендіктен бе, болмаса аяғын жолбарыстай жұмсақ басып, жүрісін сездірмегендіктен бе, әйтеуір Айбаланың кіріп шыққанын Ботагөз сезген жоқ.
Өз денесіне, өз кескініне, өз шашына өзі сүйсінгендей болған Ботагөз телегей теңіздей толқып жатқан көлдің сырт жағына қарап еді, желкесінде найзадай шаншылып Оқжетпес тұр екен. Күзді күні қайыңның жапырағы сарғаяды, теректікі қызарады, жасыл түсін өзгертпейтін қарағай ғана. Оқжетпестің жиған жүктей текшеленген сұңғақ денесінің омырауына шейін осы үш түрлі ағаш араласа өскен. Солардың түрлі түспен құлпыруы Ботагөздің көңілін көлден тауға аударды. Оқжетпестің найза денесі Ботагөзге түрлі түсті жібек лента араластыра өрген қыздың тұлымына ұқсап кетті.
Тетелес өскен ағасы Кенжетай бұған бес-алты түсті лента сатып әперген еді. Ботагөз бөлменің бұрышында тұрған кішкене қол сандығына жүгіріп барып, ленталарын алды.
«Мынау, – деді, ол жасыл лентаны суырып ап, – қарағай!»
«Мынау, – деді, ол ақ лентаны суырып ап, – қайың!»
«Мынау, – деді, ол сары лентаны суырып ап, – қайыңның жапырағы!»
«Мынау, – деді, ол қызыл лентаны суырып ап, – теректің жапырағы!»
«Мынау, – деді, ол көк лентаны суырып ап, – теректің өзі!»
«Мынау, – деді, ол сұр лентаны суырып ап, – таудың тасы!»
Өзге түсті лентаға таудың бойынан түстес нәрсе таба алмады.
Оқжетпестің ұшар басының тасы жалаңаш еді. «Тұлымымның түбін лентасыз өрейін, – деп ойлады Ботагөз, – таудың найза басына ұқсап, бір түсті қарасұр боп тұрсын. Содан кейін шаштың ұшына қарай ленталарды араластыра өріп, шашақтандырып қойсам, Оқжетпестің түрлі түсті етегі болады да шығады!»
Ойы ұнамды шыққасын Ботагөз қуанып кетті. Шашын тарақпен желкесіне қайырып алып, саусағымен үшке бөліп, жыпылдатып өре бастады.
«Дәл өзі болды да қойды!» – деді Ботагөз айнаға айнала беріп бұрылып қарап, көзі біресе тұлымына, біресе Оқжетпестің тауына түсіп.
Ботагөздің қуанышты сезімін қарағайды жаңғырықтырған қоңыраудың даусы бөлді.
«Жәмшік әкелген Кенжетай шығар?» – деп ойлады ол.
Ботагөздің үш ағасы бар еді. Балтабек – ең үлкені. Айбала соның келіншегі. Екінші – Темірбек ортаншы ағасы. Кенжетай – кенже ағасы. Кенжетай жалданып қазынаның жәмшігін айдайды. Ағайынды бұл үшеуінің жас мөлшерлері бір-біріне жақын: Балтабек жиырма алтыда, Темірбек жиырма төртте, Кенжетай жиырма екіде. Әкелері Тұяқ ерте өлген. Шешелері Ұлберген шаруадан қалмаған, жасы қырық бес шамасындағы кісі. Ол ауылдағы Кенжетай мен Темірбектің қолында тұрады. Шаруалары кедей. Балтабек Бурабай қаласында темір соғады, етікшілік кәсібін істейді. Ботагөз соның қолында тұрып, орыс школында оқиды.
Кенжетай келді деп ойлаған Ботагөз, оны қарсы алмақ боп үйден шықса, есік алдында Айбала жүр екен.
– Еркем! – деді, ол дыбыс беріп.
Кенеттен шыққан дауысқа Ботагөз «ә» деуге үлгірмей, жүгірісін кілт доғарып, жалт қарады.
– Қайда барасың, еркем?
– Кенжетай келді білем.
– Апаңды сағындың ба?
Сабақ сентябрьдің басында басталады дегенге ауылдан Ботагөз ерте шығып, қалаға келгеніне айға жақындап қалған. Школдың керекті жабдығы түгелденбей, ертең-бүгінмен сентябрь аяқталуға айналған. Көптен көрмегендіктен Ботагөз апасын сағынған. Сондықтан Айбаланың «Апаңды сағындың ба?» – деген сөзі Ботагөздің жүрегіне тық ете түсіп, көзіне жасы келіп қалды, оны Айбала көрер дегендей Ботагөз жүгіре жөнелді.
Балтабек үйі мен жәмшік тоқтайтын Андрей Кулаков үйінің арасында текшеленген тастардан табиғаттың өзі жасаған қорған бар еді. Кулаковтың үйіне оны жағалап барса, жолы недәуір ұзақ, сондықтан бала-шағалар қорғанға өрмелеп шығып, үстінен асып түседі.
Ботагөз сол қорған тастың текшеленген жіктеріне ескен тырбық қарағайлардың бірінен соң біріне жармасып, аздап ентігіп барып, төбесіне шықты да, сатылап отырып ар жағына түсті. Кулаковтың көк шатырлы, үлкен қарағай үйі қорғанның арғы жақ етегінен алыс емес еді. Бірақ бер жағында сырғауылдан істеген малдың кең шарбағы болатын.
Қарағай арасымен шарбақты жағалап, Ботагөз келе жатыр еді, Кулаковтың бір топ қазы кездесті. Қаздың айғыры тістеуік екенін Ботагөз білетін. Сондықтан, топ қазды ораңқырап өтейін деп еді, айғыр-қаз мойнын жерге төсеп, қаңқылдап бұған қарай тұра жүгірді.
Осы айғыр-қаз өткен жылы қапылыста Ботагөздің тақымынан тістеп ап, көпке шейін тақымы көгеріп жүрген еді. Тағы да солай тістей ме деп, ол ұмтылған қаздан қаша жөнелді.
Қорыққанын көріп, үрейлендіре түскісі келді ме, болмаса шын тістеуге ниет етті ме, қаз қанатын жазып жіберіп, жүгіре ұшып Ботагөзге жетуге айналды.
– Мама! – деді Ботагөз, қаздың қаққан қанатының лебі денесіне жақындап қалғанын сезіп, орыс қыздарының дағдысымен. Әйтпесе, шешесін бұл «мама» емес, «апа» дейтін еді.
– һе-е-ей!.. – деген дауысқа қысылған Ботагөз жалт қараса, жүгіріп келе жатқан Кенжетай екен. Қаз одан қаймыққандай қанатын жинап, мамырлап кейін жөнелді.
– Қалай, бала, қорықтың ба?! – деді Кенжетай қалжыңдап.
Ботагөз ұялғандай тұнжырап төмен қарады.
– Әй, балақай, қаздан қорыққан!...
Ботагөздің қалжыңға азық болғысы келмей:
– Қорықпағанда... тістеп алса... – деді басын көтеріп.
«Дәлел таптым ба?» – деген кісідей Ботагөз Кенжетайға қадала қарай қойып еді, қайдан келгенін білмей қалды, қасында орысша киінген бір қараторы, әдемі жас қазақ жігіт тұр екен.
Ботагөз бетін басып, Кулаковтікіне қарай жүгіре жөнелді.
– Бота! – деген жіңішке дауыс құлағына тигенше, Ботагөз бетінен алақанын алған жоқ. Дауысты естіген соң қолын төмен түсіріп қараса – Лиза екен. Лиза Ботагөзбен бір мектепте оқитын қыз, екеуі дос.
– Неден ұялдың осынша? – деді, Лиза жүгіріп кеп, Ботагөздің қолтығынан ұстап.
– Жай!
– Жайдан жай сүйте ме екен?
Ботагөздің көз қыры кейінгі жаққа түсіп еді, Кенжетай, орысша киінген жігіт және Кулаковтың жалшысы – Антон бұған қарап күліп тұр екен.
Кетейік, кетейік!... – деді асығып Ботагөз.
– Ендеше, біздікіне барайық!
Екеуі Кулаковтың қарағай үйіне жүгіріп кірді де кетті.
2
Орысша киінген жігіт – Досанов Асқар еді. Оның әкесі Досан. Бурабай маңайындағы Шортан қаласының малын бағатын жатақ бола тұра, баласын школға жасынан сабаққа берді. Екі класты школды 16 жасында, 1907 жылы бітіріп, сол жылы күз, Асқар Омбының Учительская семинариясына түсті. Бірақ оны аяқтауға қаражаты болмай, 1911 жылы, соңғы класын бітірмей семинариядан шығып, Көкшетаудың ық жағында отыратын, Байсақалдың Итбайы деген болыстың аулына балаларын орысша оқытуға жалданады. Ауылға келгелі Кенжетаймен таныс болған ол, бүгін хат-мат бар ма екен деп, Кенжетайға еріп қалаға келген еді. Ботагөздің күнәсіз қараған дөңгелек қара көзінен Асқардың жүрегіне ұшқын шашырап түскендей, дір ете қалған сияқтанды...
Бозбалашылықтың мектебін өтеген Кенжетай, Асқардың бұл сезімін бетіндегі қан құбылысынан байқап қалды.
– Бұл бала менің қарындасым! – деді Кенжетай Acқардың сұрағысы келгенін біліп.
– Туған қарындасың ба?
– Туған. Орыс школінде оқиды.
– Солай ма?!
Қазақтың қызды біреуге бесікте атастырып қоятын әдеті бар. Сол әдет есіне түскен Асқар: «біреуге уәде қылып па едіңдер?» дей жаздап қалып, аузын жия қойды.
– Мен почтаға барып, хат-хабар болса әкелейін,– деді Кенжетай.
– Мен де бірге барайын.
Екеуі почтаға келсе, жөнді кісі жоқ екен. Решетканың ішінде отырған қыз бұлармен қалжыңдасып тұрып, бірсыпыра пакет, орысша газеттер және бірнеше журналдар берді.
– Не әңгіме бар екен? – деді Кенжетай почтадан шыға бере Асқарға орыс газетін ұсынып, – мынаны қарап жіберші!
Бурабай көлінің ығындағы кішкене қаланы сол көл атымен «Бурабай» дейді. Қала тастың, қарағайдың арасына салынғандықтан, кеп жерінде көше болмай, тастардың арасындағы алаптарды қуалап кетеді.
Көшедегі көп тастың біреуіне Кенжетай мен Асқар қатар отырып, газеттің іші-сыртын үңіліп қарай бастады.
Газеттің бірінші бетінде сауда-саттықтың жарнамалары басылған екен. Оған Асқар көп алданбай, ішкі бетін ашып, Балқан соғысының хабарларын оқыды.
– Мынасы қызық екен? – деді Асқар бір кезде дыбысын шығарып.
– Неменесі? – деді іші пыса бастаған Кенжетай.
– Түрік пен Балқан патшалықтары соғысып жатыр еді ғой, оны естіген шығарсың?
– Е, қайсысы жеңіпті?
– Жақында татулық жұмысын кеңесіп еді, қазір Түрікке қарсы бірігіп соғысқан Қаратаулық пен Болгария деген патшалықтар олжаға таласып, өзді-өзі қырылысқалы жатыр екен.
– Бірі өлсін де, бірі қалсын, оған менің не қимам қышыпты.
Асқардың ойы Кенжетайға Балқан соғысының себептерін, алдағы күнде соғыс боп кету қаупін түсіндіруге бір кетіп тұрды да, оқымаған жігіт, түсінбес деп айтпады.
– Тағы не бар екен? – деді Кенжетай.
– Қарайын.
Асқар кішірек келген қара көзін газеттің жалпақ бетіне жүгіртіп отыр еді, бір кезде жүгірген көз бір жеріне барып қадала қалды.
– Е, не бар екен? – деді Асқардың жүгірген көзін қуып отырған Кенжетай.
– Той болатын бопты.
– Не той?
– Романовтарға 300 жыл толыпты.
– Оларың кім?
– Осы күнгі Ресейдің патшасы.
– Несіне 300 жыл болыпты дедің?
– Бұдан 300 жыл бұрын, осы күнгі патшаның атасы Михаил Федорович 26 жасында таққа отырған.
– Біздің Итбай да 16 жасында болыс болды деп еді, о да жасында патша болған екен. Ал, енді, оның несін тойлайды?
– «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса».
– Біз де тойлаймыз ба?
– Тойлайсың! – деді, Асқар кекете күліп.
– Нақ біздің ауыл тойлай қоймас!
– Неге?
– Несіне тойлаймыз, патша сауырымыздан тісін бір алған емес.
– Е, саған ол не қылды? – деді Асқар сырын білгісі кеп.
– Менің әкемнің жас кезінде қонысымызды алып, елді бір шұбыртқан екен. Қазіргі біздің ауылдың отырған жерін тағы да алатын боп қағаз түсіпті. Енді қайда барарын ел білмей отыр.
– Солай болуға тиісті, – деді Асқар, Кенжетайды шабындыра түсейін деп, – жер қазнанікі. Қазына иесі – патша.
– Ойбай-ау, енді, – деді Кенжетай ызаланып, – қазнанікі болғанда жұрт жел оба ма? Патшаның таптырған жері бар ма? Бағып отырған елі қайда мекендейді деп ол ойлай ма екен?
Асқар ызалы күлкімен тағы да мырс ете түсті.
– Осы Байсақал ауылының жеріне патшаның тырнағы тимейтін себебі не, сен білесің ғой?... Пайғамбар заманынан бері ата жерінен табанын әлі аударған жоқ.
– Ондағы себеп біреу-ақ...
– Немене?
– Ресейге қазақ бағынғанда, осы елден Орынбордағы Неплюев деген жанарал алдына барып, патшаға ант берген алпыс ақсақалдың біреуі Итбайдың атасы. Сонда оларға патша ақсүйектік даража беріп, солдат алмауға, жеріне тимеуге қағаз берген.
– Ә, солай де...
– Солай!...
3
Кенжетайдың ауылы Бурабайдан отыз шақырым жерде еді. Егер қалаға келе сала аулына қайтса, күнде жегілетін ат алпыс шақырымдық жүрісті ауырлайды.
Жәмшік тартуға екі-үш кедей бірігіп күштерін қосқан. Жегетіндері маңдайларына басқан жалғыз аттары.
Соның бірі Кенжетайдікі. Егер ол жалғыз көлігін арықтатып, жүргізбей тастаса, оның арты күн көріске кеп соқпақ, күрмеуге келмейтін қысқа жібін одан артық қысқартпақ.
Жәмшік жұмысымен осы ретте жүрген Кенжетай, газет хабарларын Асқардан біраз естігеннен кейін: – «Мен атты Балтабектікіне барып ағытайын», – деп орнынан түрегелді.
– Қашан қайтамыз? – деді Асқар.
– Төре-мөре кеп қалса, бүгін. Әйтпесе, ертең. Сен қайда барасың?
– Мен... – деп, Асқар азғана кідіріп, бірдемені қиял еткендей бөгеліп тұрды да, – көлді жағалап қайтам, – деді.
Екеуі орнынан тұрып екі жаққа кетті.
Асқардың туған жері Шортан қаласы дедік қой. Шортан қаласы Бурабай тауының оңтүстік жақ етегіндегі, Бурабайдың сексен келінің бірі – Шортандының жағасында. Көлдің желке жағынан жоталана көтерілген жүндес тау, қырқалана созылып барып, Бурабайдың ең биігі – Көкшемен тұтасып кетеді. Таудың биігінен бастап бұйралана өскен қарағай, қайыңы аралас ағаш етекке түсе кең жайылып, ұшы-қиырына көз жеткісіз қалың орман боп кетеді.
Осындай орасан сұлу табиғаттың құшағында туып, балалығын Шортандының түпсіз терең күмістей көліне сүңгумен, меруерттей құмына аунаумен, текшелі тастарына өрлеумен өткізген Асқар, ержеткен соң туған тауының сұлулығымен ғана қанағаттанбады. Ұшар басынан етекке шейін екі жақ қабырғасын табиғаттың өзі тіп-тік қиып түсірген, бұлттан бөрік киген, төбесі аспанмен астасқан, бар тауды бауырына алып, өзі соларды айнала қоршап, бәрінен басын асыра қарауыл болған Көкше Асқарды алыстан шақырды. Басын бұлтқа сұққан Көкшенің төбесіне ол сан рет шығып, алтын кесенің аясындағыдай сексен көліне сан рет сүйсіне қарады.
Көкшенің көлеміндегі сұлу жерден оның араламағаны болған жоқ. Бірақ не Көкше, не оның балапан таулары, не көлдері ешуақытта Асқарды тойғызған емес, оның тәтті дәмдері ешуақытта айныған емес. Омбыға оқуға барған жылдары да оның ойынан Көкше шыққан жоқ. Жазғы демалысты ол үнемі Көкше маңында өткізді. Қысқы демалыста он-он бес күнге босаса, неше күн атпен азаптанып, жол жүріп кеп, Көкшеге тым болмаса бір-екі қонып қайтатын еді. Көкшені ол анасындай сағынатын еді.
Сондай сұлулығына тоймайтын Көкшені Асқардың тағы да бір аралағысы кеп, Кенжетайдан бөлінгесін Бурабай келін жағалай Оқжетпеске қарай тартты.
Оқжетпестің етегіне келгенге шейін ол ешнәрсе ойлаған жоқ. Өзгені ойлау түгіл ,ол өзін-өзі ұмытып кетті. Оқжетпестің нақ етегіне кеп, төбесіне қарағанда бұл араға қалай кеп қалғанына, аяғы басын билеп, адастырмай көңілдегі жеріне қалай жеткізгеніне, екі кісі қатар жүргенде зорға сиятын көлдің жарындағы жолдан суға қалай құлап кетпегеніне Асқар таңқалды.
Оқжетпес бұрын көргенде, төбесіне жетпей ой құсы ұя салмайтын фантазиялы биік шың сықылданатын еді, бұл жолы ондай әсер бермеді, тәртіппен текшеленіп жиылған тастар боп қана көрінді. Бұрынғы дағдысында ол Оқжетпестің тас діңгегін айнала бір шолып, содан кейін Көкшеге қарай беттейтін еді. Бұл жолы Көкшеге ол көзін де салған жоқ. Оның бұл жолы көзін тартқан мұнарланған биік тау емес, көлдің үстін ала қарағанда көзге зорға ілінетін Бурабай көлінің ық жақ жар қабағындағы қарағай үйлер.
Оқжетпестің шығыс жағында, Бурабай көлінің жағасында көлге төне өскен шың бар, аты – Жұмбақтас. Оның неге Жұмбақтас аталуы туралы ертегіні Асқар жақсы біледі.
Оқжетпестің түбінен Бурабай көлі арқылы Бурабай қаласына қараған Асқар, еркін көріне қоймаған соң, қалың қарағайдың арасымен аяғын сараң басып Жұмбақтасқа келді де, шың басына өрмелеп шығып, құстан басқа мақлұқ отыруға жүрексінетін биік шыңнан суға еңкейе төнген бір сүйір тасқа аттай міне отырды.
Сол арада мұның есіне Ботагөз түсті. Асқар оқыған жылдары ол оқыған семинарияда сегіз жүздей семинаршылар бар еді, солардың ең аз дегенде алпыс проценті қыздар. Сонша қыздың арасында қазақтан бір қыз жоғы Асқарды қапаландыратын. «Семинарияда қазақ қызы қайдан болсын, – деп ойлайтын онда Асқар, – ауылда не орысша, не қазақша мектеп жоқ, семинарияға я сол сияқты орта, я жоғары мектептерге түсу үшін қазақ қызы оқитын бастауыш мектеп керек».
Ауыл халқынан қанша алым-салық алғанмен, ауылға арнаулы мектеп ашпағандығы үшін патша үкіметін Асқар сөзі жеткенше сөгетін.
Семинариядан Итбай ауылына учитель боп орналасқанда, Асқардың алдына қойған ең зор мақсатының бірі – қыздардың оқуына айрықша көңіл бөлу еді. Бірақ Итбай ауылында бала оқытуына үшінші жыл болғанмен, мектептен оқитын бір де қазақ қызы жоқ. Мектеп жасында қызы барларға Асқар талай рет барып: «балаңды оқуға бер!» деп, түсіндірді де, жалынды да; қанша жалынса да, оның сөзі өтпей-ақ қойды. «Қыз оқып молда болмайды»,– десті оған қызы барлар. Асқардың: «мен өзім де оларды молда болсын демеймін, менің ойым: олардан халыққа пайдалы оқыған адам шығару», – деген сөзіне, олар: «әуелі ұлдар оқып, содан пайда көріп, аузымыз тұшысын, содан кейін қызды оқытармыз»– деп, жауап берді.
Алғашқы жылы сөзін өткізе алмаған Асқар, келесі жылы көндірермін деп дәмеленген еді, ол ойы да іске аспады, жыл сайын дәмеленіп, жыл сайын көпшілікті көндірем бе деп талпынған Асқардың мектебіне бір қыз да түспеді.
Ауылда қалыңға сатылмайтын қыз жоқ. «Он үште отау иесі» – деп, талай қыздар 12-13 жастарында ұзатылып жатады; талай кедей қалың, алып, қыздарын шалға, кемге беріп жатады. Оны тыятын ешкім жоқ. Асқар бұл жөніндегі өзінің пікірін сол кездегі баспасөз бетіне жазды, оның жазған мақаласы басылды да, бірақ ол мақала арқылы шара қолданған, қалыңға тыю салған үкімет жоқ. Журналды оқығандар: құда түсер, қыз ұзатар тойларына Асқарды әдейі шақырып: «осыны да кітапқа жаз, шырағым», – деп мазақтайтын болды.
Баспасөзге жазған мақаласынан нәтиже шықпаған соң, Асқар бірнеше табақ қағазды толтырып, үкіметке арыз берді. Ол арыздан да хабар-ошар болмаған соң, Асқар іштен сыздап, амалсыздан аузын жапты...
Міне, сондай, «қазақ қызы қашан оқыр екен!» – деген арманда жүрген Асқарды Ботагөздің орысша школда оқуы аса қуандырды. Бұрын, алдында сағымдай бұлдырап, қуса жеткізбей жүрген үмітіне, енді қол ұшы іліккендей болды.
Жұмбақтасқа аттай мініп отырып, Бурабай көлінің үсті арқылы, Бурабай қаласына қараған Асқардың қуанышты ойын бөлмейін дегендей, шыңға өрмелеген жыланша толқынданып жарды сүйіп жатқан көлдің беті, Асқар шың тастың сүйіріне мінгенде бәсеңдеп, оның ойына Ботагөздің оқу қуанышы түскенде, моп-момақан боп тұна қалды.
Үміт тұлпарына мініп, қолы іліккен мақсатын еркін ұстауға ұмтылғандай, Асқар астындағы сүйір тастың бүйіріне тебініп-тебініп қалды.
Асқар қайтып қала шетіне кіре берген кезде, күн еңкейіп барып, Көкшенің төбесіне таяқ бойы келген кезі еді. Егер таудың төбесінде тұрып қараса, күннің ұясына қонуына әлі төрт-бес сағат уақыт бар.
Күннің кешкіруін Асқардың тілеу себебі – бүгін қалаға қонбақ, жас қызды анықтап көрмек.
Балтабектің үйін Асқар білмейтін еді.
– Жеңгей, сіз білесіз бе, жәмшік Кенжетайдың ағасы қайда тұратынын?– деді Асқар жолда жолыққан бір орыс әйеліне.
– Саған Балтабек керек екен ғой? Анау жуан қарағайға барсаң, соның аржағында алыс емес, сол арадан тағы сұрарсың.
Жуан қарағайдың аржағына өте беріп, анықтап сұрап алатын адамды жан-жағынан іздей бастаған Асқардың көзіне бір кішкене қарағай үйдің алдында тұрған Кенжетайдың арбасы ұшыраса кетті.
Асқар үйдің алдына келгенде, Айбала самауыр қойып жатыр еді.
– Есенсіз бе? – деді Асқар Айбалаға кеп, кім екенін танымай.
– Ш-ш...у...
– Балтабек деген жігіттікін білесіз бе?
Айбала жымиып күлді.
– Неге күлдіңіз, әлде осы үй ме?
Айбала тағы жымиды.
– Ә, тура тапқан екем ғой, – деді Асқар енді біліп.
– Кенжетай үйде ме?
– Лапке жаққа кетіп еді.
Айбаланың әдепті мінездері Асқарға ұнады. «Кескін-кейпі, дене-тұлғасы да сыпайы екен»,– деп ойлады ол. Бірақ Балтабектің әйелі ме, болмаса басқа біреудікі ме? – Ол арасына көзі жетпей, біліп алғысы келді.
– Сіз осы үйдің кісісі боласыз ба? – деді Асқар, сыпайы дауыспен.
– Иә.
– Балтабек ағайдың жамағаты деп түсінеміз ғой, сізді?
Айбала тағы жымиды.
– Балтабек қайда?
– Ұста дүкенінде. Кешке келеді.
– Атыңыз кім?
– Айбала.
Осы кезде есік алдындағы қорған тастың аржақ бетінен күле сөйлеп келе жатқан екі жас қыздың дауысы естілді. Асқар құлағын тігіп, көзін қадай қойды.
– Еркемнің сабағы біткен екен ғой, шайы даяр болмады-ау! – деп, Айбаланың өзіне-өзі күңкілдеуін Асқар естіп қалды.
– «Ә,– деп ойлады Асқар,– жас қызды бұл «еркем» дейді екен ғой. Аты сол ма екен, я еркелетіп қойған аты ма екен?»
Тас қорғанға көзін тіккен Асқарға ең алдымен тасқа тырмысқан қыздардың қолы, содан кейін бастары көрінді, бастың біреуі сары, біреуі қара. Асқар шашқа қарап: «біреуі орыс, біреуі қазақ екен», деп ойлап тұрғанында, мана шарбақтың қасында көрген екі жас қыз күліп шыға келді.
Қыздар Асқарды абайлаған жоқ. Екеуі қорған тастың бер жағындағы баспалдақтардан қолтықтасып секіріп түсті де, қазақ қызы жүгіріп кеп, Айбаланың, мойнына асылды, қолтығында қайыспен таңған екі-үш кітап.
– Бұның қалай, Ботагөз?– деді қасындағы орыс қызы, қазақ қызына.– Мен оны жақсы көрем.
Қыздың аты Ботагөз екенін Асқар осы арада білді. Ботагөздің бойы жас мөлшерінен сұңғақтау екен. Үстінде орысшалау тіккен, түгі қырқылған қызыл барқыт қамзол. Кескіні қараторы. Мұрны кішірек келгенмен, қырланып, әдемі біткен. Қара көз. Мойны ұзын. Денесінің балалық бейнелері әлі өзінде. Шашын сәнмен өргеннен басқа, қыз болған белгіні Асқар Ботагөзден таба алмады.
– Шайыңды даярлайын, босатшы, еркем!– деді Айбала, Ботагөздің қолын мойнынан жазып, бетінен сүйіп.
Ботагөз босатпап еді, Айбала құлағына бірдемені сыбырлағасын құшағын жазды да, Асқар тұрған жаққа ақырын айналып қарады.
– Саламатсыз ба, қарындасым?–деді Асқар қолдасып амандасқалы, аяғын Ботагөзге қарай аттап, танысудың басын осыдан бастауға ойлап.
Ілгері аттай берген кезде Асқарға: «жас қыз, манағыдай тағы қаша жөнеле ме?»–деген қауіп туып еді, қыз күтпеген мінез көрсетіп, кескініне тура қарап, ұсынған қолына қолын берді.
Салалы келген жіңішке ақ саусақтарды ұстаған кезде, Асқарға олар жас сүйіріктің басы сықылданып, үгітіліп кететіндей көрінді. Сондықтан, ол өзгеге амандасатынындай қыспай, демеп қана қолын қайтып алды.
– Менімен неге амандаспайсыз?– деді Лиза Асқарға.
– Кешіре көріңіз...
Асқар Лизаға қолын ұсына беріп еді, Лиза: «Уже поздно!» деп күліп, жүгіре жөнелді.
Асқардың Лизаға көңілі оншалық бөлінген жоқ. Оның бар ойы Ботагөзде болды.
– Оқып жүргеніңді,– деді Асқар, «сіз» деп сөйлесуге Ботагөзді тым сәби көріп, «сенмен» сөйлесуді лайық тауып,– Кенжетай айтып еді. Оқуларың бүгін басталды ма?
– Бүгін 4 сағат оқыдық.
– Не сабақ оқыдыңдар?
Келе жатқан Кенжетайды көріп ұялды ма, болмаса басқа себептері болды ма – Ботагөз Асқарға, кеткісі келген қалпын білдірді. Асқар да енді бөгегісі келген жоқ.
Ботагөз, Айбала, Лиза үшеуі үйге қарай кеткенде, «бұл бір өткір қыз болайын деп тұр екен. Кескін-кейпі де, мінезі де кісі шығатын адамның қалпын көрсетеді екен»,– деп ойлады Асқар.
4
Іңірдегі Асқардың ойы қызықты бір ермек тауып, түнді еңсеріп барып жату, Балтабектің үй-ішіне де, Ботагөзге де бойын үйрету еді. Ол ойын Лиза бұзды.
– Бота!..– деген Лизаның даусы естілді ымырт жабылғаннан кейін, Асқар Балтабекпен үйде кеңесіп отырғанда. Ботагөз ол кезде далада еді.
– Ә-әу!
– Қайдасың?
– Мен мында!..
Асқардың көңілі екі қыздың дауысына бөлініп, Балтабекке айтып отырған кеңесінен жаңыла берді.
– Ойын боп жатыр, бармайсың ба,– деді Лиза Ботагөзге.
– Білмеймін, жеңешемнен ұлықсат сұрайын.
Айбала ауылдың қызы еді. Қаланың бетін көруі Балтабекке шыққалы ғана. Сондықтан, орысша сөйлеген сөздің біразына түсінгенмен, қайырып айтуға шорқақ.
«Қызға қырық үйден тыю», деген мақалды Айбала жақсы біледі. «Он үште отау иесі» деп қаршадайынан үйден шығармай қызын сынға салып қоятын ауылды ол әлі ұмытқан жоқ. Бірақ ондай сынға салуды Ботагөзге әрі ерте көреді, әрі қимайды. Жүріс-тұрысына, мінезіне, ақылына қарап, Ботагөздің орынсыз отқа түспейтініне сенеді. Сондықтан:
– Барғың келсе бара ғой, еркем!–деді Айбала, Лиза жүр деп қолқалағаннан кейін.– Кеп кешікпе, еркем, тамақ піскен кезде кел.
Қыздардың дыбысы сенген кезде, үй сыртынан аттың дүсірі мен ауыздықтың сылдыры естілді.
Кенжетай атты үйдің іргесіне тұсап, үйге кірместен, даладағы Айбаладан Ботагөзді сұрады.
– Лиза екеуі ойын боп жатыр деп кетті.
– Асқар, үйдемісің?– деді Кенжетай сырттан.
– Үйдемін.
– Шығып кетші.
– Қазір.
– Шал мен кемпірдің қасында отырамыз ба? Ойынға барайық,– деді Асқарға, далаға шыққанда Кенжетай.
– Барайық.
– Ас...– деп Балтабек үйде дауыстай беріп еді...
– Асты түсіре тұрыңдар, ойын табылмайды. Ас қайда қашар дейсің?– деді Кенжетай.
Екеуі қараңғы көшемен құлағын тігіп келе жатыр еді, бір үйдің терезесінен шулаған дауыс, тартылған сырнай естілді.
– Осы үйде екен,– десті екеуі де.
Бұлар үйге кірсе, екі бөлмелі үйдің іші лық толған қыз-бозбала екен. Орталарын алқа-қотан ашып қойып «Камаринскаяны» билеп жатыр.
Ойында көзге ерекше түскен Антон. Билеуші де, қалжың айтып күлдіруші де, билеуге қыз-бозбаланы еріксіз шығарушы да сол.
– Сен биле, сен биле!– деп әркімді бір ұстап алып еріксіз ортаға шығарып жүрген Антонның көзі бір кезде Кенжетай мен Асқарға түсті.
– Кел мұнда, кел билеуге,– деді Антон Асқардың қолынан шап беріп ұстап.
– Білмейтін ем!– дегеніне қарамастан Асқарды Антон ортаға сүйреп алып шықты.
– Ну-ка,– деді Антон, үстелде сырнай ұстап отырған таңқы мұрын, кең танау жас жігітке. Ол жігіт Бурабай көлеміндегі барлық қалаға сырнайшы атанған белгілі жігіт еді; мұндай жиында оның арқасы қозып кетеді. Сондықтан, сырнайдың көрігін құлашын кере үрлетіп, саусақтарына көзі ілеспей, «Русская плясоваяны» тарта жөнелді.
– Ну-ну... Давай-давай!– деп шуласты Асқарға қыз-бозбала.
– «Мен танцы болмаса, орыс пляскасын білмейтін ем»,– деді Асқар.
– Таңдағаныңды тартам,– деді сырнайшы жігіт, сырнайға шеберлігін білдіргісі кеп.
– Краковякты тарт, ендеше...
Сырнайшы желпілдете краковякты тарта жөнелгенде, Асқар топтың ішінен серік қыз іздеп еді, қатар тұрған Ботагөз бен Лизаны көрді. Ботагөз, әрі би білмес деп ойлады, әрі Кенжетайдан ұялды. Сондықтан:
Сізді биге шақырам,– деді ол Лизаға қолын созып, Лиза шегінейін деп еді, Антон еріксіз ортаға сүйреп алып шыққасын:
– Пожалуйста,– деді ол, күле сөйлеп Асқарға.
Лизаның талдырмаш денесін ұршықтай үйіріп, Асқар топтың ортасында біраз биледі. Топтан бұларға серік төрт-ақ.пар шықты.
Асқар мен Лиза қатарласа жорғалай жөнелгенде, Ботагөзге ол қызық сықылданып еді, артынан екеуі тесіне төсін тақап дөңгеленгенде:
– «Мен де солай билесем!»–деді ол ішінен...
Ойыннан бұлар түн ортасы ауа қайтып үйге келсе, Балтабек ұйықтап қап, Айбала көйлек жамап отыр екен. Бұлар есіктен кіре берген кезде:
– Тұр!–деді Айбала, Балтабектің аяғынан ақырын қозғап.
Балтабек көзін уқалай түрегелді.
Айбала далаға шығып кетіп, бетіне табақ төңкерген кішкене қазанды алып кірді.
– Құрауыз жатпасын деп,– деді Балтабек Асқарға, Айбала буы бұрқыраған қазанның бетін ашқанда,– осындағы бір-екі тауықтың біреуін сойдырып ем. Қазақтың мақалы бар ғой:
«...Бар болса сойыстықтың жөні бар,
Бір тоқтыда он кісінің құны бар,
Сойса қозы өледі,
Соймаса өзі өледі,
Соймаса қан шықпайды,
Қу тілден май шықпайды»,–
деген.
«Қонғанша қонақ ұялады, қонғасын үй иесі ұялады» дейді. Қол өнерімен ғана күн көріп отырған адамбыз! Күнде келетін жігіт емессің. Бабың болмады, қонағым! Ықласыма ғана риза болмасаң.
– Айта көрмеңіз! Дәм таттым, сынайтын кісі мен емес, тауықты да бекер сойғансың, ағай!
Тауықтың етін Айбаланың пісіруі, тоқтының етіне тұрарлықтай екен. Табақ алдына келгенде Асқар көзін салса, майын шылқылдатып қаймаққа қуырыпты. Табаққа қуырдақты төккеннен кейін, әр жеріне аршыған он шақты жұмыртқа қойыпты. Табақтың шетіне бір-бір ағаш қасық салыпты.
– Өздеріңіз неге келмейсіздер?–деді Асқар Айбалаға.
Ондағы ойы – бір жағынан Айбаланың тазалығы мен асты дәмді істеуіне риза болғандық, екіншіден – Ботагөзбен табақтас болуды тілегендік еді.
– Ботажан, сен кел!– деді Балтабек.
Ботагөз Кенжетай мен Балтабектің арасына келді де, Балтабектің тізесіне шынтағын тірей отырды.
– Жеңгей, сіз де келіңіз!– деді Асқар тағы да Айбалаға.
– Алдында асы бар ғой,– деді Балтабек.
– Асы болса да келсін. Бәріміз де жаспыз, кімнен ұялады?
Асқар «келіңіз» дей бергесін, қымсынып кеп Кенжетай жақтан Айбала да отырды.
Асқардың көзін тәтті қуырдақ емес – Ботагөз тартты. Бірақ ол өз сезімімен өзі қатты күресіп, Ботагөзге қарамауға, қараса ағаларына сездірмеуге, көзқарасынан Ботагөзге ой түсірмеуге тырысты. Сондай арпалысқан сезімнің толқынына батып отырып, қуырдақтың қалай желініп болғанын білмей де қалды. Бірақ кез жаңылғанмен, қол мен ауыз жаңылған жоқ. Сыбағалы тамақтан аш, құр қалған жоқ. Ботагөздің магниті тартқан көзді зорлықпен басқа жаққа аударып отырып, қуырдаққа мейлінше тойды.
Ауыл бозбаласының әдетін істесе, Асқар төсекке жатқаннан кейін көзін жұрттан ұрлап, көрпенің астынан қыздың жатқан орнына қарар еді. Төрге төсек салып бергеннен кейін Асқар оны істемеді. Әрі жас отау, әрі кедей үй болғандықтан төсеніші шамалы екен. Сол араға барып, ол етігі мен сыртқы қамзолын шешті де, шалбаршаң, пальтосын жамылып, теріс қарап, жатып қалды.
Асқардың әдептілігіне сенді ме, болмаса қарындастарын бала деп түсінді ме – ағалары да, жеңгесі де қызды қорғаған белгі көрсеткен жоқ. Тар бөлмедегі Асқар мен Ботагөздің төсегінің арасы бір-ақ құлаш жер, орталарында ешнәрсе жоқ.
Асқар ұзақ уақыт ұйықтай алмады. Бірақ жатқан қалпынан тырп етіп қозғалған жоқ, қимылдаған жоқ. Сол түнгі ауа райы, Сібірдің күзгі мезгілінде, әсіресе, тауда сирек кездесетін рай еді. Кешке қарай аспанды бүркеп алатын күздің сұр бұлты ол түні жоқ еді. Түн ортасына жақын туған, оң жағынан ойық ай, биікке шығып алып, сәулесін Бурабай көліне сүңгітіп, қалқып бара жатыр еді. Сол айдың жарығы түскендіктен, үйдің іші бозамықтау еді.
Ұйқысы келмеген Асқар пальтодан бетін ашып жатып, біразға шейін құлағын көлдің жарына жұмсақ леппен ұрған әлсіз толқынға тікті. Терезенің түбіне екі-үш-ақ саржан жерде тұрған көлдің суының болмашы қимылы бұған түгел естілді.
Асқардың кеудесіндегі судай сапырылған ой толқыны ішіне сыймағанда, демін қаттырақ алып қала жаздап, біреу-міреу біліп қалар дегендей, өзін-өзі зорлады.
«Бұл қыз маған ұнады»,– деген қорытындыға тірелді Асқардың ойы біраздан соң.– Бірақ сөз салуға әлі жас. Бұл бақытты қыз. Өйткені, шаруалары кедей болғанмен, алтын асықтай ағалары бар. Мына екі ағасы бір қызды есіре алатын жігіттер. Оның үстіне мына бір жеңгесі де табылған адам екен. Қайын сіңлісін мұндай күткен жеңгені көрген жоқ ем...
«Бұл қыздың өмір сатысына басқан адымы әзірге дұрыс. Қазақтың қандай ақылды, көрікті қызы надан ауылда, ең жетілді дегенде тәуір күйеуге тиіп, өз қара басынан аса алмайтын, үй күңі болатын еді. Оқыған, әлеумет ісіне даярланған қазақ қызын әзірге езім көргем жоқ. Бірен-саран қалада тұрған байдың қыздары оқыса, олардың түпкі мақсаты: семья басы – ана болу. Қазақ кедейінен Европа ғылымын алып, әлеумет кісісі болған қызды өзім көргем жоқ...
«Мына қыз кедейдің қызы. Дер шағында оқуға түскен. Оқырлық жағдайы толық. Тұлғасында, мінезінде кісі боларлық белгілер бар. Олай болса түбінде бұдан әлеуметтік адам шығуында сөз жоқ. Олай болса менің бірінші міндетім: осы қыздың осы оқу жолын білім өмірінің жайлауына жеткізуге көмектесу.
«Екінші...– деген сөздің артынан Асқар біраз бөгелді. Ондағы айтайын дегені: «бұл қыз түбінде мендік болуға тиісті» деген сөз еді. Бұл сөзді айтуға бөгет болған себеп екеу: біреуі – «біреуге уәде қылып қойса қайтем?», екіншісі –«қыздың көңілі менің көңілімнен тура шыға қоярын кім біледі?»
«Біреуге уәде қылсын, қылмасын,– деді Асқар ойын қорытып,– мен мұны сүйдім. Олай болса, осы ойымды орындауға тиістімін!..»
«Тиістімін!»–дегенде Асқардың дыбысы шығып кетті.
Ол сасып қалды. «Үйдегілердің біреуі оянып қалды ма?» дегендей басын ақырын көтеріп қарап еді, ешкім оянған жоқ екен.
Ол аз отырды да, кезін Ботагөз жаққа аударды. Ботагөз көрпесін кеудесіне шейін ғана жауып, беті ашық, шалқасынан ұйқтап жатыр екен. Асқар құлағын тігіп еді, алған демі естілмеді. Оған Ботагөз дем алмастан ұйқтап жатқандай көрініп, кеуде жағына көзі түсіп еді, ішкі ақ көйлегінің, шеті көтеріліп-басылған кеудеден азғана қозғалып жатыр екен.
Қадала қараған Асқардың көзіне күңгірт жарықтан елестеген Ботагөз, күндізгісінен де сұлу сықылданып кетті. Оның ашық жатқан денесі Асқарға адам бейнелі ғып құйған нұр сықылданды.
5
Асқар таңертең кешірек тұрды.
– Шайға тұр!–деп Кенжетай оятпаса, ол ұйықтай беретін еді.
Асқар басын көтеріп, төңірегіне қараса, бұдан басқа үйдің іші түгел тұрып, төсек-орын жиналып, босағаға қайнаған ескілеу жез самауыр келіп тұр екен. Айбала жиналып, шыныаяқ жасап жатыр екен.
– Ұйқыны да сойдың, мырза!–деді Кенжетай, ашық тұрған есік алдында жуынып жатып.
– Ағай кетіп қалған ба?–деді Асқар Айбалаға.
– Еркем мен екеуінің шайын ертерек беріп ем, біреуінің сабағы, біреуінің ісі болғасын...
Айбала Асқарды алғашқы көргенде қымсынғанмен, бүгін кешегіден еркінірек сөйлесті. Адамның ішкі сезімінің айнасы көз. Сөздің жасырған сырын көз айтып бере алады. Палуан Шолақтың:
«...Сұлу қыз, жас келіншекке тиышсыздаумын. Жалғыз-ақ тал бойымда мінім сол-ақ!» – деген өлеңі Айбаланың есінде. Жас жігіттің қыз бен келіншекке қызығымпаз келетінін ол біледі. Алғаш көргенде Асқарды да Айбала әйелқұмардың бірі ме деп ойлап еді, сыр таратқыш көз ондай белгісін бермеді. Үкідей желкілдеп, гүлдей нұрланып келе жатқан Ботагөзге, Асқардың көзі қадалмауы Айбалаға тамаша көрінді.
«Әдепті жігіт екен» деген ой туды Айбалаға, «Еркемнің бағына осындай біреуі кез келсе...» деп ойлады ол.
«Қалың беріп пе едіңіз?» деген сұрауды Айбала шайға отырғанда Асқарға айтып қала жаздап, өзін-өзі тоқтатты.
Шайға қанғаннан кейін Кенжетай ат жегіп, екеуі елге беттеп көшемен тарта жөнелді. Ат тынығып қалған екен. Сүйегі пысық жылқы еді, қамшы салдырған жоқ.
– Өй!– деді Кенжетайға бір кезде Асқар иығынан тартып.
– Немене?
– Доңғалағыңның құрсауы түсіп қалды.
Кенжетай оң жағына қараса, доңғалақтан шығып кеткен құрсау екпінімен дөңгеленіп, арбамен бір қырындап жарысып барады екен.
– Қап!–деді Кенжетай,– ұстаға барамыз-ау, енді.
Кенжетай атты тоқтатқанда Асқар арбадан түсе жүгіріп, құрсауды алып келді.
Екеуі дүкен алдындағы діңгекке атты байлап ішіне кірсе: соққан темірдің, уілдеген көріктің дыбысымен ың-жың екен. Дүкенде Балтабек, қасында орта жасты, ұсташа киінген орыс.
Кенжетай доңғалақтың мұрындығын бұрап алып жатқан кезде орыс ұстаның кезі Асқарда болды.
«Мұны қайда көрдім?»–деп ойлады ұста.
Асқарға да ұста орыс таныс сықылданып еді, бірақ ол «кімсің?» деп сұрауды ерсі көрді.
Құрсаудың салынуы көп бөгеген жоқ.
– Сіздің фамилияңыз кім?–деді ұста орыс Асқарға, далаға бірге ере шығып.
– Досанов. Оны неге сұрадыңыз?
– Жай.
– Өз фамилияңыз кім?
– Кузнецов.
«Апыр-ау,– деп ойлады Асқар арбаға мініп, былай шыға бере,– жаңағы Кузнецов деген маған бір таныс адам сықылды, мен мұны қайда көрдім?»
Григорий Максимович Кузнецов 1880 жылы, Москвадағы электр заводында қызмет істейтін жұмыскер семьясында туды. Он жасынан заводта жұмысқа араласқан ол, 15-16 жасында Петербургте тұратын апа, жездесіне барды да, Путилов заводына жұмысқа орналасып, содан Москваға қайтпады.
1902 жылдан бастап ол социал-демократия кружогына орналасып, екі жылдан кейін: Россия социал-демократиялық жұмысшы партиясына мүше боп өтті. 1903 жылы РСДЖП-ның екінші съезі болып, бұрынғы социал-демократия: большевик, меньшевик боп екі жарылғанда, Григорий Максимович большевиктер жағында қалды.
1905 жылғы Петербургте болатын жұмысшылар көтерілісінде Кузнецов үкімет көзіне ерекше көрінгендердің біреуі боп, екі жыл Петропавловск крепостында абақтыда жатқаннан кейін, 1907 жылы Сібірге каторгіге айдалды... Сібірдің алыстағы тайгасында үш жыл тұрған Кузнецовқа, патша үкіметі Омскіге кеп тұруға ұлықсат етіп, 1910 жылы ол Омбы келді де, Ертіс өзеніндегі пароход пристанына жұмысқа кірді.
Кузнецов Омбыға келе, онда жасырын жұмыс істейтін большевиктермен танысып, пристань жұмысшыларының арасына революциялық үгіт таратты. Асқарды Кузнецовтың алғашқы көруі осы пристаньда. Сол жылы Асқардың стипендиядан басқа қаражаты болмай, стипендия күн көрісіне жетпей, оқуды тастағысы келмеген ол, басқа қызмет табылмаған соң, бір мезгіл пристаньға барып, к,ара жұмыс істейтін еді. Кейде, әсіресе, жексенбі күндері жұмыстан шаршаған Асқар, пристаньнан қайтпай, сонда қонып қалатын.
Пристаньда Асқардан басқа да жүмысшы қазақ кеп еді. Солардың ішінен Кузнецов Асқармен тез танысады. Бірақ Путилов заводында да: «оқушымыз... қаражат жоқ болған соң жұмысқа түстік» дейтіндердің арасынан провокаторлар шығып, одан Кузнецовтың аузы күйгендіктен, ол Асқарға тым құшақ ашпады, оны алыстан торлап, сырын шыжымдап тартты.
Асқардың өмірбаянын, оның халыққа пайдалы кісі болуға тырысып жүргенін Кузнецов білді. Сонда да, аптыға қоймай, өзінің кім екенін, атқарып жүрген саяси ісін оған жарияламады. Асқардың ыңғайына қарай бейімделіп, революция отын оның, кеудесіне ептеп жақпақ болды.
Бірақ ол арманына Кузнецов жете алмады. 1910 жылдың аяғында, қыс ішінде, тұрмысы ауыр тартқан пристань жұмысшылары забастовка жасамақ боп, бір күні жұмыс істемей отырып алды да, үкімет жұмысшылардың бұл қылығын Кузнецов пен тағы сондай білгілікті бірнеше адамдардан көріп, бәрін де тұтқынға алды.
Кузнецовтар ұсталатын күні Асқар пристаньда жұмыста еді. Пристаньға кеп, Кузнецовтарды ұстап, пароходтар мен барактарға тінту жасаған полицейскілер, бір барактың үстінен қайықтың ескегіне байлап, көтеріп қойған, ұзындығы кере құлаш қызыл шүберекті түсіріп алды. Оны кім байлағанын, неге байлағанын Асқар білген де жоқ.
Сол күні кешке, жауапқа, жұмысшылармен бірге Асқар да шақырылды. Полицейский пристав Асқарды оңаша бөлмеге кіргізіп, әуелі: «пристаньда не сездің?» деп жайлап сұрап, артынан: «білгеніңді жасырасың» деп қысты, «Сібірге айдаласың!» деп қорқытты. Расында, пристаньда саяси ұйым барын білмеген Асқар, приставтан ешнәрсе сезбегеніне илануын өтінді.
Біраз айналдырып, күдікті сыр таба алмаған пристав, Асқарға революциялық ой түсірмейін деген ниетпен, «большевик» деген сөзді аузына алмады. Бірақ «большевиктер» дейтін саяси адамдар барын Асқар білер ме екен деген оймен, ол одан жіңішкелеп сұрап көрді.
– Барактың үстінен біз сыпырып алған қызыл шүберекті («ту» деп атағысы келмеді) көрдің бе?
– Көрдім.
– Оны неге қойған онда?
– Білмеймін.
– Қой, білерсің!– деді пристав, бетін құбылтып, көзін ойнақшытып.
Асқар білмейтіндігін айтып қарғанды.
Пристав Асқарды 4–5 сағат айналдырып: «бұл жөнде жан адамға айтпа!» деген сақтандырумен босатты.
Полицейское управлениеден түн ортасы ауа шығып, көше бойлай семинарияға келе жатқан Асқар ойға қалды. Ең алдымен, ол забастовка болады дегенді бұдан бұрын естіген жоқ еді. Бұл сөзді ол полицейскілерден ғана, өмірінде бірінші рет естіді.
Асқардың ойынша жұмысшылардың жұмыстан бас тартуы дұрыс, себебі – олар өте ауыр халде тұрады. Ал, сондай ауыр халін айтып, тұрмысымызды жақсыла дегендігі үшін, оларды полицейскілердің қудалауына, жазалауына Асқар түсінбейді. Жауапқа барғанша да, жауап бергенде де, жауаптан шыққанда да оны ауыр ойға қалдырған бір жағдай осы.
Оны екінші ойландырған «қызыл шүберек». Бұл шүберекті «ту» деген ой оның басына да келген жоқ. Себебі: бұл күнге шейінгі оның ұғымында, туды не әскер, не үкімет мекемесі ғана ұстайды.
Барак үстінен полицейскілер қызыл шүберек байлаған ескекті алып түсіп, жұмысшыларға: «Мынау не?» «Үкіметке қарсылық па?!» деп жекіргенде, Асқар: «бұнысы қалай!» деп ішінен ойлаған да қойған еді. Артынан, полицейский урядник өзінен жауап алғанда ол тағы ойланып қалды. Урядниктен қызыл шүберек мәнісін Асқар сұрауға бір оқтанды да, «пәлесін шығарып алармын» деп тыйыла қойды.
Полициядан босанып семинарияға келе жатқан ол: «апыр-ау, сол қызыл шүберек, не шүберек?!» деп ойлады тағы.
Семинарияға келген соң ол қызыл шүберектің жайын әркімдерден сұрастырмақ болды да, урядниктің: «аузыңды жап» деуі, «жабам» деп уәде беруі есіне түсіп, «қайтем!– деді ішінен,– пәлеге қалармын!»
Бірақ көпке шейін ол, өз ішінен: «япырау, бұл не қылған жұмбақ жалау?!» деп ойлайтын еді.
...Күндер өтіп жатты. Омбының тұрғын қазақтарынан учитель жалдап балаларын үйінде орысша оқытатын адамдар табылып, Асқар бос уақытын соларға жұмсап қаражат тапқан соң, пристаньға баруды қойды. Біраз күндерден кейін, пристань да, забастовка да, жұмбақ болған жалау да оның есінен шықты...
...Бурабай қаласындағы ұста дүкеніндегі Кенжетайдың арбасының шеңберін тарттырып ап, Кенжетаймен бірге қаладан шыға берген Асқар, әлгінде, ұста дүкеніндегіні «қайдан көрдім» деп ойлаған Асқар, ол адамды Омбының пристанында көргенін есіне түсірді. Ол кезде, ол адамның атын, фамилиясын Асқар білетін сияқты еді, қазір, қалай ойласа да білер емес.
Ойлана келе: «Ім-м-м!– деп қорытты Асқар ойын,– сол, сол! Нақ соның өзі! Дәл сол адам! Дәл емес-ау, анық сол!»
Сол арада Асқардың есіне қызыл жалау да түсе қалды.
«Әлде, сол жалауды тіккен осы ма екен?– деп ойлады Асқар,– урядниктің жалауға қадалуына қарағанда, мына адамның ұсталуына қарағанда, жалауды тіккен осы емей кім дейсің. Қап, сұрастырмаған екем, сонда!.. Несіне өкінем? Ол адам, міне, тағы кездесті. Келесі жолы әдейі жолығып сұрайыншы! Нем кетіпті, айтса айтар, айтпаса қояр!»
ЕКІНШІ ТАРАУ
ПАКЕТ
1
Ноябрь айының түтеген бір боранды үскірік, суық күнінде Бурабай қаласынан шыққан урядник Кошкин шананың алдында божы ұстап отырған Кенжетайды желкеден әлсін-әлсін түйгіштеп маза бермеді.
– Айда деймін, сволочь!– деді түйген сайын Кошкин, ақырып.
Өткен түні жауған қалың қар, жолды тып-типыл ғып басып қалған екен. Кенжетайдың аты жолшыл, жасамыс жылқы еді. Оның үстіне бұл жолмен сан рет жүрген. Сондықтан оппа қарды қайықтай есіп, жолдың жалпы жобасынан жаңылмады. Бірақ аяғы үнемі жол үстіне дәл түсе бермеді, бірде оңына, бірде солына жаңылыс кетіп отырды. Ақылды ат оған саспайды. Жолдың сүрлеуін басқан жерінін, қатты я жұмсақтығынан біліп, жаңылған жерде оң жағынан да, сол жағынан да жолды тұяғымен тез шолып тауып алады.
Жолды тура тауып жүріп отыруға аттың басы түгіл барлық денесі, төрт тұяғы түгел қатынасып келе жатқанын Кенжетай түсінді. Сондықтан: «Сенде жазық жоқ,– деп ойлады ол, ат жолдан хата басып қалғанда,– жолда түк белгі жоқ. Аппақ кебіндей тұтасып жатқан дала, қайта тауып келе жатырсың, жануар! Жолды қар басқанмен, күн ашық болса, сен басқан аяғыңнан аса жаңылмас та ең. Саған не кінә бар. Тіфу десе түкірік жерге түспейтін аяз мынау, маңдайға найзадай қадалып, бетті темірдей қарып барады; ішін тарта, қарды құйындай үйіріп ұлып тұрған долы дауыл анау, алдыңнан арқан бойы жер көрінбейді!..»
Ақылды аттың жол іздеп, боранмен арпалысып, жалпы бағыттан жаңылмай келе жатқанында урядниктің жұмысы болған жоқ. Итбай аулына тез жетуден басқа ой оның басына жоламады.
Кошкиннің бұлай асығу себебі – қолтығында сургучпен печаттап тастаған бір үлкен пакет келе жатыр. Сыртындағы жазуына қараса, Омбының генерал-губернаторынан Итбай болысқа арналған. Пакетте не сөз барын ол білмеді. Бірақ ішінде бір зор хабар барын жорамалдайды. Өйткені, Азат қаласында тұратын Становой приставтан пакетті әкелген алғашқы урядник Кошкинге мынадай сәлем тапсырып кеткен еді.
«Господин Кошкин!
Бұл пакетті волостной управитель – Итбай Байсақаловқа өз қолыңнан тапсыр. Бөтен кісіге сенбе. Егер айрылып қалсаң – сотқа кетесің».
– Айда сволочь!– деді Кошкин бір кезде Кенжетайды бар пәрменімен түйіп қап. Бейғам отырған Кенжетай, түйіп жіберген екпінмен шананың алқымынан аз-ақ құлап түспеді.
Кенжетай ашуланып, аузына сөз туспей, кейін айналып, Кошкинге адырайып қарады, Кошкиннің мұрты үлкен, қабағы қалың, қасы ұзын, түсі суық, денелі адам еді. Сыртында үлкен қара сеңсең тұлыбы бар, басында жүндес қара сеңсең папахы бар. Кенжетайдың көзі түскен кезде Кошкиннің мұртына күректей боп мұз қатып, қабағына да қалың қырау тұрған.
– Неге қарайсың, подлец!– деді Кошкин Кенжетайға көзін тесірейте қадап, қабатын иттей ернін тыржитып, тісін ақситып, шанадан түрегеп, тағы ұруға қолын көтеріп.
– Не қыл дейсің, тақсыр?
– Мә саған не қыл деген!–деп Кошкиннің құлаштап сілтеген қолы Кенжетайдың басынан асып барып шананың алқымына тиді. Ағашқа тарс ете түскен жұдырығы ауырып қалды.
– Тоқтат атты, собака!– деді урядник аюдай ақырып, тағы ұруға қолын көтеріп.
Кенжетай атты тоқтатқанша урядник оның үстіне міне түскенде, шана ауып кетіп, екеуі ұмар-жұмар қарға құлады. Үстіне қырау қатып, буы бұрқырап қалжыраған ат, шанадағылар құлаған кезде божысынан ешкім тартпағанмен тоқтай қалды.
Денесі талдырмаштау болғанмен Кенжетайдың бір кісіден таяқ жемейтін күші бар еді. Шанадан құлаған кезде «өлім біреу-ақ, алқымынан сығайын ба, бәлемді?»–деген ой түсіп кетті оған. Бірақ ашуын ақыл жеңіп, ол қол қатпады. Қазір төбелесіп жеңгенмен, артынан «күштінің арты диірмен тартатынын» білді.
Шанадан құлағанда урядник Кенжетайдың астын ала түсіп еді. Оппа қарға кіріп кеткендіктен Кенжетай тез тұрып үлгіре алмағансын: «осы менімен төбелескелі жатыр ма?»–деген қауіп туды Кошкинге.
Өткен қыста бір урядникті айдалада біреу өлтіріп кетіпті деп есітіп еді Кошкин. Кенжетайдың тайсалмаған кескінінен ол сескеніп, өлтіріп тастар деген ой келіп қалды.
– Жібер!– деді урядник өзі тұра алмай жатқан Кенжетайды кеудеден итеріп, әдейі басып жатыр екен деп ойлап.
Екеуі де оппаға сүріне-қабына түрегелгенде, урядник қорыққандығын білдірмеген оймен:
– Мен... саған!–деді он, жақ қолының екі саусағын безеп,– көрсетермін!.. Айда атты!
Олар шанаға отырып, жүріп кетті.
Жолды басқан оппа қарды соқадай тіліп отырып, Кенжетайдың жирен қасқасы Итбайдікіне күн бата зорға жетті. Бұл кезде боран толастап, жел бәсеңдеді, бірақ аяз күшейе түсіп, жел жаққа адам түгіл малды да бет қаратпады.
Болдырған атты, «шүу-шүулеп» божымен қағып, Кенжетай жылқы шарбағының алдына келгенде, басында түлкі тымағы бар, үстінде жағасын қайырған, белін буған ноғайша қасқыр ішігі бар – Итбай қақпа алдында жүр екен. Сылдырлаған қоңырау дауысы құлағына тигенде ол шүйделі желкесін бұрып, айналып қарады.
Үйіне төре келу – оған таңсық емес. Келген төренің чинінің үлкен-кішілігін ол жеккен аттан, арба, шанадан байқайды. Жазды күні пар ат жегіп, пәуескелетіп келсе, қысты күні көсем салып пәуескелетіп келсе – олар үлкен төрелер. Ал, жалғыз ат, жабайы шанаға мінетіндер – урядник-мурядниктер. Болыстардың ішінде урядниктерден ығысатындары да болады. Итбай ондайдың кісісі емес. Урядникке ықласы түспесе, ол жөнді қонағасы бермей де қояды. Итбайдың уезбен байланысы барын білетін урядниктер өзгеге қоқаңдағанымен, бұған ол мінезін көрсетпейді.
Осы 1912 жылы болыс сайлауы болғанда, Итбаймен таласқан Ағайдар деген адам елді өзіне қаратып алып кетіп, болыс болған. Итбай төрт таспен ғана қалған. Дәрмені кеткен Итбай, іле Омбыға барып, генерал-губернаторға жолыққан, губернатор 1891 жылғы «Степное положениенің» 70-параграфына сүйеніп, болыстықты Итбайға сайлаусыз беруге әмір еткен. Оны да урядник Кошкин жақсы біледі.
Сондықтан, шарбақ алдында тұрған Итбайды көргесін Кошкин шанадан секіріп түсті де, аяғын кердең-кердең басып кеп, қолдасып амандасты.
– Мен сізге ете маңызды хабармен келіп отырмын,– деді, Кошкин қолдасқаннан кейін.
– Айтыңыз.
– Үйге барайық... Ех! Тоңдым?.. Арақ бар?
Урядник алақанын уқалап, аяғын қаға бастағасын Итбай тоңғанын көрді де:
– Сіз мынау үйге кіре тұрыңыз,– деді өз үйін нұсқап,– мен малды жайғастырып қазір кірем: Горбуновта арақ бар.
«Бір жаққа апар дей ме?»– деген оймен, тоңған Кенжетай дірдектеп тұр еді.
– Жүре бер,– деді урядник қолын безеп,– мен саған!...
Итбайдың ағаш үйінің бөлмесі алтау еді. Соның біреуінде болыстың кеңсесі және писарь Горбуновтың пәтері.
Кошкин кіріп келгенде Горбунов керуетінде шылым тартып, шалқасынан жатыр еді, үстін қырау басқан біреу кіре бергенін көріп, атып түрегелді.
– Здраю, желаю!..– деді Кошкин Горбуновты танып, тоңған аузы сөзді шала айтып,– Гаврил Гаврилович!..
Горбунов танымай қалды.
– Шам жақ,– деді ол урядникті алып кірген Бүркітбайға.
– Танымадыңыз ба, Гаврил Гаврилыч?..
– Никак ни могу... Темно!..
– Платон Трофимович деген кісіні естігеніңіз бар ма?
– А-а-а!.. Жақсы келдіңіз, Платон Трофимович!.. Тоңыпсыз... Шешініңіз, Платон Трофимович!..
Бүркітбай лезде шамды жағып, тоңған қолымен түймесін ағыта алмай жатқан урядниктің тұлыбын шешіндірді, папахасын урядник өз қолымен алып берді.
– Жылыныңыз!.. Пешке барыңыз!..– деді Горбунов жалбалақтап.– Мүмкін, русский горькиймен жылынарсыз?
– Егер, болса.
– О, не дегеніңіз? Сізге, жоқ болса да табам!
Шкафта тұрған жарты бөтелке арақтан бір стакан құйылды, Кошкин қағып салды.
– Рахмет, Гаврил Гаврилович!.. Рахмет!.. Мен сізге ете қымбат хабар әкелдім!..
Горбунов Итбайға 17 Жыл писарь болған, қазақ ауылының неше түрлі қулық-сұмдығына қанған, қазақша сөйлей білетін, жанасымпаз, бір қу еді.
– Не хабар?– деді Горбунов.
– Ол міне!– деп, Кошкин «қымбат хабарды» суыруға қойнына қолын тығып еді, жоқ боп шықты. «Ах!..» деді Кошкин есі шығып кетіп, көзі бақырайып.
– Не болды?!..
– Жоғалттым, Гаврил Гаврилович!..
– Нені?
– Пакетті.
– Не пакетті?..
– ...Мен құрыдым!..
Бір сұмдықтың болғанын Горбунов түсінді. Бірақ Кошкиннен сұрауға батылы бармады. Өйткені, кескініне қараса, адам пернесі бұзылып, көзі шарасынан шығып кеткен екен.
Пакет!.. губернатордан!.. жоғалттым!..– деді Кошкин Горбуновтың құлағына аузын тақап, сыбырлап.
– Қайда?!
– Білмеймін далада түскенін, шанада қалғанын.
Қорыққаннан ба, тоңғаннан ба – урядниктің иегі иегіне сақ-сақ етті. Арақтан ба, қорқудан ба, басы айналып көзі қарауытты.
– Іздейік... Шанаға кісі жіберейік...
– Ж-ж-жоқ... мен... өзім барам... Кісіге сенуге болмайды... Бірақ әлгі подлец жоғалтып жібермесе...
– Оныңыз кім?
– Ямщик...
Итбай далада қалғанда мал жайлауды аяқтайын дегендіктен емес, урядникке онша кішіреймегендіктен қалып еді. Сондықтан далада көп тұрмай, аяңдап үйге кірсе – урядник абыржып жатыр екен. Горбунов Итбайға мән-жайды айтты.
– Жәмшік жоғалтпас, я ұрламас та,– деді Итбай салмақты дауыспен,– далада түсіп қалған шығар.
– Жоқ, ол подлец, жоғалтты. Ол сволочь!..
«Бұл не пакет, мынаны осынша абыржытқан?»–деп ойлады, урядниктің сұры кеткен, дірілдеген түсіне таңдана қараған Итбай.
2
Кенжетайдың үйі Итбайдың қоңсы ауылында еді. Бірақ ол, байдың аулына келгенде, школдың қасындағы учительдерге салынған екі бөлмелі үйде тұратын Асқарға бір соқпай кетпейтін. Жәмшіктіктен қолы бос күндерін школ маңында, Асқардың қасында өткізетін.
– Сен қазақша білесің,– деген, Асқар оған осы күз,– бұдан былай ылау тартқанның арасында аздап орысша оқы. Сүйтіп жүріп орысша біліп кетесің.
Асқардың ақыл беруімен, қолы боста оқуға жұмылған Кенжетай, тез арада бұрын оқыған төрт амалды – есепті пысықтап, дробты айналдыра бастады. Оның өте қызығып оқыған сабағы – орыс тілі. Татар тілінің «сарфын» мұғалімнен оқыған оған, орыс грамматикасының заңы онша жат көрінген жоқ. Оны қинаған – тіл жағы, орысша словарьдың жоқтығы. Біраздан кейін Кенжетай ол бөгетті де аздап бұзды.
Міне, осындай әрі құрбысы, эрі досы, әрі ұстазы Асқарға аты болдырып келген Кенжетай соға кетейін деп, барса, Асқар мектеп алдында жүр екен.
– Барасың ба, біздің үйге?– деді Кенжетай.
– Барам.
Тоңғандықтан ба, я аулына келгенін білгендіктен бе?– Асқар шанаға мінгеннен кейін, жирен қасқа болдырғанын білдіртпей тарта жөнелді. Кенжетай жолшыбай урядниктің қылығын айтып, екеуі біраз күлісті.
– Бұрын да қақырайған қатты неме еді,– деді Кенжетай кеңесін аяқтап, үйінін, алдына келгенде,– осы жолы тіпті сіресіп кетіпті. Бір тығыз жұмыспен келе жатқан сияқты, не жұмыс екенін кім білсін.
Кедей болғанмен, Ұлберген үйін, ыдыс-аяғын, жамау-жасқаулы болғанмен киім-кешектерін кірсіз, таза ұстайтын еді. Сондықтан, оның қатықсыз қара шайының өзін Асқар майлы астан кем санамай, сүйсініп ішетін.
Кенжетай мен Асқар үйге кірсе – Ұлберген пешке от жағып жатыр екен. Шам жағылған жоқ, үй іші қара көлеңке.
– Апа!– деді Кенжетай есіктен кіре.
– Әу, құлыным! Тоңдың ба?
– Мен атты ағытып келейін, жылдам бір шай қойшы.
– Жарайды, сәулем.
Кенжетай далаға шыққанда,Асқар терге қарай барды.
– Бұл қай бала?– деді Ұлберген.
– Асқармын, апа!
– Ә... қалқам-ай, отыр, сәулем!
Асқар етігін тастап, сеңсеңмен астарлаған пальтосын шешіп, төрге барып отырды. Ұлберген самауырға су құйып, шоқ салды.
– Бүгін кәрәсін де бітіп еді,– деді Ұлберген, пұзыры жоқ үштік шамды жарыққа тосып, түбіне қарап,– Кенжетай кәрәсін әкелді ме екен, біліп келейінші.
Асқар шынтақтап бейғам жатыр еді.
– Ойбай!..– деген әйел даусы естілгенде, орнынан шошып тұра келді. Ойбайлаған әйел есікті аша беріп етпетінен құлады.
– Апамбысың?– деді Асқар жүгіріп барып, басын көтеріп,– немене? Не болды, апа?
– Ө-ө-өлтірді!
– Кімді?!.
– Кенжетайды...
– Не дейсің, апа!..
– Ойбай!.. Қалқам... бар!..
Ұлберген қолын дала жаққа сілтегесін, Асқар үйден жүгіре шығып еді, құлағына иттің ырылдауы секілді бір дауыс естілді. Үйдің алдында қараңғы қора бар еді. Сасқан Асқар, жүгіріп келе жатыр еді, маңдайы ашаға тарс ете түсіп, есі ауып к,ала жаздады, көзінің, оты жарқ ете түсті. Асқар оған да қарамастан, маңдайын қолымен ұстай, қора алдына жүгіре шықса – біреуді біреу жығып сап, ұзындығы құлаштай ағашпен ұрып жатыр, қасында біреу қарап тұр.
Ұрып жатқанды Асқар ұстай алды.
– Кім бұл?– деді ол орысшалап, Асқарға да ұмтылып.
– Байқа! Мені ұруға хақың жоқ. Мен халық учителімін.
– Тап жылдам, оңбаған!–деді урядник, ұрып жатқанға тағы ұмтылып.
Асқар бұл жолы урядникті жібермей:
– Не болды?–деп сұрады.
– Его превосходительство генерал-губернатор... с нарочным... со мной... на имя волостного управителя... отправил пакет весьма важного значения, а этот подлец его по пути украл .
– Ұрлаған жоқ шығар.
– Сіз оны жақтайын дейсіз бе?
– Іздеңіз...
– Қайдан?
– Оның пакеті,– деді орнынан тәлтіректеп әрең тұрған Кенжетай жыламсырап, мұрнын қолымен басып,– маған не керек?.. Жазықсыз осынша сабап... бұдан өлген жақсы!..
Қараңғыға көзі үйренген Асқар Кенжетайдың бетіне қараса, мұрнынан қан дірдектеп ағып түр екен.
Асқар ашуланып кетті. Урядникке бірдеме дейін деп еді, екпесі алқымына тығылып, аузына сез түспей қалды.
– Мынау емес пе?– деді бір а дам шанадан бірдемені еңкейіп ала беріп.
Асқар оған үңіле қараса Горбунов екен.
– Пакет пе?– деді Асқар.
– Я... Сол сияқты,– деді Горбунов.
Кенжетайға әлі де ұмтылып жүрген Кошкин, жалт беріп Горбуновқа бұрылып, пакетті оның қолынан тез жұлып алып, қойнына тығып, алақанымен баса қойды.
– Елді билейтін ұлықсыз,– деді Асқар,– шанадан табылды... Анығына жетпей нашар адамды осынша ұрдыңыз!
Бұл сөздерге Кошкин әрі ұялды, әрі намыстанды.
– Молчать!..
3
«Өте маңызды пакет» жоғарыдан келетін жабайы бұйрықтың біреуі шығар деген оймен отырған Итбай, урядник пен Горбунов үйге келгенде:
– Бар ма екен?– дей салды.
– Бар.
– Қалай таптыңдар?
– Тығып қойған, подлец!..– деді Кошкин.
– Апыр-ай... ә?..
Үстіне кісі отырғандықтан пакеттің сургучы уатылған екен.
– Ашып оқымасын әлгілер!– деді урядник.
– Оқыса оқиды да,– деді Горбунов.
«Оқымаған шығар»,– деген Итбайдың сөзіне болмай, пакетті ашпай тұрып сургучының сынғанын, пакет жоғалып табылғанын урядник актілеп алғысы келді.
– Акт жаз!..– деді ол Горбуновқа.
Горбунов стол қасына отырып, қарындаш пен қағаз алды.
«1912 жылы осы ноябрь айының 18 күні, полицейский урядник – Платон Трофимовичтің қойнынан түсіп қалған пакетті, ямщик киргиз... аты кім еді!..
– Кенжетай Тұяқов...
– Так... так... сол ұрлап алып... түсіп қалып... жоқ-жоқ... не так, түсіп қалып емес, қойнынан қастық ниетімен ұрлап алып...
Горбунов мұртынан жымиды да, урядниктің ойынан шатасқанын біліп:
– Әуелі ашып оқиық, содан кейін акт жазамыз,– деді.
– Жоқ, әуелі актілеп алу керек.
– Ерік сізде.
Акт жазам дегенмен, урядник не жазуға білмеді. «Түсіп қалғаннан ұрлады» деп жазайын десе, «неге түсірдің» деп айыптауы мүмкін. «Қойнымнан ұрлап алды», деп жазайын десе, «онда өзің қайда отырдың?» деп айыптауы мүмкін. Жоғалғанын атымен айтпаса, жәмшік ішінен керек қағаздарын ұрлап алып, бөтен қағаз салып, білдірмей жапсырып қоюы мүмкін. Сургучтың үгітіліп қалуы – бұл күдікті күшейтеді.
Урядник састы. Не істерін білмеді. Көзі қарауытып, маңдайынан тер шықты.
– Ә, құдай, сақтай гөр!..– деді ол ішінен, шоқынып – мен-ақ көтерейін, ашыңдаршы!..
– Ладно.
Жабайы бұйрықтарды Горбунов салмақпен ғана ақырын оқып шығып, Итбайға кейін естіртіп, кейін естіртпейтін еді. Урядник сасқанмен Горбунов пакетке оншалық үлкен маңыз бермей, салмақпен оқи бастап еді, аздан кейін кескіні өзгеріп, қағазға көзін жылдам жүгіртіп, орнынан ұшып түрегелді...
– Итбай Байсакалович!..
– Немене, Гаврил!..
– Маған сен ақша береді, давай!..
Горбуновтың айтайын дегені «Сүйінші» еді, ол сөз аузына туспей қалды.
– Немене... не ақша?..
– Саған құдай берген!
– Ие, айт!..
– Патшаға, император үш жүз жыл болған, мен саған айтқан ?
– Айтқансың.
– Юбилейге сен барған айтады, кагаз!..
– Оның не?
– Қатын алады – той!.. Бала, матайды кеседі – той!.. Сен не айтқан біледі...
– Осы хатшы не оттап отыр?– деді Итбай түсінбей.
– Мен саған айтқан. Патшаға үш жүз жыл болған.
Атай патша болған... үлкен той болады айтқан мен саған!..
– Ә-ә-ә, патшаның таққа отырған тойы ма?
– Тойға сен барады, айтады, господин губернатор...
– Ауылда той қыл деп пе?
– Сен не болған, Итбай Байсакалович... Сен түсінбейді... мен айтады: Саған губернатор айтады, сен тойға барады. Петербургке барады айтады...
Итбай енді жорамалдады.
– Патшаның,– деді ол Горбуновқа,– 300 жылдық тойы болады дейсің ғой, атасы таққа отырғанға?
– Так точно!
– Сол тойға губернатор маған барсын деп айтады дейсің бе, Петерборға?
– Так точно!
Итбай күліп жіберді. Горбунов та күлді. Горбуновтың иығынан мойнын соза, бойы дірілдеген күйде қағазды оқып шыққан Кошкин де күлді.
– Беремін, сүйіншіңді!– деді Итбай Горбуновты арқаға қағып, қайта бір оқып берші.
Горбунов қағазды оқып шығып еді, Итбай тең, жарасына түсінген жоқ. Горбуновтың қазақ тілін сындырып сөйлеп қазақшылауынан берекелі сөз ұға алған жоқ.
– Әлгі Асқарды шақыршы!– деді Итбай қағазды анықтап түсінгісі кеп.
– Асқар Кенжетай үйінде.
– Тез ат жібер!
Бүркітбай атқа шана жегіп Асқарға кетті. Итбай бөлмесіне кірді. Әкелген қағазды түгел оқып шыққасын көңілі орныққан Кошкин Горбуновтың қасында қалды. Кошкиннің сырын алған Горбунов «жылыныңыз» деп алдына жарты бөтелке арақ пен бір сарымсақ, жарты қалаш қойды. Стаканның ернеуімен бірдей болған арақты Кошкин қағып сап, тілі тез күрмеліп, Горбуновқа, байлау-матауы жоқ әр немелерді сандырақтап айта бастады.
Қағазға түгел түсінбегенмен, Петербургте той болатынын, ол тойға баратынын білген Итбай, қуанышын қойнына сыйғыза алмай, бөлмесіндегі кереуетіне шалқасынан жата кетіп, көзін жұмып қиялға батты...
ІІ-Николайды ол бұдан жиырма жыл бұрын көрді. 1892 жылы наследник күйінде Николай Омбыға келді. Келер алдында Омбының губернаторы болыстарды шақыртып, қазақтың тұрмысын көрсетем деп, Ертістің жағасына үй тіктіріп, бие байлатты. Қаршыға, бүркіт, тұйғын сықылды баулыған құстарды, тазы иттерді, жүйрік аттарды, сұлу к,ыз, келіншектерді алдырды.
Ақмола облысына қарайтын 80-нен аса болыстың бәрі патшаға арнап жасатып бір-бір киіз үй әкелгенде, губернаторға бәрінен Итбайдың үйі ұнамды боп шықты. Өйткені, бұл наследник келуін ерте естіп, ұсталарды жиып, үйдің керегесін күміспен астастырып, ылғи жіліктен істеткен. Көкшетау қаласында тұратын Баделхан деген саудагер өзбекке ақша беріп, үйдің кілемше тоқыған бауларын Ташкеннен алғызды. Жылқының маңдай алды жиырма сом, қойдың ең семізі бір сом кезде, бұл үй Итбайға сегіз жарым мың сомға түсті. «Степное положение» 138-статьясы бойынша түндік басы алынатын 4 сом рамат – шығынның 80 проценті қазынаға кетеді. Қалғаны болыс пен ауылнайдың жалақысы. Одан артық ақша жинауға болыстың хақы жоқ. Бірақ 8500 сомды Итбай өз қалтасынан шығарған жоқ. Сол «положениенің» 156-статьясында, губернатордың қазаққа үй тіккізіп, қой сойдыратын хақысы бар. Осы заңға арқа сүйеп, Итбай 8500 сомды екі есе ғып елінен жинап алды.
Ертістің жағасына қатарлап тіккен жүз шақты үйдің ішінде Николайдың басын сұққаны Итбайдың осы үйі.
Итбай ол жылы жиырма жаста еді.
– Бұл үйдің иесі кім?– деп сұрады, ішіне кіріп шыққасын, Николай.
Жүзіктің көзінен өткендей жылпос жас болыс – Итбайды губернатор Николайға таныстырды.
– Молодец,– деді Николай Итбайды арқаға қағып,– бірақ жас қой тым!
Итбай сасып қалды. Өйткені, заңда 25-ке келмеген жігіт болыс бола алмайды.
– Жиырма жетідемін, тақсыр!–деді Итбай.
Үй тіккен жерге Николай пароходпен келіп, жағаға шыққанда, жиналып тұрған би, болыс, ақсақалдардың ішінен ұмтылып барып оның қолын алған – Уәли ханның баласы, Абылай ханның немересі – Шыңғыс еді.
– Орта жүзді Руссияға қаратқан осы кісінің әкесі Уәли,–деп таныстырды Шыңғысты губернатор.
Шыңғыс ол кезде көр аузындағы кәрі шалды. Сондықтан, Николай қол алысқаннан кейін онымен аса шүйіркелесіп сөйлесе қоймады.
Танысқаннан кейін өткір жас жігіт – Итбайды, қазақтардың сый-құрметін көріп болғанша Николай қасынан тастамады. Ретін тауып, бір кезеңі келген жерде Николайға Итбай атасына Анна Иоанновнаның берген грамотасын көрсетті.
– Мұны сүйеп жүр, қызмет істей алатын жігіт екен!– деді Николай губернаторға, самсаған сары қолдың көзінше Итбайды тапсырып, қолын қысып.
Содан кейін, ол губернатор кеткенмен, ауысқан губернаторлар Итбайды біріне-бірі тапсырып, ешқайсысы есінен тастаған емес, орнынан тайдырған емес. Елге істеген қиянаттарын айтып талай арыздар жауғанмен, іс зорайып басталғанмен, губернаторға барғансын аяғы жіңішкеріп, сұйылып кете береді. Итбайдың болыстықтан айрылып қала жаздаған жалғыз жолы – өткен жылғы Ағайдармен таласатын сайлау. Онда да Көкшетаудың уездный начальнигі – Кривоносов арқылы губернатор қолдап жіберді.
Міне, осындай бақытының кілтін қолына мәңгі ұстатқандай боп кеткен патшаны, бұдан жиырма жыл бұрын наследник кезінде көрсе, енді Петербург барып, алтын тағының үстінде көргелі отыр. Итбай құдайдан одан артық не тілейді??
4
Пакет табылғаннан кейін урядник пен Горбунов ұялған адамдай шанаға мініп тарта жөнелгенде, таяқтан әлсіреген Кенжетай үйге қарай жүре беріп, тәлтіректеп құлады.
– Не күйге ұшырадың, құлыным!– деп жүрегі ұшып буыны дірілдеген Ұлберген, Кенжетайды көтеруге еңкейе беріп етпетінен түсті.
Асқар састы. Не қыларын білмеді. Екеуін бірдей тұрғызбақ боп қолтықтарынан сүйеп еді – әлі жетпеді. Маңайда жан жоқ.
– Апа,– деді Асқар,– саған не болған? Кенжетайды үйге апарайық. Тұршы, апа!..
– Тұрайын, қалқам...
– Кенжетай!–деді Асқар, Ұлберген қарды қолымен тіреп тұра бергенде.
– Әу!–деді ол әлсіз.
– Не болды, бауырым?!.
– Басым айналып кетті.
Асқар Кенжетайдың кеудесінен құшақтай көтеріп, аяғын тік бастырды да, қолтығынан ұстап:
– Кәне, үйге кірейік. Бас аяғыңды... әлің келсе!– деді.
Кенжетай аяғын шалыс баса аттай бергенде, Асқар төңірегіне қараса – бірнеше ауыл адамдары жиылып қалған екен.
«Не болды, не болды?..»–деген сұрауларға:
– Үйге кіргесін естірсіңдер, мына Кенжетайды кіргізейік!–деген жауап берді Асқар.
Бір сұмдықтың болғанын жиылған жұрт сезді. Бірақ не сұмдық екенін білген жоқ.
«Пері соғып кетті ме, бейсауат уақытта далаға шығып?»–деп күңкілдесті біреулер.
– Мұны соққан – адам перісі!– деді Асқар.
«Адам перісі» дегеннен жұрт: «адам» деген түсініс алған жоқ – адамды соғатын пері деген түсініс алды.
Даладағы жұрт үйге кірсе пештің оты сеніп, үй көрдей қараңғы екен.
– Ұлберген, қайдасың, жарық қыл!– деді біреу,– кәрәсін бар ма еді?
– Жоқ еді.
– Мына жақын үйден алдыра қойындар.
– Біздікінде бар еді, мен әкелейін,– деп, біреу шығып кетті.
– Оған шейін пешке от жағып, үйді сәулелендіру керек. Мынау, тіпті бір тұнған қараңғы ғой!
Жұрт дабырлап жатқанда Асқар мен тағы біреу Кенжетайды төрге әкеп, басына жастық салып қисайтты.
– Ә, Кенжетай,– деді Асқар қасына отырып,– қалайсың апаң, қорқып отыр?..
– Опыр-ау, арқам-ау!– деді Кенжетай, қозғала беріп,– қирап қалған білем... Ойпыр-ау, жаным-ау?
Не болғанын білгісі кеп қараңғыда көздерін Кенжетайдың денесіне қадаған үй тола көпке Асқар мән-жайды айтты. «Соққан перінің» не пері екенін жұрт білді.
– Ұлыққа ұрсын деген заң бар ма екен?
– Заңыңды не қылсын, қолынан кеп тұрғасын!
– Өзінің үстінен жоғарғы ұлыққа арыз берсе қайтеді?
– «Қарға қарғаның көзін шұқиды» дейсің бе?
– Болыс арқылы мұны мәлімдеп қою керек, е, мынау кісі өлтірер, бара-бара!..
Асқар көптің сөзіне араласқан жоқ. Оның екі көзі пешке жаққан оттың әлсіз сәулесінен өліктің беті сықылды сұрғылт көрінген Кенжетайда.
Урядниктің, болыстың, ауылнайдың, я солар сияқты патша үкіметінің ұлықтарының жазықсыз ұрғаны жалғыз Кенжетай емес. Ондай ұрудың Асқар бұрын да талайын көрген.
Жазықсыз жұртты дүрелейтін жуан таяқтың біреуі Итбай екенін, аулына кеп учитель болғалы, оның талай адамды жазықсыз сабағанын Асқар көрді. Итбайды ұялтып қойдырмақ та болды, бірақ амал нешік – былайша Асқарды сыйлайтын Итбай, оның «таяқты орынсыз жұмсамаңыз» деген ақылын алмайды, елеусіз қарап, күле жауап береді.
Соққыға жығылған Кенжетайға қарап отырған Асқардың басындағы ой: «бұл таяқтаудың тыйылар күні бар ма, әлде сорлы халық, таяққа шіріп құри ма?»
Асқардың ауыр ойын, үйіне барып керосин әкеп, оны құятын шамды сұраған адамның дауысы бөлді. Керосин құйылды, шам жағылды. Үйдегі жұрт, шамды Кенжетайдың бетіне тосып, одан сөз сұрады.
– Апыр-ай, сүйегің сау ма, жаным!?
– Білмеймін... Денем қозғалтпайды.
Арқасының жарасынан басқа, бір жақ шекесі, мұрны көнектей боп ісіп кеткен екен. Бет-аузы қатқан қан.
– Ісік ішіне түсіп кетпесін, жылқының ұлпа қазысын тартатын екен,– деді біреу.
– Ол кімде бар дейсің.
– Байдың үйінен сұрату керек.
– Берер саған байдікі!
– Мұндайда бермегенде, қашан береді?
– Орта толсын-ақ!– деген дауысқа жұрт жалт қараса үйге біреу кіріп келеді екен.
– Бұл қайсының,– десті екі-үш кісі, үй ішінен, ұнатпай,– ерігіп жүрген? Орта толатын топ боп жатыр ма? Жап есікті жылдам. Үйге суық кірді.
– Е, не қан жауыпты?– деді кірген.
– Мынау кім өзі, қылжаңбас?
– Е, не қылатын едің, ал мен Бүркітбаймын.
Бүркітбайдың мезгілсіз келгенін көріп, не айтар екен дегендей жұрт кескініне қарай қалды.
– Мынау нағып жатыр?– деді Бүркітбай Кенжетайға үңіліп.
– Урядник ұрып кетті,– деді біреу.
– Өй, жаман шірік неме, соған жатқан!.. Одан үлкен таяқ жесең қайтер ең? Жанының ардақтысын-ай, мына неменің.
– Не сандалып тұрсың!– деп біреу Бүркітбаймен ілініскелі жатыр еді:
– Әй, сандалмасаң сандалма,– деді ол,– ештеңе жоқ дүрлігетін.Асқар, сені Итекең шақырды. Тез келсін, дейді.
– Мені неғылады екен?
– Қағаз оқытам дей ме, немене?
– Горбунов ше? Писары бар емес пе?
– Түсіндіре алмапты ол.
– Ертең барармын.
– Ойбай, тосатын емес. Тез келсін деді.
– Е, не бопты соншама?– десті біреулер.
– Менің ұғуым қата болмаса, осы жаққа патша келеді дей ме, болмаса патша елден кісі шақыртқан дей ме, әйтеуір бір сондай үлкен іс бар... Қағаз соған келген.
– Жаңағы жоғалып табылған қағаз сол екен ғой,– деді көпшілік.
– Енді не деп ең?
Пакеттің не екенін Асқар сонда ғана жорамалдады.
Итбайдың шақырғанына Асқардың барғысы келмей бір тұрды да, екі түрлі ой келді:
Біріншісі – «қағазды көзіммен оқиын».
Екіншісі – «Кенжетайды урядниктің ұрғанын Итбайға айтайын».
Сонда да тастап кетуге қимай, Асқар Кенжетайға қарап еді.
– Бар,– деді Кенжетай, ақырын,–бар!.. Болысқа айт!
Жұрт түгел мақұлдап кеткесін:
– Ендеше, қазір барам да қайтам,– деді Асқар,– ал, сіздер үйді босатып, аз ғана кісі қалыңдар, сырқатқа қиын болады.
Үйдегілердің көбі Асқармен ере шығып, үш-төрт-ақ кісі қалды.
Жолшыбай Кенжетайдың сырқатынан басқа басына жөнді ой түспеген Асқар, оқитын сонда шығар деп, кеңсеге келсе, Горбунов пен Кошкин қып-қызыл мас екен.
– Айда, выпить за царя ,– деп урядник, есіктен кірген Асқарға тәлтіректеп кеп, рюмка ұсынды.
– Нет, не могу!
– О-хо-хо!..– деді урядник аузын ашып, көзін едірейтіп,– во-он что!.. Не могу... Так то-есть не могу?.. Не можешь за царя?!. Это брат!..
Урядник аяғын айтпады.
Жағасынан ұстап жібермеген урядниктің қолын жазған бойы Асқар нұқыңқырап қалып еді, анау тәлтіректеп барып құлағанда үйден шыға жөнелді. Урядник бірдеме деп жатты, оны Асқар тыңдаған жоқ.
– Болыс қайда?–деді Бүркітбайға Асқар үйден шыға.
– Мана осында еді, үлкен үйге барған шығар.
Бүркітбай мен Асқар Байсақалдікіне кірсе, ауыз үй лық толған әйел екен.
Ығыса жол берген әйелдердің арасымен Асқар өтіп барып, Байсақалдың өз бөлмесінің есігін ашса, Байқадамның барлық ұрпағы сол үйде екен. Асқар жайшылықтағыдай оларға сәлем бермей, қабырғадағы сандыққа киімшең отыра кетті.
– Шырағым, жоғары шық!– деді Байсақал.
– Шешінсейші!– деді Итбай.
– Жұмысым бар еді,– деді Асқар,– шақыртты дегесін келдім. Қазір кетем.
– Айта көрме,– деді Байсақал,– о не дегенін,! Той үстіне келдің. Шешін!
Итбайға Асқардың бұл қылығы ұнамады.
– Жұмысың не еді?– деді ол салмақты кескінмен.
– Әлгі Кенжетай жайсыз жатқаны...
– Қай Кенжетай?
– Тұяқтың.
– Е, әлгінде сау деп еді ғой, оған не боп қалды, табан аузында?
– Урядник соққыға жығып кетті...
– Өй, тәйір-ай, сол ма?–десті үйдегілер,– ұрып не қирата қойды дейсің! Бірер нұқып қалғанды кек көріп жатқан ғой, қарай ғой ана шірік неменің шамшылын?
– Ішінде болдым,– деді Асқар, Итбайға сыздана қарап,– жеңіл-желпі ұрған жоқ. Жарасы ауыр, өліп қалуы мүмкін.
– Одан өлсе барсын,– деді Итбай мұрнын шүйіріп,– Тұяқтың ұлы жететін ғой, тұқымы одан кемімес.
– Өзі к...не қарамай тыштиған пысық неме,– деді Байсақал,– ділмарсып бірдеме деген шығар, сонсын ұрған шығар.
– Әке, қойшы сол сөзді,– деді Итбай қабақ шытып,– «байдың малы ардақты, кедейдің жаны ардақты» деген мақал бар емес пе. Ардақты жан сөйтпей қайтетін еді. Асығып келсе Асқарды бөгеме. Қағазды жайы келгенде оқыр. Жайы келмесе оқымай-ақ қояр. Не қағаз екенін былай да естідік қой. Дәмдес адам болған соң, қуанышқа ортақ болсын деп ек. Біреуді қуанышыңа зорлап қатынастырамысың. Барсын!
Байсақал Итбайға бір, Асқарға бір қарап жаутаңдап қалды. Бұрын Итбайдың да, Асқардың да бір-біріне бұлай қырғи-қабақ қарасқанын Байсақалдың көзі шалған жоқ еді.
Байсақал Асқардан қорқатын еді. Ол, тегі, жалпы орысша білетін кісіден қорқатын. Оның ұғымында: орысша білетіндердің бәрі – заңшыл; әрбір заң білетін адам – қауіпті. Сондықтан, Асқар ренжісе, ретін тауып Итбайды ақсатар деген оймен Байсақал өзі де Асқарға жалпақтап, өзгеге де оны сыйлатуға тырысатын. Асқар бөтен мінез көрсетпеген соң, оны тілектес жігіт деп ұғып, кезіне айта қоймағанмен, Байсақал оны ішінен жақсы көретін.
Губернатордан келген қағаз Байсақалдың тес қалтасында еді. Тегі, сол сияқты, патшадан я басқа ұлықтан келген бағалы қағазды да өз бойына сақтау Байсақалдың әдеті болатын. Баяғы ата-бабасынан бері қарай патша үкіметінен келген мақтау қағаздардын, бәрі Байсақалдың үлкен төс қалтасындағы былғары күмәжниктен табылатын. Байсақал ол күмәжникті дұғалық – тұмардан артық сақтап, өзі мен Итбайдан басқаға ұстатпайды, күмәжник салынған қамзолды ояуда үстінен шешпей, ұйықтағанда дәл құлағының астына басып жататын. Түнде ұйқыдан неше оянса сонша, құлағының астындағы қамзол мен күмәжникті сипалап қарап қоятын. Асқардың сызды кескінін жұмсартпақ болған Байсақал, төс қалтасының түймелеген ілгегін ағытты да, күмәжникті суырып, ішінен пакетті алып берді. Асқар конвертті алды да, ішіндегі қағазды суырып ап оқып шығып, қазақша анайы тілмен:
1913 жылдың 21-февралінде Россия патшалары Романовтар тұқымының патша боп таққа отыруына 300 жыл толатынын, соған Николай II той жасайтынын, Петербургте жасалатын осы тойға Омскінің губернаторы,– Итбайды Ақмола облысының қазақтарынан өкіл ғып жіберуге ұйғарғанын, пакеттегі қағаздың сөзі осы екенін айтып шықты.
– Бұрын да естіп отыр ек, балам,– деді Асқарға Байсақал,– сені қағаз оқысын деп қана шақырғамыз жоқ, қуанышқа ортақ болсын деп шақырдық. Кәне, шешін енді!
– Рақмет, ақсақал!– деді Асқар түрегеп,– мен кетем.
Байсақал бірдеме деуге ыңғайланып еді, Итбайдың алая қарауынан бөгеліп қалды. Асқар шығып кетті.
– Ниетіне жетпес, ол!– деді Итбай Асқар кеткесін. Итбайдың не «ниет» туралы айтқанын үйдегілер түсінбеді.
Итбайдың «ниет» дегені: оның құлағына: «Асқар Кенжетайдың Бурабай қаласында оқитын қарындасына қыңрақтайды-мыс» деген сөз шалынған еді. Бірақ бұл күнге шейін Итбай ол сөзге мән бермейтін.
Итбайдың ұғымында: біреуге біреудің жақын тартуы – екі жағынын, да қара басының пайдасына байланысты. Сондай ұғымдағы Итбай: «Асқардың Кенжетайға жампаңдаудағы мақсаты – оның қарындасын алу»,– деген бұрынғы солқылдақ ойын енді бекіткендей болды.
ҮШІНШІ ТАРАУ
ШЕШУСІЗ ЖҰМБАҚ
1
Боран мен аяз кезектесіп бірінің орнын бірі басатын, Сібірдің қаһарлы суық қысында «май тоңғысыз» атанатын кейбір күндер болады. Ол күндерде жел құлаққа ұрған танадай тынады. Аспан айнадай жарқырап ашылады. Төбеңде төңкерілген аспанның кектігі шымқай көк барқыттай құлпырып, кезіңді езіне тура қаратпайды. Үрлеген желден бетіне ирек түскен даланы жапқан тұтас қар, ол күні жерді бауырына басып жатқан аққудың қанатына ұқсайды. Қардан бойы биік қурайлардың үстіне үймелеген қырау, аққудың мамық қанаттарын елестетеді. Көзіңді көзіңе беттетпейтін күннің өткір сәулесі аппақ қарға шағылысқанда, күртіктің бетіндегі ұлпа, жұмсақ қардың әртүрлі жұлдыздары көпірте шашқан күмістің шаңындай жылт-жылт, жарқ-жұрқ етеді. Егер, осы кезде, күннің астын ала қарасаң: бір шеті сенен бастап, аспан мен жердің «астасқан» мөлшеріне шейін созылған күн сәулесінің қар бетінде қасқа жолы жатады.
Һауа ол күні әрі тұнық, әрі тәтті, әрі құрғақ. Аспаннан жауған қар жоқ, жердегі қарды қозғайтын жел жоқ, бірақ, қайдан сая болғанын білмейсің төңірегіңде ұшқан қардың аппақ кіршіктен ұп-ұсақ жылтылдаған шаңын көресің. Құрғақ, таза ауаны үнемі кездестірмегендіктен бе, болмаса қардың шаңын жатырқағандықтан ба деміңді ішіңе тартқанда түшкіргің келеді. Бірақ түшкірмейсің. Жер үстінін, барлық ауасын ішіңе бір жұтып шығарғың келгендей боп, кеудеңді кере деміңді ұзақ аласың. Бірақ, кеудең дүние емес – барлық ауа сыймайды, сыймаса да сусының қанбайды, қайта-қайта құмарлана жұтасың. Қанша жұтсаң да тоймайсың. Құмарлықты қоймайсың.
Міне, декабрьдегі осындай сүйкімді бір күнде, ақ қардың үстіне арқандай шұбатылған сары жолақ жолменен, шанасындағы екі кісіні шопақ құрлы көрмей, бусанған денесі ширап, кең кеудесіне тұнық ауаны толтыра жұтып, танауынан буы паровоздай будақтап, құлағын қайшыландыра, құлашын кере, бөкен желіске салып, Итбайдың Қоянкөгі келе жатты. Аттың атын Қоянкөк деп бекерге қоймаған. Оның боздығы сондай: егер, артында сүйреткен шанасы болмай, үстінде мінген кісісі болмай, жолмен жалғыз өзі жортып келе жатса, қардан жасаған қуыршақ атқа жан біткен екен деп, көрген адам тан, қалар еді. Қоянкөк атаққа шыққан ат. Жаз болса бәйгіні бермейді, қыс болса қасқыр мен түлкіні құтқармайды. Өткен жаз Итбай оны бірер бәйгеге ғана қосып, күз семіртіп, қыс қасқырға салмақ еді. Губернатор келеді деген хабарды естігесін сұлымен жаратып бауырын тарттырған. Қазіргі қалпында денесі оқтаудай. Бұл келе жатқан сапары: Итбай Бүркітбайды Бурабай қаласына бір шаруаға жұмсап, терін алдырайын деген ниетпен Қоянкөкті жектірген. Қасында Асқар.
Сұлу табиғатқа сүйсіне қарап, тонның жағасын қайырып тастаған Асқар, Қоянкөктің тұлғасына да, жүрісіне де қызықты.
– Бүркітбай!– деді ол,– мынауың қалай-қалай желеді? Қызған сайын қайықтай есіп барады ғой!
– Бұл солай ат.
– Әй, Бүркітбай!
– Әу!
– Кенжетай айтады: құнан күнінде Итбай осы Қоянкөкті бізден алып еді дейді. Рас па?
– Рас. Балтабек Омбы жақтағы Маскеленко станциясына пайда табуға барып, сол жылы орыс арасынан тай күнінде сатып әкелген екен. Құнан шыққан жылы Итекең қызығып, сұрап алса керек.
– Тартып алыпты ғой.
– Е, мен қайдан білейін, қалай алғанын, әйтеуір алды. Не тартып алсын. Жаман Тұяқтың баласы Итекең сұраса бермейді деймісің. Тартып ап күш теңестіретін олар кім?
– Жоқ, тартып апты. Балтабек қалаға осы аттың ызасынан көшіпті,– дейді.
– Мен оны естіген жоқ ем. Естісең таласым жоқ, сол үйге араласқан адамсын, ғой, білетін шығарсың. Саған не сырын айтпайды дейсің...
Бүркітбай Асқардың бетіне бұрылып тура қарап, жымиып күлді.
– Неге күлесің?
– Жәй!–деді Бүркітбай жымиюын үдете түсіп,– оқыған адамның іші сиырдың таз қарнындай көп қалтарысты болады дейтін еді. Мен сені ақ көңіл, жайдары жігіт пе деп ойлайтын ем. Осы, қусың-ау деймін, Асқар, ә?
– Оны не себепті айттың?
– Мен айтам себебін, егер сен де айтсаң?
– Айтатын нәрсе болса айтам.
– Айтпайтының да бар ма еді?
– Ішімдегі сырымды түгел ақтарам дей алмаймын.
Бүркітбайдың, беті күліп, көзі ойнай бастады.
– Неге іркілесің?
– Осы сен қалың бердің бе, Асқар?
– Жоқ.
– Қой, берген шығарсың!
– Е, мен сенен жасырам ба?
– Жасырасың-ау деймін. Тұяқтың қызына қалын, берді дейді ғой жұрт сені!
– Қай Тұяқ?
– Әй, қу шекем, айтам ғой қусың деп!..
– Ә-ә-ә!.. түсіндім!..– деді Асқар.
– Солай ма, таптым ба, қышыған жеріңді?
– Өзің бе солай ойлайтын, басқалар ма?
– Басқа да, өзім де.
– Жұрт та жоқты есек қылады екен.
– Неге? Кеп аузы – уәлі. Жел болмаса шеп басы қимылдамайды.
– Біреудің жас баласын солай деуге жұрт та ұялмайды екен, сен де ұялмайды екенсің!
– Піш-ш-ш... «жас баласын!..» Неткен жас? Он үште отау иесі емес пе?
– Ол ескілікті көксейтін қазақтың айтатыны...
– Сен жаңа қазақ бола ғой. Сонда да соқтауылдай қыз емес пе. Төсі тостағандай боп қалған.
– Әңгіме төсте емес, жаста.
– Ал, айта ғой, жасы нешеде екен!
– Он төрттен он беске шыққан.
– Тапқан екенсің алдайтынды. Ол қыз ең аз дегенде он алтыға келді. Жарайды, жасына дауласпай-ақ қояйық. Жалғыз жаның бар жігітсің, шыныңды айтшы, алғалы жүрген жоқпысың?..
– Мен...
– Кішкене... сабыр ет!.. Мен ол қызды сенен қызғанды деп ойлама! Алты аласы, бес бересім жоқ, оған менің. Ол менің жесірім емес. Айта берсең ешкімнің де жесірі емес. Басы бос қыз. Қызға кім қызықпайды, қымызды кім ішпейді?
Жалтарғанына Бүркітбай болмағасын, Асқар «несін жасырам?» деп: қызда ойының бары расын, бірақ әзірге ала қойғысы келмейтінін, ең алдымен қызды оқытуға жәрдемдесуді мақсат көретінін, қыз оқып, езін езі танитын, білімді адам болғанша алам деген ойын оған сездіргісі келмейтінін түгел айтты.
– Ойбой,– деді Бүркітбай кекетінді күлкімен,– Зылиқа мен Жүсіп бұдан шықты десейші!.. Оныңа кім нансын.
– Нанбасаң ерік сенде. Бірақ расым осы.
Бүркітбай күлкілі кескінмен кезін ойнақшытып, Асқарға тағы қарап еді, Асқар жылы шырай бермегесін, атқа бұрылып, ашуланғандай божыны қағып-қағып жіберді.
2
– Кәне, кім үйіне түсеміз?–деді Бүркітбай, қалаға жақындаған кезде, Асқардың бетіне қарап.
– Өзің ше?
– Мен, қай орыстікі шай қайнатып берсе, соған түсем..
– Мен де соған...
– Өй, жарылып кет!.. Мен білмейтін шығармын, бүйрегін, қайда бұрып келе жатқанын...
Асқар үндемеді.
Бүркітбайды Асқар көптен таниды. Бірақ, сырлас болған жігіт емес. Сырт естуінше ол кедейдің баласы. Руы Көкшетау болысындағы Қойлы-Атығай ішінде Даңқой.
Ескі ауылда – «ер жігіт», «еті тірі жігіт» дегендер болатын.
«Ер жігіт»– мінер ат, ішер ас, киер киімін кем ұстамайтын; дәулеті мол болсын, шағын болсын, көңілі көтеріңкі жүретін, беруге де, алуға да шыдайтын, айтқан сөзіне тұтымды, қайғыға қайсар, жүрген жері думан болатын.
«Еті тірі жігіт» те өзін ер жігітпін деп түсінеді. Бірақ, оның «қысқа жібі күрмеуге келмейді», «жоқшылық жомарт ердің қолын байлайды», «бөрі арығын білгізбес, сыртқа жүнін қампайтар» деп, жарғақ құлағы жастыққа тимей, басын тауға да, тасқа да ұрып, ер жігіттік дәрежеге жеткісі келеді. Ондайларға қуған үміт қашқан түлкідей сылаңдап, өмір адырларынан анда-санда бір көрініп қап, кейде шалдырады, кейде шалдырмайды.
Біздің Бүркітбай осы екеуінің соңғысы.
Сырт қараған адамға ол: Итбайдың жегер аты, киер киімі сықылды, өз қара басына тәуелді бір мүлкі, Итбайдың құлағын бұрап қойған оның өз басында өзіндік түк те жоқ, бар тілегі Итбайға ауған, «мені» жоғалған, Итбайдың көлеңкесіне айналған.
Ішін ақтарғанда Бүркітбай олай емес.
Итбайдың үйіне алғаш келген кезде ол ең жұмақтың ішіне кірдім деп ойлаған еді. Бара-бара ол ойы өзгерді. Еті үйреніп алғаннан кейін, оны жалғыз Итбай емес, Байсақалдың бар ұрпағы жұмсады. «Онда барып кел, мұнда барып келдің» ол қолжаулығы болды. «Құлынның басын ұстай ғой», «бие байласа ғой», «қой құрттаса ғой», «қазанның құлағын ұстаса ғой», «іркіт пісе ғой», «от жаға ғой», «отын ұсақтай ғой», «ләген төге ғой», «мал суара ғой», «қи күрей ғой»,– дейтін болды оған Байсақал ұрпағы.
Бұлардың ешқайсысына Бүркітбай бармаймын демейді. Бірақ бара жатып, я істеп жатып арланады. «Ләген төге ғойлар» өкпесін инедей піссе де, ол үндемейді. Сыр бермейді. Ішінде намыс қазандай қайнап жатқанда, сырты күліп, ешнәрсені елемеген боп жүре береді.
«Осында сана жоқ!»–дейді кейбіреулер.
«Арсызға күнде той»,– дейді біреулер.
Бүркітбайдың, кейде, бұл тұрмыстан кеткісі келеді. «Бірақ қайда барам?»–деп ойлайды ол. Жүрген қалпы жалшымен тең бола тұра, жалшылыққа біржола шығуға ол арланды. «Күн көрудің әдісін тапқан еті тірі жігіт» атанып жүре бергісі келеді.
«Қай орыс шай берсе соған түсем» дегенмен, Бүркітбайдың түсетін жері – Кулаковтікі. Басқа шай беретін орыс ақша алады, ол ақша Бүркітбайда жоқ. Тегі оған ақша біткен емес. Қайдан бітсін: сататыны жоқ, жалданып ақы алмайды. Итбайдың үйінен көрер пайдасы: киер киім, ішер тамақ, мінер ат. Оның «доходная статьясы» –- ойнайтын карта. Онда да үлкендермен ойнаса ұтылып қалып, бала-шағаны айналдырады да, алдап-сулап, бақырларын қағады. Осы келе жатқан жолында Итбайдың аманатқа тапсырған жүз сомынан басқа, балалардан ұтып алған қалтасында өзіндік 37 тиыны бар. Кулаков Бүркітбайды таниды. Итбайдың жігіті екенін біледі. Итбай мен Кулаковтың ыдыс-аяқтары араласқан, ауыз жаласқан тамырлар. Сондықтан, Итбай үйінен келген адамға Кулаковтың есігі ашық.
Бүркітбай бұл ойын Асқарға білгізбеуге тырысты. Асқарды сынау үшін Балтабек үйінің нақ түбіне шейін барып бұрылуды ойлады.
Итбайдың қолына түскен талай жақсы атты арбамен де, шанамен де, салт та мінген Бүркітбай, атты қалай жүргізудің мәнісін білетін. Шабан деген аттар мұның қолына түссе – дедектеп, аяқ-қолы жерге тимей, жүрісті боп кетеді. Мінетін малына ол дауысын танытып қояды. Оның «һейт!» деген дауысын естігенде, ат ала жөнеледі.
Бүркітбайдың арқасы қозып, атты қатты айдайтын жері – жиын-тойдың, маңайы, ауылдың тұсы, қаланың іші. Мұндай орындарда ол қараған адамға – «па, шіркін, жүрісіңе болайын!»–дегізбей қоймайды.
Бүркітбай Бурабай қаласының шетіне кіре осы әдетін істеді.
– Һейт!– дейді ол, божыны жинап алып, атты божымен қабырғадан шарт еткізіп періп жіберіп.
Терлеп қызып келе жатқан ат, аяғын көсіле сілтеп, ауыздықты сүзіп тастап, мұрнынан бу құшақ-құшақ шығып, дедектеп тартты.
– Шшт!..
Қаланың ең шетіндегі бір үйден екі құлағы сары ақ ит шабаланып үріп шықты да, шанамен жарысып қалмады. Оның дауысымен жолдан тағы иттер қосылып, біраздан кейін ит саны көбейді. Біреулері аттың тұмсығына қарғып, біреулері шанадағы кісілерге ұмтылғысы кеп, азан-қазан болған иттерді Бүркітбай ермек қылды.
– Наһ-наһ!.. һүрит-һүрит!..– деді ол жақындаған иттерге құнтын сілтеп, өшіктіріп, кейбіреулерін реті келген жерде тартып жіберіп қыңсылатып.
Иттің шуынан Бүркітбай Балтабектің үйіне жақындап барып оралуды ұмытып кетті. Бұрын бірер келіп үйренген ақылды ат, жолаушыларды тұп-тура Кулаковтың үйіне алып кеп, Бүркітбай божыны тежегенше, ашық қақпадан, кең шарбақтың ішіне сып беріп кіріп кетті.
3
Кулаковтың үлкен қарағай үйінің алдында гвардейско-гусарский полктың офицері, Андрейдің үлкен баласы – Алексей Кулаков жүр екен. Оқтаудай бауыры тартылған сұлу боз ат жеккен кісілерге оның көзі түсті де, қадала бір қарап, үйді айналып кетті.
– Міне бір арғымақ офицерің кім? Танимысың?– деді Асқар Бүркітбайға.
– Андрейдің салдаттағы баласы кеп жатыр деген. Өзін бір көрген де едім. Аты Алексей шығар деймін ұмытпасам.
Жолаушылар шанадан түсіп, үйге беттей бергенде, жарты төбесі ашық қораның алдында қайыққа төккен сұлыны жеп жатқан аттардың қасындағы бөренеде отырған Андрей Кулаковты көрді.
– Амандаса кетейік,– деді Бүркітбай.
Андрей ұзын бойлы, екі иініне екі кісі мінгендей, жуан, екі беті шиқандай қып-қызыл, ұйысқан, қысқа, жирен, бұйра сақалды адам еді.
– Здрастий!–деді Бүркітбай, жақындап барып.
Итбаймен көп араласқан Андрей Бүркітбайдың орысша аз білетінін есіне алып, қазақша сөйлеуге тырысты.
Андрейдің қазақша білуі, Бүркітбайдың орысша білуінен артық емес еді. Оның үстіне бір қызық жері – қазақ тілінде «к», «г» әріптері жоқ, қазақ ылғи олардың орнына «қ» мен «ғ» әріптерін қолданады деп ойлайды.
– Здрасти, здрасти!– деді Андрей, орнынан қолымен бөренені таянып тұрып,– Бүркукпай Қоққозыш!.. Итбай атай, бараншук аман?..
– Аман, аман... слау богы.
Асқар да, Бүркітбай да Андреймен қол ұстасып амандасты.
– Зашем пришол?– деді Андрей.
Мән-жайын жата-жастана айтам деген Бүркітбай «зашем пришолға» сасып қалды. Жол-жөнін айтуға тура келді. Бірақ оның білетін сөздері: гауарит, мала-мала, ашат, толда-колда, өткелі, бойдит, тәшшит... деген сықылды азғана сөздер еді. Одан басқа кейбір заттардың атын білетін. Осылай, орыс тілін аз біле тұра, мейлі кім, қандай тілмаш тұрса да Бүркітбай тайсалмай соға береді. Реті келген жерін қолымен, бет-аузымен, денесімен түсіндіреді.
– Омбы ызнайым,– деді ол Андрейге, қолын күншығыс солтүстікке сілтеп,– гүбірнадір көсти Итбай бойдит. Толда урядник мала-мала гауарим, гүбірнадір бойдит...
Андрей жобалап түсініп басын изеді.
– Итбай гауарим, өткелі гүбірнадір бойдит, ашайт бойдит... Мені гауарит, Итбай гауарит, Бүркітбай гауарит арак тәшшит гауарит, Бурабай гауарит...
Бүркітбайға ендігі керек сөз – «купить» еді, оны білетін де еді, бірақ сасып сөйлегендіктен аузына түспей-ақ қойды. Сондықтан ол:
– Мой ләпке пойдом бойдит, мала-мала арак тәшшит бойдит,– деп екі алақанын кезек соқты.
– Арак коп...– деді Андрей, түсініп.
Асқар бұл кеңеске қосылған жоқ.
Бүркітбай келе жатқан жұмысын Асқарға айтқан жоқ еді, ол енді ғана білді. Бүркітбайдың тілі жетпей тұрған жерлерін әуелі айтып жіберуге ыңғайланып, артынан тыйыла қойды. Екі жағынын, да сөзін есту қызық көрінеді оған.
– Күмәгі, күмәгі,– деді Бүркітбай бір кезде қойынына қолын тығып,– песір гауарит, күмәгі Андрей гауарит, дабай гауарит, он гауарит (тағы да «купить» аузына туспей ғап, алақанын соғып) Андрей гауарит, ләпке тәшшит гауарит.
Бүркітбай қойнынан бір қағазды Андрейге алып берді.
– Мен қорды, Бурқуқбай Қоққозыш... қорошо...– деді Андрей қағазды оқып...– Метропан Қабашқын знайт?
– Знайт.
– Поғреп қорғен?..
Бүркітбай басын шайқады.
«Үйдің астындағы ас қоятын жерін орыс «погреб» дейтін, соны айтып тұрған шығар»,– деді Асқар. «Митрофан Кабашкин дегеннің погребінде арақ кеп» деп тұр-ау деймін, осы қауға сақал.
4
Шай ішпей Балтабектікіне кетуге Асқар Бүркітбайдан ұялды. Бірақ шай бөгеген жоқ. Андрейдің семіз, тапал сары қатыны самауырды тез қайнатты. Столға пештен жаңа шыққан тәтті шәңгілерді, қалаштарды, жұмыртқаны, сүтті, майды толтырды.
– Мынаны,– деді Андрей, шай ішілген соң жалшысы Антонды шақырып ап, Бүркітбайды көрсетіп,– Митрофандікіне алып бар да, әр түрліден жақсы арақтар алып бер.
Бүркітбай кеткесін Асқар Балтабектің үйіне беттеп еді, жолда қолтығына конькилі бәтеңкесін қыстырып, көлге қарай кетіп бара жатқан Алексей ұшырады. Офицер, чиновник дегендерді ол ит етінен жек көретін еді. Екеуі түйіскен жерде офицер бұған, бұл оған ажырайысып қарасты. Бірақ тіл қатыспады.
Қорған тастың оңтүстік жақ басын айналып, Асқар Балтабектікіне келсе, үйде Айбаладан басқа жан жоқ екен. Айбала тарамыс ширатып отыр екен.
Күннің, көбін үй шаруасымен өткізіп, жалғыздықтан іші пысатын Айбала, Асқар келгенде қуанып кетті.
– Төрге шық!– деді ол, түрегеліп, етегін сілкіп.
– Денің сау ма, жеңгей?
– Шү... Мырзажігіт қалай? (Кенжетайды Айбала солай деп атайтын).
– Басын көтеріп, түрегеп жүр, ас ішеді. Таяқ ішке түскен жоқ, әйтеуір. Неғып өлмегенін білмеймін, еті әлі күнге шейін көк-ала қойдай. Ит урядник екен.
– Өзі қалаға да тиышсыз, ылғи едіреңдейді де жүреді.
– Еркең қайда?
– Оқуынан жаңа келіп еді. Лиза мен екеуі сырғанақ тебеміз деп кетті.
– Қайда?
– Көлге. Әлгі, етіктерінің табанына темір байлап сырғанайтынды не деуші еді? Сонымен сырғанауға кетті.
– Ә, коньки ме?– деді Асқар күліп.
– Қайдан білейін, не дейтінін. Лиза Қызылжардан сондайлардың біреуін өзіне, біреуін еркеме алдырыпты.
Бала сонымен сырғанаудың қызығына түсіп алды. Күнде кетеді.
– Мен барып көріп келейін.
– Шай қояйын...
– Қоймай-ақ қойыңыз, жаңа іштім...
Шайға отыруға Асқардың дәті шыдамайтынын сезген Айбала оған «отыра көр» деп жабыса қойған жоқ. Асқар шығып кетті.
Күзден бері Асқар бұл үйге әлденеше рет келді. Бірнеше рет көрісіп, сөйлескенмен, Асқар мен Айбала «сіз, біз» дегеннен артық сөзге барысқан емес, сыпайы, әдепті қалыптарын өзгерткен емес.
Сөйте тұра, Асқардың бұл үйге келімпаз боп кеткен себебін Айбала іштей жорамалдайды. Ботагөзді жанындай жақсы көретін Айбала, жігіттен оны қызғанғанмен, қызғаныш толқыны «жат жұрттыққа жаралған бала» деген жарға кеп соғылып, «тек, тәңірі теңін кездестіргей-де!» – деп тілейтін еді. Сол теңі енді табылған сияқты, ол – Асқар.
Алғашқы танысқаннан кейін, Асқар бірер қабат келген соң-ақ, оның ішкі ойын қас-қабағынан байқаған Айбала, «құда түсер басталар, Асқар Балтабекке кісі сап, Ботагөзде ойы барын айтар»,– деп күткен еді. Содан кейін, үйіне бейсауат кісі келсе: «құдалыққа келді ме, әлде» – деп ойлап, оның сөзіне құлағын түре бастайтын еді.
Құда түсерді күте-күте Айбала қажығандай болды. Сонда да ол күдерін үзбеді. Үміті ұзаңқырап кеткесін, кейде Айбалаға: «әлде, беті жылтыраған, ішмерез жігіт болар ма? Аз күнгі ойнап-күлуді мақсат еткен к,у болар ма?» – деген ой да келді. Ол ойды ойлауы ойлағанмен, Асқарды ондай арам ниеттіге тағы да қимады; оның ойынша Асқар ондай бұзық жігіт болуға тиісті емес.
Асқарды жаман ойға қимаған, бірақ қызды ұнататын белгі беріп, сырын айтпауына түсінбеген Айбала, кейде, Асқар оңаша кездескенде оған сыр сұрауға әлденеше рет оқтанса да батылы жетпеді. Ойы осындай толқыған Айбаланың тілегі: Еркесі – Ботагөздің Асқарға қосылуы. Бұл әлі ашылмаған сыр болғанмен, тез арада ашылуына және қуанышпен ашылуына Айбаланың сенімі берік.
Көл бетіндегі сырғанақшыларға бармақ боп, Асқар үйден шыққан соң, Айбала ашылмаған сыр туралы тағы да аз ойлап отырды да, сырғанақтан Ботагөз бен Асқар бірге қайтар деген оймен шай қоюға кірісті.
Жасыл желегін бүркенген қарағайдың арасымен жүріп отырып Асқар көлдің қабағына шықса, мұз бетінде бірсыпыра кісі сырғанақ теуіп жүр екен. Көпшілігі ұсақ бала. Ішінде бірен-саран қыз, жігіттер де бар. Сырғанап жүрген жерлері жағадан алысырақ.
Күн таудың төбесіне қарай еңкейіп қалғанмен ауа райы күндізгіден әлі өзгерген жоқ еді. Асқар Көкшеге көзін салса, ызғар жалаған бергі жақ жар қабағы қорғасын тәрізді сұрланып, күн сәулесі шағылысқан төбесіндегі қар аппақ кіршіктей жарқырап тұр екен. Қардың үстінде алыстан қылтиып көрінген қарағайлар түбітін қара қылшық шалған жазғытұрғы қоянның, жоны сықылды. Таудың қойнауын басқан қалың қардың үстіне шөккен қара бураның еркешіндей боп шаншылып, қысқа ажарын бермеген жалғыз – Оқжетпес.
Асқар төңірегін түгел шолып, кеудесін кере демін алып, сырғанақ тепкендерге қарай мұздың үстімен тайғанақтай беттеді. Мұз меруерт тасы сықылды көкпеңбек, мөп-мөлдір екен. Суыққа шатынап жарылған жерлерінен қарағанда ғана қалыңдығы білінеді, әйтпесе, үстінен жүргенде жұп-жұқа, ойылып кететін тәрізді.
Етігінің табанында бүрі жоқ Асқар, әр жерде мұздың үстіне жабысқан қарларды қуалап отырып, жиектен жырағырақ жерде сырғанап жарысқандарға жетті.
Коньки Асқардың да құмар ойыны еді. Семинарияда оқыған кезінде Ертіс үстіне тепкен конькиі сандығында әлі де сақтаулы.
– «Бәрекелді-ай!– деді ол сырғанағандарға көзі қызығып,– конькиді ала келмеген екем!»
Келдің кен, мұзын жағалап алысқа кеткен сырғанақшылар, біраздан кейін оралып Асқарға беттеді.
«Ботагөз мынаның бірі болар ма екен?» – деп ойлады ол толқындай ырғалып келе жатқан топтың ішінен біреуді жобалап.
«Егер ол болса қолтықтасып келе жатқан анау ұзын бойлы манағы офицер Кулаковқа ұқсайды».
Жарысқан жұрт зымырап, жұлдыздай ағып Асқарға келіп қалды. Жобалаған ұзыны – Кулаков екен, бір жағында Лиза, бір жағында Ботагөз.
Асқарға жақындағанда Алексей топтан озды да, қолтықтаған қыздарымен біресе оңға, біресе солға қарай толқып отырып, Асқардың алдынан зымырап өте шықты.
– Ботагөз!– деді Асқар қатты дауыстап.
Ботагөз сырғанақтың қызығымен алдындағы кісіні аңғармай ете шығып, құлағына таныс дауыс сап ете түскесін артына жалт қарап, Асқарды танып:
– Мен енді қайтам,– деді Ботагөз Алексейге, екінші рет Асқарға жақындағанда,– жұмысым бар еді.
– Пож-жалыста!
– Мен де қайтам!– деді Лиза.
Қатты екпінмен келе жатқан Алексей, қыздар құлап мертігер деп жіберіп қалмай дөңгелеп барып бұрылып, саябырлап тоқтады.
– Пож-жалыста!..
– Сіз ше?– деді Лиза ағасына.
– Мен де қайтам, аздасын.
Ботагөз бен Лиза қолтықтасып, конькилі аяқтарымен кібіртіктеп Асқарға қарай жөнелгенде ғана Алексей Ботагөздің артынан қарап тұрып: «Киргизка ничего! Прекрасная девушка!» – деді ішінен.
Қыздарға Асқар солғын амандасып, қалаға қарай жөнелгенде соңдарынан Алексей ере түсті де, Асқар екеуі ұнатпаған кезбен бір-біріне қарасты.
– Оқыған жігіт қой,– деп ойлады Алексей өте беріп,– киім түрі учитель. Кім екен?
Сұрағысы келмеді.
«Торыған тоқтыңды білемін, қасқырым!– деп ойлады Асқар, Алексейді кезімен жөнелтіп,– бірақ оның күзетшісі мықты, оңайлықпен алдыра қоймас!..»
Митрофанның үйінен керек арақ табылмай Бүркітбай қалаға қонды.
– Не бүгін түнде, не ертең ерте Петропавлға кеткен подвод келеді,– деп сендірді Митрофан.
Бүркітбайдың қайтпайтынын білгесін, Асқар іңірде Балтабектікіне барды.
– Серігіңді шай ішуге шақыр!– деді Кулаковтың әйелі Бүркітбайға.
– Он прапал бодит, толда я өткөлі тәщит бойдим, мене құрсақ прапал,– деді ерінген Бүркітбай.
Андрейдің өз үйінің іші кешкі тамағын ымырт жабылмай ішті. Ол кезде Бүркітбай пештің қасындағы скамейкада отыр еді, оған асқа кел демеді. Орыстың асына шошқа араласпай қоймайды деп түсінетін Бүркітбай шақырмағанға онша ренжіген де жоқ.
Андрейдің үйі Бүркітбайды жеркеніп отыр дегендіктен шақырмаған жоқ... Ол үйдің қазақтан жиренуі, Бүркітбайдың шошқадан жиренуінен кем емес еді. Мәселен, өздері ішетін ыдысқа олар қазақтың аузын тигізбейді. Әлдеқалай тисе, ыстық сумен сабындап жуады. Көп араласатын болғандықтан, қазаққа арнап алған темір ыдыстары болады. Бүркітбай мен Асқар түскі шайды қазаққа арналған қаңылтыр кружкамен қолдары, ауыздары күйіп зорға ішкен.
Өз астарынан кейін Андрейдің әйелінің Бүркітбайға берген тамағы,– кішкене шөгеңкеге асқан тауықтың еті мен сорпасы, үлкен бір қалаш. Денесінің шағындығына қарамай Бүркітбай тамақты, әсіресе, етті жегіш еді. Сондықтан тауықтың сорпасы мен еті оған жұғын да болған жоқ.
Асын ішіп болғасын Бүркітбайдың ойы Асқарды іздеуге кетіп тұрды да, өткен түні жолаушылап аз ұйықтағандықтан көзіне ұйқы тығылып, есінеп, денесі жатуды тіледі.
«Балтабектікінен басқа қайда кетті дейсің?–деді ол пештің үстіне шығып жата беріп,-– байқайтын, ұйқымның келуін қарашы!..»
Балтабектікіне барған Асқар, ең алғаш көңілсіздеу отырды. Оны сезген Ботагөз:
– Жұмбақ айтысайық, Асқар ағай,– деді, іңір шайынан кейін.
– Айтыссақ айтысайық.
– Әуелі мен айтайын, ағай: «Айдалада ақ сандық, аузы-мұрны жоқ сандық».
– Қазық.
– Таппадыңыз:–жұмыртқа! Тағы айтайын: «Ти десем тимейді, тиме десем тиеді».
– Ерін.
– Бұл дұрыс. «Ақ күшігім жүгіре-жүгіре буаз болды».
– Ұршық.
– Енді езіңіз айтыңыз, ағай!
– Айтайын:
«Ізі бар, адымы жоқ аяғының,
Тимейді ұшы жерге таяғының.
Қолдарын хайуанға артып алып,
Әніне салады екен баяғының».
– Сырнай.
– Ол емес.
– Гармонь...
– О да емес.
– Домбыра...
– Тағы да таппадыңыз. Ботагөз састы.
– Телеграм...
– Жоқ, о да емес.
«Бұл не?–деп ойлады Ботагөз,– ізі бар, адымы жоқ» деген телеграмға келеді. Онда із бар, адым жоқ, «Тимейді ұшы жерге таяғының» деген домбыраның құлағы сықылды. «Әнге салады» дегені гармонь. Жоқ, ол емес, грамофон!.. Дұрыс, грамафон адамша сөйлейді... «Қолдарын хайуанға артады» дегені – адамның, қолы араласпаса ойнала ма?»
Ботагөздің ойы шатасты. Атаған заттарының бойынан жұмбақта айтылған сипаттарды түгел таба алмады.
Балтабек бұл кезде үйде жоқ еді. Айбала Ботагөзге жәрдемдесуге бірнеше рет оқталғанда, Асқар «айтпа» деп көзін қысты.
– Білмеймін,– деді ол, таба алмағанына қызараңдап.
– Тап! Ойлан.
– Рас білмеймін.
– Қазақ арба емес пе?– деді Асқар.
– Қандай қазақ арба?
– Кәдімгі, екі доңғалақ, көшкенде мінетін. Тағы бір жұмбақ айтайын.
– «Кішкене ғана тостаған, көтеріп мені тастаған».
– Қайық.
– Емес.
– Кебіс,– деді Айбала. – О да емес.
– Енді не?
– Үзеңгі. Тағы біреуін айтайын:
«Қабағы түнде жабық, күндіз ашық,
Адамзат құтылмайды одан қашып,
Алыстан лебіменен тартып алып,
Жақындаса жалмайды аузын ашып».
– Ағаш үй.
– Оны қайдан білдің?
– Күндіз терезені ашады, түнде жабады, үйге кісі түспей қоймайды. Алыстан адам келеді де, жақындағанда ішіне кіреді.
Табуға жақынсың, бірақ ол емес.
– Жоқ, сол.
– Ол емес...
– Ал енді не?
– Киіз үй...
Бәрібір емес пе...
– Неге бәрібір болсын.
Асқар таласып отырып, өзінің жеңілгенін білді. Ботагөз оған: қазақ арбаны, киіз үйді ұмытып баратқан, көңілі гармонға, телеграмға, ағаш үйге көбірек ауып, жаңа дүниеге аяқ аттаған адамды елестетті.
«Тағы айтар жұмбағың бар ма?» –дегендей Ботагөз Асқарға қарап еді, Асқар жұмбақ айтудың орнына көп мағыналы қараспен Ботагөзге төне қойды. Неге бұлай қарады дегендей ыңғайсызданған Ботагөз кезін ұзын кірпігімен жауып, темен түсірді.
Не Асқар, не Ботагөз тағы да жұмбақ айтар деп күткен Айбала, оларға кезек-кезек жалтақтады да, екеуі де үндемеген соң, ішкі сезімдерін кескіндерінен ұққандай боп, «ендігі айта алмай отырған жұмбақтарыңды мен білемін,– деп ойлады ол,– араларыңда бір жұмбақ айтусыз-ақ басталып, әлі шешілмей жүргені рас. Менен жасырсаңдар да ол жұмбақтарың маған мәлім. Оны шешуге мен я қатнасармын, я қатнаспаспын, бірақ қайсысы болса да, менің тілегім: «Ылайымда бақыттарыңа шешілсін!»
Асқар мен Ботагөздің жұмбақтары тоқталуына себепкер боп отырмын ба деп ойлаған Айбала, өзі іштей жорыған олардың шешусіз жұмбағы тез шешілсе игі деп тілеген Айбала, кездерімен сөйлескен екі жасты оңаша тастамақ боп:
– Самауыр қояйын, еркем!– деді Ботагөзге,– ағаң да кешікпей келер. Үйде су жоқ еді. Көлден барып, мұз әкелейін.
Айбала орнынан тұрып, үстіне күпісін, аяғына пимасын киіп, тысқа шығып кетті.
Жігітшіліктің, жастықтың фарқын айыра білетін, қазақ ғұрпынан хабары бар Асқар, Айбаланың Ботагөз бен өз арасында дәнекер болғысы келетінін әлдақашан-ақ аңғарды. Бірақ Ботагөзбен ауыл әдетінше «ойнап-күлуді» мақсат етпеген Асқар, Айбаланың бірнеше рет жеңге боп сырласқысы келгенін абайлай тура, әдейі аңғармаған боп, ол темада сөйлескісі келмейтінін кескін, құбылысымен ұқтырды.
Ботагөзбен қосылуына Айбаланың тілектес екенін, тілектес ғана емес, жақтас екенін сезетін Асқар, егер, Айбаланы Ботагөзбен оңаша қалдырса-ақ, ол қалдырудың себебін ұға қойды. Нақ, осы жолы да, Айбаланың «көлден мұз әкелем» деп кетуі, мұз үшін ғана емес, Ботагөз бен езіне сөйлесуге жағдай жасау үшін екенін Асқар білді.
Айбаланың шығып кетуі, Ботагөзге бөтен ой түсірген жоқ. Ботагөздің басына: «ер жеттім, қыз боп болдым» деген ой ешуақытта кірген емес. Оның ойында балалық пен оқудан басқа әлі ешнәрсе жоқ. Сондықтан да, ол, Айбаланы ауылдың бой жеткен қызының ұғымындағы жеңге көрмейді, не шешесі, не апасы сияқты көріп, оған әлі күнге шейін балаша еркелейді: мойнына асылады, арқала деп әурелейді, бетінен сүйгізеді, құшақтатады, төсіңді сорам деп қинайды, кейпі келмеген кездерін ұшыратса, жадыратпай жай таппайды, болмашы сезін ауырлайды, жоқ нәрсеге өкпелейді, Айбаланың оған Асқар туралы тіл қата алмауы да осыдан.
Асқардың Ботагөзде ойы барын, оның көзқарасын Айбала сезгенмен, Ботагөздің өзі әлі түк сезген емес. Оның әзіргі ұғымында Асқар – аға, бауыр. Сондықтан да, ол Асқармен сөйлесуге қымсынбайды, онымен оңаша кездесуден именбейді, оның алдында өзін еркін ұстайды.
«Мұз әкелем» деп Айбаланың шығып кетуі Ботагөзге бөтен ой түсірмегенмен, Асқардың осы жолғы қадала қараған көзі Ботагөзге оның бұрынғы қарастарынан басқа әсер берді.
«Неге бұлай қарайды?» – деп ойлады ол. Сол ойдан кейін, Асқардың төнген көзінің қарашығы оған ашық аспанда қалқыған өткір күннің сәулесі сияқтанып, қарауға көзі шыдамаған соң, ол көзін кірпігімен жауып, темен қарады. Көзін кірпігімен жабу, Ботагөзді Асқардың көзінен ұшқан өткір сәуледен құтқара алмады; ұшқын көзінің ішінде қалып, қарашығын қарығандай болған соң, жұмған кірпігін ол ұзақ қысып тұра алмай, қорғасындай салмақтанған ұзын кірпіктерін зорға деп көтерді.
Бұл Айбала «мұз әкелем» деген сылтаумен орнынан тұра берген кезде болған құбылыс еді. Айбаланың қимылы, үйден шығуы, Ботагөздің көзіне тыныс алдырып, Айбала үйден шыққан соң, «неғып отыр екен» дегендей ол Асқарға көзінің қырын түсірсе, Асқар көзін үйдің бұрышындағы әлденеге аударған екен.
Үйде Асқар мен екеуі оңаша қалғанын жаңа ғана түсінген Ботагөз, Асқардан қауіпті сөз шығып қала ма деген сезікпен, оның ойын басқа бір сөзбен бөлуге тырысты.
– Ағай,– деді Асқарға ол,– саған мен кітаптан сұраулар берейін, айтасың ба?
Сыйлайтын кісіге «сен» емес, «сіз» деп айтуды Ботагөз біледі. Асқарды ол бастапқы кезде «сіз» деп жүретін еді, артынан Асқар мені жатырқаймысың деп «сенге» еріксіз көндірген.
– Сұра, айтайын, білгенімді,– деді Асқар.
– Телеграфтың знактарын алғашқы шығарған кім?
– Морзе.
– Дұрыс.
– «Анчар» деген ағаш қайда өседі?
Асқардың есіне Пушкиннің «Анчар» деген өлеңі түсті:
«Құрғақ құмда тамыры кепкен,
Топырағы күнге күйген.
Қарауылдай айбынды Анчар,
Тұр жалғыз сол маңайда»...
«Осы «Анчар» қай жерде еседі?» –Асқар таба алмады.
– Ява аралында емес пе?–деді Ботагөз...– учитель бізге «Анчарды» жаттатқанда әңгіме ғып солай деген. Учитель айтады: Пушкин айтқанындай, Анчар ағашы залалды ағаш емес дейді.
– Жатқа білесің бе, сол өлеңді? Оқышы! Айтшы!
Бармайды оған құс та ұшып,
Жолбарыс та бармайды, қара құйын ғана.
Айдайды өлім ағашқа.
Одаң әрі зырлайды, мақсатына жетіп ап.
Адамды бірақ адамзат
Айдайды күштеп анчарға,
Бас иіп, анау жол шекті,
Уланып қайтты ертеңіне.
– Дұрыс,– деді Асқар, орыстың таза тілімен айтқанына сүйсініп.
– Учитель айтады: Анчардың ыстық құмда өсетіні, қасына барғанда уландыратыны қате,– дейді.
– Олай болмас,– деді Асқар,– Пушкин білмей жазбаса керек еді ғой.
– Білмей жазды дейді учитель. «Ол кезде Анчарды солай түсінген» дейді. Анчар екіге бөлінеді,– дейді, біреуінде аздап у болса керек, ал, біреуі усыз,– дейді.
Ботагөз екі түрлі Анчардың атын жатқа айтайын деп еді, ұмытып қалды.
– Қазір айтам,– деді ол ілулі тұрған сумкасына жүгіріп барып, тетрадын суырып ап,– міне!..
Ботагөз саусағымен нұсқаған тетрадтың бетіне Асқар кезін салса, латын әрпімен жазған екі термин тұр екен. Біреуі–«антиарис токсиксариа». Екіншісі–«антиарис интоксиа».
Екеуінің қайсысы улы, қайсысы усыз екенін Ботагөз айырып бере алмады.
– Учитель айтады,– деді ол ыңғайсызданып,– Анчар ыстық құмда, шелде емес, нағыз жаңбырлы, шепті жерде еседі,– дейді.
– Солай ма екен?
Ботагөз «солай» деген жоқ.
«Бәсе,– деп ойлады Асқар,– айтам ғой, сенен кісі шығады деп. Әлі төртінші класта оқиды, мұның ойлап жүрген жерін қара... Бұл ма, бұл болашақ ботаник...»
6
Асқар тағы да бірдеме дегелі ыңғайлана беріп еді, есік алдынан тықыр естілді. «Бұл кім?» дегендей, Ботагөз де, Асқар да есікке қарай қалғанда, аяғында ақ пимасы, үстінде жамаулы шолақ, сары тоны, басында құлақшыны бар, сақал-мұртын қырау басқан бір орыс үйге кіре берді.
– Здравствуйте, Бота!– деді ол, есікті жаба беріп.
– Здравствуйте, дядя,– деп жауап берді Ботагөз.– Балтабек қайда?– деп сұрады орыс.
– Бір жұмысым бар деп кетіп еді, кешікпей келер, отырыңыз!
Орыс босағадағы сандыққа отырды да, құлақшынын шешіп, тоңының түймелерін ағытып, қалтасынан темекі салған кисетін алды. Үйдің жылуынан оның сақал-мұртының қырауы еріп, тамшылай бастады. Асқар тани кетті: Кузнецов.
Өткен жаз темір дүкенінде арбаларының шинін тарттырып алғаннан кейін, Кузнецовтың кім екенін жорамалдай тұра, Асқар одан қайтып соқпаған. Оның бұлай сырғақсуына екі себеп болған: бірінші – бір келгенінде Балтабекке Кузнецовты шырамытқанын Асқар айтқанда: «болса болар,–деген Балтабек,– патшаға қарсы боп жер ауып келген орыс деп жүр ғой осыны. Патшаға қарсы екенін оңашада жасырмай: «оны құлатпай, сені мен біз сияқтыларға жарық өмір жоқ» деп отырады. Оның сөзіне қарасаң, өкіметке кедейдің өзі ие болу керек».
«Саясаттан тысқарымын, менің міндетім: жұртқа өнер-білім ғана жаю» деп ойлайтын Асқар Балтабектің мына сөзін естігеннен кейін, Кузнецовтан сырттай безініп, оған жоламайтын бір себебі осында. Екінші себебі – өзін бұқарашыл адамның бірімін деп ойлай жүре, Асқардың кеудесінде «көп білем» деушілік болушы еді, оқымаған біреумен кездессе, ол өзін одан жоғары қойып сөйлесетін еді. Баяғы Омбыда оқып жүрген кезінде, пристаньда жолыққан шақтарында, Кузнецовтың қанаушы және қаналушы тап туралы айтатын сөздеріне де ол менсінбеген көзбен қарап: «Осы неге ақылдымсиды» деп ойлайтын, өзінен оқуы аз деп түсінген одан ақыл алуды намыс көретін. Сол намыс оның бойынан әлі де кеткен жоқ-ты.
Солай жолағысы келмей жүрген Кузнецов Балтабектікіне келе қалған соң, Асқардың онымен ептеп қажасқысы келді.
– Кешіріңіз,– деді ол, шылым бұрай бастаған Кузнецовқа,– мен сізді білетін сияқтымын.
– Қалай?–деді Кузнецов.
Асқар Омбыда болған оқиғаны қысқаша еске түсірді.
– Сондағы сіз бе едіңіз?– деді Кузнецов.
– Ие, мен едім, Григорий Максимович.
– Ендеше, неге амандаспадыңыз менімен?
– Кешіріңіз, танып алмай бассалуға қымсындым. Қол алысуға рұқсат етіңіз!– деп Асқар түрегелді.
– Кешірілмейтін іс,– деді Кузнецов та түрегеп, қолын ұсынып.– Танымаған мен айыпты емеспін, таныған сіз айыптысыз.
– Мойныма алам.
Екеуі қолдарын қатты қыса амандасты.
Саяси сезімі әлі оянбаған Ботагөз, олардың қашаннан таныс екендіктерін сөздерінен ести отыра, мән берген жоқ. Тек, оның ұққаны: «осы екі адам ұзақ ажырасып жүріп көріскен, сондықтан сөйлесетін сөздері көп болу керек».
Сондай ойға келген Ботагөз, бөгет болғысы келмей, түрегеп, ілулі тұрған күпісін киді де:
– Ағай,– деді Асқарға,– көрші үйдің қызында оқу кітабым бар еді, соны алып келе қояйын.
– Барыңыз.
Ботагөз шығып кетті.
Қолдарын жазып, қатар отыра беріскен екеуінен, Григорий Максимович бұрын тіл қатты.
– Сондай бір жігіт есімде бар еді де, дәл сіз деген ойымда жоқ еді,– деді ол.– Омбыдан оқып келгеніңізді, кедейдің баласы екеніңізді Балтабектен естідім. Сол жігіт болар деген ойыма да келген жоқ. Ал, енді, айтыңыз мән-жайыңызды!..
Омбыда айрылған күннен бергі көрген-білгенін Асқар Кузнецовқа қысқаша айтып берді. Өз көргенін Кузнецов та қысқаша айтты.
Асқардың идеологиясы қай бағытта өскенін білмейтін Григорий Максимович, танысқан бірнеше жылғы сөздерден кейін, ойын мөлшерлеу мақсатымен, ауылдың хал-жайын білгісі келген адам боп, бірсыпыра сұрау берді. Ол сұрауларға Асқар іркілмей тура, ашық жауап берді. Осы жауаптардан Григорий Максимовичтің аңғарғаны – мына, алдында отырған жас учительдің бар арманы,– халқын бақытқа жеткізу. «Бақыт» деп оның түсінетіні – оқу. Ауылда бірі ;жеп, бірі желініп отырған екі тап барын ол жақсы аңғарады. Жеп отырған таптың сүйеніші патша өкіметі. Оған куә: Итбайдың, патшаның ауылдағы қолшоқпары болуы, сондықтан да губернатор оны Романовтардың 300 жылдық тойына шақырды. Асқардың жақтайтыны – еңбегі желініп қорлықта отырғандар. Сол қорлықтағылар қайтсе адам қатарына кіреді деген сұрауға оның берер жауабы – оқу-білімге тарту. Бірақ қазіргі жағдайда, ондай талаптың бос қиял екенін де ол білмейтін сияқты емес. Оның алдында жер мен көкті тұтас қапсырып, ілгері аттауына кедергі боп, «не істеу керек?» деген зор сұрау тұр...
Асқармен кеңесіп отырып, оның жанын азаптайтын осындай ойлары барын көрген Григорий Максимович Асқарды сынап та, расымен берген сұрауларына да тура жауап айтпады, айтқысы келген жауаптарын жүре, сынаса кеп айтуға ойлады.
ТӨРТІНШІ ТАРАУ
СЫЗДАҒАН СЫРҚАТ
1
– Һок былай, һа!..– деген дауысқа шанада қалғып келе жатқан Кошкин оянып кетіп, былшық басқан қызыл көзін кең ашып алдына қараса, көшірі тоқтап тұр екен. Өткен түні қонған қаласынан арақты ішіп-ішіп сілесі қатып құлаған Кошкин, таңертең тұра похмель жасаймын деп, жарты бөтелкені тағы да төңкерген еді. Сол арақ бойын алып кетіп, шанаға мас боп мінгенде, қаладан шыға ұйқыға кіріскен.
Арақтың уыты сіңген миы Кошкин оянған соң да зырқылдап, басына түк ой келтірмеді.
Ашқан көзін қайта жұмып, тұмсығын тонының жағасына суға түскен Кошкиннің құлағын көшірдің «һа, һок!» ызыңы қаққасын:
– Немене?– деді ол бетін ашып, көшіріне.
– Мына бір сиырлардың, жол бермей тұрғаны.
Зырқылдаған басы денесін зілдей басқанмен, Кошкин бойына бар күшін жинап:
– Кәне!..– деп түрегелді де,– башка ауырады,– деді тәлтіректеп құлай жаздап,– похмель болса!..
Зырқылдаған шекесін саусақтарымен қатты басып, сүріне-қабына Кошкин шанадан түсіп, аттың алдына қараса, боранның артынан сүрлеуленген жіңішке жолдың үстінде он шақты сиыр маңдайдан өткен ызғырыққа бастарын шайқап, дірілдеп, бүрсеңдеп тұр екен.
– Айда жолдан!– деді ол көшіріне ақырып.
Көшір шанадан түсіп, құнытымен шайпап, сиырларды айдап еді, сиырлар тар жолдын, екі жағындағы оппа қарға аяқтарын салып көріп, терең болған соң түспей тұрып алды.
– Иесі бар ма?–деді Кошкин көшірге.
Осы сиырлардың арт жағында тұр.
– Шақыр оны мұнда!
– Әй, бері кел!
Маңдайынан тұмсығына тура түскен қасқасы бар қызыл жирен атты жетектеген біреу сиырларды қақпайлап, арасымен жүріп отырып, шанаға жақындады.
– Сен кім?–деді дауысы қырылдаған Кошкин оған, көзін шарасынан шығара едірейтіп, жұдырығын түйіп.
– Қазақпын.
– Мен біледі сенікі казак. Атай кім?
– Атым Амантай.
«Жолда неге тұрсың?» деп Кошкин Амантайды қойып жіберуге бір ойлады да, бірақ ұрмады.
– Сен ақсақал,– деді Кошкин таза орыс тілімен,– генерал губернатор жүретінін білемісің бұл жолмен?
– Жоқ.
– Білмесең мен саған айтайын: губернатор Ақмолаға барған. Жақында осы жолмен Петропавлға қайтады.
Губернатордың Итбайдікіне келетінін Амантай естісе де, Ақмолаға өткенін есіткен жоқ еді.
Кошкин шекесінен қолын алып, басын дірілдете сілкіп көріп еді, бастапқыдан жеңілденіп қалған екен.
– Ауылнай келді ме ауылыңа?
– Жоқ.
– Ах, подлец!.. Ол қайда?
Амантайдың көзі урядниктің кескініне түсіп еді, беті сұрланып, көз еті томпайып, іскен екен.
– Мен ауылнайға көрсетем...– деді Кошкин,– оған бұйрық берілген, ат жина деп, неге жинамайды?
– Білмеймін.
Кошкиннің көзі Амантайдың жетегіндегі атқа түсті.
– Жақсы ат! Бұл кімдікі? Бері әкел атты!
Урядник қалжың ғып тұр екен деп ойлаған Амантай орнынан қозғалмады.
– Бер деймін мен саған?–деді урядник оппа қарға сүріне-қабына, Амантайға жақындап.
– Себеп?– деді Амантай, тізгінге жармасқан урядникке тізгінді бермей.
– Губернаторға жегеміз, жібер!..
– Губернатор қазір келіп тұрған жоқ. Керек болса, кезінде берем!
– Молчать!.. Сволочь!.. Отпусти!..
Қабатын қасқырдай бетін тыржитып тізгіннен тартқан урядникке, Амантай атты бермеді.
Тізгінге таласқан Амантайды жақтан періп жіберем дегенде, Амантай жасқанып қалып, Кошкин өз екпінімен қарды қаба құлады.
– Сібір айдасаң да бермеймін!– деді Амантай аттың тізгінін Кошкиннің қолынан жұлып алып, ырғып міне жөнеліп.
Кошкин орнынан тұрып, бетіне жабысқан қарды сүрткенше Амантай алыстап кетті.
– Қайт кейін, подлец!– деді Кошкин айқайлап.
Амантай ұзаңқырай түсті. «Мылтығы болып атып қала ма?»–деп сескенді ол шауып бара жатып, «не де болса енді шыдадым!»
– Асықпа, подлец... Атты басымен берерсің...
Ашу кернеген Кошкин не қыларын білмеді. Протокол жасайын деп ішкі қалтасындағы қарындашқа қолын салуға бір ойлап еді, тоңу мен ашу қабаттасқандықтан денесі де, қолы да қалшылдап кетті.
– Әй,– деді ол көшірге,– ол подлец жердің астына кірсе де менен құтылмас! Айда мына сиырларды ауылға! Сиырынан безгенін көрейін оның!.. Егер ол табылмаса, сиырларын қалаға айдаймын.
Көшір ерінгенмен, Кошкиннен қаймығып, сиырларды зорға дегенде ауылға қарай бұрды. Ауыл шақырымға жақын жерде еді.
– Мен ауылға бара берейін. Сен сиырларды жаяу айдап кел,– деді Кошкин.
Атын оппалата жолдан бұрып, сиырларды орап, қайта жолға түскен Кошкин шауып отырып ауылға келді. Бірақ қанша қысқанмен, ешкім оған Амантайдың жөнін айтқан жоқ. «Қиратам, жоям»– деп бұрқанған Кошкин ілгері жүріп кетті.
2
Күн шуақ болғасын, қолдағы арық-тұрақ жылқыны салт атпен тебінге айдап шығарып салып, Итбай үйіне кеп түскен кезде, ауылдың алдыңғы жағындағы жолмен жортып келе жатқан бір шаналы көзіне ұшырай кетті. «Итбай Петрборға жүреді» деген хабар естілгелі «қайырлы болсын» айтқан адамның ат ізі күн сайын басылмайтын еді. «Бұл кім болды екен?»–деп ойлады Итбай.
– Мына біреуді шырамытамысың?–деді ол, шөп шарбағы жағынан келе жатқан Бүркітбайға.
– Кәне? Ә, анау ма? Ол ма? Ол дәу де болса, Амантай.
– Оны қайдан білдің?
– Аты соның жирен қасқасына ұқсайды, осындай пысық жүрісті, ашаң жылқы еді.
– Ол болса мен үйге жүре берейін. Мені үйде жоқ дерсін, үйде кісі бар деп, басқа бір үйге түс дерсін.
Итбай үйге кірді. Бүркітбай аттыны тосып қалды.
Терлеп бусанған атын ентелетіп, жолаушы есік алдына тоқтады. Амантай екен.
– Итбай үйде ме?– деді ол шанадан түспей, Бүркітбайға иек қағып амандасқаннан кейін.
– Қай ел боласыз, әуелі жөн сұрасып алайық?
– Сен Бүркітбай емеспісің?
– Болсақ болармыз.
– Саған не болды, мені танымай?
– Не мен жатырқаған шығармын, не сен өзгерген шығарсың. Рас танымай тұрмын. Кімсің?..
Кескінімді көрсін дегендей, Амантай сақал, мұртының қырауын сүртті де, тымағының бауын шешпестен маңдайынан сыпырып, желкесіне қайырды.
– Өзіңе мазақ керек пе?– деді Бүркітбай ашуланған боп,– жөніңді айтуға ерінемісің?
«Көзіңе шел қаптаған екен!» деп бетінен алып тастауға Амантай бір ыңғайланып, аузына келіп қалған сөзді айтпай, бетіне адырая қарады.
– Неге қарайсың?
– Неге танымай тұрғаныңды қайдан білейін, танитын сықылды ең, мен Амантаймын...
– Қай Амантайсың?
– Тайбағардың.
– Ә, солай ма? Сапар оң болсын!
– Айтсын. Болыста бір жұмысым бар еді.
– Ертеңге шейін ол кісі келе қоймас, жолаушылап жүр.
– Көп кідірмей қайтам. Жаңа ғана үйде деген, кіріп қана шығам,– деді ол Бүркітбайға.
– Қайтсаң сапарың оң болсын,– деді Бүркітбай көлденеңдеп,– рас үйде жоқ.
Қалжыңбастанып тұруына қарап, Амантай Бүркітбайдың сөзіне сенбей, онымен ұзақ сөйлескісі келмей, үйге қарай адымдай беріп:
– Жұмысым өте тығыз еді. Әдейі келгесін жолығып қайтайын.
– Жұмыс өлгенде бітеді, тірі болсаң неше көрмеспін дейсің, тағы да келерсің.
– Өзіңнің денің дұрыс па? Жай қалжақтап тұрсын ба? Қалай-қалай сөйлейсің!–деді Амантай ашулы кескінмен, үйге қарай аяңдады.
– Неге ашуланасың ақсақал?– деді Бүркітбай қатарласа беріп,– мына қаңтарулы тұрған шаналарды көрмеймісің. Үйінде қонақ көп. Басқа үйге түс.
– Көп болса қайтейін. Мен қонақ бола келгем жоқ.
– Еріксіз түсемісің? Лұқсат жоқ деп тұрмын ғой, саған.
– Аузыңды қан жалатайын ба?!–деді Амантай Бүркітбайға қолын оқтанып,– кімді мазақтайсың, қар-р-рақ-шы неме?
– Ойдойт дерсін... қара шалыңның қимылын! Сен сондай ер неме ме едің? Баяғыдан бері бұл қайратыңды қайда сақтап жүргенсің?..
Бүркітбай соңғы сөзді ауыр көріп, жанжалдасайын деп еді, Амантай оның сөзіне құлақ қоймай, ағаш үйдің алдындағы құлын қораға кіріп кетті.
«Болыс мұның қайсысында екен?»–деп ойлады Амантай, есіктері қораның ішіне қараған қатар екі ағаш үйдің алдына аз кідіріп.
Сол қолдағы үйге кірсе, бір әйел пештің алдында бауырсақ пісіріп жатыр екен.
– Есенсіз бе?
Әйел ернін қыбырлатты.
– Итбай осы үйде ме?
– Жоқ. Мынау үйде.
– Кім бар?– деген дауыс естілді, төргі бөлмеден.
– Кел мұнда!
Амантай етігін ауыз үйге тастап, төргі бөлмеге кіріп еді, столдың қасында қағаз жазып отырған Горбуновты көрді.
– Ә, Аламтайка (Амантайды ол солай атайтын), аман?
– Шүкір, Горбунов екенсің ғой. (Қолдасып). Өзің де есенбісің?
Амантай столдың қасындағы сандыққа отырды.
– Дяла жаман, Аламтайка! Саған дяла жаман айтады. Қағаз урядник писайт кылган айтады, мен жаман писайт кылган айтады.
– Не қағаз?
– Губернаторға сен ат бермеймін айтқан. Аята не харашо... Башка далой болады осы диялада, мен саган айтады. Ей богу! Жаман! Сен урядникке против болган. Поетапом Сибирь атправить кылады! Понимаешь!
– Ақ жұмысыма басым кетсе, құдайдан күттім.
– Какой кудай саган? Патша – кудай. Начальник – кудай. Мен саган айтады... начальникке против болган – шайтандікі бала болган айтады. Мен саган айтады. Урядник писайт кылган. Саган Омбы пакет барады.
Амантайдың жүрегі аздап сескенейін деді. Оған екі ой келді: біреуі – «аузы кең неме еді, мені қорқытып бірдеме жалағысы кеп отыр ма?», екіншісі–«кім біледі кәпірді, көрсетсе көрсетеді де. Басымды шатаққа салып жүрмесе жарар еді».
– Пакет қайда?– деді Амантай.
– Менікі қолда...
Желімі жапсырылмаған бір конвертті столдың тартпасынан суырып ап, Горбунов Амантайға алыстан көрсетті де, қайта орнына салды.
– Сенікі бас осында.
Амантайдың күдігі күшейді. «Не істеймін?»– деген ой келді оған,– «әлде бірдеме беріп көзін жоғалттырсам ба екен?.. Жоқ, аққа зауал жоқ деген. Ісім ақ, не істейді?..» Амантайдың ойы қорғасындай толқып тұрғанын Горбунов сезді.
– Мен сені жәлейіт кылган. Грех болады ойлаган... Көзі көрді. Теперь сам знаешь.
«Теперь сам знаешь»– «ақша берсең пакетті жыртам, әйтпесе, жіберем» деген сөз екенін Амантай білді.
«Жоқ,– деді Амантай ішінен, өзіне өзі, Горбуновтың түлкідей ойнақшып күлімдеген көзіне қарап тұрып,– ақтан өлсем өлейін. Ақ ісіме неге пара берем? Мал басқа тебер!»
Горбуновтың көрсеткен пакетінде Амантайға арналған қағаз жоқ еді. Оның ат бермеуі туралы урядник Горбуновқа айтқаны болмаса, қағаз жазған жоқ та. Горбуновтың өзіне де пакет дегенді ойлау Амантайдың кескінін көргесін түсті.
Үрейлендіріп мойнын ием бе деген Горбуновтың айла қақпандарына Амантай түспеді.
– Болыста жұмысым бар еді,– деді ол Горбуновқа енді сөйлесудің қисынын таппай, есікке қарай жөнеле беріп.
Горбунов Амантайды есіктен шыққанша жаман көзімен жөнелтіп салды.
«Итбай жылы жауап берер деймісің?– деген ой келді Амантайға тысқа шыға,– сонда да әдейі келгесін кірейін, нем кетіпті!»
Амантай Итбаймен араз еді. Амантай кедей шаруалы адам. Солай бола бұла «туысым бір адамнан кем емес», деп санаған ол, кеудесін жас күнінен біреуге бастырмады. Итбаймен ол тұстас еді. Жұртты ықтырып ұстаған Итбай, Амантайды да қорғалатам деп еді, оған Амантай көнбеді Тілге көнбеген адамға Итбайдың қолданар шарасы: малын ұрлату, қара басына пәле салу болатын. Итбай Амантайға осы екі әдістің екеуін де қолданды. Астынан бір жақсы атты, қолынан бір жақсы құсты кетірмейтін Амантайға, Итбай атын да, құсын да тартып алып, талай зорлық істеді. Сөзін сөйлейтін ауылнай билерге өтірік акт жасатып «ұры» деп те көрсетті. Амантай оған сонда да иілмей, көптің қолдауымен «жарға жығылар» деген істерден де құтыла берді. Итбайдың Амантайға ең соңғы істеген қастығы – Амантайдың жерін переселенге беру еді. Итбай үйіне Амантайдың келу себебі осы жерге байланысты.
Амантай етігін ауыз бөлмеге тастап, төргі бөлмеге кірсе, үйдің ішін айнала отырған лық толы халық дуылдаған кеңесте екен. «Ассалаумағалайкүм!»–деп дауысын көтере берген мұнын, сәлемін ешкім ести қойған жоқ. Кіргенін елеген жанды көрмеген соң Амантай босағаға отыра кетуге бір ойлады да, сол арадағы Атығай мен Керейдің ақсақал-қарасақалы түгелге жақын болғандықтан, айнала қолдасып өтті. Ортарақ кезде ұшын қырыққан дөңгелек ақ сақалды, ала шапанды, сәлделі бір жат адам отыр екен. Ол Амантайға қолының ұшын ғана ұсынды да, кескініне қарамады. «Қолы мақтадай мап-майда, мен көрмеген бұл қай молда екен?»–деп ойлады Амантай. Қолдасып болғаннан кейін ешкім қағылып орын бере қоймаған соң Амантай есік алдына, ең шетке отырды.
Итбай оң жақ босағада қымыз сапырып отыр екен. Амантайға ол иегін қақты.
Жол жүретін болғасын Итбай қысыр байлатты деген хабарды Амантайдың құлағы шалған. Отырған соң оның көзі Итбайдың алдындағы шараға түсіп еді, қымыз шүпілдеп толып тұр екен. Аржағында үйдің босағасындағы жуан ағаш қазыққа байлаған бір үлкен қара сүйретпе тағы да иіндеп, лықылдап тұр.
Жаңа ыдысқа ашыған қымыздың исі мұрнына келгенде, Амантай одан қанып ішпеймін деп ойлаған жоқ.
– Амантайға әперіп жіберші мына аяқты!– деді Итбай, кішкене кетік қара аяқтың түбіне бір шәшкеге толмайтын жарты ожау қымыз құйып.
Бүркітбай әкеп берген қымызды Амантай ауыз тиді де, ішпей қайтып берді.
– Сөйле!– деді Итбай Амантайға, қымызды ішпеуін ұнатпай, тез кетсін дегендей ғып.
– Губернатордың қай күні келетінін білейін деп келіп ем.
– Оны қайтесің?
– Айтатын арызым бар еді.
– Не арыз?
– Мына қар аяғы жіби, жерімізге қала келіп түскелі отыр. Барар жер, басар тау жоқ. Мұңымызды шақ деп ел жұмсады.
– Жер қазнанікі емес пе?–деді Итбай.– Алам десе еркі.
– Ел қазнанікі емес пе?
– Сонда осы жер туралы губернатор сенімен тілдеседі деп ойлайсың ба?
– Е, неге тілдеспесін. Ұлығымыз емес пе, бағып отырған елі емеспіз бе? Мұңымызды кімге шағамыз, оған айтпағанда?
– Арызшыл болсаң Омбыға барып берерсің. Мен үйіме келген қонағымның мазасын алғызбаймын. Маңыма жолаушы болмаңдар...
– Қағаз да бергізбейсің бе?
– Бергізбеймін!
– Оның ағайыншылыққа жата ма?
– Ағайыншылығыңды көргем. Маған өкпең өтпейді! Кеңшілікте шаңыңа ілестірмейтін ең, тарыққанда табайын деген екенсің!
– Онда оқасы жоқ,– деді Амантай түрегеліп,– маған ұсынған найзаңмен Таңатардың төрт ауылын түгел түйрегің келген екен. Біз де кешіп қонған елміз. Көрерміз қырғаныңды.
– Ер болсаң шыда. Ақ үйлі ғып шұбыртып жібермесем менің «Итбай» атым құрсын!
Осы кезде жылқының бір астау семіз етін ауыз бөлмеден екі жігіт көтеріп алып кірді.
– Дәмнен үлкенбісің жарықтығым, дау еншісі басқа. Асқа отыр!– деді көлденең біреу.
– Дәмімнің садағасы кетсін! Шық үйімнен, оңбаған мұндар!.. Тапқан екесін үзеңгі теңестіретін адамыңды!
– Көрерміз, тау құлатқаныңды!
– Күліңді көкке ұшырармын!
Амантай шыға жөнелді.
3
Ашулы адымын үйден шыға жылдамдата басып, Амантай атына барса, қойған орнында жоқ. Мінген атынын, мінезі шәлкестеу еді, және түйеден үркетін еді.
– Апыр-ай, үркіп кетіп қалды ма?– деп ойлады ол, шарбақ ішінде мойындары иіріліп, өркештері тікірейіп тұрған бір топ түйеге көзі түсіп.
Шананың бұрылған ізіне қараса, атты біреу орағытып, жетектеп әкеткен сықылды.
«Өштескен адамның атын, үйіне келгенде Итбайдың жоғалтып жіберетін әдеті бар» деген сөз тиетін еді, Амантайдың құлағына. Сол сөз есіне түскенде оның ойы қобалжи бастады.
– Әй, жігіт!– деді ол, шарбақ ішінде түйеге жеккен шананың қорабына қар күреп салып жатқан біреуге,– бері келіп кетші!
Жігіт адырая бір қарады да, жалпақ ағаш күрекпен қарды бұрқыратып қорабына сілтей берді.
«Саңырау неме ме?»–деп ойлады Амантай екі-үш рет дауыстағанына жігіт келе қоймағасын.
Жігіт үлкен тоқыма қораптың ернеуінен қарды асыра үйіп, түйесін жетектей беріп еді, оқыс тартқандықтан ба, болмаса осалдықтан ба – жетектің бір жақ түп жібі үзіліп кетіп, түйе бір жетекпен жұлқығанда, шана аударылып түсті. Қар төгіліп қалды.
– Әй, қу шұнақ құдай-ай, көзін, шыққыр қу құдай!– деді жігіт кейіп.
Басын тоқтатқанша түйе шананы құлаған қораптың астынан сүйреп алып шықты.
– Өй, ар-рам қат, ар-рам қатқыр, танау құрт келгір, әкеңнің аузын... Ойбай-ай, енді қайтейін, ойбай!.. Құдайы құрғыр, қу құдай, шұнақ құдай!.. Әй иттің ғана малы-ай, шашымды ағарттың-ау, ойбай!
Жігіт түйені ноқтаның сабағымен басқа ұрайын деп сермеп еді, сілтеген жіп иығына тиді. Екінші ұра бергенде, түйе «һап!» деп бетіне жынын шашып жіберді.
– Өй қатпа бол, қатпа болғыр!–деді жігіт, бетіне баттасқан жынды сүртіп.
– Жігіт түп жібі үзілген жетекті байлайын деп еді, таяқ жеген түйе бір орнында тұрмады.
– Енді қайтейін, ойбай?–деді жігіт долданып, Амантайдың жігітке көмектескісі келді.
– Мен ұстайын басын,– деді ол қасына барып.– Сен байла!
Жігіт жауап қатпастан Амантайға бұрылып бір қарап, түйенің басын ұстатты да, түп жіпті байлауға кірісті.
Жігіттің үстінде тысы тозған қой жүні күпі, бұтында тері шалбар, аяғында табандатқан ескі қара пима екен. Сирағын көтерген кездерінде шалбар ішінде дамбал жоғы шалбардың айырылған ауынан көрініп тұрды.
Жігіт біраз азаптанып, жетегін байлады да түрегелді.
– Шырағым, кім баласысың?– деді Амантай, жігіттің жүзін шырамытқандай.
– Тұяқтың,– деді жігіт.
– Атың кім?
– Темірбек.
– Алда, шырағым-ай, жиенім екенсің ғой!– деп Амантай қайта қолдасты.
Амантайдың әкесі Тұяқтың туған нағашысы болатын. Сондықтан жасырақ кездерінде Амантай мен Тұяқ ілік-шатыс боп жүріп бертінде суысқан. Тұяқ Итбай аулына көшкелі Амантай қатынасқан жоқ та. Көшкен кезде Тұяқтың балалары жас болатын. Темірбек ол жылы 8–9 жаста да. Амантай оны әкесіне тартқан кескінінен шырамытты.
Күпінің екі жаққа қарай жайылған ашық жағасынан көрінген Темірбектің төсіне Амантайдың көзі түсіп еді, күп-күрең, боп, құстың етіндей бөртіп тұр екен. Аяз жалаған екі бетінің терісі қабыршақтанып, кескіні қап-қара. «Адам өзгереді екен-ау!– деп ойлады Амантай,– жасында бетінен қаны тамған қызылшырайлы бала еді!»
– Насыбайың бар ма, отағасы?– деді Темірбек, туысқан көңілмен шүйіркелесіп сөйлескісі келген Амантайға езеурей қоймай.
Амантай шақшасын алып берді.
– Жұмыстан көк жұлын болып өлер болдым,– деді Темірбек насыбайды молырақ қып ерніне атып,– биыл құдайдың қысы да қағынып кетті. Соғып тұрған ылғи бір үскірік. Малдың қорасын тазалап, шөп салып суарудың өзі діңкеңді қатырады. Оның үстіне мына бір қар төгу де бәле болды. Ала сәуледе тұрғаннан ымырт жабылғанша тізе бүгу жоқ. Бүгін оразамды да ашқам жоқ.
– Қашан тұрып ең мұнда?
– Биыл бесінші жылға кетті.
– Қысыңа не аласың?
– Бір құнан өгіз.
– Арзан ғой оның.
– Арзан болғанда не істейсің? Кесіпсіз үйде отыра алмайсың. Басқа барар жер жоқ.
Амантайдың сырт естуі – Тұяқ балаларының ішіндегі иіс алмасы осы Темірбек еді. «Онша боз ауыз емес екен» деп ойлады Амантай.
– Боратаның сыртында тұрған шаналы жирен қасқа атты көрдің бе?–деп сұрады Амантай одан.
– Көрдім. Осы үйдің бір баласы, әлгінде, міне жөнелген.
– Қандай бала?
– Он жеті, он сегіздегі жігіт.
– Ол қайда кетті?
– Мына, алдыңғы ауылға беттеп кеткен, қайда баратынын білмеймін.
– Е, есі дұрыс неме ме? О не қылғаны, біреудің атын сұраусыз мініп?
– Бұл үйдің балалары сұрамай да міне береді.
– Қап, иттің баласы-а, ә? Басынуын қарай көр!
Темірбек шарбақ ішінде тау-тау болып үйіліп жатқан қарларға айнала қарады да, Амантайға: «енді жұмысыма барайын» деген кескінін сездірді.
– Қош,– деді онысын түсінген Амантай,– Итбайға баласының қылығын айтқалы үйге қарай аяңдап.
Үйге кіре бергенде, Амантайдың құлағына, оқылған құранның сарыны естілді.
«Ағузы белләһи минәшшайтан ер-ражим...» – деді Амантай ауыз бөлмеге етігін тастай беріп, күбірлеп. Бұл төр үйге кіргенде аят оқылып болып, жұрт қолын жайып жатыр екен. Алдарында еттің дастарқаны.
Босаға жаққа отыра кетіп, басын салбыратып, Амантай да қолын жайды.
Батасын оқып болып, басын көтерген Амантайдың көзіне манағы танымайтын сәлделі ақсақал тағы да түсе кетті.
Сәлделі кісі ернін анда-санда бір қимылдатып, ұзақ отырып, жұрттың қары талған кезде алақандарын маймитып әкеп бетін сипады.
Үйге кіргендегі Амантайдың ойы – басын кесіп алса да Итбайды бір тілдеп шығу еді, аузына келген сөзін бөгемей, көкірегін кернеген ызаның уын лықылдатып құсу еді. «Жат жерден келген қадірлі кісі бар,– деп ойлады ол кіргеннен кейін,– ұят болар, жұқалап айтайын». Атын мініп кеткенін Амантай Итбайға сыпайылап айтайын деп еді, Итбай мұны елемеген кісі боп, бетіне қарамады.
– Кішкене шаруам бар еді,– деді Амантай Итбайға, аз отырғасын.
– Уақытым жоқ, бірде келерсің дедім ғой мана.
– Айтайын дегенім: мініп келген атым жоқ.
– Маған оны не қыл дейсің? Байлап қойсаң еді, кетіп қалған шығар, үйге келген кісінің атына мен күзетші бола алмаймын!
– Сенің балаң мініп кетіпті.
– Аузыңның қанын жақпай аулақ жүр. Бұл үйдің баласының өз жылқысы да мінуге жетеді. Егер бергенің болмаса, шықшы үйімнен, жарықтығым, қонағымның мазасын алмай. Е, тәйірі, бір пәлеге қалған екем ғой, жабысып айрылмайтын!.. «Кет» дегенде ит те кетеді.
Кет үйімнен, кет деген соң!
Итбаймен жанжал сөздерге келген Амантай тысқа шықса, Темірбек қар төгіп келе жатыр екен.
– Әй, тоқташы, жиен!
«Не айтасың» дегендей, Темірбек кідірді.
– Мына Итбайдың үйіндегі сәлделі қарт кім?
– Ғайнолла хазрет.
– Ол кісі қашан келген?
– Бүгін үш күн болды.
– Шақырып әкелді ме? Өзі келді ме?
– Жолға жүретін болғасын, патиқасын аламын деп Итбай шақыртқан білем. Ептеп ауру-сырқауды да қарай ма, немене?
Амантайдың сырт естуінше: «Ғайнолла хазреттің үшкіргені ем, не сырқат болса да жазбай қоймайды». Осы хабармен талай сырқаттың «хазретке барам» деп кеткенін Амантай көрген. Олардың кейі жазылып, кейі жазылмайтын. Ғайнолланың «әулиелігіне» шек келтіргісі келмегендер: «садақаны аз беріпті» деп сырқат адамның езін кінәлайтын.
Пірәдәр боп қол тапсырған адамдар Ғайнолланың емшілдігін айтып келетін. Ол кеңестерге құлағы қанған Амантай, хазретті бір көруге құмар да. Кейде ұстап қалатын басының сақинасын «Ғайнолла көрсе жұлып алар еді-ау», деп ойлайтын.
Ғайнолланың тұрған қаласы онша алыс болмағанмен, шаруа жайы келіп оған бара алмаған.
«Енді сәті келген шығар» деген ой түсті Амантайға, Ғайнолла екенін есіткесін. «Бірақ зікіріне қалай түсем? Қиын-ау үшінші рет баруым әлгі үйге!.. Қиын болса болсын, Тұяқ үйіне қонайын да, егер зікір салса, түнде кеп отырайын».
Сол арада Итбайдың баласы мінген аты кеп қалып, Амантай Тұяқтікіне қонуға кетті.
4
– Әй, Асқар!–деді Темірбек, күн батып бара жатқан кезде, школ алдынан түйесін жетектеп өте беріп, екі қолын қалтасына салып, есік алдында аяңдап жүрген Асқарды көріп.
Асқар жалт қарап тұра қалды.
– Мана Кенжетай келіп кетіп еді, сен ол кезде бала оқытып жатқасын жолыға алмады. Апам шақырған екен сені. «Кенжетайдың тәуір болған тойына келсін» депті.
– Сен барасың ба?
– Бармаспын. Әлі жылқыларға шөп те салғам жоқ. Іңірге шейін жылқыны жайлаймын да, жатқанша қар төгем.
– Ертең төксең болмай ма?
– Ертең боран болмасын қайдан білейін.
Темірбек жүріп кетті.
«Бұл өзі бір қызық жігіт,– деп ойлады Асқар,– сырт қараған адамға: тұйық, топас, алып қара күштен басқа бойында түк қасиеті жоқ сықылды. Кісіге онша үйіріле қоймайды. Жөнді сөйлеспейді. Жөнді күлмейді. Қайғыдағы адамдай үнемі қабағын жауып, тұнжырайды да жүреді. Жиын жерде қалжыңбас бозбалалардың қол жаулығы. Оған намыстанбайды, ашуланбайды. Келген кезде мен мұны не мылқау, не есуас деп ойлайтын ем. Бертін келе олай болмай шықты...»
Асқардың ойына өз кезімен көрген Темірбектің екі оғаш қылығы түсті:
Біреуі – өткен жаз. Асқар жолаушылап салт келе жатса, жолда шөпшілердің қосы тұр екен. Күн қайнаған ыстық болғандықтан қосқа бұрылып еді, жолаушыны таңсық көрді ме, болмаса тамақ мезгілдері ме?–шалғыларын иықтарына салып, шөпшілер де қосқа аяңдады. Ағаштың бұталарын түйістіріп, сыртына шөп жапқан қосқа Асқар мен шөпшілер бірдей жетті. Ішінде Темірбек бар.
Апанға кірген қасқырдай қостың тар аузынан шөпшілер еңбектеп кірді. Асқар да кірді.
Босағада құрысып жатқан үлкен қара торсықты Темірбек тартып алып, түбін сығып тоңқайтып еді, бырылдап қою, ащы іркіт шықты. Быжылдап, көпіршіп тұрған іркітке ешкім қолын созбады.
– Маған берші!– деді сусаған Асқар.
Сусаған екпінмен Асқар тартып кеп қалып еді, удай іркіт өңешін тіліп кетті. Екінші жұта алмады.
Шөпшілер қосқа келгеннен кейін, бурыл сақал біреуі күп-күрең боп тер аққан бетін бөркімен сүртіп, жамбасынан қисайып жатқанын Асқардың көзі шалған еді. Сол шал, дуылдап кеңесіп отырғандардың біреуін иығынан тартып, бірдеме айтуға оқтанды да, қарлыққан дауысы дірілдеп, сөйлей алмай ернін жалап, қақырынды.
– Осы шалды,– деді Темірбек түйілген қабақпен,– ораққа салмайық, ауырып жүр, жата тұрсын дегенімде, «ақыны бірдей алады, бірдей жүрсін!» деп болмадыңдар, көрмейсіңдер ме, титығына жетіп қалғанын!
Үрейленген көздер, күрең түсі сұрлана бастаған шалға үңіліп еді, бет пернесі бұзылып барады екен.
– Өліп кетпесін осы шал,– десті әркімдер күбірлесіп.
– Су...– деді шал дыбысы әрең шығып, ернін тамсанып. Темірбек бөшкеден су әкеліп, ағаш аяқпен аузына тосып еді, ұрттаған судың жартысы жұтылып, жартысы езуінен төгіліп кетті.
– Мына кісі өліп барады!– деді Темірбек шегіне беріп,– неғып отырсыңдар, келіңдер!
– Қамамаңдар, ыстық өткен шығар, дамылдасын.
.
..Шал өлді!..
– Жасы алпыстан асқан кісі еді,– деді біреуі, қатын-баласы жоқ. Ес білгелі Итбайдың есігінде жүрді. Биыл, шөпке жарамас дегенде, Байсақал: «әлі де бір жігіттің күші бар» деп болмап еді. Өзі де Байсақалдың жұмысын өз жұмысындай көретін бір сорлы еді; ерте тұр, кеш жат деп дамыл бермейтін. Үш-төрт күннен бері сырқатпын деп денесін зорға сүйретіп жүр еді, титығына жеткен екен ғой!..
– Бәріміз де бұл қалыпта осы жаздан қалмай өлеміз,– деді біреуі,– е, өлмегенде қайтеміз, ащы іркіттен басқа татарымыз жоқ. Көл-дария боп жатқан құдайдың қымызы да бұйырмайды. Сықпа құрттан басқа шайнама көрмейміз!
Шөпшілер солай керілдесіп жатқанда, арба дауысы естілді. Өлген шалды тастап, бәрі тысқа жүгіре шықты. Қоста Асқар-ақ қалды. Арба қостың сыртына тоқтады.
«Өлгенімнің өзі жақсы болды» дегендей кескінмен демсіз жатқан шалдан көзін аудармай, ауыр ойда отырған Асқардың құлағына сырттан шалынған сөздер:
– Әкелгенің осы ма?
– Айраннан басқа ас бізге арам ба?
– Айранның өзі де ашыған айран ғой, тым болмаса тұщысын неге әкелмейсіңдер?
– Қымыз қайда? Әкелеріңе күнде ас бересіңдер ме, бір жұтым бізге татырмайтын?!
– Нан қайда?
– Ет бізге арам боп па? Ала жаздай қызыл тістегеміз жоқ!
– Ит деп білесіңдер ме бізді? –
– Кеңірдегіңді суырып алайын ба?
Жанжал көбейді. Ас әкелгеннің бірдеме деген сөздерін шөпшілер шулап естіртпеді.
Біреуді біреу ұрып жатқан сықылды болғасын, Асқар далаға жүгіре шықса, Темірбек біреуді алып ұрып тепкілеп жатыр екен. Өзгелер арашаламағасын, Асқар арашаласа – Байсақалдың Елікбайы! Бет-аузы көкала қойдай, мұрнынан қан дірдектеп тұр.
– Мына Асқар болып, жаның қалды,– деді Темірбек жұдырығын безеп,– әке-бабаңның аузын... Құныңды бір-ақ беретін!.. Жұмысыңды істейміз... Аштан қатыратын әкеңді өлтірдік пе, әкеңнің аузын...
Темірбек тағы ұмтылды. Асқар жібермеді. Кескініне қараса, Темірбек қанын ішіне тартып алған екен. Егер жіберсе, Елікбайды жеп қойғалы тұр. Темірбектің Асқар көрген бір ерлігі осы.
Екінші ерлігі – Кенжетайды урядник соққыға жыққан күні түн ортасы ауа Асқар пәтеріне қайтты. Есікті кеп тақылдатып еді, қатты ұйқтап қалған ба, болмаса бір жаққа кеткен бе?– күзетші ашпады. Ондайда, Асқар Итбай үйіне барып жататын. Сол дағдымен Асқар Итбай үйіне келсе, қораның қақпасы ашық тұр. Итбайдың ағаш үйінің есігінің маңдайшасында ылғи панар жағылып тұратын еді. Есікке жақындай берсе, босағасында біреу тұр, қолында балта. Зәресі ұшып кетті.
Балталы адам Асқарды аңғармады ма, болмаса қорықпады ма, орнынан қозғалмады.
– Темірбек!–деді Асқар жақындап барып, танып.
Темірбек жалт қарады да, шауып жіберетін адамдай балтасын оқтанып, қолын көтерді.
– Темірбек!.. Мен Асқар!..
– Ә, сен бе едің?–деді де қолын түсіріп, сүзіле қарады.
– Неғып тұрсың?
– Шабайын деп ем!..
– Кімді?
– Әлгі, Кенжетайды ұратын төрені.
Итбай іңірде губернатордан келген қағазды оқуға шақырғанда, Кенжетайды урядник талдырып ұрып кеткенін Темірбекке Асқар айтып еді. Артынан, Темірбек үйіне келіп, Кенжетайдың жарасын көріп, тұнжырап, үндемей шығып кеткен еді. Біраздасын, шайға шақыр дегенде, іздеп таба алмай:
– Өзі бір түрлі,– деген еді әркімдер кейіп.
Сол кеткеннен Итбайдың үйіне барып жатып қалған шығар деп ойлаған Асқар, Темірбектің мына қылығына қайран қалды.
– Қалай өлтіресің оны?– деп сұрады Асқар, Темірбекті қорадан әрең алып шығып,– оның сақ жатпайтынын қайдан білесің?
– Қып-қызыл мас. Итбайдың қонақ бөлмесінде жалғыз жатыр. Үйге кіргелі тұр ем, есік ашық...
Өлтірудің арты неге соғатынын Асқар айтып біраз ұғындырып еді:
– Мен Кенжетайдан аяулы емеспін. Өлтірем де, мен өлтірдім деп айтам... Білгенін қылсын,– деп Темірбек көпке шейін көнбеді.
– Темірбек,– деді Асқар жалынып,– Кенжетай ешнәрсе ететін емес. Ол сөзіңді қой! Өлтірді деп сені ғана жазаламас, Кенжетайды да, Балтабекті де, тіпті...
Ботагөзді де іліктірер.
– Ботагөзді дейсің бе?
– Я, Ботагөзді де!
– Ә, онда... қойдым!..
Өткен күндердегі Темірбектің осы қылықтарын еске түсірген Асқар, Темірбек түйесімен шарбаққа кірген соң, Кенжетай отырған ауылға жаяу жөнелді.
Кенжетайдікіне Асқармен бірге кірген бір құшақ суық, көмескі жанған білте шамды үрлегенде жалп етіп сөнді де қалды. «Ассалаумағалайкүм» әдетінде жоқ Асқар: «кеш жарық!» деді есік алдында тұра қалып, жолда бірдемені басармын деп ойлап. Үй іші күбірлеп кеңескен кісі екен.
Бірақ ол пештің аузындағы жанған оттың жарығында отырған Ұлбергеннен басқаларын танымады.
– Төрге шық!– десті әркімдер, шамды Ұлберген тұтатқасын.
– Асқармысың? Жоғары шық.
– Той қайырлы болсын, апа!
– Айтсын!
Асқар үйдегілерге амандасып, төрге кеп отырды.
– Кенжетай,– деді Ұлберген,– дастарқан сал, қалқам, кісілерге шай берейін. Қолдарына су құй!..
Су құйылып, дастарқан салынғаннан кейін, табаға піскен сары нанды Кенжетай мол ғып турады. Бір құлағы жоқ, ағаш шүмегі бар, майысқан сары самауыр келді. Ұлберген самауырдың қасына кеп шыныаяқ жасап шай құйды.
– Несіне шақырды демеңдер,– деді ол қонақтарына,– баланың азғана тіршілігіне сүйенген адаммын. Осы қалқаларым тірі болса, мал бітпеді деп ренжімеймін. Жауыздың таяғы ұшына тиіп, қалқам әлде қайтып кетеді деп қорқып ем, аллаға шүкір, жазылды. Соған, шай да болса ықыласыммен берейін деп шақырғаным ғой.
– Апам жасырып отыр,– деді Кенжетай күліп,– осы шай ғана деп ойламаңдар. Артында еті де бар.
– Қойшы, қалқам, жылбысқаның етін айтамысың?
– Неге жылбысқа болсын. Ортан қолдай семіз торпақ.
– Кенжетайға сорпа болсын деп, осындағы жалғыз торпақты сойдырып ем,– деді Ұлберген,– соның бір жілігін Ботажанға қойып, қалған етін асып отырмын. Тістерін, тістеріңе тисін деп. Әйтпесе,тіске сыздық болатын ет емес.
– Оқасы жоқ, дәм татқанымыз да болады, балаңның жаны қалғанына бәріміз де қуанамыз,– десті әркімдер. Шай жиылып жатқан кезде: «кеш жарық!» деп біреу кіріп келді.
– Ассалаумағалайкүм!– деді кірген, ортадағы ашаға жақындап.
– Уағалайкүмұссалам, жоғары шық!– десті үйдегілер, кім екенін танымаса да.
Кірген адам етігін, сыртқы киімін шешіп, араларын ашқан көптің ортасына келіп отырды.
– Ұлберген есенбісің?– деді ол, маңындағыларына бір-бір иек қағып амандасқаннан кейін.
– Шүкір!– деп ерні қыбыр ете түскен Ұлберген, шамның жарығы күңгірттеу болғандықтан амандасқан адамның кескінін айыра алмай, қадала қарауды ерсі көріп, көз
қырын салып аз отырды да,– осы сен, нағашым емеспісің?–деді бір кезде.
– Ие Амантаймын. Дені-қарын, сау ма, аман-есен отырсың ба?
Амантай мен Тұяқ жас кездерінде егіз қозыдай еді. Ұлберген түскенде Амантай қосшы болып алысып келген. Нағашылық, құрбылық, татулық – бәрі бір жерден шыққасын, үшеуі жандай дос-ты. Бертін келе қоныстары алыстағаны болмаса, араларын салқындататын ешбір реніштері болып көрген емес-ті. Тұяқ өлгеннің артынан Амантай бата оқып бір келіп, содан кейін араласпаған. Ұлберген Амантайды кейде сағынатын. Көргісі келген күндерінде, кейде Амантай оның түсіне де кіретін. «Неғып бір көрінбес екен?» – деп ойлайтын ол. Сондықтан, амандасқаннан кейін Ұлберген көзіне жас алып, жаулығының ұшымен сүртті. Амантай да өткен күндерді еске түсіріп, күрсінді.
Амантайдың бұл келуі күтпеген жерден болды. «Бәрекелді-ай,– деді Кенжетай ішінен кейіп,– әлдеқалай дәм айдап бір келе қалғаны екен, сыбаға беретін мүшелі астың, реті жоқ. Бұл сүйекке таңба болды!..»
Бірақ тырбанғанмен, намыстанғанмен қолдан келері аз болғасын, ас орнына қасын беруді ойлап, үйдегілермен қабаттаса Кенжетай да Амантайға жалпаңдап амандасты. Амандық-саулық сұралып болғасын, Ұлберген жаңадан шай жасап, нан турап, Амантай қанып ішті.
– Кеш жарық!– деді тағы біреу кіріп, дастарқан жиналып болған кезде.
– Жоғары шық!–дегенмен оған төрде отыра қоятын орын жоқ еді. Сондықтан ол ашаның түбіне кеп, шешінбей, жүресінен отырды.
– Таныспадық. Жол болсын?
– Әлей болсын. Атығаймын, жолаушылап келем. Ел жағыма бара жатырмын.
– Шешін, жолаушы болсаң, асқа қара!
– Алла разы болсын. Қазір жүрем. Ана жігітте бір жұмысым бар еді.
«Атығай» иегімен Асқарды нұсқады.
– Оңаша ма?– деді Асқар.
– Осында айтсам да болады. Айтайын дегенім: ініме бір қыз айттырып ем. Малын дендеп беріп болып ем. Соны қашан алудың жағдайын сөйлесе барып жатқанымда, түнде кеп бір топ жігіт тартып алып кетті. Бізді байлап тастады. Артынан сұрастырсақ: мына Итбайдың нағашысы екен. «Арамызда сөз болған жоқ еді» деп құдам зарлайды. Содан теңдігімді әпер деп Итбайға келіп ем, «алып қаш деген мына мен!» деп кеудесін қағады. «Неге?» десем: «былтыр қаршығаңды сұратқанымда бермегенсің, білгеніңді қыл!» дейді. «Анау-мынау» деп ем, жауап бермей, қуып шықты. Енді басым кетсе де осының соңына түскелі отырмын. Не алсаң да бір арыз жазып бер, губернатор келгенде ұсынайын...
– Кеш жарық!– деді осы кезде тағы біреу кіріп.
«Жоғары шық» деп оған ешкім айтқан жоқ.
– Ағайынды екі жігіт ем,– деді ол амандасып болға сын,– ағам өлген еді. Үш баласымен қатыны қалған еді. Жасы 37-де, байға тимеймін деп отыр еді. Аруақ сыйлағасын еншім басқа болса да, күтіп отыр ем. Соны кеше ауылнай кеп, қасымыздағы көрші ауылдың бір атқа мінеріне зорлап апарып қосты. Болыс осылай істе, деп айтты дейді. Соны білейін деп болысқа келсем, «жесір қатынды жемдеп соғымға соясың ба?» деп мазақ қылды. Осында жақында ұлық келеді дегенмен бір арыз жаздырып алайын деп ем, әлгі бір бала оқытатын жігіт бар дегенге, сол арыз жаза біледі дегенге іздеп келіп ем, ол қайсың?
– Мен,– деді Асқар.
– Жеңге түгіл шешемізді байға еріксіз зорлап берген, біздің не жанымыз бар,– деді біреу.
– Соғымға сойғалы отырған биемізді ұрлап әкеткен ізімен қуып барып та, Итбайдан жауап ала алмағамыз,– деді екінші.
– «Менің сол жаққа шошытып жіберген түлкім еді» деп, қақпаныма түскен түлкімді де тартып алған,– деді үшінші.
– Ондайды айта берсең ат беріп сатып алған бүркітімді де: «былтырғы қашқан бүркітім» деп, тартып алған жоқ па?–деді төртінші.
– Жалғыз тоқтымды шөпшілеріне ұрлап сойып бергенде де сұрап бара алмағам,– деді бесінші.
– Итіме ине салған сен деп Итбайдың баласы Ерғазы школдан қайтқан баламызды аттың бауырына алып сойып, таяқ ұшына тиіп, балам айдан артық жатып, елді. Оның құнын сұрап отырмыз ба?– деді алтыншы.
– Қарындасыңның, қойнына апармадың деп, Ерғазы жалғыз құнан өгізімді ұрысына шығарып берді, біліп отырып түк қыла алғамыз жоқ,– деді жетінші.
– Ондайды тере берсе, үш жылғы еңбегіме бір тиын бермей шығарды,– деді сегізінші.
Әңгіме көбейді. Аузы ашылған жарадай, аржағынан неше түрлі зардаптар, сарсықтар тынымсыз ағып жатқанына Асқар таң қалды.
– Рас-ау,– десті әркімдер,– осыны тексеретін ұлық бар ма екен?
– Неге болмасын! Осында жанарал келеді деп жүр ғой, шулап айту керек соған.
Амантайдың ойы да Асқарға жері туралы арыз жаздыру еді, мұңдарын айтып, қара қарғадай шулаған көпті көргенде есі шығып кетті.
Мұндай шағымдардың Асқар бұрын да мыңын естіген еді. Талайлардың өтінішін орындап, ол үкімет орындарына арыздар да жазып берді. Бірақ ол жазылған арыздардан нәтиже шыққанын Асқар көрген емес. Арыздардың көбі жауапсыз қалады да, бірен-сараны ғана ауылдағы үкімет сайлаған билердің қарамағына келіп түседі. Билердің сыры мәлім: кім пара берсе, соның ісі жөн. Параға шамасы келмейтін нашардың шағымы ешуақытта оңға баспайды. Бірен-саран жұмыстарды орыстан тағайындалған мировой судья қарайды. Онда да алым-пара! «Биге бара берме, пара бер» деген мақал бар. «Сол рас сөз!–дейді Асқар,– параның заманы данышпан айтқандай, азулыға бар заман, азусызға тар заман!»
Үкімет орындарына арызды жаза-жаза көңілі осылай қайтып болған Асқар:
– Мен арыздарыңызды жазуға ерінбес ем,– деді, Кенжетай үйіне жиналған көпке,– егер соны тыңдайтын ұлық болса (ол қатты күрсінді). Амал нешік, арыз тыңдайтын үкімет әлі құрылған жоқ!
– Ойбай, енді!–десті көпшілік шулап,– ауылдың ұлығы жұртты күнде бақыртып таласа, жоғарғы ұлық арызды тыңдамаса, сонда, ел не болғаны?!. Қайда барып күн көреді?..
– Мен оны білмеймін!
5
Амантай Итбай ауылына біреудің шанасына мініп кетті.
Қонағасы жағынан күйі бапты болмағандықтан қобалжып отыр ма деп ойлаған Ұлберген:
– Қон, нағашы? Түнде қайда барасың?–деді оған.
– Ишанның зікіріне түсейін деп едім, баяғы өзің білетін басымның сақинасы әлі жазылған жоқ еді. Зікірден кейін қайтып келемін.
«Ишанның зікіріне Итбайдың бір ағаш үйін кешке қарай босатады», деп естіген Амантай.
Амантайды шанасына мінгізген адам, шет ауылдан келген сырқат біреу еді.
– Өткен жылы,– деді ол былай шыға беріп Амантайға,– үскірік боранда адасып далаға қонып, содан өкпеме бір зақым жабысып еді, айықпай қойды. Бақсы-балгерді тегіс өткердім. Талай дәрі де іштім, малмен де емделдім, бір де бір сәті түспеді. Жалғыз жігіт ем. Ишаннан жәрдем бола ма деп келем!
Сырқат кісіні жөтел буып, одан артық, кеңесе алмады. Асқар Итбай ауылына Амантайдан бұрын қайтқан еді, ондағы ойы – аздап тынығып алып, кешке ишанның зікіріне қатынасу.
Асқар дінге сенбейтін, ишанды, молданы жек көретін. Сөйте тұра оның зікіріне қатынасуға ойлау себебі: бұрын «зікір» дегенді естігені болмаса, өз көзімен көрмеуі, сондықтан бұрын көрмеген зат таңсық сияқтануы еді. Кенжетай үйінен пәтеріне кеп, аз қалғып дем алған Асқар оянып сағатына қараса, сағат түнгі тоғыз боп қалған екен. Зікір осы шамада басталмақ та, бірақ бастала қоймағанын Асқар біледі, өйткені, мектепте оқитын, естияр – Сағит дейтін бала, зікір болатын үйді бақылап жүріп, зікір басталарда Асқарға хабар бермек болған. Сағит әлі келген жоқ.
Мызғудан миы зерігіп қалған Асқар кереуетінен тұрып, беті-қолын жуынып тысқа шықса, іңірде ашық аспан бұлттанып солғындау жел тұрып, аздап қар жапалақтап тұр екен. Ол зікір болатын үйдің алдына келсе, есік алды сыңсыған шаналы ат; қақпағы ашық терезенің біреуінен ол сығалап еді, үй лық тола адам; ишан көрінбейді.
«Кірем бе, кідіре тұрам ба?»– деп ол аз ойланып тұрды да: «кірейін!– деді есікке қарай аяңдап,– біраз ауру жиналған екен, сөздерін естиін, не айтар екен!»
Ол үйге кірді де, ауызғы бөлмеден өтіңкіреп барып, төргі бөлмеге кіретін есіктің босағасында тұрған сандыққа шоқиып отыра кетіп, төрт бөлмелі үйге лық толған адамдардың сездеріне құлақ тікті.
– Екі тіземе сарсу түсіп бастырмайды, соны қаратайын деп ем.
– Менің, белімнің құяңы бар еді, бірдеме көтерсем шойырылып қалам. Балам жас еді, шаруама қиын болды. Соған шипа болама деп ем.
– Осы көзімді жел қарып, содан ұшынды да, енді ақ түсіп, басұр боп өлетін болдым. Жарық сәуле көрсетпей түйіледі де отырады. Ишанға үшкіртейін деп ем.
– Сап-сау бала еді,– деді бір кемпір, жеті-сегіздегі бір ұл баланың басын кеудесіне сүйеп,– біреулер тәттіні көп жегендіктен дейді, неден екенін қайдан білейін, құлағына бұлақ пайда болды. Әуелі шығу шығып жарылды да, артынан тынбай ағатын болды.
Оң жақ ұрты ісіп кеткен біреу қабағын түйіп, көзін жұмып, бетін алақанымен басып, мықшиып отыр еді:
– Тісін, ауыра ма?–деп, сұрады көршісі.
Ұрты іскен алая қарап, жауап бермеді.
– Жарықтығым,– деді ,оң жақ аяғының жараға толған жіліншігін жұрттың көзінше ашып қойып, іріңін сүртіп отырған бір қара сақалға бірнеше кісі,– жапшы жараңды, жеркендірмей!
– Мен құдайдан сұрап алды деп отырсың ба,– деп ашуланды жаралы,– бұл сырқат пай да болғалы биыл 18 жыл. Әдейі іздеп барғалы жүрген ишанды алла айдап қолға берді. Фатихасы тиер деген үмітім зор.
– Екі бетің нарттай жап-жас қатынсың,– деді бір жігіт бір әйелге қалжыңдап,– сенікі не сырқат?
Әйел күлімсіреп төмен қарады.
– Не сырқат дерің бар ма?–деді, ол әйелге көрші отырған құлағы ауырған баласы бар кемпір,– құдай құрсақтан тарықтырып қойғаны болмаса, сап-сау кісі! Түскелі он жылдан асты. Талай әулиенің бейітіне де түнеді, бақсыға да қаратты. Өспеген атаның баласы еді, ишаннан бір жәрдем болар деп келіп отыр да.
– Алла, ақырын!.. Ойбай... Өлдім!..– деген аянышты дауыс естілді есіктен.
Жұрт кеңесін доғарып, кескіндері өзгеріп, есікке қарады. Киізге ораған бір адамды төрт кісі көтеріп есіктен кіргізе берді.
– Көлден ат суара барғанда аты мұзға тайып, аяғы астына түсіп, жіліншігі сынды,– деді көтеріп кіргізгендер.– Сынықшы салған еді, аяғы сырқырап, кезінің шырымын алдырмай қан-қақсата берді, зікірге әкелді.
Аяғы сынған, үйдің ішін беймаза қылды.
– Жол беріңдер!–деді есік жақтан біреулер,– Азнабай келді.
Үйдегілер үрейлене бастады.
«Неге үрейленді?» деп ойлаған Асқар, есікке көзін салса, 13–14 жастағы бір баланың аяқ-қолын байлап, екі кісі көтеріп кіргізіп келеді екен. Бала бірдемені сандырақтап келеді.
– Жынданған еді,– деді біреулер күңкілдеп,– ишан келгелі ерегісіп кетті.
– Е, ерегіспей!.. Неге ерегіспесін! Иесі бар сырқат емес пе, жын буған... оңайлықпен шыққысы келеді деймісің? Жынданған бала үйге кіргенде баяу сықылды еді, бір жерге әкеп отырғызғаннан кейін – көтеріліп кетті. Баланың айқайы, шатасуы үй ішін үрейлендіргені сондай: сау адам түгіл, аяғы сынған адам да сарнауын қойып, доғарып, екі көзін ежірейтіп, жындыға қарай қалды.
Осы кезде үйге Амантай да кірді. Оған: «байтал түгіл, бас қайғы» болды. Амантайдың қайтқысы кеп бір тұрды да, «әдейі келгесін зікіріне түсейін» деп, мазасы кеткенге қарамай шыдады.
Сандырақ, сарнау, шулау көбейіп кеткесін жұрттың бәрі де, әлсін-әлсін есікке қарап, минут сайын ишанды күтті.
«Барып біліп қайтшы!»–деген күңкілдер шықты әр жерден.
«Ұят болар, жайланғанша сол боп жатқан шығар» десе де әркімдер барып қайтты.
«Кеңесіп отыр екен!»–деп қайтты біреуі.
«Намаз оқып жатыр екен»,– деп қайтты екінші.
«Ет жегелі жатыр екен»,– деп қайтты үшінші.
«Қымыз ішіп жатыр екен»,– деп қайтты төртінші.
«Құран оқып жатыр екен»,– деп қайтты бесінші.
«Дәретке шықты»,– деп қайтты алтыншы...
«Жол беріңдер!»– дегенде жұрт сергіп есікке қараса, ишанның қасындағы молда екен. Тегі қазақ болғанмен, ол молда қазақша мен татаршаны араластыра сөйлейтін еді.
– Жамағат!– деді молда есіктен басын сұға,– баршаңыздың таһараттарыңыз саф ба? Паксыздар ма? Насыбай, шылым шикіллі харам шайлар жоқ па? Ишан хәзрәтләрі шонди әйбірләрні білсә, бик арамас!»
– Тазамыз,– десті жұрт.
Күткен халықты молда алқа-қотан отырғызды. Ортаға Мекеден келген мешіт суреті бар жайнамазды жайды да, оның үстіне бір құман су қойды.
– Жамағат!– деді молда жайнамаз үстіне жүгініп отырып,– ишан хәзрәтләрі килгәш зікір салады. Баршаңыз ол кішінің салауатын айтуға тиішлісіз! Үш мәртәбә оқып шығам, фаһамлап алыңыздар: «Әсфи раббім, жәлле алла, мәуфи қалби Ғайролла, Нұрмұхаммед салла алла- лә иләһә илла алла!» Ұшпу зікіріні айтқаш, үш мәртәбә уһһүу млла алла!»–деп айтасыздар...
Молданың артынан еріп көпшілік шулап айтып көріп еді, көбінің тілі келмеді.
– Жамағат!– деді молда,– тәртіп шушы. Шамды сөндірәбіз. Ишан хәзрәті зікір уақытында халық үстінде ұшып жүруі мүмкін, оған бір дә хауып ойламаңыздар... Мен хәзрәтні келтірейін!..
Келіп отырған сырқаттардың бірсыпырасы ишанды әлі көрген жоқ еді. «Көрсем жазылам» деген сенім кірді біразының ойына. Ал, кейбір емделгенге жазылмай жүргендер: «кім білсін?» деп күдіктенді. Бірақ аяғы сынған мен жынданған баладан басқалардың бәрі ишанды өте шыдамсыздықпен асығып күтті.
Асқар баяғы отырған сандықтың үстінен қозғалған жоқ. Үйге басын сұққалы әр сырқатқа бір жаутаңдап қараған ол, осы үйдегі барлық сырқаттың ауруымен ауырғандай болды. Оның жаны қай сырқаттан болса да артық азаптанды. Ауыр сырқаттан сарнаған, бебеу қағып зарлаған адамдардың дауысын естігенде, оның шымырлаған денесі бірде суып, бірде ысып, аяныштың қысылуынан, маңдайынан тер шықты.
«О, сорлы ауыл!– деп өкінді Асқар ішінен,– жаралы ауыл!.. Сырқат ауыл!.. Ем күтіп келіп отырғаның ишан!.. Ол сенің сырқатыңды үдете түспесе, жаза ма?.. Сорлы ауыл, сенің де сырқаттан айығып, жаның жадырар күн болар ма екен?!»
Сарнау, зарлаудан құлағы керең боп, тұлабойы түршіккен Асқар, жыртылуға жақындаған шыдамын әрең төздіріп, өзін өзі зорлап, не қылғанмен зікірді көргісі келді.
Бір кезде үйге ишан кірді. Жарыла жол берген көптің арасымен ол жорғалай аяңдап, жайнамаздың үстіне барып жүресінен отырды да, ызғарлы қараспен айналасын бір шолып өтті. Содан кейін, қалтасынан ұзындығы бір құлаштай тәсбихты алды да, оң жақ қолының басымен бір сыдыртып өтіп, тәсбихтың тастарын екі алақанына толтыра ұстап, еріндері күбірлеп ішінен дұғалық оқып, уысындағы тэсбихтарын иіскей, алақандарымен бетін сипады.
Көптің көзі ишанда. Ишан молдаға көз қырымен ымдағандай болып еді, молда мөңіреген бұзау сияқты қырылдаған даусымен «Тәбәрәк» аятын оқи жөнелді. Асыққан жұртқа бұл аятты молданың бастан-аяқ оқып, шығуы – құранды түгел оқып шығудан кем көрінген жоқ. Аят тез біте қоймаған соң, біреулер аятты да, молданы да іштерінен сөкті.
Аят оқылып боп, батасы істелгеннен кейін, молда көпшілікке зікірдің тәртібін тағы айтты.
– Білеміз! Ұқтық!–деп шуласты көпшілік. Жұрттың көзі ишанда..
Терезенің қақпақтары жабылды. Шам сөнді. Нысанасыз қараңғылықтан адамның басы айналатындай болды.
Қараңғы үйде күңіренген дауыспен дұғалық, оқып, анда-санда су бүркіп айнала үшкіріп отырған кісінің молда екенін, ишан екенін жұрт айыра алмады. Тілі келсін-келмесін, үйреткен дұғалығын айтпаған жан үйде қалған жоқ. Біріне-бірі үйлеспей, қосылмай шулап жатқан дауыстан: кімнің не дегенін ешкім естіген жоқ, сезді айыруға болған жоқ, шулаған жұрттың құлағына ызың қаққан жалғыз дыбыс – «һу... һа... һу!..»
Шу мен қою қараңғылықтан Асқардың басы айналды, жүрегі лоблып, құсқысы келді. Одан артық отыруға дәті шыдамаған Асқар, «естісе естісін» деген оймен ишанды дауысын шығара бір боқтап, жолындағы жұртты баса-көктей, сүріне-қабына, жобасымен есікке әрең жетті де, есікті ашып тысқа шықты. Ол кезде, манағы әлсіз жел күшейіп, мана ұшқындаған қар, енді борай, қалың жауып, дала алай-түлей сұрапыл екен.
Асқарға бұл сұрапыл – қайғылы халықтың ышқына алған демі сияқтанып кетті.
БЕСІНШІ ТАРАУ
КҮТКЕН ГУБЕРНАТОР
1
Бүркітіне бірнеше қоян ілдіріп түс ауа ауылына беттеп, соны қардан жолды қиып алуға келе жатқан Амантай алыстан бір көсем аттыны көрді. Жолаушының жүрісі асығыс, аттары шапқынмен келеді. Амантай «бұл кім екен?» деген оймен жортып барып алдынан тосайын деп еді, маңайлап ұшып жүрген бүркіт шақырғанына келе қоймай, жолдан қырындап кетті.
Жолды қиғаштай ұшқан бүркіт, біраздан соң шырқап биікке шығып алды да Амантайдан шақырымға жақын жерде шаншыла темен қарай құлдырады.
– Тіфе-тіфе!– деді Амантай, астындағы атын тебініп, сүріне-қабына шоқытып,– қанды басың бері тарт!
Қан сонар болғандықтан Амантай аңға таң біліне шығып, астындағы аты босаңси бастаған еді.
Сондықтан ат Амантайдың алып ұшқан көңіліне серік болмай, аяғын аттаған сайын күртікке сүрініп, бүркіт түскен орынға зорға жетті.
Бүркіттің басып жатқаны қарсақ екен. Аң алғанына масаттанғандай болған бүркіт, иесі аттан түскенде қарсақты тастай беріп, секіріп барып саржан бойы жерге қонды.
Амантай қарсақтың қасына келсе: аузын аңырайта ашып, иегін әлсіздеу қағып жатыр, тырнақ кірген көзі ағып кетіпті. Өлгелі жатқан қарсақты Амантай қалақпен бір беріп, артқы аяғынан көтерсе, белдемесі омырылып қалған екен.
Бүркітіне жемді қайтар алдында ғана жегізетін Амантай, қындағы кездігін суырып алды да, қарсақтың оң жақ қолының, бауырының терісін іреп, төсін сөгіп, жылыдай жүрегі мен бауырын жұтқызды. Содан кейін ол етінің жұмсақ жерлерінен бір-екі кесегін қылғытты. Оған разы болған бүркіт, терісін сыпырып жатқан қарсақтың етіне ұмтылмай, тұмсығын қанатына үйкеп отырған орнынан қозғалған жоқ.
Амантай қарсақты сойып болып, терісін қанжығаға байлағалы атына қарай жүргенде, көзіне жол үстінде тоқтап тұрған манағы шаналы түсті. Шанада біреу түрегеп, қолын бұлғап тұр.
Бүркітті балдаққа қондырып, шаршаған атының жалқау аяңымен ілбіп отырып Амантай жолаушыға келсе – екі орыс, алдында божы ұстаған қазақ, түрегеп тұрған екі орыстың біреуі екен.
– Аман? Қай ауылдікісін?–деді түрегеп тұрған Амантайға
– Мына ауылдікі,– деп Амантай ауылын иегімен нұсқады.
Бүркіт балдаққа отыруға жалыққандай талпынды.
– Держи!–деді түрегеп тұрған қолын көтеріп.
– Кісіге тимейді.
– Бұл не құс?
– Бүркіт.
– Жаңа не ұстады ол.
– Қарсақ.
– Көрсет.
Амантай аттан түспей қарсақтың қанжығадағы терісін қамшысының басымен көтерді. Оның екі жақ қанжығасында бірнеше қоян, сирақтарынан байлаулы еді.
– Нешеуі қоян?– деді орыс.
– Тоғыз.
– Бәрін бүркіт ұстады ма?
– Енді мен ұстады деп тұрмысың?
– Бүркітпен қоян ұста деген кім саған?
– Ешкім де емес. Өзім!
– Қоянды лұқсат қағаз алмай аулауға болмайды. Қағазың бар ма?
– Жоқ.
Сөйлесіп тұрғанда «бұл кім?» деген оймен үңіле қараған Амантай, біраздан кейін Кошкинді таныды. Кошкин мұны танымады. Өткен жылы кісі өлімінің дауы болып, сол даудан Кошкин алты қасқыр, жүз сом, бір алтын жүзік пара алғанын Амантай жақсы білетін еді. Кошкиннің үстіндегі көк шұғамен тыстаған, жағасы қайырулы қасқыр тұлыпты, Амантай сол параға алған қасқырлардан істеткен екен деп ойлады.
Кошкиннің бүркітке жабыса бастауынан Амантай сескенейін деді. Салқындаған денесі ширыққан бүркіт, тағы да талпынып еді, қаққан қанатының астындағы көбік қар борап кетті.
– Ұста, ұста!–деді Кошкин денесін шегіндіре, қолын көтеріп.
Бүркіт талпынуын тоқтатпағасын, Амантай Кошкиннің «әрі кет» деуімен шанадан алысырақ барып тұрды. Бүркіт қайта тиышталды.
– Бұл неге талпынады?–деді Кошкин.
– Иесіне жаман сөз айтқанды біледі,– деді Амантай қуланып.
Кошкиннің естуінше – «бүркіт адамдай ақылды. Иесіне жау кісіге о да жау».
– Орысша біле ме?– деді үрейленген Кошкин.
– Біледі,– деді Амантай жымиып,– алып кетем десеңіз мә бүркіт!
– Жіберме!.. Жіберме!..
– Егер, мен тиме десем тимейді.
– Ендеше, айт, тиме деп,– деді Кошкин.
Амантай бірдеме айтқан боп, бүркіттің басын, топшысын сипап, басына томағасын кигізді.
– Бөркі ме оның?
– Иә, бөркі.
– Оны неге кигіздің, басы тоңа ма?
– Басы тоңбайды. Сендердің кескіндеріңді көңіліне сақтап қалмасын деп көзін жауып жатырмын. Егер, кескіндерің есінде қалса, ол сендерді қайдан болса да тауып алады.
– Мына кісіні танисың ба?–деді Кошкин қасындағысын нұсқап.– Бұл становой пристав.
– Қай жақтан келесіңдер?
– Алексеевка жақтан.
Кошкин губернаторға даярланған аттарды тексеріп жүргенін айтты.
– Бүркітпен аңшылық өте қызық,– деді пристав урядникке,– егер губернаторға көрсетсе, қандай жақсы болар еді.
– Бурабайға тоқтайды деген сөз бар, сонда шақыртамыз бұл қазақты. Әй, киргіз?.. Атың кім сенің?
– Амантай.
– Но, вот, Амантайка, сен келесің бе, губернаторға бүркіт салуды көрсетуге...
– Кел десең келем.
Приставпен екеуі күбірлескесін:
– Губернатордың өткенін байқап жүр де, Итбай ауылына кел,– деді Кошкин.
– Жарайды.
Урядниктің көзі қарсақтың терісіне бір-екі рет қадалды да, сұраудың жөнін таппады.
«Аң байлап келе жатқанда, жолда жолыққасын, орыс та болса сауға сұрайтын реті бар,– деп ойлады Амантай, Кошкиннің көзқарасын сезіп,– сұраудың ретін білмей тұрған шығар, бір қарсақтан байымаспын, байланып кетсін».
Амантай бүркітті ердің қасына қондырып, аттан түсті де, қарсақты қанжығадан шешіп алып, урядниктің алдына тастады.
– Қырғыз,– деді Амантай,– мала-мала держал қарсақ, қоян... он мала-мала сауға дабайт бойдит, ежли он дороги бидит шелабек.. Не дабайт жаман бойдит... поймал?..
– Понимаю...
Урядник қолына тиген қалың түбітті қарсақты қолына алып, қуанышпен сипады да:
– Маған кушайт надо?– деді.
«Ет асып бер дегені ме?»– деп бір ойлап қалған Амантай урядниктің көңілі қоянға да ауғанын кейінірек түсінді.
– Даем... кояндікі мақан жернай бойдит...
Амантай қанжығадан екеуіне екі қоян шешіп берді.
Жолаушылар жүріп кетті.
– Бүркітін губернаторға әкелер ме екен?– деді урядникке пристав былай шыға беріп.
– Әкелер. Тіл біледі дегені рас па екен?
– Менімше рас. Өтірік болса ол құс қазаққа еріп жүре ме, босанғасын қашып кетпей ме?
Иесінің тілін сөз білгендіктен алатын шығар. Оның қандай киргиз екенін білесің бе?
– Жоқ. Танымадым.
– Губернаторға бүркітімен қастық жасамас па екен, ол?
– Қайдан білейін!
– Бүркіті тілін білсе, оңашада үйретіп қойып, мен айыпты емеспін, құс айыпты деп жүрмесе!
– Оны ойлану керек екен!..
2
Жолдағы ауылдың біреуіне қонып, урядник пен пристав Итбайдікіне ертеңіне түске тармаса келді.
Губернатор келетін мезгіл жақындағасын, ауылдың солтүстігі мен күншығысынан келетін екі жолдың да үстіне Итбай салт атты қарауыл қойған еді. Сол қарауылдың біреуі көсем атпен көсілтіп келе жатқан урядник пен приставты көргесін ауылға тұра шапты.
«Есі дұрыс па, шаба жөнелгені несі?»–деп ойлады жолаушылар.
Қарауыл жігіт аттан қарғып түсіп, үйге жүгіріп кіргенде, Итбай ертеңгі шайын жаңа қолға алып жатыр еді.
– Келіп қалды!..
– Кім?
– Білмеймін, әйтеуір жүрісі қатты. Көсем жеккен...
– Бір ғана шаналы ма?
– Біреу.
– Ә, онда апы кіріп, күпі шықпай-ақ қой.
Итбайдың олай деген себебі губернатор ең кемінде он пәуескемен келеді деген хабар алған. Сондықтан ол: «Кошкин-мошкиннің біреуі болар» деп ойлап орнынан қозғалмады да, артынан «уезни боп қалуы мүмкін» деген ой түсіп, орнынан түрегелді.
«Его высокопревосходительство генерал-губернаторды мен Ақмола жөнелтіп барам,– деп жазған еді. Көкшетаудың уездный начальнигі Кривоносов Итбайға,– қасында Ақмола облысының гражданский губернаторы бар, прокурор бар, чиновник особых поручений бар, лакейі, повары, тағы басқалары бар – барлығы он бес кісі, алты пәуеске. Ақмоланың уездный начальнигімен екеуміз губернаторды Петропавлға шығарып саламыз. (Мүмкін, Бурабайлатып, Омбыға тура кетуі). Барлығымыз он шақты пәуеске, 25-тей кісі болармыз. Мен қолымнан келетін бар мүмкіншілікті қарастырып, генерал-губернаторды сіздің үйге түсіруге тырысам. Бұл қонақтың өзгеше екенін сіз ұғуға тиістісіз. Бір үйіңізді түгел босаттырып, ішін жақсылатып жинатыңыз. Город тәртібін сіз өзіңіз білмеуіңіз мүмкін. Олай болған күнде, маңайдағы казак-орыс қаласынан білетін адамдарды алдырыңыз. Қонақ асы ретінде солармен. ақылдасарсыз. Петербургке сізді жіберу керек деп, губернаторға өтініш еткен мен болатынмын. Жақсылап, сыйлап жіберерсіз деп сенемін. Ішік, құндыз сықылды лайықты затыңыз болса, сыйға тартқаныңыз да жаман болмас еді»..
«Қарауылшының көргені – губернатордың алдын ала келе жатқан Кривоносов емес пе екен?»–деген оймен Итбай далаға жүгіре шығып еді, шанадан түсіп жатқан урядник пен приставты көрді.
– Ат даяр ма?– деп сұрады, амандасқаннан кейін пристав Итбайдан.
– Даяр, тақсыр.
– Неше ат байлаттың?
– Қырық ат.
– Түктері қандай?
– Он пәуеске келер деп шамалап бір пәуескеге төрт аттан даярлаттым, бәрінің түктері, тұлғалары бір келкі.
– Көрейік.
Урядник те, пристав та тұлыптарын сыпырып тастап, бүрме бел тонмен Итбайдың артынан ерді.
Аттар төбесінің жартысы ашық қорада қаз-қатар байланып, шөп жеп жатыр еді.
Итбаймен арасында азырақ салқындығы бар пристав, міні барларын табам деп, қорадағы аттарға көзін қадай кірген еді, бәрі де бір келкі денелі, түктері парланған, күйлі жылқылар екен.
– Қарнын шермитіп, аттарды шөпке неге қойдыңыз?– деді ол аттардан кінә таба алмағасын.
– Мал үнемі сұлы жемейді. Бір мезгіл шөп бермесе болмайды. Аттың ішін өсіретін бұл жас шөп емес, былтырғы қураған қаудан.
Жабайы кісі болса «молчать!» дер еді пристав, Итбайдың Кривоносовпен жақындығы барын білетін ол олай жекіре алмады. Бірақ «молчаты» көзқарасымен ұқтырам дегендей адырая қарады.
– Көрерміз, господин волостной управитель, чині үлкендерімізге қалай ұнарын!.. Әлі мақтануға ерте... Күттіріңіз жақсылап. Үйді даярлаттыңыз ба?
– Даяр, көріңіз жүріп.
Әр түрлі кілеммен, жібек кестеден өрнек тіккен жабулармен, шұғамен, оюлаған ақ киіздермен, киіз үйдің кілем бауларымен, асыл киім, асыл саймандармен әшекейленген алты бөлмелі ағаш үйдің ішін аралағанда, приставтың таңданғаннан есі шығып кетті.
«Міне байлық!» деп ойлады ол.
Оған әсіресе ұнаған губернаторға даярланған бөлме. Ол бөлмеде: бір жақ басы еденге төселіп, бір басы үйдің қабырғасына өрлеп шығып, ар жағында кеп жері бүктетіліп тұрған, гүлдері жақұт тасындай жалтылдап көз тоқтатпайтын шым жібек кілем бар еді.
– Мынау неше кез?– деп сұрады туғалы ондай кілем көрмеген пристав.
– Ұзындығы он екі кез, көлденеңі сегіз кез.
– Да-а-а!
Төрдегі екі терезенің аралығындағы қабырғада жанат қаптал ішік, тамақ ішік, қара құлын жарғақ, қамшаттың ұзындығы кере құлаштан артық ақ қылшық екі қара құндызы ілулі тұр екен.
– «Морозной пылью серебрится,
Его бобровый воротник ,–
деді пристав құндыздың жүнін алақанымен сипап, шіркін-ай, жаға қылар ма еді? Бірақ біздің қолға бұл не түссін, қымбат та. табылмайды да!..
Екі терезенің аралығында оюлаған сұлу өрнекті қызыл ағаш рамаға салып, бетіне шыны жауып, раманың айналасын шашақты қызыл жібек белбеумен төгілдіре қоршаған бір затқа пристав пен урядник үңіле қарады да, оған таңданғандай, я одан қорыққандай біріне бірі қарады.
Бұл үңіліп қарағандары – 1739-жылы Итбайдың арғы атасы Байқадамға Россия патшасынан берілген грамота еді. Грамотаның басындағы «Жалованная грамота почетнейшему аксакалу, бию Киргиз-Кайсацкой Средней Орды »– деген тасқа басылған сөздермен жазылып кеп, «Байкадаму Худайбергенову» деген сөздер қолмен жазылып, одан кейін, тағы да грамотаның аяғына шейін таспен басылған сөздер екен. Құдайбергенов» деген фамилиядан кейін айтылған сөздер: «о принятии им в числе 75 аксакалов Российского подданства» .
Одан кейін, Анна Иоановна Байқадамға, Россияға бағынғандығы үшін рахмет айтып, «дворян» деген атақберіп, оның барлық ұрпағын нақ өзіндей қадірлейтінін жазған.
Пристав грамотаны қадала оқып тұрғанда, «бәлем, біліп қой, менің кім екендігімді»,– дегендей, Итбай оған күлімсірей қарап тұрды.
Итбайдың атасы бұндай грамота алғанын пристав бұрын білмейтін еді. Сондықтан ол: «ә, мынау мынадай қазақ екен ғой!»–деген оймен Итбайға қарады. Итбайдың тәкаппарсып жымиғаны приставқа ұнамады. Қазақты кем халық, деп түсінетін ол, патшаның мына сияқты грамотасын Итбайдың атасынан қызғанды. Приставтың ол қызғанышы« сезген Итбай, «ішің, күйсе тұз жала»,– деп күбірледі де:
– Біздің атай осылай болған!-– деді приставты ашуландыра түсейін деп.
Итбайдың ол сөзін ұнатпаған пристав бетін есіктің екі жақ босағасына бұрса, төгіліп тұрған әртүрлі, аттың саймандары екен. Бәрі алтындалған, күмістелген. Олардың ішінде приставқа аса ұнамды көрінген: жалпақ бас қазақ ер мен ердің: тоқым, тебіңгі, үзеңгі, айыл, тартпа, құйысқан, өмілдірік, жүген сықылды саймандары. Ердің ағашына да, саймандарына да қақтаған күмістер шегеленіп, олардың бетіне алтын сымнан мәнерлер тартылған екен. Құйысқанның, өмілдіріктің, жүгеннің шашақтары алтын шок,. Енді приставтың көзі соған түсті.
– Баяғыда император II Николай наследник боп келіп мені Омбыға шақыртқанда,– деді Итбай приставқа, зәресін ұшырғысы кеп,– мен осы ерге мініп барып ем.
– Сізге мұны кім істеп берді?
– Жер ауып келген бір черкес үйімде жатып, осыны бір жыл істеді. Ақысына бір ат, бір пұшпақ ішік бердім. Бір жыл тамағын асырадым.
– Қанша күміс кетті барлығына?
– Жүз сомнан артық шығар деймін.
– Алтын ше?
– Күміске жалатқаны 50 сом, анау алтын шоқтарды Ірбіттен әдейі саттырып алдырғам.
Жылтырағанның бәрін ала бергісі келетін, хатта алып та жүрген пристав: «реті келсе,– деп ойлады ішінен, бөлмеде көрінгеннің бәріне қызығып,– мен алар едім бұларды... Егер біреуін ғана ал десе, қайсысын таңдар ем?.. Бәрі де керек... Міне қайда байлық!..»
Жасаудан кейін Итбай ыдыс пен арақ қойған шкафтың ішін ашса: портвейн, коньяк, мускат, кагор, шампанский, ликер ақ арақтың әр түрлері, тағы басқа түрлі арақтың бөтелкелері лық толып тұр екен.
– Азырақ бой жылытасыз ба?–деді Итбай приставқа, көзі араққа қарап бозарып баратқанын көріп:
– Закускамен!.. Соңырақ!..
Губернатор жататын бөлмеде приставқа бір кем көрінген нәрсе – кереует жоғы еді:
– Губернатор қайда жатады?– деген сұрауға:
– Мынада жатады,– деп Итбай ақ никель кереуетті алдыртты да, үстіне мамық құс төсек салдырып, оның, үстіне қаңылтырдай саңғырлаған жаңа жібек көрпелер жаптырып, шайымен тыстаған жастықтар .қойғызды.
– Дұрыс!
Жасаудан, үйден, ыдыстан, тамақтан кемшілік таба алмаған пристав, музей қараған адамдай әр нәрсеге бір үңіліп жүргенде: «ас даяр!»–деген хабар әкелді Бүркітбай.
Пристав, Кошкин, Итбай үшеуі ас бөлмеге шықса, табаққа салған қуырдақтың буы бұрқырап тұр екен.
– Отырыңыздар.
Итбайды манадан таңдандырған бір нәрсе: Кошкиннің пристав алдында мысы түсіп, аузын буған өгіздей «ләм» деп үндемегені, болмашы айтқан сөзіне де «ваше благородие» дей беруі.
«Жалғыз жүргенде екпіні тау жығарлық еді, өзі не деген жасық неме?» деп ойлады Итбай.
Кошкиннің үндемеуі қорыққандық, яки жасықтық емес екенін, қызмет кезінде өзінен үлкен ұлыққа сұрамай сөз қату дұрыс емес деп түсінетіндігін Итбай білген жоқ.
Қуырдаққа отырғаннан кейін Кошкин үнін шығарды.
– Семен Семеныч,– деді ол столдағы коньякты көріп,– енді ішеміз, сіздің денсаулыққа.
Пристав жымиды да, рюмкаға құйған коньякті оң қолымен көтеріп орнынан түрегелді.
– Мен бұл бакалды ішемін,– деді пристав,– губернаторға жақсы даярлық жасағандығы үшін, волостной управитель – Итбай Байсақаловтың денсаулығына, ура! Соғысқан рюмкалар сыңғыр-сыңғыр етті.
3
Балалардың сабағын бітіріп, түстен кейін таратқан Асқар, терезеге қарап біраз түрегеп тұрды. Ол күні қалың тұман түскендіктен, бұтағын қырау басқан жақындағы селдір ағаштар болмаса, көзіне жөнді нәрсе ілеккен жоқ.
«Журнал оқиын» деген ой келді оған, бір түсті аппақ қарлы далаға қарауға жалыққасын.
«Айқаптың» бірнеше саны почтада жиналып жатып, жақын арада бір-ақ келген еді. Соларды шкафтан алды да терезенің алдына отырып, оқуға тұтынды.
Қазақ тілінде шығатын жалғыз журнал болғандықтан, оның нендей мәселе көтеретінін білгісі келген Асқар «Айқаптың» барлық санын оқып шығатын еді.
«Айқаптың» 2-3 сандарында Романовтардың 300 жылдық тойы туралы бірсыпыра кеңес жазылған екен. Тойға баратын қазақтарға «Айқап» ақылдар айтқан екен. Соларды өзінше талқылап, қалың ойда отырған Асқардың құлағына:
– Аманбысың Асқар!–деген дауыс сап ете түсті. Асқар жалт қараса: қара құлын жарғағы, түлкі тымағы бар, кең танау бір қара сұр адам.
– Мені танымайтын шығарсыз?–деді қара сұр, көзін ойнақшытып,– Мен Мадиярмын.
– Ә, енді білдім!–деді Асқар қолын ұсынып, қуанышты кескінмен,– сәләматсыз ба?
Мадиярдың қысқан қолын ұзақ уақыт жібермей, кескініне қуанышпен қараған себебі, біріншіден – көптен оқыған азамат көрмей, оқыған адамды сағынуы болса, екіншіден – Мадиярдың атын ғана естіп, оны көруге Асқардың көптен ынтық болуынан еді.
Асқардың естуінше: Мадияр қазақ зиялыларының ішіндегі ең беделдісінің біреуі, және азғана қазақ оқығандарының арасында оны мұндай дәрежеге жеткізген, оның ақылдылығы, болжағыштығы, заман жайына қырағылығы екен. Ондай адамға жолығуға, ақыл алуға Асқар құмар.
– «Жолы болар жігіттің жеңгесі алдынан шықсын» деген атамыздың мақалы бар еді,– деді Асқар, қолын босатпастан, аздан кейін Мадиярға,– сізді көруге аса құмар едім, тілеуіме тура келдіңіз.
– Мен де сені сырттан естіп ем,– деді Мадияр, өзін Асқарға аға көріп, «сенімен» сөйлесіп, көруге мен де ынтық ем, сәті бүгін түсті. Бұл ауылда бала оқытатыныңды да ертеде естігем.
– «Аттың жалы, атанның қомында» мазаңызды алмайын,– деді Асқар,– қайталап айтайын, күткен кезімде келдіңіз. Әлім жетпейтін жүктің астында мықшыңдап жатқан кезім еді бұл, мүмкін, сіз көтерісіп жіберерсіз; жүгімнің жайын жата-жастана айтармын. Ал, жол болсын!
– Әлей болсын, Орынборда «Қазақ» атты газет шығаруға үкіметтен ұлықсат алынған еді. Соған қаражат жинап жүрмін. «Азамат серіктігі» деген ұйым ашып ек. Газет мүшелік жарналарға шығады. Сол серіктікке мүшелер ұйымдастырам. Газет шығару көптен ауызда жүрген мәселе еді. 1906 жылы Торғай болысының ақсақалдары Дума сайлауына Орынборда бас қосып, баспасөзге еркіндік болды дегесін, газет шығарайық деп қаулы қылған. Ішінде мен де болғам. Ол кезде мен Орынбордағы киргизско-учительский курсте оқитын ем. Газетті ұйымдастырып, қаражат жинауды жұрт Қостанайдың атақты байы – Смайыл хажы Жаманшаловқа тапсырған еді және сол арада, кісі басы ақша шығарып, мың жарымға жақын қаражат жиналған еді, артынан Смайыл ол ақшаларды жеп қойып, газет шықпай қалған. Міне, сол газет алты жылдан кейін шыққалы отыр.
Газет шығарады деген хабарға Асқар қатты қуанды. Қазақ тілінде бір газет шықса қандай жақсы болар еді, деген оның көп уақыттан бергі арманы енді жарыққа шыққан сықылданды.
– Бір үйге түсіп жайланыңыз,– деді Асқар Мадиярға,– содан соң сөйлесерміз. Осы ауылда Итбай дейтін байымыз бар, өзі болыс. Содан басқа үйге түссеңіз жағдайыңыз келмес.
– Өзім де сол үйге түстім. Итбайды білем. Бұрын бірер қабат көргем де. Мен кеп түскенде даяр шай бар екен. Содан ішіп, жылынып, оның артынан қымыз ішіп, тойынып алдым. Көңіл тойса, тамақ тоятын. Киіз туырлықты қазекемнің бір мақтауға тұрарлық әдеті,– осы қонағасысы емес пе?
– Әрине, солай. Итекең сияқты байларда тамақ көбі рас. Бірақ, біз қуанып ішетін сол тамаққа, біреулер жылап қарайды, бұның сонысы жаман.
– Ол кім?– деді Мадияр Асқардың сөзіне түсінбей, оған сүзіле қарап.
– Кім болсын: кедейлер! Итбайдың малы – кедейдің, көз жасынан құралған жоқ па?
Ата-бабасынан бері қарай, күні бүгінге шейін момындарды зарлатып, жеп келеді. Зорлықтан жүрегі айнитын Итбай жоқ, жеген сайын өшіге түседі.
Асқар Мадиярға Итбайдың өзі білетін қиянатының біразын айтып берді.
– Осы сөздерді ол кісінің өзіне айтып көрдің бе?– деді Мадияр.
– Шет жағалап айттым. Менің сөзімді жүре тыңдайды, «оны көпсінсең, мына қара» дегендей, әдейі маған көрсете, өршелене соғады. «Ауылдағының аузы сасық» деген мақал бар ғой. «Қатынға қадырым жоқ – етімді көреді, ағайынға қадырым жоқ – бетімді көреді» дегендей, күнде көріп көзі үйренгендіктен менің сөзім оған құнсыз болатын шығар, не ол мені – «жалдап алған учителім» деп жалшысының біріне санайтын шығар. Тыңдамайтыны содан ба деймін, әйтпесе, ұялтарлық қып-ақ айтам. «Мадияр» деген атыңыз бар, бұрын таныс та екенсіз, мүмкін, сізді сыйлар, сіз айтып көрсеңіз қайтеді?
Мадияр Асқардың шын көңілден айтқан сөзін кекету деп ойлап қалды. Сондықтан ол да кекетінді жауап берді:
– Айтсам айтайын, бірақ кімнен естідім дейін, сенен бе?
– Олай десеңіз де болады. Әйтпесе, ел аралап келе жатыр екенсіз, ел ішінен Итбайдың қиянатын өзіңіз де естіген боларсыз.
– Өсек жинауға уақытым болған жоқ. Өсектен басқа жұмысым да жететін.
«Бұл сөзді қалай айтты» дегендей таңдана қараған Асқарға:
– Жесе жейтін шығар,– деді Мадияр өкпелетіп алармын дегендей,– ең алдымен қазақ халқы, ең зор жеушіден құтылу керек, сонда ғана көзі ашылады.
– Ол кім?
– Орыс!– деді Мадияр шегелей сөйлеп.
– Орыстың кедейін жеуші жоқ па?
– Бұл өз пікірің бе?– деді Мадияр төне қарап.
– Олай деп неге сұрадыңыз?
– Жай, көлденең біреуден естігенің бе дегенім ғой. Асқар ол сөзді ауыр алды.
– Бұлайша айтуыңыз: мені бұрын танымағандығыңыздан ғой деймін. Ақылым көп, я аз деп сізге не дейін, бірақ кісі сөзін айтатын менің аузым әрген емес. Мен өзімді, шамаша, өз пікірім бар деп түсінетін жігітпін.
– Ренжіп қалдың ғой, Асқар, менікі зілсіз сөз еді.
Таныспай жатып, бұлайша сөз мұрындықтары соқтығысқанына Асқар да, Мадияр да ыңғайсызданды. Екеуі де сөз сарынын басқа темаға аударуға тырысты.
4
– Ұн алып ішетін азғана тиыныңды шығындап, кәзит алған сенің не теңің?– деп біреулер жаны ашығансып ұрысты.
– Мырзалығын тиясың ба? Қып-қызыл жас жігіт емес пе, сайдың тасындай ағайынды үшеу, табысы мол. Санаттан қалмағаны дұрыс,– деді Бүркітбай кекетіп.
– Тіпті, осынікі жарайды. Сүйегінде кемігі бар неме, өзінің! Осыдан түбінде кісі шығады. Кезегі келген жерде астындағы атын түсіп беретін әкесі ер кісі еді. «Ат болатын тай саяққа үйір, адам болатын бала қонаққа үйір» деген сөз бар. Жазылғаны дұрыс!– деді біреу, кекеткен адамның сөзін ұнатпай.
– Ағай!–деді Кенжетай Мадиярға,– жарты жылдығы екі сом екен, қалтамда ақшам жоқ еді, екі жақсы сеңсеңім бар еді, соны сатып жолыңыздан қалдырмай ертең ақшаңызды әкеп берем.
– Ақшаңды мен берейін, маған артынан берерсің,– деп Асқар өз ақшасына екі сомды қоса берді.
– Тағы кім бар?– деп Мадияр жан-жағына қарап еді, ешкім «мені жаз!» дей қойған жоқ.
– Бұларың жарамас,– деді Итбай жұртқа,– әдейі: келген азамат. Ел деп келіп отыр. Жазылыңдар!
Мадиярдан көрі Итбайдан көбірек ұялған және бес-алты адам қынжылып барып, жылға, жарты жылға жазылды да, өзгелер тым-тырыс отырып алды.
– Ақшаларың жоғың,– деді Базарбай дейтін саудагер орнынан көтеріліңкіреп,– соғымдарыңның терілерін маған сатыңдар. Әй, Кенжетай! Кәне, не сұрайсың екі сеңсеңіңе?
– Жас тоқтының терісі, бұйра сықылды сеңсең. Біреуін өзіме, біреуін Темірбекке тымақ қылдырайын деп ем. Иленіп даяр тұр. Ақшам жоқ болғасын сатайын деп тұрмын. Қалаға апарсам төрт сомға сөз айтпайды. Үш сомға ал!–деді оған Кенжетай.
Газеттің жарты жылдығы екі сом екенін құлағы шалған Базарбай, сеңсеңдердің құны одан артық екенін біле тұра, Кенжетайдың ақшасы жоғын көріп, зәру тосты.
– Бір сом елу тиым!– деді ол, қою, ұзын қара сақалын бір сипап,– одан артықты көтермейді. Сен қысылғасын алайын деп отырмын. Әйтпесе, сеңсеңнің базары қазір жоқ. Ешқайда өтпейді.
– Екі сом берсейші!– деп әркімдер төре айтқан болып еді...
– Аясаң жаныңнан бер, «саудада достық жоқ!» деген сөз бар,– деп Базарбай қыңырайып отырып алды.
– Базеке,– деді Мадияр,– бірде пайда, бірде залал көріп жүрген шығарсыз. Азар болса екі-үш теріден алатын пайдаң шығар, газетке өзің де жазыл.
– Ойбай, шырағым-ау, мен қағазға шорқақпын ғой. Қазақтың қара тоқпағымен жүрген адаммын. Мен несін білем.
– Біреуге оқытарсың.
– Кімге барып оқы деп жүрем, өзім кәрі кісі.
– Кім болса сол оқып береді. Сенің саудаңа пайдасы тиеді. Сол арқылы қай жерде не арзан, не қымбат екенін біліп тұрасың.
«Саудаңа пайдасы тиеді» дегенге, Базарбайдың құлағы селтең ете түсті.
Оның саудагерлігінің өзі қызық еді. Ең алдымен, жылдық обороты ешуақытта жүз сомның маңайынан асқан емес. Оның да тең жарысы әркімнен алған несие. Істеп жүрген саудасының түріне қарағанда ол тез байып кететін сықылды. Өйткені, қатын-қалаш, бала-шағаны айналдырып, тері-терсек, жүн-жұрқаны базар бағасынан көп темен түсіреді де, айна, тарақ, сабын сықылды ұсақ-түйектерді қаладан арзан әкеп, екі бағасына сатады. Бірақ, неден екенін өзі де білмейді, жылдың аяғында борышты боп шығады. Әкеден енші алғалы біткен екі сиыр мен бір ат өспейді. Осындай өнімсіз саудаға араласқанына ол кейде өкінеді. Бірақ дағды қылған ісін тастай алмайды. Саудасыз үйінде отыра алмайды. Баяғыда көзіне елестеген байлық, қызыл түлкідей сылаңдап алдынан жортады да отырады, бірақ жеткізбейді. «Жетем» деген үмітін Базарбай ешуақытта үзбейді.
Құлағы шалған сөздердің түріне қарағанда Базарбайдың «газет» дегеннен ұққаны «оқитын бірдеме» еді. Кітаптан басқа оқитын нәрсе болатынын ол естімеген. Ал, кітаптан естігені «Бақырған» мен «Бәдуам» сықылды ұсақ-түйектер. Ол кітаптардың Базарбайдың саудасына тиетін пайдасы – қаладағы дүкеннен арзанға сатып ап, ауылға қымбат өткізу. «Есмағзам» деген дұғалық бар, «пәлен дұғалығын жатқа білсең, саудаңда табыс көп болады» деп біреудің ұғындыруымен, ол, сол дұғалықты жаттап көрген. Бірақ дүғалықтан тиген көмек болмағасын: «құрысын құрығыр!»–деп тастаған.
Газет те дұғалық сықылды бірдеме шығар деген ой келген Базарбай, Мадиярдан мән-жайын сұрап алғысы келді.
– Шырағым!–деді ілгері ұмтылыңқырап,–келген мәнім амандасып, жүздесу еді. Амандыққа қандық. Біз қараңғы адамбыз ғой, оқымаған. Мен өзім азғана тиын-тебенмен сауда ғып күн көргенім болмаса, доғал кісімін, зейінім азғантай. Немене деген кітап дедің, сататының? Аяғын тік басқан адамда сауда қылмайтыны болмайды деп ұғатын Базарбайға: «Мадияр кітап сатып сауда қылып жүр екен?» деген ой кеп қалды.
Мадиярдан сұрастырып, газет сауданың кітабы емесін ұққан Базарбай:
– Жайым келмейді, шырағым, оны қолқалама,– деді жабысқан Мадиярға,– ақшам бар деп ойнап айтып отырмын. Тері-терсегім өтпей, өзім биыл шығынға ұшырап жүрмін.
– Ой жаның шықсын!– деді Бүркітбай,– өтірікті соғуын! Қайдағы шығын? Түк те шығының жоқ. Ақшам жоқ дейсің әй суайт!.. Бір қалта ақшаны мана санап жатыр ең ғой!..
– Басымды ауыртпа!– деді Базарбай Бүркітбайға, ашуланып орнынан тұрып, есікке беттеп,– жазыл, керек болса!.. Көр жерге ақша шашатын мені есуас деп отырсың ба?
Базарбай шығып кетті. Мадиярдың газеттен басқа айтар сөзі жоғын шамалап, газетке жазылғысы келмегендер сөгіліп кете бастады.
– Жол жүріп шаршап келген жігіт, амандастық, тынықсын,– деп төрдегі ақсақал, атқа мінерлер де қозғалып еді...
– Отырыңдар!–деді Итбай,– Мадиярмен дәмдес болыңдар.
Итбайға қалаулы ақсақал, атқа мінерден он шақты адам қалды да, өзгелері тарады.
Үйде қалған аз адамды газетке жазыл деп қажауды ерсі көрген Мадияр, дәптерін қалтасына салды да:
– Ел қыламыз деген елдің, түрі мынау,– деді Асқарға қарап, қабағын шытып,– оңбаған ел!..
– Жаман ел жоқ!– деді Асқар ол сөзді ұнатпай,– елді жаман қылатын жағдай.
– Не жағдай?
– Мектебі жоқ, оқуы жоқ, мәдениеті жоқ.
– Неге жоқ?
– Қаласы жоқ. Қаласыз жерде мектеп болмайды, мектепсіз жерде оқу болмайды, оқусыз жерде мәдениет болмайды...
– Осыларды елге түсіндіру үшін газет керек емес пе? Сол газет шығатын болғанда жазылмай отырғанын көрмеймісің. Осындай өз пайдасын білмейтін ел, ел болып не оңады?
– Сіздің «ел» дегеніңіз кім, Мәке?
– «Ел ағасыз, тон жағасыз болмайды» деген мақал бар емес пе? Әр елдің қазығы болмай ма?
– Сол қазық кім?
– Кім екенін білмеймісің? Ел басқарып, атқа мінген – игі жақсылар!
– Мына кісілердің көңіліне келмесін,– деді Асқар, үй ішінде отырған атқа мінерлерге айнала қарап,– сіз атаған адамдар елге қазық емес, тоқпақ па деп ойлаймын, Мәке!
Асқар күрсінді.
– Я, сонда, сеніңше, «ел» кім боп шықты?
– Бәсе, солай деші, шырағым!–десті Асқардың сөзін ұнатпай отырған төрт-бес ақсақал,– мынауыңның сөздері қалай шәлкем-шалыс шығады?!
– Менімше «ел»–көпшілік, момын шаруа!
– Ә, солай ма?!–деді Мадияр кекетіп,–«Құм жиылып тас болмас!..» деген мақал қайда?
– Оны көпке қарсы атқа мінерлер шығарған. Көптің шығарған мақалы: «Көп түкірсе көл болады», «көп қорқытады», «көпті жамандаған кемусіз қалады!..»
– Асқар мырза, бұл сөздеріңіздің ұшы қайда баратынын білесіз бе?
– Қайда барады? Ешқайда бармайды. Мен өтірік айтып отырғам жоқ, шындықты айтып отырмын.
– Социал-демократияға!.. Ол саған да, қазаққа да пайдалы жол емес, оны білемісің?
– Қара басыма пайдасыз екен деп мен көптің мұңын аяққа баса алмаймын, оны айтпай және отыра алмаймын, көп қайда болса, мен сонда!
...Ертеңіне Мадияр Асқарға қоштаспай аттанды.
5
Итбай мен Горбунов ертеңгі шайларын жайланып ішіп, басқа ермек болмағасын дойбы ойнап отыр еді, терезеден айқай шықты.
Кім екенін білуге Горбунов орнынан түрегеліп терезеге барып еді, қос терезенің сыртқы жақ бір көзі сынғандықтан, ішкі терезеге қырау тұрып, даланы көрсететін ашық жері жоқ екен. Шынының жиегіне таман қырау, қолдың саласы сықылды тарамданып мұз боп қатқан екен. Бірақ, мұз салалардың қыраусыз ашық аралары өте тар, кішкене болғандықтан Горбунов қанша сығалағанмен ешнәрсені көріп жарымады.
Айқай күштірек шықты.
Шыдап орнында отыра алмаған Итбай «бұл кім?» деп терезеге барды да аузын шыныға тақап тұрып ыстық лебімен қырауды ерітіп, көз сиятындай тесік жасады.
– Апыр-ау, дала боран боп кеткен бе, алай-түлей? Әлгінде ғана күн толас еді ғой. Жаназа айта жүрген біреу ме, енеңді... сонша айқайлағаны несі, қыртып? Әлде малшылардың біреуі шығар, айқайлап жүрген. «Қорыққанға қос көрінеді» деп, қарап отырып үрейленгеніміз не?
Екеуі дойбының қасына келіп түрегеп тұрып, көздерін салса, Итбай төрт жеп биге шығып, бесті жеп қос үйге қонғалы тұр екен.
Горбуновтың ондай кемшілікке көнгісі келмей:
– Қайта ойнайық,– деді Итбайға.
– Неге қайта ойнаймыз? Аяқтаймыз осыны!
Екеуі ерегісіп отырғанда, үсті-басын қырау мен қар басқан біреу кіріп келді. Қараса, Кошкин.
Кошкин басынан папағын сыпырып, сеңсеңнің арасына кірген қарды сілікті де, пимасына жабысқан қарды аяғын тебініп түсіріп, үстін қағып, мұртының мұздарын қолымен сергітіп, дойбышыларға жақындады.
Мінезі тығыз Кошкин, даладан айқайлағанына ешкім дыбыс бермегесін үйге ашуланып кіріп, қатты сөз айтпақ еді, Итбайға бетпе-бет келгесін мысы жеңіліп, тілінің уытын Горбуновқа қарай бүрікті.
– Гаврил Гаврилыч! Губернатор келетін жолдың өн бойына қамыстан жиі бекет шаныштыр деп, мен становой приставтан қағаз әкелдім бе?
– Әкелдіңіз?
– Сіз орындадыңыз ба, оны?
Горбунов басын салбыратып, төмен қарады.
– Міне, енді,– деді Кошкин сол жақ мұртын тілімен орап ап ұртына тығып, ызалы кескінмен кекете күліп,– далада боран. Губернатор осы араға түс ауа келеді. Егер адасса, жауапкер кім болады?
Горбуновтың көзі шарасынан шығып кетті. Жаласын Итбайға жапқалы бір оқтанып қалды да, ол туралы айтпағаны есіне түсті.
– Мен естіген жоқпын. Расында ол қиын болған екен,– деді Итбай басын ақтап.
– Міне, жақсы болыс, егер оған айтса істейді, айтпаса жоқ!..
Итбай урядникке өр көкіректігін істейін деп еді:
– Менің сізге айтарым қысқа,– деді урядник түсін суытып,– бұл кінәласудың, керісудің жері емес. Писарыңызға айтқам. Хабарландырудың копиясы өзімде. Сіз ақылды кісісіз. Не себепті ойламадыңыз, жолдың жайын? Уақыт қыс. Құдай біздің ойлағанымызға көне ме? Міне, енді хал жаман!
Итбай қанша мықтымын дегенмен састы. «Ит-ай,– деп ойлады урядник туралы ішінен,-– өшігіп көптен мін таба алмай жүр еді, қапымды тапты!..»
– Өткен өтті, бізден хата болды. Енді не істейміз?– деді Итбай.
– Бурабай жаққа да, Макинка жаққа да тығыз түрде кісі шаптырыңыз, әр ауыл өз тұсына жиі ғып жолдың екі жағына да қамыс бекет шанышсын, ұқтыңыз ба?
Итбай бір баланы Бүркітбайға жүгіртті.
– Мынау үйлердің қасындағы көп шаналар кім? – деді урядник.
– Қонақтар.
– Не қылған қонақтар?
– Ауылшылап жүргендер.
– Қуыңыз бәрін қазір ауылдан, тез тарасын! Және губернатор жүретін жолдан басқа жолмен қайтсын.
– Олар жәй қонақ еді...
– Мен қызметтегі өзімнің міндетімді өтеуге тиістімін. Мен оларды қууға тиістімін. Олардың араларында ниеті - бұзықтары жоғына мен жауапкер бола алмаймын. Сіз білесіз бе, министр Столыпинді белгісіз біреу атып өлтіргенін? Губернаторға қонағыңның біреуі қастық қылса кім жауапкер болады?
Итбай урядникті түсіндірем деп тырысып еді:
– Менің басым біреу!– деді урядник, дауысын көтеріп,– керістің орны бұл емес! Мен сізден сұраймын, бұл туралы менімен таласпауыңызды! Егер айтқанымды істемесеңіз істемеді деп губернаторға естіртем, маған өкпелемеңіз ?
Итбайдың ойы қорғасындай толқыды. Губернатордың келетін күні таянғасын, елде тірек көретін игі жақсылар үйінде ошарылып жатыр еді, сол арадағы бес-алты болыс Атығай мен Керейдің игі жақсысының төрт кезі түгел. Егер губернатор тоқтайтын болса, Итбай ақсақалдарды дидарластыруға ойланған.
Урядник күдіктенгенмен үйінде жатқан қонақтың ешқайсысына Итбай күдіктенбейді. Олардың губернаторға қастық істемейтіні өзіне аян. Бірақ урядник заңға сүйеніп айтып тұр. «Заңның жолы тар». Ал, заң тар деп бірнеше күн күткен қонақтарын табан аузында: «бытыраңдар!»– деп малша үркітуге және қиын. «Не істеу керек?»
Итбайды біраз жұрт «Итекең» деуге ерсі көріп, иттен қасқырды бағалы санап, «Қақаң» дейтін еді. Бет алған жағына Итбай қасқырдай қайсарлық көрсетіп мойымайтын.
– «Егер,– деп ойлады Итбай, урядниктің түгі сыртына тепкен кескініне қарап тұрып,– урядниктің қоқан-лоқысына үрпиіп, елдің іске татыр адамын қусам, мені ел енді қайтып көре ме? «Ұл кетеді жайына, қыз кетеді байына». Урядник пен губернатор менің қасымда үнемі отырмайды. Маған «ерегі елдің игі жақсысы...»
Осы ойға табанын мықтап тіреген Итбай, урядникке «қуа алмаймын» дегенді айтқалы ыңғайлана берген еді, аптығып Бүркітбай кіріп келді.
– Неге шақырдыңыз?
– Ауылнайлардан ешкім бар ма?
– Төртеуі осы ауылда.
– Оларды да атқа мінгіз, өзің де атқа мін! Екі бөлініп, біреуін, Бурабай жағына қарай, біреуің Макинке жолына қарай шабыңдар. Жолға қамыстан бекет шаншыңдар!
Бүркітбай асыға жөнелді.
– Жолда қастық істемейтін сенімді кісі жіберіңіз,– деді урядник.
Итбай урядникті бетінен алып тастағалы адырая қарады да, үндемеді. «Е, құдай,– деді ол ішінен кейіп,– шегірткеден қорыққан егін екпейді» дегендей, осының, айтып тұрғаны не? Мені қорқытқаны ма?
– Қонақтарыңыз ше?– деді урядник.
– Тарата алмаймын оларды.
– Сіз отпен ойнайсыз!
– Мен білем, өлмес жерімді!
– Мен сізге рұхсат бермеймін.
– Мен ол рұхсатты сұрамаймын. Егер үкімет қазаққа сенсе, ең сенімді қазақтар – менің қонақтарым. Оларды мен қуа алмаймын.
– Арты неге соғарын білесіз бе?
– Түкке де соқпайды. Азар болса басым кетер. Бірақ, мен губернаторды ондай ақымақ деп білмеймін.
– Губернаторды сіз кім деп атадыңыз?–деді урядник,– Гаврил Гаврилыч, есіттіңіз бе?
Бекет шаныштыру туралы қағаздың пәлесінен қалай құтылуды білмей тұрған Горбунов.
– Естідім!– деді жарамсақтанып.
– Сөзіңізді ұмытпаңыз, волостной управитель!
– К... тұз езіп құйсаң, да шыдадым!
Урядник ашудан жынданып кете жаздады. Итбайға жұдырық салайын деп еді, бата алмады. Тілдейін деп еді, сөзі сарқылып қалған сықылданды.
– Мен!– деді ол Итбайға ежірейіп,– сізбен таласып тұра алмаймын. Бурабайға кетем. Тығыз поручением бар. Губернатор сағат үштерде осында болады. Қазір сағат тоғыз жарым. Қонақты таратпай отыруға заң, жоғын мына Горбуновтың алдында естіртем, ұқтыңыз ба?
– Ұқтым.
Итбай сазарып үндемеді. Урядник бұрқан-тарқан ашуланып шығып кетті.
6
– Әлбәттә шолай.
– Сіз мақұл көрсеңіз, мен былай ойлап ем.
– Ләббай, сөйлеңіз!
– Баяғыда, патша ағзам наследник күнінде Омбыға келгенінде мен ішінде болып едім. Ертістің жағасына үй тігіп күткен едік. Сонда, патша ағзам параходтан шыққанда, қай ишан екенін ұмыттым, бір ишан намазға ұйығандай жиналған жұртты Қаз-қатар тұрғызып, азан айтып, салауат оқытқан еді. Губернаторға солай істесек қайтеді?
– Бәракалла, хұсусан мен бұл фікірні муафик деп білем.
Діні кафір адамға салауат айтуды ерсі көргендей болған үйдегі жұрт, «қалай айтты?» дегендей ишанға қарап еді, оны түсінген ишан:
– Жамағат,– деді,– аллаһы-тағала уә тәбәрәка хаз- рәтләрі айтқан: «Ей құлым деген,– hep бір менің берген неғматыма шүкір айла, бәлеге сабыр, қазаға шүкір айла, ғалымды да, залымды да жіберу ықтыияры өзімде» деген. Аллаһы тағала муафик көріп бізләрге әмір еткәш тә, оған тәдбир айлауға болмайды. Шүнжи алла хакім қойған әмир, алланың бұйрығын орындайды. Итбай мырза мағғұл айтады. Мәсжиттә губернатор хәзрәтләрінә бағышлап, екі рақат намаз оқып, күтіп отырайық, келгенде салауат оқып, алдынан шығайық.
– Әттең, тәңірі-ай!– деді Итбай таңдайын қағып,– күн ашық боп, мешіттен алдынан шыққанда өте көрнекті болатын еді, күні құрғыр бүгін қағына қалды ғой, боран-шашындатып.
Түс ауа боран құтырып кетті. Жел ышқына үрлеп алай-түлей болды. Мешіттен намаз оқып губернаторды күтуге шыққан ишан мен оған ерген адамдар жаяу жете алмайтын болған соң Итбай ат жектіріп, шанамен тасытты.
Итбай ораза мен намазға салақ еді. Құлшылыққа сондай салақ әдетінен, ол мешітке шалдармен еріп барған жоқ. Бірақ үйінде де отыра алмады. Басына түлкі тымағын, үстіне жеңіл қара құлын жарғағын, аяғына қазанский қызыл-шұбар пимасын киіп, далаға әлсін-әлсін кіріп шыға берді. Губернатор келетін жолға хабар айтатын қарауыл қоюға бір ойлап, айдалада бораннан кісі тұра алмайтынын көргесін, біреуді Макинка жаққа кеткен Бүркітбайға шаптырды.
– Бар, айт!–деді ол жіберген кісіге,– бекетті жолға өзі шаншам демесін. Ауылдан кісі жұмсасын да, өзі губернаторға құлақ түріп тұрсын. Губернатор жақындағанда маған тез жетсін. Астындағы аты болдыра қоймас. Семізден жарап, сұлыға піскен айғыр ғой.
Күн бесінге таянған кезде: «неғып кешікті?»–деп Итбай есік алдында тұр еді, түтеген боранның ішінен, мешіт жақтан бір салт атты қараң ете түсті. Итбайдың жүрегі лобылып аузына келді. Салт атты Бүркітбай екен.
– Келіп қалды!–деді Бүркітбай аптығып.
– Алыс па?
– Мынау ауылдан шыққан шығар, ендігі!
«Мынау ауыл»– үш шақырымдағы ауыл екенін айтпай түсінген Итбай сасып қалып:
– Сен,– деді Бүркітбайға,– Асқарға бар, киініп даяр тұрсын, мен мешіттегі ақсақалдарға барайын! Содан кейін аттың басын ұстайтын, төрелердің үстін қағатын жігіттерді даярла. Табан аузында керекті кісіні таба алмай масқара болмайық.
Мешітпен екі араға жоталанып күртік үйіліп қалғандықтан, қатынасуға Итбай ат ерттетіп қойған еді.
– А, жасаған, оң жолын бере гөр!– деді ол мешітке барғалы аттанып жатып,– абұйырды төге көрме, жасаған! Ақсарыбас құрмандық!
Аттың тізгінін мешіттің алдындағы решетке шарбаққа іле салып, жүгіріп ішіне кірсе, мешіттегілер жайланып, хұтпа тыңдап отыр екен.
«Келіп қалды!» дегенде бастығы ишан болып, орындарынан ұшып түрегелді.
Киімдерін тез киініп, есікке қарай ентелей басқан шалдарға Итбайдың көзі түсіп еді, кейбірі сұп-сұр боп, қаны қашып, тәлтіректеп жүре алмай барады екен, солардың бірі – өз әкесі Байсақал.
– Саған не болды, әке?
– Төренің алдын көрген жоқ ем... Жүрегім ұшып барады.
Әкесін жасық дейін десе, Итібайдың өз денесі де дірілдеп барады. «Қанша айтқанмен бақ орнап, аруақ қонған адам,– деп ойлады ол губернатор туралы,– мысы жеңбей қояды деймісің?»
Асыққанмен ишанның алдына түсуді әдепсіздік көрген Итбай, шалдардың ішіне араласа мешіттің есігінен шыға келсе, пәуескелер бірінің артынан бірі ілгері өтіп жатыр екен.
– Губернатор алдында шығар, мен тез барайын!– деп Итбай атына мініс шапты.
Ұлыған жел ме, салауат айтқан ишан ба, болмаса сасқаннан шыңылдаған құлағы ма?– шоқытып баратқан Итбайдың артынан бір ызын, естілді. Оның не екенін аузына тығылған өкпе, жиі соққан жүрек аңғартқан жоқ. Итбай пәуескелердің алдына шауып шықса, школ қасында бес-алтауы ошарылып тұр екен. Жерге түскен адам біреу-ақ, кескіні биік жағадан көрінбейді. Сыртында қара тұлып.
– Сен кімсің?– деді қара тұлыпты, қасына аттан қарғып түскен Итбайға.
– Волостной управитель – Байсақалов!
– Ат даяр ма? Жеккіз тез!
«Түспейсіздер ме!» деген сөзді айтайын деп еді кеңірдегі құрғап, аузынан леп шықпай қалды.
– Тез бол! Пәуескеге төрт аттан!– деді қара тұлыпты. Қара тұлыпты пәуескесіне мінді де есігін жауып алды. Итбай не істерін, губернаторды қайдан, қалай көрерін білмеді. Пәуескенің бәрі оған бас сұғуға болмайтын жабық дүние көрінді. «Кривоносов қайда болды екен?» деп екінді ол. Қай пәуескеден сұрарын білмеді.
Әр пәуескеге бір ұмтылып, кімнен сұрарын білмей тұрған Йтбай, иығынан тартқанға қараса – әкесі екен. Мешіт жаққа көзі түсіп еді, жел итеріп қарға малтыққан шалдар сүрініп-жығылып зорға келеді.
– Азан-азан!– деді Байсақал желден тәлтіректеп:
– Азаның құрсын, әрі кетіңдер!
– Немене?
Итбай жауап берген жоқ. Осы кезде төрелерді күтуге даярланған жігіттер мен Бүркітбай келді.
– Немене, Итеке? Неғып тұр бұлар?
– Ат жек дейді.
– Онысы қалай?
Итбай оған да жауап бермеді.
– Жылдам!– деген дауыс құлағына сап ете түскенге жалт қараса, әкелген көшірдің біреуі екен,– бәрі де мас, тез жөнелт – деді ол.
– Уезний начальникті білдің бе?–деп сұрады одан Итбай.
– Осы пәуеске де.
Кривоносовқа еркіндігін істеп, Итбай пәуескесін ашып ішіне басын сұқса, қалжыраған кескінмен мойынын бір жағына қисайта салбыратып, ол ұйқылы-ояу отыр екен.
– Мен – Итбай Байсақалыч.
– Ә... ә... так-так... аттар бар ма?
– Тақсыр, бұл қалай?–деді Итбай жалынышты кескінмен, бір айдай мені даярлатқаныңыз? Мен күтіп отыр едім.
– Оқасы жоқ... тағы бір ретте...
– Тағы да қашан? Губернатор енді қашан келеді? Түсіріңіз, құдай үшін!
– Итбай!–деді уездный,–дауласып керегі жоқ. Тез ат жек... Бол!
– Тақсыр!..
Уездный маңдайын жұдырығына тіреп, көп уақыт жауап бермей анда-санда лоқсып, отырып алды.
– Болыс қайда?– деген дауысқа, пәуескеден денесін шығарып, Итбай артына қараса, манағы қара тұлыпты екен...
Бұл кезде ылаушылар аттарын ағытып алып, пәуескелер атсыз қалған еді.
– Мен, тақсыр,– деді Итбай.
– Ат қайда?
– Жегем қазір. Қонақ болсын деп үй даярлатып ем.
– К черту!– деп Итбайды тұлыпты жұдырығымен бетке қойып жіберді.
Өзі ес біліп етегін жапқалы жеген таяғы болғандықтан Итбайдың барлық қаны жүрегінен басына шапшыды. Көзі қарауытты. Кернеген ыза бораннан артық долданды. «Бүйтіп көрген күн құрысын!–деді ол назаланып,– сүйекке таңба түсті, өлім болды!..»
Етектерін дауыл көтеріп, күртікке сүріне-қабына сапырылған жігіттер Итбайдың ішкі ойын кескінінен танып, ләм-мим деместен, қорадағы аттарды пәуескелерге лезде жекті. Ерігіп тұрған семіз аттар, бір жағы желге, бір жағы адамның ереуіліне еліріп, жүріп кеткенше ойнақшып, кейбіреулері аспанға атып, басын ұстаған жігіттерді шекпендей сүйретті.
– Кеттік!– деп тұлыпты команда бергенде,– қоңыраудың сыңғырлаған үні желдің ызыңына даусын қосып, арпалысып тұрған аттар пәуескелерді ала жөнелді.
«Патшаның 300 жылдық тойына барады, губернатор үйіне қонаққа кеп, шығарып салады» деген сөз тарағалы Итбайдың даражасы, қадыры ел ішінде бұрынғыдан жүз есе артып, шоқтығы көтеріліп, ел көзіне «жарты патша» көрініп еді. Губернатордың түспей кетуі – оның көтерілген еңсесін шөктірді. Тасыған көңілі бәсеңдеді. Әркімдерге ол: «Губернаторға пәленді істедім, түгенді істедім» деп мақтанған еді, оларға енді не дерін, беттеріне қалай қарарын Итбай білмеді.
АЛТЫНШЫ ТАРАУ
«ПОКУШЕНИЕ»
1
Алексей Кулаков та, оның әкесі Андрей де арғы тегін алғанда аталықты, яки үлкен чин алған адамдар емес, жабайы ғана казак. Андрейдің әкесі Андрей кедей боп, Бурабай көлдерінен балық аулап күн көрген. Андрейдің өзі балық сатудан саудаға үйреніп, бертін келе мал саудасын істеп байып, сол маңдағы қалаларда тұратын казактардың алдына шыққан.
Андрейден бес ұл бала туған еді. Алексей солардың екіншісі. Алексей туған кезде, Андрей Бурабай қаласындағы бай орыстың қатарына кіріп қалған еді. Сондықтан, ол, Алексейді Бурабай школын бітіргесін Омбының гимназиясына жіберді. Гимназияны алтын медальмен бітіріп, университетке түскелі Алексей Петербургке барып еді, әр түрлі себептер кездесіп алынбады.
Сандалған Алексей еліне қайтуға даярланып жүргенде, бірнеше жыл Көкшетаудың уездік начальнигі болған, Бурабайдағы үйіне келіп жүретін адамға кездесті.
Таныс адамы оған гусарский полктың біреуіне түсуге ақыл берді.
– Оған мені ала ма?– деген Алексейге, танысы:
– Мен алдырам,– деді де, Григорий Распутинмен таныстығын, бұл жұмыс оның қолынан оңай келетінін айтты.
Танысының, айтқаны орындалды.
Распутиннің «тәрбиесіне» түскеннен кейін, бақыттың кілті» кімнің қолында екенін Алексей көрді, Россияның тізгіні Николайда емес, Распутинде екеніне көзі жетті, Распутинді басқыш қылып Алексей офицерлік чиннің шыңына шыға келді.
«Биік мансап, биік жартасқа шарықтап ұшып қыран да шығады, жорғалап жүріп жылан да шығады», дейді Абай.
«Биік мансапқа қырандай шарықтамай-ақ, жыландай жорғалап қана шыққан Алексей Кулаковтың ендігі арманы – Россия үкімет билігінің бір тізгінін қолына ұстау.
Сухомлинов фамилиясын Алексей Кулаков жақсы біледі: бір Сухомлинов Петербургте соғыс министрі, біреуі – Омскіде степной генерал-губернатор. Бастапқысымен ол таныс, соңғысын ағасынан ғана естіген, езі жүздесіп көрген емес.
Генерал-губернатор Сухомлинов «Петропавл – Көкшетау арқылы Ақмолаға өтті, қайтарда Бурабайға соғады» деген хабарды, үйіне демалысқа кеп жатқан Алексей Кулаков естіген соң, күн бұрын оны қарсы алуға даярлық жасады.
«Қашан келеді», деп құлақ түрген Алексей, Итбайдың да даярланып жатқанын естіп: «келсе маған хабар айт, өзім алдынан іздеп барайын» деп, Итбай ауылына «пысық жігіт» деп, астына жүйрік ат беріп, жалшысы Антонды жіберген еді.
Итбай аулындағы шеткерірек бір үйде губернатордың келуін тосқан Антон, «келіп қалды!» деген даңғазаға еріп, кешеге кеппен бірге шықты да, губернатор Итбай аулына тоқтамай жүріп кеткен соң, «Бурабайға алдын ала барайын» деп аттана жөнелді.
Губернатор Торайғыр тауының ығындағы даңғыл жолмен тартқанда, Антон Қотыркөл қаласы арқылы жүретін жіңішке жолға түсті.
Түтеген боранға қарамай, мұрнының тесігі мен екі көзінен басқа бетін шарфысы тұмылдырықтап алған Антон, жүйрік қарулы аттың орта шабысымен айдап отырып, Бурабай қаласына губернатордан кеп бұрын жетті. Бұл кезде пәуескесі бірде даңғылға түсіп, бірде күртікке малтыққан губернатор орта жолда жүр еді.
Антон губернатордың келе жатқан хабарын айтқанда, Алексей Кулаков қуанып кетті.
– Его высокопревосходительство қазақтың үйіне неғып түседі деп ойлаған ем,– деді Алексей әкесіне,– ойым дұрысқа шықты.
Губернаторды қарсы алу туралы Алексей Кулаков станичный атаманмен күн бұрын ақылдасып, курорттың духовой оркестрімен, салт атқа мінген казактармен қаладан, ең жақын дегенде, бес шақырым жерден қарсы алмақ болған; губернатордың пәуескесі келетін жақ көшенің шетіне қала халқын (әйел-еркегі, кәрі-жасы) жолдың екі жағына жарып қойып, губернатор пәуескесін уралаған айқаймен өткізбек болған.
Антон хабар әкелген соң, Алексей Кулаков Антонды, «атаманға бар, даярлансын!» деп жіберді де, өзі барлық формасымен, киініп тысқа шықты. Антон атаманға хабар айтып кеп, Алексей мінетін атты ерттеп, есік алдында тосып тұр екен.
Сол араға салт мініп атаман да, басқа казактар да келді. Күн түтеген боран болғандықтан, оркестрді далаға әкетуді ыңғайсыз көріп, қаланын, шетінде, қалада тосатын халықтың арасында қалдыруға ұйғарысты.
Алексей, атаман және қаладағы беделді казактардан отыз шақты адам – барлығы салт мініп, атаман ту көтеріп, губернатордың алдынан жөнелді.
Алай-түлей боранға қарамай, губернатор келе жатыр деген хабарға елегізіп, ауру-сырқаудан басқа, далаға шыға алмайтын жас пен кәріден басқа қала халқы қаланың шетіне жиналды. Шеттегі үйлерге сыймай, бүрсеңдеп боранға ұйлыққан кептің ішінде Балтабек пен Ботагөз де тұрды.
«Губернатор келіп кеткенше үйіңнен шықпа!»– деп Кошкин қолынан «подписка» алғандықтан, қаланың далаға шығуына жарайтын еркегінен үйде отырған жалғыз Кузнецов.
Боранға булығып губернаторды күткен көпшіліктің кенесі: аузы жетсе, губернаторға арыздарын айтып қалу. Көптің сөзіне Балтабек пен Ботагөз құлақ түрсе, мұңы жоқ кісі аз екен. Мұңдылардың бәрі де губернаторға мұңын шақпақ.
Балтабектің де, Ботагөздің де ойларына, егер ауыздары жетсе, губернаторға Кошкиннің Кенжетайды сабауын айту болды.
– Келіп қалды!–деді біреуі, қаланың ішіне жайыла "екен қалың қарағайдың арасына үңіліп.
Бәрі жолға үңілсе, салт атты казактар қоршаған пәуескелер шапқынмен құдитып келеді екен. Оркестр маршты ойнап кеп жіберді. Пәуескелерді орталарынан өткізген көпшілік уралап, «ура», «ура» деп, аяғы: ««патшаны сақта, құдай!» – гимнімен тұтасып кетті.
Ботагөз боранға құмығып жан-жағына қараса, төңірегіндегілердің бәрі де «патшаны сақта, құдай!» гимнін айтып шулап тұр екен. Қасында, қолтықтасқан Лиза да көптің үніне қосылып тұр екен.
Бұл әнді Ботагөз де білетін еді, бірақ, бір айтқанын Асқар естіп: «мұны неге айтасын» деп, патшаны жамандаған соң, айтуын доғарған.
Ботагөздің әнге қосылмай тұрғанын көрген Лиза:
– Қосыл!– деді оған.
– Не могу.
– Почему...
– Потому...
2
Оттай лаулаған көңілін губернатордың түспей кетуі су сепкендей басқан Итбай, губернатор жүріп кеткен соң, жан адамға тіл қатпай өз отауына келді де, губернаторға арнап салдырған никель кереуеттің үстіндегі жібек көрпе жапқан мамық төсекке, киімін шешпестен қисайып жата кетті.
– Еш адамды бұл үйге жолата көрме, мейлі кім болса ол болсын, тірі жанды кіргізбе!– деді ол Бүркітбайға, үйге кірер алдында.
Сонда да: «әлдекімдер жуатпақ боп мазамды алар» деген оймен, кереует тұрған бөлменің есігінің күршегін салып қойды.
«Бұл қалай! деп ойлады ол төсекте жатып,– әлде патшаның тойына менің баруым қата ма? Егер мені елеулі адам көріп патшаның тойына жібергісі келсе, губернатор неғып менің үйіме түспеді? Әлде, осы жолында біреулер арыз беріп көңілін айнытып тастады ма екен? Оншадан мұнша бақытым ұшып, мерейім үстем боп келіп, құлар жерім осы ма еді? Бұдан артық кемшілік, бұдан артық масқара бола ма?»
Соңғы сөздерді Итбай дауысын шығара айтып, ызадан жылап жіберді. Әлдекімдер есік қақты: «Итжан, аш есікті! Менмін!»–деген әкесінің дауысы да естілді. Оған Итбай орнынан қозғалған жоқ.
Біраздан кейін Итбайдың, ашу бұлты тарап, ақылы сабасына құйыла бастады. «Енді қайтем?» деп ойлады ол.
Осы өкпелі қалпымен үйінде жатып қалуға дәті шыдамады, болашағын ойлап, губернатормен ерегісуге қаймықты.Ол керуеттен тұрды да:
– Бүркітбай!–деді, есіктің күршегін ағытпастан.
– Әу!– деді сырттан дауыс.
– Асқар бар ма, бұл арада?
– Әлгінде бар еді, қазір шығып кетті, үйіне кетті білем.
– Сен оны шақырып келші.
Бүркітбай Асқарды шақырып келді. Бөлмеге Асқармен бірге кіргісі келгендерге Итбай рұхсат еткен жоқ. Асқарды Итбайдың шақырған себебі: «мүмкін, мені жамандап арызберуші, я біреуге жазып беруші сол шығар» деген ойына күдік кіріп, оның тамырын тартып байқау, қатта өзінен сұрау еді. Асқардан келген жұмыс болса, оның соңына Итбайдың жарық ап түскісі келді.
– Безобразия!– деді Асқар, үйге кіре кейіген қабақпен,– бұл не? Не масқара бұл? Бұл қай мазағы? Көпшілікті менсінбегенімен қанағаттанбай, өзін қолдайтын адамға да осынша елеусіз қарайды; бұл, енді, біздің қазақты ел деп, жұрт деп, онда сөйлесуге тұрарлық кісі бар деп ойламағаны ғой! Сволочь!.. Подлец!..
«Осы сөздерді рас айтып тұр ма» дегендей, Итбай Асқардың бетіне жалтақ-жалтақ қарады.
– Ұлттық сезімім аз өмірімде мұндай оскорблениеге ұшырап көргем жоқ шығар,– деді Асқар Итбайға тура қарап,– губернатор тоқтамай жүріп кеткенде, ішіме сыймаған ашудан жарылып өле жаздадым. Мен ойлағам: тоқтар, қонар, халықтың өкілдерін қабылдар, арыздарын тыңдар деп; но и подлец!.. Мынадай әкімнен жақсылық күткен елде де ес жоқ.
«Ім... менің үйіме түспей кеткенге ренжіп жүр екен десем, арыздарын бере алмағанға ренжіп жүр екен ғой!» деп ойлады Итбай, бірақ ол ойын ашып айтпай, Асқарға ақылдасқан болды.
– Бақыттың кілті осында тұрса да, осы қылығына қарағанда үйде жатып алайын деп ем, бірақ бұрынғының ұлықпен тіреспе» деген сөзі есіме түсіп, дәмдес адам болған соң саған ақылдасайын деп шақырып отырмын. Не айтасың?
– Өздері бұдан шығып қайда барады екен?
– Бурабайға тартты, Андрей Кулаковтікі даярланып отыр деген. Петербордан қонаққа кеп жатқан баласы губернатордың келуін тосып жатыр деген. Ол бүгін сонда.
– Соңынан бару керек!– деді Асқар аз ойланып тұрып,– мына қылығын өзіне айту керек, ең болмағанда, қазақ та өкпелей біледі деген ұғымда кетсін. Өз ойында, Асқар, кезегін келтіріп өкпе сөздерді губернаторға өз аузынан айтып, оған ой түсіргісі келді.
Асқардың ойы өз ойына дәл келген соң, Итбай:
– Барсақ барайық, сен киініп кел!– деді Асқарға,– мен Бүркітбайға ат жектірейін.
Тамақтанып алып, қасына Асқарды ертіп, божысын Бүркітбайға ұстатып, көсем атпен Итбай Бурабай қаласына сапар шекті.
Бұлар Бурабай қаласына келсе, губернатор Кулаковтың үйіне түсіп, жайғасып қалған екен.
– Қайда түсеміз?–деді Итбай Асқарға.
– Қайдан білейін. Менің бұл қалада танысым жоқ.
– Япыр-ай, оқыған кісі де өтірік айтады, өзгеге не жорық!– деді Бүркітбай, артына күлімсірей қарап.
– Менің бұл қалада танысым бар ма!– деді Асқар.
– Балтабектікін қайда қоясың?
– Ә, соны айтамысың? Біз түсетін онда не күй бар дейсің,?
– Сенің ол үйді қорғаштайтыныңды білем, бірақ біз ауыртпалығымызды салмаспыз оған. Құдайға шүкір, ет сататын қасапшы бұл қалада бар.
– Ол кім еді,– деді Итбай, біле тұра, Асқарға.
– Кенжетайдың осы қаладағы ағасы – Балтабек.
– Үйі жақын ба, бұл арадан?
– Алыс емес!
– Ендеше, егер ұлықсат етсе сонда түсейік. Бүгін ас ішетін де жеріміз жоқ. Жататын қуысы болса болады. (Итбайдың бұлай деуіне себеп: «қызын көрейін» дегендік еді).
– Үйі жатуға жайлы,– деді, Итбайдың қулық ойын сезбеген Асқар,– «қонғанша қонақ ұялады, қонған соң үй иесі ұялады» дегендей, Бүркітбай екеуміздің оқамыз жоқ, сіз барған соң, ұялып қала ма деп ойлап ем.
– Түк те етпейді. Шығынданам десе де ұлықсат етпейміз. Бүркітбай, тарт сол үйге...
Олар атының басын Балтабек үйіне тіреді. Рұқсат сұрауға Бүркітбай кетті.
Үйден Бүркітбайға еріп Балтабек те шықты. Оның үйінде Итбайға қонағасы боларлық ет жоқ еді. Сатып алуға ақшасы жоқ. «Дәм жазып бір түскені еді,–деп ойлады, Итбайдың атағын сыйлайтын Балтабек,– ұят болды! Түспе деуге тағы да ұят!»
Қонақтар кірсе – керосин шам жағылып, үйдің іші жарық екен. Төрге салған құрамыс көрпеге отырғасын жан-жағына менсінбей қараған Итбайдың көзі, пеш жақта малдасын құрып, кітап оқып отырған Ботагөзге түсті.
«Отырысы сыпайы екен,– деді ішінен ол,– қалай өзі, қымсынбайды ? »
Бойжеткен белгілері бар ма екен деп, Итбай елеусіз кездерде Ботагөздің денесін көзімен шолып еді, бойы сұңғақ болғанмен, бала сықылды көрінді.
Итбайдың әлсін-әлсін қарағанын сезген Ботагөзге отыру ыңғайсыз болды. Бірақ шығып кетудің реті жоқ. Айбала Итбайдан ұялса да, бетін шәлісімен бүркеңкіреп, ас жабдығына кірісті.
– Бұл кісіні әкелген мен,– деді Асқар үйге кіріп, Ботагөз бен Айбалаға амандасып далаға шығып, Балтабекке,–сен шығындалма. Қалалы жерде тамақты сатып жеу ұят емес. Ет алып кел.
Асқар қалтасынан суырып бес сом берді.
Қонағасын көтере алмағаны жанына қатты батқан Балтабек, басқа шарасы болмаған соң, ақшаны алды да ет іздеп кетті. Бес сом Итбайдікі емес, өзінікі екенін Асқар айтпады.
Балтабекті жөнелткен Асқар, үйге кіруге беттеп келе жатыр еді, алдынан Итбай шықты.
– Бүркітбай қайда?– деді ол Асқарға.
– Аттарын жайғастырып болып, қаланы аралап, темекі іздеп кетті білем.
Итбайдың дәретке шыққанын, я іші пысып шыққанын біле алмаған Асқар, кел жаққа қарай аяңдағасын қасына ерді. Боран да, жел де ол кезде басылып, бұлт ыдырап, он тарт жаңасына толған ай, жиі жұлдызды аспанның кеудесіне мінген еді.
Қатарласып аяңдаған Итбай да, Асқар да біраз уақыт бірімен бірі сөйлескен жоқ.
«Мұндай түндерде,– деп ойлады Асқар,– орыстың бозбалалары гармонь тартып, өлең айтып, ысқырып көшеде жүретін еді, бүгін жан жоғы несі? Мүмкін, губернатор келген күні шуламаңдар деп тыйып қоюы!»
Тым-тырыс түнге Асқар құлағын түріп келе жатқанда, қаланың аржақ шетінде бір ит үріп еді, аспанды өрлеген оның даусы, тасқа соғылған қоңыраудай біразға шейін ызыңдаған дыбысын баспады.
«Біреу келе жатыр-ау көшемен?» деп ойлады Асқар, алыста аттың басқан тұяғынан шықырлаған қардың дыбысына құлақ түріп, атты адам қалай қарай келе жатқанын ол қаланын, шеткі үйінен бастап, бері қарай кезектесіп үрген иттердің дауысынан мөлшерледі.
Итбай дәрет сындырып боп, Асқар екеуі үйге беттегенде алдарынан Бүркітбай шықты. Ол да қатарласып үйге аяңдады.
– Бұл үйдің жаны нешеу?–деді Итбай, сөз бастау үшін.
– Үшеу: Балтабек, қатыны, қарындасы,– деді Бүркітбай.
– Қарындасы жап-жақсы қыз екен.
«Жақсы қыз екен» деген сөзді Итбайдың не оймен айтқанын түсінгендей болған Бүркітбай, беті бүркелген ойдың пердесін ашқысы келді. Ол Итбаймен қалжыңдасатын еді.
– Қыран бүркіт сықылдысыз-ау, Қақа, көзі қиядан шалатын!
– Ант соққан-ау, «жақсы қыз» деген айып па?
– Неге айып болсын. Ілуге тұратын аң. Қарға аунаған түлкідей жайнап тұрған бір қыз...
Асқар бұл кеңестерге араласпады.
– Өзін біреуге атастырған ба, жоқ па?
– Жоқ-ау деймін. Солай ма, Асқар?
Асқар үндемеді. Асқардың қызда көңілі барын білетін Бүркітбай, ашуланып сыр шығарар ма екен деп:
– Қақа!– деді Итбайға,– «бір жас иіс керек» дейтін едің, мына қыз соған дәл-ау өзі, байқайсыз ба?
– Қой!–деген болды Итбай,– кәртайдық қой енді.
– Әлі де бір жас қызды тоздыратын шамаң бар ғой. Жыланды үш кессе де кесерткедей қуаты бар деген қайда?
– Е, бере ме маған жас қарындасын, біреу?
– Есіктегі басы төрге жететін болған соң, садақа ғып үйіңізге апарып та берер. Тамырын бассақ, қайтеді?
Итбайдың Ботагөзге ниеті алабұлттана бастағанын көрген Асқар шыдай алмай:
– Бүркітбай!–деді ол, дауысын көтеріп,– не керек сондай сөз. Ұят емес пе? Біреудің жап-жас баласы. Оқып жүрген бала. Басқа сөз жетпей ме?
Бұл сөздің «келінім саған айтам, қызым сен тыңда!» екенін түсінген Итбай, қалжыңды енді доғар деген кескінмен Бүркітбайға қарады.
Бүркітбай сыбағасын жібермеймін деп, Асқардың жанына бататын сөз іздеп жатыр еді, ойын алдарында салт аттан түсіп жатқан біреу бөлді.
– Бүркіті бар, .бұл кім?
Салт адам атын байлап, бүркітін жерге қондырып, көзіне шалынған үш кісіге сылбыр аяңмен жақындады.
– Амантай ғой, мынау!– деді Бүркітбай бетпе-бет келгенде.
Бірін бірі таныған жолаушылар солғын амандасып тұрғанда, ентелей басып Антон келді.
– Итбай Байсақалов бар ма, мұнда?– деді ол жақындай беріп.
– Бар. Оны қайтесің?
– Андрей жіберді. Тез келсін, деді. Губернатор шақырады дейді.
– Барайын,– деді қуанып кеткен Итбай,– тымағымды алып жіберші, Бүркітбай!
– Шай ішіп барсаңыз қайтеді?– деді Асқар. Оның ұшқалақтауын ұнатпай.
– Шай да, ет те, май да, арақ та көп онда,– деді Антон.– Ұмытқан екем. Учитель қазақ бірге келсін деді Андрей.
– Мен не алам, сіз барыңыз,– деп Асқар барғысы келмеп еді:
– Нең кетеді, жүр, керегің боп қалар!– деп Итбай тағы да қолқалағасын, Асқар бірге кетті.
Асқар мен Итбай сырт киімдерін коридорға шешіп үйге кірсе, барлық бөлме лық толы адам екен.
– О, Итбай, Итбай!– десті танитын қазақтар.
Итбай біразына қолдасып амандасты. Андрей Итбайға отыратын орын көрсетті.
Кейінгі бөлмелердің біреуіне орналасқан Асқар мен Итбай, түтіннен буалдырланған төргі бөлмелердің ашық есігінен губернаторды көргелі мойындарын созып еді, үсті-басы сап-сары ала алтын, ылғи бір сірескен төре. Оның қайсысы губернатор екенін білмей, қастарындағы казактардан сұрауға даярланғанда, «губернатор сөйлейді» деген күңкіл шыға қалды. Араның ұясындай дуылдаған қызу казактардың дауысы су сепкендей сене қойды. Барлық жұрт мойындарын созып, көздерін төргі бөлмеге тікті. Асқар мен Итбай да қарады.
– Губернатор!..– десті Итбай мен Асқардың маңайындағы орыстар, ұзын сақалды, денелі біреу төргі бөлменің төр жағынан түрегелгенде.
– Атамандар! Казактар!– деген жуан дауыс естілді губернатордан,– казактың Россияны ұлы мемлекетке айналдыруда еңбегі зор. Бір шеті Астраханнан бастап, Орал өзенін бойлап Орынборға, Орынбордан Троицкий, Пресногорский, Петропавловский крепостары арқылы Омбыға, Омбыдан Ертісті өрлеп Зайсанға тартатын казачий станицалар бар. Көкшетау, Аімола, Атбасар, Қарқаралы, Торғай сықылды даланың қалаларында да отыратын сіздерсіздер. Азиялық Россияны бізге бағындырған сіздердің күштеріңіз. Сіздер ұлы анамыз Россияның іштегі дұшпандарын тұқыртып ұстаумен бірге – шет дұшпандарына үлкен айбынсыздар. Сіздерді Его Императорское величество сүйеді, сүйгендіктен сіздердің формаларыңызды киеді. Сіздер ұлы анамыз Россияның ардақты ұлысыздар. Жасасын батыр казактар! Ура!..
Казактар «уралап» ду ете түсті. Арақты қағып салғаннан кейін бәрі қосылып патшаны мадақтайтын – «Көп жаса» әнін айтты.
Үйдегі лық толған адамдардан арақты ішпеген де, ураламаған да – жалғыз Асқар.
3
Ауыз үйдегі столдың, шетінде тұнжырап отырған Итбайды төргі бөлмеден басын сұққан Кривоносовтың көзі шалды да, орнынан тұрып кеп төргі бөлмеге қолтықтап алып кетті. Үйдегілер бұл кезде қызған еді.
– Сен ренжіп қалдың ба?– деді ол қолтықтап кетіп бара жатып,– үлкен кісілердің кейде көңілсіз болатын күндері болады. Түспеген себебі: аздап басы ауырған еді. Бірақ сені жақсы біледі. Петербургке баратыныңды да біледі. Ол өте кішіпейіл кісі. Сен ренжіп қалды ма деп мұнда келгеніңді естіп, маған шақырып кел деді.
Қасына қымсынып кеп қолын алғанда – губернатор Итбайға Андрей сықылды жабайы, жуан, зор орыстың біреуі боп қана көрінді.
– Ә, осы кісі ме, управитель Байсақалов,– деді күп-күрең боп терлеп отырған губернатор.– Білем, білем... молодец ол... Кәне, құйыңдар оған...
Ақ арақты стақанға толтыра құйып Кривоносов Итбайға ұсынды.
– Кәне, жақсы управитель денсаулығына!– деді губернатор орнынан тұрып, Итбайға стақан соғыстырып.
Күндізгі реніштің бәрі ұмыт болды. Төбесі көкке жеткендей болған Итбай, мас болармын демей стақан толы арақты қағып салды.
– Молодец!– деді губернатор арқаға қағып.
Арақ тіліп түскен өңешінің ашығанына қарамай Итбай жан-жағын көзімен шолды. «Қазақтан ешкім болмады-ау!–деп өкінді ол,– губернатордың мені мынадай құрметтеуін көретін?!»
Губернатор шақырды деп Алексей төргі бөлмеге Асқарды да еріксіз алып кірді. Араққа ернін тигізгені ғана болмаса, ішпеген Асқар ол кезде кеткелі отыр еді. Алексей Асқарды губернатордың алдына әкеп араққа жыққысы келді. Әйтпесе, оны губернатор шақырған да жоқ еді, білген де жоқ еді.
– Прекрасный кавалер!–деді Алексей губернаторға, Асқарды қолтықтап жақындағасын,– семинарист! (Асқардың фамилиясын Алексей ұмытып қалды). Фамилияңыз кім?
– Досанов.
– Жақсы фамилия. Управитель ауылында тұрады, (Итбайдың да фамилиясын ұмытып қалды).
– Құй оған,– деді губернатор.
Алексей Асқарға толы стақанға жақын арақ құйды.
– Қалай управитель, учителің жақсы ма?
– Жақсы!– деді Итбай сөзін мастықтан болбыратып.– Петерборға ала барайын деп ем, мен тілді жақсы білмеймін.
– Болады, болады.
Губернатор іш деп қыстағанмен Асқар араққа ернін ғана тигізді. Бір жақсысы, мұның ішпегенін Алексей аңғарған жоқ.
Шылымның қою түтінінен, қызған адамдардың арадай шуынан басы айналғандай болған Асқар, рюмка тосқандарға бірер рет ырымын істеді де, елеусіз кезде жылжып далаға шығып, Балтабектікіне қарай тартты. Ол келсе, Балтабектің үйі оны іңір асына күтіп отыр екен.
– Жоғары шық,– деді үйге кірген Асқарға Балтабек,– ағаңның қолына су құй, қалқам Ботагөз!..
Ботагөз пештің үстінде тұрған қаңылтыр шайнекті алды да, босағадағы легенге қолын тосқан Асқарға су құйды.
Бастапқы көргенде Асқар қасындағылардан қаймығып, Ботагөзбен бұрынғысындай шүйіркелеспей, иек қағып қана жат кісіше амандасқан еді. Сол көңіліне кеп қалды ма дегендей қолына су құйып қасында тұрған Ботагөзге ол жалтаңдап қарай берді. Асқар өзін орта бойлыдан жоғарымын деп санайтын. Қолын жуып болғасын, белін жазып, орамал ұсынған Ботагөзге қараса, бойы мұның иығына тақалып қалған екен. Көрмегелі айға жақын болып еді: «содан бері қарыс өскен бе, қалай?» деген ой келді оған.
Үйде Амантайдан басқа жат кісі жоқ екен.
– Ана жерге отыр,– деді Балтабек Асқарға, Амантай мен Ботагөздің арасынан орын көрсетіп.
Асқар отырды. Дастарқанға келген еттің қасапшыдан алынғанын ол балтамен шапқан сүйектерден білді. Бірақ семіз екен.
– Итбайдан ұят болмас па екен?–деді.
– Жоқ, ол кісі қазір келе қоймас. Қызыңқырап отыр. Казактар дырдумен ішкізіп тастады.
– Сені шақырғалы барып есіктен қарап едім, адамның басы айналатын. Бір-бір қаланы меңгеріп жүретін ылғи мықты орыстар жиналған екен!..
Туралған етті кеңеспен жеп отырған Амантайдың көзінің құйрығы Ботагөзге түсіп еді. Оң жақ шынтағын Асқардың тізесіне сүйеп, Асқарға қарай бір жамбастап отыр екен. «Мұнысы қалай?» деп ойлаған Амантай, көргенін сездірмей, ұялар дегендей, енді қайтып қараған жоқ.
Амантайды Балтабек танығанмен, Ботагөз танымайтын еді. «Әкеңнің нағашысымын» дегесін Ботагөзге ол жылы ұшырап, қолынан келген барлық сыйын көрсеткісі келді, қымсынбады... «Аумаған жасындағы әкесі,– деп ойлады Амантай,– аузынан түсіп қалған сықылды, тартқан да қойған. Мінезі де әкесі. Марқұм кісі жатырқамайтын, ашық адам еді».
Әкесі есін білмейтін кезде өлгенмен, Ботагөз оны жақсы көруін жыл санап үдетпесе, өлген адам деп ұмытқан жоқ еді. «Бір көрсем арманым болмас еді!» дейтін еді ол әкесін сағынғанда.
Амантай жайланып танысқаннан кейін,– «кескін-кейпі аумаған әкем марқұм» деген еді Балтабек Ботагөзге. Сол сөзден кейін Ботагөз Амантайға әлсін-әлсін жалтақтап қарап, қараған сайын іші жылып, жақсы көрген сезім пайда болған еді.
Жас та болса адамның ішкі құлқын бетінен, көзінен айыра білетін Ботагөз, Амантай мен Итбайдың арасында көп айырма барлығын аңғарды. Итбайдың көзі найзадай өңменінен қадалып, бір түрлі ыңғайсыздық туғызған еді. «Көзінің өзі солай ма, болмаса әдейі қадала қарай ма? О несі?» деп ойлаған еді Ботагөз.
Амантайдың қарауы Ботагөзге әкенің, не жақсы көретін ағаның туысқандық сүюімен қарауындай әсер берді. Жүзі де, көзі де, сөзі де жанына жібектей жұмсақ тигесін, Амантайдан Ботагөз қымсынған жоқ. Дағдылы күндегі сөйлер сөзінен, отырыс-тұрысынан өзін бөгеген жоқ.
Ет жеп жатқанда Ботагөз Асқарға сабағы туралы біраз жаңалықтар айтып, дастарқан жиналған соң асық ойнайық деп етінді.
– Не ойнаймыз?
– Қақпақыл.
– Оқасы жоқ.
Бір дорба асықтан екі сақаны екеуі таңдап ап, қақпақылға кірісті. Айбала ыдыстарын жинады. Балтабек пен Амантай ол-пұлды кеңесіп, шынтақтап, қисайды.
Ботагөз асықты қаққыш еді. Сақаны жоғары ұшырып жіберіп, қайта айналып қолына жақындағанша, бытырап әр жерде жатқан асықтардың бесеу-алтауын жинап ап, сақаны жерге түсірмей қағып алды. Сол қағумен асықты он шақты рет шашып жіберіп, жаңадан ойнағанда, Асқарға көп ұпай түсті.
Ұпай алудың жазасына не лайық екенін білмей, жеңіліп қалғанына қызараңдап отырған Асқарға күлген Ботагөзге үйдегі әркім әртүрлі ұсыныс айтты.
– Маңдайға шерт, шырағым,– деді Амантай.
– Сусап отырған шығар, бір аяқ су ішкіз,– деді Балтабек.
– Ән айтсын,– деді Айбала.
Бастапқы ұсынған екі жаза қолынан келмейтінін Ботагөз біледі. Әншіл емес екенін және біледі.
– Мен оңай жаза таптым,– деді Ботагөз.– Қала ғұрпында сүйгенін айтқызады, сүйгеніңіз кім?
Ойыннан өрт тұтанғандай болды Асқарға. Ең кем дегенде үш-төрт жылдан кейін аузымнан шығарармын деп жүрегінің терең түкпіріне мықтап сақтаған сөзін жарыққа шығару қаупі туды. Көлденең біреуді сүйем деп өтірік айтса, оның арты от басқандық, келешегін ойламағандық, тағдырын шешетін сөзге жеңіл қарағандық. «Сені сүйем» деп шынын айтса, ол сөздің мезгілі әлі туған жоқ. Не істеу керек?
– Сүйгенім жоқ,– деді Асқар, сөзден құтылғысы кеп.
– Жоқ, ол болмайды, ағай!–Айтасыз.
Жан-жағынан қуғын қамап, қайда барарын білмей жалтақтап сасқан қояндай, «сүйгенім сенді» айтып қала жаздаған кезде:
– Асқар!– деді сәтін беріп Балтабек,– мен ұмытқан екем, саған Кузнецов келіп кетсін деп еді.
– Кеш емес пе, енді?–деді Асқар.
– Кеш болса да келсін деп еді. Мен апарайын.
– Жайланып айтармын деп отыр ем,– деді Амантай Асқар орнынан тұрғанда, шынтағынан басын көтеріп,– анау күні пристав губернаторға бүркіт салып көрсет дегесін, соны сылтау ғып келіп ем, жеріміздің кететіні туралы бір орысқа арыз жаздырып, соны саған көрсетейін деп ем. Қашан көресің? Дұрыстап жазды ма, жоқ па?
– Ертең көрерміз, ағай.
Балтабек пен Асқар киініп шығып кетті.
Асқар мен Балтабек жолшыбай «ләм» деп үн қатысқан жоқ.
Жолшыбай Асқардың ойын билеген, Кузнецовтың бейнесі. Ол оны басында менсінгісі келмегенмен, жүре сөйлесе, сырласа келе, пікірін мүлдем өзгертті. Мектептен оқыған сабағы аз болғанмен, тұрмысты, саяси халды, тап тартысын, елдің келешегін болжауда Кузнецовтың пікірлері Асқарға, Асқар бұрын білмек түгіл естімеген талай әңгімелердің бетін ашты және ол әңгімелері салмақты, дәлелді.
Мәселен, Россияда: кадет, әсер, социал-демократ сияқты партиялар барын, олардың саяси программаларын Асқар өмірінде бірінші рет Кузнецовтан естіді. Сырласа келе, Кузнецов Асқарға, өзінің айдауда жүрген большевик екенін де айтты.
Большевиктер партиясын жұмысшы табының партиясы деп ұққан Асқар, «саяси жолы дұрыс болғанмен, бұл қазақ тұрмысына қолайлы емес,–деп таласты Кузнецовпен,– себебі: қазақта, әлі жұмысшы табы жоқ!»
Қазақ даласының хал-жайын Кузнецов Асқардан артық білді. Қазақ даласында: Қарағанды, Қарсақпай, Нілді, Спасск, Екібастұз, Риддер сияқты өндірістер барын, соларда, және қазақ қалаларындағы завод, фабрикаларда мыңдаған қазақ жұмысшылары істейтінін ол содан естіді. Осындай әңгімелерден кейін, Асқар Кузнецовқа ден қойып, оны өзіне ұстаз көрген еді.
Губернатордың Итбайдікіне түспей кеткенін Кузнецов Балтабектен естіген еді, сондықтан, Асқар мен Балтабекті көңілді кескінмен қарсы алған Кузнецов, түк білмегенсіп, Балтабекке көзін қысып қойып:
– Қалай, губернатор неше күн жатты Итбай үйінде?– деп сұрады Асқардан.
Кузнецовтың қулықпен сұрап отырғанын абайламаған Асқар, шынынан ақтарылып, көрген-білгенін тегіс баяндады.
– Сіздің сөзіңіз расталды,– деді Асқар сөзін аяқтап,– облыс бастығымын, халықтың жайын көрейін дейтін губернатор жоқ. Ауылнай да, болыс та, губернатор да,– бәрі де бір шорт екен. Көңілім суынды.
К
узнецов Асқарды Итбайдың Петербургке тілмәш есебінде ала кетуге ойы барын да естіген екен.
– Өзің қалай ойлайсың?– деп сұраған Кузнецовқа, Асқар барғысы келмегенін айтып еді, Кузнецов бұл пікірін мақұлдамай, баруға қажетті көп дәлел айтты. Асқар көнді. Кузнецов одан Москвадағы кейбір жолдастарына хат жазып беретін болды.
4
Салт жүріп ат соқты боп келген Амантай, таңертең жайымен тұрса, Балтабек атын суарып жемге қойған екен. Ол киінді. Үйдің ауасы қоңыр салқын болғандықтан, бүркітті жатарда босағаға кіргізіп, томарға қондырған еді. Түндегі асқан еттен бүркітке деген бір кесегін суға салдырып, ақжем қылып қойған.
«Мен де шаршап келдім» дегендей, томаға киген басын иығына айналдырып, тұмсығын қанатқа тыға қалғып отырған бүркіт Амантайдың қасына кеп тұрғанын сезгендей талпына бастады. Амантай: «бопам-бопам, кәл-кәл!»–деп еркелеткен дауыспен, тайдың терісінен істеген биялайлы қолына қондырып, далаға алып шықты да, томағасын сыпырды.
Асқар дүкенге кеткен еді. Балтабек ұста дүкеніне барып келем деп, Амантайдан аз уақытқа ұлықсат алды. Бұрын бүркіт көрмеген Ботагөз, қызық көріп, Амантаймен далаға ере шыққан еді. Томағасын сыпырған бүркіт қанатының астындағы қарды бората талпынғанда, қашуға айналды.
– Жемін әкелші, қалқам,– деді Амантай Ботагөзге,– қорықпа, кісіге тимейді.
Ботагөз жемді алып келсе, ортан жіліктің бұлшық еті екен, түні бойы су сіңіп, еттің қаны тарап, боп-боз ақжем боп қалыпты.
– Азырақ қант бар ма, қалқам?
– Бар, әкелейін.
Ботагөздің әкеп берген бір түйір қантын Амантай аузына сап қытырлатып уатты да, түкірігін ақжемге бүрікті. Бөренеге байлаусыз қондырған бүркіт, топшысын аздап қана жазып, етті көріп мойнын қылқың-қылқың еткізді. Бірақ ұмтылмады.
Кесек еттің үлкендігі қос жұдырықтай еді.
– Турап бересіз бе, нағашы?– деді Ботагөз.
– Жоқ, шырағым, осы қалпымен.
– Қақалмай ма?
– Бұл ет түгіл, барлық етті, сүйегімен қойдың тоқпан жілігін де жұтып жібереді.
«Ойнап айтатын шығар?» деп ойлаған Ботагөз, бүркітке таңдана көзін салып еді, алдына тастаған жемді, жан-жағына қарап тұяғымен аз басып отырды да, өз аяғынан өзі тұмсығымен күштеп суырып ап бір-ақ қылғыды. «Рас екен!» деген кескінмен Ботагөз біресе бүркітке, біресе Амантайға қарады да, бүркіттің қалай елігуін білгісі келді.
– Нағашы!– Бұл бүркіт сізде неше жылдан бері тұр?
– Үшінші жыл.
– Бұл өзі неше жасайды?
– Кім білсін. Мен бір ұябасарды он екі жыл ұстадым.
– «Ұябасарыңыз» не?
– Бүркіттің еркегін «шәулі» дейді, ұрғашысын «ұябасар» дейді. Бұл бүркіт те ұябасар.
– Қайсысы алғыр болады?
Қанішер құстың еркегі кішкене, ұрғашысы үлкен болады, шырағым. Ұябасары шәуліден күшті де, алымпаз да келеді.
– Сіз мұны қалай ұстадыңыз?
Ботагөздің бүркітті білгісі келгенін түсінген Амантай, айтуға ерінбеді.
– Әр түрлі жолы болады, шырағым,– деді ол, сүйген суықтан қаны гүлдей құлпырған Ботагөздің бетіне ара-тұра бір қарап,– бір әдіс бар – тормен ұстау. Торды білесің ғой?
– Ау сықылды ғой?
– Я, соны үйшік қып құрып, ішіне тірі сауысқан не қоян байласа бүркіт соған кеп түседі. Енді бір әдісі қасқыр жеген малдың еті сықылды, не арам өлген мал сықылды өлімтікті бүркіт ұшып жүрген тұсына тастаса, соны тоя жейді. Бұл етті ете кеп жейтін құс. Бір кісіден артық жемесе кем жемейді. Етке бетегесі еркін толғасын ұзаққа ұша алмайды. Мықты жүйрік ат болса, соңынан қалмай шаба берсе, үш-төрт шақырым ұшқасын ол болдырып, аузын ашып, ырсылдап жатады.
– Өлімтік табыла бере ме оған?
– Бүркітке құмар кісі өзінің, жеп отырған соғымын да тастайды. Аңшыға бүркіттің бағасы қымбат болады, шырағым. Осы бүркіттерді ортан қолдай ат беріп кім болса сол алады. Енді бір әдісі: ет аз болған күнде, қыл тұзаққа етті жапырақтап байлап, тұзақтың бір жағын қазыққа шалып, қазықты су мен қарға қатырып бекітсе, бүркіт тұзақты етпен бірге қылғиды да, арқандалып қалады.
Бұл ұстау қызық көрінген Ботагөз шегі қата күлді.
– Тұзақты қалай аласыз, нағашы?–деді ол күлкісін зорға басып.
– Тұзақты кесіп жібереміз. Жұтып қояды. Артынан қоясымен бірге түсіреміз.
– Қоя деген не?
– Бүркіттің ана жерін,– деді Амантай бұлтиған кеудесін көрсетіп,– бетеге дейді. Құстың жеген асы сол арадан тарайды. Кейде сол жерде жүн-жұрқа, қыл-қыбыр қалып қояды. Әсіресе, аң алып жейтін бүркітте. Соны құстыру үшін құрым киізді жұмарлақтап аузына тығып жіберсек құс лоқсиды. Сонда құрымға оралып қоясы да түседі.
Аттың, яки адамның несебі тиген қарды жентектеп жұтқызып жіберсе де бүркіттің құсатынын айтуға Амантай ұялды.
– Балапан кезінде ұстамайсыздар ма?–деді Амантайға Ботагөз.
– Бүркіттің ұясы оңай жерде кездесе бермейді. Бүркіт ұяны адам ала алмайтын жерге, тастың қайдағы қиын қиясына салады. Екінші, балапаннан асыраған бүркіт жалқау болады, батыл болмайды. Өскесін ұстаған бүркіт ашулы, қайратты келеді және сергек болады.
– Қандай бүркіттің осал, қандайының мықты екенін қайдан білесіздер?
– Мүшесінен танимыз. Балақ сіңірінің жуандығы тұтамнан асыңқыраған бүркіттің аяғы қарулы келеді! Ұшқыр бүркіттің ұзындығы он екі тұтам кеуде тұсының жуандығы сегіз тұтам болады. Кеудесі алты тұтамға жетпейтін бүркіт ұзақ ұшпайды. Ентігімпаз келеді. Тұрқы қысқа бүркіт биікке шарықтай алмайды.
– Қысы-жазы бірдей саласыздар ма?
– Жоқ, егер де дұрыстап түлетпесе, өлі қанат қалып, қысты күні ойдағыдай ұша алмайды. Сондықтан жаз дұрыстап түлетеміз. Ол үшін әуелі семірту керек. Содан кейін борсыған ет беру керек.
– Семіргесін қалай арықтатасыз?
– Ақжеммен.
– Оныңыз не?
– Суға салып, қанын кетіріп жегізетін ет. Қансыз етке құс семірмейді.
«Көп сөз сұрап мазасын алдым ба?» дегендей Ботагөз сұрауын доғарған еді.
– Тағы да сұра, шырағым!–деді Амантай.– Мені ерінеді деме.
«Өзі не деген сүйкімді жақсы бала?– деп ойлады Амантай,– еркек боп тумаған екен. Маңдай жігіт болар еді».
– Бүркіт не аңды ала алады?– деді Ботагөз, ойындағы бар сұрауын түгел айтуға Амантайдың өзі мүмкіндік бергесін.
– Қоянды барлық бүркіт алады. Түлкіге түспейтін бүркіттер болады. Ал, кей бүркіт қасқырға да түседі. Осы бүркіт былтыр бір қасқыр алды.
– Түлкіден нешеу алды?
– Үш жылда жиырма бесін алды. Бұл жақта түлкі сирек боп жүр, осы кезде. Қояннан күніне он шақтысын ұстайды.
– Қасқыр да алды дейсіз бе?
– Я. Ол былай: былтыр, қысты күні аң кездеспей бүркітім ызаланып келе жатыр еді, бір арадан шоқытып боратқан қасқыр көрінді. Аржағында жақын жерде ағаш бар еді. Көзі қайдан шалғанын білмеймін, қолымдағы бүркіт көріп қап талпынып шыдатпағасын, тәуекел деп бауын сыпырып қоя бердім. Аспанға бірақ шапшып шарықтап биікке шықты да, қасқырдың жөнімен кете барды. Алдымызда бір төбе бар еді. Арғы етегі ағаш. Соның тұсына барғанда қасқыр көзімнен ғайып болды. Бір кезде аспанда түйіліп айналған бүркітім темен қарай сорғалай құлады. Қасқырдың аузына түсіп жазым бола ма деп қорықтым да, атымды тебініп шаба жөнелдім. «Түскен жобасы осы еді-ау!» деп мөлшерлеген тұсыма келсем, ағаштың жиегі екен. Қалың күртіктің ішіне ат бара алмайды. Жалма-жан атты қаңтарып тастай беріп, сыртқы күпімді шешіп, жеңіл киіммен күртікті ерлей, ағаштың ішіне жүгірдім. Мөлшерден қаталасқан жоқ екем. Бүркітім шаңқылдап қоя берді, ағаш арасынан мені көре қойған екен, жануар! Мен көрген жоқ едім. Бүркітім шақырған жерге ентігіп жүгіріп барсам, бір аяғы құрықтай қайыңға қадалған, бір аяғы қасқырдың төбесінде. Қасқыр сіресіп тартып тұр. Аяғын неғып үзіп әкетпегенін білмеймін. Баяғыда бір бүркіттің бір аяғы қасқырды осылай тоқтатам дегенде, ағашта қалды деп естіп едім. Жүгіріп келген қалпыммен қасқырдың тірсегінен алдым да, қындағы пышағымды суырып, ішін есіп жібердім. Шек-қарны қарға түскенде қасқыр қылжаң етіп құлады. Құлаған қасқырды бері қарай тартып, бүркітімді алайын десем, ағашқа қадалған аяғы да, қасқырға қадалған аяғы да қарысып қатып қапты. Көпке шейін жаза алмадым. Біраз азаптанып, зорға дегенде босатып ем – бастан қысқан тұяғы көзін шығарып жіберген екен.
– Еркем!– деген дауыс келді осы кезде Ботагөздің құлағына үйден, басқа аңдарды қалай ұстайтынын сұрағалы тұрғанда.
– Әу!
– Шайды жасашы, еркем.
Амантайға алғысын көзқарасымен ұқтырып, Ботагөз үйге кетті.
«Не деген жақсы бала, өзі!– деді Амантай тағы да ішінен.– Әттең еркек боп тумағаны-ай!»
5
Бұрын ұлық алдын көрмеген Амантайдың ет-жүрегі тітіркеніп, губернатор түскен Кулаковтың үйіне кепке шейін маңайлап батып бара алмады.
Әр пәуескені қаланың бір үйіне жеке түсірткен еді, Алексей. Оңаша бір үйді өзі жеке алған Кривоносов араққа қылжиған Итбайды таңға жақын үйге әкеп ұйықтатқан еді.
Түске тармаса оянған Итбай, басын көтерсе, арақ өтіп кетіп, шекесі зырқылдап тұр екен. Иіс тиіп басы ауырғанда шекесіне қар басса сауығып кететін еді. Сүйтер ме екен деп далаға шығып, қар басып көріп еді, зырқылдауы күшейе түсті. Ол көпке шейін үйге кіре алмады. Төңкерген қайықтың үстінде шекесін қолымен қатты қысып ол недәуір отырды. Бір кезде басы бәлкім жеңілдегендей болған соң еңсесін жазып еді, шарбақты жағалап Амантай кетіп барады екен.
– Әй, бері кел, Амантай!– деді ол; Амантай тоқтай қалды,– бері келіп кет деймін!
Амантай бұрылып келді.
– Ат-көлік аман ба? Қайдан жүрсің?
– Қонақ үйімнен.
– Сен кеше бүркітпен келдің ғой, бұл жаққа қайдан келіп жүрсің?
– Осы араның шұбарында түлкі бар дегенге келіп едім. Денесі тоңазығасын Итбай серги түсіп, орнынан түрегелді.
– Тұяқпен сенің не жақындығын, бар? Ілік-шатыс емессіңдер ме?
– Тұяқтың, шешесі – біздің апамыз.
– Сен Балтабекке қонып шықтың ғой. Қонағасы бере алды ма, байғұс? Мен кеше Асқардың айтуымен барып қалып, ұялып зорға отыр ем, Андрей шақырып әкетті. Әйтпесе, қиын болып еді. Нашар жігіт қой. Өзі мұнда не кесіппен тұрады?
– Іс соғам дейді.
– Одан не пайда көреді, байғұс? Анау қыз қарындасы ғой соның? Соқтауылдай ғып несін ұстап отыр оны, біреуге беріп мал қылмай?
– Оқитын көрінеді, ол бала.
Итбай кекетінді күлкімен қарқылдайын деп еді, сөйлегенде аздап ауырған басы, күлгенде солқылдайтын болды.
– «Оқиды!» деді ол қарқылдаудың орнына ернін шүйіріп,– не керек оқу, оған! Ол кім болады, оқып? Төре болмақ па? Беріп жібер одан да, малды көп беретін, өлтірмейтін біреуге! Оқу не теңі нашар адамның қызының?
Қыздың оқығанын Амантайдың өзі де ұнатпайтын еді, бірақ мына сөз оның көкейіне қонбады.
– Кім тұр оған малын тосып?– деді Амантай, Итбайдың құлқын байқағысы кеп.
– Кім жоқ? Басы-сирағы түзу қызды малын төгіп, кім болса сол айттырады.
– Сөйлесе қойған кісі болмағасын,– деді Амантай Итбайдың ішін ақтарғысы кеп,– кімге тоса қойсын, «қарындасымды ал» деп.
Амантайдың тұзағын сезбей Итбай оңай түсті.
– Сенің өзің менен көнегіңді ылғи сыртқа салып жүресің. Өзіңмен жолығып бір сөйлесейін деп ем, жақсы кез келдің. Баққа таласамыз дейтін, орыстың шені саған да, маған да жетеді. Қара басыңа забырым тиді десең, айт, міне көзің тұр! «Атқа міндің, ажалға міндің» дегендей, атқа мінген адамның артынан өсек ермей қоймайды. Періштемін демеймін. Расы да, өтірігі де бар шығар. Кәне, айтшы, Амантай, маған не кінәң бар?
Амантай расын айтқысы келмеді, ол риямен сөйлесті.
– Оның жол ғой, Итеке! Менің аламды мініп, құламды жетектемегенің рас. Ағайынды қарындастың біреуі кемшілік көрдім деп жылап келгесін, қолымнан келері болмаса да, ақыл айтатынымды жасырмаймын.
– Міне, соныңды айтшы! Сөздің беті ашылды. «Ер шекіспей бекіспейді», өз қара басыңа тиген залалым болмаса, көнекті сырттан сұрауды сен енді қой. Бірлікке келейік.
– Бірліктен мен де қашпаймын.
– Амантай,– деді Итбай қайыққа қайтадан отырып, қасынан Амантайға орын көрсетіп,– мында отыршы! Жақсылап кеңесейік.
Амантай отырды.
– «Құрғақ қолға бата жүрмейді» дегенді білесің ғой. «Құрғақ қасық ауыз жыртады». Шекісісіп бекіскен біз ғана емес. Бірлік берік болу үшін мұндайда не араға алым-берім жүреді де, не құдай десіп құда болады. Соның қайсысын істейміз?
– Қайдан білейін. Менде «мынаны кие ғой» дейтін саған лайықты ішік жоқ. Жалғыз атым бар, маңдайыма басқан, реті бар десең соны ал.
– Жоқ, сен менен ал!
– Мырзалығың болса мен қашады деймісің?
– Мен сенің атыңды да мінгізем, шапаныңды да кигізем. Бірақ соған бір дәнекер керек емес пе?
– Айт реті келетін дәнекер болса,– деді Амантай, Итбайдың сыр сандығы ақтарылуға жақынын көріп.
– «Бітер істің басына, жақсы келер қасына». Менің жасым қырықтың ішінде. Тәңірі берген азғана дәулет бар. Айранын ұрттап, қойын құрттап жүре беретін малжанды, сасық бай мен емеспін. Алланың берген аз дәулетін шайқап, аз күнгі өмірде қызығын көріп өткім келеді. Адам екі нәрсеге тоймайды дейтін еді атам марқұм: біреуі мал, біреуі перзент. Екеуінен де кеммін демеймін. Бірақ нұр үстіне нұр болғанын кім жек көреді.
– Әйел алғың келе ме?–деді Амантай, «сыпайыламай айтарын тез айтсын» деп.
– Бәйбішем қартайды, өзің білесің. Ортаншы әйелім аздап сырқат. Кіші әйелімді шаруаға керек деп алып ем, кедейдің қызы еді, салақтау адам. Алып қалғасын тастауға обалсынып күнін көріп жүре берсін деп ұстап отырмын. Енді жас болса жер ортаға келді. Тәңірі перзент берсе далаға тастамаспын. Ол үшін емес, өзімді күту үшін бас-сирағы дұрыс адам тауып алайын деп ем, қолдан баулитын жастау!..
– Көздеген жерің бар ма еді?
– Жоқ, әлі ешкімге ат қойып, айдар таққам жоқ. Елі құрғыр бесігінен құда болып – қыз қоймайды. Бірақ ел ғой, қарастырса не шықпайды дейсің.
Ботагөзді Итбай тура айта алмады. «Өзі де түсінер, енді» деп ойлады.
– Сонда да айт, атқа көп мінетін адамсың. Көздеген бір жерің, бар шығар?
Итбай Амантайдың кескініне көзінің қырын салып аз отырды да не де болса турасын айтайын деген ойға келді.
– Осы, анау Балтабектің қолындағы туған қарындасы ма?
– Солай деп естідім.
– Қарындасы тап-таза, жап-жақсы екен.
– Жаман бала көрінбейді. Бұрын келіп көрген жоқ ем. Кеше көрдім.
– Сенімен көңілі қалай еді, Балтабектің? Тіліңді ала ма?
– Қайдан білейін?
– Момын жігіт қой, алар тіліңді. Менің өмірде саған түскен бір ісім екен. «Ер мойнында қыл арқан шірімейді». «Қызмет қыл да міндет қыл» депті бұрынғылар. Мен сені осы жұмысқа салғалы тұрмын.
– Не жұмысқа?– деді Амантай түсінбеген боп.
– Сен Балтабектің тамырын тартып көр. Тартып көрме бұла «бер» де. Сенің сөзіңнен шықпайды. Егер ретін келтірсең, бар малым қолыңда. Ретін тап та тойғанынша Балтабекке де жегіз, тойғаныңша өзің де же! Қолыңды қақпаймын.
«Рас айтып тұр ма, осы?» дегендей Амантай Итбайдың бетіне қараса, ішінде тұтанған үміттің ұшқыны бетіне шығып, «сәті келді» дегендей кескіні жайраңдап тұр екен.
– Неге қарайсың?– деді Итбай, сөзді тез пісірейін деп,– айтқаным-айтқан. Малдан қолыңды қақпаймын. Өмірлік дос боламыз, әнеукүні бір ретсіз сөздер айтып ем, соны көңіліңе ауыр алып жүрсің бе? Көңілі салқын кезде кісі не айтпайды. Өткен өтті. Енді ақыреттік дос болайық. Губернатор өзіміздің қолда. «Жерім кетті» деп арыз айтқалы ойлап жүр ең, айтқанымды орындасаң, жерің де өзіңде қалады, бәрінің де ретін келтірем.
«Айнала тұзақ құрдым, енді қайда барар екен?» дегендей Итбай Амантайдың бетіне жалтақ-жалтақ етті.
Бір қабағын түсіре, бір көзін кішірейте, бір көзін түйілдіре Итбайға недәуір уақыт қарап отырған Амантайға келген ой: «Аждаһадай аранын ашқан екен, жауыз. Ниеті кеткен екен. Сорлы баланың үстіне қара албасты төнген екен. Ойға алғанын орындамай қоймайды бұл жауыз. Уа, сорлы бала, басыңа не күн туады? Күн туса саған кім пана бола алады! Қасқырдың аузына түскен лақтай дыбыстауға әлің келмей кете барасың ба?»
Ендігі сыпайылықтың да, қулықтың да орны жоқ деп ойлаған Амантай, Итбайға тіл қатпастан орнынан тұрып, жүре берді.
– Әй, қайда барасың?–деді оған таң қалған Итбай.– Жаңағы сөзге не айтасың?
Амантай үндемей аяңдай берді.
– Әй, тоқташы!– деді Итбай түрегеп.– Сен де, мен де бала емеспіз! Мен сені кісі деп сөз айтсам, сенің мұның қалай, бұла жөнелгенің?
– Мен бұл іске кірісе алмаймын!–деді Амантай, Итбай соңынан жүрген соң, тоқтап.
– Мен кіріс деп жалынбаймын. Адам деп айтқан сөзге осылай қарау лайық болса, тарта бер. Болмаса, реті жоқ десең, оны айт.
– Турасын айтқанда, реті жоқ қой деймін.
– Қалайша?
– Ол біреудің аузынан уызы арылмаған жас баласы. Сен жер ортаға келген адамсың. Обал қайда?
– Пәле-ау? Тапқан екесің обалды. Қатын алу обал дегенді қай шариғат айтқан? Олай болса пайғамбар неге төрт қатын алды?
– Шариғат зорлап ал демеген.
– Е, мен зорлаймын ба? Алсам адал малыма алам.
– Итбай!– деді Амантай,– бұл арада көп сөйлесетін дәнеңе жоқ, расымды айтқанда, мен бер дей алмаймын. Бер дегенмен, ағасы бермейді.
– Неге бермесін, малдың боғын жегелі отырған кедей, көзіне көп мал көрсетсе, бермек түгіл, лақтырып жіберер!..
– Малға ағасы қызықпайды, бермейді!
– Мен алам.
– Қалай аласың? Зорлық қыласың ба?
– Зорлық қылғанда қайтесің?
– Жоқ, қыла алмассың!
– Көрерсің!
– Көрсек көрерміз.
Амантай жүріп кетті. Итбай бірдемелерді айтып еді, оны ол тыңдаған жоқ.
Итбайдан ұзаған Амантайдың көзіне Ботагөз елестеді. Болашақтың қайғы тұманы алыстан түнеріп, бері қарай сырғып келе жатқандай болғасын, Ботагөзге кешеден бергі жүрегінде ойнаған туысқандық, әкелік сүюі күшейді. «Жоқ!– деді ол ішінен өзіне өзі жігер беріп,– мен бұл іске енді белімді байлаймын. Мен өлмей Ботагөзді Итбай ала алмайды. Табанына қадалған шөгір маңдайыма қадалсын дейтін Ботагөздің әкесі енді мына мен!»
Балтабектің үйін Амантайдың басы емес, аяғы тапты.
– Нағашы!–деді есік алдында тұрған Балтабек қарсы ұшырап.– Сізді төре шақырады деп кетті.
– Қай төре?
– Қайсысы екенін қайдан білейін. Андрейдің үйіне қонғаны.
– Ә, губернатор екен ғой. Неге шақырған екен?
– Әлгінде Андрейдің қызы Лиза келіп сіздің бүркітті көріп таңданып кеткен еді. Ағасына айта барса керек. Ағасы артынан кейін көп кешікпей келіп, бүркіттің қасында біраз тұрды. Сені іздетіп еді, таба алмадық. Алексей кеткесін: «бүркіттің иесін төре шақыртады» деп Антон келді. Тегі Алексей айта барған-ау деймін. Бүркітін ала келсін депті.
Губернаторға қалай жолығудың ретін таппаған Амантай қуанып кетті.
– Асқар қайда?
– Үйде.
– Шақыршы! (Балтабек шақырды.)
– Мені,– деді Амантай далаға шыққан Асқарға,– губернатор шақырған екен. Мен орысшаға шорқақпын ғой, еріп жүрші, шырағым. Арызымды да сол арада ұсынып қалайын.
– Барайын, ағай.
Амантай бүркітті қолына қондырып, Асқармен екеуі жаяу жөнелді.
Балтабек пен Айбала қала қыдырып жұмыстарына кетті. Иесіз үйде қалғасын Ботагөзге жалғыз отыру қиын болып, іші пыса бастағасын есікке құлып салды да, Лизаға жөнелді.
Ботагөз Кулаковтікіне келсе, төрелердің бәрі есік алдында бүркітті көріп жатыр екен. Ығысып өте берген Ботагөзді Сухомлиновтың көзі шалып қалып көңіліне «не деген әдемі қыз?» деген ой келді.
– Алексей Андреевич!– деді ол Ботагөзді ақырын иегімен нұсқап,– киргизка?
– Да, киргизка,– деді Алексей де Ботагөзді көріп.
– Шақыршы бері.
– Ботагөз!
Асқар Ботагөзді көрген жоқ еді, Алексейдің неге «Ботагөз!» дегеніне, жан-жағына қараса, Ботагөз жүгіре басып, Кулаковтың ағаш үйіне кіріп барады екен. Алексейден Ботагөзді ол қызғанады. «Атын қайдан біледі?» деп ойлады.
– Шақырып келіңіз, оны!– деді көргісі кеп губернаор.
– Шақырайын, маған келсе!
– Мен әкелем!–деді Асқар.
Асқар Ботагөз кірген үйге барса Лизамен екеуі бірдемені сөйлесіп күліп тұр екен. «Сені губернатор шақырады» демеді.
– Неге үйде тұрсыздар, далаға шықпай?–деді екеуіне Асқар.
– Кіммен шығам?–деді Лиза.
– Кіммен болсын, екеуің!
– Ботагөз барсын. Оның кавалері бар, менде жоқ.
– Кавалері кім?
– Сіз ше?
– Ничего подобного!– деді Ботагөз қып-қызыл боп.
– Мен білмеймін бе?
– Елизавета Андреевна, мен сізге кавалер болайын. Жүр, далаға шығайық.
– Жоқ, жоқ!..
– Да-да,– деді Ботагөз сөзді өзінен қашырғысы кеп.– Дұрыс!
Екі қызды Асқар қолдарынан ұстап далаға алып шығып еді, төрелер қарап тұр екен. Лизаға ыңғайсыздық туып, кейін кетейін деп еді, «бері кел!» деп ағасы шақырды. Үшеуі де келді.
– Бері кел, қызым!–деді губернатор Ботагөзге. (Ботагөз жақындады). Орысша білесің бе?
– Білем.
– Молодец. Оқу оқыдың ба?
– Оқып жүрмін, үшінші класта.
– Орысшада ма?
– Я.
«Айналып кетейіннің қаймықпай сөйлеп тұрғанын қарашы!– деді Амантай, әкелік махаббаты бұрынғыдан да артып,– тәңірі түймедей шектің несін аяды екен! Әттең, ұл боп тумағаны-ай!»
Губернатор Ботагөзге: оқуы, үй жайы, туысқандары туралы бірнеше сұрау беріп еді, Ботагөз бәріне де лайықты, салмақты жауап берді. Ағаларының жайларын жекелеп қысқаша баяндаған Ботагөз, Темірбек туралы айта бергенде, қарсы алдында тұрған Кошкинге көзі түсіп кетті. Ботагөздің Кошкинді атарға оғы болмайтын еді, оны жек көргендіктен, егер көшеде қарсы ұшыраса бұрылып кететін еді; Кенжетайды Кошкиннің ұрғанын Ботагөз кімге айтуды білмей іштен кіжінетін еді. Кеше, губернатор келгеннен бері, оны ең жоғарғы әкім, және әділдік иесі деп түсінген Ботагөз: «реті келсе айтармын-ау» деп ойлап, «реті келмейді ғой! Губернаторға жолықпаймын ғой!» деп өкінген еді.
Міне, енді реті кеп қалғанын Ботагөз білді. Бірақ «осылай да осылай» деуге қанаты қатпаған жас сезімі еркін билеп, жайшылықта бойына сыймайтын арыз сөздердің аузына біреуі де түспей қалды. Ішкі сезім толқынымен айтып тұрған кеңесінен Ботагөз бөгеліп, жасаураған көзі жаудырап, Кошкинге қарай қойды. Кошкин Ботагөздің бұл қарауына түсінген жоқ.
– Неге бөгелдің?– деді губернатор Ботагөзге.
Енді сөйлесе жылап жіберетінін сезген Ботагөз, бетін алақанымен басып, Кулаковтың үйіне жүгіре жөнелді.
– Бұл немене? Не боп қалды?– деді губернатор иығын көтеріп, көзін бажырайтып.
Ботагөздің бұл халын Асқар ғана жақсы түсінген еді.
– Не хал болғанын мен сізге айтайын,– деп Асқар, Кошкиннің Кенжетайды ұрғанын, бұл ұру – Ботагөздің көңілінде жара екенін қысқаша айтып өтті.
Асқар айтып тұрғанда, Кошкиннің зәресі кеткені сондай, егер жер тесік болса еніп кетер еді. «Өлдім!» деп қалтырады ол.
Губернатор Асқардың сөзін қабақ шыта тыңдап, Асқар сөзін: «соны істеген осы Кошкин!» деп бітіргенде:
– Мен сені!..– деді губернатор Кошкинге саусағын безеп, көзін ежірейтіп. Кошкиннің денесі мұздай қата қалды. Одан қатты сөз айтса жүрегінің, қабы айрылар ма еді, қайтер еді, әйтеуір бақытына қарай, айтқан жоқ. «Я, тебенің» артында зіл барын, я ұлықсынып айта салған кексіз жеку екенін Асқар да, басқалар да білген жоқ.
– Аңға ертең таң біліне шығамыз!– деді губернатор серіктеріне,– Алексей Андреевич, аттарды әзірле дерсіз. Мен аң аулауды білем. Онда кісінің көбі залал. Бізден төрт-бес кісі ғана барады. Мына бүркітші ғана барар. Басқасы керегі жоқ. Казактардан бес-алты кісі. Сол жетеді...
– Дұрыс!
Губернатордың Амантайға көңіл бөлуінен Итбай төмендеп қалды.
6
Сухомлиновтың әкесі, ағайындары, ағалары түгелімен аңшы еді. Талай қасқыр алатын иттер, талай қасқыр соғатын аттар, талай мүлтіксіз тиетін мылтықтар олардың қолынан өткерілді.
– Аңға ертең нелер даярлаймыз?–деп сұраған Алексейге:
– Ит ермесін. Мылтық алынбасын. Оның бәрі көрген қызық. Бұл жолы бүркіттің ғана қызығын көреміз,– дегенді айтты губернатор.
– Ерте тұрып кел!– дегеннен кейін Амантай сақ ұйықтап, тауық шақырғасын түрегелді.
– Келін, ә, келін!–деді ол, шамды тұтатқасын.
Амантайдың даусына оянған Балтабек, Айбаланы тұрғызып, шымылдықтан Айбала шығып еді:
– Көжеңді жылтшы, шырағым!–деді Амантай,– мен аңға жүрем.
Пештің қоламтасына қойған көже ысып тұр еді, Айбала бір аяғын құйып берді, Амантай нан қосып ішіп, тойып алды. Осы кезде Асқар да басын көтерді.
– Жүрейін деп жатырсыз ба, ағай?
– Я.
– Сізді жөнелтісіп қайтайын.
Асқар киініп Амантаймен далаға шықса, таң қараңғысы екен.
– Күн ашық болады екен. Қансонар, оң жолын берсе жақсы болды!– деді Амантай.
Иығына тонын жамылып, пимамен далаға шыққан Балтабек, Амантайдың атын ерттеп берді.
Аңға шығарда Амантайдың денесі құрыстайтын әдеті еді. Әрбір кәсіптің әруағы бар деп түсінетін ол, денесі құрыстағанда «аңшылықтың әруағы аттанарда келетін шығар?» деп ойлайтын еді. Күндегі дағды ма, ұйқысы қанбағандық па, болмаса губернатордың мысы жеңгендік пе, әйтеуір, Амантай құрыстаған денесін қалай керілсе де, атына отырғанша жаза алмады.
Бірнеше күннен бері аңға түспеген бүркіт, Амантай атқа алып мінгенде, қуанған немедей талпынып екі-үш рет шаңқылдады.
– Ә, жасаған!– деді Амантай естірлік дауыспен,– оң сапарын бере гөр!
– Ағай, сіз жолмен оралып барасыз,– деді Асқар,– мен мына тетесінен жаяу жүретін жолмен барам.
Асқар тете жолмен Кулаковтігіне Амантайдан бұрын жетіп, «тұрды ма екен?» деп көзін салса, ешбір үйде жағылған шам жоқ екен. «Қалай оятам, ұйықтап қалған-ау!» деп тұрғанында, аржағынан біреу қараң ете түсті.
– Кімсің– деді ол жақындап.
– Асқармын.
Антон екен.
– Неғып тұрсың мұнда?
– Амантайды шығарып салайын деп едім.
– Қай Амантай?
– Бүркітші. Аңға шығатын уақыт болды.
– Губернатордың өзі де аң басып жатыр...– деді Антон күліп,– тез тұрмас.
– Ол не аң?
– Айтайын, ешкімге аузыңнан шығармаймысың?
– Шығармаймын.
– Осында жүрісі көп бір солдат қатыны бар еді, Алексейге губернатор «әйел тауып бер» дегесін, соны әкеліп іңірден қасында жатыр.
Сол кезде губернатор жатқан үйдің есігі сылдырлады.
– Тығылайық!–деді Антон Асқарды итермелеп.
Екеуі бойтаса қылды. Үйден: үстінде бүрме бел тоны, басында қалың шәлісі бар әйел шығып, жөніне тартты. Амантайдың келуін күткендей, ол Кулаковтың үйінің алдына тоқтағанда, төрелер де, казактар да сол араға жан-жақтан жиналды. Баратын кісіден жөнелтетін кісінің саны көп болды.
Сухомлиновтың сүйетін бір қызығы – салт жүру еді. Сондықтан «аң қағатын жерге шанамен барасыз ба?» деген сұрауға «салт барам» деді ол.
Аңшылар аттанғанда таң білінген еді. «Мүмкін, әкетер» деп дәмеленіп келген Итбай, елеусіз қалып қойғанына қатты налыды. Амантайдың дәрежесі бұдан артып кеткен тәрізденді. Ол, ішінен, төрелерімен тарта жөнелген Амантайды: «жолыңа жуа біткір!» деп қарғады.
...Итбайдың қарғысы тура келгендей болды. Аңшылар кешке қайтқанда, Амантайды урядник Кошкин желкеден түйгіштеп отырып, Андрейдің сайман қоятын салқын үйіне қамады да, есігін құлыптап, терезесіне қарауыл қойды.
«Шоқ-шоқ!»–деді оны көріп тұрған Итбай табалап,– әруағыңнан айналайын ата-бабам, сарт болып кетті ме деп ойлаған ем, болған жоқ екенсің! Үзеңгі теңестірем деп шалжақтап еді бәлем, құдай теңестірмегенде қалай теңесе алады? Мойны астына түсе құлаған екен.
«Амантайды қамап тастады» деген хабарға сасып, аңға барған казактардан Асқар мен Балтабек «не болды?» деп сұрастырса, уақиға былай екен:
Бурабайдың ық жағына отыз шақырымдай жер барып аңшылар жолдан бұталы бір адырға бұрылады. Түске шейін түлкі кездеспей, бүркіт оннан артық қоян ұстайды. Түс ауа бір түлкі кездеседі. Бауыры жазылып, бабы келген бүркіт қияға өрлеп алып, түлкіге шаншыла түседі. Бірақ түскен жері аңшылардан алыс болады. Жан-жақтан тырағайлап шауып келген аңшылар аттарынан түсе қалса, бүркіттің бір аяғы түлкінің аузына түсіпті. Түлкі бүркіттің тегеурінін шайнап сындырып тастаған екен. Сонда да жібермей түлкіні сау аяғымен өкпесінен сығып өлтіріп тастапты.
Ашу кернеген бүркіт, Амантайдың өзі келгенше басып отырған аңын бермейді. Амантай кеп бүркіттің сынған тегеурінін орамалмен байлайды да:
– Енді салуға жарамайды, әрі шаршады, әрі аяғы жараланды, түлкіден жем айыртайық та, қайтайық,– деп түлкіні соя бастайды.
Ит, ат, мылтық бәрінен бүркіттің аң алуын қызық көрген Сухомлинов:
– Әлі де аң қағайық, «үн батпай қайтпаймыз,– деп болмайды. «Тойса аңға түспейді» дегесін бүркітке жем татқызбайды.
Губернаторды түсіндіруге болмайтынын көріп, Амантай амалсыз ереді. Күн еңкейгенше аң кездеспейді.
Бір кезде бір түлкі көрінеді.
– Жер шамасы алыс. Қайырып жақындатпасақ бүркітке ол алдырмайды,– деген Амантайдың сөзіне болмай:
– Құс тез жетеді, жібер!– деп губернатор бүркітті босаттырады...
Түлкіні көзі шалмаған, ашық қан, әрі аяғы ауырып ызалы отырған бүркіт теріс ұшады. Түлкі бір төбенің тасасына түседі. Жоғарылаған бүркіт солай қарай беттегесін, тым-тырағай бытырап, аңшылар тұра шабады.
Бүркітті көрген түлкі ол кезде тастың үңгіріне кіріп кетеді. Бүркіт түлкіні көрмейді. Әр жерде бытырап шауып келе жатқандардың ішінен адъютант Дудкин: «түлкі мына жақта!» дегендей бүркітке бөркін бұлғайды.
Дудкиннің бөркінің төбесі қызыл шұға екен. Көзі Қиядан шалатын қырағы бүркіт, бөріктің шұғасын ет екен деп ойлайды да, мені еже шақырған екен деп, төбесінің тұсына кеп біраз түйіліп жүріп, құлдырап құлайды.
Төбесінен бүркіт самғап желе жатқанын көріп сасқан Дудкин, қолындағы бөркін басына кие қояды. Бүркіт оның төбесін бүре кеп үстіне қонады.
Әрі аш, әрі ызалы бүркіт саласын қысып жібергенде, тұяқтары Дудкиннің бас терісін айырып түседі. Егер бө-рік болмағанда өлтіріді екен. Уысына бөрік толып сүйекке зақым қылуға жібермейді.
Дудкиннің бақырған дауысымен жан-жақтан жұрт жетіп келеді. Амантай келгенше Алексей бүркітті револьвермен атып өлтіреді. Бірақ қарысқан уыс жазылмай, аяғының сіңірін пышақпен қиып зорға босатады. Дудкин қансырап талып қалады. Оны тығыз түрде жақын ауылдан шана алдырып, больницаға жібереді.
Амантайдың айыпсыз екеніне төрелер қарамайды. «Бүркітіне әдейі бүргізді» деп жорамалдайды... Кошкин сол арада Амантайдың «бүркітім тілімді біледі» деген әнеугі сөзін айтады. «Бұл өзі кім екен?» деп Амантайға сол арада тінту жасаса, бойынан, губернаторға жер туралы жазған арыз шығады.
– «Ә, солай ма?–дейді губернатор,– жерімді переселенцыларға алып берген осылар деп, бүркітіне бұл қастық істеуді үйреткен шығар. Мүмкін, мұның көздегені Дудкин емес, мен шығармын. Құдай сақтады».
Қысқасы, губернатор бүркіттің бұл бүруін Амантайдын, әдейі қастықпен істеткені деп, үкімет адамына қызмет үстінде қастық жасау заңымен жазаға тартуға ұйғарады. Губернатордың бұйрығымен Амантайды Кошкин қалаға әкеп қамайды...
ЖЕТІНШІ ТАРАУ
ПЕТЕРБУРГКЕ САЯХАТ
1
Ертең Петербургке жүреміз деген күні, балаларды оқудан таратардың алдында, қайда баратындығы туралы Асқар әңгіме жасауға ойлады.
Төртінші кластағы балалардың алды, әке-шешесі, туысқан-туғаны жоқ, 12–13 жастағы Сағит деген панасыз жетім бала еді. Ол баланың үй-күйі болмағандықтан көбіне школда ұйықтайтын. Кей кештерде Асқар басқа ермек таппай, кітап оқуға ерініп, школда отырғанда Сағит келіп көңілденіп қалатын. Өйткені, Сағит бір жағы ертегішіл, екінші жақтан, бір кеңесті бастап берсе толық ұғып алуға тырысып, содан көп сұраулар тудырады.
«Егер,– деп ойлайтын еді Асқар кейде Сағит туралы,– стипендияға ілігіп, қалалы жерге оқуға түссе, түбінде ғылым иесі адам боп кетер еді, зиректігі .ғажап. Мен мұнын, ілгері барып оқуына көмектесуім керек!»
Әңгіме айтуға класқа (жинап отырғызған балалардың Сағит алдыңғы жағында еді. Қасында Итбайдың Серғазы деген кластас баласы отыр.
Балалар орналасып болғасын, Асқар европалық Россия мен жер шарының шығыстық жартысының географиялық картасын алды да, мектептің қабырғасына ілді.
– Кәне, балалар!–деді ол, екі картаның арасында тұрып,– қайсың, шығасың сұрауға жауап беруге?
Сағит пен Серғазы қолын қатар көтерді.
– Кел, Серғазы, мұнда! (Серғазы түрегеп келді). Жер шарының құрғағы нешеге бөлінеді?
– Төртке,– деді Серғазы картаны көзімен шолып алып.
– Беске!– деді Сағит, шыдамай,– Европа, Азия, Африка, Австралия, Америка.
Серғазы қулау еді. Сағиттің сөзі дұрыс екенін көре тұра ол тәсіл тапты.
– Мен мына картадағы төрт бөлекті айттым. Мұнда Америка жоқ,– деді ол.
– Мынау қай мемлекеттің картасы?– деді Асқар Серғазыға, европалық Россияның картасын нұсқап.
Серғазы таба алмай тұрғанда Сағит тағы айтып жіберді. Бастапқы жауабын елең қылмаған Серғазы, бұл жолы Сағиттің қыстырылғанын ұнатпай, ала көзімен адырая қарады.
– Россияның патшалығы тұратын қай қала және қай жерде? Көрсетші?–деді Асқар.
Серғазы көрсете алмады.
– Мен көрсетем,– деді Сағит.
– Серғазы, сен отыр! Бері кел, Сағит! (Сағит келді). Россияның патшалығы тұратын қаланың аты не?
– Петербур.
– Германиянікі?
– Берлин.
– Франциянікі?
– Париж.
– Енді картадан Петербурді көрсет!
– Міне!– деді Сағит бөгелмей.
Одан терең сұрау беруге балалардың білім мөлшерімен есептесіп, Асқар түсінікті тілмен, қысқаша, жүретін жолының мәнісін балаларға әңгіме ғып айтты. Бірақ, бұл әңгіме оған өте қиынға соқты. Өйткені, патшаны ол жек көреді. Жек көрген адамын балаларға жақсы кісі ғып көрсетуге болмайды. Жамандайын десе жоғарғы жердің құлағына шалынады екен деп қорқады. Сондықтан, ол патшаның атын немқұрайды атап қана, балаларға Петербурды мақтады.
Әңгімесін бітіріп, балалардың біраз сұрауларына жауап беріп, жақсы оқитындарына базарлық әкелуге уәде ғып, бос жүргенде тәртіпті болудың, сабағын қарастырып жүрудің ақылын айтып, Асқар балаларды таратқанда, Сағит жападан-жалғыз сытылып кейін қала берді.
– Жарайсың, Сағитім!–деді Асқар оны арқаға қағып,– жарайсың, жетімегім! Ертең-ақ адам болып кетесің. Биылдасын ілгері оқуға жіберем. Мен келгенше кітаптарыңды пысықтап жүр, жарай ма? Өзіңе базарлық әкелем. Не әкелейін?
– Қызық кітаптар әкел, аға! Тіпті қызық кітаптар әкел, жаттап алайын, жарай ма?
– Жарайды, әкелейін...
«Жарайды әкелейінді» айтып, жылы шыраймен Асқар арқаға қаққанда, Сағит әлденені айтқысы кеп бата алмаған адамдай, Асқардың бетіне күлімсірей қарады.
– Бірдеме айтайын деп пе едің?– деді Асқар.
Сағит күлкілі кескінін солғындырып, төмен қарап тұнжырады.
– Айт, шырағым, неге бөгелдің?
Сағиттің бетіне қараса, көзінде жас іркіліп тұр екен.
– Біреу тиді ме?
Сағит солқылдап жылады.
– Неге жылайсың, айт маған?
Сағиттің дауысы дірілдеп, айтайын деген сөзіне аузы келмеді.
– Сен сондай осал ма едің?– деді Асқар, балаға қайрат бергісі кеп,– мен сені мықты деп жүрсем! Мынауың не, жаман, жасық балаша жылап тұрғаның! Ер жігіт болатын бала жыламайды. Жылама, жаман балаға ұқсап!
Баланың неге жылағанын жорамалдаған Асқар, қайрат айтқан болғанмен, өзінің де жүйесі босап, көзіне жас келіп қала жаздады.
Бала бір кезде көзін жеңімен .сүртті де, қайратты кескінмен Асқарға басын көтере қарады.
– Жігіт!– деді Асқар,– е, бәсе, сүйтші! Жаман, жасық неме деп балалар күлер. Сен олардың көзінше жылаушы болма.
– Аға! Әлгі бір журналда жазылған жетім бала бар ғой... жетімге... жетімді оқытып... оқытады... ақша беріп... деп... деген, журналдан оқып ем, мені, сонда ала кетсең қайтеді, аға!
Асқар Сағиттің жалынышты кескініне ойлы көзбен қарап тұрды.
– Әке-шешең, аға-інің жоғын білем. Сенін, туысқан апаларын, бар ма?
– Күйеуге берген үшеуі бар.
– Мен келгенше солардың, біреуінде тұра тұр, Петербурдан қайтқан соң өзім орналастырам.
– Апаларыма бармаймын.
– Неге?
– Барғам. Қуып жіберген. Күйеулері байлар, мені менсінбейді.
Кедейдің қызын не сауыншыға, не бала көтеруге тоқалдыққа алып күң ғып ұстайтын қазақ байларының әдетін жақсы білетін Асқар, Сағиттің намысына тимейін деп одан әрі сұрау берген жоқ.
Сағиттің ,«мені алып кет» деуінің аржағында тұрған тарихтың бәрі Асқарға айдан ашық еді. Оның қолынан келетін еңбек–қой бағу, қозы бағу. Асқар келгелі, жазды күндері ол сол кесіпті істеді. Қысты күні ауыр жұмысқа жарамайды. Жеңіл жұмыс оған табыла қоймайды. Қылышын сүйреткен қыс мынау. Жаз болса, ашты-тоқты болса да пана тауып күн көрер еді. Қыс ішінде қайда сыяды? Есіркеген үй, көп болса бірер күн тамақ берер. Күн саны көп, таныс саны аз. Жолатпаса қайда барады?
Асқардың басына осы сұраулар туып, ол біреуін де шеше алмады.
Ауылдағы жүн көрісі нашар бала жалғыз Сағит емес, Асқар ондайлардың талайын көрді. Жетім балаларды асырайтын приют ауылда жоқ. Аз жасында Асқар кемшілік тұрмыстағы талай адамды көрді, сол кемдердің ішіндегі ең кемі, ең аянышты халдағы–қазақ ауылындағы жетімдер. Асқардың бақылауында айуан малдан жетімнің күні анағұрлым жаман.
Ауылдағы жетімдердің тұрмысын жеңілдету ниетімен Асқар үкімет орындарына олар туралы запискалар жазды, журналдарға хабарлар бастырды, бірақ одан шыққан нәтиже жоқ.
«Ең болмаса оқу жасындағы жетімдердің біразына көмек болсын» деген оймен, ол Итбай аулындағы школа қасына интернат аштырам ба деп жыл сайын талпынады, жыл сайын бұл ойы іске аспай, арман боп қала береді.
Сағит Асқарға ұнайды. Адам болатындығы, ақылы барлығы, зеректігі оған мәлім. Кітап, газет, журналға құмарлығына, оқыған заттарын ұғуына қарағанда, 12–13-тегі бала дейтін емес, ер жетіп, жігіт боп қалған дейтін. Білімі, ойы, ақылы, тоқуы жас мөлшерінен үздік артық. Егер жағдай болса, бұл бала кісі болайын деп тұр. Жағдай – ақша. Ақша қайда?
«Мен келгенше не күн көреді?» деген сұрауына, Асқар жауап таба алмай біраз тұрды да:
– Сағит! Сен Кенжетайдіжін білесің ғой?– деді оған.
– Білем.
– Оның Бурабайда тұратын ағасы Балтабек дегенді білесің бе?
– Көргем жоқ, естуім бар еді.
Соның үйіне қалдырып кетсем қайтеді?
– Егер тұрғызса.
Мен айтсам тұрғызады. Өзім қайтып келгенше тамағыңа жетерлік ақша қалдырам. Бұған ризасың ғой?
– Ризамын.
– Ендеше, бүгін кешке Кенжетай Бурабайдағы ағасына жүреді, сені соған ертіп жіберейін.
2
– Үлкен үйге шайға шақырады,– дегенге оянып, тұрып, жуынып, киініп, Байсақалдікіне барған Асқар, сонда отырған Итбайды тани алмай қала жаздады.
Көкшетау еліне ол кезде Европа киімі жайылмаған еді. Костюм кию былай тұрсын құлақшынның өзін, молдалар, кіреске шатыс киім деп, құлақшынға әуестенген жастарды, оны киюден қатты тиятын. Ат арқасына мінген елдегі «игі жақсы» да, Европа киімін үстіне ілген Итбайдан басқа бір жан болмайтын. Итбайға «неге киесің?» деуге молдалар батпайтын.
Асқар үйге кіріп келсе, Байсақалдың оң тізе жағында: үстінде сарыға бояған ешкі терісінен кестелеп тіккен құндыз жағалы тоны бар кестелеген айыр балақ кең тері шалбары бар, басында шұғамен оюлаған айыр ақ киіз қалпағы бар біреу отыр.
Кривоносовтың: «Петербурше қазақтың ұлт киімімен баруың қажет» деп Итбайға жазған қағазын оқығанын есіне түсірді Асқар.
– Шырағым, ана тұсқа отыр!–деп Байсақалдық нұсқаған орнына Асқар отырғасын, оның да жол жүретінін естіген халық:
«Сапарын, оң болсын, шырағымды» тұс-тұстан жаудырды.
Баяғыда патшаға қазақ бағынып, елдің Шорман, Ыбырай, Зілғара, Тұрлыбек сықылды басты билері Петербургке Көкшетаудан атпен кетіп, жылдан артық, жол жүріп қайтқанын естігені болмаса, бертін заманда Думаға член болған Қосшығұлдың Шаймерденінен басқа кісі Петербургке барыпты дегенді ел құлағы шалған жоқ еді. Петербург былай тұрсын, Көкшетауды айнала қоныстаған Атығай мен Керейден Омбыға Итбайдан басқа барған кісі бар деп естілмеген. Петербург түгіл Омбының өзін, кедей шаруа былай тұрсын, атқа міндім деген пысықсымақтар да Меке мен Мединедей алыс жер деп түсінеді. Итбайды жөнелтуге келіп отырған елдің, «игі жақсы» дегендерінің көбі осындайлар. Солар ертеңгі шайды ішіп, жинап, оның артынан ет жеп болғанша Итбайға әртүрлі сұраулар беріп мазасын алды.
– Кетрампорыңның өзі жердің түбі дейді той, білетіндер?–деп сұрады біреуі.
– Мырзаның баратын жері Кетрампор емес. Орынбор деп естідім бе қалай?– деп оның сөзін түзеп жатқан бір қартаңдау ауылнайдың сөзіне Асқар күліп жіберді.
– Неге күлесің, шырағым?
– Кетрампорға да, Орынборға да бармайды мырза, бұл кісі Петербурға барады.
– Кетрампор-сетрампорыңның қайсысын біліп жатырмыз, елдегі қара қазақ! Орыс қаласының санына құдай болмаса адам жете ме,– деп ауылнай кейіп қалды.
– Өзі осы арадан неше шақырым екен?– деді біреу.
– Осы тұрғанда қай жағымызда өзі?– деп сұрады екінші.
– Ылғи кәпір тұра ма екен, болмаса мұсылман да бар ма екен?
– Қызылжардағы Ганшиннің астылы-үстілі дүкені сықылды үйлері керемет шығар-ау, оның?
– Онда шымқай алтыннан салған үйлер де бар шығар?
– Шам шаһарының төбесі күндіз ашылып, түнде жабылып қалады дейтін. Бұ да сондай емес деймісің?
– Тек, Шамға теңгермеші, өңгеге теңгерсең де! Жарықтық Шамға не жетсін, алланың береке берген жеріне!.. Петербург қаласы туралы осындай сұраулар қойып дуылдасқандардың сөзіне Итбай жауап берген жоқ. Асқар түсіндірем деп алғашқы кезде тырбанған еді, көпшілік түсінбей орынсыз сұраумен басын қатырғасын о да қойып, самбырлаған кеңесті қызық көріп, құлағын түрді де отырды.
– Ұлықсат етіңіздер, жол жабдығын қамдатайын,– деп Итбай етті жеп болғасын шығып кетті.
Ертең жұрттың ендігі айналдырғаны патша болды.
– Патшаның аты кім екен?– дегенге, қартаң ауылнай:
– Мекалай,– деп келе жатыр еді...
– Тәй, жағың қарысқыр, оттама! Осы неме қайдан білгір боп кеткен, тәштиіп, «естірген бұқадай! Саған көсемсіген не керек?– деп, бір би қайырып тастады.
– Білгенімді айтпайын ба?– деп ауылнай мыңқылдап еді.
– Сол ма, білгенің,– деді би екіленіп,– аузыңа келгеніңді шатып отырсың! Шабашидың қақолы деп отырмысың, патша жарықтықты, аты Мекалай болатын?
– Патша екені рас. Бірақ «тегін жасырған мүртет» дегендей, ол жарықтықтың тегі орыс екенін" жасырамыз ба?–деді бір ақсақал, ауылнай үндемей қалғасын.
Азырақ сырқаттаумын дегесін Ғайнолла ишанды оңаша үйге күтіп, дәмін сонда оңаша беріп, көп отырған үйге келмегендіктен шариғат айту теңдігі Ақбас молдаға тиген еді. «Ишан келгелі осы молданың берекесі қашты, иығынан су құйылды» деп кейбіреудің қалжыңдағанына Ақбас молда да, амалы жоқ, үндемейтін. Бұрын бір елдің текесі болғанмен, ишан келгелі оған сөзден сыбаға тимегені рас та.
– Мына отырған молдадан сұрау керек,– десті біреулер патшаның кім екендігі туралы жұрт таласып жатқанда.
– Сұрасақ сұрайық,– деді би,– Ақбас молда, сен айтшы, патшаны кәпір деуге бола ма?
– Әлбетте болмайды. Аллаһу-тағала...
– Е, бәсе, солай деші!– деді би Ақбасты бөгеп,– әуелі құдай, екінші патша ағзам емес пе, бізді бағып-қағатын, рас па, молда?
– Рас.
– Ендеше, не бар таласатын. Патшаны кәпір деудің өзі күпірлік. Дұрыс па, молда?
– Дұрыс емес!– деді таласқан ақсақал,– Наморот Шәддәт патша болды ма?
– Болды.
– Ол кәпір ме? Кәпір! Перғауын патша болды ма? Болды! Ол кәпір ме? Кәпір! Патшаның ішінде кәпір жоқ деуге бола ма, онда? Жоқ, болмайды.
Ақсақалдың сөзі дәлелді көрініп кеткесін, би бөгеліп қалып еді. Ақбас молда өзінше дәлел тапты:
– Кәпірді кәпір деуге бола ма? Сіз оны білесіз бе?– деді ол, ақсақалға.
– Е, енді кім дейміз, мұсылман дейміз бе, кәпір демегенде?
Жұрт ду күлді.
– Онда рауаят бар, яғни, расулымыз айтқан: Һешбір пәндені кәпір деуге туғрилап айту шариғатқа хилаф деген. Кімнің кәпір, кімнің мұсылман екенін бір алланың өзі біледі деген.
Дау көбейді. Әркім әр жақтан әртүрлі сөз айтып, бірін-бірі тыңдамай, Ақбастың басын әнкі-тәңкі қылды.
– Асқар, сені Қақаң шақырады,– деді Бүркітбай кіріп Асқардың өзі де сөзден мезі боп қашқалы отырғанда.
– Барайын.
– Қайда?–деп сұрады Асқар, дуылдаған жұрттан сытылып далаға шыққасын.
– Өз үйіне.
Асқар келсе Итбай, Горбунов, Елікбай – үшеуі стол. қасында отыр екен.
– Жүрейік енді. Күн түске тармасып та қалды,– деді Итбай.
– Міне!– деп Горбунов ұсынған қағазды Асқар оқып көрсе, сұлу әріппен тізілтіп жазған паспорт екен.
Асқар паспортты оқып тұрғанда Горбунов көзін оның кескінінен айырған жоқ. Кошкин соңғы бір келгенінде, Горбуновқа айтқан еді: «Губернаторды Андрей қонақ қылған түні, таңға жақын мен көшеде Кузнецовтан шығып желе: жатқан біреуді көрдім. Өзім мас едім, кескінін айыра алмадым, Досанов сықылды көрінді. Губернаторға доложить етуге анығын білмегесін болмады. Ол Петербургке барады екен. Сіз оны бақылаңыз. Сөздерін, жүрісін аңдыңыз. Егер жат мінезі білінсе маған тез білдіріңіз», деп.
Горбунов Асқарды содан бері сынап, оғаш мінез таба алмады.
Горбуновтың күдікті көзқарасын сезген Асқар, «неге үңілдің?» дегелі тұр еді, ойын Итбайдың сөзі бөліп жіберді. Итбайдың інісі Елікбайға айтқан ақылына қарағанда, болыстың кандидаты Елікбай екенін Асқар сол арада білді. Бұрын ол, кандидат басқа біреу шығар деп жорамалдайтын еді.
– Ел ұстау оңай емес,– деді Итбай інісіне,– ел деген мұз сықылды: ақырын ұстасаң түсіп кетеді, қатты ұстасаң сынып кетеді. Мынау ел қолыңда қалып барады, аз күн болса да бағып-қаққалы отырсың. Жинап ұстамай, айғырсыз байталдардай бытыратып алма. Қорыққанын сыйлайтын заман. Бір жағын сыйлап, бір жағын ықтырыңқырап ұстамасаң болмайды.
Жасы отыздың жуан ортасына келіп қалғанмен, алдында Итбай сықылды ел бағатын ағасы болғасын, Елікбай жастықтың тізгінін тежемей, балалы-шағалы боп қалғанына қарамай, әлі де болса ойын-тойдың, бозбалашылықтың базарын қуып жүрген жігіт еді. Итбайдың жанына жамандық ойламайтын ол, ел меңгерем деген ойды басына ешуақытта келтірмеген. Болысқа кандидат сайлады деген атағы болмаса, билік жұмысына араласуға ойы болмаған.
Табан аузында ел басқарам деуді өзіне ауырсынғандай болған Елікбай:
– Басқа біреуді қалдыра тұрсаң қайтеді?– деп еді:
– Өзің не айтып отырсың!–деп ағасы ұрысты.– Байқамай сөйлейтін сен бала емессің, айтып отырғанын, не өзіңнің? Қара шаңыраққа берген құдайдың бақытын біреуге қиям деп рас айтып отырсын, ба? Періштенің құлағына шалына көрмесін мына сөзің. Маған ондай сөзді бұдан былай естіртпе!
«Болыстықты кішірек патшалықтай түсінеді екен-ау, мұның өзі!–деп ойлады Асқар,– Борис Годунов елерде баласы Федорға осылай өсиет айтып еді, үлкен патша мен кіші патшаның ойының арасында айырма аз болады екен-ау!»
– Міне мөр!– деді Итбай, қалтасынан дорбаға салған мөрді Елікбайға алып беріп,– сақ бол, ұры-қары мөріңді ақ қағазға басып алып, сыртыңнан подлог жасап басын, кетіп жүрмесін. Ал, отырма енді, әлгі Бүркітбай қайда кетті? Атты жектіріңдер. Жүріп кетейік.
Итбай «түс аумай жүрейік» дегенмен, өз тұқымының үлкен үйлерінен дәм татып шыққанша, әруақтарға дұға оқылып болғанша күн еңкейіп кетті. Бурабай, Қырауқамыс арқылы Омбыға тура алып баратын, сұлыға жараған денелі екі ақбоз ат көсем жегіліп, есік алдында көп уақыт тұрды.
Жайшылықта саждаға басы тимейтін Итбай, ағайын-туғанымен амандасып болғаннан кейін, ишанның айтуы бойынша мешіттен бесін намазын оқып, содан аттанбақ болды.
Үйінен мешітке біржола киініп шығып, Асқарды қасына мінгізіп, Бүркітбайға божы ұстатып, ширығып тұрған күмістей екі ақбоз атты ойнақшытып Итбай мешіт алдына кеп тоқтады.
– Асқар, сен намазға кіресің бе?–деді ол, шанадан түсіп.
– Өзіңіз барыңыз.
3
Омбыға бірге жүрейік деп хабар салғанмен, келем деген күнінен кешіккесін Алексей тоспай жүріп кеткенін, Итбай Бурабайға келіп бір-ақ білді. Ол кезде күн таудан асып кешкіріп қалған еді.
– Олай болса жолдағы елдің біреуіне барып қонайық,– деп Итбайдың ілгері жылжығысы келгенмен:
– Осы арадан ерте аттансақ болады ғой,– деді Асқар.
– Алыс жолға барасың, нан-тұзымды татып кет,– деп Андрей де жабысты.
Асқардың қонамыз дегендегі ойы Ботагөзді көре кету екенін Итбай аңғарды. Соған қарағанда, «к,ой, жолдан қалмайық» деп тарта жөнелгісі кеп бір тұрды да, тағы да, ойлана кеп, бөгелуді мақұл көрді.
Асқардың Ботагөзде ойы барын, ол ойын орындауға құрып жүрген планын Итбай әлдеқашан білген. Ботагөзді көрмей тұрғанда, Асқардың бұл ойына бөгет болу ниеті Итбайдың басына келген жоқ еді. Ботагөзді көргеннен кейін, оған қызыққаннан кейін, түбінде оны Асқар емес, өзі алатындығына Итбай күмән етпейді. Бұл жөнде, Асқар мен екеуінің майдандасатынын да Итбай жақсы біледі. «Бірақ,– деп ойлады Итбай,– Асқарда менімен белдесетін не шама бар азар болса, жоғарғы ұлыққа арыз беріп тырбанған болар, одан не шығарады ол? Беделімді былай қойғанда, мен оны қалтаммен ұрып жықпаймын ба?»
Соңғы кезде, әсіресе Мадияр келіп кеткеннен бері, Асқарды Итбай жек көре бастады. «Мынадан бойыңды тарта ұста!– деп кетті Итбайға Мадияр,– мынауың теріс жолға кетіп бара жатқан жігіт!»
«Теріс жол» дегені – социал-демократия жолы екенін, ол жолдар не жол екенін Мадияр Итбайға қазақы жалпақ тілмен ұғындырды.
Бұрын да Асқарда күдігі бар Итбай, Мадиярдың сол сөздерінен кейін Асқардан аяғын тарта бастады, сөйте тұра, Асқарды оның Петербургке алып бара жатқан себебі мынау: Итбай орыс тілін шала біледі. Петербургте осы жолы: министрлерге, кәтте, патшаның езіне жолығуына оның күмәні жоқ. Үлкен ұлықтың алдында дарақыланып, аузына келген сөзді оттайтын адам Итбай емес. Өзінің салмағын жеңілдететін жерден ол, бойын тартып ұстайды.
«Патшаға, министрлерге жолыққанда,– деп ойлады Итбай,– шала білген орысшаммен былдырақтағаным бойыма мін болар, одан да тілмәш арқылы сөйлескенім келісер, менің орыс емес екенімді олар біледі. Сондықтан орысша білмеуімді сөкпейді. Тілмәш арқылы сөйлесуім, салмағымды ауырлатуы мүмкін, тілмәшті менің күтушім деп ойлауы мүмкін!»
Асқардан басқа тілмәштің ретін Итбай ойлап-ойлап келтіре алмады. Орыс тілін білем дейтін, және Асқардан көрі сенімді әркімдер бар, бірақ өзі білетін адамдардың, әсіресе, маңайдағы қалалардың орыстарының айтуынша, Асқардай орыс тіліне жетік адам қазақта жоқ.
– Қазақ былай тұрсын,– дейді Итбайға тамыр орыстары,– орыс тілін сенің учителіңдей білетін орыс та аз. Ол, жабайы орыс түгіл, урядник сияқты, кішігірім төрелерден де орыс тілін артық біледі.
Итбайдың да ұлттық тәкаппарлығы бар.
«Патшаның, министрлердің алдында Асқар орыс тілін маймаңдатып сөйлеп тұрса, мен түгіл, бүкіл қазақ атаулының шоқтығы көтерілмей ме?» деп ойлайды Итбай. Міне, осы ойлармен, бір жағы – Асқардан артық тілмәш таба алмай, екіншіден – Асқарды ұзақ жолда қаттырақ сынағысы кеп, бірақ бұл ойын Асқарға да, басқаға да сездірмей, Итбай Асқарды жолға алып шықты.
Олар Андрей Кулаковтың үйіне түсті.
– Әлгі Асқар қайда жоғалды?–деп сұрады Итбай Бүркітбайдан, шай ішіп болған соң.
– Балтабектікіне кеткен шығар. Ол соншыл ғой өзі.
– Осылардың ілік-шатысы бар ма, немене, келген сайын жампаңдап бара береді?– деді Итбай Бүркітбайдан тағы сыр тартып.
– Бұрын «жоқ» дегенім қайда, енді болмаса!
– «Енді болмасаның» мәнін айтшы!
– Талай айтқан сөзім болса да, маған осы сөзді қайталата бересіз-ау, Қақа! Мынау қалың бермеген, жүзіктің көзінен еткендей, қылыштай қылпылдаған жас жігіт, анау аққудың көгілдірігіндей желкілдеп өсіп келе жатқан бүлдіршін қыз. Ол қыз «Ботагөз» десе – ботагөз. Тұнжыраған қарақаттай екі көзі жаутаңдап мөлдірейді де тұрады. Асқар соны сағалап жүр.
– Сен осы сөзді жай қалжыңмен айтасың ба, болмаса бірдемесін білесін, бе? Немесе жай «солай-ау» деп жорамалдайсың ба?
– Көзім көріп, қолым ұстаған белгім бар дей алмаймын. Бірақ егер мен кісі танитын болсам, осы қызда Асқардың олда-білдә, көңілі бар.
– Ә, солай ма?–деді Итбай түк білмегенсіп.
Итбайдың сөз түрін, ернінің емеурінінен аңғарып үйренген Бүркітбай, көмекейінде бірдеме тұрғанын шамалады. Ботагөзді айттыру туралы ойын Итбай айтпағанмен, «осы қызда көңілі бар» дегенді Бүркітбайдың құлағы шалған да еді.
– Қақа!– деді ол, сондықтан қылмыңдай сөйлеп,– ілуге тұратын аң. Егер шын ықласыңыз кетсе, мен ағасының тамырын басып көрейін, неміз кетіпті. Ат-тонымызды алып қалмас, не дер екен?
– Бүркітбай! Бұл жолы сөз қозғамай-ақ қояйық. Ұзын тұсауы қолда ғой, (қайда барар дейсің, сен Асқардың ізін аңдып, сол жаққа барып қайт, неғып отыр екен? Мен кеше қонақтармен отырып кеш жатып ем, ұйқым қанған жоқ еді, сен қайтқанша аздап мызғи тұрайын.
Бүркітбай жөнеле берді.
– Әй, Бүркітбай!–деді Итбай,– мынау Андрей итің аш жатқызбай ма екен бізді?
– Бір семіз қаздың басын қырыққан.
– Ендеше бар, көп кешікпе, бірақ!
Бүркітбай шығып кетті.
Бұл кезде Асқар, Балтабек, Кенжетай үшеуі Балтабектің үйінде кеңесіп отыр еді. Қастарында Айбала, Сағит, Ботагөз. Соңғы үшеуі тыңдаушы ғана.
– Сапарың оң болсын, Асқар,– деді Балтабек амандықтан кейін,– түсі игіден түңілме деп, тумасаң да туған інімдей көремін сені, міне түн жамылып отырмын ғой. Аман барып, сау қайтуыңа тілектеспін.
– Мен білмеймін бе оны?
– Саған айтайын деген бір сөзім. Анау күні көзің көрді, Амантай нағашым жазықсыз ұсталды, сүйегім деп іздеп келіп үйіме әлдеқалай бір дам жазып түскені еді, мұндай күйге ұшырағаны шымбайыма қатты батады. «Күш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ» дегендей.
Асқардың көз қыры Ботагөзге түсіп еді, оның көзінде мөлдіреген жастың тамшылары маржандай тізбектеліп, омырауына домалап жатыр екен. Асқар қарағанын көрген Ботагөз, көңілдегі ойын ашығырақ білдірейін деген кісідей, немесе, Асқарға шаққандай, өксіп-өксіп алды. Айбалаға қараса, о да көзін сүртіп отыр екен. Бұл көрініс Асқардың сезіміне ауыр тиді.
– Ол кісі кәзір қайда?– деді ол күрсініп.
– Поетаппен Омбыға жөнелтіп жіберді. Кошкин әкетті.
– Ешкім ізденді ме?
– Кім ізденсін. Мықты тырнаққа іліккесін ізденгенмен бола ма? Баласы мен әйелі келіп еді, тамақ бергеннен басқа ештеңе бітіре алмады. Мал жүрер жер бар ма екен деп, барын даярланып келген екен. Оны өткізе алмады. Реттеуге тырысып көрейін деп урядник Кошкин, баласынан 50 сом алған еді, қолынан келмеді ме, болмаса алдады ма – түк те шығарған жоқ.
– Жақында жөнелтті ме?
– Жақында. Өзіміз баруға жүрексіндік. Тамақты Ботагөз тасып беріп жүрді. Жөнелтер алдында ғана мен бір рет сөйлесіп шықтым.
– Не айтады?
– Ол кісінің айтқаны көп... Ботажан– деді Балтабек Ботагөзге жалтақтап,– Айбала екеуің Степанның үйінен бір байлам темекі сұрап әкеліңдерші, насыбайым таусылып қапты. Айбала екеуін, барып келіңдер тез. Әй бала,– деді Балтабек Сағитқа,– сен де баршы, мыналар қорқар.
Айбала, Ботагөз, Сағит үшеуі киініп, далаға шығып кетті.
– Сенен жасырар сырымыз жоқ, Асқар,– деді Балтабек, оңаша қалғасын,– малға емес, басқа сүйенген адам екенімізді көріп жүрсің. Әлгі бала жат жұрттыққа жаралғанмен, аз күн қолымызда тұрғанда ренжімесін деп күтіп отырған бала еді. Малға қызықсақ алдақашан біреуге қолынан жетектеп шырылдатып беретін ек. Одан мал алмағанмен аштан өлмеспіз деп, жасы жетіп келе жатқанмен әлі ешкімге атастырғанымыз жоқ. Тіпті, айта берсең, оң қол, сол қолын танығасын, өз теңін өзі тауып кетсе, оған ренжитін мен жоқ. Көрші орыстың қыздарымен елігіп сабақ оқыған боп жүр. Оқытатын кісілер зирек дейді. Тіл-ауыздары тасқа! Оқығанмен оны молда болады, не төре болады демеймін. Керексіз дегенде өзі де қояр деп бетке қақпаймын. Мен саған бір сұмдық айтайын, Асқар, Амантай айтады, Итбай айтты дейді, осы Балтабектің қарындасын маған алып бер деп дейді. Мұндай сұмдықты естіп пе ең, Асқар? Естіген жоқ шығарсың. Амантайға сен осыған кіріс депті.
– Амантай не депті?– деді Асқар сызданып.
– Кірісе алмаймын, біреудің қаршадай баласын аузыңа алып, құдайдан қорықпай ол не дегенің,– деп қайырып тастапты. Амантай айтады, Итбай дейді, түрмеде шірітуге қолдан келгенін істеп бағады, дейді. Иттің тілеуін құдай беріп, мен мынадай кіріптар болып қалдым, дейді.
– Ә-ә-ә!– деді Асқар ауыр дем алыспен,– солай де, Балтабек!
– Солай, Асқар,–деді Кенжетай тұнжырап.
– Өз көңілің қалай?–деді Асқар сынағалы, Балтабекке.
– Нені қалай дейсің?
– Итбайдың сөзіне қалай қарайсың дегенім ғой...
– Асқар, шын айтасың ба? Ол не дегенің! Тірі боп жер үстінде жүргенде неге көнейін ол қорлыққа. Мен өлгенде ғана Итбай дегеніне жетер. Өлмей көне қоймаспын.
– Ағайынды үшеуміз,– деді Кенжетай да екіленіп,– үшеуіміздің біреуміз тірі қалсақ та Итбайға мұны істетпеспіз.
Жеуге ниет еткенде алды-артына қарамай қомағайланып, өжеттеніп кететін, бет алған жерін ойып түспей, қансыратпай, жалмамай қоймайтын кәрі қасқыр – Итбайдың Ботагөзге қарап ұлығаны Асқардың жанын түршіктірді. Өмірі жаңа гүлденіп келе жатқан Ботагөзге нөсер бұршақ төгіп, күл-талқан қылатын дауылды қара бұлт жылжып келе жатқан сықылданды.
– «Не істеу керек?– деп ойлады Асқар тұнжырап отырып,– дауылдың бетін бұрып, қара бұлтты кері көшіруге менің әлім келе ме, жоқ па? Әлім келмесе қайтем? Шешегін жаңа жайып құлпырып келе жатқан нәзік гүл, шынымен сұрапыл ұрып сола ма? Рақымсыз, көзсіз соқыр қара күштің уысына түсе ме? Шынымен пана бола алмаймын ба? Онда маған тірімін, кісімін деп керегі не?.. Жоқ!.. Мен кісімін!.. Мен тірімін!.. Мен де дауылға қарсы тұрарлық қайрат бар! Мен оған қорған болам!.. Шамамнан асқанда, Ботагөзбен бірге мен де солам!..»
– Жәй солай, Асқар,– деді ауыр оймен аз уақыт еңсесі түсіп, төмен қараған Балтабек басын көтеріп,– дос-жар болғасын шағып отырғаным ғой. Бірақ «иттің иесі болса, бөрінін, тәңірісі бар» деген Итбайдың аранын ашқанына күйреп отырғам жоқ. Өлім біреу. Оның зорлығына тірі боп көнбеймін. Әуселесін көрейін, қарақшы кәзәптің!..
– Не істер дейсің?..– деп Асқар Балтабек пен Кенжетайды жұбатқан болды.
– Бірді айтып, бірге кетіп қалам,– деді Балтабек,– менің саған айтайын дегенім: сен Омбыға бара жатырсың. Заң-закүнді кісіден сұрайтын жігіт емессің. Амантайды бұдан қуынатын кісінің жоқ екенін көріп отырсың. Ақ іс. Сұрап табарсың, тілеуің алдыңдағы жігітсің, сен осы жұмысты қарастырып көр, сәті түсер жері бар ма екен? Оның айып-шамы жоқ, қалтаңа ептеп тиын-сиын да салайық, әлімізше. Біреу-міреудің аузына жалатуға керек болар. Алымның заманы ғой.
Итбайдың ниетін естіген Асқар, «Омбыға бармай қайтып кетсем қайтеді?»–деп ойлап отырған еді. Мына сөз оған қамшы болды.
«Ботагөз бен Балтабектің керегіне жарауымның бұл бірінші жолы екен,– деп ойлады ол,– әрі қарай барар-бармасымды Омбыға бара көрермін. Мына жұмысқа әдейі арнап барайын. Ізденіп көрейін. Мүмкін, адвокаттардан ретін табатыны бар шығар».
– Оқасы жоқ,– деді Асқар Балтабекке, ойын қорытқасын,– ізденейін. Сәті түсуі мүмкін.
Ендеше, біз қамданайық.
– Түк те қамданба. Ақшаңның маған керегі жоқ. Адвокат жалдасам өз ақшам жетеді. Шыққан шығынды қайтып келгесін алармын. Ал, жасырын параны мен бере алмаймын.
– Егер ісіңді реттеймін деп тұрса ше?
– Онда да бере алмаймын.
– О не дегенің, Асқар? Е, онда не болды? Құрғақ аяққа бата жүре ме? Сен олай деме, Асқар құдай оңдап алымға ілігетін жер болса аянба!
Осы кезде Ботагөз, Айбала, Сағит Степандікінен темекі алып қайтып, үй алдындағы кішкене қараңғы қораға кіріп, есікке жақындаған кезде біреудің тықыры естілді.
Тықырлаған, Айбаланы ұстай алып еді, қолы төсіне тиді.
– Бұл кім еді, ойбай!–деді Айбала дауысы қаттырақ шығып.
Ботагөз Айбаланың артына тығылды.
– Әлгілер бірдемеден қорқып жүр ме, дауысы шығады?– деді Балтабек орнынан қозғалып.
– Өй, кімсің?– деген Айбаланың сөзі құлағына тигесін, Балтабек ұшып түрегеліп, босағадағы балтаны қолына ұстай жүгіріп барып есік ашып еді, Айбаланы біреу құшақтап тұр екен.
«Ботагөзді Итбай алып қашып кетті ме?» деген қауып кіріп, есік алдына жүгіре шыққан Балтабек, Айбаланы құшақтап тұрған Бүркітбайды жағадан алды да, балтаны тастай беріп шекеден жұдырықпен періп кеп жіберді.
– Өй, есің дұрыс па? Мен!– деді Бүркітбай сасып қап.– Оның не? Қатыныңды жейді дедің бе?
– Кімсің?
– Бүркітбаймын!
– Неғып жүрсің?
– Езуіңді ұрайын, мұндай қатынжанды боларсың ба? Тапа-тал түсте кім жейді дедің қатыныңды, сонша алабұртып, айдың, күннің аманында?
– Ботагөз қайда?– деді Балтабек, Бүркітбайдың жағасын босатып, Айбалаға.
– Мен мұнда, аға!– деді Ботагөз.
4
Асқардың оқыған тарихи материалдарына қарағанда, Омбы қаласы 1714 жылы Петр Біріншінің бұйрығымен салынған.
Ондағы ниеті – қазақты, маңғұл тұқымдас елдерді ішіне ала, Қытайға қанат жаю; Балтық теңізінің бергі жағасынан Шведтерді қуып, Европаға Россиядан терезе ашқаны сықылды, Омбы арқылы Қиыр Шығысқа, Орынбор арқылы Орта Азияға терезе ашу. Петрдың бұл ниеті Россия патшалығының екі жүз жылдық отарлану саясатымен аяқталды, оның жеңіл өткен жерлерінің көбі алынды. Соның бірі – қазақ даласы.
Осындай тарихына қарап бастапқы кезде Омбыны жек көрген Асқар, оның школында біраз жыл оқып, білімнің дәмін татқаннан кейін, қала туралы ол пікірін өзгертті.
«Патшаның саясатына қала айыпты емес,– деп ойлады ол,– Омбы –мәдениет .кіндігі!»
Оқып жүрген кезінде елді сағынатын Асқар, елде жүргенде Омбыны сағынатын еді. Оның сол сағынуы Омбыға бет алып шыққаннан кейін бұрнығысынан күшейген тәрізденді. Ол тез жетуге асықты. Бірақ суыт жүрген кісі атпен арада үш қонып жететін Омбыға, Итбай табандатқан он шақты күн жүрді. Жолдағы елдер: Керей, Қыпшақ, Уақ рулары еді. Солардың басты адамдарында Итбайды білмейтіні аз екен. Оның үстіне құданың құдасы, жиеннен туған жиеншар сықылды, іліктері де көп болар ма? Соларға қонақтап асықпай жүргендіктен Омбыға он шақты күнде зорға жетті. Жолшыбай көңілсіз келе жатқан Асқар, Омбыға жететін «үні түлкіге түсетін бүркіттей бойы елегізіп, бұйыққан орнынан көтеріліңкіреп отырып, тымағын сыпырып қолына алды. Күндіз аздап қырауытып буалдырланған ауа райы кешке қарай жадырап, аспан ашылған еді.
Омбыны сағынған Асқарға, қаланың шет жағындағы тапал қарағай үйлердің өзі аспанмен таласқандай биік көрінді. «Омбы – білім ордасы» деп ұққан оған, Омбының ауасынан білім исі шығып тұрған тәрізденді. Көше бойындағы діңгектердің үстінде әлсіздеу жанған электр шамдарының барлығы оған күндей көрінді. Суыққа бойы шираған бағана басындағы сымдар, өз бетімен шыңғырып, гитар күйінің дыбысын бергендей болды.
Көшенің жолы тақтайдай даңғыл екен.
– Әй!–деді Итбай Бүркітбайды иығынан тартып, Бүркітбай «не айтасың?» дегендей бұрыла қарағанда,– енді божыңа ие бол. Біреуді қағып кетпе, мұнда кісі құмырсқадай көп жүреді. Бірақ есіңде болсын: Омбыда, осы мезгілде, көшеде байлар рисактарын жарыстырады. Егер сондайларға кездесе қалсаң, алдыңа түсірмеуге тырыс! Ертістен өткеннен-ақ Бүркітбай кесем атты қатар жегіп алған еді.
– Желдей жүйрік біреуі кездеспесе, біздің екі аттан озуы құдай-ақ та!–деді Бүркітбай жиналып.
– Тек!– деді Итбай,– кепиет сөз айтпа!
Шеткі көшелерді біраз бойлап жүргеннен кейін жолаушыларға Учительская семинарияның үйі кездесті. Бұл үй Асқардың көзіне анасындай жылы ұшырап, оның барлық ой-сезімін өзіне тартты. Үйдің жататын, оқитын бөлмелері оның көзіне елестеп кетті. Оның түсе қалғысы келіп еді, ширыққан, қызған аттар жұлдыздай ағып өте шықты.
– Келіп қалды!–деді Бүркітбай, семинариядан өткен кезде, артына қарап.
– Не кеп қалды?–деді Итбай елегізіп:
– Тырнадай ербеңдеген ана бір ұзын сирақ ат, әлгінде көлденең көшеден ағызып келе жатыр еді, енді артымызға түсті. Екпіні сұмдық! Атты айдайын ба?
Итбай артына қараса, сүттей жарық көшемен танауынан бу құшақ-құшақ бұрқырап, жіліншігін ақпен ораған арғымақ, аяқтарын көсілте басып, зымырап келеді екен. Шанасы – биік, өзі жеңіл.
– Алдыңды берме!– деді Итбай.
Сырылдаған шана мен сықырлаған тұяқтың дауысы естілген соң, қос боз ат елеңдеп келе жатыр еді.
«Қырдағы малдың, желгіші еді,– деген ой келді Асқарға, Бүркітбай аттарды айдай жөнелгенде,– «чистокровный» арғымақтарға сыр бермесе жарар еді!..»
Аттардың жарысы Асқарға қаланы ұмыттырды. Омбының Кадетский корпусы бар үлкен көшесін бойлай желген қос боз ат, ой қаладан дең қалаға шығатын көпірге шейін арғымаққа оздырмады. Арғымақ иесі алдындағы пар аттың жарыса жөнелгенін біліп, атын бастырмалап мазақ қылайын деген ойға кіріп еді, қос боз ат жеткізбеді.
Бүркітбайға салса, сол қалпымен тарта беріп, арғымақ кейін оралғанда бірақ тоқтау еді.
– Ағай!– деді Асқар Итбайға, көпірге жақындағанда,– енді жетер жарысқанымыз. Кейін оралайық. Пәтерге түсу керек қой. Түн боп кетті.
– Әй, Бүркітбай! Тарт аттың басын!
Қызып алған аттар Бүркітбайдың қолын қарыстырып зорға саябырлады.
– Қалай жүрейін?–деді Бүркітбай аттарын тоқтатып.
– Кейін бұрыл, Сарыбастікіне барайық.
Сарыбас Итбайдың гимназияда оқып жүрген баласы. Асқар оны естігенмен, көрген жоқ еді. Өткен жаз, оқу біткеннен кейін Сарыбас ауылына барғанда, Асқар демалысқа кетіп жолықпаған. Кенжетайдың айтуынша, ол мұрнын көкке көтерген тәкаппар. Тірі пендені менсінбейді. Амандаспайды. Жаздың ыстық күнінде қолынан ақ перчатканы түсірмейді. Үстіне ылғи хош иіс құяды. Қарға адым жердегі ауыл қонаққа шақырса, пәуескеге пар ат жеккізіп барады. Сөйлеген сезінің жартысы орысша, әйел құмар. Өзі ептеп өлең шығарады.
Желіккен аттардың божысын ұстап, қалай жүр, былай жүр!» деп Итбайдың сілтеуімен жүріп отырған Бүркітбайға:
– Тоқта!– деді Итбай бір үйдің қақпасының алдында.– Жаңылмасам, осы үй. Сен кіріп шық. Осы үйдің қабаған иті болатын. Қолыңа құнт ал, қауып алмасын. Қақпаға кірсең, қора ішінде, оң қолда биыл салынған бір ұзыншалау, тапал ақ үй тұрған шығар. Орта есіктен кipсең, Сарыбас сонда.
Кеткен Бүркітбай көп кідірмей қайтты. Үстінде қамзолша қасқыр ішік киген, сақалды біреу онымен ере келді.
– Жаңбырбаймысың?–деді Итбай.
– Я, Итекеңбісің? Мал-жан аман ба? Әкелші қолыңды.
Екеуі қолдасты.
Аттар қақпадан кіріп, тапал ақ үйдің алдына келгесін, жолаушылар үстін сілкіп, шанадан түсті.
– Үйге кіріңіздер.
«Сарыбас үйде жоқ шығар?»–деп ойлады Асқар, коридорда Итбаймен бірге сырт киімін шешіп жатып, Жаңбырбайдан басқа ешкім көрінбеген соң,– бар болса әкесін қарсы алар еді ғой!»
Сыртқы киімін тастаған қонақтарды, Жаңбырбай ішіне кілем төсеген, жүгі ауылша жиналған кең, бөлмеге кіргізсе, төрдегі айна алдында бір жігіт теріс қарап, галстугін байлап тұр екен.
– Әкең келді, Сарыбас!– деді Жаңбырбай.
Салмақпенен бетін бұрып кейін қараған Сарыбасқа, Асқардың көзі түссе: көнтек ауыз, домалақ мұрын, тұз көз, бет пернесі татарға ұқсас, шашын «ёжик» қып қырыққан, тапал бойлы, талдырмаш сары жігіт екен. Асқардың естуінше, оның жасы 17–18-де болуы керек еді.
Бойына қарағанда 13–14-те дейтін.
Асқар Сарыбасты сағынған әкесіне шүйіркелесіп амандасар деп ойлаған еді, Сарыбас оны істемеді.
– Ә, саламатсыз ба?–деді ол әкесіне салқын леппен.
– Денің сау ма, шырағым?–деді әкесі.
Сарыбас қазақ әдетімен «шүкір» деген жоқ.
5
Жаңбырбай кеңесімпаз адам еді. Қонақтары шешініп жайланғаннан кейін, екі терезенің аралығына қойған сандықтың үстіне малдасын құрып алып, шай келгенше сөзден аузын жиған жоқ.
Кеңесінің бастапқы кезінде Асқар Жаңбырбайды ел жайын сұраған адам екен деп ойлап еді, аздан кейін оның кеңесін тыңдауға жалықты. Өйткені, Жаңбырбайдың сұрары да, айтары да ылғи сауда туралы ғана екен: «Өгіздің бағасы не? Тері-терсек қымбат па? Жылқы терісі, сиыр терісі неден? Мал терісін жинаушы көп пе? Көздеменің бағасы қалай? Еттің бағасы, ұнның бағасы, қант, шайдың бағасы не?..» Міне, оның сұраулары осылар.
Ал, өз жанынан айтар әңгімесі: биыл қай жердегі базарға барғаны, не сауда істегені, көрген пайда-залалы, Омбыдағы сауданың жай-күйі, тағы сондайлар...
Өзінің де сауданы жақсы көруінен бе, болмаса Жаңбырбайдың ажарына қарағандық па – Итбай да оның кеңесіне ұйыған кескінмен анда-санда тіл қатып қойып, тіл қатпағанда басын изеп қойып, Асқардай жалыққандық белгі көрсеткен жоқ.
Тоңазып қалғанын үйге кіріп шешінгеннен кейін білген Асқардың денесі шайдан кейін жылынды. Жол соқты боп шаршаған Бүркітбай атын жайғастырғасын шайға шейін шынтақтап жатып қалғып алып, шайдан кейін:
– Әй,– деді Асқарды санға түртіп сыбырлап,– сауда кеңесі бітетін емес қой, далаға шығып келсек қайтеді?
– Шықсақ шығайық.
Қора кең еді. Тысқа шыққан Асқар мен Бүркітбай кең қораның түкпіріне суытып қойған аттардың қасына барып, шананың үстіне отырды. Ол күні түн қараңғы еді.
– Анау бір тұрғандар да аттар мен шаналар ма?– деді Асқар, қораның басқа бір түкпірінде шоғырланған бірдемелерді нұсқап.
– Ие, аттар. Анау терезесі көшеге қараған, қақпанын, оң жағындағы үлкен қарасай үйде де толған қонақ. Кім екен деп мана ат ағытқанда сұрастырып ем, әр жерден келген болыс, билер дейді. Сол үйдің өзінің иесі де болыс деген сөзді естідім.
– Ә, солай де.
– Әй, Асқар!– деді Бүркітбай аздан кейін,– осы сен залым жігітсін, бе деп ойлаймын... Рас па?
– Қайдан білейін! Өзіме залым сықылды емеспін. Залым десең дәлеліңмен айт.
– Шыныңды айтпай-ақ қойдың-ау!
– Не шын?
– Тұяқтың қызын алатыныңды неге жасырасың. Мені дұшпан көресің бе?
– Неге дұшпан көрейін, дұшпан көретін қастығыңды көргем жоқ. Расымды айтқан едім, нанбайсың.
– Неге нанайын қарап отырып.
– Неге нанбайсың?
– Қалжыңбастығыма қарап, сен мені түк білмейтін есер деп ойлайтын шығарсың. Мен білмейтін жер үстінде не бар деп білесің?
– Білсең айт.
– Осы Омбыға сен не үшін келдің?
– Не үшін келдім?
– Тұяқтың қызы үшін келдің.
– Оны қайдан білдің?
– Біле-е-е-мін!.. Мен білмейтін жер астында. Амантайдың жұмысын орындап қайт деп Балтабек жұмсағанын мен білмейтін шығармын. Сен менен жасырма, несін жасырасың? Жасырсаң да білемін: Амантайдың жұмысын орындап қайтсаң, қыз сендік болады да қояды. Ол маған тайға таңба басқандай анық.
– Сенің бір жаман мінезің бар, Бүркітбай,– кісіге сенбейсің.
– Сенбейтінге неге сенейін, сенетінге сенем!
– Мен айттым ғой.
– Жоқ, сен айтқан жоқсың, сен маған сырыңды айт. Егер тісімнен шығарсам кәпір өтейін. Сенің ойыңды білемін, Асқар. Сен мені аузын басса, к... сөйлейтін, ішіне ас айналмайтын жігіт деп ойлайсың. Менің ішімде жан ашпаған сыр мен жан көрмеген ызбот көбін білмейсің. Мен дос болуға да жарайтын жігітпін.
«Ызботының ішіне сүңгіп көрсем қайтеді?» деген ниетпен Асқар Бүркітбаймен сырласуға ойлап, тамағын кенеп кеңес бастағалы ыңғайланып еді:
– Сендерді шақырады,– деді Жаңбырбай үйінің жігіті келіп.
«Қап!» деп өкінген Асқар, тағы бірде кеңесермін деп ойлап, шақырған жігітке еріп, үйге қарай аяңдады. Бүркітбай да соңынан ерді.
6
– Мынау жас қонаққа,– деді Жаңбырбай Асқар тыстан келгеннен кейін, әйеліне,– төсекті Сарыбастың бөлмесіне салып бер, жастар ойнап, күліп бірге жатсын.
Бұл сөз Асқарға жағымды тиді. Ол Сарыбасты оқыған азамат көріп, Ботагөздің басындағы ауыртпалықты жеңілдетуге жәрдемге шақырғысы келді.
Сарыбас жататын бөлме кішкене екен. Ішіндегі кереует біреу екен. Асқарға деген төсек кереует алдына, жерге салынды.
Оңаша бөлмеге кіргеннен кейін, Асқар Сарыбасты кеңеске ұйытпақ боп тамырын басып көріп еді, ажары өте сырғақ. Асқардың бірер сұрауларына ол жауап та берместен, кереуетіне шешініп жатып, шынтақтап роман оқуға кірісті. Бұл қылық Асқарға ұнамады.
«Қарай гөр, мына шынашақтай неменің нығызын!– деп кейіді Асқар ішінен,– қол тоқпақтай боп шіренуін!.. Қасқырдың бөлтірігінің қылығы осылай келеді!..»
Теріс қарап жатып қалған Асқар, ұйқыдан оянса, басы аздап ауырып қалыпты. Сарыбас жуынып кеп, бетін сүртіп жатыр екен. Құрысқан денесін жазғалы керіліп, ыңыранған Асқардың дауысына Сарыбас орамал астынан қарап еді, кешегі тәкаппарсығаны есіне түсіп, Асқар үндеген жоқ.
Асқар мен Сарыбас шайға да араз кісідей тымырайып, жауап қатыспаған қалыптарымен келді. Сол үндемеген қалпымен Сарыбас оқуына кетті. Асқар үйде қалды.
Шайға бірге отырған Бүркітбай, Итбайдың көзінше Асқарды біраз ажуалады:
– Қалай батыр?-– деді ол қылмыңдап,– түсіңе ел жақ кірді ме? Ондағы жұрт есен-сау ма екен?
«Ондағы жұрт» деген сөзден Ботагөзді жорамалдаған Итбай жымиып күлді. Ол күлкіге түсінген Асқар, Бүркітбайға тігін келді.
– Сен-ақ еріге береді екенсің!– деді ол.
– Е, ерікпей, әкем Көккөз жаңа өліп отыр ма? Үйде ерікпе, Омбыда ерікпе, енді қайда ерігеміз!..
– Қалжыңбастық не керек?
– Қалжыңдап мен саған не айттым? «Ел-жұрт аман ба екен?» деген сөз де қалжың болғаны ма?
– Қойшы өзің!..
– Мына байғұс неден қысылды?.. Қарап отырып танауын, қусырылғаны несі?..
Асқар шыдамай тысқа шығып кетті. Аздан кейін Жаңбырбай да шықты.
– Ағай!–деді тысқа шыққасын ашуын басқан Асқар,– осы қалада жақсы адвокаттар бар ма?
– Неге болмасын. Бұл қалада нелер жан жоқ дейсің.
– Қазақ адвокат бар ма?
– Бар.
– Фамилиясы кім?
– Құзғынбаев. Семейден бе, анығын білмеймін, әйтеуір бір жақтан келді. Жұрт осыны білгір деп тұр. Орыстар да мақтайды. Алған ісін іс қып шығарады.
– Адресін білесіз бе?
– Білем. Осы арада жақын. Жаяу баратын жер. Қазір үйінде де шығар. Немене, жұмысың бар ма еді?
– Жәй, әшейін, жолығатын азғана шаруам бар еді.
– Оған баратын болсаң, қақпадан шығасың да, оң қолға бұрылып екі квартал жүресің. Содан сол қолға бұрылып екі адым жүргесін, алдыңнан бір кішкене алап кездеседі.
Алаптың оң жақ бетінде терезесінің алдына қайың өскен, қызыл төбелі, жаңа қарағай үй бар. Сол үй. Жаңбырбай сілтеген жобамен Асқар жүріп келіп, терезесінің алдына ескен қайыңы бар, жаңа ағаш үйді тауып, сыртқы есіктің басқышымен көтеріліп, есіктің тұтқасына қолын салса, тұтқаның қасында алақандай жезге жазба қарыптармен ойған, «Кузгунбаев» деген жазу тұр екен.
Есіктің маңдайшасынан салбырап тұрған ілмегі бар сымды қоңыраудың, сабағы деп жобалаған Асқар, ақырын тартып қалып еді, қоңырау даусы шылдыр ете түсті. Аздан кейін есіктің ішкі жағынан ит абалап, есікті тырнап, коридорды басына көтерді.
– Перестань!.. Цит!..– деген әйел дауысы естілді ішкі жақтан.
– Мүмкін бе?– деді Асқар есік ашқан бұйра шаш, зор денелі, толық, ақшұбар орыс әйеліне.
– Сізге кім керек?
– Кузгунбаев.
Әйел, Асқардың бас-аяғын көзімен бір шолып өтіп, бар деуге де, жоқ деуге де білмей аз тұрды. Бұл Құзғынбаевтың әйелі – Антонина Евгеньевна еді. Адвокат болғаннан бері Құзғынбаевтың үйіне кісі көп келетіндіктен және келген кісілердің жүзден тоқсан бесі ылғи даумен келгендіктен, сол даушылардың қайсысының, қалтасы қалың, қайсысынікі жұқа болатынын Антонина Евгеньевна кескініне, киіміне қарап ұғатындай болған. Қалтасы жұқа адамдардың дауына кіргісі келмейтін Құзғынбаев, «үйде жоқ деп айтыңыз» деген сөзді Антонина Евгеньевнаның құлағына сіңірген. Бастапқы кезде өтірікке аузы бармаған Антонина Евгеньевна біртіндеп дағдыланып, аздан кейін «бар» деп айтатын кісіге де, «жоқ» деп қалатын күйге ұшыраған. Осындай «жоқ» деп қалу салдарынан үлкен даумен келген бай қазақтар орыс адвокатын жалдап, оны естіген Құзғынбаев артынан өкінген. «Сіз ойлап, түріне қарап жауап беріңіз» деген ол әйеліне. Содан бері әйелі кескініне, киім-кешегіне қарап, ойланып алып, «бар», «жоқ» дегенді содан кейін айтатын болған. Антонина Евгеньевнаның Асқарға іле жауап бере қоймағаны осы.
Келген кісінің қалталы, қалтасызын айырып беруге Құзғынбаевтың да, Антонина Евгеньевнанын, да бір көмекшісі иті – неміс овчаркасы еді. Құзғынбаев овчаркаға арнап сыртқы есіктің босағасынан кішкене тесік істеп қойған. Сырттан кісі тықырын естігенде овчарка үнсіз жүгіріп кім сығаланды да, келген адамның киімі жөнсу, кескіні жүдеу болса үреді; киімі бүтін, денесі толық адам болса, маңқ еткен бір ғана дыбыс беріп, артынан кісі шыққанша үндемей тұрады.
Асқардың кескін-кейпіне қараған Антонина Евгеньевна өз көзіне сенерін, я итінің көзіне сенерін біле алмады. Өз кезіне сенсе, Асқар онша жөнсу кісі сықылды емес, ал, егер жөндем кісі болса ит неге үреді? Ол қалай қаталасты? Антонина Евгеньевнаның жауаптан кідіруіне тағы бір себеп осы еді.
– Ғапу етіңіз,– деді Асқар, Антонина Евгеньевна тез жауап бере қоймағасын,– ол кісі үйде бар ма, жоқ па? «Жоқ» деген сөз шығып кетті Антонина Евгеньевнаның аузынан.
Осы кезде, Антонинаның өтірігін әдейі ашуға шыққан адамдай, денесі еңкектеу келген, зор мұрын, орта бойлы қара сұр кісі шыға келді.
– Сізге кім керек?– деді ол Асқарға, Антонинаның сасып қалғанынан аздап қаймығып.
– Құзғынбаев.
– Құзғынбаев мен болам,– деді орысшалап.
– Өте сүйкімді,-– деді Асқар да орысшалап,– менің сізде азғана жұмысым бар еді, мүмкін болса үйіңізге кіріп айтайын.
– Пожалуйста.
«Өтірігімді шығардың», деп ренжіген кескінмен Антонина Евгеньевна кетіп қалды. Құзғынбаев Асқарды кішірек бөлмеге кіргізді.
Оңашаланғаннан кейін Асқар Құзғынбаевқа ең алдымен өзін таныстырды. Содан кейін елдегі қалың бұқараның ауыр халын, үкімет адамдарының, болыс, билердің зорлығын айтып өтті. Бұл сөздерге Құзғынбаевтың жабайы кескінмен қарауы Асқарды қайран қалдырды. Асқардың сынауынша, Құзғынбаев ел тағдырына қайғырмайтын, өзіне-өзі тойған адамдай көрінді. Ел жағдайына Құзғынбаевтың бүйрегі бүлк етпейтінін көргесін, «қазақ» оқығанында да мұндай адамдар болады екен-ау!» деп таңданған Асқар, кеңесін қысқартып, Амантай уақиғасын айтты.
– Бұл өте ауыр жұмыс екен,– деді Құзғынбаев Асқардың кеңесін тыңдап болғасын,– губернаторға покушение жасау оңай емес.
– Покушение жасаған жоқ қой, шынында.
– Ол бізше ғой. Ал, губернатордың көзқарасынша, ол – покушение. Губернатордың пікірі – пікір. Мұндай жұмысқа адвокаттар аяғын байқап басады.
– Оңай деп өзім де айтпаймын,– деді Асқар Құзғынбаевқа біраз кеңескесін,– бірақ сіз осы жұмысқа кірісіңіз. Адамгершілік үшін кірісіңіз.
– Жарайды. Кірісейін,– деді Құзғынбаев аз ойланып.
Ендігі мәселе ақша. Жалданбай адвокат жұмыс алмайтынын Асқар көзбен көрмесе де, естіген. Күші келген жердей Асқардың тартынғысы да келмейді. Бірақ оның басына келген ой: «оқыған адам нашар кісіден ақша сұрай қоймас!..»
«Ақша аласыз ба? Қанша аласыз?» деген сұрақ, лықылдап жұтқыншағында тұрғанмен, Асқар ол сөзді айта алмады, айтуға ақшаны емес, Құзғынбаевты қимады.
– Жарайды, жақсы!..– деді Құзғынбаев қобалжып, Асқарға тарайық дегендей ғып.
«Ақша аласыз ба?» деген сөзді айта алмай, Асқар киініп есікке бара берді де, ұятын қайратына жеңдіріп алса, алмаса да бетін ашып кетейін деп ойлап, солғын қоштасып отырып қалған Құзғынбаевқа тағы келді.
– Ғапу етіңіз!– деді ол,– ұмытып барады екем. Жұмыс алғандығы үшін адвокатқа сый болуға тиісті ғой.
– Әрине.
– Ұят болса да сұраймын: ол қанша болады?
– Бұл сауда емес, тиісті заң бар.
– Мөлшерін білгім келіп еді.
– Мұндай ауыр жұмыс мың сом!
Асқардың төбе шашы тік тұрды. Қатты қаққанның өзінде, оның қалтасында ең көп дегенде, екі жүз сом шығатын еді, өзгесі жолға керек қаражат.
– Мың сомсыз мұндай істі алуға болмайды,– деді Құзғынбаев, Асқардың қысылғанын сезгендей,– бірақ оқыған азамат екенсіз, жеңілдік жасайын: жеті жүз сом.
Саудаласудың ретін таппаған Асқар, шынын айтты.
– Оған ретім келмейді,– деді Құзғынбаев.
«Бір есептен бар ақшаны осыған беріп, Петербург баруды қойып, елге қайтсам қайтеді?» деген оймен Асқар Құзғынбаевты қалта мөлшеріне қарай бұрмалайын деп еді. Құзғынбаев: «болмайды!» деп отырып алды.
Ренжіген Асқар Құзғынбаевқа қош айтыспастан үйден шығып, көшеде жүріп келе жатып ойға батты. Оны реніш теңізіне тұншықтырған бір ой: Құзғынбаев сықылды оқыған адамның мынадай қара ниеттігі. Оқығаннан мұндай ақшақұмар шығады деген ой Асқардың басына бұл күнге шейін келмеген еді.
«Жауыз, қара ниет!–деп сөкті ішінен Құзғынбаевты Асқар,– халықтың дұшпаны!.. Оқығаннан да мұндай арам ниеттер болады екен!.. Оқығанның да Итбайы болады екен?..»
– Мырза, тоқта!– деген дауысқа Асқар басын көтеріп қараса, Бүркітбай екен, Жаңбырбайдың үйіне келгенін білмей қапты.
– Неғып тұрсың?– деді ол Бүркітбайға.
– Сені аңдып тұрмын.
– Менің немді аңдисың?
– Ие, жолың болды ма?
– Не жол?
– Жәй, әлгі адвокатқа сөйлескеніңді айтам...
– Уа, қойшы, Бүркітбай. Сен-ақ дүниедегі бар пәлені тіміскілей береді екенсің...
– Рас айтам, келістің бе?
Асқар үндемей өтіп кетті.
– Қабағың тым түсіп кеткен екен,– деді Бүркітбай орнында тұрып қалып,– жемқор неме дейтін еді, аранын кең ашқан екен ғой. Менен, әзірге сырыңды жасыра тұр, түбінде ең пайдалы кісің мен болам... Осы сөзімді ұмытпа!..
7
– Һа-һа-һа-һ!..– деген өзінің қатты айқайынан шошып оянған Асқар, есеңгіреп, аз уақыт орнынан тұрмай отырды.
Қатты ұйқыдан зырқылдап ауырып қалған шекесін, екі жақтан саусақтарымен басып, шынашағымен кезін уқалап, аздан кейін есін жинаса, маңайындағы адамдардың бәрі шырт ұйқыда. Асқардың өз даусы өз құлағына өте қатты естілген еді. Сондай қатты дауысқа маңайында жатқандардың оянбауы оны қайран қалдырды.
Асқардың бұл жатқан орны – үшінші кластың вагонының іші еді. Омбыдан шыққандарына үшінші күн. Проводниктің айтуына қарағанда, алдағы таңда поезд Петербурге бармақ. Бұлардың келе жатқан составы – Маньчжуриядан Петербургке тура жүретін экспресс. Ол составта үшінші кластың вагоны әдетте болмайтын. Экспрестің, жұмсақ вагонына билет алуды шығынсынған Итбайдың тілеуі қабылданғандай, экспреске сирек тіркелетін үшінші кластың қатты вагоны Итбай билет алған күні тіркеліп, «Петерборға жеткізсе бәрібір емес пе?» деп, Итбай билетті қатты вагонға алған. Осы вагонның ішінде Асқар мен Итбай бір купеде қарсыма-қарсы жатады. Ұйқыдан шошып оянған Асқар, көзін кеңірек ашып, екінші купеде жанған май шамның әлсіреп келген жарығымен кескіні күңгірттеніп шалқасынан жатқан Итбайға қараса, демін біресе аузынан, біресе мұрнынан алып, бірде тамағы, бірде мұрны қырылдап, о да шырт ұйқыда екен.
Есін жиған Асқар, неге шошып оянғанын ойлады. Ол түс көрген еді. Түсінде: «Бурабай қаласына келіп Балтабектің үйіне қонған екен дейді. Сол үйде ұйқтап жатқанында біреулер тапыр-тұпыр үйге кіріп келген екен дейді. Асқар да, үй іші де ояна келсе, үйге келгендер – Итбай бастаған бір топ жігіт екен дейді. Сол арада Итбайдың жігіттері Балтабекті де, Асқарды да, Айбаланы да байлап тастап, Ботагөзді үйден сүйреп ала жөнелген екен дейді, басқа істер қайраты таусылғаннан кейін, байлаулы Асқар, көрші үйлер естір ме екен деп ойлап, қатты айқайлап жіберген екен дейді...»
Міне, Асқардың шошып оянған дауысы – осы дауыс. Купенің ауасы өте нашар, және ыстық екен. Тынысы тарылған Асқар пальтосын жамылып, дем алғалы вагонның буфері жаққа шықты. Вагонда ояу тірі жан жоқ. Бәрі де шырт ұйқыда. Буферге таяу купеде панарын алдына қойып, проводниктің өзі де қалғып отыр. Асқардың олай еткенін вагоннан ешкім сезген жоқ.
Вагонге кірер сыртқы есікті ашып, Асқар далаға қараса, алашұбар бұлты бар, айлы түн екен. Келе жатқан жерлері қалың орманның іші. Асқар есікті жаппай біраз тұрды. Оған поезд тоқтап тұрған сықылды, тоқтаған поездың астынан жердің өзі сырғып жүріп жатқан сықылды болды. Қасқыр тиген жылқыдай орманның қалың ағашы үркіп қашып бара жатқан сықылды көрінді.
Ботагөз туралы ойлағаны: «Алдында не күн күтіп тұр! Торлаған қасқыр көп. Тоқтыдай солардың аузына түсіп кете барасың ба? Бақыт сәулесін көресің бе?
Тамбурда бірсыпыра уақыт тұрып, дем алып, аздап бойы тоңазыған соң, Асқар вагонға кіріп, купесіне беттеді. Жатқан купесіне бұл жақындағанда екі адам қарсы келіп, қымсынып өте берді. Кескіндері күңгірт. «Бейсауат жүрген неғылған адамдар?» – деп ойлады ол.
Купесіне кеп, орнына отырғаннан кейін, Асқарға: «әлгі қан жауғырлар ұры боп, бірдемемізді сыпырып кетті ме?» деген ой келді. Сол ойдан кейін, ол түрегеп, өз чемоданын қараса, орнында тұр.
Итбайдың жолға алған сандықшасы төсегінің астында еді. Оның ішінде патшаға әкеле жатқан сыйлар бар.
«Итбайдың сандықшасы аман ба екен?» – деп ойлаған Асқар, еңкейіп көйке астына қолын тықса, дәнеңе жоқ! Асқардың жүрегі су ете түсті. Не қыларын білмей сасып қалды.
– Итеке! Ау, Итеке!– деді ол Итбайды оятып.
Итбай өте қатты ұйқтап жатыр екен. Дауыстап оятқанына тұрмағасын, Асқар қолын батыра түртті.
– Һа-һа!..– деді шошып түрегеп Итбай.
– Итеке!..
– Һа-һа!..
– Есіңді жинашы, ояншы, Итеке!..
– Һа-һа!.. Асқармысың? Немене?..
– Сандықшаңызды қайда қойып едіңіз?!
– Жамбасымның астында да. Оны неге сұрадың?
– Ендеше сандықшаңыз жоқ!
– Е, ол қайда?– деді Итбай атып тұрып, астын сипалап,– ойбай, жоқ!
– Жаңа осы арадан бір ыңғайсыз адамдар өтіп еді, солар ұрлады оны!
– Ойбай қуайық!– деді Итбай ұмтылып.– Ә, құдай, ә, жасаған, я бабам, я әруақ!.. Өзің жөн бер!–деді Итбай жалаң аяқ Асқардың артынан коридорды бойлай жүгіре басып.
Бұлар вагонның басына тақалғанда, көзін уқалап панарын көтеріп проводник өз бөлмесінен шығып келеді екен.
– Багажымыз ұрланды,– деді Асқар оған.
– Қашан?
– Жаңа. Ұры ұзаған жоқ. Жүріңіз!..
Проводник те сасқан болып, Асқар мен Итбайға еріп тамбурға шықты. Осы кезде ашық есіктің алдында тұрған екі адам қолдарындағы сандықты сыртқа лақтырып жіберіп, өздері де секірді.
– Қап!– деді Асқар мен Итбай қосынан.
Итбайдың көзі қарауытып, басы айналып кетті. Ол сол араға отыра қалды.
СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
ПЕТЕРБУРГТЕ
1
Петербургке енді жарты сағатта жетеміз деген проводниктің сөзі Асқарды аса қуандырды. Аспандағы жұлдыздай жарқырап, көзін қызықтырып, бойы жетпей арманда жүрген қиялы енді, баулыған құстай қолына кеп қонған тәрізденді.
Асқар Петербургті ең алғаш, бастауыш мектептің 2–3 кластарында оқып жүргенде естіген еді. Зиректігіне қызығып, Асқарды жақсы көретін учитель, «осы қалпыңмен жақсы оқысаң, бұдан кейін орта мектепті бітіріп, содан кейін Петербургтің университетіне барасың», дер еді, оған учитель, сөйтіп, Петербургтің қаласын, каналдарын, үйлерін, ескерткіштерін мақтап, Асқардың аузынан қызығу сілекейін ағызар еді. «Шіркін, сол қаланы бір көрсем!» деген арман Асқардың жүрегінде бала жасынан орнаған еді.
Петербургті жердің жұмағы деп ұққан Асқар, бертін келе, семинарияға түсе, Достоевский мен Некрасовтың, тағы сондай Петербургтің көлеңке жағын көп көрсететін жазушылардың шығармаларын оқып, «жердің жұмағында да» кемшілік барын білді. Петербург туралы тарихи және көркем шығармаларды кеп оқыған Асқар, оны көруге құмартты.
Семинарияға түскенде, Асқардың ойы: оны төрт жылда бітіріп, содан кейін, жоғары білім алуға Петербург бару еді. Ол тілегіне қолының қысқалығы жеткізбеген Асқар, «ең болмағанда бір көрсем» деген арманнан қол үзбейтін.
Міне, сондай, көрмей сағынған Петербургке ол келе жатыр.
Жарты сағат уақыт, асыққан Асқарға жарты жылдан артық сияқтанды. Терезеден қараса әлі – түн. Түнге терең сүңги зымыраған поезд Асқарға, поезға мінген халықты сүйремей Асқардың шыдамын сүйреген сияқтанды. Поезд ілгері зырлаған сайын, Асқардың жуан шыдамы жіңішкере бергендей, қалын, шыдамы жұқара бергендей болды.
Поезд тоқтады. Тысқа жұртпен бірге Асқар мен Итбай да шықты. Дала қою тұман. Сонда да түн реңкі бозамық тартқан. Бұл таңның білінуі ме, әлде вокзал маңында жиі жанған электр сәулесінің жарығы ма, оны Асқар айыра алмады. Носильщиктер келіп, қызмет еткісі келгендігін білдіріп еді, ауыр жүктері болмағандықтан, Асқар оларды қабылдамады.
Сапырлысқан көп халыққа, төбесін шынылаған вокзалдың кең үйіне таңдана қараған Асқар, Итбайды залда бір жерге орналастырды да, газетте жазылған хабар бойынша, юбилейге келген өкілдерді қарсы алатын Ішкі Істер министрлігінің комнатасын іздеді.
«Осы бөлмеде» дегенге Асқар кіріп барса, ішін салтанатты жасаулармен безеген кең бөлме екен, төрінде стол сыртында, соғыс генералының формасында, ұзын айыр сақалды біреу отыр, одан басқа: ала жібек шапанды, өзбек тақиялы, ақ сәлделі, шығысша сәнді киінген он шақты адам бар.
Шығыстықтармен генерал сөйлесіп отырғандықтан, Асқар әдеп сақтап, генералға бас изеп қана сәлем берді де, босағадағы орындыққа отыра кетті.
Сөз түрлеріне қарағанда, шығыстықтар – бұхарлықтар екенін байқады Асқар. Олармен сыпайы сөйлескен генералдың өзін елемеуін Асқар ауырлады. Аздан кейін есіктен офицер формалы бір жас жігіт кірді де, автомобиль даярлығын айтты.
– Сіздер гостиницаға барыңыздар,– деді генерал бұхарлықтарға,– сіздерді (офицерді көрсетіп) мына господин бастап апарады.
Бұхарлықтар генералға шығысша қоштасып, офицерге еріп шығып кеткесін, генерал телефонный, трубкасын қолына алып, әлдекіммен болмашы бірдемелерді сөйлесіп отырып алды. Асыққанын кескінінен, қимылынан ұқтырған Асқарға ол, көз қырын бірер рет елеусіз аударды да, қайтып қараған жоқ.
«Мынау қайтеді?» деп ойлаған Асқар шыдамсызданды да, генералдың телефонмен сөйлесіп болуына қарамай орнынан тұрып барып, губернатордан алған мандатын ұсынды. Генерал Асқардың бұл батылдығын ұнатпағандай кескініне тура қарады да, трубканы ілместен, сөйлесіп жатқанына: «Одну минутку» деп, көзін Асқардың қағазына жүгіртіп өтіп, стол үстіндегі бір кнопканы бармағымен басты.
Содан кейін, Асқарға тағы бір қарап қойып, телефонмен сөйлесе бастап еді, бөлмеге біреу кірді. Асқар берген қағазды генерал соған ұсынды.
– Жүріңіз, мұнда!– деді ол Асқардың қағазын оқып шығып.
Генералға ренжіген Асқар, оған қош айтыспастан, шақырған адамға еріп коридорға шығып еді, ол оны тағы бір бөлмеге апарып, даяр бланкіге Асқардың және Итбайдың аты-жөнін жазып қолына берді. Асқар оқып көрсе, «Европейская гостиницаға» түсетін ордер екен. Ордер берген адам Асқарға қай трамваймен қалай барудың жобасын айтты.
Екеуі трамвайға кеп мінді. Сол кезде тұман сұйылып, аспанды иектеген күн көзі көріне бастады.
Тура, кең көшелі, биік, сұлу үйлі қалаға трамвайдың, терезесінен жаутаңдап қараған Асқар мен Итбай сол қалыптарымен кешке шейін жүрер еді, егер «түсер кезде айтарсыз» дегендіктен, праводник «келдік!» демесе,
Олар гостиницаға кіріп, оның қожасына ордерлары мен документтерін берді де, үшінші этажға, аралары шалғай, екі номерге орналасты.
Мұндай әдемі гостиницаға, мұндай әдемі номерге Асқар бұрын түсіп көрген жоқ еді. Асқар ұялса да, ертіп әкелген есікшіден номердің, гостиницаның бар тәртібін сұрап алды.
Асқар таза киімін киіп, «не халде екен» деген оймен өз номерін жауып, Итбайдың номеріне барса, ол жолдан келген кір киімімен, ақ одеял жапқан никель кереуетке қисайып, қалғығалы жатыр екен. Асқарды көріп, Итбай басын көтерді.
Әуелі жуынып, таза киініп, содан кейін мынандай таза төсекке жатудың қажеттігін, гостиницаның, номердің тәртібін айта кеп, Асқар Итбайға былай деді:
– Мұндай үлгілі жерде, жақсы болсаң да, жаман болсаң да, өзің үшін ғана емес, халқын, үшін боласын. Мұндағылар жаман қылығыңды көрсе, сені ғана емес, халқыңды кінәлап, алған тәрбиесі, өскен ортасы сондай дейді. Ал, жақсы қылықтарыңды көрсе, үлгілі, тәрбиелі елдің баласы екен деп, халқын, туралы жақсы пікірде қалады. Олай болса, ағай, сіз, өзіңіз үшін ғана емес, халқыңыз үшін бұл арада аса таза, аса әдепті болыңыз. Расын айту керек, сіз былайша, ауқатты адам болғанмен, әкімшілік жұмысына көптен араласқанмен, шаһардың мәдениетті тәртібін аз білесіз. Ақылдымсыды деп мені сөксеңіз де айтайын.
– Айт, шырағым, айт!– деді Итбай Асқардың сөзін бөліп,– «көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деген. Сен жас та болсаң көпті көрдің. Залалды сөз айтып жатқан жоқсың. Танымайтын, мойны алыс жерге келдік. Мынаның қасында Омбы да ауыл сияқты екен. Мұндайда намысқа тырысып, сыр бермегеніміз жөн.
– Рахмет, ағай. Сөздің қысқасын айтайын: сіздің үстіңіздегі киіміңіз Петербургке лайық көрінбейді. Сізде ақша мол. Алдымен, осы қалада ен, жақсы киінетін адамдай болып киініңіз.
– Мақұл, шырағым. Сен де қалаған киіміңді ал. Борыш-қарышы жоқ, «бір жолға қоян терісі де шыдайды» деген. Құдай десіп жолға бірге шыққан соң, бір ауыртпалығыңды көтерем.
– Рахмет, ағай, оны ыңғайына қарай көрерміз.
Екеуі тысқа шығып, Пассажға барды да, Итбай өзіне: құндыз жағалы күзен ішік, дөңгелек құндыз бөрік, жақсы екі костюм, галошымен шегрен етік, ішкі-тысқы көйлектер алды; Асқарға: сыпайы пальто, костюм, галошы мен бәтеңке және крахмал жағалы сорочкалар әперді.
2
Асқар оянса, ұйқысы қанып, денесі сергіп қалған екен. Жатарда ол үлкен терезенің шымылдықтай үстінен салбырап, екі жағына жиырыла жиылатын қара барқыт пердесін жапқан еді. Содан ба, я таң әлі атқан жоқ па – бөлменің іші қараңғы.
Кереуеттен басын көтерген Асқар киінбестен, сәкіге төселген қалы кілемнің үстімен жүріп барды да, пердені екі жаққа жиыратын жібек бауды тартып кеп қалды. Төңкерілген ыдыстан ақтарылған судай, даладағы жарық қараңғы бөлмеге лық етіп құйылып кеп кетті. Ақтарыла құйылған жарықтың көбігінен шапшыған Асқардың көзі жасқанып, ол кірпігін жұма қалды да, аздан кейін ақырын ғана көтеріп, кең көзінің өткір қарашығын еппен ғана сығырайтты.
Көзін сәулеге үйреткен Асқар, терезеден қараса, аспан айнадай ашық екен, нұры толқи жарқыраған күн түске тармасып қалыпты.
Кеше Пассаждан алған сорочкасын, костюмін киіп, шамасынша сыланған Асқар, бөлмесін жауып, екінші қабаттағы парикмахерге барып, шашын қырықтырып, басын жуғызды.
Парикмахерден шығып Асқар Итбайдың номеріне барса, ол да түрегеп, киініп диван үстінде отыр екен,. бірақ киімдері – ауылдан киіп келгендер. Кескіні жүдеу.
«Сырқаттанды ма, әлде?» деп ойлаған Асқар:
– Неге жүдеп отырсыз, ағай?–деді.
– Жәй!–деді Итбай күрсініп, поезда ұрланған заттарым сол қалпымен кетеді-ау, енді, ә!.. Шіркін тамаша заттар еді...
– Мен сол заттарыңызды көрген де жоқ ем, не бар еді ішінде?
– Көп зат емес еді, бірақ қымбат заттар еді. Ақ ботаның түбітінен иіріп, арқауына шым жібек жүгірткен шекпен еді. Кезі жиырма бес сомның торғынымен астарлатып ем, кере құлаш қамшаттың ақ қылшық қара құндызынан қаусырмалы дөңгелек жаға салдырып, жең ұшына да жалпақтығы қарыстай құндыз ұстатып ем. Баларақ кезімде, Ірбіт қаласына ен, алғаш сауда жолына шыққанымда, базардан: жалпақтығы төрт елі, қалыңдығы қылыштың қырындай, ұзындығы 13 кез алтын оқа алып едім. Жылқының маңдай алды 15–20 сом кезінде оқаның кезін бес сомнан алып ем, бағасын содан біле бер. Сол оқаның алты кезін, шекпеннің өңірі мен етегіне айнала ұстатып ем. Жоғалған сандықта сол шекпен бар еді.
– Рас, қымбат заттар екен.
– Не айтқаның, он бес атқа бермес ем оны. Одан басқа, өзін, көрген, күмісіне алтын жалатқан кісем бар еді, қынында алтын сапты кездігім бар еді. Көкшетаудағы аң терісімен сауда қылатын ноғайдан жабайы қызыл түлкі 2 сом, 3 сом кезінде, таңсық көріп 25 сомға алған қара буырыл түлкім бар еді ғой.
– Мен көрген жоқпын.
– Көрмесең, сол түлкіден қазақша тымақ істетіп, сыртын қарала батсайымен тыстатып ем. Көкшетау барып, оязға осы үш затымды көрсеткенде: «бұларың тамаша сый екен,– деді ол,– бірақ сен енді, мұндай қымбат сый апаратын болған соң түгелдеп апар; ендігі жетпей тұрғаны: қазақша саптамалы етік пен күмістеген мүйіз шақша екен. ІІІекпен, тымақ, кісе, шақша, бесеуін апарсаң, әрі қымбат сыйлар болады, әрі патшаның алдында, өзіңнің қазақ екеніңді танытасың» деген. Оязды айтуымен ұстаға тамаша қып қошқардың мүйізінен балқытып, ұзындығы кезге жақын шақша істетіп, мәнерлерін алтыннан орнаттырған едім.
Итбай қатты күрсінді.
– Ағай!–деді Асқар,– қалалы жерде, осындай жоғалған заттарды іздейтін «уголовная розыска» дейтін мекеме бар, соған хабарлассақ қайтеді?
– Оқасы не? Неміз кетіпті?
– Ендеше, мен телефонмен сөйлесейін.
Анықтау бюросы арқылы Асқар «розысканы» тауып алды да, телефонмен ұрланған заттарды мәлімдеді. Розыска Асқардың, Итбайдың адресін, телефондарын жазып алып, егер зат табылса хабар бермек болды.
Асқар мен Итбай киініп тысқа шықты да, Невский проспектінің бойын өрлеп, жоғары қарай тартты.
Олар «Зимний дворецтің» комендатурасына кірсе, юбилейге әр жерден өкіл боп келген көп адам отыр екен, ішінде қазақ кескінділері де бар: солардың біреуіне Итбай тіл қатып еді, анау «білмеймін» дегендей басын шайқады.
– Мынау әдейі білмей тұр ма, болмаса қазақ емес пе?– деді Итбай Асқарға.
– Қазаққа ұқсайтын: жақұт, ойрат, қалмақ, тағы сол сияқты жұрттар бар, солардың біреуі болар.
Бұлардың қазақша сөзіне топталған көптен екі адам қазақша жауап қайырды. Амандықтан кейін жөн сұрасса, бірі – Торғай облысынан келген Сайым Қыдырұлы екен, біреуі –Жетісудан келген Құдайберген Маманұлы екен.
Комендатурадан тиісті қағаздарын алып шыққан соң, Құдайберген: «бүгін күн жұма, осындағы мешітте патшаның құрметіне мұсылмандар намаз оқиды екен, соған барайық»,– деді. Сайым мен Итбай қостаған соң, Асқар қарсы сез айтпай, «Выборгская сторона» жақтағы мешітке оларды бастап, трамваймен алып барды. Намаз оқымайтын Асқар серіктерінен рұқсат алып, мешітке кірмей кетті.
Гостиницаға ымырт жабыла қайтқан ол, шаршағанын сезсе де, Итбайды біле кетейін деп, соның номеріне барды. Барса, онда Құдайберген, Сайым, Итбай – үшеуі отыр екен. Итбайдың номері екі бөлме сияқты еді: шымылдықпен қоршаған – ұйықтайтын жағы, оның алды – ас бөлме сияқты. Алдыңғы бөлме кең, ортада үлкен стол. Столдың үстінде: әртүрлі арақтар, пісірулі тамақтар қойылыпты.
Асқар кіргенде Итбай ыңғайсызданған белгі көрсетті. «Итекең бұлайша арақ ішпейтін еді, Құдайберген қажы деген, сонда бұл арақтарды Сайым ғана іше ме!» деп ойлады Асқар. Арақ пен тамаққа Асқардың таңдана қарауын сезгендей Сайым:
– Жақсы келдің, мырза,– деді Асқарға,– «айран сұрай кеп шелегіңді жасырма» дегендей, Итекеңе қонаққа кеп отырмыз.
– Жақсы. Құп болады.
– Құп болса, шешін, жігіт!
Сайым Итбайға қарап еді, Итбай әлденені «айтпа» дегендей, көзін қысып, басын шайқады.
– «Туғаныңды жасырасың, өлгенде қайтесің» деген емес пе,– деді Сайым,– бала емес, өзі де түсінбей отыр деймісің. Солай ма, Асқар?
– Түк те түсінгем жоқ,– деді Асқар.
– Қой, жігіт, оныңа нанбаймын. Әлде, айлаңа сырық бойламайтын қумысың?
– Рас, ағай,– деді Асқар, шыныменен, «қонақ бола келдік» дегеніңізден басқа ешнәрсе біліп отырғам жоқ.
– Білмесең, жұмбақтамайын,– деді Сайым,– кәріліктің алды, жігіттіктің соңы деп, үшеуіміз бүгін бір ниетте отыр ек те, сен қосылсаң төртеу боламыз.
– Не ниет?
– Айтам ғой, «қусың» деп. Біле тұра білмей отырсың. Осы сияқты қалаға келген соң, қызық атаулыдан көрмеген ешнәрсе қалдырмау керек емес пе?
– Орынды қызық болса дұрыс қой.
– Орынсыз қызық бола ма? Мәселен, мына біз үшеуіміздің қыз-мызға зауқымыз соқса, ол орынды қызық емес пе?
– Қайдағы қыз?–деді Асқар, Сайымның оспағын енді ғана жорамалдап.
– Тегін қыз емес, өзіміздің адал ақшаға сатып алатын қыздар!
– Жақсы екен!– деді Асқар түрегеп, кекеткен дауыспен,– мен бөгет болармын, кетейін.
– Е, оның қалай! Сенің бізден кәрі болғаның ба?
– Кәрілігім емес, арлылығым.
– Қарай ғой, мына лақ теке сияқты шікірейген неменің нығызын!– деді Сайым, шыға жөнелген Асқардың артынан қолын, ернін шығарып,– арлысын мұның! Адрам қал!..
Асқар ол сөздерді естісе де, жауап қатпай есіктен шыға бергенде, қылмыңдаған үш жас әйел, Асқарға кездерін қысып қойып, Итбайдың есігін тықылдатты.
3
Асқар номеріне кеп сағатына қараса, кешкі тоғыз екен. Қарны ашқан ол официантты звонокпен шақырды да, ужинге заказ беріп, бөлмесіндегі барқыт диванға жантая жатып еді, телефон сылдырлады.
– Алло!– деді Асқар түрегеп барып, трубканы алып.
– Бұл 316 номер ме?–деп сұрады әйелдің нәзік даусы.
– Иә!– деді Асқар.
– Саша!.. Сенбісің?..
Асқар не айтарын білмей абыржып, аз тұрды да:
– Жоқ-жоқ, мен Саша емес!– деді.
– Өтірік айтпа, Саша! Мен дауысыңды танып тұрмын. Сашка, ұят емес пе мұның?
– Менің атым Сашка емес, мен басқа кісімін, мүмкін, сіз қаталасып тұрған боларсыз. Сізге қай номер керек?
– 316, телефон 4–35–47. Сен алдама мені, Сашка! Мен қазір барам!
Асқар бірдеме айтуға ыңғайланып еді, әйел трубканы іліп қойды. «Мен қазір барам!» Асқар састы. «Мүмкін,– деп ойлады ол,– осы номерде ол әйелдің Сашка дейтін жақыны тұрған болар, мүмкін, менің дауысым Сашкаға ұқсаған болар. Сашка!.. Ғажап!.. Шортым білсін, қай Сашка екенін оның!.. Бірақ бұлай отыруым келіспес. Мәдениетті әйелдің біреуі болса, бейғам отыруым ұят болар!»
Ол жалма-жан ішіп отырған асының бетін жауып, киім-кешегін дұрыстап, сыпайы қалыпта әйелді күтіп отырды. Көп кешікпей есік қағылды. Ыңғайсызданған Асқар есікті ашса, әдемі киінген, жиырмалар шамасында дерлік бір сұлу қыз тұр!
– Кіруге мүмкін бе?
– Пожалуйста!–деді Асқар әдеппен.
Қыз бөлмеге кірді де, жан-жағын көзімен таңдана шолып:
– Ғафу етіңіз!–деді Асқарға,– бұл қай номер?
– 316.
– Мұнда менің досым – Сашка тұрған еді.
– Мен бұл номерге кеше түстім, мүмкін, менен бұрын тұрған болар.
– Ие, келмегеніме үшінші күн еді.
Қыз: сұңғақ бойлы, талдырмаш, қанаттанып жетпеген қаздың балапанындай сары шашты, кескіні аршыған жұмыртқадай аппақ; көзі тұнық, қара; қылдырықтай қиылған қасы бар, садақтың оғындай тізіліп қайқайған ұзын кірпігі бар.
Бүлдіршіндей әдемі қызбен Асқардың таныс болғысы кеп кетті.
– Ғафу етіңіз,– деді ол қызға,– батылдығыма кешірім жасаңыз; мен сіздің сөзіңізге күдіксіз сенемін, және досыңыз Сашканың бұл номерден сізге айтпай кету ренішіне сізбен ортақ болам. Сізге «аз отырыңыз!» деп өтінуіме мүмкін бе?
– Пожалуйста! Бірақ мен асығыс ем, Сашкаға бір секундке ғана кіріп шықпақ ем.
– Сіздің рахымыңыз мені шексіз қуандырды, рұқсат етіңіз, сізге өзімді таныстыруға: мен «қазақ» дейтін халықтанмын, учительмін, атым Асқар. Фамилиям Досанов.
– Өте сүйкімді!– деді қыз. Асқардың ұсынған қолын алып,– менің атым Тамара.
– Шешініңіз! Аз да болса отырыңыз!–деп Асқар жалынғанмен, қыз «уақытым жоқ» деп өтінішін қабылдамаған соң,– мен сізбен танысуымды өзіме бақыт деп санаймын,– деді Асқар,– егер рұқсат етсеңіз, мен сіздің танысыңыз болғым келеді.
– Мен де өте қуаныштымын, сізбен таныс болуға.
– Егер қарсы болмасаңыз, қай күні, қашан осы номерге келуге мүмкіндігіңіз барын айтуыңызды өтінем!
– Қарсы емеспін. Телефоныңызбен өзім звонить етермін.
– Пожалуйста.
Қыз қоштасып шығып кетті. «Бұл кім? – деп ойлады Асқар,– қай қыз бұл? Итбайға келген қыздың біреуі ме? Жоқ, оған бұның жобасы келмейді!»
Бөлмесінде ерсілі-қарсылы жүрген Асқар пиджагінің ішкі қалтасына қол салып еді, Омбыда Мадиярдың «Базарханға бер» деген хаты ілікті. Асқар хатты алып қараса, конвертінде Базарханның, адресі және телефон номері жазылғаны көрінді.
– Сен өзің тентек жігіт болайын деп жүрсің,– деген еді бұл хатты Асқарға тапсырып тұрып Мадияр,– қазақтан әзірге социалист, әсіресе, демократ жоқ еді, сенің болғың келген екен, бар, жолың болсын. Ертең-ақ ол пікіріңнен айнуыңа әкел қолыңды! Олай дейтінім, осы хатты апарып беретін Базекеңнен артық оқыған да, артық білетін де қазақ әлі туған жоқ. Ұлт қамын одан артық ойлаймын деп ақымақтан басқа ешкім айтпас. Сол Базекең, бір кезде кедейшіл, кәтте пролетариатшыл болам деп, Карл Маркстің өзімен шұғылданған. Білемісің оның кім екенін?
– Естимін,– деді Асқар.
Марксті естімеген болар деген оймен айтқан Мадияр, оның «естимін» дегеніне мән беріп:
– Қайдан естідің?– деді.
– Е, мен сауатты кісі емеспін бе,– деді Асқар – оқымаймын ба?
– Марксті де оқыдым десейші,– деді Мадияр сүзіле қарап.–Қай кітабын оқыдың оның?
– Мен сізге Марксті оқыдым деген жоқпын.
– Оқымасаң қайдан білесің?
– Естуге болмай ма енді?
– Кімнен естідің?
– Сонда тергегеніңіз не, мені?–деді Асқар кейіп.
– Оқиын, оқымайын, онда сіздің, не жұмысыңыз бар?
– Неге жұмысым болмайды?– деді Мадияр да тікеленіп,– мен саясаттың кісісімін. Қазақ халқының болашағына мен немғұрайды қарай алмаймын. Оқымасаң оқырсың Марксті. Ол іске аспайтын жол. Тіпті, іске аса қалған күнде де, қазаққа оған түсу үшін әлі пәлен жүз жыл керек.
– Осының бәрін маған неге айтып отырсыз?–деді Маркстің атын, пікірінің жобасын Кузнецовтан ғана естіген, өзі еш еңбегін әлі оқымаған Асқар, Мадиярдың білгішсінгенін ұнатпай.
– Айтып отырғаным,– деді Мадияр, Базарханға тапсыр деген хатын Асқардың қолына беріп,– мына Базекең студент күнінде марксшіл болам деп, біраз әуреленіп, ойы ер жеткен кезде, ол пікірінің қаталығын көріп, марксизммен қоштасқан. Ол қазір кадеттің цекасына мүше. Мына хатты сен Базекеңе апарып бер. Мұны почтамен де жіберуге болатын еді, сен арқылы әдейі беріп отырмын. Мұнда бізді қанағат көрмедің ғой, сен. Базекеңді қанағат көрмеймін деп өзің де айтпассың, олай десең қазақ та болмассың. Таныс, сөйлес Базекеңмен.
– Жарайды,– деді, одан әрі Мадиярмен салғыласуды қажет көрмеген Асқар.
Мадияр Базарханға берген осы хаттың адресіне Асқар Петербургтің гостиницасындағы номерінде қарап отырды да, телефонды алып звонить етті.
Телефонда Базарханның өзі жауап берді.
– Газеттен көріп ем,– деді ол,– неге хабарласпай жатыр деп ем.
Кешірім сұраған Асқарға:
– Серіктеріңді алып, бүрсігүні біздің үйге түстікке келіңдер!– деді Базархан.
Базарханның үйін адресімен тапқан қонақтарды төрт қатарлы, сұлу архитектуралы үйдің үшінші қабатында есік ашып: монгол типті, сақалын қырған, сұйық ұзын мұрты бар, кең танау қара кісі қарсы алды.
– Сайымнан басқаларыңызды танымаймын,– деді ол, өзін: «Базархан Әділханұлы Меделханов» деп таныстырып.
– Сайымнан басқалары жөндерін айтты. Базархан есікті жапты да оларды шығыс (әсіресе өзбек) тәртібімен жиналған кең бөлмеге алып кірді.
– Орысша отыра алмассыңдар, жерге ауылша отырыңдар!– деп, төрде кілем үстіне төсеген көрпеден орын көрсетті. Асқар ғана орындыққа отырып, өзгелері Құдайбергенді ортаға ала көрпе үстіне орналасты. Базархан да жерге отырды. Аздан кейін есік қағылды.
– Пожалуйста!– деді Базархан.
Бөлмеге жуантықтау, орта жасты, жирен-шабдар әйел кірді.
– Біріңізге құрбы, біріңізге жеңге, бұл кісі!– деді Базархан.
Әйел бас изеп қана амандасып, босағада қонақтарға таңданғандай қарап тұр еді...
– Насыбайым мен ләгенімді әкеліңізші!– деді Базархан оған.
– Қазір, Борис Алексеевич!
Әйел шығып кетті. «Мұнысы қалай?»– деп ойлады Асқар,– қазақ атын орысшаға аударғаны ма, бұл?»
Әйел тез оралып, бір қолына күмістеген мүйіз шақша, бір қолына ішіне күл салған кішкене жез ләген ұстай кірді. Шақшаны алған Базархан бір атым насыбайды тілінін, астына салды.
Қалада қанша жыл тұрғанмен, мына кісі тіпті қазақы екен ғой!» – деп ойлады, насыбайды жек көретін Асқар. Тілінің астында насыбай бар кісі «р» әрпін сөйлей алмайды екен. «Р» ды «и» ғып сөйлеп Базархан қонақтарымен кеңеске кірісті. Ол әуелі әр елдің шаруа күйін сұрай кеп, саяси халіне, әсіресе қазақ жерін переселениеге алу жөнінде тоқтады.
Жер мәселесі туралы пікірлерін Базархан «Айқап» журналына жазып, «қазақты отырықшыландыру керек, әр ауылға арнаулы жер .кестіріп беру керек» деген пікірге қарсы болғанын Асқар оқыған. Ауылды қоныстандыруды жақтайтын Асқарға Базарханның бұл пікірі ұнамайтын.
– Қазақты жерге орналастыру жұмысы енді кезіне келген сияқты,– деді Асқар жер мәселесі сөз болғанда.
– Ә, «Айқапты» көп оқиды екенсің ғой, інім!–деді Базархан.
– Оқимын. Сіздің мақалаларыңызды да оқығам. («Ие, оған не айтасың?» дегендей, Базархан Асқарға қарады.) Менімше,– деді оны түсінген Асқар – өзіңіз де ол пікірлеріңізді енді қолдамайтын шығарсыз деймін.
– Неге қолдамаймын?– деді Базархан ұнатпағандай, сығарая қарап.
– Сіз: «ауыл бұрынғыдай көше берсін» дейсіз, «қоныстанса ауыл ескі салтынан айрылады, егін егіп қара табан болады» дейсіз, «,қала болған соң, орыс крестьяндарындай бірінде жер кеп, бірінде аз, бірінде күш кеп, бірінде аз болады, осыдан барып, қазақ арасына алауыздық туады, берекесінен айрылады» дейсіз.
– Дұйыс айтып отисын. Осы сөздей хата ма?
– Сізге «хата» деуім де ұят, ағай, сіз – үлкен, мен – кіші, сіз – көп білесіз, мен – аз, «тілмарсыды» деп сөкпеңіз, менімше, ол пікір хата ғой деймін.
– Бұның өзі сондай ақылды неме!– деді Сайым, Асқардын, Базарханға қарсы келуін ұнатпай.
– Бөгемеңіз, бөгемеңіз!–деді Базархан,– айтсын.
– Егер ауыл қоныстанып ,қала болса, оған мектеп, монша, аурухана, тағы сондай игілікті орындар салынады. Көшпелі ауылда соның бірі бола ма?
– Сонда қазақта елдік қала ма?–деді Базархан,– ұлттық өзгешелігінен айрылмай ма?
– Неге ұлттығынан айрылады? Грузин, татар сияқты отырықшы елдер ұлттығынан айырылып отыр ма? Қайта, күшейіп отырған жоқ па?
– Ас даяр!– деді Базарханның әйелі есіктен.
– Қол жуайық!–деді Базархан,– елден шыққалы ауыл асын сағынған шығай деп сендейге қазақша ет астиып ем.
Түрегеп, қолдарын жуып кеп қонақтар асқа отырды.
Жылқының семіз еті екен.
– Осында татарлар жылқы етін сатады,– деді Базархан,– бірақ қадырын білмей сатады, қазысын қара еттің бағасына береді, қарын, қартасын «нәжіс сауыты» деп жемейді. Қоныстанған елдің жайы солай! (Базархан кекетіп күлкілі кескінмен Асқарға қарап қойды).
Асқардан басқа .қонақтар, Асқардың Базарханға қарсы келуін Базархан ауырлай ма деп ойлаған еді, Базархан ондай сыр бермей, жайраңдап, Асқарға «қарағым, шырағым» деуден басқа сөз айтқан жоқ.
Қонақтар ет жеп, сорпасын ішіп болғаннан кейін, Базархан тілінің астына насыбайын салып ап, Асқарды тары қажады. Ондағы ойы – оның саяси пікірінің қаншалық жерге өрістеуін байқау еді.
Саяси мәселеден басына әлі таяқ тиіп көрмеген, жастық екпіні сыртына тепкен Асқар, Кузнецовтың «сақ бол» деген сөзін ол арада ұмытып кетіп, қызына сөйлеп, бар пікірін ақтарып салды. Бұл сөздерді тыңдап, іштей жек көре отыра, Базархан тақыстығын істеп, Асқармен пікір жарыстырмады, өзгелер жарысайын десе ауызға қақты. Ондағы білейін дегені – «осы сөздер өз басынан шығып отыр ма? Әлде саяси ұйыммен, әсіресе, социал-демократияның большевиктер жағымен байланысы бар ма?» еді. Осы жөнде біраз айналдырып көріп, қолына ілігер ештеңе таба алмаған Базархан, Асқарға Мадиярша педагогикалық жолмен келмей, оны үгіттеуді қажет деп таппай:
– Енді қояйық, бұл сөзді,– деді.
Қонақтары кеткеннен кейін Базархан полиция департаментінің өзімен жақсы таныс начальнигі Белецкийге телефон соғып, «ертең жолығармын» деді, сондағы айтайын дегені Асқар туралы еді.
4
Базархан үйінен шыға, «жұмысым бар еді» деп серіктерінен бөлінген Асқар, көшедегі городовойдан, Кузнецов берген Смирновтың көшесіне баратын трамвайдың номерін сұрады да, күткен номері келгенде, міне жөнелді.
Қаланың ішін кең орай, әлденеше иректі жолға түскен трамвайда бір кезде Асқар мен проводниктен басқа кісі қалмады. Сол күні түн аяздау еді, тоңған тәрізді болған проводник, қолдарын айқастыра қусырып, тұмсығын тонының ішіне тыға бетін Асқардан теріс бұрып отырды. Келгелі Петербургтің дымқос ауасынан тынысы тарылған Асқарға, бүгінгі түн райының ширақтығы қуат беріп Базархан үйінде маужыраған ұйқысы ашылып, көзі жайнаңдап, ширап кетті.
Трамвай ұзақ жүрді. Тоқтар жерін оған проводник айтпақ болды.
«Осы ара» деген сөзбен Асқар трамвайдан түссе көше күңгірт екен. Көшенің екі бетіндегі үйлер де Петербургке лайығы жоқ, Қызылжардай сәлдеу қаланын, үйлері сияқты. «Петербургте де мынадай үйлер бар екен-ау!» деп ойлады Асқар оларға жалтақтап қарап.
Біраз жүрген соң сескенейін деді: ілгері жүрген сайын көше кейіпсізденіп қарауыта берді. «Ұры-мұры кездесіп, не тонап ап, не өлтіріп кете ме!»–деп қауіптенді ол. Бет алған ісінен қайтып көрмеген Асқар қауіптенсе де, тәуекел ғып тағы біраз жүріп еді, конвертте көрсетілген 42-номерлі үйді тапты: екі қабат кішкене терезелі қызыл кірпіш үй, қақпағы ашық, парадныйда есік жоқ, іші күңгірттеніп үңірейген, парадныйдан жоғары өрлейтін басқыш көрініп тұр.
Кірерін де, кірмесін де білмей, Асқар есік алдында аз тұрды. Үйден шыққан қоңыр киімді әркімдер, «не қылған адам» дегендей, бұған таңдана қарап өтіп кетті.
Парадный алдында біраз уақыт ойы толқып тұрған Асқар, қайтып кетуді мақұл көрмей, «не де болса тәуекел» деп үйге кірді. Сол кезде жоғарғы қабаттан басқышпен жабайы киімді бір қартаң әйел түсе берді.
– Ғафу етіңіз!–деді Асқар әйелді төменде тосып тұрып, әйел қасына келгенде,– мұнда Смирнов деген адам тұра ма?
– Тұрады.
Әйел жөн сілтеді. Асқар қуанып кетті. Сілтеген жобамен ол жоғары шығып, екі айрылатын коридордың оң тармағымен жүріп еді, ұзын коридорда қаз-қатар шарылдап жанған примустардың шуы құлағын керең қылды. Примустың жалыны шашқан «өкшіл күңгірт сәуледен басқа, коридорда жарық жоқ. Керосин сасыған исі дем алуға ауыр, көзді ашытады.
Коридорда примуспен алданған тағы бір әйелдерден сұрау арқылы Асқар пәтерді тапты да есігін қақты.
– Кіріңіз!–деді әйел даусы.
Түтіні тұманданып исі қоңырсыған коридордан, таза ауалы жарық бөлмеге кіргенде, Асқар түннен күнге шыққандай болды.
– Смирвовтікі осы ма?–деді орта жасты әйелге ол.
– Осы!–деді әйел, «бұл кім?» дегендей, Асқардың, денесін көзімен таңдана шолып.
– Ол кісі үйде ме?
– Қайтесіз?
– Жұмысым бар еді.
– Не жұмыс?–деді әйел, Асқарға күдікті қарап.
– Ол кісіге бір хат бар еді.
Кескініне сенімсіз бейнемен қарай қалған әйелге:
– Сіз мені жатсынбаңыз,– деді Асқар,– егер Смирнов үйде болса, маған жолықтыруыңызды өтінемін.
– Қазір!–деді әйел,– аржағында бір бөлмеге кіріп.
Әйел біреуді оятқанын, екеуінің, сыбырласқанын Асқар сезіп тұр, көп кешікпей әйелге ере: қоңыр киімді, орта жасты, сақал-мұрты өскен бір адам шықты.
Бұл кісінің фотографиялық суретін Асқар Кузнецовтың үйінде көрген еді. Смирнов екенін айтпай-ақ жобалаған Асқар, оған қалтасынан суырып конвертті ұсынды. Конвертті ашқан еркек, ішінен хат пен сурет алып шықты.
– Кузнецов! Григорий Максимович!..– деді ол суретке көзі түскенде қуанышты кескінмен қадала қалып.
– Григорий Максимович?!–деді әйел де қосарлана қарап.
Еркек хатты асығып оқып шықты. Хатта Асқар туралы да айтылған еді.
– Рұқсат етіңіз қайта амандасуға!– деді еркек, Асқарға қолын ұсынып,–мен Иван Николаевич Смирнов.
Төргі бөлмеге кірген Асқар мен Смирновтың әңгімесі қызған кезде, үйге орыстың жас жігіті кіріп еді, «Булатов Аркадий Гаврилович, электр заводының жұмысшысы» деп таныстырды Смирнов оны. Кеңеске ол да араласты.
5
Асқар өзінін, номерінде Лениннің «Халық достары деген кім және олар социал-демократиямен қалай күреседі?» деген еңбегін оқып отыр еді, телефон шылдырады. Ол барып тыңдаса – Тамара.
– Асқар, бұл сіз бе?– деді ол.
– Я, менмін, Тамара.
– Бүгін қолым бос еді, егер барсам сізге бөгет болмаймын ба?
– Ғафу етіңіз! Ренжи көрмеңіз. Мүмкін болса кешке театрға барайық. Бүгін Маринокий театрда «Кармен» екен.
– Пожалуйста. Қарсылығым жоқ. Сізге звонить етейін бе кешке?
– Звоноксыз-ак, келіңіз, сағат жеті жарымда.
Асқар трубканы іле бергенде біреу есік қақты. Ол түрегеп барып ашса – Булатов.
– Мен саған Лениннің «Не істеу керек?» деген кітабын ә.келдім,– деді ол,– асығыспын, кетем.
– Қонақ болмайсың ба?
– Рахмет. Ертең келем.
Булатов шығып кетті. Асқар «Не істеу керекті?» қозғалмастан оқып шығып, сағатына қараса, уақыт кешкі бес жарым екен. Телефон шылдырады.
– Алло!– деді Асқар, трубканы алып.
– Бұл сіз бе?– деді еркек даусы.
– «Сізіңіз кім?»–деді Асқар, дауысты танымай...
– Мен Алексей Кулаков.
– Саламатсыз ба?– деді, күтпеген дауысты естігенде абыржыған Асқар.
– Келгеніңізді газеттен оқыдым. Рұқсат етсеңіз кірейін деп едім.
– Пожалуйста, пожалуйста!
Номерін жинастырып, бейсауат қағаздардың бәрін жайғастырып, Асқар отыр еді, есік қағылды.
Асқар ашса – Алексей Кулаков. Асқарға Кулаков, Бурабайда көргеннен сұлу да, сұңғақ та сияқтанып кетті: екі жауырыны қақпақтай, бетінде ойнаған қаны гүлдей құлпырады; басында ақ қылшық қара құндыздан істеген тапал, дөңгелек берік, бөріктің төбесі қызыл шұға, бөріктің маңдайында алтын кокарда, кокардадан жоғары, бөріктің маңдайын ала, шаншыла жоғары өрлеп ұлпа басы бір жағына қарай имиген жылқының бір түп ақ қылы; үстінде қызыл шұғадан тігілген қысқа мундир, мундирдің өңірі мен жең ұшы жалпақ алтын оқамен әшекейленген, иығында шашағы жалбыраған алтын эполет, кеудесінде екі қатардан қадалған он екі алтын түйме, оң жақ иығындағы эполеттің сыртынан қолтық астын ала салбыраған алтын эксельбант (ширатпалы бау) төгіліп кеп, кеудесіндегі алтын түймелердің үшіншісіне салбырай ілінген; бұтында бура санды көк шұға– ритуз; аяғында қонышы тізеден жоғары, тізелеріне кокарда, өкшелеріне шнур орнатқан етік – ботфорд; қолында ақ перчатка; сол жағында бауын иығына асқан мәнерлі күміс қынабы бар қайқы қылыш. Аузынан сөйлегенде арақ исі келеді.
Асқар Кулаковты Бурабайда бұл формада көрген жоқ еді, ондағы формасы бұдан жұпыны да. Бұл сияқты киінген гвардейский офицерді ол көрген жоқ та. Сондықтан Алексейден гөрі оның киіміне таңырқаған Асқар:
– Кіруіңізді өтінем!– деді сыпайы.
– Мен сізді Бурабайда көрдім,– деді Алексей, номерге кіре, оң қолының перчаткасын суырып, Асқарға қолдасып,– сіз – учитель! Бірақ ғафу етіңіз! Кейде мен ұмытшақпын, сіздің атыңыз кім еді?
– Асқар.
– Тамаша есім! Қаталаспасам ағылшындарда Оскер Ойльд деген жазушы бар емес пе?
– Бар. Ол «Оскар», мен «Асқар», менің фамилиям Досанов.
– Бәрібір. Өте ұқсас.
– Отыруыңызды өтінем. Мүмкін, шешінерсіз.
– Рахмет!–деді Алексей орындыққа отырып,– кешіріңіз! Мен ұзақ отырмаймын. Офицерлер клубында сауық кеші бар еді, соған барам. Мүмкін сіз де барарсыз?
– Рахмет.
– Ал, Көкшетау, Бурабай қалай? Мен сағынам оны. Қысы қандай тамаша біздің жердің: күшті аяз! Мен ондай аязды сүйем! Мұнда не, қыс па? Жаз ба? Сайтанның өзі білсін!
Бурабай, Омбы, ел, тағы басқалар туралы Алексейдің сұрауларына Асқар толық жауап берді, жауап бере отыра: «өзі бұрынғыдай тәкаппар емес, кішіпейілденген екен» деп ойлап отырды.
– Но, жақсы!–деді Алексей,– туған жер туралы кеңес сонымен бітсін. Ал, қалай, Петербургте уақытты қалай өткізіп жатырсыз?
– Театрға барам. Памятниктерді, музейлерді көрем, дүкендерді қыдырам, көшелерді аралаймын.
– Оның бәрі жақсы. Батыл сөйлегеніме кешіріңіз! Қыз ше?
– Қай қыз?–деді Асқар түсінбеген боп.
– «Қай қыз?» дегеніңіз к,алай?! Тамаша сұлу жас жігітсіз. Петербургте сіздей шығыстың сұлу жігітіне қай қыз, қай әйел қызықпайды? Мыңы соңыңызга ереді! Таңдағаныңмен жүруіңізге болады: графиня ма? Княгиня ма? Дворянка ма? Артистка ма? Балерина ма? Студентка ма? Медичка ма? Пожалуйста, қайсысы керек! Маған рұқсат етіңіз. (Алексей түрегелді). Мен кетем. Сізді көргенде туған жерді көргендей болдым. Рұқсат етсеңіз, байланыс жасап тұрайын.
– Өтінем!
Алексей шығып кетті.
Алексейдің келуі де, мінезі де ойландырған Асқар диванда отыр еді, есік қағылды. Асқар ашты.
– Тамара!
Екеуі театрға кетті.
Ертеңіне Асқар ертерек тұрып, газет қарап отыр еді, телефон шылдырлады.
– Алло!– деді ол трубканы алып.
– Асқар Досанов сізсіз бе?– деді біреу орысша. Асқарға ол дауыс Алексейдікі сияқтанып кетті.
– Я, мен, Алексей Андреевич!
– Алексейіңіз кім?–деді дауыс.
Асқар ыңғайсызданып, жауап қайыра алмай қалды.
– Бұл сөйлеп тұрған «Уголовная розыскадан,– деді дауыс,– «заттарымыз жоғалды» деген сіздер ме?
– Я, біз ек.
– Табылды. Келіңіздер!
Дауыс адресін айтты да, трубканы іліп қойды.
Базархан үйіне барып қайтқаннан кейін, Итбай Асқарды шақырып алып, әуелі: «шырағым, тіліңді бұлай ұзын ұстамасайшы» деп жұқалай айтып, Асқар ырқына көнбеген соң, «серік әкелдім десем, басыма пәле әкелген екем ғой» деп, екеуі недәуір сөзге кеп ұрсысып қалған еді. Содан бері біріне-бірі оншалық жұғыса қоймайтын. Уголовная розыскадан жоғалған заттар туралы хабар келген соң, Итбайға «барайын ба, бармайын ба?» деген оймен Асқар аз отырды да, табылған затқа қуана қоймағанмен, Итбаймен араздық тоңын жұқартпақ боп, дыбыссыз Итбайға барды. Итбай үйінде екен.
– Итеке, сүйінші!– деді Асқар есіктен кіре, қуанған боп, (Итбай араздық кескінін өзгертпей Асқарға салқын қарады),– жоғалған затыңыз табылды.
– Қайдан!– деді Итбай шошығандай орнынан атып тұрып.
– Розыскадан хабарландырды жаңа!
– Ойбай, барайық онда, тез!
– Сүйіншімді атаңыз!
– Қалағаның!.. Ойбай барайық!
Абыржып киінген Итбайды ертіп, қолындағы адреспен Асқар полицейский управлениені тапты да, розыска бөліміне барды. Олар кірген бөлмеде: урядникше киінген қоңқақ мұрын, адырақ көз, сақал-мұртын қырған, бұйра қара шашты, ашаң өңді, қара-сұр адам отыр екен.
– Шербашидзе!– деп таныстырды ол өзін Асқар мен Итбайға.
Шербашидзе әдепті дауыспен аз сөйлесіп отырды да, стол үстінен кнопка басып, тыстан біреуді шақырып:
– Әкеліңіз, табылған сандықты!–деді.
Сандықты әкелді. Итбайдың көзі қуаныштан шатынап шарасынан шығып кете жаздады. Сандық ашылды. Заттар түгел.
Шербашидзе Итбайдың документін көріп, затты қолына берді де, берген актыға қол қойғызып:
– Сіз, господин,– деді Асқарға,– мүмкін болса, Байсақаловты оңаша қалдырыңыз, оған заттары туралы айтатын сөздер бар еді.
– Пожалуйста!
Асқар шығып кетті.
– Қалай, ризамысыз?– деді Шербашидзе Итбайға.
– Тақсыр, оны айтуға тілім жетпейді. Мың-мүлиен рахмет сізге.
– Мен қазақ жерінде он жылдай қызмет істедім: Ырғызда, Торғайда, Қазалыда. Қазақты жақсы көрем. Ғұрпын да, тілін де білем. (Ол таза қазақша сөйлей бастады). Шіркін, қазақтың жайлауы!.. Қымызы!.. Тоқтысы!.. Қазы-қартасы!
– Ағайын екенсің той, шырағым,– деді Итбай, қай ұлтсың өзің?
– Шешем татар, әкем грузин.
– Бауыр боп шықтың ғой.
– Сіздің затыңыз жоғалды деп естіген соң, жаным ашып, баса іздетіп ем, аброй беріп Тула губерниясынан табылды.
– Мың-мың рахмет, шырағым. Одан басқа не айтайын. (Ақша берейін деуге батпады, зат берейін деуге қимады).
– Қасыңыздағы учитель Асқар Досанов қалай жігіт?– деп сұрады Шербашидзе.
Асқар «заттар табылды» деп сүйінші сұраудан бұрын Шербашидзе бұндай сұрау берсе, Итбай жамандай жөнелген болар еді; сүйіншіні қуанып сұраған сияқтанған Асқарды жамандауға қимай:
– Жаман жігіт емес,– деді ол.
– Ә, солай ма? Бірақ өзін, байларды жек көреді, кедейді жақсы көреді дейді ғой.
– Ондайы бар,– деді Итбай, Шербашидзенің ол сөзіне ерекше мән бермей.
– Жақсы. Ұзақ бөгемейін сізді. Государьға сыйыңыз тамаша. Мұндай сыйды әкелуші аз болар. Сізге көп рахмет айтар ұлы дәрежелі император. Рұқсат сізге!
– Асқар туралы айтылған сөздерді оған айтпай-ақ қойыңыз,– деді Шербашидзе Итбайға қолдасып.
– Алла сақтасын.
Шербашидзе кнопка басып, бірер кісі шақырып алды:
– Мына кісінің заттарын тысқа көтеріп шығарыңыздар, автомобильмен гостиницасына апарысып салыңыздар,– деді.
6
Юбилей 1913 жылдың 21 февраль күні болатын еді. Газеттердің хабарландыруынша юбилей тәртібі былай: 21 февраль күні таңертең Романовтардың құрметімен тілеуін тілеуге, барлық шіркеулерде литургия оқылады, барлық мешіттерде намаз оқылады. Патша – Николай II семьясымен литургияны Казанский соборда оқиды. Литургиядан кейін қалада әскери парад басталады, парадты император Николай Александр атындағы алаңда қабылдайды. Сол күні кешке, қалалардың көпшілігінде, әсіресе Петербург пен Москвада әр жерде балмаскарадтар, банкеттер ұйымдастырылады. Семьясымен Николай «дворянское собрание» үйінде болатын балға қатынасады.
22 февраль күні, күндізгі сағат екіде, Патша селосындағы Александр сарайында Николай облыстардан өкіл боп келгендерге аудиенция жасайды. Сол күні кешке Николай біраз адамдарды «Қысқы Сарайда» қабылдайды. Осымен мереке – аяқталады.
Газеттердің хабарынша, бұл мәжілістердің бәріне де пропускіні «министр двора» береді.
Осы хабарларды оқыған Асқар, бірде-бір мәжіліске қатынаса алмайды екем деп ойлады, себебі – ол өкіл емес. Расында солай болды. 18 февральдан бастап үлестірілген пропускілерден Итбай алды, Асқарға ол тимеді. Итбай оған әпермек болып еді, сөзін өткізе алмады.
Осы туралы Асқар номеріне келген Алексей Кулаковқа айтты.
– «Пропуск» деген сөз бе, тәйір!– деді Кулаков,– тілегіңізді әперем. Егер қаласаңыз, императрицаның өз қолымен жазылғандарын да әперейін.
– Рахмет.
20 февраль күні кешке, Алексей Асқардың номеріне асығыс кіріп қана шықты да, императрицаның қолы қойылған үш пропуск әкеп берді: Казанский собордағы литургияға, дворянское собраниедегі балға, Александр сарайындағы аудиенцияға.
– Қолдан келгені осы болды,– деді Алексей мақтанғандай,– пропускілерді министрлер мен генералдардың да құдайы қалағандары-ақ алды, көбіне тимей қалды: Анна Вырубова арқылы зорға алдым.
– Зор рахмет.
– Ертең балға бірге барамыз. Патшаның қыздарымен танцовать етесіз. Мазурка білесіз бе?
– Білем.
– Тамаша! Полонез білесіз бе?
– Ол не.
– Танцының бір түрі. Былай (Алексей билеп көрсетті).
– Білмеймін.
– Оның оқасы жоқ. Хошыңыз!
Алексей кеткен соң Тамара звонить етіп еді, бүгін кешке жұмыстарым бар еді деп, одан бүгінше жолықпауға рұқсат алды.
Ол күні кешке Асқар Булатовты күтті. Кешкі сағат онда Булатов келді. Бұрынғы дағдымен екеуі саяси темада біраз сөйлесті. Маркстің, Энгельстің, Лениннің бірнеше еңбектерін оқып үлгерген Асқар, өзі шеше алмаған бірнеше мәселелер туралы Булатовпен пікір алысты. Булатов Асқарға бұл жолы «Иосиф Виссарионович Сталиннің әзірге баспаға шықпаған еңбегі» деп «Марксизм және ұлт мәселесі» деген машинкаға басылған қолжазбаны берді. «Бұ да басылмаған» деп тағы бір қолжазба берді, ол Лениннің «Ұлт мәселесі туралы сын заметкалар» дейтін мақаласы екен.
– Бұның бәріне алғыс айтам,– деді Асқар,– сен арқылы мен Петербургте саяси үлкен бір университет өткендей болдым. Көңілімнің көзі жаңа ашылған сияқты. Бірақ әлі де білмегенім көп. Аманшылық болса, Петербургтен қайтқанда бір чемодан кітап алып қайтармын.
– Жақсы!– деді Булатов.
7
Асқар духовой оркестрдің дүмпілдеген дауысынан оянды. Терезенің пердесін ашып қараса, дала тұман, тұман арасында өрген халық. Сағатына қараса – тоғыз. Енді екі сағатта литугия басталады.
Ол киініп, жуынып, тамақтанып Итбайға барса, оның номерінде Құдайберген мен Сайым отыр екен.
Итбай мен Құдайберген мешітке намазға баратындығын, Сайым шеркеудегі литургияны көрмек болғанын айтты. Казанский собордағы литургияға пропускісі барлығын, басқа пропускілерін Асқар айтпай, «қап, енді, номерде көзіміз жаутаңдап отырамыз-ау!» деп өкінген болды. Ол қулыққа сенген үшеуден Сайым сөз қатып, бұлданды:
– Кінә өзіңнен!– деді ол,– бізбен тату болсаң ғой бәрін де аласың.
– Мен айтып ем, болмады,– деді Итбай, Асқарды жүдетпейін деп,– заңы солай екен, көнер емес.
– Мен көндірер ем,-– деді Сайым нығызсып.
– Біраз қызықты көріп жүр ғой бала,– деді Құдайберген,– бір адамға осы да жететін. Адам қызыққа тоя ма?
– Құдекеңнің сөзі рас, ренжімеймін. Барғым кеп еді, амал жоқ.
Асқар шығып кетті. Ондағы ойы соборға Сайымнан бөлек бару, онымен собор ішінде жолығып таңдандыру болды.
Көше сыңсыған халық екен. Невский проспектісінің екі жақ қанатына да арқан керіп қаз-қатар тұрған полицейскийлер пропускісі барды ғана ішке өткізіп жатыр.
Асқар пропусікісін көрсетіп ішке өтті. Соборға барды. Собордың алды да, екі жағына керегедей жайылған колонналы тротуары да монархия символымен безенген. Шеркеуге кіруді Асқар бала жасынан қызық көретін еді. Дінге сенбейтін оның ұғымында, мешіттен шеркеу қызық, себебі – шеркеуде ән айтылады, шеркеудің жарқылдағы көп.
Казанский собордың ішіне кірген Асқар, ішіндегі жарқылдақтарын тамашалап, шоқынып жатқан орыстардың арасымен ақырын жылжып, «Сердце царево в руке божийе» деген жазуы бар «патша қақпасына» жақын барды.
Сол кезде алтарьдың шымылдығы ашылып, патриархы, архиерейі, тағы басқалары бар, әлем-жәлем киінген бір топ поптар шыға келді. Мерекеге арналған литургияны орындауға Грециядан Антионский дейтін патриарх шақырылғанын, Руссияда патриарх жоғын Асқар біледі.
Поптардың азан-қазан, у-шу оқыған дұғасын таңсық көрген Асқар, патша мен оның семьясы шеркеуге кіргенін, алтарь қасындағы столға келгенін абайламай қалды. «Патша, патша» деген сыбыр жан-жағынан шыға бастағансын, қасындағы біреуге «кәне?» деп еді, «әне!» деді ол.
Гвардейский форма да киінген, кішкене денелі, қушық жауырынды, арық, шымқай жирен кісіні көрген Асқар, патшалықты оған қимағандай, «анау ма?» деді қолымен нұсқап.
– Сол, сол!
– Қасындағы бала кім?–деп. сұрады Асқар көршісінен.
– Наследник, Алексей Николаевич.
Наследник кепкен ағаштай құп-қу екен. Оның дімкәс ауру екенін Асқар біледі.
Асқардың қасындағы адам, оған патшаның әйелін, қыздарын көрсетті.
Николай стол қасына келгенде патриарх столдың жабуын көтерді. Стол үстінде тұрған коронаны (тәж) патша алып басына киді, державаны (үстінде кресі бар домалақ алтын шар) он, қолына, скипитрді (аса-таяқ) сол қолына алды. Содан кейін патриарх Антионский оң қолына диккери (екі шырақтың шамы), сол қолына триккери (үш шырақтың шамы) алып, патшаға жақындады. Архиерейдің біреуі алтын аяққа туралған нан мен оған құйған қызыл арақты көтеріп, қасықпен бір іліп ап, Николайдың аузына тосты. Сол кезде екі қолындағы шырақтарды айқыштай бұлғап, патриарх патшаға бата беріп, патша қасықтағыны аузына қапқанда дұға оқыды: «Примите, ядите, сие есть тело мое, еже за Вас ломимое во оставление грехов; пейте от нее вси, сия есть кровь моя нового завета, еже за Вы проливается во оставление грехов».
Николайдан кейін «қасиетті асты» Алексей, одан кейін әйелі, қыздары ішті.
Содан кейін поптар да, шеркеудегілер де патшаны «Патшаны сақта құдай» әнімен жөнелтіп салды. Аяғын баса алмайтын наследник Алексейді, оның күтушісі Веревонка көтеріп әкетті.
Патшашылдықтан былай да түңілетін Асқар, патшаның өз қара басынан тіпті түңілді. Николай да, оның баласы да, Асқарға түбі шіріп, басын к;ұрт жеген ағаш сияқтанды.
Патша кеткесін өзге құлшылыққа қарамай Асқар да шеркеуден шығуға жылжып еді, жолында Сайым кездесті.
– Әй, сен қайдан жүрсің?– деді Сайым Асқарға.
– Сенің аяғың басып, басын, сұғылатын жерге жететін аяқ пен сұғылатын бас менде жоқ деп пе ең?
Сөзден тосылған Сайым үндемеді.
Гостиницаға қайтқан Асқар номеріне кіріп шешіне бергенде, есік қағылды.
– Пожалуйста!–деді ол.
Есік ашып, штаттық киімді екі еркек кіре берді.
– Асқар Досанов сіз боларсыз?– деп сұрады біреуі.
– Ие, мен!– деді Асқар.
Еркектің біреуі ұсына берген қағазды Асқар алып оқыса, оны тұтқындау туралы ордер екен.
Жүрегі аузына тығыла қалған Асқар, қалтыраған дауыспен:
– Не үшін?–деп еді.
– Ол туралы бастықтармен сөйлесерсіз,– деді еркек,– біз орындаушы. Киініңіз!
– Заттарым ше?
– Заттарыңыз біздің управлениеде.
Асқарды екі еркек жандармерияға алып барса, оның бөлмесіндегі саяси кітаптар начальниктің столының үстінде жатыр. Асқар ол кітаптардан танайын деп еді, начальник Булатовты шақырып алды.
Екеуі де мойнына алмады.
– Мойындатамыз!–деді начальник,– әзірге бізде қонақта бола тұрасыздар.
Екеуі де абақтыға жабылды.
Асқарға деген поле үш жақты боп құралған еді: Кошкиннің донесениесі, Базарханның «байқаңдар» деуі, Тамараның тіміскілеуі.
Бұл үш пәлені де сезбеген Асқар, сырының қалай ашылғанын сарыла ойлағанмен таба алмады.
Итбай Асқарды жоғалтты да, хабар-ошарын біле алмай, еліне қайтты.
Абақтыға жапқан Асқарды жандармерия айдан артық ұстап, алдап та, қорқытып та сұрағанымен, «ол кітаптарды көрген түгіл естігем де жоқ!» деп мойнына алмады.
Ақыры Асқардың шын сырын айтқыза алмаған жандармерия, оны «қоғамға қауіпті» адам деген «қылмыспен», «қаладан ең алыс жер» деп, Шу өзенін жайлайтын елге «әкімшілік жер аударуға» жібермек болды. Көп кешікпей Асқар Арысқа шейін (Ташкент пен Түркістан қалаларының арасында) абақты вагонында отырып кеп, одан этаппен Әулиеата қаласы арқылы Шу өзеніне айдалды.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
ТАҢ АТАРДА
БІРІНШІ ТАРАУ
БҮЛІНШІЛІК
1
Күнге шағылысқан күміс күмбездей төрт ақ үй, Асқардың көзіне алыстан шалынды.
Уақыт майдың басы еді. Көкшетау жерінің құйқалы қыртысына өскен неше түсті гүлдер, неше түрлі шөптер – қарағанда көз тоқтатпай масатыдай құлпырады. Құлпырған масаты дала денем шаңданбасын дегендей, айнала толқыған сағымнан ақырын ғана сілкінеді. Түнде тауға қонақтап, күндіз даланы кезіп келейін дегендей, жан-жаққа тараған көктемнің құнарлы бұлты аспанды жиектеп барып әлдеқайда тарамданып жауады. Жауған жаңбырдың көсіле аққан тамшылары жердегі құлпырған масатының тоқылып жетпеген ұшы сияқтанып, аспанда шұбала асылады. Неше түсті көбелектер жолаушылардың айналасын орай ұшқанда, Асқардың көзіне құлпырған даланың гүлдерін әлдекім үзіп, бұларға шашу шашқан сықылданды. Гүлдер де көбелек, көбелектер де гүл сияқтанды. Айналасын тамашалаған Асқардың ойына Абайдың көктемді суреттеген өлеңі түсіп, арбаның үстінде ыңырсып сол өлеңмен ән айтайын деп еді, аспанға шырқап шығып алып, қанаттарын жыбырлата қағып жырлаған боз торғайлар көңілін бөліп жіберді.
Асқақтаған таусыз, мұнартқан ормансыз, жұпар исі мұрнын жаратын шалғынсыз, құрағы жайқалған шалқар көлсіз, жап-жазық, сұп-сұр шел даладан, табиғаты тамаша көркем өз туған жерін көргенде, Асқар тамықтан шығып, жұмаққа кіргендей болды.
Асқардың есіне «Қара торғай» әні түсті. Көркем далаға шаттанған сезім, сананың ұлықсатына қарамай-ақ, ойға келген әнді сыртқа еріксіз айдап шықты. Ән салып жібергенін Асқардың өзі де аңғармай қап, өз дауысына өзі селк ете түскен секілденді:
«...Есілдің ар жағында бір терең сай,
Сүйреткен жібек арқан тел торы тай.
Ар жақтан бір қыз алып келе жатсам,
Басып тұр осы әнге қара торғай...»
«Қара торғайдың» қайырмасын Асқар баяулатып жіберіп, басында қатты шыққан даусын, аяғында өзі де зорға естіді. Асқар онша әнші жігіт емес еді, әнді ұғымпаз болғанмен және негізгі сарынын бұзбағанмен, оның, даусы пәлендей жатық та, қоңыраулы да болмайтын. Егер қаттырақ айқайласа, барылдап кететін.
Асқардың қасындағы жігіт, оның әнінің аяғы баяулауын даусының нашарлығынан ұялғандығы шығар деп ұқты. Ол жігіт «Аққумен аспандағы ән қосатын» Біржан салдың елінікі еді. Біржаннан алып қалған «Шалқыманы» шырқағанда, Шалқар көлінің дауылды күнгі бетіндей толқытатын ақындар бұл жігіттің аулына талай келген. Ол жігіт Біржан әнін естігенде:
«...Шырқап қалқып, сорғалап тамылжиды,
Жүрек тербеп, оятар баста миды,
Бұл дүниенің ләззәті бәрі сонда,
Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды!..» –
деп Абай сипаттағандай әдемі әнге үйренгендіктен, анау-мынау әнді менсінбейтін еді. Бірақ жігітке Асқарды ажуалау ойы келді. Оның түсінігінше «оқыған жігіт қазақ дәстүріне де, әніне де шорқақ болады». Асқарға ол атын ылауға жалдағанда, содан бір пайда таба қояйын деген жоқ. Асқар кетіп бара жатқан жөнде жұмысы болды...
– Құрбым!–деді ол Асқарға күлімсірей қарап,– неге тоқтай қалдың? Әнің жақсы екен, еркін дала ғой, бәлкім көтеріңкіреп салшы!
Асқар жігітке тұнжырай қарады, үндемеді.
«Әнің жақсы екен дегенімді көңіліне ауыр алып қалды ма» деген ой «елді жігітке.
Асқар қазақтың кеп әнінің тарихын біледі. Ол білетін қазақ әндерінің көбі белгілі оқиғаға құрылған. «Қара торғай» да сондай ән. Оның мазмұны: алыс жерде сұлу қыз барын естіген әнші жігіт неше күн, неше түн жол шегіп қызды табады. Ол қыз күйеу таңдайды екен. «Өзіме мінезі, қылығы ұнамаған жігітке бармаймын!» дейді екен. Талай малды жігіттер, талай кескінді жігіттер келсе де, біреуін де ұнатпай қайтарып жібереді екен. Сол қызды мына іздеп барған жігіттің әндері қорғасындай балқытады, сиқыршыдай арбайды. Қыз жігіттің өзінен көрі әніне ғашық болады. Әнмен арбалған қыз, биік аспаннан арбаумен жерге түсіп жыланға жем болған торғайдай, жігіттің еркіне көнеді. Бірақ ол кезде ел намысы күшті. Ән айтып қаңғырып жүрген жігітке рулы ел қыз бермейді. Егер қызды аламын деген ниетін сезсе: ең жеңілі – сабайды, ең ауыры – жоқ қып жібереді. Бұл қауіп сүйіскен екі жүрекке бөгет бола алмайды. Екеуі түннің тұйық қараңғы көрпесінің астымен, бәйгеге жаратқан байдың аттарын мініп қашып отырады. Олардың ұрланып қашқан мезгілі осындай майдың іші екен дейді. Жігіт пен қыз Есіл өзеніне таң біліне жетіп, Есілдің жайқалған кербез қалын, бұйра талының арасына жасырынған екен дейді. Қатерден аман құтылғанына шаттанған екі жас жасыл талдың арасында, жасыл шөптің үстінде кеңесіп отырып, күннің шыққанын да сезбей қалған екен дейді. Шыққан күнді қошеметтеп әнімен қарсы алған бір топ қара торғай, талдың, етегінде отырған екі жасты сезбей, бұтақтардың басына қонып сайраған екен дейді. Жасыл жапырақтың арасынан кезін салған бұларға торғайлар бұтақтың басына жиі шыққан қарақат жемісі сықылды боп елестеген екен дейді. Сонда сол торғайлардың әніне қызыққан әнші жігіт үнін торғайларға қосқанда, торғайлардың даусы мен мұның даусы бірдей шығып, торғайлар дауыстарына адам үні қосылғанын аңдамаған екен дейді. Қасындағы ғашығы, әнші жігіттің жаңа әніне сүйсініп, тал арасында, торғайлардың қанаттарының астында отырғаны естен шығып, өзін шылдаханада отырмын деп түсініп: «Бәу пәле!» деп жігітті көтергенде, торғайлар үркіп ұшқан екен дейді. «Қара торғай» әні жігіттің сондағы әні екен дейді...
Торғайлар ұшқаннан кейінгі жігіт пен қыздың не болғаны, қайда болғаны Асқарға мәлім емес. «Қара торғай» әнінен кейін Асқарды тұнжыратқан жігіт пен қыздың тағдыры қалай шешілгендігі емес, есіне сол арада Ботагөз түскендік.
Ботагөзді оның көрмегеніне міне, биыл үш жыл. Осы үш жылда өзгерген Асқарды, осы күйінде үстіне кіріп барса, Ботагөз тани алмай да қалар ма еді, қайтер еді.
Оның бұлай өзгеруіне толып жатқан себептер болды.
1913 жылы Шу өзенінің бойындағы, жазы-қысы шөл далада көшіп күнелтетін қаладан алыс елдерге жер аударылған Асқар, барған мекенінен үш жыл ұдайымен қозғалмады. Бұл ел газет-журнал дегенді білмейді екен. Кітап деген де атымен жоқ. Мектеп, школа жағы былай тұрсын, ескіше оқытатын молданың өзі қадақ-құдақ әрең кездеседі. Елінде жарты процент ескіше білетін адам болса болар, әйтпесе одан да аз.
Сондықтан, дүниеде болып жатқан саяси халге бұл елдің саңыраулығы құлаққа ұрған танадай екен.
Өз туған елін надан деп жүретін Асқар, ең наданды бұдан көрді. Оның туған елінде кедейлер нашар жағдайда тұрғанмен, байлардың көпшілігі қаланын, байларына еліктеп, үйін де, өз бойын да салтанатты ұстаушы еді. Мынау елдің кедейі түгіл, байының көпшілігінде адам сияқты тұрмыс жоқ, киім-кешегінің, төсек-орнының бәрі бағып жүрген малынын, тері-терсек, жүн-жұрқасынан өз қолдарымен істелген. Мыңдап қой, жүздеп түйе айдайтын кейбір байлардың үйінде, жамбасы тұшынатын бір төсеніші, еті тұшынатын бір киімі, аузы тұшынатын бір ыдысы жоқ; байлары ыдыс-аяғын жуса ырысымыз қашады деп, өте нас ұстайды, дағдыланбаған адамның құсқысы келеді.
Қазақ халқының мәдениетті орыс халқымен араласып отыруында зор мәдениеттік маңыз барын Асқар осы елге келгенде көрді. Ана жылы Петербургте Смирнов пен Булатовтың: «қазақтың Россияға қарауы бақыт, Россиянин, патшасы, помещик пен капиталисі жаман болғанмен, халқы, мәдениеті жақсы» деген сөзінің растығына Асқардың көзі енді тіпті айқын жетті. Бұл елдің ішіне әкеп жіберсе, қандай мәдениетті деген адамның тағыланып кететініне оның көзі тез-ақ жетті.
Шөл елінде Европаша киінетін адам емге жоқ екен.
«Шырағым,– деді Асқарға ол алғашқы барғанда,– мына киіміңді көзге көрсетпе, елдің сиқын бұзба, осы елдің бозбаласы не кисе, сен де соны ки!»
Бұл ақылды Асқар тыңдамаса, елге жексұрын болатын болды. Басқа барар жері жоқ ол, тұрғылықты елдің тезіне түскесін иілмеуге шыдамады. Ырқына амалсыз көнді. Түп-түгел қазақша: жекей тымақ, саптамалы етік, кен, қолтық, ұзын жең шекпен киініп, ауылдағы сыпайы жігіттің бірі болды да шықты.
Тұрғын ел «мынауың да келіспес» деп Асқардың толқынды қара бұйра шашын да ұстарамен тақыр ғып қырықтырды.
«Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты,
Жығылғанның үстіне жұдырықтап».–
деп Балуан Шолақ айтқандай, «түсің өзгерсе біржола өзгерсін» дегендей, Петербургте бірінші рет ұстара тигізген Асқардың мұрты, Шуға келе, жаңбыр артынан көктеген жердей қаптай қалды. Аз күнде ол қиық қара мұртты жігіт болды. Кешікпей сақал шықты.
Шу елі сақал-мұртқа ұстара тигізбейді екен, түгі мол, өрім-талдай жігіттердің сақалы кеудесіне түседі. Асқар да соның бірі бола қалды.
Жер аударудың мерзімі неше жыл екенін Асқарға полиция айтқан жоқ еді. Шу елінде біраз жыл тұрып еліне қайтатынын, я өле-өлгенше осы елде пенде боп қалатынын Асқар білмеді.
Үш жыл ұдайымен қала бетін көрмеген Асқар Шу елінен: Әулиеатаға, Ақмолаға, Атбасарға, жәрмеңкеге баратын керуенмен «почтаға саларсың» деп, сенімді адамдар арқылы Ботагөзге талай хат берді. Шыққан жолынан үш-төрт айда әрең оралатын керуеншілер «хатыңды айтқан жеріңе тапсырдық» деп келеді. Олары рас па, жоқ па? Рас болса, салған хаты Ботагөзге бара ма, жоқ па? Ботагөз өзі алды ма, не ерегіспен басқа біреуге зорлап берді ме? Бұл сұраулардың бәрі де Асқарға шешусіз жұмбақ.
Осындай халда, мәдени өмірден қол үзіп, жабайы ауыл қазағының бірі боп, сырты бүтін, іші түтін боп жүргенде, болыс арқылы Асқар Омбыға шақырылған қағаз алды. «Сіздің басыңызға ерік,– деп жазыпты қағазда,–1916 жылдың майынан бастап, қазақ ауылдарының малы мен жанына санақ жүреді, осы жұмысқа сізді де шақырамыз. Назначение алуға Омбыға келіңіз!»
Қағаз Асқардың қолына марттың басында тиіп, ол Бетпақтың шөлін жағалап, Қарағанды, Ақмола, Бурабайды бетке ұстай Омбыға сапар шекті. Жолшыбай ол ылаумен тоқтаусыз келеді. Бірақ оның көңілі асыққанмен, керілген кең дала асығар емес.
Асқар туған елі Көкшетауға екі айда зорға жетті. Беті тура Итбай ауылы.
Көрінген Итбай ауылын Асқар сұрамай-ақ таныды: Итбай тұқымының баяғы күмістей күнге шағылысқан ақ үйлері... Ауылдың ық жағында қарашалардың, қоңсы-қолаңның, сауыншы-малшылардың баяғы үйген тезектей қара-құрым үйлері...
«Бәрекелді-ай!–деп ойлады ол, – осы ауылға бекер тура беттедім-ау! Ренжісіп айрылысқан адамға жанаспай, аулақ жүргенім жақсы еді».
Итбай аулының көрінісі кеудесіне найзадай тірелген Асқар атшыға «бұрыл!» деп қала жаздап, аузын жаба қойды. «Итбайдың Ботагөзге көңілі кеткені айқын. Егер Ботагөз соның үйінде отырса қайтем?!» деген қауіп кірді. Асқардың ойы теңіздей толқыды. Бір жағынан: «Ағалары ер еді, кеудесінде жаны тұрғанда шырылдатып бере қоймас. Итбай тартып ала да қоймас!» деген ой келсе, екіншіден: «Итбайдың салатын қақпаны көп те, мықты да: егер ол сол қақпандарын Ботагөзге айнала құрса, аға-мағаларымен түгел түсуіне де сөз жоқ. Итбаймен теңдестіргенде, Ботагөздің ағаларының қайраты немене? Нашарда не қайрат бар?»
Осы ой келген Асқар, «бармасам қайтеді?» деп бір тұрды да, тағы да «барайын, несі де болса көрейін» деген ойға табанын тіреп, атшыға:
– Айда, атыңды!– деді.
2
Итбайдың ауылында неше үй бар, қай үй қай жерде отыратыны Асқарға мәлім еді. Ауылға жақындаған кезде, ауылдан созылып шыға берген бір көшті көріп, «осы ауыл ма, бұл емес пе?» деген ой түсті оған.
Үй санына қараса Итбай ауылы түгел сықылды. «Олар болса,– деп ойлады Асқар,– мынау көш не?»
Көш тым ұзын екен. Бір шеті мен екінші шетіне көз жетпейді. Көшкен ауыл дейін десе, әрі көбірек, әрі маңына ерген мал жоқ. «Малсыз ел көше ме? Бұл не көш!» Асқардың құлағына «Көкшетау уезіне аздап переселеншілер келіп жатыр» деген сөз тиген еді, солар шығар дейін десе, кештің бет алысы солтүстікке қарай және көштің көзге ұшырайтын артқы жақ ұшында көбінесе қазақ арба жегілген. Майданға жөнелткен орыс жігіттері шығар дейін десе, оған және ұқсамайды. «Апыр-ау, бұл не көш?»
Асқар ауылға жақындады. Ауылдың артында жарты шақырымға жуық жерде біреулер бие байлап жатыр екен. Жылқының санына, желінің түріне қарап, Итбай үйінің желісі екенін Асқар айтпай-ақ білді.
«Биені жақында байлаған-ау, зады?– деп ойлады ол, желіге байлаған құлындардың тұрысына қарап,– тартынып тұрғанын қарашы, жануарлардың!»
Ол құлынды өте жақсы көруші еді. Сондықтан желіге байланған құлындардың сауырынан, жалынан сипағысы кеп тұрды да, ол ойын атшыға айтпады. Оның көзі ауылға жеткенше желіде болды. Бұлар желінің қасынан өткенде, құлындардың тең жартысы байланған жоқ еді. Итбай үйінің әдеті: жылқыны жасынан құрыққа үйретіп, құлынды құрықпен ұстау болатын. Алғашқы байланған кезде құрыққа үйренбеген құлындар ұстатпай, бие байлау түске шейін созылатын. Әсіресе, ерте туып қара құлақ болған құлындар, жылқыдан шыға қашып, атқа жеткізбей әуре қылатын. Итбайдың және бір әдеті – жыл сайын мама биелерден басқа бір айғырдың, үйірі – ылғи қулық биелерді байлататын. Құлын күнінен кейін жүген, құрық көрмеген қулықтардың көпшілігі үйірінен шыға қашып, құла дүзге бет алып алғашқы кезде аттың да, адамның да сілесін құртатын. Бірақ Итбай бұған күні бұрын айла істеп, ыңғайлы жүйрік айғыр мен аттарды жараттырып, қашағанды қайда қашса да құтқармайтын. Қашағанды болдыртып барып ұстағаннан кейін, алдағы күнде тез ұстау үшін мойнына ағаш келдек байлатып, қашаған қашайын десе де, келдек тізесіне тарсылдап ұрылып еркін шаба алмайтын. Оның үстіне бастапқы қуған күні, қуғыншы құрықпен ұрып қорғалатып қойғандықтан айқай шығып, құрық көтерілген кезде, қашағанның запы шеккендері ойқастап шыққан үйіріне қайта тығылатын. Бие байлаудың осындай қиын шағында қашағанды қуатын да, жуасытатын да Бүркітбай болатын.
Желінің маңынан өткенде, қаншырдай қатып қалған қарагер бедеуге жайдақ мініп, мойнында келдегі бар торы ала биенің соңынан құрығын көлденең ұстап, көйлегінің арқасы желге үрген қарындай томпайып, жалан, бас далақтап шауып бара жатқан жігіт Бүркітбай екенін Асқар білді. «Апыр-ау, мынау қашаған қуғыш қарагер бие әлі де бар екен-ау!» деп ойлады ол.
Желіден өтіп үйдің сыртында жүз саржандай тұрған бұзау байлаған арбаларға, арбалардың маңында тұрған сиырларды көзі шалғанда, Асқарға Ботагөз туралы манағы ойы қайта оралды. «Әлде сауыншының біреуі Ботагөз бе!» деген қауіп кірді оған.
– Айда атыңды!–деді ол атшыға, сиырларға қарағысы келмей.
Ауылға жақындағанда ақырын жүретін, қатты жүргенді есерге есептейтін ауылдың әдеті бойынша, атшы желіден еткеннен кейін аяңның аз-ақ алдындағы бүлкілдек желіспен келе жатыр еді.
«Үйдің іргесіне келгенде айда деген несі, есі дұрыс па?»–деп ойлады атшы.
Не болса да Итбайдың өз үйіне түсуді мақұл көрген Асқар, жобалап келіп:
– Анау үйдің қасындағы көк арбаға тоқта,– деді атшыға.
Атшы үндеместен нұсқаған арбаға келіп атын тіреп еді, арбаның ық жағында төрт-бес кісі алқа-қотан кеңесіп отыр екен. «Бұл кім?» дегендей кеңесіп отырғандар жолаушыларға қарағанда, Асқардың көзіне Итбай ұшырай кетті.
– Асқар ғой, мынау!– деген Итбайдың күбірі естіліп қалды, Асқардың құлағына.
Петербургте Асқардың қайда кеткенін білетін Итбайдың, оның, амандық-жамандығынан хабары жоқ еді. «Апырау, бұл қайдан кеп қалды!» деп ойлады ол.
Арбадан түсе берген Асқар «Итбай қайтер екен?» деп ойлап еді, «мүмкін, елемес» деген ойынан шықпай, Итбай жер тіреп орнынан тұрды да, Асқарға қарсы жүрді. Итбайдың түр-тұлғасын Асқар көзімен тез шолып еді: баяғыдан кеп шарланған екен. Кәдімгі балпиған үлкен денелі, саба құрсақты, ұзын сақалды, байсалды кісі бопты.
– Салаумаликем!– деді Асқар қарсы жүріп.
– Есенбісің, шырағым!– деді Итбай «Әликемсаламның» орнына, қолын созы.
Итбайдың уысы зор, қолы да семірген екен.
Итбай Асқарға сағынған кісідей ұзақ амандасты. «Дені-қарың сау ма?», «Аяқ-қолың аман ба?», «Аман-есен жүрсің бе?», «Жақсы-жайлы жүрдің бе?», «Ауру-сырқаудан қағассың ба?» деген сықылды амандықтан түк тастаған жоқ.
Итбайдың қасындағыларды Асқар танымады. Бірақ киімдеріне, түрлеріне, кеуделеріне таққан знактарына қарағанда бәрі де ауылнайлар екен.
«Бұлар неге жиналып жүр?»–деген ой келді Асқарға. Амандықтан кейін Итбайдың бет құбылысынан «үйге жүрейік» деген сөз ұғылып еді, «сөздерін бөлдім білем» дегендей:
– Отырыңыздар!–деді Асқар.
– Отырсақ отырайық,– деді Итбай, манағы отырған жеріне барып еңкейіп,– үй іші жиналсын, төсек төселсін. Үйді бұл араға жаңа ғана қондырып ек.
Ауылдың жаңа ғана қонғанын Асқар жайқалған шалғыннан да байқады. Жері қанша шөптесін болғанмен, Итбай аулының көп малы бірер күнде-ақ тапап тастайтын. Мына ауыл қонған жердің шалғынын көштің көлігі мен арбалардың доңғалағынан басқа ешнәрсе баспағандығы көрініп тұр. Қалың шалғын отырған адамның иығынан асады; ауа райы сол күні желкемдеу еді, кең даланың қалың салалы шалғыны желкемнен теңіздей толқиды. Түсі мың құлпырған толқынды жасыл шалғынның ішіне сүңги отыра кеткен Асқар: «Шіркін, Көкшетау!–деді ішінен, көкірек кере даланың жұпарлы ауасын жұтып,– шіркін, дүниеде сендей де жер бар ма екен!»
– Мынау ауылнайлар, жаңа біраз үйлер жөнелтті,– деді Итбай Асқарға жол-жөнін сұрап болғаннан кейін.
– Не үйлер?
– Киіз үйлер.
– Қайда?
– Соғысқа. Қазына жұмысы қатты боп тұр ғой осы кезде. Мынау соғыс жұртты күйзелтуге айналды. Өткен жылы солдатқа деп қырық бес үй жіберіп ем, биыл екі рет тоқсан үй жібердім. Жаңағы ауылдан шыққан жүкті көрген шығарсың?
– Ие, көріп ем. Бұл не деп ойлап ем?
– Не деп ойласаң, ол сол үйлер. Шығын да басып барады халықты. Биыл өз болысымдағы елден үш жүз ат беріп отырмын. Ақшасы өз алдына.
«Қазақ» газетінің бетінде «соғысқа жәрдем» деген бөлімде Итбайдың жәрдемді көп жинап, губернатордан алғыс алғанын Асқар жолда Ақмола қаласында біреуден оқы еді. Мына сөздеріне қарап: «Халыққа мұның да жаны ашиды екен-ау!» деп ойлады Асқар.
1916 жылы 22 январьда шыққан «Қазақ» газетінің 165 санынан Асқар «Қазақтан солдат алуы мүмкін» деген хабарды оқыған еді, сол хабарды Итбайға естірткелі бір ойлап тұрды да, анық хабар болмағандықтан шошытармын деп айтпады.
– Ерғазымысық, әй!–деді Итбай үйінен шыға берген бір жас жігітке.
– Ие.
– Үй жиналды ма?
– Жиналды.
– Күнсіп далада отырмайық, үйге жүр, Асқар,– деді Итбай тұра беріп.
– Барсақ барайық,– деді Асқар да тұрып.
Ойынан Ботагөз кетпеген Асқар, «қай жағымнан кездесіп қалады?» дегендей жан-жағына жалтақтап, Итбаймен бірге үйге қарай аяңдады. Ауылнайлар отырып қалды.
Асқар кірсе, жұрт жаңа болғанмен, Итбай үйіне оттай жайнаған қалы кілемдерді төсетіп тастаған екен.
– Отыр, шырағым!– деді Итбай, Асқарға төрге төсеулі шыт көрпесінің үстінен орын көрсетіп,– шаршасаң қисай,– деп жастық тастады.
– Рахмет, ағай.
– Астапыралла!– деді Итбай (солай дейтін оның кейде әдеті болушы еді), тізесін бүкпей тұрып,– әлгі ауылнайдың қазір кететіні бар еді. Бір керекті жұмысымды ұмытқанымды қарашы, айтып қалайын: ұлықсат ет, шырағым. Қазір келем.
– Барыңыз.
Сыртта топталып отырған ауылнайларға Итбай орындайтын істері туралы әмір беріп аттандырды да, Қожантай деген біреуін «кішкене сабыр ет!» деп алып қалды.
– Бері кел!– деді оған Итбай, үйден ұзағырақ жерге қарай жүріп,– кеңесейік.
Қожантай Итбайдың не айтарын сезді де, соңына ерді.
– Отыр!–деді Итбай былай шығып бір бетегелі жерге. Қожантай отырды.
– Кәне, айтшы, әлгі қыздың кеңесін не қылдың?
– Көнбейді, құдай соққыр.
– Ағасы қамауда әлі жатыр ма?
– Балтабекті айтасың ғой? Жатыр, Бурабайда!
– Ұрлаған майы қанша еді?
– Екі пұттай бар білем.
– Сен қызға ана бір сөзді айттың ба?
– Мен айтпаған сөз қалды дейсің бе? Бірақ құлағына қол апартпай шапшып тұрған бір қыз. Айтатын сөзі:
– «Оған барғанша, өзімді өзім жарып өлтірем!» дейді.
– Ә-ә, солай дей ме? Қарай гөр пәлекеттің мықтысын!
– Рас, қажырлы қыз екен езі.
– Піш!.. сен де тапқан екенсің «қажырлы» кісіні. «Қатын қайраттанса қазан қайнатады» дегенді білесін, бе? Төмен етекті әйел емес пе, қажырлы боп қайда барады.
– Мен қажыдым.
– Әй, Қожантай!–деді Итбай, сыбырлаңқырап сөйлеп,– егер қыз үйтетін болса, осыны қараңғы ұрлықпен алып қашсам қайтеді?
– Қайдан білейін?
– Мен бұл қызбен саудаласа-саудаласа шаршадым. Менің бұл қызды алам дегенімді жұрт естіді. Енді мұны алмау – маған өлім. Жақсылықпен көнбеді. Енді қол іс қылудан басқа жол қалған жоқ.
– Өзің білесің,– деді ауылнай жер шұқып.
– Неге жер шұқисың? (Қожантай үндемеді). Әлде жаның аши ма?
– Жаным ашып... маған не қарындас, не жиен, не жиеншар емес, айдаладағы біреуді қайтем. Заңға сыйса дегенім ғой...
– Әй, заңыңды қоя тұршы! К,олда емес пе, ол заң.
Кеше Кошкин келіп еді, шет жағалап айтып ем, «ал да кел, артқы жауабын маған бер!» дейді. Заң іздейтін ол к,ыздың кімі бар? Мен енді барымтаға кірісем. Қыздың талайы осылай бұлқынатын. Алып қашқасын көнетін. Аты әйел емес не. Сен енді сауданы қойып, осыны қалай алып қашудың жолын айт. Бір барақта қыздың үйінен басқа неше жан бар?
– Кім білсін қанша жан екенін. Әйтеуір көп. Ұзындығы жүз кездей барақ. Қаз-қатар төсеген тақтай. Жұрт өте тығыз жатады. Аралары бөлінбеген.
– Онда алып шығуы қиындау екен. Алым берсе шығарып беретін қасында өжет жігіттер бар ма?
– Сөйлесіп көрейін оны. Бір жаман жері – жеңгесі жөтел ауру, сырқаты нашар деп естідім. Білте шамы сенбейді білем. Және қыз өзі жеңгесіне сусын беріп түні бойы дамыл көрмейді дейді, ояу отырады дейді.
– Күндіз қайда болады қыз?
– Бойнада сойған малдардың ішегін аршиды.
– Ә, онда, күндіз де қиын екен. Алдастырып алып кетуге болмас па екен, жолдан қағып әкететін?
– Қайдан білейін?
– Сен енді бір айласын тап. Осы сынымнан өтсең, мен де ұмытпаспын жақсылығыңды. Сайлау да жақындап келе жатыр ғой, өзіме кандидат қып алуға да бармын, айтқанымды орындасаң.
«Кәнделеттік» Қожантайдың арманы еді. Көптен кез алдына елестеп жүретін құс қолына кеп қонуға ыңғайланған сықылды болғасын, оның ойы қызды барақтан ұрлап алып шығу амалын тез қарастыра бастады.
– Бұған бір-ақ жол бар,– деді Қажантай,– таң қараңғысында барлық еркек бойнаға кетеді. Барақ бойнадан алыс. Қыз кешірек барады. Таң ата. Сол кезде мықты жігіттер сайланып барып, үйден алып шығып, мықты атпен тартып отырса кім қуып жетеді дейсің.
– Мынауың тапқан ақыл екен.
– Ендеше, бүгін-ертең жігіттеріңді жібер. Мен өзім барақ маңайында болайын. Әркімдерге сөйлесейін де, егер шығарып беруші болса – нұр үстіне нұр, шығарып беруші табылмаса – өзім реттеймін. Іңірде жігіттер заводқа жақын ауылға келсін де, біреуі маған хабар берсін. Ұзақ түн аңдысақ, алмай қоймаспыз.
– Жарайсың, Қожеке,– деп Итбай сүйсінгендей қарқылдап күлді. Қолыма бір тигізсең, аржағын өзіме бер. Бір-ақ күнде жуасытып аламын. Осы құрғырға жабыспай-ақ қойсам да болатын еді, бірақ жұрт естіп қапты. Анау күні біреулер: «құсың құтты болсын!» деп қайырлы болсын айтып жатыр. Алып қойды деп ойлапты. Шіркін, өлерін білмейтін қыз екен. Есіктегі басы төрге жеткенге қуанып, өзі-ақ .келетін қыз. Амалың бар ма, ақылы жоқ болғасын.
– Апыр-ай десейші, алтынға қолын малып отыратын реті бар ғой осы үйде.
– Енді ме, егер осы босағаға дәм жазып келе қалса, саптыаяқтан сары су ішкізермін ол мұндарға.
– Сол қыз закөншік дейді. Орысша недәуір оқып тастаған қыз болса керек...
– Ә, қойшы, сондай сөзді!– деді Итбай кейіп,– законник!.. Неткен закөншік?.. Закон осы күні мынада! (Итбай қалтасын қақты).
– Жаңағы бір немеңді тез аттандыр,– деді Қожантай Итбайға,–ол не қылған неме өзі?
– Сен танымайсың ба? Баяғы біздің үйдегі учитель.
– Ә, со ма?–деді Қожантай «өзін едірейтіп.– Осы неме осы қызды алам деп айтады деп естіп ем.
– Десе деген шығар . Бірақ бұған сыр бермей тез жөнелтіп жіберем. Мана жылы қабақпен амандасып отырғаным да сол, әйтпесе өзін ұнатпайтын ем. Ешнәрсе сезбеген адам сықылданып аттандырып жіберейін.
– Біреуден сұрамас па екен?
– Кімнен сұрайды? Сұрайтын кісінің реті жоқ.
– Онда дұрыс. Бірақ сақ болғайсың. Кім біледі, қыз үйінде екенін білсе, ауытқып кетуі мүмкін. Мұны көрсе қыз ширап кетеді.
– Жарайды.
3
Итбайдың жақсы күтуіне, Асқар қайран қалды. Бұрынғы кекірлік мінезінің біреуі де жоқ: «жатып жастық, иіліп төсек болып тұрған» бір адам. Екі сөзінің біреуі «сіз», «біз». Баяғыдан бері Асқардың қайда жүріп, қайда тұрғанын сұрамай қалған жоқ. Ара-тұра: «үйреніп қалған екеміз, көпке шейін өгейсіп жүрдік. Петербурда сен ұсталғанда ішім ауырды, қолдан келер шара болмады» дегенді де айтып қойды. Бірақ Ботагөзге жанасатын сөздің маңайынан алыстап үркіп жолаған жоқ. Бар сөзінде ол, Асқардың есіне Ботагөзді түсірмеуге тырысты.
Астан ең алдымен қымыз келді.
– Әй!– деді Итбай бие байлап кеп, Асқарға амандасқан Бүркітбайға,– қымыз құйдыршы! Жақында ыстан шыққан кең сабаға құйылып, қымыз жарықтықтың өзі балдай тәтті боп тұр еді. Майдың қымызы қандай, жарықтық! Тәтті асты дос-жарын, кеп отырғанда ішкеннен бұ дүниеде қызық бар дейсің бе?
Бүркітбай даладан біреуді шақырып алып, күміс піспекті, иіндеп тұрған үлкен қара сабаны, үйді басына көтере күпілдетіп пісті де, күмістеген үлкен сары ағаш тегенеге көбігін бұрқыратып құйды. Жаңа ыдысқа құйған қою, жас қымыздың исі сегіз қанат ақ үйдің ішін лық толтырғандай болды. Көптен мұндай қымыз ішпеген Асқардың аузына сілемейі жиылып, мұрнына кірген тәтті иіс – барлық тамырын қытықтап, қашан аяқты қолына ұстатып, сіміре бір жұтқанша тағатын қалдырмады.
Беті көпіршіген, еріткен алтындай қою сары қымызды толтырған кәрден кесе қолына тигенде, тілін тұшытқан қымызды Асқар жұтып-жұтып жіберіп еді, сағынғандықтан ба, сусағандықтан ба –маңдайынан тер шып-шып шыға келді.
– Кәне, отырма, Бүркітбай,– деді Итбай, Асқар қымызға біраз сусындағаннан кейін,– мал алдыр! Қысқы сыбағасы да бар шығар. Бірақ бір малдың етін жемей реті келмес.
– Бар дәм болады ғой.
– Атай көрме! Біздікіне келгесін малдың басын жемей, о не дегенің? Бір мал деппін-ау, өзің мұнда біраз күн жататын тығарсың?
– Жоқ, жүрем.
– Е, оның қалай? Дәмдес үйің. Аунап-қунап жат.
– Асығыс ем, рахмет!
– «Неге келдің?» деген кісідей жолыңды сұрап мазаңды алмайын дедім. Жол болсын!
– Әлей болсын.
Асқар жол мәнісін толық айтты.
– Ә, жарайды. Бізге де санақ жүреді деген бұйрық келіп еді. Ретің келсе, осы елге шықсаң жақсы болар еді. Бұл сөзді аузы айтқанмен, «осы кәпір рас келіп қала ма?» дегендей, Итбайдың іші қорқа бастады.
– Мен келер ем,– деді Асқар,– бірақ облыста басқа жаққа бекітіп қоймаса.
– Бәрекелді-ай, асығыс екенсің!– деп ренжіген болды Итбай,– сонда да жатып кет бірер күн, тым болмаса.
– Рахмет, бүгін жүрем.
– Апыр-ай, онда асты тездет, Бүркітбай. Марқа пісіп жетпеген кезі еді ғой. Жем жеп шыққан көпей қозының біреуін алдыра ғой.
Бүркітбай кеткеннен кейін Асқар мен Итбайдың кеңесінің көбі соғыс туралы болды.
– «Қазақ» бар ма, ағай?– деді Асқар соғыс кеңесіне кіріскесін.
– Бар. Сандықта. Тігіп жүрмін. Алдырайық.
Итбай әйелі Жамалды шақырып алды да, Асқар амандасқаннан кейін сандықты аштырып, тігілген газеттерді алды, Жамал шығып кетті.
Асқар «Қазақ» газетін ақтарып қараса, түгел екен. Бір жағынан қымызды жұта отыра, Итбайға қарамастан, 1914 жылдан бергі номерлерін Асқар тез-тез жүгіртіп қарап шықты.
«Алтын қорынан бір миллиард жеті жүз миллион сом Обращениеден алынып, оның орнына екі есе қағаз ақша шығарылсын».
«Темекі мен арақты қымбаттатып, 175 миллион сом жиналсын».
«Сегіз айда Россиядан соғысқа төрт миллиард шығын ұсталды».
«Бір айда Англия соғысқа төрт миллиард шығын ұстаған.
«Екі жылда Франция қырық миллиард шығын ұстаған...» Осы сықылды соғыс шығындарына және өлген адамдардың санып оқығанда, Асқар таңдайын қағып, басын шайқады.
– Торғай облысының өзі,– деді Асқар Итбайға газеттің бір жерін бармағымен нұсқап,– 191341 сом жәрдем беріпті ғой, биыл соғысқа.
– Көп емес екен,– деді Итбай,– Анау күні Көкшетауда, Кривоносовта болыстардың жиылысы болып еді. Біздің бір үйез 146 мың сом ақшадай беріпті. 5000-дай киіз үй, 12 мыңдай ат жіберіпті.
– Рас, қиынға соқты бұл соғыс.
– Арты қайыр болса ешнәрсе етпес.
– Арты да онша қайырлы болмайтын сықылды көрінеді ғой.
– Астапралда! Неге?
– Қазақтан солдат алу мәселесі көтеріліп жатқанын оқыдыңыз ба?
– Оқыдым. Бірақ жел сөз ғой деймін.
– Жел сөз көрінбейді. Міне, 171 санында үкімет пен Думаның арасында отар ұлттардан солдат алу туралы талас болғанын жазады. 172 санында солдат алынатындығы айқындалған сықылды. Міне, көрдіңіз бе, «қазақтар солдатқа салт баратын болсын» деген ұсыныс тұрғанын? Газеттің өзі, мынау 179 санында, қазақтың қазақ правосымен солдатқа баруын жақтап отырғанын көрдіңіз бе?
– Қай айдағы номері?
– 30 апрель, 1916 жыл. Мынау 174 санында санақтан мал, жан жасырмаңдар деп жазыпты. Мына бір сөздерге қарағанда солдат беруге «Қазақ» газетін басқарушылар мойындаған-ау деймін.
– Кім білсін?–дей салды Итбай.
– Не болатынын кім білсін? Бірақ соғыс ауыртпалығын онсыз да еріксіз көтеріп отырған қазақ бұған көнсе дұрыс, көнбесе үлкен бүліншілік болады ғой деймін...
– Тәйірі-ай, құрғақ қолмен көнбегенде не қылады?
Асқар жауап бермей ауыр күрсінді.
– Уа, құрысын сол соғысың!– деді Итбай, Асқардың тұнжырай қалғанын сезіп,– қазаққа алабөтен келген ауыртпалық емес. «Көппен көрген ұлы той» деген. Қайтер дейсің. Тәңірінің жазғаны болар. Таста газетті! Іш қымызды! Әкел кесеңді, құйып берейін!
– Болып қаппын. Далада жүріп келсем деймін азырақ.
– Оқасы жоқ. Әлгі Бүркітбай қайда? Әй, Бүркітбай!
– Әу!– деген дауыс келді сырттан.
– Болдың ба?
– Болдым.
– Мұнда кел, ендеше!
Бүркітбай келгенше, «өзім де шығам ғой» деп Асқар түрегеп тысқа шығып кетті.
– Неге шақырдың?– деді Бүркітбай үйге кіріп.
– Әлгі Асқармен жүріп кел дейін деп ем.
– Сіз Асқармен тым құда түсіп кеттіңіз-ау, мырза?
– Жағың қарыссын!..
– Ұзап кетті. Естімейді.
– Ал, сен бар, олай болса. Бірақ аузыңа сақ бол. Тұяқтың қызын сұраса, жөніңді айтпай теріс сөйле. Аржағын өзің біле жатарсың.
– Өзі қашан кетеді екен?
– Бүгін жүрем дейді. Кетсе екен.
Итбай Қожантаймен байласқан уәдесін Бүркітбайға түгел айтты.
– Дұрыс,– деді Бүркітбай,– ниетің оған ауса, жалғыз өзім барып ұрлап әкелуге қолымнан патпеске берейін. Өзі де қыз? Толығып болған. Бурабайдың семіз шортаны сықылды, жүргенде ырғаң-ырғаң етеді...
– Бар болғыр, бар енді!..
– Жоқ-а деймін, шіркін піскен екен езі. Жасы да 18- 19-ға келіп қалмады ма екен? Нешеге келсе, оншаға келсін, бірақ піскен шиедей толып тұр. Өзі де бойы сұңғақ, кеуделі келген аршын қыз.
– Бар, бар!..
– Қолыңа құдай тигізсе...
– Бар деймін, доңыз!..
– Бүркіттей...
– Болды, болды, кет тез! Әлгі ойлап қалар, неге кешікті деп.
– Барайын!– деді Бүркітбай, есікке қарай жүре беріп, іште қалған сөзін бетінің, көзінің құбылысымен ұқтырып.
– Сақ бол!– деді Итбай, Бүркітбай аяғын табалдырықтан сыртқа аттай бергенде.
– Білем ғой, өзім де.
Бүркітбай шыққанша Асқар ауылдан ұзап, Шалқар көлінің жағасына жетті.
Бурабай тауының айналасы Асқардың алақанында. Ол білмейтін құз, ол білмейтін сай, ол білмейтін бұлақ, ол білмейтін көл жоқ. Кейде Көкшенің ең биік өркешіне шығып жан-жағына қараса, Бурабайдың іші-сырты, айналасы – тостағанға құйған қымыздай дөңгеленіп жатқан қаптаған көл. Солардың ішінде Көкшенің солтүстік жағын жиектей, тауды құрсаулаған шабақ көлі ғана сиырдың имек мүйізі сықылды. Өзгелерінің бәрі біркелкі, дөп-дөңгелек. Жасыл барқыт камзолдың үстіне қадаған теңгеліктей әр жерде аппақ боп, дөңгеленіп күнге шағылысқан ол көлдерді көруге Асқар тойған емес.
Аспанмен астасқан Көкшенің асқарынан аяқтағы астай көрінген көлдердің жиегіне барғанда, теңіздей телегей екенін ол біледі. Биіктен қарағанда бір түсті көрінген көлді ол, қасына барса, түгі басқа жылқыдай, өзді-өздерше арнаулы қасиеттерімен айырып ала алады. Көлем жағынан: Шалқар, Торыайғыр, Шортан, Жөкей, Қотыр, Үлкен шабақ, Кіші шабақпен бірдей. Бұл аталған көлдердің бәріне де бергі шетінен арғы шетіне қарағанда көз жетпейді. Таудан қарағанда аяқтағы астай бұл көлдер, жиегінен қарағанда жер мен көктің астасқан тұсына баратын үлкен бір теңіз тәрізденеді. Егер Жөкей көліне: кеменің тұмсығы сықылданып, Бүркітті тауының бір жақ шыңы сүйриіп барып сұғынып тұрмаса; Қотырдың оңтүстік жағынан: келді жара орта кезіне шейін құлынның жалындай боп қарағай ескен, тілген қайыстай арал кірмесе; Бурабайдың орта кезінен суды жарып екі тау шығып, биіктеп барып текенің мүйізіндей айқаспаса; Шабақ көлінің орта кезі құмырсқаның беліндей үзіліп тұрмаса – бұл көлдерді бірінен бірін көлем жағынан да, көркемдік жағынан да айырып алу қиын.
Шалқардың өзге көлден айырмасы – оның күнбатыс жақ жиегіне таман, жағадан жарты шақырымдай жерінде тас діңгек бар. Бұл діңгек көлден найзадай шаншылып тік шыққанмен, найзаға үйлес тас емес. Айта берсең ол, тас та емес, тас емес те емес. Тас дейін десең, діңгектің үстіне өскен жабағыдай ұйысқан бетеге, бетегелердің арасына өскен бұйра тобылғы. Тас емес дейін десең, желді күні айнала ұрып жатқан толқындар діңгектің бетін бір шаймайды. Бір жері жай топырақтай суға опырылмайды. Діңгек алыстан қарағанда найзадай шаншылып жіңішке көрінгенмен, қайықпен қасына барсаң, кішігірім ауылдың қотанындай көлем! бар, төбесіне шыққанда төңірек түгел көрінетін кәдімгі тау. Осы діңгектің ен бойына жазғытұрым қаз-үйрек, шағала жұлдыздай жиі жұмыртқа салады. Кесіп іздеген қайықшылар ол діңгектегі жұмыртқаны қайық-қайық қып тасып шығарса да тауыса алмайды. Одан басқа жерінде ұя салар орын жоқ, дария көлдің беті, шілде кезінде құстың балапанына құмырсқаның илеуіндей қаптайды да кетеді. Қайықшылар бұл балапандардың қайдан сая болғанына қайран қалады.
Бүркітбай қуып жеткенше, көлдің жағасында ерсіл-қарсыл жүрген Асқардың көзі Шалқардың діңгегінде болды. Бұрын да Асқар ол діңгекке қызығып, қайық жалдап бір рет түскен еді де, бір жақтан жолаушы келе жатып, жолдасының «жете алмассың, алыс, суға кетерсін» дегеніне қарамай малтып та барған еді. Екі барғанында да ол өмірде есінен кетпестей әсер алған. Діңгектің құйқалы төбесіне шығып, жан-жағына қарағанда, ойы Шалқар көлдің, желді күнгі толқынындай тулап, сол минуттағы бойындағы қайратын қайда қоярға білмеген. Сезіміне қатты әсер еткен діңгекті ол ұмытпайтын, кейде оның төбесіне шыққан минуттары түсіне де кіретін.
«Уа, шіркін!– деп ойлады ол діңгекке қарап тұрып,– соның басына Ботагөз екеуміз бірге шықсақ!..»
Ойға батып тұрған Асқар, артынан Бүркітбай кеп «һап!» дегенде селк ете түсті. Ол жарқабақта тұр еді. Суға құлап кете жаздады.
– Сен осындай қорқақ па ең, Асқар?– деді Бүркітбай, Асқарды белінен құшақтап, үрейлі кескініне күлімсірей қарап.
– Ия, аман жүрсін, бе, Бүркітбай?–деді Асқар салқын.
– Бізді не жау алады дейсің?!
Екеуі қатарласып, көлді жағалай аяңдады. Бүркітбайдың ыңғайын Асқар көріп келе жатыр: баяғы қылжақбастығынан басқа кеңес шығатын сықылды емес.
– Бүркітбай!–деді Асқар біраздан кейін,– екеуміз құрбымыз ғой, рас па?
– Онда кімнің дауы бар?
– Екеуміз де кедейдің баласымыз ғой?
– Сенің аспанда, менің жерде жүргенім болмаса, солайын солай.
– Мен де қай бір шырқап ұшып жүрген адаммын. Қанат-құйрық менде де қысқа емес пе?
– Сенің қанатың қысқа болса, ол шіркін бізде атымен жоқ десейші.
– Қалжыңды қойып, мен саған бір шын әңгіме айтайын деп ем.
– Маған сол шының керек.
– Шын керек болса, мен сені бұрын жеккөріп те жүрдім.
–Неге байғұс-ау!
Асқар ұзақ уақыт Бүркітбайға өзінің оған неге ренжитін себептерін айтты.
– Мұның біреуінен де таңбайын!– деді Бүркітбай.– Енді маған қыл дегеніңді айтшы! Бірақ мен өзім оспақ сөзге шорқақпын, сен маған жұмбақты қойып, тура айтатыныңды айт!
– Айтсам: сенен бір сыр сұрайын, шыныңды айтасың ғой ?
– Айтайын білгенімді.
– Айтсаң: Тұяқтың қызы қазір қайда, үйінде ме?
– Сиырдай болған қыз үйінде отырушы ма еді? Қатын боп отыр біреуде, балалы-шағалы боп.
– Кімде?–деді Асқар сұрланған кескінмен Бүркітбайға төне қарап.
– Сен кімді білесің. Мына, Қойлы-атығай ішінде Даңқой деген елдегі біреуде.
– Ағалары қайда?
– Балтабек кансер зауытындағы мал сою жұмысына араласып жүретін еді, анау күні бір май ұрлап қолға түсті деп естідім. Өткен күз Кенжетайы жылқы ұрлап, ұсталып кетіп еді, содан жоқ. Сырт хабар: іш жақта қашып жүр дейді.
– Темірбек қайда?
«Асық ойнаған азар,
Доп ойнаған тозар.
Бәрінен де қой бағып,
К... жеген озар...»–
дегендей, түптегенде Тұяқ балаларының ең оңдысы сол жаман болып шықты. Өзгелері қолынан келмейтін ерлік істеймін деп басын жұтты, жаман Темірбек мына алтын заводына барып жұмысқа түсіп, шешесін асырап түр. Іштегі сезім толқынының қатты екпінімен, Асқардың аузына келген сұраулар ерніне ілекпей, жаңқадай қалқып кете берді. «Нанайын ба, нанбайын ба?» деп ойлады ол. Бір кезде туғанындай жақын болған сүйікті семья, мынадай апатқа ұшырағаны оған қатты батты. Сұрауға өтірік жауап берген Бүркітбай, Асқардың кескініне қарап еді, қабағы түнеріп, кескіні бұзылған тәрізді екен. Бүркітбайдың жүрегін басқан өтіріктің шаңы, Асқардың бетіне қонғандай, ол оны аяп, шынын айтуға бір ойлап тұрды да, артын ойлап Итбайдан бата алмады. Сонда да, Асқардың қасына енді ерсе, сыр айтпауға болмайтын сияқтанған соң «Ас пісті, тез қайт!» деп өзі кетіп қалды.
4
Асқар Итбайдың үйінен шығып, Шалқарға қарай беттегенде, солтүстік күнбатыс жақта аспанда белдеулеген Көкше, көк йен жердің астасқан тұсына шөккен көктемнің қара сұр бұлт сықылданып тұр еді. Шалқарға жеткен кезде, қызған күннен күн дария боп толқыған сағым, Көкшенің етегін толқынына бөлеп, мұнартқан басы теңіз үстінде алыстан жүзіп келе жатқан ұлан-байтақ, үлкен кеме сықылданды. Сағымның ұлан-асыр теңізінде толқынға көміліп жүзіп келе жатқан кеме сықылды Көкшені көргенде, оның есіне: Абай аударған Лермонтовтың «Парус» деген өлеңі түсті:
«Жалғыз жалау жалтылдап,
Тұманды теңіз өрінде.
Шет жерде жүр не тыңдап,
Несі бар туған жерінде.
Ойнақтап, толқып, жел гулеп,
Майысар діңгек шақырлап,
Ол жүрген жоқ бақ іздеп,
Қашпайды бақтан бойды ұрлап,
Астында дария – көк майдан,
Үстінде сәуле – алтын күн.
Қарашы, бүкіл құдайдан,
Сұрайды дауыл күні-түн...»
«Не деген тамаша сурет!– деп ойлады ол.– Шіркін, Абай-ай, ақынсың-ау! Арқаның шелінде, Шыңғыстың тасында өсіп, өмірінде теңіз көрмесең де, шарықтаған ақындық қиялың теңізді ұшып тапқан екен!»
Бүркітбайдың Ботагөз туралы, оның үйі туралы айтқан сөздері Асқардың көз алдына қары жапалақтаған қыстың боранды суық күніндей елестеді. Оның манағы алтын күндей ашық үмітін, қайғының қара бұлты торлады. Осы кезде Асқардың ойын еліктіргендей, Көкшенің басына түтіндене қара бұлт шөгіп, содан сескенгендей таудың етегінде еркелеп ойнаған сағым тау жақтан қашты. Әлгінде, теңіздегі кемедей сағым үстінде қалқыған Көкше, сағым тарағаннан кейін, Асқардың көзіне өртке ұшыраған, бүлініп, күйіп жатқан бір зор үйге ұқсады.
Көкшетау, Қызылжар елдерінің көктем, жаз мезгілдерінде «амал» дейтін күндері болады. Ол күндерде: күннің көзі таңертең қайнап шығады да, түске шейін жердің жүзін шыжытып жібереді. Жылқыға бүгелек, сиырға сәйгелді тиіп, малдың мазасы кетеді; жан-жаққа шапқылап, барқыны бар сулы жер іздеп, көлге, өзенге паналайды. Бұл кезде аздап үрлеген ыстық желді ол елдер – «аңызғақ» дейді. Үйге кірген аңызғақ адамның өңешіне жармасып, түкірігін кептіріп, тамағын құрғатады, адам қымыз ішсе «ақ таңдай» боп, тамағына қақырық қатады, аңызғақта адамның шөлін қандыратын жалғыз ғана қаймақ құйған қою шай.
«Шай,
Шай ішсем көңілім жай,
Әттең, ақшасын бергенде –
һай-һай-һай!»–деп өкінеді ол кезде шайы жоқ кедейлері. Осындай сәйгелді, бүгелекті аңызғақтың артынан ол елдер нөсерлеп құйып өтетін жаңбыр күтеді. «Көктемдегі бұлт көңілшек». Ілуде бір күндер болмаса, көктем кезінде аңызғақтан аңсасы кепкен адам мен айуандарды түстен кейін салқын ауамен сусындатын жауып өтпейтін күндер аз кездеседі.
Аңызғаққа шыжыған Асқардың да аңсасы кеуіп, ақ таңдай бола бастағасын ауылға беттеді.
Асқар үйге кірсе, Итбай түндікті жапқызып, іргені түргізіп, төрт қабат шыт көрпенің үстінде екі жастыққа шынтақтап, дамбалшаң, жалаң аяқ, көйлекшең, жалаң бас шай ішіп отыр екен. Қасында бәйбішесі Асылтас аяғын сипап отыр, тоқалы – Жамал шай құйып отыр. Итбайдың бет-аузын тер басқан.
– Апыр-ай, құдайдың мына күні күйді-ау!– деді Итбай терін орамалмен сүртіп, есіктен кірген Асқарға,– далада күнсіп көп жүрдің ғой. Үш сағатқа жақын жүрдің,– деді ол, күміс бақанның бір бұтағында ілулі, тырсылдап соғып тұрған шынжырлы үлкен сағатқа қарап,– шөлдеген шығарсың. Түтеп өліп бара жатқансын мына бір шайды жаңа алдыма алып ем, мұндайда жанның рақаты шай ғой. Кепкен сықпа құртпен қаймақ құйдырып, қою ғып ішкен шайдан дүниенің жұмағы бар деймісің мұндайда. Кәне, отыр, шешін! Ұятты қой, көйлек-дамбалдан басқаны сыпырып таста!..
Бұл сөздерді айтқанда, Итбай Асқардың кескініне қарап, сусаудан басқа ішінде зілді бірдеме барын ұқты. «Бүркітбай бүлдіріп келмесе жарар еді?» деп ойлады ішінен. Бірақ сыр бергісі келмей, Асқарға жылы сөздерімен бірге күлімдей қарады.
«Жылуы жоқ бойының,
Жылмиғаны неткен?!»–
деген Абайдың сөзі түсті Асқардың ойына. «Жолбарыс адамға шабарда, еркелеген иттей жүзі жылып қылмыңдай кетеді» деп еститін еді Асқар. Итбайдың жылмыңдауы оған сол жолбарыстың еркелеуі сықылды көрінді.
– Отыр!–деді Итбай тағы да Асқарға.– Әй, тоқал, сен етті білші! Піскен шығар. Жидіп кетпесін. Бәйбіше, шай құй! Асқар ет алдында сусындап алсын, әйтпесе ет жей алмайды. Далада жүріп келді ғой, қымызы сіңген шығар.
Дастарқан қасына кеп отырғаннан кейін, келгелі көрмеген Итбайдың бәйбішесі Асылтасқа Асқар:
– Есенсіз бе?– дей салды.
Ботагөзге бүгін-ертең жігіттерін жібергелі отырғанын Итбай Асылтасқа шет жағалап айтып еді.
Асқардың салқын амандасуынан «осы жігіт біліп қойды ма, әлі?»деп ойлады Асылтас.
Ренішті ойда отырғанмен, сусаған Асқар сықпа құртты к,анттай тістеп аузының дәмін алып отырып, шайды қанып ішті.
– Асты әкелейін бе, пісті,– деді бір кезде Бүркітбай кіріп.
– Әкел!
Шығып кеткен Бүркітбай аздан кейін бетін дастарқанмен жауып, буы бұрқыраған сары табақпен етті алып кірді.
ЕКІНШІ ТАРАУ
ӨЛІМ ҮСТІНДЕ
1
Айбаланың тық-тық жөтелген дауысына Ботагөз оянып кетсе, барактың он бойында сықсиған білте шамдар жанып, жұмысшылар жапыр-жұпыр киініп алып, кетіп жатыр екен. Бірақ әлі таң атпаған сықылды. Барактың ішіндегі қою қараңғылықты сығырайған білте шамдардың жарығы жеңе алмай, барак күңгірт.
Ботагөз басын көтергенде, бір жағы кетілген шашкенің табағындағы, білтесін ескі шүберектен есіп, сиырдың майына малған шам, майы таусылып, білтенің шүберек исі шығып сөніп барады екен. Ботагөз ұйқы тығылған көзін қолымен уқалап жіберіп, төсегінің басында тұрған май салатын аяқты қараса, түбінде түк жоқ.
– Қалқам-ай, неге тұрдың, ұйықтасаң едің!– деген Айбаланың сөзіне ол жауап бермей, әркімдерден май сұрап, алысырақ бір көйкеден тауып алып келді де, ақтық жалыны әлсіз ғана лапылдап тұрған білтеге майды тамызды. Май тигеннен кейін білте әуелі шыжылдап, артынан жарқырай бастады.
Ботагөз шам сөнердің алдында биенің бір сауымы бұрын қалғыған еді.
– Жата тұрсайшы, сәулем,– деді Айбала тағы да,– ағаң кеткелі бір күн дұрыс ұйықтаған жоқсың. Қаның қашып, ажарын, қуқылданып кетті. Ауру менен сен жүдеу сықылдысың. Әлі ерте ғой, қалқам. Аз да болса жатып ұйықташы. Болмаса, бүгін бармай-ақ қой жұмысқа.
Ботагөз білте шамның жарығымен Айбаланың кескініне қараса, күндегіден өзге екен. Біраздан бері Айбаланың еті түгел тарап, қу сүйегі қалған. Бұрын толған айдай дөп-дөңгелек беті солбырайып, ұртының сыртынан тісін санап алатын халге жеткен. Қолының, аяғының сүйектері, дорбаның ішіне салып қойған қу сүйектер сықылданып, буындары бұлтиып, шығып кеткен. Шілбиген қылдырықтай мойнына қарағанда, «басын неғып көтеріп тұр?»–деп ойлайтын Ботагөз. «Арық адамның көзі өткір болады екен-ау!– дейтін Ботагөз ішінен.– Қарағанда өңменімнен өтіп кете жаздайды!»
Май тамызғаннан кейін жарқырап жанған білте шамның жарығымен Ботагөздің көзі Айбаланың кескініне түссе, екі бетінде құлпырып қан ойнап тұр екен. Дені сау кезінде Айбаланың, беті осындай қан ойнаған нұрлы болатын еді. Көзқарасы да бүгін күндегідей өткір емес, дені сау кезіндегі сыпайы қарайтын әдемі қарасының қалпына келген.
Қатты ұйықтағандықтан Ботагөздің басы ауырып қалған екен. Кешегі жұмыстан тынықпаған денесі құрыстап жатуды тілеп еді, дененің еркіне ол көнбей керілді де, бойын аздап сергітіп, бірер рет аузын кере, демін қатты ала есінеп, жинала бастады.
– Неге жатпадың, сәулем?–деді Айбала тағы.
– Ұйқым қаныпты.
– Қайдан қансын ұйқың, бұрын төрт көзіміз түгелде көп ұйықтайтын ең. Басыңа ауыртпалық түскесін амалың бар ма!..
Аржағынан ағытылып көзіне саулап келген жасты Айбала еріксіз бөгеп босатпады. «Өзі қажып жүрген баланы жылап қажытпайын» деп ойлады ол.
Өткен күні егізбен Темірбек келіп: «не көрсек те бірге көрейік» деп көшіріп әкеткісі келіп еді, оған Айбала мен Ботагөз қарсы да болған жоқ еді, қасындағы көршілері: «нашар сырқатты қалай апарасың, жолда жазым болса қиын болар, аздап шыда!» десті. «Ат емес өгіз, жолда қазақ арбаның үстінде шайқалып қиын болар, ауырлап қаласың!» деп көршілері Айбалаға да ақыл айтқасын, Айбала мақұл екен деп, Темірбекті – рұқсат беріп қайтарды да, «жақын арада келіп кет, тәуірленсем оны көрерсің, тәуірленбесем, ендігі келгеніңде не қылсам да қалмаймын!» деген сөзді айтты. Біраздан бері сырқаты өзіне ауырлаған сықылды көрініп, түні бойы жөтеліп шығатын Айбала, бүгін түнде кірпік қаққан жоқ. Жөтеліп отырып, оның түні бойы ойлаған ойы: «Сал жігіттен (Темірбекті ол Сал жігіт дейтін еді) неге қалдым. Осындай есім барда әжемнің қолына барғаным жақсы еді. Ертең олай-пұлай боп кетсем, еркеме қиын болады-ау!»
Бұл үйдің бұлай күйзелушілікке ұшыраған себебі былай: 1913 жылы Петербургтен қайтқаннан кейін Итбай Балтабекке: «Қарындасын маған берсін» деп кісі салды. Бұл сөзге Балтабек ыршып түсіп, маңына жолатпағасын, сыпайы сөзге көнбейтінін көрген Итбай мықтылық айтып қорқытты. Итбаймен ұстасуға белі шыдамаған Балтабек Итбайдың «елшілері» соңынан қалмай мазалай берген соң, қайысып бір келіп «бұны қайтеміз?» деп Кенжетайға ақылдасып еді:
– Қорықсаң Ботагөзді өз қолыма бер,– деді Кенжетай,– мен жер жүзінде тірі жүріп, қарындасымды оған бермеймін.
Кенжетайдың сөзі Балтабекті қайтадан қайраттандырды.
Қайысқан Балтабекті Кенжетайдың қатайтқанын Итбай естіді. «Өзін көндіріп көріңдер» деп Кенжетайға да «елші» жіберіп еді, Кенжетай көнбеген соң, ерегіскен Итбай ұрыларын жұмсап, жақын қаладан жылқы алдырды да, Кенжетайдың қорасына жасыртып, жылқы иелерін үстінен түсіртті. Сол пәлемен Кенжетай ұсталып, сотталып айдалып кетті.
– Мен жазықсыз кетіп барам,– деді Кенжетай, жөнелтерде амандаса келген Балтабекке,– тірі болсам бір келермін. Егер осалдық қып Ботагөзді Итбайға берсең, менің қас дұшпаным сен боласың, алдымен сенін, қаныңды ішем.
Інісінің ақылын алған Балтабек тағы да «елші» салған Итбайға баяғы жауабын қайтарды. Бұрынғыдан жаман өшіккен Итбай ұясын бұзайын деп, ең алдымен Балтабектің үйін күйдіртті. Одан кейін, жалғыз сиырын ұрлатып жойып жіберді.
Күн көрісі күйзеушілікке ұшыраған Балтабек, Бурабай қаласына жақын жердегі консерв заводына көшіп кеп жұмысқа түсті.
Оған, міне, екі жыл. Содан бері тұратын орындары – жүз шақты үйлі жан бірге тұратын ұзын, кең барақ. Айбала көрінер көзге осы барақтан ауырды: бұлардың төсегін салған тұстағы терезе сынып көпке шейін шынысы салынбай жел гулеп тұрушы еді. Өткен қыстың басында бір күні үскірік суық болып Айбала түнде тоңып қап, содан ауырып еді; ауру алдында тымау сықылды боп жүрді де, артынан асқындап жөтел пайда болды.
Балтабекпен бірге Айбала да бойнада жұмыс істеп, сойған малдың ішек-қарнын аршысушы еді. Сол жұмысты, ол тықылдап жөтелін жүрсе де, қыстың аяғына шейін істеп, апрель айында жөтел үдеп, төсек тартып жатты. Сол жатудан әлі бас көтерген жоқ.
Жақсы көретін Айбаланы Балтабек жұмыс арасында ойға-қырға сүйреді, бақсы-балгердің ат жетеріне апарды. Біреулер малмен қақты, біреулер шәрдәрілеп емдеді. Бақсы-балгердің неше түрлі еміне сырқат айықпағансың докторға да көрсетті. Бірақ ешбір ем қонбады. Төсек тартып жатқаннан кейін еті таралып, тірі әруақ қана бейнесі қалды.
Естіген емінен Балтабектің таба алмағаны: жазғытұрғы жас биенің қымызына қазы салған тосап ішу.
Айбаланың ауруы меңдей берді. Балтабек оған іштей қайғырады, бірақ амалы қанша, істер шара жоқ. Ауыр тұрмыста ренішті көңілмен еңбек атқарып жүрген Балтабек, Итбай құрғызған жала қақпанынан құтыла алмады. Өтірік пәлемен ол да ұсталды. Оқиға былай болды: бір күні жұмыстан қалжырап кеп Балтабек баракта ұйқтап жатыр еді:
– Тұр!– деп біреу қаттырақ дауыспен оятты.
– Немене?–деді Балтабек ұйқысы қанбағандықтан ерініп, орнынан тұрмай, «тұр!» деп жұмысқа оятқан біреу екен деп ойлап.
– Тінтеміз!– деген сөзді естігесін Балтабек көзін ашса, заводтың компанионы – бай татар – Мұратов баласы, қасында урядник Кошкин және бойнаның десятнигі, понятойға әкелген бірнеше жұмысшылар бар.
– Нені тінтесін?
– Ұрлаған майың бар.
– Тінт!–деді өзі түк ұрламағанын білетін Балтабек. Итбайдың жұмсауы арқылы заводтағы бір қу, мына келіп тұрған десятникпен ақылдасып, бір қап шыжғырмаған майды төсегінің астына тығып қойғанын Балтабек білмеді.
– Мынау не?– деді десятник қапты суырып ап.
– Мен білмеймін!– деді Балтабек таңданып.
– Мә саған білмеген!– деп урядник Балтабекті жақтан қойып жіберді.
Айбала жөтеліп шала ұйқылау жатып, біреудің төсек астына еңкейгенін, бірдеме тыққан сықылды болғанын сезіп еді де, не екенін білмей, төсек астында өздерінен ұрланатын ешнәрсе болмағасын үндемеп еді.
– Өздері тықты!–деді Айбала жыламсырап, жөтелге булығып.
– Кім тықты? Не сандалып отыр мынау құрт ауру, ілбиіп өлейін деп отырған неме!– деп десятник Айбалаға ақырып тастады.
Кошкин: «сен қазнаны ұрлайды екесін!» деп Балтабекті төсегінің маңында біраз сабап, акт жасап алды да кетті. Балтабек ұсталғанда, Ботагөз Шортан қаласындағы жеті класты бастауыштан жоғары орыс школының, алтыншы класында оқып жүр еді. Бурабайдың төрт класты школын Ботагөз бітіргеннен кейін, одан әрі Балтабектің оқытуға шамасы келмейтінін Ботагөзді оқытатын учительница көрді. Ол учительница Шортан қаласінікі еді, Шортанда ауқатты туысқандары тұрады.
Ботагөздің зиректігін, оқуға ынтасын білетін учительница Балтабектің оны оқытуға шамасы келмейтінін көрді де, Шортандағы туысқандарынан өтініп, Ботагөзді ақысыз-пұлсыз үйлерінде тұрғызып асырауға көндірді. Көзден таса болса, Итбай алып қашады деп ойлаған Балтабек Ботагөзді жібергісі келмей, ол ойын учительницаға айтып еді:
– Қорықпа! деді учительница,– біздің қолдан тартып алуға оның күші келмейді.
Шортан школының алтыншы класында оқып жүрген Ботагөз, Балтабектің ұсталғанын естіген соң, шыдап жата алмай үйіне келді. Балтабектің не себепті ұсталғаны оған аз күнде мәлім болды. Өзін ағаларының сорына жаралған адамға санаған Ботагөз, көз жасынан өнер жоғын байқап, ағаларының жолына өзін шалғысы кеп, қамауда жатқан Балтабекке ас апарғанда: «мені сұраған адамға бер де, пәледен құтыл» деп етінді. Ол тілегін Балтабек орындамады.
Оқудан шығып келген бетінде Ботагөз консерв заводының конторына, кеңсе қызметіне орналасып, тапсырылған есеп-қисап жұмысына бастығып келе жатыр еді, заводтың компанионының біреуі – Андрей Кулаковқа өтініш етіп, Итбай ол қызметінен шығартып тастады.
Темірбек Ирмовтың алтын прискасында жұмыста еді. Ұлберген соның қолында. «Балтабекке ерте енші алғызды» деп Ұлберген Айбаламен өкпелескен еді. Артынан татуласқанмен, бірін-бірі сырттан сыйлап, аралары тым қабыса қоймайтын.
Шешесі Ұлберген мен жеңгесі Айбаланың арасындағы бұл салқындықты білетін Ботагөз, Балтабек ұсталған соң, Айбалаға «Темірбекке кешейік» демеді. Кеңсе қызметінен шыққасын, ауру Айбаланы ренжіткісі келмей, басқа кесіп таба алмаған соң, бойнада сойылатын малдардың ішек-қарнын аршысу жұмысына түсті.
Школдан шығып, қара жұмысқа түскенмен Ботагөз оқудан қол үзбеді. Оның аса құмартып оқитыны орыстың көркем әдебиеті еді. Жұмыстан қолы босаса-ақ ол, романдарға үңіледі де жатады. Ол, әсіресе ғашықтық темасына жазылған романдарды кеп оқиды. Сол романдардағы геройлар мен героиналардың тұрмысынан ол Асқар мен өзінің тұрмысына ұқсас кеп жағдайлар ұшыратады.
Петербургтен қайтқан Итбайдың жариялауынша: «алтын көрсе періште жолдан тайып», Асқар «шайтанның азғыруымен Петербургте жуликтерге үйір боп, банкіні таласып, содан абақтыға алынды; атылғаны, асылғаны, жер аударылғаны мәлімсіз».
Міне оған үш жыл. Хабар келе ме деп Ботагөз күн сайын күтеді. Берген уәдесі, айтқан сөзі болмағанмен, ішкі сезімін кез қарасы арқылы ұқтырған Асқар Ботагөздің көз алдында елестейді де тұрады. «Апыр-ай,– деп ойлады Ботагөз,– жаны жалған жігіт сықылды емес еді, мен оны дүниедегі ен, сенімді, ен, таза жігіттің біреуі ме деп ойлайтын ем. Сенімім мені неғып алдады? Әлде, тірі емес пе екен?»
Асқардың Ботагөзде суреті бар. Сурет тірі Асқарға тамаша ұқсаған. Ботагөз суретті Асқарды сағынған кезінде алып қараса, барлық ішкі-сыртқы қасиеттерімен Асқар көз алдына келеді. Ол суретке Ботагөздің ыстық жасы талай тамып, талай кепті.
Сол қайғының бәрінен Ботагөзге қазір ауыр боп тұрған нәрсе – Айбаланың ауруы. Жанындай жақсы көріп кеткен қадірлі жеңгесінің сырқаты Ботагөзге қатты батады. Бұрын өлім көрмегенмен Ботагөзге Айбала күн сайын көр аузына бір адым жақындаған сияқтанады. Күн сайын еті қашып, күн сайын жөтелі күшейіп барады. Қазір міндеті кісіде. Өз бетімен басын көтеруден қалуға да жақын. Біраз күннен бері арық қалпына кеш болса терлеп, сүлдері құрып қалатын болды. Орын тар. Айнала қаптаған тақтай – төсектер. Үйдің іші дымқос, ауасы сасық, оның үстіне жаз шықса да ішінен ызғар кетпейтін бірдеме.
Балтабек ұсталғаннан бері Айбала тіпті нашарланып кетті. Ботагөз оны өліп қала ма деп, күнде зәресі ұшады. Бірақ, жұмысқа бармауға болмайды. Ерте кетеді, кеш келеді. Келе жатып Айбала өліп қалды ма деп жүрегі тас төбесінен шығады. Шаршап келгенмен түні бойы және дамыл көрмейді. Айбаланың ың еткеніне оянып кетіп, сусын беруге, жөтелгенде басын сүйеуге, қақырығын сүртуге ерінбейді де, жеркенбейді де.
Айбала «жұмысқа бармай-ақ қой!» дегенмен, Ботагөз ұйқысын ашқасын, Айбаланың сусынын беріп киіне бастады.
Әлгінде жұмсақ қараған Айбаланың көзі тағы да өткірленіп, Ботагөздің, өңменінен өтіп кете жаздады. Бүгін түн Айбала недәуір ауырлап шықты, бірақ оны Ботагөзге айтқан жоқ еді. Ботагөздің көзі іліккен кезде тынысы тарылып, қысылған сықылды болғанда да, шошынар деп айтқан жоқ еді.
«Бақұл бол!» деген соз кеп қалды Айбаланың аузына, Ботагөз Айбаланың қасына көжеден істеген сусынды қойып, қасындағы бір кемпірге тапсырып, киініп шыққалы жатқан-ды. Бірақ айтпады. Басқа күндерде мұндай ой түскенде, Айбаланың көзінен жас еріксіз бұршақтап ағылатын еді. Бұл жолы жүрегі жылағанмен, көзі жыламай жасы кеуіп қалған сықылданды. Айбаланың қадала қарағанына іші уылжыған Ботагөздің аржағынан көзіне бұлақтай тасып келген жасына, «сырқат кісіні шаршатпайын» деген ой тоған боп, жібермеді. Ол жасты Ботагөз есіктен шыға бере ағытты.
2
Жалы үкінің ұлпа қанатындай желпілдеп, күмістей жылтылдаған, сынаптай толқып, ауыздықты сүзіп, ұршықтай үйірілген, оқтаудай жарау көкала атты салт мініп, ауылдан шоқыта шыққан Бүркітбай бір қырдың астына түскенше, артынан кезін алған жоқ.
«Бүке!– деген еді оған аттанарда Итбай,– уәде солай ғой?»
«Солай!»
«Осы сынымнан өтсең... аржағын несін айтайын!»
Артына қараған Бүркітбайдың көзі Итбайда. Неге екенін білмейді, Итбай манағы аттандырған жерден Бүркітбай қыр асқанша қозғалған жоқ.
Ол күні күн бұлт, жел Бурабай жақтан және аздап сіркіреп тұрған жаңбыр бар еді. Бұлт түріне қарағанда кешке қарай ақ жаңбыр боп кету қаупі бар.
Қыр асып, атының басын тежеп, елірген атты еріксіз шерте аяңдауға түсіргеннен кейін, Бүркітбай алқынған сықылданды. «Аттанарда қымызды бекер осынша кеп ішкен екем, жүрегім көтеріліп кетпесе не қылсын?» деп ойлады ол.
Атты біраз аяңдатып, езі тыныстағандай болғанмен жүрегінің қобалжуы басылған жоқ. Құсқысы келгендей өрекпіді де отырды. «Апыр-ай, бұл несі?»
Жан-жағында адам көрінбей, өрекпіген жүрегін баса алмай келе жатқан Бүркітбайға Асқардың қоштасқанда айтқан сөзі түсті.
«Бүркітбай!–деген еді Асқар оған айрыларда, қоштасып тұрып.– Сен сырыңды айтпай «етіп барасың. Сыр айтпадың деп менің саған істер қастығым жоқ және ол қастық, шынымды айтқанда, қолымнан келмейді де. Мен сенде ар-ұят, жігітшілік намыс жоқ деп ойламаймын. Ол сенде бар. Бірақ сен күнің, үшін кейде арыңа ауыр тиетін іске кірісесің. Ботагөз туралы сен шыныңды айтпай барасың. Айт, деп мен енді саған жалынбаймын да. Жалынғанмен айтпасыңды көріп отырмын, Тұяқ балаларының түгел «ұры» болуында бір мән бар ғой деп ойлаймын. Ботагөз туралы да сен маған өтірік айттың. Осында бір мән бар. Жалғыз жанын, бар жігітсің. Ар-ұятына тапсырамын. Қайтарда тағы соғам. Қазір, айтпағанмен, егер иненің жасуындай ұятың болса, сен менен қайтқанда сыр жасырмауға тиістісің!»
«Рас айтам!» деп сыр бергісі келмеген адам сықылданса да, Асқардың бұл сөзінің әрбір қарпы Бүркітбайдың арына инедей қадалып, жанын удай ашытты.
Қыз алып қашу Бүркітбайдың өміріндегі ен, бір қызық ісі еді. Сол маңайда қыз алып қашатын кісі болса, Бүркітбайды ертіп апармайтыны болмайтын. Қыздың үй ішін байлап тастау, қарсыласқанын сабау, қызды үйден сүйреп алып шығу, салт болса алдына өңгеріп алу, арбалы болса өзі құшақтап ұстап отыру – Бүркітбайға аң аулағандай қызық көрінетін.
Итбайдың тапсыруы бойынша, Ботагөзді алдағы түнде алып қашуға шыққан Бүркітбай бұл жолы бұрынғысындай құмарлана қойған жоқ. Ар-ұятына тапсырып кеткен Асқардың сөзі есіне түскенде – жүрегі батылдықтан айни берді.
«Енді не істеу керек?» деген сұрау тұрды оның көз алдында.
Ар-ұяты оянған Бүркітбай біраз ауыр ойға шомылғаннан кейін, денесі күнәдан тазарғандай боп, «бұл қызды осы зорлықтан құтқарсам қайтеді?» деген ойға келді. «Құтқару керек!»–деді ол дауысы шығып.– Бірақ қалай құтқару керек?»
«Қалай құтқару» торынан бұлқынып шыға алмай келе жатқан Бүркітбайға тордың, қыл бауларын бір уақытта біреу кеп үзген сықылданды.
«Ол кім?»
– «Ол – Амантай».
Жуырда «Амантай қашып кетіпті, мекені Бурабай тауының қалың қарағайының ішінде» деген қауесет шыққан. Аттанардан бір күн бұрын Бүркітбай Итбайға бұл қауіпті айтқанда:
«Уа, қойшы!– деген Итбай,– бұрын мұндай емес ең, саған бұл қорқыныш қайдан сап боп жүр? Әлде қызды алып қашуға барғың келмей ме? Қорықсаң барма!»
«Жай айтам,– деген Итбайдың зілді қарасына шыдай алмаған Бүркітбай,– мен қыз алып қашудан қашан бастартып ем. Жүз Амантай жолда тұрса да, жалғыз өзім әкелейін».
«Әй ерім, солай деші!» деген Итбай арқаға қағып.
«Сол Амантайға хабар айтсам қайтеді?– деп ойлады Бүркітбай,–онда кінә менен ауады. Кеше айтқам деймін. Егер Амантай қызды арашалап алып қалса, мен бір қарғыстан аман болар ем. Естісе-ақ Амантай жанын салады. Қызды одан басқа қорғар кісі жоқ. Асқардың да қорғауға әлі келмейді. Ендеше, Амантайға қалай хабарландырам?»
«Лесник Березкиннің үйіне түсіпті деген сөз бар еді,– деп ойлады ол,– жолда ғой, соға кетейін. Мүмкін расын айтқызармын?»
Осы ойдан кейін Бүркітбайдың өкпесі қысуды қойды. Кеудесін кере демін еркін алды. Әлгінде бетке түкіргендей боп тұрған жаңбыр, енді күнәңнен арылдың дегендей басылды. Мана денесін қорғасындай ауырлатқан ой, енді денесінен түскендей боп, таң асқан аттай бойы жеңілденіп сергіді. Сондықтан, ол атты тебініп жіберіп, Березкиннің үйіне шоқытып тартты да кетті.
Жолдан азғана .бұрыстығы бар Березкиннің үйіне Бүркітбай жетіп кеп, терезесінен:
– Әй тамыр, шығып кет!– деп айқай салды.
– Не керек?–деді Березкиннің әйелі Марфа шығып.
– Обияшик қайда?
– Бурабайға кетті.
– Неге кетті?–деді Бүркітбай орысша «әкеттіге» түсінбей.
– Урядник әкетті.
– Урядник неге әкетті?
Марфа сөйлескісі келмегендей үйіне қарай жүре берді.
«Мынау неге томсырайып жүр?–деп ойлады Бүркітбай ішінен.– Өзі жылаған-ау деймін, зады, көзі ісіп кеткен және қып-қызыл».
Қақырынған дауысқа Бүркітбай жалт қараса, 15-тер шамасындағы бала екен, орыс.
– Саған кім керек?–деді бала таза қазақ тілімен.
– Обияшик.
– Оны урядник алып кетті.
– Неге?
– Қашып жүрген қазақ, үйіңе келді, сен тықтың, тауып бер дейді.
– Кім ол қашқан қазақ?
– Білмеймін.
Жасырғанын кескінінен сезген Бүркітбай баланы алдағысы келді. «Егер Амантай болса кескіні маған ұқсайды, мен інісі едім дейін!» деп ойлады ол.
– Сен мені білемісің?– деді Бүркітбай балаға, атынын, жалына таянып, еңкейіп.
– Жоқ.
– Білмесең мен сол қашқан қазақтың інісімін. Әдейі жасырынып біле келіп ем.
– Но!– деді бала күдіктене қарап, сенбеген дауыспен, кетуге айналып.
– Менің кескініме қарашы!–деді Бүркітбай, баланы жауырынынан ұстап жібермей,– ұқсаймын ба мен, сол қазаққа?
– Ұқсайсың,– деді бала, Бүркітбайдың кескініне қадала қарап тұрып.
– Енді не, сенбей тұрғаның?
Бүркітбай балаға Амантайдың, кескін-кейпін, ұсталған себебін айтып еді, баланын, көмейі босай қалды.
– Айт, жасырма, маған керек еді, әдейі іздеп келдім,– деді Бүркітбай балаға шұқшиып.
Баланың балапанның қауырсынындай қатпаған қайраты Бүркітбайдың арбауына шыдамады. Бала шынын айтып қойды.
– Білем,– деді бала аздан соң, «бұл сөзді неге айттым?» деп өкінгендей бетінде қан ойнап.
– Анау күні келгенін өзім де көргем,– деді Бүркітбай балаға,– сіздің үйге онда қонып кетті ғой, мен өзім осы араға әкеп салып қайтқам. Кеше, не бүгін келмек еді, осы араға. Келді ме?
– Келген жоқ.
– Келем деді ме?
– Жоқ.
– Ендеше, олар жақын жерде, осы маңда боламыз деп еді. Сен мені сонда алып бар.
– Мен білмеймін.
– Білесің сен. Маған сені біледі деген, ақша берем өзіңе. Жүр, алып жүр!
– Білмеймін!–деді, не қыларын білмей сасқан бала.
– Ендеше, маған түсіндіріп айтып жібер. Жатқан орнымызды сен біледі деген. Өзім тауып аламын. Жобасын айтсаң, ақша беремін.
Бүркітбай қалтасынан күмәжнигін алып үш сом суырғанда, бала ақшадан қорыққандай қашайын деп еді, Бүркітбай жауырынынан ұстай алып жібермеді. Бала тырмысты, жылауға айналды.
Бала шынын айтпайтынын көрген Бүркітбай, енді қорқытқысы келді. Ол арада Березкиннен басқа естияр еркек жоқ. «Ағаштың ішіне алып қашып кетейін,– деп ойлады Бүркітбай,– азар болса бақырар. Қуатын кісі жоқ, онда маған не істейді?»
Сол ойға келген Бүркітбай «айт шыныңды!» деп баланы қыстап, бала айтпаған соң қарулы қолымен баланы жерден тулақтай жұлып алып, шапшаң, атпен үйдің сыртындағы қалың ағашқа шоқытып кіріп кетті. Көтере жөнелгенде баланың дыбысы шығып еді:
– Өлтірем!–деді Бүркітбай ағаштың қалын, ішіне кіріп алғасын,– шығарма дыбысыңды!
Бала Бүркітбайдың, кескініне қараса, түсі өте суық екен.
– Жыламасаң тимеймін,– дегесін, зәресі ұшқан бала, тым-тырыс қоя қойды.
Баланы біреу алып қашқанын көрген Марфа үйінен бақыра шығып еді, қайда кеткенін таба алмай, «Сашка-а!» деп ағашты жаңғырықтырып, айқайлап сол маңда жүрді.
Бүркітбайдың кісесінде қынға салған пышақ жүруші еді:
– Көрдің бе мынаны!– деді ол балаға пышағын көрсетіп,– шыныңды айтпасаң бауыздаймын. Бала енді тіпті қорықты.
– Айтайын, аға!–деді ол, кескіні құп-қу болып, денесі дір-дір етіп.
– Айт! Айтсаң босатам.
Амантайды бала біледі екен. Урядник Березкинді әкеткеннің артынан біраздасын Амантай келіп, Кошкинді қуып жете алмай қалған екен.
Бұдан кейін бала Амантайға баратын жолды, қай жерде, қандай белгісі бар таста жатқанын айтты.
– Мен рас айтам,– деді Бүркітбай баланы босатып,– Амантайдың інісімін. Бірақ сен мені көрдім деп ешкімге айтпа. Шешең: «кім?» деп сұраса: «білмеймін!» де. «Неге әкетті?» десе: «ойнады» де. Мен осы арадан кетейін. Егер айтсаң, бір күні түнде үйіңе келіп бауыздап кетем, ұқтың ба?
– Ұқтым!– деді бала денесінің дірілдегені басылмай.
– Бар үйіңе!– деп, баланы босатқасын, мәуесі салбыраған, жасыл желекті, күмістей ақ, қолдың саласындай жиі қайыңның арасына Бүркітбай атын тебініп жіберіп, сүңгіді де кетті.
3
Камчаткадан қашып келгендегі Амантайдың «егер қуғын болса тығылам» деген жері: Жөкей көлінің ығындағы Меңіреу атты қалын, қарағай еді.
Меңіреуді «Меңіреу» деп атайтын себебі: оның қарағайлары арасынан атты кісі жүре алмастай жиі діңгегі құйған шамдай тік, басына қарағанда бөрік түсетін аспанмен таласқан биік.
Қарағайдың ұшар басына ғана шоқталып шыққан жасыл инелі бұтақтар қол шатырдың, төбесі сықылды. Сол шатырлар біріне бірі иін тіресе тұрғандықтан, қандай ашық күндерде, қарағайдың түбіне күн сәулесі түспейді. Қарағай арасы бұлтты күндей күңгірттенеді де тұрады. Және бір ғажабы: маса, сонасы көп болатын Көкшетау жағының жазында, Меңіреудің ішінде бір масаның, не бір сонаның ызыны естілмейді. Онымен Меңіреудің іші тым-тырыс емес. Қарағайлардың ,биік басына жиі ұя салған қара қарғалар, жұмыртқасын шағып ішетін, я балапанын іліп әкететін: ителгі, қаршыға, лашын, қарақұстармен шарылдап төбелеседі де жатады. Қашан қар түсіп құстар сирегенше, бұл соғыс ала жаздай арылмайды.
Айнала отырған елдің көбі Меңіреудің ішінде не барын білмейді. Білгісі келгендердің біразы жолын тауып жүре алмайды. Сондықтан, ішін араламағандар: «перінін, ойнағы бар» дейді, «аюдың апаны бар» дейді деген сықылды ертегілер жасап алады. Құлақ естір заманнан бері ол маңдағы елден Меңіреуді бірінші рет толық кезген Амантай.
Каторгіден қашқаннан кейін бірден бірге амалдап жылжып келген Амантай, Омбыдан еліне беттеген жолында, жолдағы елдің бір байының жылқысынан ат ұрлап мініп, тартып отырып, бір түні іңірде қыстауына келді.
Жер жобасымен келген Амантай, қыстауының орнына жеткенде өз көзіне өзі сенбеді: ұзындығы екі шақырымға созылған кең көшелі, үйлері жыпырлаған қала!
«Апыр-ау, ,қала түсіп қалған ба? Ауыл қайда кетті екен?» деп ойлап көшеде аяңдап келе жатқан оған, салт атты қазақ жолықты. Амандаса келе, ол қазақ Амантай ауылнікі болып шықты.
– Бұл қала қашан түсті?– деді Амантай ауыл адамына аты-жөнін айтпай.
– Амантай дейтін басшы адамымыз болатын еді. Сол кісі болысқа қарсы кеп, өтірік жаламен жер ауып кетті. Болыс Амантайға өшігіп, жерімізді пірселенге әдейі алдырды.
– Амантайдан хабар жоқ па?
– Өліп қалды ма дейміз. Хабар жоқ. Көп болды.
– Қош!– деп Амантай жүріп кетті.
«Қайда бару керек?» деп ойлағанда Амантайдың тапқан жері орман күзетшісі Березкиндікі. Мұның онымен аздап тамырлығы болатын. Өткен қыстардың біреуінде Березкин қыс бойы ауру болып, үй іші қатты жүдеушілікке ұшырағанда, бүркіт салып жатып Амантай қоян етімен оның үйін бір қыс асыраған. «Бұл жақсылығыңды өмірі ұмытпаспын!» деген Березкин.
Амантай Бурабайда қамауда жатқанда, Березкин бір-екі рет ас апарып та берген.
Березкиннің үйі қалың ағаштың ішінде. Іргесінде тақалған тау. Баспана жер көп.
«Басқаның көзіне көрінбей барсам, неғып аз күн сақтамас екен?–деп ойлады Амантай, қаладан шоқытып шыға беріп,– орыс та болса дәмдес болған адам, оған расымды айтайын».
Березкин Амантайды көңілдегідей қарсы алды. Амантай шынын айтып еді:
– Жаздай жат, осында,– деді Березкин.– Тамақ бар. Қалың ағаштың іші. Жан көрмейді.
Амантай бір жаққа аттанып қайтып келсе: «Амантайды тап» деп қысып, «таба алмаймын» деген соң Березкин ұсталып, Кошкин Бурабай қаласына алып кетіпті. Содан кейін, ол: «ауыл не боп жатыр екен» деп хабарланса, урядник Амантайды тап деп қысқан соң, біраз жігіт қашып тауға тығылыпты. Амантай соларға .қосылды.
Күндер оза, Амантай тобы көбейе берді. Бұл топ алғашқы күндері қазақтан ғана құралса, кейін оған орыстар мен татарлар қосыла бастады. Сөз түрлеріне қарағанда, олар «солдаттан қашып жүргендер». Үйренісе, сөйлесе келе байқаса, патша үкіметіне, оның соғысты қолдау саясатына қарсылары көп, солардың, ішінде ерекше көзге түскен адам, аузы мен иегін қалыңдап шыққан сақал, мұрт жапқанмен, кескін-ажары гүлдей жайнаған орыс жігіті, аты – Петька, фамилиясы – Гроза. Өзінің баяндауынша ол екі-үш жыл соғысқа қатынасып, әлденеше рет жаралы болған. Соңғы жарасы жазылғаннан кейін, соғысқа енді барғысы келмей қашқан, Амантай тобына со бетімен кеп қосылып отыр.
Сырласа келе Амантай мен Петька тез ұғысты: каторгада жүрген кезінде, Амантай орыс большевиктерімен кездесіп, олардан революциялық ұғым алған. Кәзір ол, патша үкіметін құлатпай, еңбекші көпшілікке атар таң жоғын жақсы біледі. Петька да сол ойдағы адам боп шықты. Бірақ оның ойы Амантайдан әлдеқайда терең, оған бас себеп – Амантайдың оқымағандығы, Петька Грозаның сауаттылығы. Сөз әлпетіне қарап, Амантай оны «ең білгіш адам осы шығар» деп қалады. Патша үкіметін, оның сүйеніші – капиталистер мен помещиктерді серіктеріне еппен таныстыра отыра, «не істеу керек?» деген сұрауға ол тура жауап бермей, «оны жағдайға қарай көрерміз» дейді. Топтың қатары күн санап көбейе түседі, «не істеу керектің» кеңесі ұлғая түседі...
Топ сондай бір қызу кеңестің үстінде отырғанда, бір салт аттының басы қылт ете түсті.
– Ойбай!–деді біреу ұша түрегеліп,– келіп қалды!
– Отты сөндір!–дегесін біреуі қазанда асулы тұрған етті сорпасымен төңкере салды.
Оларда қос жоқ еді. К,осы жапырақтан істеген көлеңке еді. Өзге жігіттер сасып қап, ағаш-ағаштың тасасына, тас-тастың қуысына еңбектеп бытырағанда, Амантай қостағы шиті мылтығын қолына ала, қостың қасындағы тасқа жасырына қойды.
Жолдағы бұтақтарға, тастарға сүріне аяңдап, елегізіп үркіп келе жатқан аттағы адамның Бүркітбай екенін, тастан сығалап отырған Амантай айқын көрді.
«Ә, иттің баласы!–деді Амантай ішінен,– жыландай жылмаңдап, қойынға кіргің келе ме? Ол болмас!»
Бүркітбайды көзінің тұсынан ала шитімен болжаған Амантай, мылтықтың құлағын қайырып, нысанасын анықтап сығалап алып, тілін тартып қалуға оң қолының үсік саусағын апара берді де:
«Атпай тұра тұрайын,– деп ойлады, қолын бөгеп,– артында адамы бар шығар, байқайын».
Бүркітбай күрке қылған жапырақтың қасына кеп, төңкерілген қазанды, шашылған етті, әр жерде жатқан киімді к,арап тұрып, үріккен атын еркіне жібермей:
– Амантай!–деді дауыстап,– әй, Амантай! Жасырынба, шық бері! Мен жалғызбын. Қорықпа, айтатын сөзім бар.
«Қара, қулығын!– деп Амантай мылтықты тартып қалуға бір тұрды да,– қанына ортақ боп қайтем шіркіннің, әуелі неге келгенін білейін, күні үшін жүрген жалғыз жігіт қой?» деп басын көтеріп, мылтығын көлденен, ұстап шыға келді.
– Атып тастай жаздаған екенсің ғой,– деді Бүркітбай именбей,– әуелі амандасайық, салаумағалайкем!
Амантай «әликсәлем» деген жоқ. Күдікті кезбен тесірейе қарады.
– Сен мені не пәлемен келіп түр деме,– деді Бүркітбай атынан түсе беріп,– қуғынмен кеп тұрғам жоқ, артымда кісі жоқ. Қорықпа. Өзің аман келдің бе?
Әлі де сыздана қарап амандаспаған Амантайдың қасына кеп, Бүркітбай жүрген жол мәнісін қысқаша айтты.
– Ә, солай ма?– деді Амантай жұмсаңқырап.
– Солай, отағасы. Құйысқанға қыстырылған нәжістей, жүрген жерімді Итбайдың тіліне ерем деп былғап болып ем, енді осындай бір ерлік істегім келді.
«Бұл кім?» деп сығалап отырған Амантайдың серіктері Бүркітбайды көргесін тегіс жиналды. Бүркітбай сырын енді молырақ ақтарып, Ботагөз үйінін, хал-жайын, Асқардың жайларын баяндады.
– Менің ұзақ тұруға уақытым жоқ,– деді ол.– Мен қазір кетем де, Ботагөзді алып қашу жабдығына кірісем. Оны істемеуге амалым жоқ. Ботагөзді құдайдың қол астында, Амантай, сенен басқа арашалап алатын пенде жоқ. Менің саған айтарым: Ақшоқы мен Ақсақсары тауының ана бір жол айырылатын кезеңінде таңға жақын тосыңдар.
– Қай батыр еді? Осы елдің бір батыры айбалтамен шауып таңба түсірді дейтін ана бір тот басқандай сарғайған жолдың езуіндегі ақ тастың маңы ғой? Жол сол арадан айрылатын,– деді Амантай.
– Үстінен түстің. Нақ сол. Бірақ, Амантай, саған айтарым: қыз алып қашатындардың ішінде Итбайдың баласы Ерғазы да бар. Сен ашумен оны жазым қыла көрме. Қызды ғана айырып алып қал. Кім айырып алып қалғанын білмеген болайық. Сенің қашып келгеніңді Итбай естіді. Бірақ сен деген ой оған келе қоймас. Келсе келе берсін. Бірақ жаны қатты ауыратын іс қылма. Арты неге соғарын кім біледі. Екі арада шыбын өлер деп мен қосақ арасында бос кетіп жүрмейін.
«Осы, алдап, қолға түсіргелі жүр ме?» деп ойлаған Амантай, «жарайды» деп уәде берген жоқ.
– Ендігісін өзің біл,– деді Бүркітбай аттана беріп,– мен айтарымды айттым. Қызды алдымыздағы түнде, таңға жақын әкетеміз. Егер жол тосып айырып алмасаң, жиенін, ертең Итбайдың қатыны. Менен күдіктеніп, бұл арадан сырғимын демеңдер,– деді Бүркітбай, жөнеле беріп қайта оралып,– құй сен, құй сенбе, Амантай. Менің көңілім тап осы жолы адал.
Сенер-сенбесін білмеген Амантай, қалың жапырақты ағаштың ішіне сіңгенше Бүркітбайдан көзін алған жоқ.
4
Заводқа ең жақын деген ауыл үш шақырымдай жерде еді. Соған Бүркітбай күн құлай барса, одан кейін шыққан Ерғазы мен қасына ерген төрт-бес жігіт бұрын жетіп, ішіне Қожантайды алып, ауыл сыртында кеңесіп отыр екен.
– Орта толсын-ақ!– деді Бүркітбай түсе ғап, атын шылбырынан ұстай, бір жақтарынан отыра кетіп.
– Е, сен неге кешіктің мұнша?– деді Ерғазы.
– Қымыз шала ашыған ба, немене? Әлде аш өзекке ішкендік пе? Таңертең оразамды қымызбен ашып ем, жолшыбай ішім ауырып, оның үстіне мынау бір үсті тиышсыз ат екен, жортақтаса ішімді түйіп, содан жолда дәретке отырып ем, ат бірдемеден үркіп, шылбыры қолымнан шығып кетіп айрылып қап, атым қашып кетіп, шылбырына оралып көп әуре болып, зорға ұстап алғаным!..
«Өтірігім белгісін бетім білдіріп тұр ма?» деп Бүркітбай қынжылып еді, басқалар оны аңғарған жоқ.
– Атыңды ұстасаң оқасы жоқ,– деді Қожантай.
– Ал, не бітірдіңдер?– деді Бүркітбай сөзді басқа жаққа бұрғысы кеп.
– Бәрі даяр,– деді Қожантай.
– Е, айтшы, қалай?
– Бір барақта тұратын бірер жігіттермен уәделестім. Ақша бермек болдым. Шығарып береді. Бірақ жеңгесі өте нашар жатыр екен, құрғырдың. Екі күннен бері аяқ-қолына ісік пайда бопты дейді. Құрт ауру ғой. Іскесін мал болмайды. Көк көтеріле, шөптің буыны қата, құрт аурудың өлетін әдеті емес пе?
Бір қатын өлді деп біз өлеміз бе?– деп Бүркітбай,– әдейі аттанғасын, өлсе де қарамаймыз.
Әрине,– деді Қожантай ықласымен,– солай етеміз.
– Қыздың өзіне құлаққағыс қылған жоқсыңдар ғой?
– Жаңа ғана келдім,–•деді Қожантай,– қыз бойнаның басында. Ішек-қарын аршып жүр. Жеңгесі нашарланғаннан ба, немене, екі көзі бұлаудай. Жылап жүргесін, сөйлесіп көр дегендерім бата алмады.
– Үйінен қалай алып шығатын болдық?
– Таң қараңғысында еркек атаулы жұмысқа кетеді. Сол кезде кіреміз де алып шығамыз.
– Анау күні осы барак,тан мынау Қадыр елінің жігіттері қыз алып қашам деп келіп, еркектер жоқта, ылғи қатын жабылып бермей ғап, масқара боп қайтты деп естіп ем. Оны айтуға ұмытып кетіппін. Ішіндегі кейбір ежет қатындар зорлық қылайын деген жігіттерге пышақ, балта ала ұмтылып жарып тастай жаздапты.
– Мынасы бір сұмдық десейші!– деді Ерғазы үрейленіп,– бізге де соны істейді, онда.
– Істей алмайды!–деді Қожантай.
– Істей қалғанда қайтеміз?
Ерлік белгі көрсеткісі келгенмен Қожантайдың өзі де ойға қала бастады. «Қызды алып қаша алмасақ қалай болады?» деген ой келгенде, кешеден бері қолыма қонып болды деген «кәнделеттіктің» бақыт құсы, бауын сыпырып қашқан тәрізденді. «Жоқ,– деді Қожантай ішінен жігерленіп,– ол болмайды, қызды алып қашпай қоймаймын!»
– Қатыннан қорқатын біз қатынбыз ба?– деді Бүркітбай.– Қатынға қалған сөзді маған берші! Мың қатын жабылса да жалғыз өзім алып шығайын.
– Қатынның бетін аулақ қылсын де,– деді Ерғазы Бүркітбайға,–ол кәпірлер шындаса еркектен кем қимылдамайды. Былтырғы Бектұрдың жесірін алып қаша барып, жалғыз қатынға дыңдай төрт жігіт әлдері келмей, қызды ала алмай, шекеңді ісіріп келгеніңді білемісің?
– Соқ өтірікті?–деді Бүркітбай мойындамай,– қашан?
– Қашар сиыр бұзаулағанда!..
– Көлденең сөз не керек?–деді Қожантай,– істі кеңесейік. Қатындар болысса жұмысымыз қиынға айналатыны рас. Онда басқа амалын қарастыру керек.
– Не амал?
Барақтан біреу алдап алып шықса, қағып алып жүре береміз ғой. Кәзір ас даяр шығар. Астан кейін тағы ақылдасайық.
Жігіттер мен Қожантайға еріп Бүркітбай аналардың түскен үйіне келсе, үй ішінде бір қазан сүр қайнап тұр. Үй иесін Бүркітбай білетін еді: орта жасты, тоқ дәулетті, қонақ түскіш бір момын адам.
– Қатын,– деді ол әйеліне қонақтары келгесін,– асың піскен шығар, нанын сал! Жұмыстары болса тоқтамасын.
Үй иесі анықтап білмегенмен, жүріс-тұрыстарына, келбеттеріне қарап, бір жамандыққа қара құстай түйілгендерін сезген еді.
Кебеже үстінде ысулы тұрған жұқа нанды үйдің әйелі жапырақтап кесіп қазанға салды да, бірер қайнатып түсірді. Болыстың баласы келгендіктен үй иесі жал-жая, қазы-қарта сықылды қадірлі мүшелерден салған екен. Және семіздің сүрі екен.
Ет алдарына кеп, туралып желіне бастағаннан кейін, жігіттер Бүркітбайдың шабан жеуін қалжың қылды.
– Айттым ғой, ішің ауырғанда ет жей алмайсың деп,– деді Ерғазы күліп,– етті көргенде құтың түсіп кететін еді, аузыңа бір жапырақ сала алмай берекең қашып отыр ғой.
Бұрын етке мешкей Бүркітбайдың жүрегі өрекпіп, құсқысы келгендей, етті рас жей алмады. Неге жей алмай отырғаны оның өзіне аян. Бірақ жей алмау себебін қасындағыларға сездірмеуге тырысты.
5
Заводтың бас иесі немістің капиталисі Штемберг компаньоны Кулаков болғанмен, өндірісті күнбе-күн басқару, жүмысшы жалдау, я шығару істердің көбі Қызылжардың белгілі бай татары–Муратов Ғабдоллада еді. Оның арғы тегі ақсүйек емес. Ғабдолланың туған әкесі орта жасына шейін қазақ ауылдарына айна, тарақ апарып сатып, ауылдан қыл-қыбыр жинап алып, қайтып, ұсақ саудамен күн көрген адам. Бертін келе ол, Тойматов деген байлардың саудасына араласып байып, ірі байлардың қатарына қосылған. Қызылжардағы атақты ұн диірменін (үн заводы) Мұратов салған, оны да азсынып, ірі капиталистермен компаньон болуға айналған. Оның бірнеше компаньоны бар, соның біреуі Германияның Гамбург қаласынан кеп, Ақмола облысына екі жерден (Қызылжар мен Бурабай) консерв заводын салған Штемберг.
Әкесінің ұсақ саудамен ғана қалтақтап күнелткен кезін көзімен көрсе де, бала кезінде жоқшылық, өз басынан өтсе де, Мұратов Ғабдолла жұмысшыға өте қатаң. Жұмысшыны ол орыстан аз алады, қазақтан көн жалдайды.
– Орыс пен татар ақшаны көп сұрайды,– деді ол, Штембергке,– өйткені олар ақшаны қымбат төлейтін жер естісе кете барады. Қазақ кедейлері алыстан кесіп іздеуге әлі үйренген жоқ. Алыста кесіп барын олар білмейді де. Ауылда кесіп таба алмай аш отырған кедей, арзанға жалдана береді.
Қызылжардың консерв заводында орта есеппен, жұмысшының айлық ақысы 15 сом, Бурабай заводының 75 проценті қазақ. Олардың орта есеппен айына алатыны бес сом. Соның ішінде Ботагөз сықылды ішек-қарын тазалау жұмысындағылар айына бес-алты сом ғана алады.
Мұратов жұмысшылардың азғана алатын ақшасын да мезгілімен ақшадай қолына бермейді. Сол заводта оның қант, шай, кездеме, бұлғары, ұсақ-түйек сататын дүкені бар. Жұмысшыларға ол екі бағамен несиеге товар береді де, есептесерде еңбек ақысынан ұстап қалады.
Тамақ асырау үшін келген кедейлер бастапқы кезде Мұратовтың бұл қулығын аңғармай, артынан біліп, еңбектері өнбейтін болғасын жанжал .шығарып, жұмысты тастап, кейде десятниктерін ұрып жүрді. Бірақ басқа барар жер болмағасын тулап барып тоқтайды, қайта жұмысқа түседі. Соның бірі Ботагөз.
Айбаланың нашар жатқанын көре тұра жұмысқа амалсыз шыққан Ботагөздің екі көзі ұзақ күнге барақта болды. Барак, жақтан біреу бері қарай шыға берсе, Айбаланың өлгенін естірте келе жатқан адам ба деп жүрегі тас төбесіне шығады. Дем алар өкпесі болмай, жөтелген сайын танауы қусырылып бар денесімен ентіге дем алған Айбала оның көз алдында елестеп, бір минут кетпейді.
Жұмыс таңның атуынан қас қарайғанға шейін созылатын еді. Ұзақ күнге Ботагөз не істеп, не қойғанын білген жоқ. Бар ынтасы жұмысты бітіріп, жұмыстан қайтқан жолда конторға соғып есебін алып, Айбалаға тез жету.
Мұратов Бурабай заводына сенімді «ісі қоятын еді де, өзі көбінесе Қызылжарда тұрып, он – он бес күнде бір-ақ рет келіп жұмысшыға есеп беретін еді. Айдың аяғы боп, жұмысшылардың есеп алатын уақыты жетіп, «Мұратов келді» деген соң ымырт жабыла топталып конторға ағылды. Ішінде Ботагөз.
Мұратов конторға жұмысшыларды біртіндеп кіргізіп, есептесе бастады.
– Маған есепті бұрын алуға ұлықсат етіңдер,– деп өтінді Ботагөз, көпшіліктен.
– Жіберіңдер,– десті көпшілік,– бұл бала жеңгесіне алан, боп тұр. Бейшара қайтсін, қудай басқа салғасын! Есебіңді тезірек алып, тез қайт, шырағым. Жеңгең нашар жатыр ғой.
Көптің ұлықсатымен, үстіндегі киімі қанмен сауыс болған, Ботагөз конторға кіріп барса, басында дөңгелек қара тақиясы бар, сымпиған ұзын пальтосы бар, шегір көз сары жігіт столдың қасында отыр екен. Стол үстіндегі кішкене сандықта толған ақша. Үйдің ішін күндізгідей жарқыратқан төбеде үлкен айналма білтелі шам.
Мұратов қазақ арасында коп жүріп, қазақуар болған, қазақ ғұрпымен алым беріп, бозбалашылық істеген қу жігіт еді.
– Сүйле,– деді ол, қазақ пен татар тілінің, арасынан сөйлеп, көзін ойнақшытып, қасын бір жоғары шығарып, бір төмен түсіріп,– матур қыз.
– Есебімді алуға келіп ем.
– Пәмилиен, нишік, синің?
– Тұяқова.
– Қазір қарим.
– Есікті ішінен басып, сырттағы жұмысшыларды біріндеп жіберіп тұрған шоқша сақал қазаққа татар жігіті көзін қысып, иегімен далаға шық деп ымдағанын Ботагөз көріп қалды. Шоқша сақал шығып кетті.
– Қазір хисаплайық,– деді татар тізімнен Тұяқова деген фамилияны тауып, Ботагөздің денесін ойнақшыған көзімен аралан.
Татардың ойнақшыған көзінде Ботагөздің жұмысы болған жоқ. Оның ойы тез есеп алып, кету.
– Айлық хақыңыз,– деді Мұратов, столдың Ботагөз жақ шетіне аяғын аса отырып,– биш сом икән, дұрыс ма?
–•Білмеймін, солай болса солай шығар. Не де болса беріңіз.
– Борышларыңны қарим.
Мұратов бір книганы алды да, ішін ақтарып, бір жеріне бармағын нұқып:
– Көп алған икәнсіз,– деді.
– Не алыппын?
– Жарты кяғаз шай алдың ма?
– Алдым.
– Бір сом жигірма биш тиін. Икі қадақ қант алдың ма?
– Алдым.
– 80 тиін. Биш қадақ ит алдың ма?
– Алдым.
– Отыз тиіннән: бір сом иллі тиін. Жеті кез ақ алдың ма?
– Жеңгем нашар болғансың кебініне алып ем.
– Жігірмі сигіз тиіннән: бір сом 94 тиін, пұт жарым ұн алдын, ма?
– Алдым.
– Бір сом он бес тиіннән: екі сом отыз тиін. Барлығы жеті сом 79 тиін. Икі сом 79 тиін артық алған икәнсіз. Балтабек синін, братың ма?
– Ағам.
– Оның төрт сом 40 тиін бирәшәгі бар икән. Біләсіз бә оны?
– Білмеймін.
– Сіз төлейсіз, оны.
Ботагөз не айтарын білмей аз сасқалақтап тұрды. Үйінде ішер тамақтан – ұннан басқа қалғаны жоқ еді. Сөзін «мұсылман баласы екенсіз» деп бастап, Ботагөз жыламсырап тұрып, Мұратовқа жеңгесінің, нашар жатқанын, өзінен басқа үйінде жұмысқа жарайтын жан жоғын айтып, аз да болса ақша беруін өтініп жалынды.
– Сіздей матур қызға ақша қажет пе?– деді Мұратов, столдан түсіп, Ботагөзге жақындап.
– Қажет болмаса айтам ба?– деді Ботагөз.
– Мин бирем сізге.
– Ағатай, өзің біл, өтінем!
– Бірақ...
«Бірақтың» артынан Мұратов жымыңдап, кескініне қарап, үндемегесін:
– Не айтасыз?– деді Ботагөз жорамалдап.
– Ашуланмайсыз ма?
– Несіне ашуланам?
– Мин дә матур жігіт. Рас па?
Ботагөз үндемеді.
– Син матур қыз... енді білдіңіз ме?
– Туралап айтыңыз,– деді Ботагөз бойын ашу кернеп.
– Сіз бала түгіл... борышларың сызып ташлимын. Алмаймын... Және бес сом бирам...
– Не нәрсеге?–деді Ботагөз түсін суытып, көзін қадап.
– Түнде мына киімләріңні ташлап кил мынау үйге!..
Мұратов қолымен терезеден бір үйді нұсқап еді, Ботагөз қараған жоқ.
– Онда қайтесіз?– деді Ботагөз жігерлі дауыспен.
– Қайтемін... біләсін бит... мин яш жігіт, син яш қыз!
– Собака!– деді Ботагөз бетіне едірейіп бір қарап, бұрыла жөнеліп,– шошқа!.. Сволочь!..
Иығынан ұстаған Мұратовты сілкіп тастап, ашулы адыммен есіктен шыға бергенде, Ботагөздің көзінің жасы домалап-домалап кетті.
Ботагөз баракқа келсе, Айбала нашарланып қалған екен. Күндегі дағдысында Айбала жұмыстан шаршап келген Ботагөзді ренжітпейін деп «қалайсың?» деген сұрауына, «тәуірмін» деп жауап беретін. Сырқаты жанына батып отырса да, көңілі ,көтеріңкі отырған адам сықылданып, ара-тұра қулық айтып, Ботагөздің қайғылы ойын сергітуге тырысатын. Сол күндегі дағдысымен Ботагөз бараққа кіріп, қасында май шам жанып тұрған, шалқасынан жатқан Айбалаға жақындап:
– Қалайсың?–деп еді.
– Тәуірмін,– деген сөзді дауысы әлденеше рет бөгеліп-бөгеліп зорға айтты.
Күндегі дағдысымен Ботагөз Айбаланың маңдайына қолын салса, жылбысқы суық тер шып-шып шығып жатыр екен. Басы күндегідей ыстық емес, қоңыр салқын. Ботагөз заводтың фельдшерінен өкпе туберкулезі туралы түсінікті тілмен жазылған кітапшаны сұрап алып, оқып шығып еді. Маңдайына суық тер шығып, басы салқындаудың арты жаман екенін ол білетін. Сондықтан, жүрегі жылдам соғып, бойы дірілдей бастады.
Өз жайын өзі шамалап жатқан Айбала Ботагөзді ендігі алдауының жөні жоғын біліп, тілі күрмелгенше бақұлдасып қалуға ойлады.
– Сәулем, басымды көтерші,– деді ол, осы үш сөзді әлденеше бөліп айтып.
– Сусын ішесің бе?– деді Ботагөз.
– Берші, тамағымды жібітейін.
Аузына берген сусынды Айбала жұта алмай, көже омырауына төгіліп кетті. Бұл қалға түскенін көрген Айбала, мұңын сөзбен шағуға шамасы келмейтін болғасын, ішкі сезімін көздің жасымен білдірейін деп еді, көз жасы таусылғандай жылай алмады.
– Еркем!–деді Айбала өз сөзіне өзі қақалып,– Сәулем, жан досым... бауырым... бауырым... бақұл бол!..
Ботагөздің көзінен жас ыршып-ыршып кетті. Айбаланың аузынан бөлшектеніп шыққан әрбір сөз Ботагөзге жан алатын әзірейіл, не болмаса атқан оқ тәрізді көрінді. Айбаланың арық денесін ауыртпай сүйеп, егіліп жылап отырып, оның айтқаны:
– Апатай-ай, жаман сөзді айтпашы!
Басқа сөз айтуға әлі келмей, шаршағандай болған Айбаланы тынықсын деп, Ботагөз оны жатқызды. Айбала сол жатқаннан тан, қараңғысына шейін Ботагөзге тіл қатқалы әлденеше рет оқталса да, дауысы шықпай, ерні ғана қыбырлап, бір ауыз соз айта алмады.
Түні бойы екі көзін Ботагөзден алмаған Айбалаға келген ой: «Апыр-ай, адамның көз жасы мұндай коп болады екен-ау!» Расы солай: іңірден жылаған Ботагөздің жасы омырауына жаңбырдай саулап, тан, қараңғысына шейін бір тыйылған жоқ.
Айбаланың нашарланғанын, Ботагөздің жылағанын көріп аяған көршілес жатқан жүмысшылардың әйелдері, түні бойы жұбатқысы кеп, Ботагөзге әртүрлі сөздер айтып еді, ол сөздер Ботагөздің миына бармай, бір құлағынан кірсе, екінші құлағынан ағып кетіп жатты.
Өткен күн Айбаланың қасына тастап кеткен кемпір, өлікті көп көрген тәжірибелі кісі еді. Жүмысшылар тан, қараңғысында күндегі дағдымен киініп жұмысқа кетіп болғасын, Айбаланың жан тәсілім қылуға айналғанын жобалап:
– Шырағым,– деді кемпір Ботагөзге,– сен далаға шығып келші. Көп жыладың ғой. Таң атуға жақын. Бүгін жұмысқа бармассың. Қайтып кеп ұйықта. Далаға шығып келмесең, көп жылағасын басың ауырады.
– Бар сәулем!–деді Айбаланың күрмелген тілі сол арада кенеттен шешіліп кетіп, сөзін бөліп айтса да,– бойыңды сергітіп кел!
Айбаланың тілі шыққасын, Ботагөз қуанып кетті. Түні бойы жылай бергендіктен басы қаңғырып, миы меңзең боп ауырған еді. «Шықсам шығайын» деген ой түсті оған. Бірақ «шығайын» деген сөзді ол айтпады, шығуға ыңғайланып төсектен түсіп Айбалаға қарап еді, көзі баяғы дені сау кезіндей нұрлы екен.
«Көзі түзелді, ешнәрсе етпес!» деп қуанды Ботагөз барақтың есігіне қарай жөнеліп. Ботагөз есікке қарай жөнеле бергенде, Айбала кірпігін ең ақтық рет қағып, ақтық демін ышқына алып, аз күн дүние көрген көзін біржола жұмды...
Ботагөз барақтан шықса, даланың ауасы тамаша таза екен. Майдың майы шыққан гүлді жасыл даласының исі жұпар сықылды. «Осы ауадан Айбала бір жұтса,– деп ойлады ол, барақтың шығыс жағында бір саяңдау жерге қарай адымын кеңірек басып жөнеле беріп,– жазылып кетер еді-ау!»
Қаннен-қаперсіз сайға қарай аяңдап бара жатқан Ботагөз, артынан біреу шап беріп ұстай алғанда селк ете түсіп, қатты қысқан құшақтан сытылып шығуға жанталасты.
Аш белден темір құрсаудай қатты ұстаған қол, Ботагөздің есін жинатпай, жетіп келген пар атты арбаға алды да ұрды.
– Тарт!– деген дауысты естіді Ботагөз.
Божысын қағып қалған пар ат, поездай қатты екпінмен тартып кете барды.
Бетіне таңның салқыны соғып, аздан кейін есін жинай бастаған Ботагөз демін ышқына алып:
– Кім де болсаң босат денемді, өліп барам!– деді қорғасындай ауыр салмақпен басып жатқанға.
Басып жатқан қатты қысқан құшағын босатып, Ботагөздің арбада басын көтеруге ерік берді.
Денесі темір құрсаудан босанғаннан кейін, Ботагөз арбаның ішінде басын көтеріп отырып, екі жақ қолтығынан ұстаған екі адамға кезек-кезек қарады.
Бүркітбайды да, Ерғазыны да ол танитын еді. Ерғазы өткен жаз «ойнап-күлейік» деп кісі сап маза бермеген, Ботагөз оған көнбеген.
«Бұлардан басқа кім бар екен?» деп ойлап Ботагөз алды-артына қараса, божы ұстаған бір жігіт отыр. Одан басқа ешкім жоқ.
– Жібер!–деді Ботагөз қолын екі жақтағы қолтықтаған қолдардан суырып.
Бүркітбай да, Ерғазы да: «қайда барар дейсің?» дегендей босатты.
– Мені қайда апарасыңдар?– деді Ботагөз ашулы дауыспен.
– Ауылға!– деді Ерғазы.
– Қай ауылға?
– Біздің ауылға?
– Неге?
– Қатын қылуға!
– Кімге?
– Әкем Итбайға.
Ботагөздің жұдырығы мұрнына қалай сарт ете түскенін Ерғазы аңғармай қалды.
– Мына қыз қайтеді?–деп, ду ете түскен мұрнына қолын апарып еді, жып-жылы бірдеме біліне кетті. Қараса, қан екен.
Ботагөз екінші ұмтылғанда, екі жақ қолы да баяғы темір қақпанға түсті.
– Әй, имансыздар, мүртеттер!– деді ол, қатты ышқынған дауыспен.– Ұят бар ма сендерде? Сендер аңсыңдар ма, адамсыңдар ма?
– Адамбыз!– деді Ерғазы.
– Сендер аңсыңдар, шошқасыңдар!.. Неғып батылдарың барды, жеңгем өлейін деп жатқан күні алып қашуға?!
Бойын ашу кернеген Ботагөз ұстап отырған екі жігітті көтеріп кете жаздады.
– Әй, Бүркітбай!–деді Ботагөз, бұлқынғаннан түк шығары жоғын біліп,– тілеуің бар жігітсің. Жаның неше жерден қара тастай қатты болғанмен ая мені!
– Не істе дейсің аяғанда?– деді Ботагөздің сездері арына инедей қадалған Бүркітбай.
– Итбайдың мені алғысы келеді ғой?
– Алғысы келмесе, алып қашамыз ба?
– Мен бұл күнге шейін көнбей келдім. Енді көнейін...
– Е, бәсе, солай деші...
– Жалғыз жаным бар,– деді Ботагөз жалбарынып,– өтірік сезім емес. Итбайдың есігінде күңі болуға, он қатын үстіне тоқал боп баруға, олда-білдә, шыдайын, сен менің бір тілегімді бер!
– Не тілек?
– Өзімнен артық көрмесем, кем көрмейтін, өмірдегі шын сүйіскен досым, жеңгем – Айбала, бүгін-ертең өлгелі жатыр. Қасында жан ашыр жан жоғын білесің. Өлсе, көметін де кісі жоқ. Жеңгемді көмген күні Итбайдікіне өзім барайын.
Ботагөз бұл сөзді шынымен айтты.
– Ойбай,– деді Ерғазы дауысын созып,– болмайтын кеңес не керек.
– Әй, шіркін, адам емеспісің тілеуің бар емес пе?–деді Ботагөз, ұялтам ба деп.
– Әрине, адаммын. Бірақ босат деген өнбейтін сөзді айтпа!
– Сен ит болғанмен, мен ит емес,– деді Ботагөз тағы да шын ықласымен,– айтып келем ғой, жеңгемді көмген күні өзім барайын деп, бұл шын сөзім!
– Тапқан екесің сенетін кісіні,– деді Ерғазы кекетіп күліп.
Осы кезде қыз алып қашқандар Ақсақсары тауының беліне шығып, асудағы айыр жолға жақындап қалған еді. Айыр жолдың қоспағында қалың қарағай болатын. Жол қарағайды жағалап кететін. Бұлар жолдың сол жағына түсе қалғанда, он шақты салт кісі дүрсе қоя берді.
– Мынау не сұмдық?–деді Бүркітбай сасқан боп.
– Бұлар кім?–деді Ерғазы да үрейленіп.
Салт аттылар шауып келген бетімен пар атты басқа қамшымен тартып-тартып жіберіп, біреулері аттардың шаужайынан ұстап, енді біреулері аттан түсе ғап, арбадағыларға ұмтылды.
Бұлар кім екенін'білмей Ботагөз аң-таң болғанмен, Ерғазыларға дос адам емес екенін жорамалдады.
Жанын қайда қоярға жер таба алмай, денесін тарантастың тар қорабына сыйғыза алмай сасқан Ерғазы мен Бүркітбайға аналар тимей, Ботагөзді арбадан жұлып алды да:
– Мін мына атқа!– деді бір салт атты тосып.
– Кімсіңдер?–деді Ботагөз...
– Оны кейін білесің. Мін тез!
Кім екенін білмеген Ботагөз, салт атқа тақымы тигесін, достық желдің лебізін шығарғандай болған жат адамдардың дүрмегімен қалың қарағайға сіңді де кетті.
6
Темірбектің Итбай үйінен шығуына себеп: Итбайдың Ботагөзде көңілі барын естуі айтқаныма көніп қарындасыңды бермедің деп Кенжетайды Итбайдың пәлемен ұстатуы еді.
Үйінде жұмыс істеп жүргенде Итбайдың Темірбек ырысы сықылды еді. Әкесі – Байсақал да, баласы – Итбай да кісі жалдай жүре, Темірбектей жұмысқа адал, ерінбейтін және мықты жалшыны ұстап көрген емес. Сондай есігінің құты болған, Темірбектің кетуіне Итбай қатты қынжылды.
– Менің есебімді бер!– деді ол Итбайға, Кенжетай ұсталып кеткесін.
– Неге?
– Шығам.
– Неге шығасың?
– Шығам.
– Неге?
Итбай қанша шұқшиып сұрағанмен Темірбек «шығамнан» басқаны айтпады. Біреулер:
– Осы неме Кенжетайдың намысын жыртып жүрген шығар?–деп еді тағы біреулер:
– Бұл немеге ондай намысты кім берді дейсің, өгіз сықылды неме емес пе, ішкен асы мен істеген жұмысын білетін,– дегенді айтты.
Неге екенін Итбай білмей-ақ қойды. Темірбек «шығамнан» бір танбады. Ақырында Итбай – рұқсат берген соң, ақы-пұл сұрамай өз бетімен .кетіп отырып, алтын іздеуші старатель артеліне кірді. Оған міне, жыл жарым. Шешесі қолында.
Старатель партиясының Темірбекке жыл жарымда жарытып берген ақысы да шамалы. Күн көретін ғана пайда табады. Сонда да завод, шахты маңынан ол кетпейді. Темірбектің құлақ тігетін кеңесі біреу ғана. Ол – Ботагөзге Итбайдың қызығуы. «Алып қашты» деген хабарды ол жыл жарымнан бері күнде күтеді. Жыл жарымнан бері оның жамбасынан қайраулы ақ балта түспейді. Оның өзіне берген мықты серті: «Ботагөзді алып қашқан күні Итбайдікіне барам да, Итбайды да, оның балаларын да шауып өлтірем, өзімді де шауып өлтірем!»
Консерв заводына егізбен барып .қайтқаннан бері Темірбек:
– Неге алып қайтпадым?–деп өкінді.
Оның үстіне Айбаланың нашар жатқанын естіген Ұлберген ағыл-тегіл жылап:
– Неге әкелмедің?– деп мазасын алды.
Бұл өкініш жанына батқан Темірбек алтын заводына бара, артель бастығына: «тағы да жібер!» деп өтініп еді, анау:
«Кеше неге әкелмедің? Істегің келмесе артельден шық, әйтпесе, күнде қыдыруды өзгелер көтермейді» деп, рұқсат етпеді.
Артельден шықса күн көруі қиынға түсетінін біле тұра, Темірбек шыдай алмады. Бір таныс адамына жалынып-жалбарынып атын сұрап алып, артельдің бастығына:
– Шығарсаң да амал жоқ, барып қайтам,– деп жүріп кетті.
Темірбектің алып күшіне, адал қимылдауына қызыққан артель бастығы үзеңгіге аяғын салғанша «шығарамын!» деп қорқытып, аттанған соң:
– Енді тезірек барып кел!– деп, рұқсат берді.
Күндіз жұмыстан қалжыраған Темірбек бір ұйқтап алып, таң қараңғысында аттанды. Жолшыбай оның ойын улаған нәрсе–«Айбала не күйге ұшырады?»
Ақсақсары тауының асуына ол таң біліне жетіп еді, жолда Бүркітбай мен Ерғазы кездесіп, өте шықты.
Темірбек бараққа жеткенде күн шашырап шыға бастап еді, атын барақтың алдындағы діңгекке байлап, барақ ішіндегі Айбала жатқан жерге жетіп барса, бетін ескі шапанмен жапқан Айбаланың қасында екі-үш әйел томсарып отыр екен.
– Балтабектің қатыны осында ма?– деді Темірбек, беті жабулы Айбала екенін, я емес екенін білмей.
– Осында. Өзің кім боласың, шырағым?–деді бір кемпір.
– Балтабектің інісі едім.
– Әнеугі келген жігіт қой,– деді бір әйел, күбірлеп.
Кемпір Темірбектің кескініне ойлы кескінмен үңіле аз қарап тұрып:
– Жеңгеңді бердік, қазаның қайырын берсін, шырағым!–деді күмілжи сөйлеп.
Кенеттен естіген жамандық хабар ақылына тез қона қоймағандықтан ба, болмаса нашар жатқанын көргесін көңілі суығандықтан ба, әйтеуір, Айбаланың өлу хабары оған шу дегенде онша әсер ете қойған жоқ.
– Ботагөз қайда?–деп сұрады ол.
– Сол бала мана шығып кетіп еді, әлі келген жоқ. Білмейміз қайда жүргенін.
– Қайда кетіп еді?
– Далаға шыққан. Мына жеңгесінің жаны шығуға жақындағасын, қорқар деп алдап шығарып жіберіп ек.
– Содан бері қайда жүр ол?
– Білмейміз, бейшара баланың қайда жүргенін әлде жұмысқа кетіп қалды ма екен?
– Қой, неге кетсін, кетем деген жоқ та, айтпай кете ме?–деді бір әйел.
– Кетпесе қайда жүр? Биенің бір сауымы болды ғой,– деді кемпір.
Айбаланың өлу хабары удың уытындай Темірбектің денесіне шыжымдап жайылып, бір кезде оның барлық денесі өртке шалынғандай дуылдай бастады. Бірақ ол жайшылықтағы сыр бермес мінезінен бұл жолы да айрылмады.
– Ботагөзге не болды?– деді ол іші өртеніп тұрып.
– Білмейміз,– деді әйелдер.
Демін ышқына алып, қатты күрсінген Темірбек далаға шығып, әркімдерден сұрау салып еді, Ботагөзді ешкім көрмеген екен. «Бойнаға неғып кетіп қалады?» деп ол, атына міне сала, барып сұрау салып еді, онда да жоқ.
«Бұған не болды?» деп таңданған Темірбек, бараққа кеп тағы сұрау салып еді, барақ ішінде бір әйел мынадай сөзді айтты:
– Таң қараңғысында дәретке шығып сайға қарай бара жатыр ем, пар атты арбаға біреулер бір адамды басып салып, алып қашып кетті. Кім екенін білмедім. Сол болмаса.
«Пар атты» дегенде, Темірбектің есіне қарсы жолыққан Бүркітбай мен Ерғазы түсті. «Олардың арбасында Ботагөз жоқ еді ғой?» деп ойлады ол.
Түске шейін сұрау салып, еш жерден Ботагөздің хабарын біле алмаған Темірбек Айбаланың сүйегін арбасына салды да, қайғы мен ыза араласқан қара түнекті кескінмен үйіне қайтты.
Жолшыбай оның көз алдынан елестеп кетпеген екі нәрсе: Ботагөз бен балтасы.
Балтасына оның тез жеткісі келді. Балта оған: Бурабайдың бойындағы бар орманды отайтын, бар тасты талқандайтын, сүйтіп Ботагөзді ұрлаған адам қайда жасырынса да таппай ,қоймайтын қару сықылды көрінді.
«Балтама тез жетейін!»–деді ол, атын айдай түсіп.
ҮШІНШІ ТАРАУ
БАС КЕСКЕН БАЛТА
1
Ботагөзді құтқарып алғаннан кейін Амантай серіктерімен ақылдасты да, Меңіреу аталатын қалың қарағайдың жолдан алысырақ түкпіріне кіріп бекінді, азықтары – Итбайдың малы.
Бұл істің кімнен болғанын білген Итбай, уезге мәлімдеме жіберіп, уезд шаралар қолданып көріп еді, одан іс шығара алған жоқ. Қанша іздегенмен Амантайлар мекенің таптырған жоқ. Әбден кектесіп алғаннан кейін, Амантай тобы тығыла беруді қойып, көрініс беруге, топтанып Меңіреуден далаға шығып жүруге айналды. Қауіп пен қатерге ағайындасып алғаннан кейін: «бір түн жалынсын, Итбай сақ болсын, бауыздап кетем!» деп хабар айтты Амантай.
Бір күні күтпеген хабар сап ете қалды.
– Уа, немене?!– десті Амантай тобы шуылдап.
– Бір жаманат естіп келдім.
– Не жаманат?
– Патша қазақтан солдат алатын бопты.
– Оны қайдан естідің?
– Кеше урядник осы хабарды әкелген екен, бүгін ел іші шапқын.
– Сенің кейде қулығың болушы еді. Абайла! Бұл ойыншық сөз емес!–деді Амантай хабаршыға.
– Мені жауырын деп тұрмысың, не бала деп тұрмысың – деп хабаршы кейіді.– Бұндай сөзбен ойнайтын мен жынды ма?
– Неше жастағыны алады екен?
– 19 бен 31-дің арасын алса керек.
– Бұл бұйрық кімдікі екен?
– Қайдан білемін кімдікі екенін. Мен қасында отырып жаздырды деймісің?
– Ел неғып жатыр.
– Не қылсын. Азан-қазан, у-шу. Қасқыр талаған қойдай үрей. Ерсілі-қарсылы шапқын.
Жігіттер «енді не істейміз?» дегендей, салбыраған бастарын көтеріп, Амантайға қарады.
– Тағы да кісі жіберіп білдірейік,– деді Амантай, аз ойланып,– мүмкін өтірік қауесет боп, жұрт жәй дүрлігіп жүруі.
2
Орта атты желдіріп, шеткі атты шаптырып, Бурабай жақтан келетін қара жолдың шаңын аспанға шығарып, қатты келе жатқан пар атты Кошкин екенін Итбай алыстан болжады.
Бұл кезде Итбай ауылы Көксеңгірдің көк төбесінен өтіп, Сілейті өзені жақтағы кең жайлауға шыққан еді. Ол ара Бурабайдан суыт жүрген кісіге күн жарымдық жол болғанмен, соңғы бір айдың ішінде Кошкин ат ізін суытпай өте жиі келіп кететін. Келген сайын бір үлкен жаңалық хабар әкелетін.
Басқа күндерде келетін әдетіндей Кошкин: орта аттың барлық желісімен, және қамытын ауыз омыртқасына апара, арбаны күшін сала тартқан шеткі аттың барлық шабысымен, доғаға байлаған екі қоңыраудың тымық далада ызыңдап шіңгірлеген дауысымен, жолдың шаңын бұрқыратып отырып, үйдің түбіне екпінмен кеп тоқтай қалды.
– Аман!– деді Кошкин Итбайға, қылышын сол қолымен ұстай, арбадан қарғып түсіп, кескіні күп-күрең боп.
– Здрасти,– деді Итбай қолдасып.
– Мен сізге өте тығыз бұйрық әкелдім.
– Не бұйрық?
– Кіргесін айтам.
Болыстың кеңсесі Итбайдың отауында еді. Горбунов сонда аяқтағы қымызды анда-санда бір жұтып, столдың қасында қағаз жазып отырған.
– Ә, Платон Трофимович!– деді Горбунов ұшып түрегеліп,– Қош келдіңіз, төрге шығыңыз!
– Мое почтение, Гавриил Гаврилович.
– Сусаған шығарсыз?–деді Итбай, Кошкин Горбуновтың қасына отырып, ернін тамсанғасын,– қымыз ішесіз бе?
– Әкеліңіз!
Үлкен сары аяқпен берген түнемел қымызды Кошкин аптыға бір-ақ жұтты да, маңдайынан бұрқ ете түскен терді саусағымен сыпырып, ұртын толтыра бір кекіріп алып, сумкасына қол сала бастады.
Ботагөзді Ерғазы мен Бүркітбайдан біреулер жолда тартып әкеткен хабарын естігеннен кейін, Итбай ол кісіні Амантайға жорып, уезге бұл туралы мәлімдеме жіберген. Уезд: «тез ұстап әкел!» деп Кошкинге бұйрық берген.
Ізіне біраз түскеннен кейін Кошкин Амантайды анықтаған. Бірақ ұстауға қолданған шаралары іске аспаған. Соңғы келіп кеткен жолы ол Амантайды не қылған күнде, серігімен қолға түсірем деп кеткен. Итбайдың Кошкиннен күтіп отырғаны осы хабар еді.
– Не хабар бар Амантайдан? – деді Итбай, Кошкин түрген іргесінен самал соққан үйде, аздан кейін тері кеуіп демін алғасын.
– Еш хабар жоқ. Таптырмайды. Қазақтар өтірік айтады. Жасырады иттер, көргеміз жоқ дейді. Қонып кетті деген үйге барып сұрасам да айтпайды. Но, енді ұрдым талайларын аузынан қанын ағызып! Сол маңдағы талай қазақтарды жауып та көрдім. Талайын ұрдым да. Айтпады, иттің балалары. Қазақтың бәрі подлец емес пе... Ғафу етіңіз!–деді Кошкин, Итбайдың көңіліне келіп қала ма деп,– сіздей жақсы қазақтарды айтпаймын. Жаман қазақтарды айтам.
– Ояз не айтады?
– Мен уезге: «Меңіреудің қарағайын өртегеннен басқа жол жоқ!» дедім. Уезд «әуелі қазынаның көп ағашы күйеді, маңындағы ел күйеді» деп көнбеді. Мен: «Амантайдың шайкасы көбейіп, бірнеше жүзге жетті. Мылтықтары бар дейді. Егер де ол шайканы таратпаса, үкіметке қауіпті» дедім. Уезд ойланып-ойланып, кеше осында аттанарда: «осы жолы ұстай алмасақ күйдірейік» деді.
– Дұрыс!–деді Итбай.
Урядник сумкасынан сургучпен печаттаған пакетті алып, Горбуновқа берді. Горбунов пакетті ашып оқыды. Жайшылықта дыбырлаңқырап тез сөйлейтін Горбунов қағаз оқығанда ерні ерніне жұқпай, ылғи «р» мен «л» дан құралған сөз сықылдандырып, түсініксіз ғып жіберетін еді. Сол әдетімен, қалың сары қағазға ірі қарыппен жазылған сөздерді Горбунов көзін қағазға тайғанақтатып отырып, өте тез оқып шықты да, «не түсіндің?» дегендей Итбайға көзінің астымен қарады.
– Не екен?–деді Итбай.
– Сез билесіз?–деді Горбунов, қазақ сөзін бұза сөйлеп,– усу согыс.
– Ие, соғысты білем...
– Тыл білесіз?
– Не тіл?– деді Итбай «тыл» дегенді «хабар» екен деп түсініп.
– Усу ору сөз «тыл»,– деді Горбунов.
– Ол не деген сөз?
– Соғыс барады. Солдат соғысады. Солдат окоп қазады. Усу орус – тыл айтады.
«Тылға» да, «окопқа» да Итбай түсінбегесін, Горбунов қағаз бен қарындаш алып, майданда нендей атпен аталатын орындар болатынын суретін салып отырып, біраздан кейін зорға деп түсіндірді. Содан кейін осы «тылға» қазақтан 19 бен 31-дін, арасы алынатынын айтты.
– Алса береміз,– деді Итбай.– Патшаның бұйрығынан кім бас тартады?
Әкелген жаңалықтарын Итбайға естірткеннен кейін, Горбуновпен біраз оңаша қалып сөйлесетін, урядниктің дағдысына үйренген Итбай:
– Менің, бір жұмысым бар еді. Сіз тынығыңыз,– деп шығып кетті.
Солдат алыну оқиғасы Итбайға оны толғандырарлық жаңа оқиға көрінген жоқ. Көкшетауда Кривоносов болыстардың жиылысын шақырып, соғысқа беретін көмектерін айтып таратқанда, Итбай сықылды сенімді болыстарды іркіп алып қалып, қазақтан солдат алынуға мүмкіндігі барын айтқан. Өзге болыс үндемегенде: «алса береміз,– деген Итбай,– елді мен бір күнде көндіріп берем».
– Болыста бөтен ой жоқ па?– деді урядник Горбуновқа, Итбай шыққаннан кейін. (Бұл сұрауды ол келген сайын беретін еді.)
– Жоқ. Бұл жақсы болыс. Қызметті адал істейді.
– Енді дәурен сүреміз ғой!– деді Кошкин Горбуновқа жымия қарап.
– Сүреміз!– деді Горбунов та жымиып, «сүреміздің» мағынасы «пара аламыз» екенін түсініп.
– Адамның тізімі қайда?
– Сандықта.
– Енді оған берік болыңыз. (Горбунов «неге»? дегендей Кошкинге телміре қарады). Ол список бізге енді «доходная касса», Гавриил Гавриилович! (Горбунов түсініп, басын изеді.) Әлде, менен олжаны қызғанасың ба?
– О не дегеніңіз, Платон Трофимович, адам аз олжаны қызғанады. Осы елдің бар малы біздікі болғалы тұрғанда несін қызғанам! Сізге де, маған да жетеді.
– Итбайдың ниеті тар, Гавриил Гавриилович. Дүниенің бар малын қолына берсе де ол азсынады. Олжаның бәрін оның өзі алғысы келер. Оған көнбеңіз.
– Неге көнем? Тізім менде.
– Но, енді, байимыз, Гавриил Гавриилович.
– Да, байимыз, Платон Трофимович!..
Ол екеуі адам тізімін алдарына алып, ұзақ күбірге кетті...
25 июнь жарлығымен бірге әкелген Кошкиннің бір пакетінде, уездный начальник Кривоносов Итбайға толық нұсқау алу үшін «Қотыркөл қаласындағы приставқа барыңыз» деп бұйырған еді. Сол бұйрықты орындауға Итбай қасына Горбунов пен бірнеше ауылнайды ертіп, тығыз түрде түнделетіп жүріп кетіп, Қотыркөл қаласында 4–5 күн кідіргендіктен, Итбайды іздеп келгендер орнын сипап қалды.
«Сандықтың аузын аша бер, әке!» деген еді Итбай Байсақалға, Қотыркөлге аттанарда.
«Неге, шырағым?»
«Ақша түседі»...
«Неден, шырағым?»
«Жұрттан».
«Не ақша?»
«Баласын қалдырам десем, ақша түгіл кеудесіндегі жанын берер...»
Сауда-саттыққа араласпағанмен, ақшаның сандығы Байсақалда болатын еді. Ақшаның жүзін ыстық көретін Байсақал, саудаға жұмсаған адамдар сапар шегіп қайтып келгесін есеп сұрап, қанша пайда, қанша залал болғанын біліп отыратын еді. Алым-салықтан, парадан ақша түссе – Байсақал тіпті қуанатын. Соғыс басталғаннан бері елден жиналған шығындардың біразын Итбай өз қалтасына басқаннан Байсақал дәндеп, баласы бір жаққа барып :келсе, не ауылнайлар кеп есеп берсе, «қалтаға қанша түсетін болды?» деп сұрайтын еді. Мына соңғы хабар Байсақалды тіпті қуантып:
«Егер,– деді баласына,– реті келсе елдің көбін босатып алып қалсаң қайтеді? Содан кейін малын кім аяйды дейсің?»
Итбайдың Қотыркөл қаласына кеткен хабарын естігенмен, келуін күтіп ошарылып жатып алған топты Байсақал жылы қабақпен қарсы алып, солдат алуға өзінің де жаны ашығансып, жыландай жылмаңдады.
«Итбайжан да қысылып кетті-ау, айналайын!–деді ол жұртқа,– қайтсін қарғам!.. Ел үшін туған бала еді. Халыққа қиын болды деп қан жылап кетті. Қолынан келсе аяр жаны жоқ. Жұртым үшін оққа байласа разымын, шамам келгенше бермеуге тырысам деп кетті. Құдай не жон берерін кім білсін?»
Байсақалдың бұл сөзіне нанар-нанбасын білмеген жұрттың біразы, «құрғақ аяққа бата жүрмейді» дегенді ескеріп, Байсақалға туралап айтуға бата алмай, Елікбайға сөйлесіп, сыпайылауды қойып турасын айтты.
«Осы жұмысымды ағаңа орындатып, баламның жасын солдат жасынан не кем, не артық қып жаздыр да, сұрағаныңды ал!» десті сөйлескендер.
Елікбай ашық айтқан өтінішке ашық жауап беріп, ат сататын адамдай ашық саудаға кірісті.
«Не бересің?»–деді ол тура.
«Не сұрайсың?»
Бірер адаммен саудаласқаннан кейін Елікбай «бір кісінің жасын түзеуге жүз сом» деген «таксы» шығарды. Пара беретін кісі келісуін оңаша келіскенмен, неше сом беретінін басқалардан жасырған жоқ.
«Жүз сом бересі болып ем, біразы жетпей тұр, ертең тауып берем, бере тұршы!» деп біреуден біреу ақша сұрау – екінің бірінде болды.
Ақшасы үйінде қалғандар, кісіден сұрап ала алмайтын болған соң, «жүз сом алады» дегенді сырттан естіп, аулына шапқын жіберіп алдыртты.
Елікбайдың саудасы осылай .қызып жатқан кезде Итбай мен ауылнайлар келді.
– Уа, не болды?– десті анталаған жұрт, амандық-саулықты қойып, Итбайға арбадан түсуге мұрша бермей.
– Не болсын. Құдай ұрды. Ұлыған қасқыр жемей қоя ма? Алатын болды.
– Сен не дедің?
– «Бермеймін!» деп таластым. Бірақ ұлық оған көне ме. Өзімді жазаға тартамын деп, бір күн жауып қойып зәремді ұшырды.
– Сонымен көніп келдің бе?
– Көнгем жоқ.
– Оның жақсы болған екен.
– «Жұрт үшін өлсем разымын, мен қол қойып, солдат берем дей алмаймын!» деп қасарып отырып алып ем пристав: «Итбай көнбей жатыр деп, оязға кісі шаптырып, ояздан: «орнынан түсірсін» деген бұйрық келді. Бақ елден қымбат па, түссем түсейін дедім.
«Алда садағаң кетейін, ел үшін туған ерім-ай!» деп біреулер жылап жіберді.
– Орныңа кім болды?– деді біреулер.
– Елікбайды қойды.
– Қай Елікбайды?
– Білмей тұрсың ба, қай Елікбай екенін?– десті біреулер күңкілдеп,– інісі! Бәрібір емес пе, екеуінің арасында қандай айырма бар? Мынау қулықпен қойылған екен.
«Не қулық болсын? десті біреулер,– інісін оққа байлап, өзі аман қалғанда бұған не пайда түседі?»
«Елікбай да болмайды, екеуміз бір әкеден туған бір кісіміз деп ем,– деді Итбай күрсінген боп,– кәнделетің сол Елікбай, одан басқаны заң көтермейді!» деп болмады.
Елікбайға сөйлесіп пара беріп қойғандар «тілегіміз болды» дегендей жадырай бастады. Бірақ көпшіліктің түсі суық.
– Елге тез жетейін деп қатты жүріп түтігіп өліп кете жаздадым, таңдайым қатып тұр, қалғанын сусындап алып айтайын,– деп Итбай арбадан түсіп отауына кіріп еді, жұрт бірге кірді.
Далада жолыққанда да, үйге кіргенде де Итбайдың көзі ауылын қоршаған адамдардың қайдан екенін, кім екенін білу болды. Ол өз қол астындағы елдің еркек атаулысын түгел танитын. Тыста да, іште де Итбайдың көзіне ұшыраған адамдар ауыл-ауылдың атқа мінерлері, бірлі-жарымды болмаса, ішінде момын шаруадан кісі жоқ.
«Ауыл-ауылдың басты адамдарына жасырып айтын,- дар,– деген еді Итбай, приставтың тапсыруымен Қотыркөлге еріп барған ауылнайларға,– олардың балаларын сылтау тауып алып қалам. Не тізімдегі жасын бұздырам, не осы маңдағы жеңіл жұмысқа қалдырам. Олар көтерілген елді басуға себеп болсын. Қарулы күшке қарсы тұрып қырылмайық, сұраған солдатын берейік дегенді айтсын».
Итбай сусындауға кіргенде, үйге сыймайтын болғасын, ошарылып далада қалған өз елінің атқа мінерлеріне, ауылнайлар Итбайдың сөзін оңашалап айтты. Біразы бұл сөзге сенді, біразы сенбеді. Бірақ сүтке құйған іркіттей «балаң қалады» деген сөз болыстың ауылына бір ауызды боп келген атқа мінерлердің арасын ыдыратты, дуылдаған айқай бәсеңсіді. «Жұрт қан жылағанда біз қуанғанмен не болады?» деп ренжіген бірен-саран ел қамын қайғыратындар болмаса, көпшіліктің ширатылған жібі босады, шідер үзгендей асаусыған мінезін баяулатты.
3
Омбыдағы санақ комиссиясына арыз беріп, Асқардың Итбай болысын таңдап алған себебі – Ботагөзді іздеп табу еді. Оңашада қиылып сұраған соң, Асқарға Бүркітбай Ботагөз жайын айтты. Бірақ, Бүркітбайдың сөзіне нанар-нанбасын білмеген ол, «Бурабайда жұмысым бар еді» дегенді сылтау ғып, қасындағы санақшы серіктерінен рұқсат алып, заводқа анықтауға кетті.
Асқар заводта Сағитты кездестірді. Сағитқа жолыққанша, оған Балтабек үй ішінін, хал-жайын завод халқы біле тұра айтпады, «пәлесіне қалармыз, білмейміз деп құтылайық» десті олар.
Сағит соқтауылдай жігіт боп қалған екен, үш жылдан бері заводта учетчик боп қызмет атқарады екен. Балтабектің үй ішіне кездескен бақытсыздықты барлық себебімен Сағит Асқардың қолына қондырды. Ботагөздің осы күні Амантай қолында екенін де Сағит біледі екен.
Алғашқысына күйінген, ал Ботагөздің Амантай қолына түсуіне сүйінген Асқар, енді Амантайды іздемек болды. Санақ жұмысына Асқармен бірге Итбайдың баласы Сарыбас та шыққан еді. Заводтан қызметіне қайтқан Асқар Итбайдың айуандығын баласына айтып еді, Сарыбас оның кекті сөзін күле тыңдады. Екеуі қатты сөзге кеп, араздасып, қызметті бөлініп атқарысты.
Қиянаттарын айтып, Асқар Итбайдың үстінен жоғарғы ұлыққа арыз жолдады.
«Ел арасына, үкіметке қарсы пікір таратады» деп, жоғарғы ұлыққа Асқардың үстінен Сарыбас та арыз айдап, оны бұл арадан кетіруді өтінді.
Елдің басындағы ауыр халді көріп, жаны азаптана қайғырып жүрген Асқардың құлағына, қазақ даласын тітіреткен хабар – июнь жарлығы шалынды.
Ешбір газет-журналсыз, кітапсыз, пікір алысатын оқыған адамсыз, жазы-қысы мал бағып көшіп жүрген надан елдің ортасында үш жылдай тұрған Асқар біліміне білім қосу түгіл, білгенінен айрылып қарайып қалған.
1913 жылы Петербургте жандармерияның қолына түскелі ол, содан бері Россияда болып жатқан саяси халдің бәрінен саңырау.
Тұтқын болардың алдында, Смирнов пен Булатов арқылы қолына түсіріп, Петербургте оқыған саяси кітаптары, әсіресе, Ленин мен Сталиннің еңбектері оның есінде. Сол кітаптардан ол қазіргі қоғамда қанаушы, қаналушы екі тап барын, қанаушы тапты жоймай, қаналушы тапқа өмір жоғын түсінген. Қанаушы тапты жою үшін революция қажет екенін, ол революцияны пролетариат бастауға тиісті екенін Асқар сол оқыған кітаптарынан көрген. Осы революцияда, еңбекші шаруалар да зор күш екенін, пролетариат оны көмекші күш қып пайдаланатынын да ол біледі.
Міне, қазір, қазақ даласы толқындана бастады. Бұл толқынның сыртқы себебі, майданға жігіт сұрау болғанмен, ішкі себебі тереңде жатыр.
Қазақ даласында да бірі қанап, бірі қаналып отырған екі тап бар. Шоқан Уәлихановтың бір еңбегінде Асқардың оқығанында: даладағы қанау – қанаудың ең мейірімсіз түрі.
Мысалды алыстан емес, жақыннан-ақ, Итбайдың маңайынан-ақ табуға болады. Ботагөздің үйі, еңбекші семья еді, сол семьяны Итбай не халге ұшыратты!.. Оның жазығы не еді, осы еңбекші семьяның? Осы семьяға Итбай қолданған айуандықтан артық айуандық бола ма?.. Жалғыз осы семья ғана ма, бұндай қорлық көрген?.. Даланың барлық кедейінің халі осы емес пе?.. Уәлиханов айтқандай, мәдениетті елде де еңбекші тап қаналғанмен, онда адамның элементарлық правосын қорғайтын заң-закон бар, мемлекеттік тәртіп бар, далада ол да жоқ. Итбай сияқты жыртқыштар ойына келгенін істесе, оған «ай» дер әже, «қой» дер қожа жоқ.
Сондай қыспақта отырған даланын, еңбекшілері сіреңке тиюін ғана күтіп тұрған қу шөп сияқты. Сол қу шөпке сіреңке міне, енді тиді ол – майданға жігіт алу.
Жігіт алу заңы бүкіл қазаққа бірдей шыққанмен, іске асуға келгенде, ауыртпалықтың бәрі еңбекші көпшілікке түсетіні Асқарға мәлім. Бұрынғы ауыртпалыққа мына ауыртпалық қосылған соң, халықтың жұқарған шыдамы, әрине, жыртылады.
Оның арты – көтеріліс.
Көтеріліс!..
Халық сөз жоқ көтеріледі!
Содан кейін?..
Қайда барады ол көтеріліп?.. Күші қанша оның? Кім бастайды оны? Ұраны не?
Бұл сұраулардың біреуіне де ойы тоқырарлық жауап таба алмаған Асқар, «әуелі көтерілістің бетін байқап ап, содан кейін ойланайын, «аржағын» деп шешті.
Оның құлағына, «Меңіреуде» жасырынып жүрген Амантайдың маңайына ереуілші жігіттер топтала бастағаны шалынды. Амантай тобын тауып ап, ақылдасу ниетімен Асқар «Көкшетауға барып уездный начальникке жолығам» дегенді сылтау ғып, «Амантайды табам» деген біреуді божаққа ап, пар атпен жүріп кетті.
Асқар аттанған түн: аспанды қалың бұлт жапқан, желі ышқына соққан дауылды түн еді. «Күн жауа ма?» деп қауіптенсе де, оқиға ұласып баратқансын Асқар күннің ашылуын күтпеді.
...Түн. Көзге түртсе көрінбейтін қараңғы. Арбаның алдында отырған божақ зорға көрінеді. Жел қарсы. Жолаушының жолын бөгегісі келгендей, минут сайын дауыл күшейген тәрізденеді. Жел ме? Аттың жал-құйрығы ма? Жылан ба? Әйтеуір, бірдемелер айнала ысылдайды. Ысылдаған леп, адамның барлық тамырларына суық көлбақа соқтыққандай жиіркенішті тиіп, түршіккен тұлабойы шымырлайды. Жарық дүние енді қайтып оралмастай болады. Қараңғы түнге сүңгіген ат, түнге емес, көрге сүңгіп бара жатқан сықылды көрінді. «Не деген қорқыныш!..»
Жөкей көлінің солтүстік жақ қабағында «Аюлы» дейтін бір кішкене таусымақ бар. Сол таусымақ пен көлдің арасынан өткенде, біразға шейін жолдын, екі ,жақ шетіне сирегірек ескен қарағай жарысып отырып барып қалады. Осы қарағайға кіргенде Асқардың үрейі тіпті ұшты. Оған қарағай атаулының бәрі аңдып тұрған жаудай елестеді. Асқардың үрейленгені сондай: егер біреу жолдың езуінде «һап!» десе, жаны шығып кететіндей көрінді. Денесі, аяқ-қолы мұздады. Денесінде жан қалмай жаны аузына жиналып, егер жұмған ернін ашса, өліп кететіндей көрінді. «Не деген қорқыныш!..»
– Өлдім!..– деді бір кезде божы ұстап отырған атшы, жан дауысы шығып.
Асқардың дыбыс естігенде жаным шығып кетер дегені бекер екен.
– Не болды?–дегенше болған жоқ, басына бір зілдей ауыр нәрсе сарт ете түсті. Жасқанып, еңкейген Асқардың беліне зілдей ауыр, қылыштай өткір нәрсе тағы да сарт ете түскенде, белі үзіліп кеткендей көрінді. Ол есінен танып қалды. Бұл не екенін, одан әрі не болғанын ол білген жоқ. Шала-шарпы есі бар оның құлағына қою қараңғылықтан естілген үн:
«Алып жүр иттерді! К,осқа апарып өлтірейік!»
Аздан кейін есін жинаңқыраған Асқардың сезгені: жеккен аттарын салт біреулер жетектеген, біреулер жеккен атты екі жағынан да қабырғалап сойып келеді. Жолсыз жермен шапқандығынан доңғалақтың табаны анда-санда жерге бір-ақ тиеді. Арба секірген кезде, үстіндегілер түсіп қала жаздайды.
Біраздан кейін Асқар есін жинады да, арбадан басын көтерді. Беті дымқостанған, қолымен сипап еді, желімденген бірдеме қолына тигесін «ә, басымның қаны екен ғой» деп жорыды ол. Төбесін сипап көріп еді, басына біреу артық бір бас жамағандай, қос жұдырықтай боп ісіп кеткен, қол тигізбейді. «Арқам не болды екен?» деп қол апарайын деп еді, қолы жақындай алмады. Удай ашып, ешнәрсе тигізгісі келмей тітіркеніп тұрған бір арқа. «Не пәле болды? !»
«Маңайымда не бар екен?» деген оймен шапқынмен келе жатқан арбаның екі жағына қарап еді, қатарласа екі салт шауып келеді екен. Аттардың да екі жағынан жарыса шапқан екі кісі. Арбаның артында да аттың дүбірі естіледі.
– Мына бір неме басын көтерді, арбадан түсе қашпасын?!–деді салттың біреуі.
– Тапсырып жіберсейші бірді, тырп ете алмайтын ғып!– деді екінші.
«Тағы да ұрады екен?» деп Асқардың зәресі ұшып кетті.
– Уа, қайтесін соны ұра беріп?– деді біреуі,– қолыңды ауыртып! Қосқа апарайық. Содан кейін бір жөні болар.
Жол тосқан кім екенін, не хал болғанын біле алмаған Асқар, белі мен басының ісігі сыздап, қиналып отыр еді, қалын, қарағайдың арасынан көзіне жылтыраған оттың жарығы шалынды. «Бұл не?»
Көп кешікпей жылтыраған отқа жақындады. От әр жерде лаулап жанып жатыр. Оттардың қасында қостар, ереуілдеген адамдар.
– Уа, бұларың кім?– десті ереуілдегендер.
– Кім екенін өзіміз де білмейміз, әйтеуір, жақсылыққа жүрген адам емес. Жүрісі суыт. Түнделетіп қалаға тартып барады екен, әкеңнің аузын... Құдай қолға түсірді. Бәлемнің сазайын да бердік.
Жан-жағына қараған Асқарға қалын, қарағайдан адам кәп сықылданды.
– Сұрайықшы әзінен, кім екен?– десті арбаны қоршаған топтан біреулер,– уа кімсің, әй?
– Санақшымын,– деген сөз түсіп кетті, қорыққанынан тісі тісіне тимей сақылдап, денесі қалшылдаған Асқардың аузына.
– Солдат алардың алдында әдейі жігіттердің есебін алуға Омбыдан шыққан қазақтар бар деп еді. Солар екен ғой!– десті жұрт дуылдап.
– Олар болса, иттерді теріс қаратып бауыздау керек!– десті топ.
– Бауыздап, қолыңды қандандырып қайтесің,– десті біреулер,– қылғындырып мойнынан ағашқа аса қою керек...
– Не бар, ендеше, тұратын?–деген дауыс ду еткенде, әлдекімдер Асқарды арбадан жұлып та алды. Денесінің әр тұсынан жабысқан қолдар оны жан-жаққа кергілеп көтере жөнелгенде, «енді өлдім» деп ойлаған ол:
– Оу, жұрт, мен Асқар Досановпын... учитель... Итбай аулындағы!..– деді үрейлі бар даусымен.
– Асқар?!. Босатыңдар?..–деген әйел даусы сап ете қалды Асқардың құлағына... Ботагөз даусы сияқтанып кетті...
– Босат, босат!..– деп әйел қалын, топты кимелеп жақындай берді, топ жарылып жол бере берді...
Жол бергенмен, босата қоймаған топтың қолынан Асқарды «босат, босат!» деген ентіккен ащы үнді әйел жұлып алды... Асқар талықсып кетті...
4
Долырып ісіп кеткен көзін ол сығырайтып әрең ашса, таң сібірлеп келеді екен. Аспанды қоршаған қалың бұлт жөңкіле көшкен бетінде аздап сіркірейді... Төңірегіне көз тіксе, тұнжыраған қалың жұрт... Бәрі де ояу, бірақ бәрінде қимыл бар да, дыбыс жоқ!.. Өз жанына енді қараса, тұнжыраған қалың топтың бірі боп, буынып-түйінген бір жас адам отыр!..
Ботагөз сияқтанып кетті бұл адам Асқарға... «Бота!..» деген сөз оның аузынан шыққанша, ісік жапқан көз сызығымен жас та төгіліп кетті...
– Я, Асқар, мен Ботаң!– деген әйел даусы ширақ, жинақы шықты. Әлдекім Асқардың іскен жасты көзін жұмсақ орамалмен сүртті... Ол көзін сығырайта тағы ашты... көзін сүртіп отырған Ботагөз!..
Есін аздап жинаған Асқар, жоғалған Ботагөздің ойда жоқта табылуына емес, оның сұрланған жинақы кескінін бұзбай сақтауына қайран қалды...
Сүйемелдесумен әрең көтерген денесін Асқар шамалап көрсе, түндегі таяқтан күп боп ісіп кеткен... Бет-ауыз да, бас та сондай, жалқылдаған ісік...
Оның кім екенін білген қалың топтан әркімдер «обал болған екен!..», «бұны қайтеміз...», «ісік ішіне түсіп кетпесін...», «емдеу керек!..» деген сияқты мүсіркеу сөздер айта бастап еді:
– Оу, жұрт!–деді Асқар, бар күшін жинап,– ешкім де айыпты емес бұған. Айыпты біреу-ақ, ол – патша!..
– Рас!–деп, ду ете түсті топ...
– Бір кісінің жарасы түк те етпейді,– деді Асқар,– ол не жазылар, не өлер, одан құритын дүние жоқ. Мәселе мұнда, көптің жарасында – сол жараны жазуда!.. Ауыр ойдан ба, ауыр ісіктен бе,– Асқардың дыңылдаған басы айналып, көзі қарауытып кетті...
– Су!.. Су!..– десті, оның талықсып бара жатқанын көрген жұрт...
Асқар енді көзін ашса, кішірек шөп күркенің ішінде жатыр. Мезгіл күндіз... Басын әлдекім шүберекпен шандып байлап тастапты, қасында Ботагөз отыр. Бұл жолы оның сөзі ширақ шықты:
– Бота!–деді ол.
– Әу, Асқар!– деді Ботагөз өңін әлі де қалпында сақтап, демін ғана ауыр ап.
Аздан кейін білсе, осы топта жүрген орыс фельдшері Асқардың басындағы, денесіндегі таяқтан түскен ісікке ем жасап, байлапты. Түнде бұл топта жоқ Амантай, жолаушылаудан жаңа ғана кепті. Аз сөзбен ғана айрылғаннан бергі өткен-кеткенін түсіндірген Ботагөздің қазіргі өз жайы – осы қалың, топтың штабында хатшылық екен. Асқар да жайын Ботагөзге қысқаша ғана айтып, Амантайға тез жолықтыруын өтінді.
Шөліркеп қалған Асқар сусындағанша, Амантай келіп те үлгерді. Жалпы жобасы сақталғанмен, оның киім киюі де, бет бейнесі де, соз әлпеті де бұрынғы Амантай емес. Қазір ол бұрынғыдай олпы-солпы қазақ киімінде емес, орысша ықшам киініп, тас-түйін боп буынып алған!.. Қазір онда бұрынғыдай қаудиған қалың ұзын сақал жоқ. Қарабурыл тартқан сақалын ықшамдай кесіп, иегіне бір-ақ тұтам ғып қойыпты. Соз әлпеті тіпті ықшам,– өзі аз сөйлейді. Асқарды көбірек сөйлетеді, аз сөзінің көпшілігі – Асқарды сынай берген сұрақтар, сонысына қарағанда, әуелі қандай ойлы адам екенін біліп алғысы кеп отыр. Оның бұл сыны төрт-бес күнге созылды. Оған дейін Асқардың жарасы да жеңіліп, басының, денесінің ісігі қайта бастады. Жұрттың қимылына, сөзіне қараса, тасуға беттеген өзендей жоғары көтеріліп келеді, көтеріліп келеді... Тасымай қояр түрі жоқ оның... Бірақ қайда ақтарылады тасыса?–Оны білер бұл топта ешкім жоқ... Бұлдыр болса да, бұл топтан болашағын болжайтын Амантай ғана сияқты.
Сібірде айдауда жүріп орыс большевиктерімен танысқанын Асқардан ол сырласа келе жасырған жоқ. Патша үкіметінен оның тірегі – байлардан құтылмай, еңбекші көпшілікке жарық жоғын, жолыққан большевиктері Амантайға берік ұғындырыпты. Патшаны құлатуда ең зор күш – орыс халқы екенін де Амантай жақсы ұғыпты. Бірақ, сол ұлы күш қашан, қалай көтерілетінін, сауатсыз Амантай шамалай алмайды екен.
Соңғы үш жылдың ішінде айдауда боп, бар өмірін қаладан алыс көшпелі елдің ішінде өткізген Асқар да Амантайға түйін боп жүрген мәселенің жауабын тауып бере алмады.
Осы арада Петька Грозаның аты кеп шықты. Ботагөздің айтуынша, ол баяғы Андрей Кулаковтың үйінде жүретін батырақ – Антон екен. Жүріп жатқан соғыс алдында ол солдатқа алынады да, Ботагөздің айтуынша «майданда большевик боп, ел арасында саяси жұмыс жүргізу үшін қашып келеді».
– Қазір көрсең танымайсың оны,– дейді Ботагөз Асқарға,– қазір ол ой-санасы өскен дыңдай ақылды адам. Амантай тобын басқаруда көп еңбек сіңіре бастаған Гроза жуырда ғана сәтсіздікке ұшырап, бір провакатор оны полицияның қолына алдап түсіріпті. Амантай бұған қатты қайғырады екен. Мына топта темір ұстасы Сенька, фельдшер Потапов Ягор және бірнеше орыс солдаты бар, екі-үш татар солдаты бар, бірақ олардың Гроза мөлшерінде айтар ақылы жоқ.
Ботагөздің өз жайы да Асқарға бұрын көргенінен әлдеқайда ерекше сияқтанды. Бойы да, ойы да еркін ержеткен сияқтанды Асқарға. Мына топта, Гроза жүргізген саяси үгітті одан терең ұққан кісі жоқ тәрізді. Онысы Асқарға заңды да көрінді. Жобасын байқаса, ауыр азаптың ішінде күн кеше жүре Ботагөз көп кітап оқып, білімін тереңдетіп алыпты. Бірақ Грозаны көргенше оның оқығаны әрқилы жазылған романдар екен. Аз күн серік болғанда, Гроза оның басына бірталай саяси ой құйып тастапты, ол ойды Ботагөздің әрі жас, әрі зирек миы оқыған, саналы көзбен қабылдапты. Соз түріне қарап, Асқар оны саяси көзқарас жағынан өзінен де жоғары қойды,– идеясы ашық, саналы большевичка есептеді.
Көп кеңестің түйіні бір ғана сұрауға кеп тоқталды: «не істеу керек?» Қазақ қана көтеріліп патшаны түсіре алмайтынына көтерілген топты бастаушылардың көзі жететін сияқты. Грозадан, Амантайдан, Ботагөзден, олардан кейін Асқардан естулерінше, патшаны түсіруге орыс халқының ғана әлі келеді, «бірақ қашан?»
«Ендігі ақылшымыз осы» дегендей төне қараған көп көздің, бұл сұрауына Асқардың берген жауабы – «бері салғанда Қызылжар мен Омбы ғана, әрі салғанда Петроград қана бере алады бұл сұраудың жауабын!»
Амантай боп, көпшілік боп, Асқардан тез арада, Қызылжарға, одан асса Омбыға, тіпті болмаса Петроградқа барып, ақыл алып қайтуын өтінді. Асқар жүрмек болды.
Ақыл осыған құйылғаннан кейін Амантай, қасында Асқар мен Ботагөзді ғана қалдырып, өзгелерді таратты.
– Ал, балалар,– деді ол, оңаша қалғаннан кейін,– кең отырып айтатын сөздің тынысын мына қыспақ заман тарылтып тастады. Келте қайырды деп кіналай көрмеңдер, қарақтарым!.. «Ұлы сөзде ұяттық жоқ» депті аталарымыз: ұялсам да айтайын, көп уақыт аңсап көріскен екеуіңе мен бата бергелі отырмын.
Күн қатып қуқылданып жүрген Ботагөздің бетінде қан ойнап қызара қалды да, төмен қарай қойды.
– Жөн сөз айтасыз, ағай,– деді Асқар.– Рақмет, аталық мейіріміңізге. Бірақ уақыт көтере ме бұл қуанышты ұсынысыңызды ?
– Бота бұл топта әйелден жалғыз,– деді Амантай,– және, ертең, жаман айтпай жақсы жоқ, арпалыс заман басталып кетсе, әйелге қиын да бола ма деймін...
– Нағашы ата,– деді Ботагөз ширақ үнмен киліге кетіп,– бұл сөзіңізге қосыла алмаймын мен!..
– Қай сөзіме, қарағым?–деді Амантай түсінбей.
– Мұндай арпалыс шақта қару асынып, ерлердің қатарында майданға шыққан талай әйел бар. Мына Асқар балаңыз біледі: Франция деген елдің Жанна д’Арк деген батыр қызы болған, орыстың Надежда Дурова деген батыр қызы болған...
– Рас,– деді Асқар,– екеуі де арпалыс күндерде ерекше ерлік көрсетіп, ұлы екі елдің тарихында аттары мәңгі сақталған.
– Олар мінген атқа мен міне алмаймын ба?– деді ол Асқарға қарап,– Олар асқан қаруды мен асына алмаймын ба?..
– Әрине, асына аласың,– деді Асқар.
– Ендеше сөйтем мен!..
Амантай үндемей қалды. Екі жас одан жауап күтті. Ескілік ұғым басынан түгел шығып болмаған Амантай, Ботагөз ерлік сөздің шетін шығарғанмен, әйелден жауынгер болады дегенге ұйып отырған жоқ. «Жаугершілікке қатынасса,– деп ойлап отыр ол,– Асқармен бірге қатынасар, әйтпесе, көп еркектің ішінде жалғыз қыз не бітіреді».
Бұл ойын ол тіктеп айтпай, өз ырқына Ботагөзді еппен көндірмек болды.
– Ол рас қой, Ботам,– деп бастады ол сөзін,– ел намысын жоқтасам десең, сені бетке кім қағады. Бұл топтан бір жола айырыл демеймін мен. Мына Асқармен бірге жолаушылап қайт дегелі отырмын. Бұл келмей қозғала қояр түріміз жоғын көріп отырсың. Жолда Ұлбергенге соғыңдар. Ол бейшара да сені бір көруге зар боп аңырап отыр дейді, өзі сырқат дейді...
Топпен бірге болуға шын бекінген Ботагөздің жүйесін шешесінің аты аталуы бұзыңқырап кетті, көзіне жас кеп қалды. Шешесін ол аса аңсаулы еді, Ермоловқа алтын прискасында, Темірбектің қолында тұратынын естіген, сырқаттығын естімеген.
Шеше туралы оның ау-жайын байқап қалған Амантай сол пернесін баса түскісі кеп:
– Сөйт, шырағым,– деді Ботагөзге,– өлі-тіріңді біле алмай, өзегі талып жүрген бейшараның мауқын басып, көзіне көрініп кел. Одан әрі Асқарға ер, ерме – ерік өзіңде.
Осыған Ботагөзді көндірді де, екі жастың қосылуына ерік беріп, тілеулі жарқын жолға оларды ертеңіне қолынан аттандырды.
5
Қазіргі «Степняк» алтын заводының орнында революциядан бұрын шахтыдан шығарылған тау-тау сары балшықтардың арасында жүз шақты әр сайға бытырай салынған жермен-жексен кішкене үйлер болатын. Соның шеткерірек біреуі – Темірбектікі еді.
Іргесі қаланғаннан бергі осы кішкене жер үйдің ішінде Ұлбергеннің көзінен аққан жасын жинай берсе, үйге сыймай, төбесі ашық болса төгіліп кетер еді.
«Төрт құлыным тірі болса – маған одан артық дәулеттің керегі не?» дейтін еді Ұлберген, басы аман күнде. Азамат балалары болғанмен, қысқа жіп күрмеуге келмей, ішімдік-киімдіктен кейде тарығып қалса да, Ұлберген ол тілегінен ешуақытта жаңылмайтын еді.
Кенжетай қолға түсуден бастап, Ұлбергеннің тиыштық ұясы бұзылды. Қайғы үстіне қайғы жамала берді. Кенжетай қайғысын ауырлап жүргенде, «көз ашып көрген қызығым» деп туған баласынан кем көрмейтін Айбала ауырды. Одан кейін, «тұлабойы тұңғышым» деп жақсы көретін Балтабек ұсталды. Одан кейін Айбаланың қайтыс болуымен, Ботагөздің жоғалу қайғысы қабаттасты.
Қайғының қара бұлты төбесінен төне басып, жан-жағын тұмандай торлаған Ұлбергеннің бар әлінен келгені көзінің жасы. Ол ояуында да жылады, ұйқысында да жылады, тұрса да жылады, отырса да жылады.
Басы аман кезде Ұлберген жайқындай ет-женді семіз кісі еді.
«Осы несін жеп семіреді?» деп таңданатын еді біреулер. «Қайғысыз қара суға семіреді» деген. Ұлы-қызың түгел тұрса, сен де семірерсің,– дейтін еді біреулер.
Сол еттен, сол нұрлы кескіннен Ұлберген аз күнде айрылып, екі беті солып, қан жоқ, сел жоқ – сүзектен тұрған кісідей құп-қу, боп-боз болды да қалды.
Шешесінің бұл қайғысына ішінен еншілес болған Темірбек сыртқа сыр бермеді. Айбаланың сүйегін Бурабайдан алып келіп жерлегеннен кейін Ұлбергеннің:
«Ботагөзді ізде, сұрастыр, тап! Сенен басқа оны кім іздейді?» дегеніне қарамай, Темірбек шахтасына түсіп, жұмысын істей берді.
Бейпіл сөзді, баланы қарғауды білмейтін Ұлберген бір-екі рет қыңқылдағанмен, Темірбек қозғала қоймағасын, ішінен тынып, Ботагөз туралы мазалауын доғарды. «Жаман шірік неме!– деп сөкті көршілес жұмысшылар, Темірбектің бұл қылығын көріп – ынжық, жасық туған!.. Мұнда сүйек жоқ... намыс жоқ... аузын буған өгіз...» Темірбек жұмысқа ерте кетеді, кеш қайтады. Үйіне келсе шешесінің тым болмаса көңілін көтеріп кеңеспейді де, асын ішеді де, теріс қарап жатып қалады. Оның іштен таусылып жүргенін сезген Ұлберген, біраздан кейін «өзі қажып жүрген сорлыны қажытпайын» деп, ол кете жылағаннан, қашан жұмыстан келгенше жылайды да, оның келе жатқан дыбысын естіген соң көзін сүртіп, жылағанын сездірмейін деп, асын даярлай бастайды. Жылай-жылай әрі қызарып, әрі ісіп кеткен шешесінің көзіне Темірбектің көзі түссе өзегі өртенеді. Сонда да үндемейді. Темірбектің үйіне келе, қолы боста ермегі – балта қайрау. Заводтың дүкенінен сатып алған, темірі жұқа, жүзі жалпақ ақ балтаны ол ұйықтаса да басына жастап жатады да, тұрса жүзін бармағымен сипап көріп, ұстарадай қылпылдап тұрған балтаны күнде бір рет «мұқалып қалды ма» дегендей, қайрақпен сипап қояды.
«Бұл балтаны қайтеді?» деп ойлайды Ұлберген.
– Апа,– дейді ол күнде жұмысқа барарында,– балтаны қинамағайсың. Бірдеме шабамын деп ала көрме! Біреу сұраса берме!..
– Жаман балта бар ғой, қарағым,– дейді Ұлберген,– алмаймын. Кімге береді дейсің.
Осындай көңілсіз кештің біреуінде жұмыстан келген Темірбектің шайын бергелі Ұлберген қара көлеңке үйдің ішінде күйбеңдеп жүр еді, есік ашып екі кісі кіріп келгенде:
– Апа!– деген Ботагөздің даусы құлағына сап ете түсті.
«Апа!» деген дауыс Ұлбергенге найзағайдың оғы сықылданып, бойының бар қуатын алып, Ұлберген қолына ұстаған шәшкенің сандықшасымен етпетінен түсе құлады. Шәшкелер қирап қалды.
– Апа!– деді Ботагөз құлаған шешесінің басын сүйеп.– Мен ғой, апа!.. Ботаң!.. Қорықтың ба, апа!.. Есіңді жинашы, апа!..
Басын көтергеннен кейін бетіне тақаған Ботагөздің ыстық лебі Ұлбергеннің әлсіреген денесіне жан беріп, талықсыған жүрегіне ыстық қан жүгіртіп бойын сергіткендей болды.
– Сәулем, құлыным, Ботам!..– деді Ұлберген әлсіз дауыспен,– көзіңнен айналайын!.. Өзіңнен айналайын!.. Құлыным!..
Есін жинаңқыраған Ұлберген «апалаған» және біреуге көз қырын салып еді – Асқар сықылданды.
– Мынау, Асқаржан ба, жаным-ау!– деді Ұлберген көзін кеңірек ашып.
– Ия, апа!..
– Қалқам-ау, денің сау ма?..
Темірбекті әуелі күңгірт үйден абайламаған Асқар артынан көзі түсіп амандасты.
Тағдырдың дауылы әр жаққа ұшырған ұяның табысқан тату құстарының қуанышына ұзақ ортақтасуға Асқарда уақыт бар ма!..
Ботагөзбен қосылуына Ұлбергеннен де ерік алған Асқар со күні жүрем дегенмен, ана рұқсат еткен жоқ. Және кетіп қалуға болмайтын да бір жағдай туды, ол жаңа қосылған жас жардың магниттей тартқан ыстық құшағы ғана емес, шектен шыға қуанудан ба, не денсаулығының кемдігінен бе,– Ұлберген Ботагөзді көргелі талықси берді. «Өліп кете ме» деп қорқыныш туды үй ішіне. Сондай жағдайда Ботагөз кете ала ма, ол кетпесе, Асқар кете ала ма!
Ол күні қонған Асқар Ұлбергеннің халі ертеңіне де ауыр болған соң, «алаңдамаңдар, балалар, маған бола жолдан қалмаңдар!» деп ана қайталай рұқсат бергенмен, Қызылжардан оралғанша қала тұруға Ботагөзді көндірді де, ымырт жабыла аттанбақ болды. Асқар Ұлбергенмен қоштасып, тысқа беттегенде Ботагөз ере шықты. Олар босағадан аттай, Ұлберген де шықпақ боп, төсегінен қозғалып еді, денесін көтере алмады.
– Жатсайшы, апа! Қайда барасың!– деді Темірбек.
– Далаға! Сүйеп жіберші, Теміржан!
Темірбек қолтығынан сүйеп әрең, тұрғызған Ұлберген тәлтіректеп басып, сыртқа жөнелді.
– Ал, Бота!–деді Асқар тысқа шыға!–Қоштасамыз да енді, әзірше? (Ботагөз төмен қарап үндемеді.) Табыстырған тағдырға ризамын! Тек, лайымда, осылай қуанышпен көрісейік! Келші, мынандай тілеулі жолға аттанарда, құшағыма қысып қоштасайын!
Екеуінің құшағына құшақтары, еріндеріне еріндері жабыса қалды.
Бұл бақытты құшақты көк жиектен аспанға көтеріле берген айдан басқа, адамзатта Ұлберген ғана көрді. Орта жастан асқанмен, Ұлбергеннің көзінің өткір нұры тайған жоқ еді. Тысқа шыға, есік алдында арбаның қасында құшақтары айқасқандардың кім екенін ол жазбай таныды. Ботагөз бен Асқардың арасындағы оқиғаны Ұлберген естіген еді. Олардың қосылуы Ұлбергеннің арманы еді. Сондықтан, көз алдында құшақтары айқасқан екі жасты көргенде:
– Жасаған!– деді Ұлберген айға телміре қолын жайып, ішінен бата оқып,– жасаған, бұл бақытты екі қарашығыма көпсіне көрме! Артынан ай, алдынан күн туғыза гөр!
6
Горбунов пен Елікбайды тізіммен Көкшетауға жіберіп, түнемел қымыздан қанып ішіп ұйқтап қалған Итбай біреудің «тұр» деген жағымсыз даусына елегізіп атып тұрса, шаңырақтан көрінген күн, түстен ауып барады екен. Оятқан Ерғазы. Сұры қашып кеткен. Дір-дір етеді.
– Немене?– деді Итбай, былшықтанған көзін уқалап.
– Жылқыбай келді. Жылқыны Амантай басқарған жігіттер талап, мініп кетіпті. Ат, айғыр, бие демесе керек. Асау, жуасына қарамайды дейді. Аяқ артуға жарайтындарынан түк тастамапты. Тай, құлындар бет-бетімен үркіп қаңғырып кетіпті.
– Апыр-ай, не дейді?
– Шапқыншылардың беті осы жақта дейді...
– Не дейді?!–деді Итбай атып түрегеп.– Шақыршы Жылқыбайды! Бүркітбай қайда?..
Ерғазы жүгіріп шығып Жылқыбай мен Бүркітбайды шақырып келді.
– Беті жаман,– деді Жылқыбай,– бозқасқа айғырмен қуғыншыға шалдырмай кеттім. Осылай қарай қаптап келеді. Тез тығыл, мырза!..
– Бозқасқа осында ма?
– Осында.
– Менің өз ерімді ерттей қойшы, онда?
– Қашып құтыла алмассың, мырза. Айнала тосқауыл!
– Енді қайтем?–деді Итбай абыржып, ішінен: «келеді деген солдаттар да кешікті-ау. Сарыбасқа не болды, тез әкелмей!»–деп өкініп.
– Қайдан білейін... қараша үйлердің біреуіне жасырына тұрмасаң.
– Бар ендеше, Сиқымның үйіне жүгір!.. Бүркітбай, сен де баршы! Мен кәзір барам...
Жігіттердің жасын үстінен түзеген тізім – қағаз салатын шкафта еді. Түзелген тізімді жаңадан жазып, Горбунов Қотыркөл қаласына әкеткен. Үйде болса айрылып қалармыз деп ойлаған.
– «Қырсыққанда қымыран іриді» деген осы екен!– деді Итбай аузына құлып салған шкафтың кілтін таба алмай долданып.
Шкаф ашылмайтын болғасын, балтамен бұзайын деп жатыр еді:
– Ойбай, әке!– деді Ерғазы жүгіріп кіріп,– келіп қалды... Қаптап келеді...
Итбай жүгіріп далаға шықса, адам емес, тау көшіп келе жатқан сықылды. Қою қара бұлттай боп аспанға көтерілген шаңнан адам көрінбейді.
Сиқымның үйін даярлатқан Жылқыбай қолын бұлғаған соң, Итбай өкпесін қолына ала жүгіріп барып, үш қанат қара құрым үйге сып беріп кіріп кетті.
– Мына кебежеге түс!– деді Жылқыбай, айнала ұзын арқанмен шандыған бір жаман кебеженің қақпағын ашып,– үстіне бір құрымды жаба салайын.
Естілген аттың дүбірі төбесін тескендей болған Итбай алқынған қалпымен кебежеге кіре беріп, Бүркітбайға көзі түсіп еді, түсі сұп-суық, ызғар соғып тұрғандай екен. «Бұл қалай?» дегендей ойға түскен Итбай үлкен кебеженің ішіне бүктетіле жатқанда, Жылқыбай үстінен ескі құрым түндікті жаба салды.
Ішінен кәкір-шүкір, көр-жерін алмаған кебеже, сыртқы көлемі қомақты көрінгенмен, Итбайдың семіз денесіне тарлық істеді. Енеден шырылдап туа, Итбайдың өмірінде бұл бірінші көрген қорлығы еді.
«А, құдай!– деді ол назаланып, денесі кебежеге сыймай, лыпылдап соққан жүрегі кеудесіне сыймай, тынысы тарылып,– бұдан да өлгенім жақсы екен. Мынау не қорлық!»
– Жүр, енді ана жаққа барайық, Бүркітбай,– деді Жылқыбай, шапқыншылар Итбайдың үйіне қарай беттегенде.
– Жүре бер, өзің!– деді Бүркітбай ашулы қабақпен алара қарап.
Сиқым үйінін, есігінің алдына қалшиып тұрып қалған Бүркітбайға, кетіп бара жатқан Жылқыбай алақтап қарап: «Шіркін, дәмдес болған адамы ғой, қимай тұрғанын!» деді ішінен.
Дауылды бұлттай түнеріп, аттарының дүбірлері жерді сілкіндіріп қаптап келе жатқан топқа қарап тұрып, Бүркітбай ауыр ойға батты. Кейде Итбайдың яки оның жақын адамдарының ауыр сөзін естіп, жүрегіне ол сездер инедей қадалғанмен, өмірінің, ұзын арқауының ең ұшы Итбайда сықылданған Бүркітбай, өкпелесе де, елемеген адам боп жүре беретін еді. «Мен осы босағада өлетін шығармын?» дейтін еді ол кейде қанша бұлқынғанмен Итбай үйінен кете алмаған соң.
Өзін Итбайға сондай қосақты тай көретін Бүркітбай, осы бүгін таңда, ноқтасының бауын Итбайдан біржола үзді.
Таң біліне бір жақтан жолаушылап келген Итбай Горбуновты оятып алып елдің жәй-күйін сұрап, бүліншіліктің беті жаманға айналғанын естіген соң:
– Ендеше, тізімді алып сен кет!– деді Горбуновқа,– мен де ертең, бүрсігүні таям.
Содан, қашан жігіттерді жөнелткенше елге жоламаспыз.
Жол жүріп келген кеңесін Итбай Горбуновқа, үйдегі Бүркітбайды шығарып жіберіп айтты.
– Сен ат әкеле ғой,– деді Итбай, Бүркітбайды жұмсап,– мына Горбуновтың қалада жұмысы бар еді. Құпия айтатын кеңесі бар екен деп ойлаған Бүркітбай, жүген алып шығып кетті де, «не дер екен?» деп сыртта, іргеде жатқан жабуға бұғып, күбірге құлақ салды. Итбайдың ақырын айтқан кеңесінің, ол көбін естіді, көбін естімеді. Оның анық естіген сөзі өзі туралы.
– Әлгі Бүркітбай тізімге ілекті ме?– деді Итбай Горбуновқа.
– Ілекті. Жасы ілігеді ғой,– деді Горбунов,– маған: «Итбайға айттым, Итбай жасыңды артық жаздырайын деп көзін|ше айтты» деп еді, жасыңды 45-те қылдым деп өтірік алдап жүрмін.
– Сол керек ол немеге!– деді Итбай.– Өзіңе айтып ем ғой, «алдап енесін ұр!» деп. Бәлеме сол керек!.. Тұяқтың қызын Амантайға шығарып берген осы болды ғой...
– Солай ма екен?
– Солай. Анық осы. Анау күні Шортанға жібергенде, Меңіреуге кіріп бара жатқанын көрген кісі бар.
– Оны естідік қой.
– Солдатқа кететінін өзі сезе ме?
– Түк те білмейді.
– Ендеше сездірме, бір күні урядник ұстап әкеткенде бір-ақ білсін, иттен жаралған!..
Ел азаматы патшаға, болысқа қарсы бас көтеріп атқа мінгеннен кейін, байдың балалары болмаса, іске татыр, сойыл соғар жігіттен үйінде тиыш отырған азамат жоқ еді. Солардан бөлініп, үйкүшік боп ауылда қалуды ар көргенмен, Итбай үйіне байлаған жіп жіңішкеріп келсе де үзіле қоймай, Бүркітбай атқа міне алмаған еді. Сол жіп Итбай мен Горбуновтың өзіне жасырын даярлаған қастығын естігеннен кейін, үзіліп кеп кетті.
«Ә, солай ма?!– деді Бүркітбай жөнеле беріп,–олай болса, бәлем, тұра тұр!..»
Шауып келе жатқан топты көргенде Бүркітбайдың ойы қорғасындай толқыды. «Айтайын», «айтпайын» деген екі сөз бірін-бірі жеңе алмай тұрғанда, жер қайысқан топтың алды шаңдатып ауылға кірді. Орнынан қозғалмаған Бүркітбай Итбай үйіне көзін салып еді, көзді ашып-жұмғанша, төрдегі 4-5 ақ үйдің әлегі аспаннан келді. Шауып келген салттылар үйдің бауларын бытырлатып үзіп, киіздерін сыпырып жерге түсіріп, тулақтай бет-бетімен сүйреп алып кетті. Жалаңаш қалған уықтар сатыр-күтір сабаған сойылдардың күшіне шыдай алмай, шарт-шұрт сынды; шаңырақтар қаң көбелек ойнап үйдің ішіне түсті. Керегелердің басқұр мен таңғышы жұлқылағанда жібермеген соң, салт аттылар аудай созғылап бет-бетімен көріп алып кетті. Сойылмен пергілеген сандықтардың тас-талқаны шықты. Қираған сандықтардың ішіндегі киім-кешектерді, басқа мүліктерді жұрт талап әкетіп, кейбіреулері киіп, кейбіреулері қанжығаға байлап алды. Жүкке жиналған көрпе-жастықтарды әр кімдер ат үстінен іліп алып, астына басып көпшік істеді. Киіздерді тіліп-тіліп тоқым қылды. Басқұр, таңғыштарды жігіттер қиып-қиып: айыл, тартпа, құйысқан, шылбыр, тізгін істеді. Біреулер аттан түсе қалып, қымыз, қатықтарды іше бастады.
Осындай бүліншіліктің ең ортасында жүрген Амантай, ешкімге қойыңдар деген жоқ. Итбайдың өзі түгіл мал-мүлкіне өшіккен топ, мүліктен кегімізді алдық дегендей, «талайық» деген құмары қанғандай:
– Болыс қайда?– деген дауыс көтерді бір кезде.
– Жоқ.
– Қайда?
– Қашып кеткен.
– Кім айтады?
– Жылқыбай...
«Неге өтірік айтасың?» деп Жылқыбайды біреулер қамшымен тартып өтіп еді.
– Тимеңдер!–деді Амантай,– қайтесіңдер мұны ұрып? Біреулер: «тауып бер!» деп, Итбайға қарағандарды түгел сабады. Сонда да олар айтпады.
Амантайдың бар ынтасы – Итбайды табуда. Не жерге сіңіп кетпесе, не көкке ұшып кетпесе аулынан ешқайда кетпеу керек. Жан-жаққа тығыла қоятын берік орын жоқ. «Осы ауылды тегіс тінтіңдер!» деді Амантай жігіттерге.
– Тізімді табайық!– деп Қожантай жұртқа жар салып еді, «бәсе керегіміз сол еді ғой, іздейік тізімді!» деп біраз кісілер алданғанмен: «тізімі құрысын, оны осында қойды деймісің, жоғалтып жібермей, болысты табайық!» деп, көпшілік тінтуге кірісті.
Сиқым үйінің алдына Амантай мен бірнеше кісі жетіп барғанда, Бүркітбай манаты орнында әлі тұр еді.
– Неғып тұрсың?–деді Амантай оған.
– Итбайды күзетіп тұрмын.
– Қайда ол?
– Осы үйдің кебежесінде.
– Түсіңдер, жігіттер!– деді Амантай,– алып шығыңдар!
Жігіттер аттан жапыр-жұпыр түсе қалғанда, Бүркітбай үйге олардан бұрын еніп кетті.
«
Өзім алып шығайын» деп ойлады ол.
Ашумен кірген Бүркітбай таңған кебеженің жібін тартып қалғанда, үзіліп кетті. Содан кейін ол, оң аяғының бар пәрменімен кебежені теуіп кеп жіберіп еді, қиыны қашқан тақтайлар быт-шыт болып ұшып-ұшып кетіп, қабығы жарылған жұмыртқадан шыққан балапандай, Итбай шоқиып отырды да қалды.
– Бүркітбай!– деді ол жылап жіберіп,– бауырым, тық мені, сақта!..
– Кір менің к... әкеңнің аузын!..– деді Бүркітбай Итбайдың жағасынан шап беріп алып.
Бұл сөз Итбайға жайдың оғындай тиді. «Бұл қалай?» дегенше болған жоқ, Итбайды Бүркітбай қаңбақтай орнынан жұлып алды.
Осы кезде үйге опыр-топыр кірген жігіттер, Итбайға ұмтылып қамшыны жаудыра бастап еді:
– Тартыңдар, қолдарыңды!– деді Бүркітбай айнала, адырая қарап,– сендерсіз менің өзім де жететінмін!.. Жігіттер тоқтай қалды.
«Ә, жарайды,– деп ойлады, көзіне өмір елестеген Итбай ішінен,– дұшпан көзі ғып тұрғаны екен ғой».
Жігіттерге қарамастан Бүркітбай Итбайды есік алдына өлімтік қойдай дырылдатып алып шықты. Жайшылықта бір кісідей қаруым бар деп ойлайтын Итбай Бүркітбайдың қолында жаулықтай желпілдеді.
Есік алды иін тірескен халық екен.
– Қайсың еркексің!– деді Бүркітбай айқайлап,– тарт мына итті.
– Әкел бері!– деп ат үстінен қолын созғандардың, арасынан біреуі атын тебініп, үндеместен кеп, тұзақтап алған шылбырын Итбайдың мойнына салып жібергенде, «Бұл кім?» деп Бүркітбай қараса– Темірбек екен.
Шылбыр Итбайдың мойнына ілеккенде атын тебініп, тарта жөнелген Темірбекке Бүркітбай қадала қарап еді, беліне қыстырған ақ балтаның жүзі жарқ-жұрқ етті. Көкпар тартқандағыдай, жұрт оның артынан сатыр-күтір шаба жөнелді.
Бүркітбай жан-жағына қараса, аты жоқ, жалғыз қалып барады екен. Итбай үйінін, мүлкін талап алып жатқан жаққа қарай жүгіріп еді, қаңтарулы біраз аттар тұр. Шетіндегі біреуіне міне салып бұ да Итбайды алып қашқандардың артынан төпей жөнелді.
Жұрт ойыса шауып, алды бір кезде ошарылып тоқтады. Астындағы атын борбайлап, шоғырланған жерге Бүркітбай келсе, Итбай шала-жансар сұлап жатыр екен. Үстіндегі киімін, денесін жер айырып тастаған. Айнала қоршаған жұрт Итбайдан қорыққандай, аттан түспей көздерімен атып тұр. Жұртта үн жоқ... Итбайдың қасында жаяу тұрған жалғыз – Темірбек. Оның бір қолы Итбайдың мойнындағы тұзақта, бір қолында көсілте ұстаған балта.
– Уа, жұртым!..– деп ыңырсыған дауыспен бір кезде Итбай сүріне-қабына, қолымен жер тірей, басын көтере беріп еді, Темірбек қылқындыра тартып тұрған тұзақты босатып жіберді.
«Дәмдес болған шіркіннің жаны ашып кетті-ау!» деп ойлады әркімдер. Сол кезде аттан секіріп түсе қалған Қожантай:
– Сазайы берілді!– деді айқайлай сөйлеп, Итбайға ұмтылып,– жанын қияйық шіркіннің, мұсылман баласы ғой. Мұның қасықтай қанына қайсымыз тоямыз.
– Бауырым!..– деген ыңырсыған дауыспен, аяғынан тұруға шамасы келмей тізесінен отырған Итбай қолын созғанда, Қожантайдың сүйегісі келіп жанына барып қалып еді, Темірбектің, балтасы жарқ ете түсті.
Қожантайға созған екі қолының арасынан төсі арқылы домалап барып, Итбайдың басы жерге түсті.
ТӨРТІНШІ ТАРАУ
ЖАНТАЛАСТА
1
Амантайдың бір топ жігіті жанжалдың бас кезінде «Степняк» алтын заводының ұлықтарын өлтіріп, заводты талағанда, Темірбек бірнеше жұмысшымен соларға қосылып кете барды да, содан қайтпады. Үйде Ұлберген мен Ботагөз ғана қалды.
Итбайды Амантай тобы өлтіргенін, басын балтамен шабушы Темірбек екенін Ұлберген мен Ботагөз естіді. Аздан кейін, Итбай тұқымы үкіметтен солдат алып, елге шыққан хабары тарады.
«Итбайды өлтіруге қатынасқан адамның, тұқымын түгел қырады екен» деген хабар тарады. Бұл хабардан қорыққанмен ,күн санап емес, сағат санап Асқарды күшен Ботагөз келуін тосты, және шешесін де тастап кетуге болмайды,– ол төсек тартып жатып алған, халі ауырлап барады... Сондай жағдай салдарынан Амантай тобына ,кете алмаған Ботагөз, үйде қарап отырса аштан өлетін болғасын, заводқа тәшкемен балшық тасу жұмысына кірді. Асқар кешікті. Хабар жоқ. Не болғанын білмей, Ботагөздің де, Ұлбергеннің де шыдамдары тоза түседі, жүректері тулай түседі...
Бір күні Ботагөз жұмыстан қайтып үйіне келсе – үй іші опыр-топыр шашылған, шешесі терде бүктүсіп жатыр. «Бұған не болды?» деген оймен шешесінің қасына кеп, «апа!» десе, дыбыс бермейді. «Апыр-ау, бұл қалай?!» деп Ботагөз шешесінің басын көтеріп еді, жүрегі су ете түсті: маңдай сүйегі жоқ, басының іші үңірейіп тұр!.. Беті баттасқан қан... Көзі жерге түсіп еді, ұйысқан қанға баттасып миы жатыр...
Ботагөздің дірілдеген қолынан шешесінің былқылдаған жансыз денесі түсіп кетті. Жылайын деп еді, көзінен жас шықпай қалды. Не қыларын, не болғанын білмеген ол, қаққан қазықтай бір орыннан тырп еткен жоқ.
– Ойбай, жасырын!– деген сөз шалынды оның құлағына осы кезде.
«Бұл кім?» деп қараса, көрші үйдің шалы екен.
– Жаңа,– деді шал сасқалақтап,– Итбайдың төре баласы Сарыбас... солдатпен... шешеңді атып өлтіріп кетті... саған кетті!.. Жасырын!..
Итбайды Амантай тобының өлтіргенін, оның ішінде Темірбек те болғанын Ботагөздің құлағы шалған еді, сондықтан сағат санап ол жақтан қауіп күтетін, міне, келді сол қауіп!..
Есінен адасқан Ботагөзге шалдың қорқыныш сөзі әсер бермеп еді:
– Шырағым-ай!–деді шал,– саған не болды?.. Өлген артынан өлмейсің. Тез тығыл!
– Өзің бірдеме ғып жасыр,– деді шалдың кемпірі,– есінен адасып тұр ғой, не ес бар дейсің?!.
Сол арада шахтыдан шыққан, тау боп үйілген сары балшық бар еді. Соның бір шұқырына шал есік алдында жатқан арбаның қорабын төңкерді де, «осында жата тұр!» деп Ботагөзді жетектеп алып барып, қораптың астына жатқызып, үстіне жеңіл ғып топырақ үйді.
Мұны жан адам көрген жоқ. Итбай тұқымдары Ботагөзді жұмыс басынан таба алмай үйіне қайта келіп еді, жоқ!.. Көршілерін қысып еді, айтпады. Кошкин бірге екен.
– Ертеңге шейін,– деді ол көршілерге,– таппасаңдар, бәріңді де ұстап айдаймын, аттырам!..
Темірбекпен бірге істейтін бір момындау жігіт бар еді. Ботагөзді ұстап беруге қимай, қайда сақтауды білмей сасқан шал, соған ақылдасты. Түнде жігіт Ботагөзге сөйлесті.
– Саспа,– деді ол оған.– Төсек-орын, киім-кешегіңді ал да, маған ер, шахтыға апарып жасырайын. Бір жөні болғанша, содан шықпа. Біздің жігіттерде сыр шашатыны жоқ. Тірі жанға айтпайды. Егер көзге көрінер жерде болсаң, Итбай тұқымы таптырмай қоймайды.
Басқа амал таба алмайтын болғасын, Ботагөз жылап-жылап, таң біліне шахтыға түсті де, бір қуысты мекен етті.
Ботагөзді шахтыға неге ертіп түсіргенін білмеген старатель жігіттерге, жасырған жігіт мән-жайды айтып еді.
– Егер жалғыз қалғанда өзі қорқам демесе, біз шахтаны аямайық. Бұтаға қорғалаған торғай да қалады деген. Панасыз адам. Оның дұрыс болған,– деді жігіттер. Бір партияда старатель боп істейтін жиырма екі жігіт еді. Олардың кейбіреулері Темірбектің қарындасы барын, ол қарындасы заводқа келгенін білмейтін.
– Жақсыны көрмек үшін деген,– деді старатель жігіттің біреуі, сығырайып жанған шамын көтеріп Ботагөздің бетіне тосып,– мен мына қара көлеңкеде өзіміздің жігіттердің біреуі екен десем, осындай мәндерің, бар ма еді?..
Жігіттер жұмысын бітіріп, лампы қалдырып шығып кеткенде, дүниеде адам баласының басына келетін қорқыныштың бәрі елестеп, Ботагөздің үрейі ұшты.
Өзі арап қарпы оқуын білмегенмен, Ботагөз кейде, кейбір қыссаларды оқыған адамды тыңдаған еді. Сол қыссалардың ішінде «Шаһмаран» деген болатын. «Шаһмаранның» қысқаша мазмұны: Жамсап деген жетім бала, бірнеше кісімен тауға отынға барады. Отын теріп жүргенде бір құдық кездеседі. Құдықтың түбіне Жамсап үңілсе – жалтырап алтын көрінеді. Алтын көрген Жамсап, жолдастарын шақырады. Жолдастары Жамсапты беліне арқан байлап алтынды алып шығуға құдыққа түсіреді де, Жамсап алтынды арқанға байлап бергесін, алтынын алып, құдықты жауып, жолдастары кетіп қалады. Терең құдықтан шыға алмай сасқан Жамсап жанталасып, тастан басқыш істеуге, маңайындағы тастарды қопарып үйеді. Тастарды солай қопарып жүргенде, бір тастың астынан тесік шығып, сол тесіктен сәуле түседі. Жамсап ол тесікті далаға шығатын жол екен деп, тесікпен өрмелеп әрі қарай барса, бір кең дүние кездеседі. Ол дүние адам дүниесі емес, жылан дүниесі боп шығады. Айнала илеуден өрген құмырсқадай құжынаған жыландарды көргенде, Жамсаптың зәресі ұшады. Бірақ, жылан жер үстінің жыланындай емес, тіл білетін жыландар болып шығады. Үрейленген Жамсапқа, жыланның біреуі адамша сөйлесіп: «Шаһмаран деген патшамыз бар, соған апарайын. Бізден қорықпа, біз тимейміз» дейді. Жамсап Шаһмаранға барады. Көп жыл соның қолында тұрады. Шаһмаран өте ақылды, көпті көрген, ғалым патша боп шығады. Көп жылдан кейін Шаһмаран Жамсапты босатып, Жамсап Шаһмаранға: «адамға айтпаймын» деп берген уәдесін ұмытып ,кетіп, көргенін біреулерге айтып қойып, ақырында Шаһмаран әлекке ұшырайды». Шахтада жалғыз қалған Ботагөздің көз алдына осы қыссаның суреттері елестеді. Жан-жағында үңірейген қараңғы жолдардан бұған қарай мың-миллион жыландар жорғалап келе жатқандай болды. Ботагөздің денесі бір қызды, бір мұздады. «Не деген қорқыныш!..»
Адам неге көнбейді?.. Бірте-бірте шахтаға бойы үйренген Ботагөз, «осы күйім өзгермесе, біразға шейін шыдармын» деп жүр еді, шахтадағы қараңғы өмірді көпсінгендей, оған және бір зұлымдық кездесті. Бойы үйренген салқын ауалы, дымқос шахтада, сығырайған шамның әлсіз жарығына тосып, таныс біреу арқылы үйінен алдырған Толстойдың «Анна Каренина» атты романын жұмысшылар тарай Ботагөз оқып отыр еді, біреу шахта ішінде сазды шалпылдатып келе жатқандай болғасын сескеніп, түрегелді.
Сазы шалпылдаған жаққа қараса, лампасының оты жылтылдап біреу, рас, келе жатыр екен. Келе жатқаннан онша үрейлене қоймаған Ботагөз, «Апыр-ау, бұл кім? Бұл мезгілде шахтада кісі болмайтын еді ғой!» деп қарап тұрды.
Лампа ұстаған адам жақындап еді, шахта аузында тұратын күзетші шал екен.
– Қорықтың ба, шырағым?–деді шал,– қорықсаң да айтайын: жаңа Итбайдың Сарыбасы мен урядник келіп, «шахтаға жан жолатпа, ешкімді шығарма да, кіргізбе де!..» деп кетті. Түстері суық. Сені сезді ме деймін, шахтаны тінтетін түрлері бар. Тез шық! Пана ізде! Мен кеттім, шырағым, тез!
Сарыбасқа Ботагөздің жасырынған жерін хабарландырған адам, Ботагөзге «ойнап-күлейік» деген сөз айтып, оны Ботагөз қабылдамаған соң, өшігіп, еш алуға Сарыбасқа білдірген, жоғарыда аталған – шаммен Ботагөздің кескініне қараған жігіт екенін күзетші шал естіген жоқ; Ботагөзге де ондай ой келген жоқ.
– Құрысын бұл өмір!– деді Ботагөз шал кеткесін дауысын шығарып, жылап,– Анна Каренина осындай қиянат дүниесінің ызасына шыдамай поезға түсіп өлген еді. Ендігі өмір құрысын! Өлгеннен басқа қызық жоқ!
Өлуге бел байлаған Ботагөз өзін шахтада өлтіруге жарайтын құрал іздеп, жан-жағына алақтап аз тұрды да:
– Жоқ!– деді өзіне өзі бір кезде,– бұл шахтада өлсем мені жан білмейді. Тым болмаса «Тұяқтың қызы өліпті...» деген артымда атақ қалсын. Көзге түсетін жерде өлейін.
Оның үйінің алдыңғы жағында, кішірек томарлы көлдің жағасында қарағайлар болатын. Соның біреуіне асылып өлейін деген ойға келген Ботагөз, «Анна Каренинаның» Каренина поезға түсіп елетін беттерін жыртып ап қалтасына салды да, шамын алдына ұстап тысқа шықты.
Бұл шыққан кезде күзетші шал түрегеп, жан-жағына алақтап қарап тұр екен.
– Қала жақтан күбір шығады,– деді шал Ботагөзге,– тез жөнел, шырағым, ұсталып қаларсың.
– Бала-шағаңның игілігін көр, ата, қош!–деп Ботагөз жылдамдата басып қалаға кіргенде, панармен шахтаға қарай кетіп бара жатқан бір топ адамды көрді. «Солар» деп ойлады ол.
Ботагөз үй-үйдің арасымен келе жатып, бір үйдің есігінің алдындағы арбада таң асып байлаулы тұрған аттың қыл шылбырын шешіп, қолына алды да, тура қарағайға тартты.
Көлдің жағасына тырбиып сирек өскен қарағайдың ішіне кірген Ботагөз қисықтау біреуіне өрмелеп шығып, шылбырдың бір ұшын тұзақтап мойнына салды да, бір ұшын қарағайдың имек бұтағына байлады. Бұл істерді істегенде өмір оған көк тиын күрештей қымбат көрінген жоқ. Жібін ыңғайлап алғаннан кейін ол екі қолын арқасына айқара ұстап, төмен қарай қарғыды.
Денесі қисық бұтақтан салбырап, мойны тұзаққа қылғынган кезде Ботагөз жанталасты. Бұл кезде таң сіберлеп атып, Көкшетау жеріндегі сол мезгілде сіркіреп сапырылатын бұлт, күншығыс жағы шығар күннің сәулесіне қып-қызыл боп боялып астан-кестен, бұрқан-тарқан көшіп барады екен. Кеңірдегі қылғынғаннан кейін шарасынан шыққан Ботагөздің көзіне дүние қызық, өмір тәтті көрінді. Өмірді қимаған ол, жалма-жан мойнындағы қылтұзақтың салбыраған бауына жармасып, жоғары көтеріліп дем алам ба деп еді, денесін көтеруге қолының әлі келмеді. Бірдеме ілігеріме екен деп аяғын тыпырлатып еді, ешнәрсе ілікпеді..
2
Қызылжарға барып, одан Омбыға барып, большевиктер ұйымын таба алмаған Асқар, Омбының қалалық управасындағы танысы арқылы, қолына Петроград барып қайтатын документ түсіріп тығыз жүріп кетті.
Петроградқа жетіп, Смирновты іздеп барса, Сібірге айдалып кетіп, сонда өлген екен. Булатов та сол 1913 жылы Асқармен бірге тұтқынға алынғаннан кейін, Сібірдің Туруханов өлкесіне жер аударылып, Сталинмен бірге болыпты да, биыл көктемде қашып кепті. Ол қазір жасырын атпен, саяси қызметте екен.
Булатовпен де, ол арқылы Петроградтың сол кездегі басшы большевиктерімен де сөйлескен Асқар, Россияның жалпы саяси халін ұқты, революцияның өрті дауылдап келе жатқанын көрді.
Большевиктер оған қазақтың еңбекші көпшілігінің көтерілісін басқаруды, ол көтерілісті, дауылдап келе жатқан пролетариат революциясына ұштастыруды тапсырды. Сол тапсырмамен қайтқан Асқар суыт жүріп, ел шетіне жетіп еді, Амантай қолының Итбайды өлтірген хабары, одан көтерілісті басуға шыққан жазалау отряды Амантай тобын қамап алғандығы естілді.
Асқар Ботагөзді сұрастырса, ол әлі «Степнякте» екен. Оның не халде екенін естіген Асқар жасырынып барып, ертіп ап, ретін тауып Амантай тобына қосылуды мақсат етті.
«Степнякке» ол түнделетіп салт барған еді. Күндіз баруға, я түнде болса да арбамен барса, көзге түсіп, білініп қалармын деп қорықты. Итбай тұқымы оны да іздейтінін естіді. Ботагөзді мінгізіп кетуге, бір салт атты жетекке алды.
Сүйтіп, түнделетіп сапар шеккен Асқар завод маңайына келген соң, шахталардан шығарылған тау-тау балшықтарды аралай, қаланы жиектей келе жатып, Ботагөз асылған ағаштың тұсынан дәл асылар кезде келіп шықты.
– Асқар!– деп дауыстап барып, қисық ағаштың бұтағынан қарғыған еді Ботагөз.
Осы дауыс, сол ағашқа деңгейлеп келіп қалған Асқардың құлағына сап ете ғап, оған: «ойпырай, Ботагөз болмаса игі еді» деген ой кеп кетіп, ол атын тебіне ұмтылды. Жетектегі ат тартынып еді, Асқар оны тастай беріп, үйілген балшықтың арасынан шоқытып шыға келді. Қараңғыға үйренген оның өткір көзіне ағашқа салбыраған адам шалына кетті. Зәресі кеткен ол шауып кеп тоқтай қалса, асылған адамның аяқтары, әлі жаны барлығына куә боп, ербеңдеп тұр екен.
Адамның денесі салт кісінің қолы жететін жерде екен. Асқар жалма-жан қалтасындағы бәкісін алып, асылған жіпті қиып жіберді де, босаған денені құшақтай аттан түсе ғап, мойынды қия қылғындырған тұзақты кере тартып, жазып жіберді.
– Бота! Ә, Бота!– деді ол Ботагөзді енді танып, бетін бетіне тақап,– дыбыс берші!..
Күткен дыбысын Асқар жарты сағат кезінде әрең алды.
Оған шейін ол тек бүлкілдей соққан тамырдан ғана дәмеленді.
Есін жиған Ботагөзден сұраса, патша өкіметінің жазалаушы отряды Амантай тобының ойранын шығарып, қырғыннан, қашқаннан қалғанын тұтқынға алған.
Енді не істеу керек?
Бұл сұрауды берген Ботагөзге Асқардың айтқаны:
– Қазақтан көп жігіт майданға кетті. Өзін, естіген жолдасым Булатов айтып еді: «егер еліңдегі көтерілісті патша армиясы басып тастаса, сен майдандағы қазақ жігіттердің арасына кел де, саяси жұмыс жүргіз» деп. Сен ренжімесең, мен соған кетем.
Ботагөзден рұқсат алған Асқар, оны ертті де қауіпті адамдарынан жасырынып, Қызылжар жаққа жөнелді. Ол жақта оның Ержан дейтін нағашысы болушы еді, Ботагөзді ол сол үйге қалдырып кетпек болды.
3
Амантай тобының тарау тарихы төмендегідей жағдайда болған еді: Асқар Петроградтан оралып келгенше, Меңіреудің ну қарағайына паналап, қолымды көбейте берейін деген Амантайдың ниетіне оны аулауға шыққан патша өкіметінің, әскері жеткізбегені, бұл жақтан ауатын болған соң, Итбайды өлтіріп кетпек боп, ол ниетіне жеткенін жоғарыда баяндадық қой.
Итбайды өлтіріп, әрі Ереймен тауына қарай сырғыған Амантай, өзі құраған қосындыға әр елден топ бастап келген жігіттерді жинап алып ақылдасты.
– Бұл арада жатуға болмайтынын көріп отырсыңдар,– деді ол,– жан-жақтан келген хабарларға қарағанда, әр жерден солдаттар жақындап жүрсе керек. Көкшетауға келген солдатты бастап Итбайдың баласы Сарыбас пен інісі Елікбай келе жатыр деген хабар алып отырмыз. Мынау Шарлақты басып, Омбыдан солдат шықты деген шапқын келді. Біреулер Ақмоладан солдат шықты деп айтады. Арам өліп жүрмейік.
– «Алла дегенмен жан қалмайды»,– десті шеттен келген жігіттер,– жалбарынғанмен аяр жау жоқ. Тұрғын елдің жігіттері өздері біледі: ерсін, ермесін.. Ал, біз, мына шеттен келген жігіттер, үйден қанды торсыққа құйып шыққамыз.
– Ал, ел жігіттері, сендер не айтасыңдар?–деді
Амантай, өз елдерінің басты жігіттеріне,– біреудің көңілі үшін ерімеңдер. Мен үшін атқа мінбеңдер! Сөздің басын ашып айту керек: ешқайсың тойға бармайсыңдар. Ертең бастарыңа қиын күн туса, менен көріп жүрмеңдер. Басыңды оққа байлап атқа мінесің.
Дүрмекке еріп жүрген ақсақалдардың біразы Амантайды ақыл айтып тоқтатпақ болды.
– «Басқа келген пәледен, бастан құлақ садаға» деген,– десті олар,– бұл, елге түскен бір пәле. Патшаға кімнің әлі келген. Онымен арпалысам деп талайлар мертіккен. Болысты өлтіргендерің әнтек болды. Енді қолмен істегенді мойынмен көтеру «ерек. «Еркек тоқты құрмалдық» деген. Бірер азаматтың басын қорғаймын деп, артта қалған – еңкейген қарт, еңбектеген жастың көзінің жасы, мұрнының боғы, обал-жазығы мойындарыңда қалып жүрмесін. Тіл алсаңдар тараңдар, жарықтығым.
– Мен айттым, айтатынымды!– деді Амантай түрегеп.– Ал, мен атқа міндім, бозбала!.. Ергенің ер, ермегенің қал!
Аты байлаулы үйге Амантай жігерлі адыммен барды да, көкқасқа атқа мініп:
– Ал, Бүркітбай!–деді айқайлап,– мен сонау жотада көрінген жарқабақ тасқа барып ту тігем, әкел туды!..
– Ақсақал, ту әзір емес те,– деді Бүркітбай.
– Неге?
– Тудың түсі қандай болатынын ақылдасамыз деп еді ғой жұрт. Мен соған қарап жүрмін.
Амантайдың есіне Асқардың «қызыл ту тігейік» деген сөзі түсті. Неге ол «түсті» ту тігу туралы айтқан Асқардың сөздері көңіліне ұялаған Амантай жауап күтіп, кескініне үңілген Бүркітбайға «Қызыл ту!» деді.
Бүркітбайдың қойнында туға арналған екі еннен құраған, ұзындығы үш кезден артық, бір ақ жібек, бір қызыл жібек бар еді. Амантай «Қызыл ту» деген соң, Бүркітбай қызыл жібекті қойнынан алып, ұзын құрықтың басына бір шетін кере байлап, туды Амантайдың оң қолына ұстата, атқа мінді.
– Ал, мен кеттім!– деп Амантай туын желбірете, атын тебініп жіберіп, тарта жөнелді.
Нысанаға алған жотасына жеткенше, Амантай артына қараған жоқ. Көкқасқа ат семізден жарап, бабына келіп жүр еді. Бұл жолы шабысқанда ол құс боп ұшып келе жатқан тәрізденді «Ер қанаты – ат» деген мақалды иманындай көретін Амантай, арттағы желді алдына шығарып, алдынан соққан желге жалы тік тұрып, кеудесін көкке көтере, тұяғын топыраққа қашай сала, аузын арандай аша, ақ көбікті езуінен бұрқырата сілтеген Көкқасқа атқа жан-тәнімен разы болды.
Көз ұшында көрінген жартасқа қалай жеткенін Амантай сезбей ғап, аттың қызу шабысымен жартасқа ту тігем дегенін ұмытып, қасынан ағып етіп бара жатты да, «тоқтайды екем ғой» деген ой түсіп, аттың тізгінін тежеп барып, жартастың арғы жағынан ойысып бұрылды. Артында құйрық тістесе «еле жатқан салттыға Амантай көз қырын салып еді – Темірбек екен. Астында Итбай тартып алған Балтабектің Қоянкөгі. Одан кейін келе жатқандардың қанша жан екенін шаңдақ көрсетпеді.
Амантай жартастың қасына кеп секіріп түсіп, атын Темірбекке ұстатып, текшеленген тастың төбесіне өрмелеп шығып, екі тастың арасындағы бір жарыққа тудың сабын қадады.
Осы кезде сатыр-күтір шабыспен артында келе жатқан топтың алды жартастың маңайына үйіріле бастады. Аттанған жерлері онша жырақ болмағанмен, жартастың айналасына жігіттер биенің екі-үш сауымы кезінде зорға жиналды. Содан кейін әр жақтан бірен-саран бытыраңқы келе жатқандарға қарамай, күні бойы тастың үстіне шегелегендей тік тұрған қалпынан қозғалмаған Амантай: шоғырланған топты мөлшерлеп, «шамасы 30–40 мыңдай барсын,- ау!» деп жорамалдады.
– Ал, жұрт!– деді Амантай бір кезде айқайлаған дауыспен,– бүгін осы маңда қонамыз да, ертең таң сәріден Ерейменге беттеп тартамыз. Бүркітбай, бері келші! Сенька, сен де кел бері!
Үстіне жүк тиеген түйелердің алдында тұрған Бүркітбай мен Сенька жартасқа өрмелеп, Амантайдың қасына барды.
– Қару-сайманның қағазы сенде еді ғой, Сенька,– деді Амантай,– оқышы, мына жұрт естісін, не қару барын. Қазақ тілін жақсы білетін Сенька қару-құралдың тізімін қалтасынан алды да, оқи бастады:
– Орыс винтовкасы – жетеу, бытыра мылтық – жүз он екі, шиті мылтық – сексен үш, екі наган бар. Он бір алты атар бар...
Ар жағында атар мылтық болмаған соң Сенька кідіріп қалып еді.
– Неге бөгелесің?– деді Амантай,– оқи бер. Бізде мылтық соғатын завод жоғын жұрт білмей ме? Әр жерден қайыршының бақырындай жинаған мылтықтар емес пе? Оқ қанша?
– Шамасы бес жәшіктей винтовка оғы бар. Заводтың дүкенінен талаған он жәшік қорғасын оқ бар. Жарты пұтқа жақын кесек қорғасын бар. Ішінен қорғасынын жарып алатын бір қаптай балалардың сақасы бар.
– Әлгі бір алтын заводында, жер астының тасын сындыратын бірдемелер бар еді ғой?
– Одан екі жәшігін қолға түсіріпті ғой. Егер, атуын білсек.
– «Басы қаранын, бәрі игі»,– деді Амантай,– қолда бары жақсы. Қысылып бара жатсақ қалай ататынын білеміз.
– Ендігі қару,– деді Сенька күліп, оқыған қағазын бүктеп, көпшілікке,– өздеріңнің қолдарыңдағы қамшыларың мен сойылдарың, сойылға шанышқан істік темірлерің, белбеулеріңе қыстырған айбалталарың.
– Егер қолма-қол келтірсе, осы сойылмен де қырып шығамыз!– десті жұрт шу етіп.
– Ал жігіттер!–деді Амантай таудың, тасқа қадаған сабын суырып, шыңнан түсуге ыңғайланып,– күн кешкіріп қалды. Сонау бір қырдың астында көгалды жер болушы еді. Соған барып түнейік. Бүркітбай, сен жылқы жаққа бар. Қоналқы жаққа қарай айдат жылқыларды. Түйелерді Темірбекке бер, сол жетектесін. Қолайымен сиырларға да бақташы тап. Қару-құралға, Сенька, сен ие бол!
Көтерілісшілердің Байсақал тұқымы бар, басқа байлар бар – барымталап алған малы: он мыңдай жылқы, мыңға жақын түйе, бес-алты жүздей ту сиыр мен өгіз, төрт-бес мың қой еді. Бүркітбай соларды жайғастыруға кетті. Биіктігі аташ бойындай жартастың текшеленген қырларына аяғын қадай басып, төмен түскен Амантай, атына ырғып мініп алды да:
– Ал, тарттық, Ереймен тауына!– деді.
– Тарт! Біз артыңда!– десті жұрт.
Ерейменге беттеп аттанған алғашқы екі күнде, артымыздан қуғыншы жетіп қалар деп, Амантай суыт жүргендіктен, семіз айғырлардан бесеу-алтауы ыстық күнге түтігіп өлді. Кенже туған құлындар болдырып, жүруге жарамады. Қара мал тіпті кейін қалды.
– Бұл жүріспен отырсақ, малдың көбі қызыл май боп бүлінеді. Жан-жаққа шалғыншы сала отыра, алдымызға қарауыл, артымызға тосқауыл қоя отыра, енді малдың жайына қарау керек десті жұрт.
Бұл сөз ақылына қонған Амантай малдың бабына қарап, күн ысыған соң қозғамай, таң салқынымен, кешкі салқынмен көшіп, түнде малды да, жігіттерді де ұйықтатып, күніне жақсы бір көштік жерден артық жылжыған жоқ. Бірақ мықты атпен, сенімді жігіттерден сайлап алып қарауылды, шолғыншыны, тосқауылды мықтап қойды. Тосқауыл артында бір кеш жер қалып, қарауыл алдында бір көш жер жүріп отырып, шыңдауыл қос маңындағы биікке шығып қарап, шолғыншылар екі қанатты айнала, бір көштік жерді күнінде әлденеше рет ,орап шолып отырды.
«Қай жақтан жау кеп қалады?» деп сескенген ет жүрек, бірер күннен кейін жасанған жау кездесе қоймаған соң басылды.
– Әйтеуір жылқының бабына қарап айдайтын болғасын,– десті жігіттердің кейбіреулері,– биені қосақтап, жолшыбай қымыз іше отырайық.
– Ноқта, желіні қайдан табамыз, көнек, торсық та жоқ, ашытатын қор да жоқ,– дегендер болып еді, Амантай қарсы болмағаннан кейін оның бәрі де табылды. Тіс қаққан сақа жігіттер бұл жайды күні бұрын ескеріп, желі, ноқтаны елден ала шыққан екен.
Қымыз да, ет те, өзге тамақ та болып жатты. Жүре бара қару-құрал да қосылуға айналды. Сенька «темірдің тілін білетін» жігіт екен. Мылтықтың ұңғысын қолдан құйып, ішін қолдан бұрайтын өнер шығарды ол. Оқ құятын қалыпты да ол қолдан жасады. Оның бұл өнерін көрген соң, Амантай оған көшпелі көрік жасап, қару-құрал істеуіне бір топ адам бөлді.
Әскерлік өнерден хабары жоқ Амантайға бұл мәселеде ақылшы болған – фельдшер Потапов.
– Егер,– деді :ол Амантайға,– патша әскерімен соғысар күн туып қалса, жапа-тармағай сапырылысып қамшы соғатын ауыл төбелесіндей болмайды ол. Оған әскерлік айла-әдіс керек.
Одан әрі Потапов Амантайға әскерлік қосын қалай бөлінудің, соғыс өнерін қалай үйренудің әдісін айтты.
– Бұның бәрі ойға қонады,– деді Амантай,– бірақ үйрететін кім соны?
Потаповтың тілі ғана болмаса, әскерлік ойынды бастауға білімі жоқ екен. Бұл топқа араласып жүрген қырық-елуден орыс пен татар солдаттарынан қалың топты басқаруға ешқайсысы жұлқынып шыға алмады. Аз адамды бөлімшені әрқайсысының үйреткісі келеді, көпті басқаруға жүрексінеді.
«Кім басқарады?» деген сұрау туғанда, көпшіліктің аузына Ташбулатов Тұхфатолла деген башқұрт жігіт түсе берді. Ол офицерлік курсты бітірген және соғыста болған екен. Майданда жараланып жазылғаннан кейін, демалысқа Көкшетау оязындағы Имантау станциясына келген; ол большевиктік үгіт жүргізем деп көзге түсіп қалады да, тұтқындалу қаупі туған соң тауға тығылып, біртіндеп отырып Амантай тобына қосылады.
Амантай оны үш себептен жақсы «өретін еді, біріншіден, өтірігі, жалғаны жоқ, шыншыл адал жігіт; екіншіден, патша үкіметіне, байларға қаны қас; үшіншіден, соғыста әскер басқарған жігіт,– ротаның командирі бопты.
Осы жайларын айта кеп, бастығы Амантай боп, топты басқарушы адамдар одан командир болуын өтінгенде, Ташбулатов шынын айтты.
– Мыңдаған қолды басқаруға менің тәжірибем де, білімім де жетпейді,– деді ол,– мен тек, білген мөлшерімде, Амантай ағайға ақылшы ғана бола алам.
Ташбулатовтың және басқа білемін деген адамдардың ақылымен Амантай соңына ерген адамдарды мыңға, жүзге, онға бөліп, әрқайсысына тағайынды, сенімді адамдардан бастық қойды. Ең алдымен сол бастықтардың өздерін әскерлік өнерге үйрету керек. Бұл жұмысты басқаруға Ташбулатов қарсы болған жоқ.
Күндер өтіп жатты. Асқардан хабар келгенше Ереймен тауына бекіне тұруға беттеген Амантай тобы қолдан келген қаруын даярлап, шама-шарқынша әскерлік өнерін үйретіп жүріп жатты...
Бірақ Асқардан хабар жоқ. Қайда жүр ол?.. Не бітіріп жүр?.. Әлде қолға түсіп қалды ма?.. Осы ойлар Амантайдың да, оның серіктерінің де басын даң қылады...
Тиыштық болса бір сәрі-ау!.. Жан-жаққа жұмсаған жансыздар, тұс-тұстан бұл топты қусырып келе жатқандығын хабарлайды. Бұл құрсау, Ереймен тауына бекінуге мүмкіндік бере ме, жоқ па,– о да бір шиеленіп бара жатқаң сұрау...
Сондай ауыр ойлы күндердің біреуінде Ереймен тауын деңгейлеп барып түнеген Амантай тобы түнді еңсеріп барып ұйқыға кетіп еді:
– Жау, жау!– деген хабар ду ете түсті.
Амантай да бұл кезде қалғып кеткен еді. Бірақ оның еншіге алған қару-сайманы қасында, киімі үстінде еді. Дуылдаған дауыс құлағына тигесін ол, орнынан атып тұрып саймандарын асына, киіз қостан шыға келсе, таң ағарып қалған екен. Қасындағы қостың бірінен Ташбулатов, бірінен Темірбек бері қарай жүгіріп келеді. Айнала у-шу, азан-қазан... сапырылған, жүгіріскен халық... Осы кезде сапырылған топтың арасымен астына Итбайдың ақ бақай жүйрік қарагерін мінген Бүркітбай қылт ете түсті. Өткен кеш ол ілгерірек қарауылға кеткен еді.
– Уа, немене?– деді Амантай Бүркітбайға.
– Бес жігіт!–деді ол ентіге сөйлеп.– Тан, біліне, бір жартасты бетке ұстай ілгері баратыр ек, тегі салдат-ау дейміз, Ереймен жолымен .беті бері қарап келе жатқан бір көп адам қонып жатыр екен. Қапы болмайық деп екі жігітті тастап, соның хабарын бергелі келдік...
– Шамасы қанша жер?
– Он бес, жиырма бар ма дедім...
– Ә, онда саспайық, жина қос-қостан басты жігіттерді. Бүркітбай жортып жүріп, басты жігіттерді жинап әкелгесін, Амантай кеңес құрды.
– Көп сөзге уақыт тар,– деді ол,– сақтықта қорлық жоқ. Бейқам болмай жиналайық. Бірақ, жігіттер, естеріңде болсын, жау бола қалған күнде, үрейленіп берекелеріңді кетірмеңдер. «Тозған қазды топтанған қарға жейді». «Қашқан жауға қатын ер». Бет бір қайтқасын жау маңына отырғызбас. Шу дегенде қимылдап қалайық. Бетін бір қайтарып тастайық.
– Дұрыс! дұрыс!–десті жігіттер.
Қысқа уақыт ақылдасып, басты жігіттер мен Амантайдың келген қорытындысы мынау болды: «тағы да шолғыншы жіберіп, анығын білейік, егер жау екені рас болса, алдымызға жылқыны сала шабуыл жасайық, бетін қайтарайық!..»
– Сөз осы, ал жігіттер, аттарыңды қамдаңдар!– дегеннен кейін, жүз басы жігіттердің бәрі қос-қосына барып, өз қарамағындағыларды түгелдеп, аттарын әзірлетті. Тәуір мылтық атаулы, іріктеліп шыққан жүзден аса мерген жігіттерде еді. Олар Ташбулатовтың қарамағында. Өзгелерінің, көбіне үлестіре келе, сойыл мен найзадан басқа қару тимеді.
Жүз-жүзден шоғырланып аттанған жігіттер, Амантай қосын айнала қоршаған кезде, туды Темірбекке ұстатып, Амантай да атқа мінді.
– Анығын білуге Бүркітбайды тағы жібердім,– деді ол топқа,– жылқыға да кісі кетті. Біз енді сонау алдыңғы бетіміздегі бұйратқа барып хабар тосайық, егер жау болса, бекініс мықты жер. Ең алдарыңа мен түсейін. Менен кейін мергендер жүрсін. Темірбек, сен менімен қатар жүр. Жүкке ие жігіттер кейінірек жүрерсіңдер.
Әскерше қаз-қатар тізіліп, жерді қайыстыра бұйратқа қарай беттеген топтың алдына Амантай мен Темірбек түсіп, топ созыла тартты.
– Солдат!– деді Бүркітбай жігіттер бұйратқа сіңген кезде оралып кеп,– бізді біліп келе ме, білмей келе ме?
Әйтеуір, жер қайысып келе жатқан қалың қол.
– Қанша бар екен, шамасы?
– Кім білсін. Әйтеуір көп.
– Алыс жерде ме?
– Алыс емес. Он шақырымға жетпес.
– Ендеше, Бүркітбай, сен жылқыға шап. Ана бір белестің аржақ етегінде жатыр. Кісі кетіп еді. Сенің баруың жол. Ойыстыра, алдымызға ұстай айдаңдар!
– Жарайды!– деп Бүркітбай шаба жөнелді.
– Ал, жігіттер,– деді Амантай, қоршаған жігіттерге,– «жау аяған жаралы қалады». Өлер, я тірілер жер келді! Саса көрмеңдер, аянбай қимылдаңдар. Кәзір саспаңдар. Аттың таңертеңгі шабысы жер-дүниені басына көтереді. Жортақпен ғана жүрейік. Жау сезбесін. Қапысын табу керек. Осы бұйраттың арғы шетіне кіргізбей тосайық. Амантай алдына түскен топ, бұйраттың арғы жақ шетіне барып бекінген кезде, көлденең сайдың біреуін бойлап жылқылар да келді.
– Бұл бұйрат бізге жақсы бекініс,– деді Амантай басты жігіттерді жинап алып,– шама келгенше жауды ішіне кіргізбейік. Олардың қарауылы ендігі бұйратқа кіруге жақын шығар. Біздің тосқанымызды сезбесе, олар қапыда ұрылады. Жүретін жалғыз жолы осы. Жолға тосқауыл қойып, қарауылын атып түсірсек, қаннен-қаперсіз бұйратқа келіп қалады. Сол кезде жылқыны алға сала, кенеттен шабуыл жасап, берекесін алу керек. Егер олар бұйратқа таласса, мергендер даяр болсын. Жолдың екі жағын ала, бытырай аңдып жатсын.
– Дұрыс!–десті жұрт.
Оңтүстіктен солтүстікке қарай созылған бұйраттың ұзындығы 50–60 шақырымға кететін еді де, көлденеңі бес-алты шақырымдай еді. Әр жерінде текшеленген тастан өскен биік шыңдар бар. Бұйраттың күншығыс жақ шетінде ортасын жарып жол өтетін қақпа сықылды шың тұрушы еді, сол шыңның екі жақ қабырғасына Амантай өзі барып мерген жігіттерден тосқауыл, басына шыңдауыл қойды. Шыңның ішкі жағындағы алаптау бір жерге жылқыны иіртті. Содан кейін шыңға шығып қараса салт әскерлер шоғырланып, лек-лек боп келеді екен. Арт жағында шұбалған арбалар. Түрлеріне қарағанда бұйратта тосқан адам барын аңдамаған сықылды. Жер шамасы бұйратқа алты-жеті шақырымдай бар. Жан мөлшерін, Амантай, алыс болғандықтан ала алмады. Бірақ көп көрінеді.
Бұйратқа бес-алты шақырым жер қалғанда, келе жатқан әскерден үш салтты бері қарай шыға шапты.
– Ал, мергендер!–деді Ташбулатов,–қарауылы бері қарай шықты. Қақпа шыңынан өткізе беріп атайық. Үшеуіне үш оқтан артық шығармаңдар. Біреуін мен өзім атам.
Қарауыл солдаттар қауіп-қатерсіз бұйратқа шауып кіріп, шын, қақпадан ете бергенде Ташбулатов біреуін, екі мерген екеуін атып түсірді!
– Жол болды, ырым жақсы!–деді Амантай,– күн тымық. Мылтық дауысы қатты шықты, естуі мүмкін. Ал енді, сақтанайық.
Амантай шың басына шықса, арба маңындағы әскер манағыдай емес, көбейін және тәртіптеліп, шоғырлана бастаған екен. Алды тоқтап тұр.
– Мылтық дауысын естіген екен!– деді Амантай шыңның етегіндегілерге.– Жан-жаққа хабарлаңдар, сақ тұрсын.
Амантай бір тасты бетіне ұстай, шың басында әскердің қимылын бақылап тұр еді, алдыңғы жағынан лек-лек боп салттылар бұйратқа қарай шоқыта тартты. Амантайдың жүрегі аттай тулады. Денесі бір суыды, бір ысыды. Жүректен ытқи тепкен қан, біресе секіріп басына шықты, біресе сарқылып төмен құйылды.
«Ә, жасаған!–деді ол бойы дірілдеп,– абұйыр бере көр!..»
Аздан кейін Амантай буынын бекітті. «Бастап жүрген мен сасқанда, өзгесі қайтеді?– деп ойлады ол,– не де болса болды. Енді қайрат керек!»
Бұйратқа үш шақырымдай қалған кезде, атты әскер қылыштарын жалаңаштап, уралап ат қоя шапты.
– Ал жігіттер!– деді Амантай шыңнан жүгіре түсіп,– тықсырыңдар жылқыларды шыға беріс ауызға!.. Келіп қалды. Тез айдап шығыңдар қаптатып!..
Мың шамалы бір бөлек жылқының жан-жағынан зырылдауық тартып, құрық үстіне құрық салып, қиқулап үркітіп, жігіттер бұйраттан шауып шыға келсе, солдаттар бұйратқа шақырымдай ғана жер қалған екен.
Жан-жағынан айқай шыққан, іріктелген жылқылар шаңды аспанға көтеріп, алдына қарай дүркірей шапқанда, күтпеген жерден алдынан мұнша топ кездескен әскер, кейін қарай жапырылды.
– Жылқы екенін білмеді!– деді, жылқылардың артын ала қаптап шауып келе жатқан жігіттеріне Амантай,– ал, тартыңдар, жігіттер!
– Тартыңдар, жігіттер!–деген дауыс жан-жақтан шығып жылқылармен араласа, әп-сәтте Амантай тобы солдаттарға араласты да кетті.
Солдатқа араласқаннан кейін маңында не боп, не қойғанын Амантай көпке шейін білген жоқ. Винтовканың біреуі оның мойнында еді. Елу-алпыстай оғы бар еді. Қызу соғыс басталғасын «оқты шамалаңдар!» деген сөзі есінен шықты. Оғының тиген тимегеніне қарамай атып, ол лезде тауысты. Қолма-қол төбелесте оның басына қылыш тиді. Бастан сорғалаған жылы қан, көзін жабатын болғасын, ол бір қаға берісте көйлегінің алдыңғы өңірін, қолын тығып жіберіп, суырып жыртып ап, басты айқара қатты таңды. Содан кейін қан саябырлаған тәрізденді.
Бір кезде Амантай жан-жағына қараса, өз кісілері сиреген сықылды, жау бірыңғай сабын түзеп, ұрысуға айналған сықылды. Жау жақтан сатыр-күтір атылып жатты. Жігіттер бұйратқа қарай жапырылып қашып барады.
«Жігіттерден қалып, жауды жеңбеспін, енді есті жинап алып көрейік» деген оймен, Амантай жігіттердің артын ала шаба жөнелді.
«Мал да, адам да біраз шығын болған екен!» деп ойлады ол, атын борбайлап, бұйратқа беттей шауып бара жатып.
Артынан жаңбырдай жауған оққа ол саспады. Бір кезде жауырыны шымыр ете түскенге «оқ тиді ме?» деп сол қолын қолтығына тығып жіберіп еді, жып-жылы қан білінді. Оған қарауға уақыт болмай, Амантай ілгері шауып келе жатыр еді, көзіне алдыңғы жағынан желбіреген туы түсті.
«Ә,– деп қуанды ол,– ту жығылған жоқ екен!..» Жігіттердің артын шала бұйратқа кіре берген Амантай артына қараса, жау жырағырақ екен, бірақ ұрандап шауып келеді.
– Мергендер!– деп айқайлады ол кезде Ташбулатов,– ал, қимылдаңдар!
Мергендер аттан түсе-түсе, бір-бір тасты бетке ұстай жүгіріп, мылтықтарын құра-құра отыра қалысты.
Ұрандап, қылыштарын жалақтатып шауып келе жатқан солдаттардың алды бұйратқа кіре, мергендердің оғынан аттан құлап түсе бастады. Оннан аса солдат оққа ұшып жығылғасын, қалың әскер кейін жапырылды. Бірақ қашан оқ жетер жерден алыстағанша, мергендер атудан тыйылған жоқ. Атқан оқты далаға жіберген жоқ. Соның бірі – Амантай.
4
Қасына Ботагөзді ертіп жолшыбай түнделетіп жүрген Асқар, Ержанның үйіне таң біліне келіп, Ботагөзді сыртқа тастап үйге кірді.
– Бұл кім?– деді біреу қара көлеңке үйдің ішінен, Асқар есікке басын сұққасын-ақ.
– Мен Асқар!–деді Ержанды дауысынан таныған Асқар, «жобалап келуім келу-ақ екен!» деп ойлап.
– Не дейді, жаным-ау!.. Асқар?..– деп Ержан көйлек-дамбалшаң төсектен домалай түсіп, көзін уқалай, Асқарды қаусыра құшақтап бауырына қысты.
Ержанның әйелі – Айжан, мінезі еріне үйлес, бауырмал, сыпайы адам еді. Шымылдық ішіндегі жеңіл киімдерін үстіне тез іле салып, о да шыға келді.
Ержанның төсіне төсін тақап құшақтасып біраз тұрып мауқын басқан Асқар, құшағын жазып, Айжанға қолдасып амандасты.
– Түндік ашайын!–деді Айжан, амандықтан кейін, далаға шығуға ыңғайланып.
– Қасымда кісім бар еді,– деді Асқар.
– Ол кім?
– Бір әйел.
– Не әйел?– деді Ержан таңданғандай дауыспен.
– Бір қыз.
– Неге күмілжіп тұрсың? Әлде, қыз алып қашып келдің бе, қайырлы болсын, онда!
– Алып қашып келгем жоқ. Жай бір жолаушы адам. Бірге келе жатқан.
Ботагөздің мән-жайын Асқар жата-жастана айтқысы келді.
– Кім болса ол болсын,– деді, «жас жігітке қыз жайдан жай еріп жүруші ме еді?» деп ішінен күдіктенген Ержан,– Айжан, түндік аш та, Асқардың серігін үйге алып кір. Бар, тез!..
«Келіншек алып келгенін Асқар жасырып тұр» деп ойлап, Айжан далаға шықса, пар атты арбаның қасында: сұңғақ бойлы, қоңыр киімді, әдемі қараторы қыз тоңазығандай бүрісіңкіреп тұр екен. «Келіннің бетін кім ашса сол ыстық» дейтін еді,– деп ойлады Айжан,– бетінен сүйейінші!».
– Денің сау ма, шырағым?–деп Айжан Ботагөздің қасына келді де, екі бетінен кезек сүйді.
Ботагөзге Айжан Айбала сықылданып кетті. Көптен бері мұндай жылы ұшыраған адамды көрмеген оның есіне Айбала түсіп, көзіне жас келіп қалды. Бірақ бұрын танымайтын адамның алдында жылауды ерсі көріп, көзінің жасын, бетін теріс бұрыңқырап сығып жіберіп, жылағанын сездірген жоқ.
Бұл кезде таң атып қалған еді. Айжан түндікті ашып, Ботагөзді ертіп үйге кірді.
– Денің сау ма, шырағым?–деді Ботагөзге Ержан, ішінен: «ә, жолдас болуға жарайтын бала екен, өмірлі болсын!» деп ойлап.
– Шай қояйын ба?–деді Айжан Ержанға.
– Жоқ, қоймаңыз,– деді Асқар,– бұл кісі,– деді ол Ботагөзді иегімен нұсқап,– өте шаршап келді, төсек сап беріңіз, дамылдасын. Ержан екеумізге төрге көрпе-жастық тастаңыз, қатар жатып кеңесейік, біраз сөздер бар. Айжан Асқардың айтқандарын түгел орындап далаға шығып кетті. Арба соғып, әрі ұйқысы қашып, кірпігі қатып келген Ботагөз, бір қабат киімімен кереуеттің бас жақ қуысына салған төсекке қисая салысымен ұйқыға кетті.
Ержанмен қатар төрге жатқан Асқар, Ержанға жолшыбай көрген машақатын, жүрген жол мәнісін түгел баяндады.
– Амантайды естіп ек!– деді Ержан,– бұл жақта даңқы өте күшті. Осы елден Амантайға қашып кеткен жігіттің біреуі өткен түні қайтып келді. Ерейменнің бір жағында Амантай тобына кеп солдат кездесіп, үлкен соғыс болыпты. Қазақ жағы тауды паналай соғысқан екен, екі жақтан да көп адам шығын болса керек. Солдат жағынан көбірек өлген көрінеді. Ылғи мерген жігіттер тасты бетіне ұстай атысып, көп өлтіріпті. Атыс басталғаннан кейін қазақ жігіттерінің біразы қорқып қашқан екен, мына жігіт те қашып кепті.
– Бұл елден көп кетіп пе еді?
– Екі-үш жүзге тарта жігіт кетіп еді. Қашып келгені жалғыз осы.
Амантай тобының одан кейінгі жайы не болғанын біле алмай тиышсызданған Асқар, бұл жақтағы елдің халін сұрады.
– Несін сұрайсың,– деді Ержан,– қалаға жақын ел тырп ете ала ма? Басында қопаңдап көтерілген болып еді, Қызылжардан солдат шығып, елді қиратып ұрып, малын талап, әйелін басып, қарсыласқанды атып шыдатпауға айналғасын, атқа мінген азамат атынан түсіп, нәлет қамытқа мойнын ұсынды. Болыс, билерден де нысап, ар-ұят кетті. Мына Сарыайғыр болысының болысы Бекен деген еді. Осы араның болысы – Қабылдың Нұғманы. Аңдағұл болысының болысы Қанқожаның Ысқағы. Ырсай болысының болысы Сүлейменнің Сұрағаны. Дұрыс күннің өзінде қан қақсататын жебір мұндарлар еді, елді мына жұмыстан кейін сүліктей сорып барады. Параны жасырып алуды қойды, ашық алады. Қабылдың Нұғманына жүзден артық ірі қара кірді. Ақша қаптап жиналған шығар. Аз уақытта саудасы көтеріліп жүре берді. Біздің болыстың писарі Жәшке дейтін крешін еді. Жақын арада осы Есіл бойындағы Дәнежін қаласында біздің болыстың жігіттеріне прием болып, сонда жұрт жағасын ұстады.
– Неге?
– Өз жасында бір жігіт болсайшы!.. Ауқатты адамнан бір жігіт іліксейші!.. Приемға іліккен ылғи қу кедей, жетім-жесірлер, жақтайтыны жоқтар. Елудегі, қырық бестегі кедейлер –25-те, 30-да боп жазылыпты. Он алты, он жетідегі кедейдің балалары 20–25-те боп жазылыпты. Не деген сұмдық!.. Мынау бізге көрші ауылда 45 жастағы бір қойшы нашар адам бар еді, үй-күйі жоқ, өмірінде жалшы боп келе жатқан. Соның жасы тізімде 27-де боп шықты. Осы ауылда бір жесір қатын бар еді, байы отыз жасында өліп, қолында үш жасар жалғыз ер баласы қалып, күн көрісі нашар болса да байға тимей, талай бейнетті бастан кешіріп, бейшараның баласы биыл он беске келіп еді. Сол баланың жасы жиырма бірде боп шықты деп естігенде, жүрегі жарылып кетіп сорлы опат болды.
– Апыр-ай, ә!..
– Прием дегенді кім көрген!– деді Ержан басын көтере түрегеп (Асқар да тұрды).– Адамның, иманы қасым болатын іс екен. Жаны қысылған жігіттер өздерін неше түрлі азапқа салған: саусақтарын балтамен шапқан, аяғының жілігін сындырған, көзіне біз түйреген жігіттерді көрдік. Приемщиктің алдында ауру боп көрінем деп иод, насыбай ішіп барып, аузы көпіріп құсып жатқандарды көрдік. У ішіп өлгендері де болды. Кейбір жігіттер әдейі Есілдің суына батып өлді. Азан-қазан жылау. Адамның жаны түршікті.
– Яп-пыр-р-р-ай!..
– Кем-кетік те жиналып баққан екен. Ақсақ, соқыр, таз, тағы сондай аурулар қаптап жүр. Жан қысылғанда адамнан ұят кетеді екен. Осы ауылда салсымақтау боп, домбыра тартып, өлең айтып, жақсы ат мініп, мырзаларға ергіштеп жүретін бір жігіт бар еді. Сол жігіт жарық ауру деп еститінбіз. Бірақ біреу өзіне солай десе ашуланып төбелесетін. Сол ұятты былай қойып крестьянский начальникке «жарықпын» деп арыз берді.
– Сонымен аяғы не болды?–деді Асқар, прием маңында болған қиянаттарды енді тыңдауға жүрегі айнып,– жігіттерден қаншасы алынды?
– Көп жігіт алынды. Бүгін үшінші күн, Қызылжарға айдап барып қамады. Жақын арада жөнелтсе керек. Жан қысылғанда адам малдан безеді екен. Жасым солдатқа іліккен соң бар күшімді төгіп болысқа пара беріп, жан сақтап қалған жайым бар, қанша отырғызарын кім білсін!
Асқар Ботагөздің мән-жайын Ержанға түгел айтты.
– Ә, солай де!– деді Ержан.– Оқасы жоқ. Әкелгенін, жақсы болған. Саған не деп мақтанайын. Алдағы күн көрсетер. Шыбын жаным кеудемде тұрып, мен бір тапсырған жұмысыңды орындамай қоймаспын. Өз басыңды уайымдамасаң, .мұны уайымдама! Жаным тірі болса, «қанаттыға қақтырмаспын, тұмсықтыға шоқыттырмаспын!»
Асқар мен Ержан киініп далаға шықса, үйдің сыртына жалғыз ат жектірген, үстінде полициялық урядниктің киімі бар, көзілдірікті, қылышты біреу түсіп жатыр екен.
– Мынау кім?– деді сескенгендіктен жүрегі тулай бастаған Асқар, мені ұстай келген екен деп ойлап.
– Жампейіс қой!– деді Ержан.
– Оның кім?
– Кейін айтармын. Қорықпа одан.
Ұрты солыңқы, қыр мұрын, ұзын бойлы, талдырмаш денелі, оң жақ көзі жасаураңқыраған ақ бұжыр жігіт, қылышын сол қолымен жамбасына қысып, аяғын жылдамдата баса, Ержанға, Асқарға кеп қолдасып амандасты.
– Қызылжардан шықтың ба?–деді Ержан оған.
– Ия.
– Ерте шыққан екесін. Жол болсын?
– Әлей болсын. Торанғұл жағына бара жатыр ем. Содан әрі бір есептен Көкшетау, Шортанды орап қайтуым мүмкін.
Жампейіс Асқардың денесін бастан-аяқ шолды да:
– Мына жігітті танымадық па?–деді Ержанға.
– Жүргінші жігіт. Бізбен ілік-шатыстау еді.
Жампейіс тағы да сұрау бергісі келгендей ыңғайланып еді, Ержан ұнатпаған белгі көрсеткесін:
– Қымыз бар ма, сусап келдім,– деп сөзін бөтен жаққа аударып жіберді.
– Не қылды, таң атпай сусап?
– Түнде ішіңкіреп алып ем. Пахмел керек боп тұр.
– Қымыз пахмел бола ма саған?
– Одан артық пахмел бар ма? Закуске жасайтын ептеп сүрін, болса, жеңгейге астыра қойсаң қарсылығым жоқ.
– Айжан-ай!– деді Ержан, бұл кезде түндікті ашып үйге кіріп кеткен Айжанға дауыстап.– Үйді жинашы тез!
– Қазір!
Аз уақыттан кейін бастарына шапан бүркенген Айжан мен Ботагөз есіктен шығып, үйдің оң жақ босағасын айнала берді.
– Үйге кір!–деді Ержан Жампейіске,– қатын қазір келеді. Сен сусындайтын қымыз бар.
Жампейіс үйге кіріп кеткенде Асқар мен Ержан тыста қалды.
– Мұның кім?–деді Асқар тағы да.
– Ояздың кеңсесінде істейді.
– Онысын өзім де біліп тұрмын ғой. Не қылған жігіт, бұл өзі?
– Мұның өзі былай жігіт: шыққан тегі мынау Қостанай жақ шеттегі, бес болыс керейдегі Көшебе деген ру. Әкесінің аты Омар. Омардың әкесі – Тілен би дейді. Әкеден жетім қалған үш ағайынды жігіт екен. Нұртайдың Мұқышы деген азулы бай ағайыны болып бұған көп тізе көрсетсе керек. Соған еті тірі неме кектеніп, ержеткесін Мұқыштың малын ұрлап, үйін күйдіріп ен, аяғында жақын адамының қатынын алып қашып осы Қызылжарға келді. Бала жігіт кезінде орыстың малын көп баққан екен. Орыс тіліне судай. Сол кезде ептеп орысша хат-қаламға да үйреніпті. Содан Қызылжар келіп, ояздың помощнигі Дүйсембай қажы Тұрановқа мән-жайын айтқасын, Дүйсембай қажы қызметке алған. Сол күннен әлі урядник. Оған шамасы төрт-бес жыл болды. Осылай қызметте жүре тұра, бұл осы елдің Мұстариза, Жетпіс сықылды атақты ұрыларымен байланысты. Қызылжардың ұрылары да бұдан сырын жасырмайды. Өзі ұрлық істемегенмен ұрылармен жемтіктес. Ал мұның сондай жаман жағымен бірге жақсы жағы: өзім деген жігітке ер көңіл. Астындағы атын түсіп беруге, жолдасын жауға бермеуге әлі келетін жігіт.
– Маған қадала қарауы жаман!– деді Асқар,– мен өзім урядникке ешуақытта сенбеймін. Ауытқып кетіп жүрмей ме, кәпір?..
– Жоқ, олай істемейді.
– Әй, білмеймін!..
Асқар мен Ержан далада недәуір уақыт кідірді. Түзге кеткен Ботагөз бен Айжан бұл кезде оралып келіп, Ботагөз есік алдында қалды да, Айжан үйге кірді.
– Сусын қанды!– деді Жампейіс Айжанмен далаға ере шығып, Ержанға қарай жүріп,– қымызың бал боп тұр екен. Шіркін, жеңгей-ай! Ұстаған асың алтын-ау!.. Неғып тұрсыңдар, далада?
– Бері келші!– деді Ержан, шөптесін жерге таман аяңдап Жампейіске. Жампейіс Ержанның соңынан аяңдағанда, Асқар кідіріп қалып еді,–сен де жүр, жиен!–деді Ержан артына қарап.
Үйден аулағырақ кәделі жерге барып отырғаннан кейін, Ержан Жампейіске Асқардың мән-жайын жасырмай түгел айтты.
– Өзім де біліп ем,– деді Жампейіс сумкасынан бір кішкене книжкасын суырып ашып, ішіндегі суретті көрсетіп,– мынау осы жігіттің кескіні шығар?
– Апыр-ау, қайдан білдің?!–деді Ержан таңданып.
– Біз білмейтін пәле бар ма? Білдік, қалай білсек те. Ол ол ма: менде осы жігітті ұстап әкел деген бұйрық бар. Өтірік айтады десеңдер оқып шығайын. (Жампейіс орысша жазылған қағазды оқып шықты). 250 статья дегеніміз,– деді Жампейіс книжкасын жауып,– патшаға қарсылық. Оның жазасы – атылу.
– Астапыралда!– деді Ержан шошып кетіп,– айта көрме, жарықтығым?..
– Патшаға қарсы шығу оңай деп тұрсың ба?
– Асқар, сен бара тұршы!–деді Ержан Асқарға,– Жампейісте бір оңашалау жұмысым бар еді.
– Оқасы жоқ.
Түсі сұрланған Асқар, түрегеп үйге аяңдап еді, кескіні қуқылданған Ботагөз тыста, босағада сүйеніп тұр екен.
– Неғып тұрсың?– деді Асқар қасына кеп,– ұйқың қанбаған ба? Өңің қуқылданғаны несі?
– Ұйқыны к,ойшы, тәйірі! Әлгі кім?
– Урядник.
– Ол неғып жүр?
– Үрейлене бермеші, Ботагөз! Жай жүрген біреу. Ержанның жақыны екен. Жүр, үйге кірейік!..
– Ал, Жампейіс!–деді Ержан, Асқар кеткесін,– «найза бойы қан жауса, шыдамайды туысқан» деген сез бар еді. Әлгі жігіттің мәнін айттым. Тым-ақ қатты сасып келіп отыр. Жұмысының бір ұшы сенде екен, не жақсылығың бар?
– Қайдан білейін, тетігі менде емес қой,– деді Жампейіс, салған жердей шоп етіп түсе қалмайын деп ойлап.
– «Ер мойнында қыл арқан шірімес» деген. Жақын бола жүре сатан салған бір салмағым. Сен маған бір жігітшілік көрсет. Мен де тірі жанмын ғой. Ұмытпаспын.
– Не қыл дейсің, сонда?
– Осынын, деласы бізде дедің ғой.
– Бізде. Бұрын Омбыда болады екен. Губернатор жуық арада осында жіберіпті. Тегі бұл жігітті осы Қызылжар уезінде деп естіген-ау деймін.
– Сен соны ұрлап алып бер.
– Ойбай, қиын ғой ол.
– Түк те қиыны жоқ. Анау күні «жігіт бермейміз» деуден басы кете жаздаған адамдардың ісін ұрлап әперіпсің ғой, терезеден түсіп. Бұл жолы да солай істе!
– Ел ақсақалдарының сөзін қимай, терезеден түсуін түскенмен, өмірде мұндай саспан!– деді Жампейіс, жасаураған көзін орамалымен сүртіп,– күндіз дело тұрған жерді көріп шығып, ұрлауға .келсем, есік алдында күзетші тұр екен. Ашпалы сыртқы терезенің біреуінің ілгегін күндіз әдейі ілмей кетіп ем. Тәуекелге бел байлап, терезе сыртынан басқышты қойып жіберіп, екі қабат үйдің үстіңгі қабатына өрмелеп шығып, жалма-жан күршегі ашық терезені тартып қап ем, ашылып кетті. Үйге сып беріп қарғып кіріп, сіреңкені тартып жіберіп, делоны қолтыққа қысып, ашық терезені жабуға әлім келмей, басқыш-масқышты қойып, тұп-тура жерге домалай қарғыдым. Терезе алдындағы жұрт жүретін тақтайға етпетімнен түсіп ем, мұрным бұзылып қала жаздады. Оған қарамай жыттым. Бір жақсысы – жан көрген жоқ. Өзімде зәре қалған жоқ. Енді дүниенің алтынын берсе ол істі істемеспін деп ант ішіп ем...
– Жоқ, сен тағы ,бір ерлік көрсет!
– Апыр-ай, білмеймін, Ержан...
– Білмейтін дәнеңесі жоқ. Менің екі дүниедегі тілегім болсын...
– Өлімге бар деген тілек бола ма? Мынауың өлім ғой.
– Сонда да... сұрағаныңды ал! Ашып айтайын: мендегі күміс ер-тоқымды сұрап ең ғой. Бермей көңіліңді қайтарып ем. Онымды кеш. Сар бауыр атты қоса берейін!..
– Апыр-ай...
– Түк апырайы жоқ. Сенің қолыңнан келеді. Екі дүниеде ұмытпаспын. Мен де тірі адаммын ғой, бір күніңе керек болармын.
– Жарайды!– деді Жампейіс ұзақ уақыт жер шұқылап ойланып отырып.– Болсын. Ұрлап әперейін. Атың да, ер-тоқымың да езіңде қалсын. (Ержанды сөйлетпей бөгеп.) Пара алатыным рас, бірақ мен көрсе қызар, боққа жығар емеспін. Бір еңбегімді саған сатпаймын. Есіңде болсын онымен бұл жігіттің соңынан қуғын қалады деп ойлама!.. Бұл анау-мынау емес. Көптен қуғында жүрген жігіт. Мұның соңына түскелі бес-алты жыл болды. Бұдан құтылғанмен бір жерде ұсталмай қоймайды. Оның манағы суреті жайылмаған жер жоқ.
– Не істе дейсің онда, бұл жігітке? Сенен артық ақыл табатын кісі жоқ қой.
– Ақмола облысынан оған кету керек.
– Қайда барады?
– Кәзір қазақтың оқыған жігіттері тіленіп, солдатқа алынған жігіттерге бастық боп кетіп жатыр. Соған барам десе, үйез бүгін қағаз береді.
– Үйез ұстамай ма, оны? Сурет оның қолында жоқ па?
– Уа, қайдан білсін үйез!.. Біз сорлы ғой көрімпаз. Ол керсе де танымайды.
– Онда жақсы екен.
– Әңгіме былай болсын: жігіт үйезге кіріп, паспорт алып, майданға кететін болсын. Содан кейін мен үйезге: бұл жігіт елде соғыста өліпті деген хабар апарайын. Үйезді сол хабар нандырғансын, деланы ұрлап алып, жігіттің көзінше күйдірейін. Содан кейін іздеу қойылады. Әйтпесе, мұны таппай қоймайды.
– Құлдығың кетейін, осылай істесең!– деді Ержан Жампейістің қолын ұстап қысып,– не дейін саған! Айтқаныңды істе. Содан кейін мені бір сына!
5
Таңертеңгі асын ішіп, Асқар, Ержан, Ботагөз үшеуі Қызылжарға жүргелі дайындалып жатыр еді, кескіні таныс бір жігіт кіріп келді.
– Мен сені қайда көрдім?– деді Асқар, жігітке амандасқасын.
– Амантайдың қасында көрген шығарсың.
– Сен қайдан жүрсің?– деді Асқар сабырсызданып. Жігіт оқиғаны бастан-аяқ баяндаса, оқиға былай екен: алдынан әскер шығып, Амантай тобы соғысқаннан кейін қорқақтар қашып кетіп, іріктеліп бес-алты мың ғана жігіт қалған. Осы жігіттер бірнеше күн тауға паналай соғысып алдырмаған. «Нағылса да Ерейменге өтейік» деп бір күні Амантай шабуыл жасап, жігіттердің жартысы әскердің бөгетін бұзып өтіп кеткен, жартысы шыға алмай қалған. Амантай өте алмай қалған. Содан кейін жан-жақтан әскер көбейіп қусырып әкеткесін, Амантай қаша соғысып, көп адам шығын боп, шегініп, Бурабайға одан Меңіреуге паналаған. Содан кейін ағашқа өрт беріліп, паналағандар түтінге қақалып, өртке күйетін болғасын амалсыз қашып қырға шыққан. Сол арада тосып жатқан әскер жігіттерді қырып, біразын тірі ұстаған. Тірі ұсталғанның ішінде Амантай, Темірбек, Бүркітбай бар. Амантайдың қолымен соғысқан әскердің бастығы Бурабай қаласындағы Кулаков дегеннің Петрімпордан келген әпесер баласы дейді. Омбыдан келіпті.
Бұл жігіт те бірге ұсталып Қотыр қаласында Амантаймен бірге қамалған екен. Қамалған үйлері қарағай үй екен. Соның сәкісін бұлар түнде қопарып, іргеден қашқалы жатқанда күзетші көріп қап мылтық атқан. Үй тола жігіттен осы жігіт пен және бір жігіт қана жаңбырдай жауған оқтың астынан қашып құтылып, өзгелері қалып қойған. Амантайдың құтылған-құтылмағанын білмейді.
– Қамауда жатып естіп жаттық,– деді жігіт,– өлген болыс Итбайдың Сарыбас деген оқыған баласы бар екен ғой. Сол жігіт прием басында отырып алып, әкемнің құнын төлейсің деп көрінгенді көзге шұқып қылықты қылса керек. Ұсталған күні Амантайды жұбапқа апарып еді, Сарыбас тергеушінің қасында отырып, тергеуші шығып кеткенде, екі урядникпен үшеулеп ұрып, өкпеге тепкілеп, мұрнынан қанын ағызып талдырып тастапты, Амантай қамалған үйге сүйемелдеумен зорға кірді.
– Жай солай болған екен,– деді Ержан, ләм деп жауап қатпай тұнжырап отырған Асқарға,– қайтесің. Амал жоқ. Уайымдағанмен болмайды. Бұл бір келген апат. Жампейіске уәделі күн бүгін еді ғой, жүрейік.
Асқар жауап берудің орнына Ботагөзге ойлы қараспен көзін төңкеріп, аз отырды да:
– Ержан ағай,– деді,– сіз сөкпеңіз. Бірге келген жолдасым ғой, Ботагөзбен ақылдасайын.
– Онда не сөгіс бар?
– Ботагөз, далаға шығайық.
Ауылдың сыртында сай бар еді. Соған Ботагөз екеуі барып отырғаннан кейін, Асқар сөз бастады:
– Көп сөйлеп қайтем, Ботажан,– деді Асқар ауыр күрсініп,– өзің білмейтін сыр да, оқиға да жоқ. Мен састым. Маған не ақыл айтасың? Менің дүние жүзіндегі досым енді Ержан мен сен ғана.
– Мен бала емеспін,– деді Ботагөз,– мен ауылдың надан қызы да емеспін. Мен аз болса да оң-солымды, жақсы мен жаманды айыру дәрежесіне жеткен адаммын. Біздің үйдің адамдары енді таусылды... Бұл маған өте ауыр қайғы. Бірақ қазіргі елдің, басына түсіп отырған ауыртпалықты ойлағанда, қайғыратын да орын жоқ. Кім жыламай, кім зарламай жатыр? Көпке бірдей түскен қайғы. Менің қайғым ол емес.
– Енді не?
– Маған ауыр болатын ой: сенін, аяғыңа оралғы болуым.
– Ол не дегенің?
– Халық мұңын жоқтайтын, халық үшін туған жігіт екеніңді білмейтін мен бала да, надан да емеспін. Халық ақылшы көріп, көзі ашық азамат деп, қысылғанда жол табады деп соңыңнан ергенде, халықтан бөлініп, жалғыз мені ғана қорғауын, маған қандай ауыр екенін сен өзің де ұғуға тиістісің.
– Өткен іске өкінгенмен бола ма?– деді, Ботагөздің бұл сөзіне ішінен қатты риза болған Асқар.– Өкінгенмен амал жоқ. Болар іс болды.
– Жоқ, әлі болар іс болып болған жоқ. Әлі болмаған іс көп. Жұрттың көксеген бостандығы әлі алдында.
– Ол рас қой бірақ сен қайтесің?– деп Асқар қынжылыңқырады.
– Асқар,– деді Ботагөз,– сен енді романтиканы қой. Енді мен біреу қолынан өлтірмесе, өз бетіммен қандай қиындыққа ұшырасам да өлмеймін. Көптің біріндей күнелтемін. Мынадай жайлы орынға орналастырдың. Сен енді маған қарама! Сенің бақытың жалғыз менің басыма байланған жоқ. Ердің атын жалғыз әйел ғана шығармайды. Сен енді бақытты өзің сықылды оқығаннан жәрдем күтіп, тарыққан кепті басқарудан ізде! Сен майданға аттан!
– Болды!– деді Асқар.
Кешікпей олар Қызылжарға аттанды.
Жампейіс Қызылжардың бай қазағының біреуі– Қарабалиннің қорасының ішіндегі екі бөлмелі, іші-сыртын сылаған қарағай үйде тұратын еді.
Сарыбауыр атты жегіп, Асқар мен Ботагөзді мінгізіп Қызылжарға іңірде кірген Ержан, ол үйге тура баруға батпады. Ержан Қарабалиннің үйінен ағып өтіп, Крайная көшесін бойлап отырып, сол көшеге, Есілдің құлай беріс жарына салынған Жампейістің жақын адамы – Сақтаған деген жігіттің үйіне барып түсті. Іңірде Сақтағанды жіберсе, Жампейіс үйінде екен.
«Астарың піскен кезде барам, қазір жұмысым бар еді», депті ол.
«Тамақсау неме, ет жегісі келген екен!» деп Ержан қасаптан ет алдырып, ет пісуге жақындағанда Жампейіс келді.
– Уәдем – уәде!– деді ол Ержанға,– үйезге бүгін елден келе: «Асқар Досанов деген патшаға қарсы болып, Амантайдың шайқасына қосылған учитель, соғыста оққа ұшып өліпті. Өлігін танып көмген кісілер айтты» деген сөзді естірттім! «Подлец, қолға түспеді-ау!» деп үйез кіжінді.– Нанса жақсы болған екен!–деді Ержан.
– Айтқаным – айтқан, Асқар!.. Делаңды ұрлап берем.
Жобалап қойдым. Ас піскенше алып келем. (Ол шығып кетті.)
Қонақтар Сақтаған үйінің шайын ішіп, етін піссе де кешіктіріп отырғанда, түн ортасы ауа бір қолтық қағазды құшақтап, Жампейіс жетіп келді де, «мә диялаң!» деп Асқардың алдына тастай берді.
– Уай, ерім, жарадың!– деді Ержан қуанғаннан ұшып тұрып.
Есікті бекітіп қойып папкаға тігілген қалыңдығы бір қарыстай қағазды үйдегілер ақтарып қарап еді, Асқардың төбе шашы тік тұрды: делоның бірінші қағазы, баяғы Асқар семинарияға түскен кезде басталған екен, содан бері аяқ басқан жерінің бәрі қағазға түсе беріпті.
– Ағай!–деді Асқар Сақтағанға, қағазды көре беруге жүрегі айнығандай болғасын,– ұлықсат етсеңіз, мен осы қағаздарды жағайын.
– Е, жақ! Сенен отты аяйды дейсің бе? Күйсін, құрғырлар!
Қазандағы етті түсіртіп, сорпасын қотартып алып, қазанға су құйдырып, Асқар делоны қазандықтың астына тықты да от берді. Шетінен от тиген қағаз, пештің ауа тартқан екпінімен гүр ете түсіп, дауылдап жанды. Жанып жатқан қағазға қарап тұрған Асқар, иығынан албастыдай басып жүрген салмақ түсіп, бойы жеңілденген сықылданды.
Ол күні ас ішіп тынығып, ертеңіне Асқар: «Майданға барып патшаға қызмет қылғым келеді, рұқсат сұраймын», деп, уездныйға арыз кіргізді.
– Молодец!–деді ол Асқарға, жылы ұшырап,– міне жігіт!.. Оқығандардың ішінде иттер де бар, мәселен, Асқар Досанов. Оны білесің бе?
– Жоқ.
– Мерзавец!.. Шошқа!.. Тірідей көрге көметін ит!..
250 статьямен айыптап, губернатор жан-жаққа телеграмма берді... «Ұстаған жерде ат!» деп. Қолға түссе қойдың мүйізіне бұрап тығар ем!.. Міне, маған губернатордың телеграммасы!..
Ұсынған телеграммаға Асқар қараса:
«Ұсталған жерде атылсын!» деп жазған екен губернатор.
– Ату керек!– деді Асқар түсін бұзбай,– патшаға қарсы кісіні аяп не керек?!
Уездный, полиция управлениясына: «мына қазаққа майданға баратын паспорт бер!» деп қағаз жазды да:
«Осыны қайда көрдім!– деп ойлады ол, Асқар шығып кеткесін, көзін есікке түйілте қарап отырып,– таныс кескін сықылды. Әлде алдап жүрген иттің бірі ме?..»
Уездный түрегеліп, комнатада ерсілі-қарсылы жүрді де:
– Ну, к черту его!– деді, столына қайта отырып.– Қайтем, көрінгеннен күдіктене беріп!..
БЕСІНШІ ТАРАУ
ТАҢ АТҚАНДА
1
«...Жанарал-губернатор тергегенде,
Қара жер солқылдатып басқаным-ай...»
Халық өлеңі.
Итбай өлгеннен үш күн кейін автомобильмен Омбыдан келген генерал-губернатор Сухомлиновтың жиналған жұртқа айтқан сөзі қысқа болды.
– Үкіметке қарсы бас көтергендер рақымсыз түрде қиратылсын! Ауылдарының күлі көкке ұшырылсын! Елге бастық болғандардың тірідей жонынан қайыс алынсын. Оларға оқ шығын қылмай аңдай азаппен өлтірілсін. Қазақ енді қайтып бас көтере алмастай болсын! Патшаға адал қызмет атқару үстінде қаза тапқан Итбай Байсақаловтың семьясының пайдасына осы арадағы бес болыстан жылына бес мың сом шығын берілсін.
Сухомлиновтың бұйрығымен Омбыдан шыққан азаптау отрядының бастығы –Алексей Кулаков, бұл бұйрықты бұлжытпай орындады.
Алексей Кулаковтың Петроградтан Омбыға келуіне азғана уақыт болған еді. Дүние жүзілік соғыс басталып, орыс дворяндары мен буржуазиясының «Патриоттық» ұраны күшейгеннен кейін патша ордасына жаны ашитындар, әсіресе монархистер Распутин мәселесін Николайдың алдына ашық қойған.
– Распутинді қу, оның адамдарын тарат!– деген олар. Николай бұл шартты шет пұшпақтап орындап, Распутинді Тобылдағы деревнясына жіберіп, оның «обществосындағы» гвардейский офицерлердің кейбіреулерінің чинін кішірейтіп, орын-орынға таратқан. Осы компанияға Алексей де ілігіп, Омбыдағы Казачий полктің кіші офицері боп тағайындалған.
Бұл жазаға Алексей онша ренжіген де жоқ. Егер гвардейско-гусарский полктен кетпей Петроградта тұрса, оның соғысқа баруында дау жоқ еді. Ішінде болған гусарский полк бұл Петроградтан Омбыға аттанғаннан кейін майданға кеткенін Алексей оқып, «кеткенім жақсы болған екен» деп қуанды. Омбыға келіп, жүз басы офицер боп орныққаннан кейін де, Алексей казактармен қосып майданға жөнелтіп жібере ме деп қатты қауіп қылатын еді. Сондықтан «қазақтардың көтерілісін басуға жүз казакпен аттан!» деп бұйрық алғаннан кейін, ол қуанып кетті.
Омбыдан аттанғанда қазақтың көтерілісін басу Алексейге ең ауыр болғанда – ағаш кесу, шөп шабу сықылды, онша қиындыққа түспейтін істің біреуі сықылданды. Тегі қазақ халқы туралы ол өте төмен ойдағы жігіт еді. Бала кезінің өзінде-ақ балаларды жинап ап, ермегі -– көшеден өткен қазақтың атын үркіту, байлап қойған атын шешіп жіберу, не мініп кету, үйге кірген қазақтың арбасындағы затын ұрлау, тас лақтыру, боқтау, ит қосу болатын. Жігіт кезінде де бұл мінезін өзгертпей сынықтан сылтау тауып талай қазақты ұрған. Патша өкіметі өшіктіріп қойған казактардың таяғына, мазағына қарсы келуге шамасы жоқ қазақтардың көбі ұрса жауырынын тосып, сөксе құлағын тығып, ішінен сыздап жүре беретін. Қазақтардың бұл «көнбістігін» Кулаков: жасықтығы, намысының жоқтығы, жаратылысының нашарлығы деп ойлайтын.
«Сол жасық қазақ,– деп ойлады Алексей Омбыдан шыға,– көтеріліс жасап қайдан батыр бола қалды дейсің. Ол әлдеқалай бір түсінбестік шығар?»
Алексейдің алғашқы назначениесі – Ереймендегі көтерілгендерді басу еді. Бұлар барған кезде Ереймен маңынан көтерілген қазақтар әскер шыққанын естіп, ауыл отанымен таудың басына бекініп, жол-жолға жүздеген мерген жігіттерді қойған. Қызу қарқынмен барған Алексейдің, жүз қазағының біразы тауға өрмелегенде, тасқа бекінген мергендердің оғына ұшқан. Қан төккен соғысты Алексейдің бұл өмірде бірінші көруі еді. Қаннен-қаперсіз келе жатқанда, алдынан мұндай қауіп шыққаннан кейін ол, сасып қалып кейін қашып еді, артынан атты қазақтар қуып, тірі қалған казактардың кейбіреуімен бірге бұ да қолға түсіп қала жаздады.
Қазақты қырып тастау оңай емес екенін, қазақтың да жігері бар ел екенін, қазақ көтерілісі қауіпке айналғанын ол енді ұқты. Содан кейін ол алаңғасарлықты қойып, кәдімгі белгілі соғыстың әдісін қолдана бастады. Ерейменнің етегінде ол жарты айға жуық жүрді. Оның азайған отрядына Ақмоладан, Шарлақтан, Керенің бастығы Алексей боп, әскер саны мыңға барды. Бұл әскер сан рет таудың төбесіне бекінген қазақтарға шабуыл жасап еді, қазақтар тау басына бұларды шығармай-ақ қойды. Тұрқы онша биік болмағанмен, Ерейменнің басына асатын жол бес-алты-ақ жерде еді. Қазақтар осы жолдардың бойынан күні-түні мергенді айырмай, жоғары өрмелеген әскерді тосқауылдап, атып түсіре берді.
Жарты айдан кейін Алексей «Көкшетауға беттеп, Амантай отрядын жой!» деген бұйрық алды. Жоғарыдан келген сводкаға қарағанда Амантай отряды Бурабайға жақын жерде болуға керек еді. Соған тез жетуге асығып келе жатқанында күтпеген жерден жау кездесіп көп шығынға ұшырады. Бірақ Амантай бекінген бұйрат, оның жігіттеріне Ереймен тауындай берік пана бола алған жоқ. Бұйратқа кіргізбеуге Амантай жігіттері қанша жан таласқанмен, Алексей отрядының мықты қаруы шыдатпады, бірнеше күннен кейін қазақтар бұйраттан сырғып, бетін Бурабайға бұрды.
Қырға шыққасын да қазақ жігіттерін Алексей отряды оңай жеңе қойған жоқ. Қазақтан ерлік шығатынын ол көрді. Аңдысып атысқанда оғын далаға жібермейтін, қолма-қол төбелесте найзасын теріс сілтемейтін, қаннан қорықпайтын талай өжет қазақтардың қимылын көріп, ол ішінен сүйінді де. Өйткені, өзі ер жүректі болмағанмен, ер жүректі кісіні ол ұнататын еді.
Соғыста жігіттері шығынданып отырғанмен, Амантай отряды Көкшетау қарағайына негізгі тобын жазбай кірді.
Олардың із өкшесінен қалмай қуа соғысып отырған Алексейдін, бір «ерлігі»–жолшыбай кездескен ауылдарды талау, өртеу, еркегін қыру, әйелін зорлау...
Ереймен елі түгелімен тауға бекінгенде, «тым болмаса ауылы да етекте қалмаған екен, егер салмақты ауылға салсақ, қатын-баласына, әке-шешесіне жаны ашығандар өз еркімен берілер ме еді, қайтеді?» деп арман еткен еді Алексей, қолына ешбір ауыл түспеген соң, «әй, бәлем-ай!» деп ол кіжінген еді.
Көкшетауға қарай беттегенде жолынан ауылдар кездескеніне ол қуанды. «Ит ашуын тырнадан алады» дегендей, Ерейменнің ашуын осы елден алғысы келді.
«Бәрі бір ит,– деді отрядына ол,– келешектегі үрім-бұтағы, заузаты бас көтере алмастай болсын, кездескен ауылды талқандап отырайық. Генерал-губернатордың бұйрығы осылай!»
Бір жағынан соғысқа еті үйренген, екінші жағынан губернатордан «тез жой» деген бұйрық алған Алексей, Көкшетауға кірген Амантай отрядының соңынан мықтап түсті. Көкшетау тауларының ой-шұқырын тегіс білетін ол Амантай отрядын қақпайлап отырып, таусыз, бірыңғай қарағайға шығарды да, қабырғалап кеп, тау жақ бекіністі өз қолына алды. Бұл кезде оның отряды көбейді. Содан кейін әскер торын кең жайып, тауға таласқан Амантай отрядын отап қиратты да отырды.
Бірақ қанша қырғынға ұшырағанмен, Меңіреуге тығылған Амантай отряды, әскерді біразға шейін кіргізбей жанталасып қорғанды.
«Ағаштан шығара алмадық, күйдіруге рұқсат етіңіз?» деген Алексейдің рапортына губернатор:
«Рұқсат!» деп бұйырды.
Содан кейін Алексей қалың қарағайға өрт беріп, түтінге қақалған, өртке шырмалған жігіттер қарағайдан амалсыз шығып еді, қаруын құрып отырған әскер, қазақ жігіттерін шапқан шөптей отады да салды. Мыңнан аса жігіттен қолға түскені жүзден аса ғана, ішінде: Амантай, Темірбек, Бүркітбай бар.
Амантайдың атын естігенмен Алексей оны танымайтын еді. Сондықтан қолға түскендердің көбін табан аузында атқанмен, оны атпай біраз жігіттермен Қотыркөл қаласына әкеп тірі қамады.
Бүркітбай мен Темірбек те соның ішінде.
Қамаған үйдің терезелері темірмен құрсауланып, есігіне жуан темірден баспа істеліп ол баспаға үлкен құлыптар салынып, маңайына мықты күзет қойылды.
Итбай оқиғасын зерттеуге Омбыдан келген ерекше істердің зерттеушісі Қотыркөл қаласына келіп, губернатордың «зерттеу жүргіз» деген бұйрығы бойынша, Итбайдың туысқандары айыпты деп көрсеткен адамдарды абақтыға алып, жауап сұрап жатқан. Амантайларды осы қамауда жатқан адамдарға қосты.
Абақтыға ең алғаш «Амантайды қолдаған осылар!» деп, Итбай тұқымдарының көрсетуімен отыз шақты кісі алынған еді. Ұлықтар дегенін істей беретінін көрген Итбай тұқымы, артынан баяғы заманда өкпе-сапқасы бар адам болса да, кек алу үшін «осы да ішінде бар» деп көрсетіп, қамалғандарға күн сайын кісі еселеп қосылды да отырды. Амантайларды қамаған күні абақтыдағы адам жүзге жақындап қалған еді.
Бұрын қамалғандардың сөзіне қарағанда елдің әскерден, ұлықтан, Итбай тұқымдарынан көрген қорлығын адам ауызбен айтып болар емес. Итбайдың орнына болыс болған Елікбай, ағасының өлімін пайдаланып талай жазасыз адамды өтірік айтып абақтыға қаматқан. Қаматпағандарын қорқытып, жақсы ат, жақсы қыз, жақсы ит, жақсы құстан көңіл еткенін қоймаған. «Ұлыққа білдірем!» десе, үрей ұшып отырған жұрт сұрағанын бере берген.
Түні бойы кірпік қақпай, таңды кеңеспен атырған Амантай, тан, атып, үй іші жарық болғасын маңайындағыларды көзімен шолса, ішінде Қожантай да отыр.
– Мына неме қайдан жүр?–деді ол ұнатпаған көзбен.
– Мені де көрсетті, «Итбайды өлтірді» деп,– деді Қожантай мүлгіп.
– Апыр-ай, ә?– деп, Амантай таңданған кескінмен таңдайын қақты.
Көкшетаудың уездный начальнигі: «келіп кетіңіз, тығыз жұмысым бар» деп шақырғасын Амантайлар жабылған күннің ертеңіне зерттеуші жүріп кетіп, содан төрт күнде оралды.
Амантайдың қолға тірі түскенін Қожантай арқылы естіген Елікбай Алексейге тамырлығын айтып, көп ақша берем деп, зерттеуші келгенше, не қылсаң да өлтіріп бер деп еді, қолға түскен адамды өлтіруге Алексей әрі заңнан аса алмады, әрі жауабында ішінде отырып, Амантайдың не қылған адам екенін білгісі келді.
«Халықты соңына ерте білді,– деп ойлады Алексей.
Ертегінің батырларындай-ақ қайрат көрсетіп арпалысты. Енді бұл жауап алғанда өзін қалай ұстар екен? Соны көрейін».
Зерттеуші Көкшетаудан қайтып кеп Амантайдан, оның серіктерінен жауап алғанда, Алексей ішінде отырды. Амантай орысша білмейтін еді. Оның сөздерін орысшылаған уез-дің тілмашы – Боқтыбаев.
Боқтыбаев Амантайдың сезін өзі айтқандай ғып аударды. Берген жауабында Амантай істеген ісінің ешқайсысынан танған жоқ. Барлы.қ жауабында ол екі жерде ғана шынын айтпады.
Біреуі – «Итбайды өлтірген жалғыз өзім,– деді ол,:– үйден өзім алып шығып, басын балтамен өзім шаптым. Бұл жұмысқа менен басқа айыпты адам жоқ».
– Мынау балта сенікі ме?–деп Темірбектің Итбайды шауып өлтірген балтасын зерттеуші сұрағанда:
– Менікі!– деді Амантай.
Зерттеушінің өте шұқшиып сұрағаны – Асқар болды. Оған Амантайдың берген жауабы:
– Бізге ере алмай қашып кеткен, содан кейін қайда кеткенін білмеймін.
Ботагөз мәселесінде де ол осыны айтты. Зерттеуші қысып та, өтініп те сұрап еді, «көргем жоқ, білгем жоқтан» танбады.
Күндізгі жауап сонымен бітіп, Амантайды қайта апарып қамағанда, үйде отырғандардан ол не айтып не қойғанын жасырған жоқ. Амантайдың жауабын естігеннен кейін, бастығы Бүркітбай боп ренжіді:
– Оның жарамаған екен,– деді олар Амантайға,– сені ақтап, жазаны біз тартуға жол еді. Ер азамат сенің, мыңға балап етегіңнен ұстаған адам ең. Сен жазатайым болсаң, елдің қабырғасы сөгіледі. Ал, біз – көптің біріміз.
«Жоқ, мен мойынға алайын», «жоқ, біз мойынға алайық» деген таласпен Амантай мен жігіттер біраз отырды.
– Енді болары болған,– деді кейбір ара төрешілер,– Амантай мойнына алып қойса, танғанмен оны тандырмайды. Олай болса тәуекел деп осы сөзге табан бекітіңдер. Бір жөні болар.
Кешкі жауаптан Амантай әлсіреп қайтты. Жауап алғанда ішінде Итбайдың Сарыбасы отырып, урядникке ұрғызып өзі де ұрып денесін көкала қойдай ғып, басы-көзін көнектей ісіріп жіберіпті. Өзге жігіттер уәде бойынша жауапты Амантай ізімен берген екен.
Кім қалай әкеп беретініне Амантай қайран қалады: қамалғалы абақты ішіндегілердің аузынан қымыз бен ет кеткен жоқ. Біреулер кескен еттің ішіне: «Ішіміз ауырады, амал жоқ, тілегіміз сенде» деп хат салып жібереді. Кешкі жауапта қатты соққы жеп қайтқан Амантай, «ас іш!» дегендерге алғыс айтып қана «тұла бойым таяқтың зардабынан ашып, дуылдап бара жатыр» деп, қисайып ыңқылдап жатыр еді:
– Амантай!– деді, бір табақ сүрді алдарына алып жеп отырғандардың біреуі. Басыңды көтерші.
– Немене?
«Көтерші басыңды!» деген сөз құлағына жағымсыздау тиген соң Амантай басын ақырын көтеріп, «тұр» деген жаққа қараса, жылтыраған май шамға біреу бір қағазды тосып, үңіле ішінен оқып отыр екен.
– Не қағаз, не қағаз?– десті жұрт, оқып отырғанға.
– Сырттан әкелген дәмнің ішіндегі жаяның қыртысын кесіп отырсам, мына бір қағаз шықты, біреудің бізге жазған хаты.
– Кәне оқышы!–деді жұрт.
Хат оқыған жігіт Нұғман деген мұғалім еді. Амантай отрядына қатынасың бар деп ұстаған.
Мұғалім хатты оқып шықса, дәм берген адам былай деп жазыпты:
«A3AMATTАР!
Мен сендерге осымен төртінші рет дәм әкеп отырмын. Елдің жинап жіберген дәмі. Осыдан басқа қолынан келері жоқ. Көп жазуға орын тар. Бүгін түнде Амантайды өлтірмек. Елікбай мен Сарыбас Кулаковқа, зерттеушіге, Кошкинге ақша беріп, «қашқан жерінде аттық» дегізіп өлтіртпек болғанын естіп отырмын. Бұған елдің іші қатты ауырады. Шамаларың келсе Амантайды қашырыңдар. Іргені бұзып шығуға жарар ма екен деп, осы дәмнің ішіндегі қос қазының бір жақ қабырғасының орнына бір мықты пышақ салып жібердік. Сонымен сәкіні қопарып көріңдер. Сәті келсе бірдеме болар. Біздің қолдан келгені осы».
Бұл кезде түн ортасы ауған еді.
– Ал, неғып отырсыңдар?!–десті пышақ табылған соң іштеріндегі естиярлары,– қамға кірісіңдер, сәкіні қопарып көріңдер.
– Жоқты айтады екенсің!– деді оған, манадан сөзге қатынаспай, әркімге жалақ-жұлақ қарап отырған Қожантай,– пышақпен іргені қопарғанды қай аталарыңнан көріп едіңдер?
– Не өзің, сандалып басты ауыртып отырсың!– деді оған басқа біреу.
– Сандалмасаң сандалма! Сен тамұқта, мен ұшпақта отырғамын жоқ. Екеуміз де қамаудамыз. «Буынсыз жерге пышақ ұрма!» деген. Аққұла қиналатын жұмыс болғасын айтам. Әйтпесе, ретін тап та бәрін, шық, оған мен қуанбасам қайғырмаймын, қайта маған жақсы болады!– деді Қожантай өршеленіп.
– Тісіңді сындырып жіберейін бе!– деп ана жігіт оған ұмтылғанда:
– Қойыңдар!– деп өзгелері жібермеді.
– Ал қопардық!– деп қолы қарулы жігіттер сәкінің тақтайларының ірге жақ бұрыштарын мыжғылап жона бастағанда:
– Қолдан келмейтін іске кірісулерін қарашы!– деп Қожантай күңкілдеді.
Жігіттер оған қараған жоқ. Суы қатты, темірі майырылмайтын өткір пышақпен тақтайды екі жақ басынан мыжғалап жонды. Біраздан кейін екі тақтайдың төрт жақ басынан қол сиятын төрт тесік жасалды.
– Я, сәт! Қопарып көріңдер!– десті әркімдер.
Мықшия тартқан төрт-бес жігіт, тақтайды қозғай алмады.
– Айттым ғой,– деді тағы да Қожантай,– бай орыстың үйі емес пе, шегесін тастай ғып қаққан? Үлкен сүймен болмаса, құр қолға не қопарылсын.
Темірбек сөзге де, тақтайды тесуге де араласпай бір бұрышта отыр еді. Қожантайдың сөзіне ыза боп кеткендей, орнынан ұшып тұрды да, тақтайдың тесілген жеріне кеп, Қожантайға алая, қабатын қасқырдай бір қарап алып, Польша түкіріп, алақанын ысып-ысып жіберіп, бақандай саусақтарын тесікке тықты.
– Тақтайдың үстін баспаңдар!–деді ол, көтергелі мықшия беріп.
– Манадан бері, басып тұр екеміз ғой, бәсе, неғып қопарылмайды десем!–деді манадан бері тақтайды екі-үш рет көтеріп қозғалта алмаған жігіт, Темірбек көтеріп кете ме деп ойлап.
Көтеретін тақтайдың үстінен жұрт екі жарылған кезде, аяғын екі жақ қабырғадағы тақтайларға басып, «һауп!» деп Темірбек денесін жоғары қарай жазып қалғанда, ұзындығы қарыстан артық екі шегесімен бірге тақтай шақыр ете түсіп қопарылып шыға келді.
– Жарайсың, сабазым!– десті үйдегілер.
– Япыр-ай, қарулы екен.
– Е, атаққа шыққан мықты жігіт емес пе, құдыққа түсіп кеткен Итбайдың атан өгізін мүйізінен суырып шығарған.
Қопарған тақтайды орнынан жұлып алып аунатып тастаған Темірбек оның орнына адам денесі сиятын болмаған соң, басқаларын да қопарайын деп еді, олар бола қоймады.
– Мына қопарылған тақтайды астынан тығып көтерсе оңай қопарылады,– деді біреу.
– Онысы рас!– дегеннен кейін, қалыңдығы төрт елі тақтайды көлденең астына тығып жіберіп, екі-үш жігітті зерлеп басып еді, тақтайлардың басы қопарыла бастады.
– Ал, кәне шығыңдар, алдымен Амантай шықсын!– десті, ірге ашылғаннан кейін жұрт.
– Тез болыңдар!–деп Амантайды алдына сала, жұрт іргеге жұмылғанда, Қожантай кейін қалып, үйдің қабырғасын екі жұдырығымен кезек-кезек сартылдатып ұрып, аяғымен есікті тепті. Сол кезде сыртта сатыр-күтір мылтық атыла бастады.
Мінезі тұйық болғанмен, Темірбек адамның адал-арам пиғылын жақсы айыратын еді. Абақтыға жабылғалы оның аңдығаны Қожантай да. Қожантайдың қимылы оған күдікті көрінетін де тұратын.
Жұрт іргенің тесігіне таласқанда, сабырлы мінезін өзгертпей Темірбек кейін тұрып қалған еді, құлағына есікті тепкілеп, қабырғаны ұрған дауыс естілді.
– Сен кімсің, әй!– деді кім екенін қараңғыда айыра алмаған Темірбек қасына барып.
Анау дыбыс бермей тарсылдата бергесін, Темірбек жағасынан шап беріп ұстап:
– Кімсің деймін, айт жанын, барда, әйтпесе, жоқтауыңды бір-ақ асырам!– деді қатты сілкіп.
– Мен Қожантай,– деген сөз түсіп кетті сілкіленген адамның аузына.
– Сенікі не?!– деді Темірбек, Қожантайдың кеңірдегінен ұстай алып.
– Жай!– деді Қожантай сасып қап.
– Ұлыққа хабар бергің кеп тұр ма?
– Ия!–деді Қожантай, аузына «жоқтың» орнына «ия» түсіп кетіп.
Қожантай шынын айтты. Оны зерттеушімен Елікбай ақылдасып, әдейі тыңшылыққа қаматқан еді.
Басқа сұрау беруге Темірбектің денесін ашу кернеп кетіп, жалаңаш кеңірдекті қапсыра қолын салып кеп жіберді. Қарулы уысын Темірбек мытып-мытып қалғанда, Қожантайдың өңешіне саусақтары найзадай қадала қалды. Қылғынып өкпесі аузына тығылған Қожантайдың көзінен жас ыршып кетті; жалбарынайын деп еді, арам сөзге адал уыс жол берген жоқ. Ол қырылдады...
Осы кезде есік ашылып, фонарь ұстаған бір топ солдат мылтықтарын ұсынып үйге кіріп келді. Іштерінде Елікбай мен Сарыбас. Және іргеден қашқан біраз адам.
Солдаттар кіргенде басқалар сасқанмен, Темірбек сасқан жоқ. Қожантайдың былқ-сылқ еткен денесін ол бұрышқа қарай лақтырып жіберді. Бірақ өлтірісін білген жоқ.
2
Ботагөздің басында қайғы мен қуаныш бірдей түйісті. Қуанышы: майданға Елемесов болып кеткен Асқардан, сол фамилиямен жұмасында бір хат келеді. Бұл да жұма сайын хат салады. «Кенжетай да осында, аман» деп жазады Асқар.
Қайғысы: Амантай мен Темірбектің халы не күйде екенін анық біле алмайды.
Ел ішіне тараған өсек-аяңға қарағанда, Итбайды өлтіру жөнінде жүзден аса адам ұсталған екен, солардың ішінен іріктеліп 15 кісі айыпты саналған да, өзгелері залог салып, пара беріп босанып кеткен. Біраз адам жауаптан кейін ақталған.
Амантай мен Темірбек есіне түскенде, жүрегі сыздап көңілсізденгенмен, Ботагөздің күнделік өмірінің көбі көңілді өтті. Айжан оған Айбаладан кем болған жоқ.
«Ержан үйіне ғайыптан бір сұлу қыз пайда болыпты» деген қауесетпен сол маңайдағы Атығай, Қарауылдың шек шығар бозбалалары іздеп кеп, қазақ ғұрпымен Айжанға «жеңгелет» деп өтініп еді, Айжан ол жігіттердің бетін қайтарып, жолатпады. Ержанды қатты сыйлайтын Айжан, Ержанның Асқарды сыйлайтынын біледі. Сондықтан «жеңгелету қазақ ғұрпында айып болмағанмен, кейбір жақсы көретін жігіттері өлердегі сөзін айтып жалынғанмен, «жеңгелетпейтін себебіңді айтшы, мен сол қызға татымаймын ба?» деп қиылған кейбір сөздерге айтар дәлелі болғанмен, кейде сөзден жеңіліп, жібі босағанмен, «ағаң естісе өлтіреді» дегенді сылтау ғып көнбеді.
Ержанның ауыл-ағайыны да меймандос, бірін-бірі сыйлағыш, жақсы адамдар екен. Ержан мен Айжан жатырқамаған соң, олар да Ботагөзді жатырқамады. Ботагөзге олар өзінің ауылындай боп, үлкендерін сыйлап, замандастарымен үйір боп кетті.
Қыс басталды. Амантай мен Темірбектен әлі хабар жоқ.
Ержанның қысқы кәсібі: күзен ақ тышқан сықылды ұсақ аңдарды аулау екен. Бір жақсы аты, бір тазы иті бар. Егер күн ашық болса, атына мініп, итін ертеді де тан, ата сонарлап кетіп, қас .қарайғанда бір-ақ қайтады. Кейде қонып келеді.
Ержан үйде жоқта шағын малды Айжан мен Ботагөз жайлайды. «Ұйқыңды бөлме, азғана мал ғой, өзім де жайғастырам» деп Айжан Ботагөзді жұмысқа қосқысы келмейді.
– Үйде отырып не бітірем, мал жайласу әрі ермек, әрі пайда,– деп Ботагөз сонда да Айжаннан қалмайды.
Жайлайтын мал: үш бұзаулы сиыр, бір жұмыс аты, екі өгіз, екі тай, он шақты қой мен ешкі. Оларға Айжан мен Ботагөз үш мезгіл шөп салады, қораларын тазалайды, суарады. Одан басқа жұмыс: күйген ағаштан қораға үйіп қойған отынды ұсақтайды, боран болған күннің артынан қораға түскен қарды төгеді.
– Дыңдай бір жігіттей қаруы бар,– деп мақтайды Айжан Ботагөзді абысындарына.
Онысы рас. Суыққа шыққасын екі бетінде қан құлпырып, аязды күндерде де күрек, айырды жалаңаш қолымен ұстап Ботагөз кіріскен жұмысын жапырып жібереді. Қар күрегенде, шөп айырлағанда:
– Бір жерін, ауырар, байқап көтер!– деп Айжан сақтандырғанмен Ботагөз:
– Қайтер дейсің жақсы болады,– деп өршелене істейді.
Қолы боста Ботагөздің оқитыны кітап, әсіресе романдар. Ержан оны анда-санда Қызылжарға апарып қайтады. Сонда ол қазақ балаларына арнап шыққан Сухотин школасынан барып бір таныс жігіт арқылы кітап алады да, оларды оқып шыққасын не өзі апарып беріп, не Ержаннан беріп жіберіп, тағы алдырады.
Осындай қайғы мен қуаныш араласқан ала-құла күндердің біреуінде, таңертеңгі малды жайласып, шайларын ішіп, Айжан бір үйге бір жұмысқа кеткесін, Ботагөз Леонид Андреевтің «Асылған жетеу» деген әңгімесін оқып, аяныш халға ойы ауырлаңқырап отыр еді, сыртында үлкен қара тұлыбы бар, басында қара сеңсең папағы бар, денелі біреу үйге кіріп кеп:
– Үйдің иесі қайда?– деді тұлыбының жағасын қайырып, биялайын шешіп, тоңған алақанын қыздырып ысқылап.
– Үйде жоқ. «Осы Алексей Кулаков емес пе?»–деп ойлады Ботагөз.
– Қайда ол?
– Аңға кетті.
– Сен кімсің?
– Мен қарындасымын.
– Қатыны қайда?
– Бір үйге кетіп еді.
– Шақыр тез.
– Жарайды,– деді Ботагөз тұра беріп, «неге шақырады?» деп ойлап.
– Тез! Тоңып келдік. Шай қойып берсін.
– Қазір!– деп Ботагөз киімін киіп, есікке бара беріп еді:
– Әй қыз!– деді анау.
– Ә,– деді Ботагөз айналып:
– Сен орысшаны қайдан білесің?
– Қалаға жақын елміз, араласып жүреміз.
– Жоқ, сен оқыған қызсың ғой?
– Аздап оқыдым.
– Орысша школда ма?
– Ия.
– Жарайды, қатынды тез шақыр!
«Міне, қыз қайда?– деп ойлады Алексей,– сұлу қыз! Сайтан білсін, қайда көргенімді. Таныс қыз сықылды!» «Оқып отырғаны не екен?» деп, сыртқы тонын сыпырған Алексей, пимасының қарын сүртпестен төрге барып терезенің үстіне қойған кітапты алды да:
– Қара мынаны!– деді даусын шығарып,– оқымысты қыз екен бұл!
Ботагөз ауыз қорадан тысқа шыға келсе, есік алдында бес-алты шаналы адамдар тұр, аттары бусанып терлеген, үстері қырау. Шаналардың айналасында он шақты мылтықты солдат бірін-бірі түрткілеп, аунатып ойнап жатыр, орта кездегі екі шанада біреулер бүрісіп отыр, олардың қасында мылтықты екі солдат тұр.
«Бұлар кім?» деген оймен, Ботагөз ығысыңқырап қасынан етіп бара жатқанда:
– Ботагөз!– деген дауыс шықты артынан.
– «Бұ кім?» – деп Ботагөз жалт қарап еді, шанада бүрісіп отырғандардың біреуі түрегеп:
– Ботагөз!–деді тағы.
Үстін қырау жапқан, тысы жылтыраған күпілі біреу. Басында тыссыз, төбесі түтеленген тымақ.
– Қалқам!–деді түрегелген күпілі,– бауырым, Ботам! Мен Темірбек!
Темірбек еңіреп жіберді.
Есінен танып қалған Ботагөз етпетінен түсе жығылды. Ол түрегеп тағы жығылды. Жанталасып, ол тағы тұрды да шанаға қарай жүгірді.
Темірбек шанадан атып түсіп ұмтылғанда:
– Қайда барасың?!–деп солдат көлденеңдей қалды. Темірбек солдатты қағып жіберіп, Ботагөзді бас салып құшақтады. Екі бетінен кезек-кезек қатты сүйді. Екі көзінен парлаған жас Ботагөздің бетін жуып кетті.
– Саған не болды, Темірбек? Сабыр ет, сен бұлай емес едің ғой, Ботагөзді ала өлетін болдық қой. Қой енді тез! Әлгі ит шығып қалар!–деді бір арестант.
Ол сөзді мақұл көргендей Темірбек құшағын жазды да:
– Енді өлсем арманым жоқ! Бауырым, сәулем, Ботам!.. Көзіңнен айналайын, жылаған жасыңнан зекет кетейін!..– деді өксігін басып.
Есін жинаған Ботагөз, тиюға әлі келмеген жасты көзін Темірбекке тоқтау айтқан адамға салса – Бүркітбай екен. Сақал-мұртын бұрын ол қырып жүретін еді, кәзір қауғадай боп кеткен. Бірақ Ботагөз оны лезде-ақ таныды.
– Күй осылай, Ботагөз,– деді Бүркітбай,– тергеуіміз бітті. Сотқа келе жатыр. Қызылжарда болады дейді. Он кісіміз. Жақында елден кісі келер. Жақсылық күтіп бара жатқамыз жоқ. Аузымыз жетсе ел адамына саған қатынас дерміз. Амантай қашып кеткен еді, өлі-тірісін білмейміз. Бізді қатты ұстайды. Жан адамға сөйлестірмейді. Ал енді, сен бізді танымаған бол, Темірбек, сен енді буыныңды босат. Бұған да шүкіршілік. Жолымыз болар. Ботагөздің бізге жақын екенін білсе жазым қылар.
– Бұлар кім, Ботагөз?–деген әйел дауысына Ботагөз жалт қараса, Айжан екен.
– Менің ағам!– деді Ботагөз жасқа булығып, сөзін бөліп зорға айтып, бірақ солдаттарға онысын сездірмеуге тырысып.
– Қайдағы?
– Әнеугі болысты өлтірген...
– Не дейді, жаным-ау!..
Айжан да бойы дірілдеп, сасып қалды.
– «Осы үйге түсеміз» дейді.
– Түссін.
Үйге қарай беттеген Айжан мен Ботагөзге Алексей қора аузында қарсы шықты.
– Сұлу қыз, неге кешіктің?– деді ол.
– Жай.
– Көзің неге қызарған?–деді Алексей көзін ойнақшытып, күлімдеп, ішінен: «әлгінде көзі айнадай жарқырап тұр еді, қалай тез қызарған?» деп ойлап.
Осы кезде көк тазы сып ете түсіп, әуелі еркелеп Айжанның үстіне секіріп, артынан Кулаковты көріп, үріп еді, «Бұл қайдан келіп қалды?» деп сыртқа қараған Айжан мен Ботагөздің көзіне, ат үстінде келе жатқан Ержан түсті.
– Үй иесі сен бе?–деді Алексей Ержанға.
– Мен.
– Біз арестант әкеле жатырмыз. Үйіңнен шай ішуге бола ма? Солдаттар тоңды.
– Болады.
– Ендеше тез!– деп Алексей солдаттар жаққа кетті.
– Ботагөздің ағасы!.. Болысты өлтірген!..– деді Айжан сыбырлап Ержанға.
– Солай ма?– деді Ержан, таңданып,– ендеше тез ас қыл, дәм таттырып жіберейік.
Ботагөздің көзі де, құлағы да солдаттар жақта болып еді, олар Алексейге Ботагөз бен Темірбектің кездескенін айтқан жоқ.
Ержанның шым үйінде екі бөлме бар еді. Төргі бөлмесіне сәкі төселген, ауыз бөлме сәкісіз. Онда ас-су, ыдыс-аяқ тұрады.
Алексей бірнеше солдатпен төргі бөлмеге отырды да, ауыз үйге солдаттан күзет қана қойды. Арестанттар ауыз үйде отырды.
Арестант жігіттер жолдан өте жүдеп келген екен. Шортаннан шыққанда олар он екі екен. Екеуі жолда суыққа үсіп өліпті. Тірі келе жатқандарының ішінде: мұрны, беті, құлағы, аяғы, қолы үсімегендері аз. Он жігіттің үшеуі қатты сырқат. Біреуі өте нашар. Өзгелерінің бәріне де тымау тиген, жөтелден кеуделері күрк-күрк етеді. Сырқат жігіттер үйге сүйемелдеумен кірді, нашар жатқан жігітті көтеріп кіргізді.
– Жасыратыны жоқ,– деді Бүркітбай Ержанға бір қаға берісте,– етің тірі жігіт екенсің, біз де бір адамнан кембіз деп жүрген жігіт емес ек, күйіміз былай болды. Аштан өлейік деп келеміз. Шортаннан шыққалы бір тілім қара нан мен қара судан басқа түк татқамыз жоқ. Бүгін он күн. Оның үстіне жолшыбай жаяу жүрдік. Сілеміз қатты. Ендігісін өзің біл.
– Бұйырғанын көресіңдер. Ішіміз ауырады. Амал жоқ!..– деді Ержан.
Ауыз үйде ас істескен боп жүріп Ботагөз бұл жерге қалай келгенін, Асқардың қайда екенін айтты. Алексеймен солдаттар төр үйде арақ ішіп, азан-қазан болып жатты.
Жылы үйге кіріп бойлары жылынғаннан кейін, аяғы, қолы, беті үсігендердің жарасы удай ашып, ыңқылдай, сарнай бастады.
– Япыр-ай, иманым қасым болды-ау, Айжан!– деді үйге кіріп-шығып жүрген Ержан,– асыңды тездетші!
Үйге кіргеннен кейін Темірбек жөнді үндеген жоқ. Егер де дыбыс шығарса, еңіреген дауысы бірдей шығатындай болып, Ботагөздің жүріс-тұрысынан көзін айырмай, екі көзі жасаурап телмірді де отырды. Аздап тымауратқанмен, он жігіттің ішіндегі дені саулары Бүркітбай мен Темірбек екен.
Арестанттарға жаны ашығанмен «әркімнің өз жаны тәтті» дегендей, «арестанттарды күтті деп кәпірлер пәле ғып жүре ме?»–деп Ержан басында аздап сескенген еді. Артынан Алексей де, солдаттар да бойлары жылынып мас болғаннан кейін азан-қазан шулап өлең айтып кеткесін, ол да шүйіркелесіп кеңесті.
Солдаттар мен арестанттар шайды бөлек ішті. Етті де бөлек жеді. Арестанттарға шайды Ботагөз құйып берді, солдаттарға Айжан құйып берді.
Айжан нанды қала әдетімен ашытып, қалаш қып пісіретін еді. Жылы қалашқа шыртылдақ сары майды араластыра отырып арестанттар шайға мейлінше қанды.
Ержан соғымын жақында сойған еді. Орыстан күзді күні сатып ап, үш ай сұлыға қойып сойған мәстектен екі елі қазы шыққан.
– Айжан!–деген Ержан қазанға ас саларда,– азап тартып келе жатқан азаматтар екен. Сауабын аларсың. Асты жақсылап салып, сыбағалы мүшелерін бер. Бұлар да бір-бір елдің серкелері, басына іс түскесін қор боп отыр.
«Орыс мүше талғамайды» деген соң Айжан солдаттарға сиыр етін қоса, мойын-сойын деген сықылды қадырсыз ет асты да, арестанттарға: қос қазы, қарта, ұзын омыртқа, жал сықылды атақты мүшелерді араластырып, сыбаға салды.
Кісенді қолмен арестанттар етті жаңа жей бастағанда, даладан көтеріп кіргізген сырқатты жігіт жан тәсілім қылды.
– Азаппен өлді!– десті басқалары.– Үсіп өлді. Бірақ бәрінен осынікі жақсы. Бұлай жүргеннен де өлген артық шығар.
«Тіршілікке не жетсін!» деп ешкім айтқан жоқ. Өлген жігіттің бетін жапқаннан кейін басқаларының айтқаны:
– Тамақтарыңды жеңдер, жігіттер. Біз де осының жолын кешікпей құшамыз. Оған шейін бір рет болса да тойынып алайық.
Солдаттар төргі бөлмеден арестанттар етін жеп бітірмей шығып:
– Давай-давай!– деп, орындарынан еріксіз тұрғызды.
– Ауру жігіт өлді!– деді арестанттың біреуі Алексейге.
– Кәне?–деді ол теңселіп кекірген аузынан арақ исі мүңкіп, тәлтіректеп.
– Әне!
Киімшең, шалқасынан жатқан өлген жігіттің бетіндегі жабуды Алексей жұлып, аяғымен теуіп, денесін қозғап еді, жансыз дене былқ-сылқ етіп, аузы ашылып, басы кейін қарай кекжиді.
– Өле берсін, ол менің сайтаныма керек пе, жат!– деді де,– сендер мұны көміп, ауылнайға акт жасатып Қызылжардағы сотқа жіберіңдер,– деді Ержанға.
– Өзіңіздің ішінде болғаныңыз жақсы болар еді,– деді, пәлесіне қалам ба деп қорыққан Ержан.
Ол сөзді ұнатпаған Кулаков, адырая қарап еді, Ержан басқа жауап қата алған жоқ.
Арестанттар жөнелген күні, күні бойы, түні бойы жылап, жұбатқан сөздер құлағына кірмеген Ботагөз, ертеңіне ширады.
«Жылағанмен көздің жасын иер адам жоқ,– деп ойлады ол,– Темірбекке менен басқа жәрдем берер кісі жоқ. Не жаза кесерін соттың өзі .біледі. Қашан жазасы кесіліп, менің қолым жетер жерден кеткенше, оны асырау – туысқандық борышым. Одан басқа менің қолымнан келері жоқ».
Қайраттың қара жолына табанын тап басқан Ботагөз қалай асырауды бірер күн ойлады да, Қызылжарға барып әлі келетін жұмыстың біреуіне кіріп, тапқанын ағасына беріп тұруды мақұл көрді. Бұл ойын ол Ержанға айтты.
– Туғаныңа жаның ашығаны дұрыс,– деді оған Ержан,– бірақ сен бөтен жерде жатқан жоқсың. Осында азын-аулақ дәулет бар. Үнемі асырауға сенің де, біздің де шамамыз келмес. Ара-тұра беретін тамақты апарып беріп тұрармыз. Жұмысқа түсіп қайтесің?
Ержанның адал көңілін ұққан Ботагөз оның жұмысқа барма деген ақылын қанша құлағына құйғанмен, алмады.
«Менің көңілімді, Асқардың көңілін қимағандықтан айтатын шығар?–деп ойлады ол.– Бірақ, әрі менің шығынымды, әрі Темірбектің шығынын көтеретін бай адам емес. Үнемі бұған салмақ салуым келіспес».
– Сізге рахмет, ағай,– деді бір күні Ботагөз Ержанға,– туған ағамнан кем болған жоқсыз, Айжан жеңгей де туғанымнан кем болған жоқ. Сіз менің жұмысқа түсемін дегеніме ренжімеңіз. Әйел болсам да, денім сау, қаруым бар адаммын. Темірбек жақсы көретін ағам еді. Момын жігіт еді. Қалада жұмысқа кірсем, күнде тамақ беріп тұрамын ғой, ал бұл арадан күнде бара алмаймын. Шын туысқандық жүректен өтінем: маған ұлықсат етіңіз! Сіздің жақсылығыңызды мен бұл дүниеде қайтарамын деп айта алмаймын.
Ботагөздің ниеті жұмысқа түсуге шын кеткенін көрген Ержан, қынжылып барып көнді.
– Амал жоқ, айтып болмадың, шырағым,– деді ол Ботагөзге,– мен өзім де жиі қатынасып тұрармын. Барамын десең бар. Бірақ онда не жұмысқа түскің келеді?
– Консерв заводы бар ма онда?
– Бар.
– Мен Бурабайдағы консерв заводында жұмыс істеген едім. Ендеше сол консерв заводына жұмысқа кірейін.
Ертеңіне Ержан атын жегіп Ботагөзді Қызылжардағы консерв заводына алып барып, ет боршалайтын қызметке орналастырды. Пәтерді Больничная көшедегі татардың үйінен алды. Ол үйдің иесі Меңлібай деген кісі де заводта істейді екен.
Ботагөз айлық еңбегіне 25 сом алады. Сол ақшаның он сомдайын ғана өз тамағына жұмсайды да, қалғанына Темірбекке арнап тамақ алып, күнде жұмыстан кейін апарып берді де тұрды. Ара-тұра ол сол орнына барып жолығуға рұқсат сұрап еді, ол тілегін орындай алмады. Жұмысшыларға жұмасына бір күн демалыс болатын еді. Сондай күннің біреуінде Темірбекке арнап істеген салмасын ыдысқа құйып алып, Ботагөз таңертең пәтерінен ерте шығып, Есілдің жар қабағына жақын салынған қаланың шетіндегі ақ түрмеге жөнелді.
Күн ол күні алай-түлей боран еді. Аспаннан жапалақтап қою жауған қарды, дауылды жел жерге түсірмей үйіріп, көзге түк көрсетпейді. Оның үстіне үскірік суық. Ашық жерден денеге тиген ызғар – денені темірдей қариды. Орай соққан жел – ауыздан дем шығармай, адам тұншығып кете жаздайды.
Бірақ бұл боранға Ботагөз ренжіген жоқ. Абақтыдағы ағасына ас апарып беруін ол өзіне бақыт санайды.
Жылы үйден шыққан кезде суықты, боранды елең қылғысы келмей, Торговая көшесін бойлап тартқан Ботагөз, біраздан кейін арпалысқан суықтан қалжырады. Қарсы алдынан өршелене үрлеген жел оны беттетпеді. Желге ол бірде алдын, бірде артын беріп, бір адым болса да ілгері басты. Ыққа қарағанда алдын орап құмықтырған желден тұншығып күпісінің жеңін аузына кигізіп, демін жеңі арқылы әрең алды.
Суықпен осылай арпалысып, жолды көлденеңдей жал-жал боп ыққа үймелеген оппа қарды кейде тізеден, кейде белуардан кешіп, базар алабынан Ботагөз аман етті де, слабодкаға кірді. Түрмеге жақындаған сайын ашық даладан аңқыған жел қала ішінен анағұрлым күшейді. Күшейген жел Ботагөздің ілгері басқан адымын көбінесе кейін аттатты. Кей кезде желдің екпіні Ботагөзді әлденеше адым жер кейін сырғанатып әкетті. Кей кезде итерген желге қарсыласқан Ботагөз аяғын қарға қашай салып, жылжи алмай тұрды. Осындай желмен арпалысқан кездерінде, оппа қарға сүрініп, ол құлап та қалды. Бірақ өзі құлағанмен ол ыдысын құлатқан жоқ, ағасына апара жатқан асын төккен жоқ. Оның қазіргі бар тілегі – асын ағасына аман жеткізу.
Ботагөз слабодканың қала жақтағы басынан аман өтіп, алай-түлей бораннан ақ түрмені көзі көрмей, жобасымен қарға оппалап, желге құмығып келе жатыр еді, бірдеме қағып жіберіп, ұшып кеп түсті. Бұл жолы ыдысын қолдан шығармауға әлі келмей қалды. Құлағанда құмыра қолынан сусып атып кеткен еді, жалма-жан басын көтеріп, құмыра ұшқан жаққа қараса, пәре-пәресі шығып қирапты. Қағып кетіп құлатқан жегулі ат екенін артынан білген Ботагөз, жетек қатты соғып, ауырған иығын елеместен түрегеп, құмыра сынған жерге барса, қой етін турап істеген салма, қарын жел айдаған жолдын, тақыр үстінде жайылып, буы бұрқырап жатыр екен. Сорпасы қарға сіңіп кетіпті.
Тамақты Темірбекке күнде берем дегенмен күші келмей, Ботагөз күн ара, екі күнде бір рет беретін еді. Соңғы екі күнді өткізіп, бұл үшінші күні әкеле жатқан тамағы еді. Сол тамақтың төгілгеніне оның іші удай ашып, көзінен жас ыршып кетіп, еңіреп жіберді.
– Әй, сорлы болған маңдай!–деді ол, дауысын азынаған желге қоса зарлап,– әй, қу құдай-ай! Енді, тым болмаса бір аяқ асты да көпсінгені ме, сорлы ағама!..
Ағыл-тегіл азынап жылаған Ботагөз, аяғын ілгері басарын да, кейін басарын да білмеді. Ілгері басайын десе – апарар түгі жоқ. Кейін қайтайын десе – ағасының кескінін көрмегенмен, түрмені көріп қайтудың өзі оған бір үлкен медеу.
Бетіне мұз боп қатқан жасты сүртпестен, біраз жылап тұрғаннан кейін, Ботагөз түрменің аузына барып қайтуды, тым болмаса ас төгілгенін күзетшіге айтып қайтуды мақұл көрді де, өршелене соққан желге тырмысып, түрмеге аяңдады.
Бұл түрменің қақпасына жақындап еді, қақпаның алдында ас беру үшін жұрт жиналатын жерде шаналы ат байлаулы тұр екен. Манағы еөін қағып жығып кететін шаналы осы жаққа кеткен еді. «Мынау сол шаналы шығар?» деп ойлаған Ботагөз, соған қарай бұрылды. Шанаға жақындаған сайын оның бойын кек керней түсті. Тілі жеткенше шаналыны оның сөккісі келді.
– Сенбісің, әй! Жаңағы, мені жығып кеткен?–деді ол шананың қасында бүрісіп тұрған екі қазаққа жақындап, тағы адамның дауысындай тұрпайы дауыспен екіленіп.
Қазақтар үндемеді.
– Имансыздар!– деді Ботагөз.
Екі жағы да айтар сөз таба алмағандай, бір-біріне қарасты. Ботагөз ашулы көзбен, қазақтар ұятты көзбен қарады.
– Жарықтығым!– деді қазақтың біреуі,– ұят бізден! Мына бораны құрғырдан байқамай қалдық.
– Өзімнің қанымнан артық асымды төктіңдер!– деді Ботагөз жасқа булығып,– түрмедегі ағама әкеле жатқан.
– Шырағым-ай, сөзің сүйектен өтті ғой, дәм бізде бар еді, біздің де біраз адамымыз осы түрмеде жатыр еді. Соған ас әкеліп ек. Ағаң кім еді? Кім де болса дәмін біз берейік. Жыламашы, шырағым!..
– Ағам Темірбек!.. Көкшетау елінікі...– деді Ботагөз өксіп жылап, бетін алақанымен басып...
– Тұяқтың Темірбегі ме?– деді қазақ.
– Сол.
– Сен оның несі едің?
– Туған қарындасы едім.
– Қалқам-ау, не дейсің? Сен Ботагөзбісің?– деді қазақтар.
– Ия!
– Алда сәулем-ай, сен бе едің? Көзіңнің жасын сүртші, мен Бүркітбайдың ағасымын!..
Қуанған Ботагөз:
– Апыр-ай, рас па, ағай!–деді.
– Рас!–деді қазақ,– Бүркітбайдың немере ағасымын. Атым Серікбай. Елден келгелі бір жұма болды. Он шақты кісіміз. Бүгін төртінші күн: ас берген ыдысымызбен қамаудағылардан қағаз келді. Сонда Бүркітбай сені айтып, тауып алыңдар деп жазыпты. Қайдан табарымызды білмей отыр ек, ісіміздің сәті болар, шырағым, кез келгенің жақсы болды. Асың төгілгеніне ренжіме. Дәм жетеді. Бұдан былай өзің де бізбен бірге боларсың, шырағым!
3
Елікбай одан да тартынбайды; Кулаков ол ақшаны төреге беретінін, я төрені сылтау ғып өзі меншіктенетінін және білмейді. Елікбайдың оны білгісі келмейді де. Өйткені, түбін қуғанда Байсақалдың маңдайға біткен ырысынан шығар шығын жоқ. Неше мың сом ұстаса да шығатын шығын елдікі. Итбайды өлтіріп «айыпты» болған елдің «мына шығын ауыр» деуге аузы бара алмайды, ішінен сыздап жүре береді.
Кулаков алған парасын ақтады. Елікбай жұмсаған жерлерге барғанда, ол рия пікірмен сөйлескен жоқ.
– Бұл іс мемлекетті басынғандық,– деді ол. Қайда барса да, кімге сөйлесе де,– егер де қатты тыю болмаса, қазақтар тағы да бас көтеруі мүмкін. Сондықтан, айыбы мойнына қойылып, абақтыға түскендерге ешбір аяушылық болуға тиісті емес.
Айыптылардың тергеуі біткеннен кейін, ісін военнополевой суд қарайтын болды. Бұл хабар қалаға да, далаға да тез тарады. Елікбай жағы қуанды, айыптылар жағы састы. Қызылжардағы білгіштердің ақылымен, айыптылар сотта қорғауға үш мың сом беріп Құзғынбаевты жалдаған еді.
– Бұл анау-мынау іс емес,– деген еді Құзғынбаев істі аларда,– бұл істің заңы: ату мен асу; сондықтан мен арзанға ала алмаймын. Арзан адвокат табам десеңдер ұлықсат. Әйтпесе, бес мың беріңдер, тәуекел деп түсіп көрем, сәті келсе жеңілдетем. Жөн бергенде талай қиын жерден қаралған кісіні ақтап алып шығатынмын.
– Ісімізді іс қыламыз десеңіз үлкен алғыс айтамыз. Шығыннан бас тартпаймыз. Сасып келіп отырған адамбыз. Мұсылманның баласымыз, құдайға қарап өзіңіз біле беріңіз,– деп ізденушілердің, жалбарынған сөзі Құзғынбаевтың жүрегін жібітпеді.
Ат сатып алатын адамдай ол саудаласып отырып үш мыңға кеп тоқтады да:
– Осыдан бір тыйын кемітпеймін!– деп отырып алды.
– Үш мың сом – алпыс сомнан елу аттың құны ғой, оны қалай төлейміз?–деп ізденушілердің кейбіреулері тартынғанмен, кейбіреулері ырық бермеді.
– Тек ісіміз іс болсын,– десті ақырында, бәрі де,– қайтесің, басқа салғасын көнесің, әйтпесе, мынау сұмдық алыс қой. Өзі де жемқор антұрған екен. Зәру тосып тұр. Кәпірдің кәпірі осылар шығар. Әйтпесе, тарыққан елден осынша ақша сұрай ма?
Крыловтың мысалындағы теңізді өртеймін деп лақап шашқан шыпшықтай, басында дүниенің бәрін оңайлатқан Құзғынбаевтың қолынан пәлендей жарқыраған іс көріне қойған жоқ. Елден іздеп келгендердің арманы – ең алдымен арестанттарды бір көру, тілдесу еді. «Дүниенің малын алсаң да, бір тілдестір» деген олардың тілегін Құзғынбаев орындай алмады.
Құзғынбаев қазақтардың келуінен мезі болды.
– Менің пәтерім сендерге постоялый двор емес!– деп ұрысты ол қазақтарға,–сүмірейіп келе берулеріңді доғарыңдар!
– Істің арты не болатын?– деген сұрауға оның берген жауабы:
– Ертең сот болғанда көресің. Бұл іс оп-оңай жұлып алып тастайтын шөгір емес. Өздерің үкіметке қарсы шығып, үкімет адамын өлтіріп, бүлдіріп келесіңдер де, оп-оңай құтыла қоюға ойлайсыңдар. Ол болмайды!
Өлім халіндағы ауру адам докторды көңіліне қандай медеу көрсе, айыптылар жағы да Құзғынбаевты сондай медеу көріп, жан жараларын жазар деп сенген еді, іске Құзғынбаев ізденуші болғаннан бастап, ауыр халдары біріндеп жеңілденер деген еді. Бірақ іс жүзінде олай болмады. Түбінде сот алдында не жарылқарын өзі біледі, әзірге, сотқа шейін қолдан санап берген 300 сом, желге ұшқан сықылды көрінеді де тұрады.
Айыптылар жағының ізденушілеріне Құзғынбаевтан Ботагөз көбірек медеу болды. Ботагөз араларына келгенге шейін олардың көпшілігі қала ішінде жөнін тауып жүре алмайтын да еді. Ботагөз келгеннен кейін кіруге тиісті мекемелерден араламағаны, тиісті төрелерден жолықпағаны жоқ.
– «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген, «алыстағы әулиеден жақындағы машаих» деген,– десті Ботагөзге ергендер,– «қолда бардың қадыры жоқ» дегендей, «ағайынға қадырым жоқ бетімді көреді, қатынға қадырым жоқ етімді көреді» дегендей, осы баланың қадырын білмей жүрміз. Пәлен білгіш, түген білгіш дегенмен осыдан білгірді көргеміз жоқ.
Айыптылар жағы Ботагөзді осылай бастарына қарқара қылып шаншып, әйел деп кемсінбей, ақылшы көрсе, Итбай жағы оны ит етінен жек көрді.
«Ел құлағы елу», «отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге жетеді». Ботагөздің кім екенін, оның қалада не істеп жүргенін Елікбай кешікпей-ақ естіді.
«Байтал шауып бәйге алмас»,– деп ойлады ол, басында,– «бір қыз басшы боп қай ұшпаққа шығарар дейсің. Қызды басшы қылған олар да шатасқан екен».
Бірақ аздан кейін, Ботагөз пәлендей өндіріп іс бітірмегенмен, Елікбайдың көңіліне жамандық кірді. Оған: «сол қаншықты шәуілдетіп көшеде жүргізбей, қаматып қояйын!» деген ой кеп кетті. Оның барлық істе ақылшысы – Алексей Кулаков. Бір күні Елікбай, Алексейге Ботагөздің мән-жайын айтып, жаптырып қоюды өтінді.
– Көрерміз,– деді Алексей.
Бір күні Елікбай мен Алексей уездное управлениенің есігінің алдында тұр еді, сол араға қасына Серікбайды ертіп Ботагөз келді.
– Осы қыз, әне келе жатыр!– деді Елікбай Алексейге. Ботагөздің үстінде биқасаппен тыстаған күпі, басында түбіт шалы бар еді. Аязға екі беті албырап келе жатқан бойы сұңғақ, кеудесі шалқақ Ботагөзден нақ қастарына келгенше Алексей көзін айырған жоқ. Алексейді Ботагөз таныды. Оның қадала қарағанын да сезді. Бірақ өзі түк сезбеген адам сықылданып қасынан өтіп кетіп, есік алдындағы күзетшіге барып, үйге кіруді өтінді.
– Бүгін рұқсат жоқ!– деді күзетші.
Беті қайтқан Ботагөз, кейін қарай аяңдап еді:
– Сізді бөгеуге мүмкін бе?– деді Алексей оған.
Ботагөз бұл сөздің өзіне арналғанын аңғармай тоқтамады.
– Мен сізге айтам!– деді Алексей даусын көтеріп. Ботагөз айналып қарады.
– Есенсіз бе?–деді Алексей бірер адымдап, Ботагөзге жақындап, қолын ұсынып,– мен сізді білем.
– Мен де сізді білем!–деді Ботагөз.
– Прекрасно –таныс болайық. Алексей Кулаков!..
– Сіздің Лиза деген қарындасыңыз бар ғой? Мен сонымен бірге оқыдым.
– Қай жылы?
– 1913 жылы. Сіз қысты күні Петербургтен келгенсіз. Сол жылы мен сізбен бірге катокта да болғам...
– Ә-ә-ә!.. Енді білдім. Сіз конькимен жақсы сырғанайтын едіңіз. Менің қарындасым Лиза қазір Омбы гимназиясында. Биыл бітіреді. Ол сізді өте көп айтады. Жақын арада мен Омбыға барғанда «білесіз бе?» деп менен сұрады. Мен «білмеймін» дедім. Ауылда мен сізді көргенде, сіз екеніңізді білсем қарындасыма айтар едім, ол қуанар еді.
Елікбай да, Серікбай да Ботагөз бен Алексейдің сөздеріне түгел түсінген жоқ. Бірақ екеуі де олардың сөздерін кейісті қабақпен тыңдады.
Серікбайдың кейіген себебі: Алексейдің қанішер бұзық екенін, елді өрттей жайпағанын біледі. Сондықтан, «жазымға ұшырата ма» деп қорықты.
Елікбайдың кейіген себебі: Алексейдің әйел құмарлығын біледі. Елдің жанжалын баса барғанда, Алексей «қыз тауып бер!» деп қасына ерген Елікбайдың мазасын алған: беті шырайлы әйел көрсе есі шығатын.
– «Мына қыздың жылмаңдауы жаман екен,– деп қорықты Елікбай,– арбап тұрған түрін көрдің бе, кәпірдің!.. Егер Алексей жәрдем берем десе, бұлар несін аяйды дейсің. Алексейге де осы қызды бекер айтқан екем. Сұлу әйел сиқыршымен бірдей, еркекті қақпанға тез түсіреді. Осы құрғырға Алексей ауып кетіп, істің беті теріс айналмаса неғылсын!..»
Сөйлесіп тұрған Алексей Ботагөзге шынында қызықты. «Сұлу қыз,– деп ойлады ол, қылмыңдап кеңесіп тұрып,– осындай қыздар Лермонтов пен Толстойдың Кавказ темасына жазған өлең, әңгімелерінде кездеседі. Денесі де, кескіні де мұндай көркем қыз сирек. Мұнымен жақын танысу керек екен!..»
Ботагөз де бұл танысуды жек көрген жоқ. Лизаның атын ол Алексейге әдейі айтты. Ондағы Ботагөздің ойы: «Лизамен бірге оқып жүрген кезімдегі бақытты тұрмысымды көзіне елестетіп, қазіргі қайғымды айтып жыласам, жүрегі жібір, қаталдығын қояр, мүмкін жәрдемдесер!»
– Ғафу етіңіз,– деді Алексей,– мен сізді көбірек ұстадым. Тоңдыңыз. Сіздей сүйкімді қызбен танысуға мен шатпын. Бұл менің сізбен ақтық жолығуым болмас деп сенем. Сіздің адресіңіз?
– Менде адрес жоқ.
– Қайда жатасыз?
– Әр жерде.
– Сіз менен қаймығып айтып тұрмаңыз. Мен үнемі қатаң мінезді емеспін. Қызмет жөнінен басқа жерде мен де жабайы адамдаймын, мен де жалынды жүректі жаспын. Менен сіз қиянат көрмейсіз.
– Рас айтам. Менде пәтер жоқ.
– Ендеше, менің адресім есіңізде болсын: Большесадодая, 42.
Алексей қалтасынан книжкасын алып, перчаткалы қолын көтеріп, честь беріп:
– Келіңіз!– деді Алексей қолдасудың орнына оң қолын көтеріп, честь беріп.
4
Алексейге жолығу, жолықпау туралы Ботагөздің ойы көп толқыды. Жолыққысы келгенде ол Алексейге «әдемі жігіт» деп қызыққан жоқ. Оның жолыққысы келген себебі: айыптылардың ісін жеңілдетуге көмегі тиер ме екен дегендік.
Бірақ ол көмекті Алексейдің қалай көретініне Ботагөздің көзі жетпеді.
«Адамшылық ары болып, менің іздеп баруымды дұрыс ұқса жарайды,– деп ойлады ол,– егер теріс ұғып, мені орын саудаға салғалы жүрген адам екен деп түсінсе, қайтем ? »
Кітаптан оқығаны болмаса, офицердің нендей мінезді халық екенін Ботагөз тұрмыста көрген емес. Кітаптан оқыған офицер екі түрлі. Біреулері: Гринев сықылды адамшылық қасиеті жоғарылар, біреулері: Швабрин сықылды төмен ойлы сотқарлар. Елді рахымсыз қырған хабарына қарағанда, Кулаков Швабрин сықылды. Бірақ бетпе-бет кездесіп мінезін өзі сынап көрмеген соң пікірін ақтық қорыту қиын. Лев Толстойдың, «Соғыс және бейбітшілік» деген романының айтуынша: соғысқа араласушылардың басында ерік жоқ. Ойындағы қарсы қылықтарды дүрмекпен олар еріксіз орындайды.
«Мүмкін,– деп ойлады Ботагөз,– Алексейде кінә болмауы. Ол халықты қырғанда, жоғарғы жердің бұйрығын амалсыз орындауы, ішінен қырғынға қарсы болуы...» Ботагөз толқыған ойын көп кешікпей бір жерге қорытты.
«Барайын, тәуекел,– деп ойлап ол,– көрейін, сөйлесейін. Егер бұзық мінезді болса, енді қайтып бармаспын. Болмаса, адамшылық ары болса, нашар халді естіп жібір. Мүмкін, жеңілдетуге көмегі тиер».
Серік қазақтарына бұл сырын айтпастан Ботагөз Алексейдің адресін алып, іңірде жөнелді.
42 үй – татардың байының екі қабатты үйі екен. Алексей жоғарғы қабатының түкпірдегі бөлмесінде тұрады екен. Жоғарыға басқышпен өрмелеп шыққан Ботагөз коридорда жолыққан әйелден сұрап, Алексейдің есігін қақты.
– Кіріңіз!– деді еркек даусы.
Ботагөз кіріп барса, Алексей гитар тартып отыр екен, үстінде комната киімі.
– Ә, ғафу етіңіз!– деді ол, ұшып түрегеліп.– Мен сізді көптен күткен едім. Жоғары шығыңыз!
Алексей гитарын сандық үстіне сүйей салып, Ботагөзге қолдасып амандасты да, шешінуін өтінді.
– Рахмет, ұзақ болмаймын,– деді Ботагөз.
– Неге?
– Асығыс жұмысым бар еді.
– Оқасы жоқ. Жұмыс ештеме етпейді. Шешінуіңізді өтінем!
Алексей Ботагөздің күпісінің түймесін ағытуға айналып еді.
– Тағы да келем, ғафу етіңіз, қазір асығыс едім,– деді Ботагөз түймесін ағыттырмай.
Бөлменің ішін Ботагөз көзімен айнала шолып еді, іші жасаулы, сыры әдемі, шағын бөлме екен.
– Асығыс болсаңыз да аз уақыт отырыңыз, шешініңіз!–деп Алексей қолқалағасын Ботагөз күпісін шешті де, Алексейдің көрсеткен орындығына отырды. Алексей Ботагөздің қасына отырды.
Қатар отырғаннан кейін екеуі де бірін-бірі тез сынап, тез арбай бастады.
Алексейге келген ой: «сұлу қызды құдай қолға берді. Егер көңілі болмаса неге оңаша келеді? Бұл маған қызығуға тиісті. Есінеп отырып қалмай, не де болса ашық қимылдап көрейін!»
Ботагөзге келген ой: «көзінің қимылдауы жаман екен. Айтарымды айтып, тез қайтайын!»
Алексейдің алғашқы сөзі қалжыңнан басталды.
– Сіздей сұлу қыздарға мен өте сабырсыз қараймын,– деді ол,–- мен қазақтың ғұрпын білем. Қазақ үйіне келген қонақты ең алдымен аспен сыйлайды. Менде тоқты мен қымыз жоқ. Бірақ қымызға бергісіз тәтті арақ бар! Әйелге арақ ұсынудың неше түрлі әдісін білетін Алексей, Ботагөздің рұқсатын алмай-ақ, айналы шкафтан екі бөтелке қызыл арақ алып, стол үстіне қойды.
– Сиырдың тілінен істеген жақсы консерв бар еді, ол арам емес,– деп бір банк консерв алып, бәкісімен қақпағын ашып, оны да стол үстіне қойды.– Тәтті кәмпиттер де бар!– деді Алексей, қағаз қораптағы кәмпиттерді де столға қойып.
Тағы бірдемелерді столға қойғаннан кейін, Алексей бәкісінің желкесіндегі бұрғымен қызыл арақтың тығынын ашты да, екі рюмкаға толтырып құйып, Ботагөздің қасына кеп отырды.
– Таныстығымыз үшін ішейік,– деді ол, рюмканы көтеріп.
– Рахмет, мен ішпейтін едім!– деді Ботагөз.
– Ішіңіз! Дәмін көріңізші. Аумаған қымыз!–деп жалынды Алексей.
Алексей қанша өтінгенмен Ботагөз не тамаққа, не араққа ернін тигізбегесін:
– Мұныңыз қалай?– деп жымиған кескінмен Алексей Ботагөзді аш белінен құшақтап өзіне қарай тартты,– мен сізді сүйемін,– деді Алексей,– мен сізге ғашықпын. Менің жүрегім сіздікі!
Алексей Ботагөзге бетін тақағалы басын жақындатып еді, Ботагөз атып түрегеліп, құшағынан шығып кетті...
– Шыдауға мүмкін емес!– деді Алексей құшағын жазып ұмтылып,– мені сіздің махаббат отыңыз шалды. Мен әлек болам. Сақтаңыз мені!
– Қолыңызды тартуыңызды өтінем!– деді Ботагөз, Алексейдің қолын қағып,– сіздің махаббатыңызға мен күмән келтірмеймін. Бірақ тез жанған махаббат тез сөнеді. Мен ауылша киінгенмен ауылдық надан қызы емеспін. Мен Пушкин мен Толстойдың қызымын. Бұл сөз сізге ұғымды болуға тиіс.
– Ұқтым!–деді Алексей созған қолын түсіріп.
Алексей Ботагөзді шынында жаңа ұқты. Оның бұл минутқа шейінгі ойы: «қазақ қызы қақпанға тез түседі. Егер түспесе, зорлап түсірем. Онда маған не қылады?» деген еді. Енді ол Ботагөздің ой өрісін мөлшерледі. Зорлыққа да, алдауға да тез түспейтінін шамалады.
«Бәрібір, қазір қиратып жатқан іс жоқ,– деп ойлады Алексей,– қол бос. Іш пысады. Іш пысқан уақытта ермек болсын, бұл қыздың еркіне жіберейін!»
– Сіз мені ғафу етіңіз!–деді Алексей орындыққа отырып,– сізге мен кейбір асығыстық мінездер көрсеттім. Оған мен айыпты емеспін, менің еркімнен шыққан жүрек айыпты. Бірақ сіз менің бұл қылықтарымды сізге ақылсыздық көзбен қарағандық деп ойламаңыз. Мен сізді бағалаймын.
– Мен сізге айттым,– деді Ботагөз,– «сенемін» деп. Бірақ мен тұрмысқа өте жауапты қарайтын адаммын. Алдағы күннің ісін көп ойлану керек. Көңіліңізді қайтарып, қолыңызды қаққандық үшін сіз де мені ғафу етіңіз. Менің бұл жолы сізге келуім: біріншіден танысу болса, екіншіден бастағы ауыр халімді айту еді.
– Айтыңыз!
Ботагөз бар оқиғаны, өзінің Қызылжарға келген себебін түп-түгел жасырмай айтты. Оның жасырғаны Асқар ғана. Асқар туралы ол «ләм» деп аузын ашқан жоқ. Асқарды білетін белгі көрсеткен жоқ.
– Сізде адамшылық жүрек барына мен күмән келтірмеймін,– деді Ботагөз сөзінің ақырында,– көңіліңізге ауыр алмаңыз, егер мына тұтқында жатқандардың халін жеңілдетсеңіз, сіз далада қанданған қолыңызды жуған болар едіңіз.
– Сіздің бір тілегіңізді орындай алсам, мен өзімді бақытты деп санаймын,– деді Алексей, орындай алмайтындығын біле тұра, Ботагөзге кең тұсау салғысы келіп,– кірісіп көрейін.
– Рас айтасыз ба?–деді Ботагөз, қуанып кетіп.
– Рас!– деді Алексей.
– Уәдеңізді күтем!–деді Ботагөз қолын ұсынып.
– Сіздің уәдеңізді мен де күтем!–деді Алексей, қолын қысып.
– Маған енді рұқсат етіңіз!–деді Ботагөз,– асығыс едім.
– Мен енді отыр деп сізді қыстамаймын, рұқсат. Бірақ менің көңілім үшін тым болмаса мына тамақтардан дәм татыңыз!–деп өтінді Алексей.
Алексейдің көңілін қалдырғысы келмеген Ботагөз, «ауыз тиейін» деп бір кәмпит алып жеді.
– Жоқ, оған мен разы емеспін,– деді Алексей, Ботагөзді білегінен ұстап,– сіз мына арақты ішіңіз! Біреуін ғана. Бұл арақ емес, қымыз.
Көтерген арақты үстіне төгетін болғасын, Ботагөз тәуекел деп жұтып салды. Бұдан бұрын ол арақ затты нәрсенің ешбіреуін татқан емес еді. Арақ дегеннен оның түсінігі: кеңірдекті күйдіретін ащы зат еді. Мынау арақ олай емес екен.
Расында қымызға жақын қышқылтым, бірақ қымыздан тәтті.
«Бекер іштім-ау!» деп өкінді Ботагөз, жұтқаннан кейін. Олай деп өкінген себебі, басына екі ой келді: біреуі – «мына кәпір араққа бірдеме қосып беріп отыр ма!»–деп қорықты Ботагөз. Екіншісі – «арақ адамды тез бұзады, бір дәмін алса, артынан одан қашып құтыла алмайды, ішкісі келеді де тұрады»,– деп еститін еді.
Осы екі ой келгеннен кейін ол, «бұдан былай басымды кессе де ішпеспін!» деп өзіне өзі ішінен ант берді.
Ал, Алексейге келген ой: «Араққа аузы тиген әйелдің сыры өзіме мәлім. Сен қыздың жайыңды енді білдім!» Алексеймен танысқаннан кейін, жазалылардың құтылуы туралы Ботагөздің сөнген үміті қайта тұтанған еді.
«Мен сенің құлыңмын,– деген еді Алексей бірер көріскеннен кейін,– өлімге жұмсасаң да барамын, бар тілегіңді орындаймын. Менің сенен жалғыз ғана тілегім бар, ол – «сүйем деген сөзің».
Распутин төңірегінде көп болған Алексей әйелдің талайымен кездескен: княгиня, дворянка, жабайы мещанка, крестьянка деген сықылды әр түрлі әлеуметтік ортаның әйелдерін түгел көрген. Оқығанды да, сауатсызды да жолықтырған. Талай түрлі ұлттың әйелдерімен де танысқан. Сондықтан Алексейге әйелдің шыққан тегі, ұлты, білімі қандай болса да бәрібір. Оның жалғыз-ақ қасиеттейтіні – сұлулық.
Сұлулық жағынан Ботагөз Алексейге өте ұнады. Өмірлік серік болу туралы ойламағанмен, Ботагөзбен аз күн рахат өмір сүруге Алексей шын ниетімен құмартты. Бастапқы танысқан кезде бұл тілегіне жетуіне ол шек келтірген жоқ.
«Бұл маған басына қысымшылық іс түскен кезде танысты,– деп ойлады ол,– сондықтан негізінде берік қыз болғанның өзінде де, осы жағдайда дегеніме амалсыз көнеді. Өйткені, жазалылардың халі жеңілденуінің бір тетігі менде деп түсінеді. Үкіметке қарсы шыққан мұндай іске менің жақтап кірісе алмайтынымды білмейді. Олай болса, құдай ғайыптан қолға түсірген бұл менің азығым!..»
Ботагөз Алексейдің ойынан шықпады. Алексейдің алдаған, арбаған сөздеріне берілмеді. Ұзын арқан, кең тұсаумен:
– Асықпаңыз, күн жетеді, тұрмысқа шығу оңай мәселе емес, сыр алысайық, бір-бірімізді жақсылап білейік, ұғысайық,– деп сырғыта берді.
– Мен сенімен мәңгілік өмір жасауға тиістімін. Аз күндік бояма махаббаттың адамы мен емеспін, сенен басқа адам маған жар болуға тиісті емес, менің жүрегім сені сүю үшін ғана жаралған,– деп жалбарынды Алексей.
– Ол сөзіңізге күмән келтірмеймін, сіздік емеспін деп және кесіп айтпаймын, бірақ сабыр етейік, әлі де ойланайық,– деді Ботагөз.
Жалынышты сөздің қақпанына Ботагөздің түспейтінін көрген Алексей, екінші әдіс қолданып, «енді мұны қорқытып көрсем қайтеді?» деп ойлады.
– Егер сенің жүрегің менің жалынды сөзіме жібімейтін тас болса,– деді Алексей бір күні,– ондай тас жүректі уатудан басқа шара жоқ.
– Не айтқыңыз келеді, бұл сөзбен?– деп сұрады Ботагөз.
– Мұндай орынсыз қатал мінезбен оң ісіңді теріс бұратыныңды білесің бе?
– Егер сіздің баяғыдан бері айтқаныңыз жалған боп, ондай іске барамын десеңіз өзіңіз біліңіз, мен сізді тоқтата алам ба?
Әлі де үмітін үзбеген Алексей, біржола араздасып айрылғысы келмей, көңіліне қорқыныш салумен ғана қанағаттана тұрғысы келді.
– Мен сіздің ойыңызды аздап ұғам,– деді ол, тағы да сыпайылап, қатаң сөздегі «сеннен» «сізге» көшіп,– сіздің сүйгеніңізді де білем.
– Кім ол?
– Асқар Досанов! Оның қайда екендігі туралы да бізде аздап мәлімет бар.
Ботагөздің жүрегі су ете түсті. Ол: «Асқарды біліп қойған екен ғой» деп қорықты.
Итбай тұқымдары Алексейге: «әлгі Амантайға басшы болатын учитель Асқармен осы қыз бірге жоғалған еді, бұл қыз оның қайда екенін біледі, қысып сұраса табады» деген еді. Бірақ Ботагөзді әзірге ренжіткісі келмеген Алексей, ол туралы ешнәрсе айтқан жоқ болатын.
Асқар туралы сөз қозғалғаннан кейін Ботагөз Алексейге баруын доғарды:
Осыдан кейін Ботагөз Алексеймен танысқанына қатты өкінді.
Шалқайған Ботагөзге Алексей де еңкеймеді. «Арбауға көнбейтін сен сияқты қасқырдың қаншығына енді күш қолданбай болмас» деп ойлаған ол, Сарыбас пен Елікбайға ақылдасып, «қашқын қыз, Асқар Досановты осы біледі, табады» деп Ботагөздің үстінен зерттеу орнына арыз берді. Осы арыздың артынан Ботагөзді жаппақ боп, зерттеу орны іздеді.
Жампейіс арқылы іздеуден күн бұрын хабар алған Ботагөз жасырынды. Оның орнына серіктері ұсталып, зерттеуші «Ботагөзді тап» деп қысса да, «еліне кеткен, содан кейін көргеміз жоқ» деп, олар айтпады.
Қуғынға ұшыраған Ботагөз жазалыларға сот құрылғанда да көзге көріне алған жоқ.
Кешікпей сот үкімі естілді: «Темірбек пен Бүркітбайды дарға асу, өзгелерін 25 жылдан каторгіге жіберу».
5
Түрмедегілерге тамақ әкелушілердің тұратын мекені – түнде қақпасының алдындағы екі жүз саржандай жерде ат байлайтын діңгектің түбі болатын. Сол араға Ботагөз ымырт жабыла келсе, жан адам жоқ екен.
Ол күні аспан бұлтсыз ашық еді. Мұндай жұлдызды жалтаң күндері Қызылжарда аяз болатын. Түрмеге жеткенше Ботагөзге күн суық сықылданған еді, діңгек түбіне келіп, діңгекке ұзақ сүйеніп қимылсыз тұрғанмен, аяғы аздап тобарсығаны болмаса, басқа денесі тоңған жоқ. Далада ұзақ тұрған Ботагөз, түн ортасы болғанын әлдеқайда қала ішінде шақырған тауықтың әлсіреп келген дауысынан, одан кейін қала мен вокзал арасындағы Мұратов диірменінің гудогінен білді.
Аспан жалтаң болғанмен түн көрдей қараңғы еді. Түрмені айнала соққан биік тас қорғанның үстіңгі бұрыштарында әлсіз жанған электр шамының жарығы Ботагөз тұрған жерге жетпейді. Көзге түртсе көрінбейтін қараңғы түнде Ботагөздің көзіне шалынатын қорғанның үстіңгі бұрышындағы үйшік маңайында мылтығын көлденең ұстап ерсілі-қарсылы қимылдап жүрген күзетші солдат.
Түнде түрмеге баратындығын Ботагөз серіктеріне айтқан жоқ. «Бүгін түні жазалылар дарға асылады» деген хабарды Жампейіс арқылы естіген ол, «Темірбектен жаным ардақты емес, азар болса мені де ұстап дарға асар, оған шыдадым. Жазалыларды дарға түрмеден шығарып асады деген, түрме алдында тұрып, оларға тым болмаса қоштасып қалайын» деп ойлады.
«Халіңнің ауырлығын өзіңнен кем түсініп отырғам жоқ» деп аяқтаған Асқар жақында кісі арқылы жазған бір хатында. «Өте ауыр хал. Амал жоқ. Заман осындай. Заң осындай. Бұл заманмен, бұл заңнан бұдан артық рахым күтуге болмайды. Заман осы қалпында тұрғанда үкімнің орындалуында дау жоқ. Өзі кейістікте жүрген сенін, ойыңа бұл сөздер қатты тиетінін білем. Жасырғанмен бола ма? Тағы да айтам: заман солай, заң солай. Бұл заман мен бұл заңнан рақымшылық күтуге болмайды. Бірақ бұл заң мұндай қара күшімен халықты тұншықтыра беруге мүмкін емес. Қара заңның қараңғы түні серпіліп, халықтың үміт күні жарқырап шығуы тиіс. Тан, алдында түннің қараңғылығы қоюланатынын өзің білесің. Қазақтардың «таң қараңғысы» дейтін мезгілі таңның алды және түннің ең қараңғы мезгілі. Түн неғұрлым қараңғылығын қоюлатса, таң солғұрлым тез атады. Жазалы бейшаралардың ол таңды көрер-көрмесін кім білсін. Бірақ таңның атуы, күннің шығуы алыс емес. Үміт дүниесі: мүмкін, жазықсыз, рахымсыз жазаға ілеккен бейшаралардың тілегі қабыл болуы!»
«Осы хаттағы «түн», «таң», «күн» деп жазғаны не?» деп ойлады Ботагөз. Кеңірек ойлап қараса, «түн» дегені – патша үкіметінің заңы сықылды, «таң» дегенінен – ол заңды жоятын біреу сықылды. «Бірақ ол кім?» деп ойлайды Ботагөз. Кім екенін ойлап-ойлап таба алмады.
Түрме алдына келгелі Ботагөздің есінен Асқардың осы хаты шықпады.
«Уа, жалған!–деп арман етті ол.– Асқар атады деген тан, бүгін атса!»
Ататын таңның не таң екенін Ботагөз білмесе де, оны арман етті.
Сүйтіп, не екені белгісіз таңнан бірде үмітті, бірде үмітсіз боп, тоңған аяғын тебініп, бірақ діңгек түбінен қозғалмай Ботагөз түрмеге көзін телміртіп тұр еді, сырылдаған шананың тұяғы қарды шықырлатқан аттың дыбысы естілді.
Ботагөздің жүрегі су ете түсті. Түні бойы тоңбаған денесі кенет, қалтырап жүре берді.
Түнге көзі үйренгендіктен бе, я болмаса, түршіккен жан көздің отын күштірек жандырғандық па?– шана сырылдаған жаққа ол үрейлене қарап еді, аттарын cap желдіре түрмеге тура келе жатқан бірнеше шаналы күңгірттеніп көзіне ұшырай кетті.
Шаналылардың кім екенін жорамалдаған Ботагөздің «жазалылар құтылар» деп ойлайтын үміті сөнді. Оған жаналғыш әзірейіл келе жатқандай сезім пайда боп, тіршілікке тырысатын дене қасқырдан үріккен қойдай дір-дір етіп, паналар жер іздеді. Үрейден шарасынан шыққан Ботагөз діңгекті құшақтай, діңгекпен діңгек боп жабыса қалды. Егер де діңгектің іші қуыс болса кіріп кеткісі келді. Жанталасқан оған діңгек пана көрінбеді. Мұздай суық діңгек оны «әрі кет!» деп итергендей болды. Қысылғаннан оның маңдайынан тер бұрқ ете түсті, көзі қарауытып, басы айналды.
Бір кезде Ботагөз есін жинап, күбірлескен кеңеске құлағын түрсе, оншақты адам шанадан түсіп, түрмеге қарай беттеп барады екен. Бәрінің де сырттарында ішік, тон сықылды қалың киім.
Ботагөзге бұрын сезілмеген батырлық пайда болды. Жабысып тұрған діңгектен құшағын жазған ол, түрмеге аяңдап бара жатқан топқа тұра жүгірді.
Оның үстінде белін бүрген орысша ұзын тон, басында малақай бар еді. Сондықтан артынан жүгіріп келген оны, кетіп бара жатқан топ атшы екен деп ойлап:
– Сен қайда барасың?–деді біреуі жекіп.
Ботагөз үндемей қатарласа берді.
– Қал!–деді әлгі жекіген тағы.
Ботагөз қалмады. Бірақ үндемеді.
– Саған не керек, қал деймін!–деді тағы анау, топ қақпа алдына келгенде.
Қақпанын, алды электр жарығынан күндізгідей екен. Жағаларын көтеріп, беттеріне қырау тұрғанмен, топтың ішінен Кулаков, Құзғынбаев, Ғайнолла хазірет–үшеуін Ботагөз таныды.
– Алексей Андреич!–деді Ботагөз еркін дауыспен.
– Мен сізді танымаймын,– деді Алексей расында танымай ғап, бірақ әйел дауысын естіген соң «бұл кім?» деп ойлап.
– Мен Ботагөз!..
– Ботагөз!..
– Бұл кім?– десті қасындағылар.
– Мен танитын бір адам,– деді Алексей жасыра алмай.
– Алексей Андреич!– деді Ботагөз жалбарынған дауыспен,– сіздердің неге келгендеріңізді мен білем. Менің сізден дүниеде жалғыз тілегім болсын: мен ағаммен бақұлдасайын.
– Менің тілегім ше?..– деді Алексей кекетінді дауыспен.
– Алексей Андреич!.. Ондай сөздің орны бұл емес... Сіз ең алдымен адамсыз...
– Не могу!.. Айыпты өзіңіз!..
– Ит, шошқа, аң!– деді Ботагөз даланы басына көтерген ышқынған дауыспен.
Алексейдің құлағына бұл сөздер балқыған ыстық қорғасындай құйылды.
Келген топ қақпаға кіргенде, Ботагөз де таласты.
– Мынау бір жынды әйел,– деді аналардың біреуі, қарсы алған түрме күзетшілеріне,– қуып жіберіңіз!..
Бұл сөзді естігеннен кейін екі жандарм қақпадан шығып, Ботагөзді сүйреп, аттар байланған діңгекке апарды.
– Мен жынды емеспін,– деді Ботагөз сүйрегендерге бәсеңдеген дауыспен жасқа булығып,– менің есім дұрыс...
– Мұнда неғып жүрсің?
– Түрмеде ағам жатыр, әлгілер оны дарға асуға келді.
– Неге бақырасың?.. Сен бақырады деп олар үкімді орындамай қоймайды.
– Жіберіңіз мені!– деп жалынды Ботагөз.
– Сөзге түсінбейді. Мынау рас жынды!– деді сүйрегеннің біреуі.
– Ағасын дарға асса жұрттың бәрі жынданар,– деді екіншісі.
Жалбарынғаннан ешнәрсе шықпағансын:
– Босатыңдар!– деді Ботагөз қолын жұлқып.
– Енді бармайсыз ғой?–деді жандармның біреуі.
– Жарайды, бармайын!
– Ендеше біз кетейік. Сіз үйіңізге қайтыңыз... Тұруыңыз пайдасыз... Енді қақпа алдына барсаңыз жаман болады.
– Тоқта, атамын!– деген қорған бұрышындағы күзетшінің айқайына қарамай Ботагөз қақпаға тағы келді. Күзетші атам десе де, атпады.
Бірақ бұл жолы Ботагөз дыбысын шығарған жоқ. Қақпаның түбіне адымдай басып келді де, көз сиятын тесік тауып алып, қақпаға денесін жапсыра, содан сығалады. Қорғанның іші де жарық екен. Қақпадан жүз саржандай жерде екі қабат үлкен ақ үй тұр екен. «Кісі қамайтындары осы шығар?»–деп ойлады ол.
Ақ үйдің сыртқы үлкен есігі қақпаға қарсы екен. «Егер дарға далаға асатын болса, осы есіктен алып шығатын шығар, тым болмаса көріп қалайын, жақын жерден алып өтсе, дыбыс берейін» деп ойлады Ботагөз.
Бір мылтықты адам:
– Жүр!– деді Ботагөзге, қақпадан шыға кеп.
– Қайда?
– Ол сенің жұмысың емес!..
Мылтықты адам Ботагөзді қақпа ішіне кіргізгенде, «Алексей тілегімді орындап, ағама амандастырғалы кіргізді ме?» деп ойлады Ботагөз.
– Жүр менің артымнан!– деді мылтықты Ботагөзге түрме есігіне қарай аяңдап.
Бұл «жүрдің» не «жүр» екеніне түсінбеген Ботагөз, ананың артынан аяңдап түрменің есігіне жақындап еді, есік ішкі жағынан ашылып, сылдырлаған кісен дауысы естілді.
– Былай, былай!– деді бастап келе жатқан мылтықты сасқалақтап, Ботагөзге жалт қарап, иығынан жұлқылап, оң жаққа қарай сүйрет.
Мылтықтының тырмысқанымен, Ботагөзге әлі келмеді. Осы кезде есіктен баяғы топ шыға келді. Алдарында маңайын қарулы жандармдар қоршаған Темірбек пен Бүркітбай. Екеуінде де үн жоқ.
– Темірбек, бауырым!–деді Ботагөз айқайлап,– бақұл бол, мен Ботаң!
– Бас аузын!–деді бір жуан дауыс.
Осыдан кейін зарлы ызыңның Ботагөздің дауысы екенін, я ұлыған желдің дауысы екенін Темірбек біле алған жоқ. Аузын басқан Ботагөзді үш-төрт жандарм түрме есігінен көтеріп кіргізіп, бір камераға әкеп қамады.
Камера кең екен. Ішінде жиырмадан аса әйел бар екен. Бәрі үрпиіп ояу отыр.
– Неге қамады?–деп сұрады олар Ботагөзді қоршап. Жасқа булыққан Ботагөз, әйелдерге қысқаша мән-жайын айтты.
Абақты бастығын, сот адамдарын, үкіметті, патшаны әйелдер шулап қарғады. «Өздеріне осы күн туса, еттерін тірідей кесіп жер ек!» деп кіжінді.
Бұл сөздердің ешқайсысына Ботагөз құлақ қойған жоқ. Оның құлағынан ызыңдап кетпей қойған дауыс Темірбекке: «Бақұл бол, сәулем!» дегені.
...Таң атты. Шуылдасқан әйелдердің біразы қалғыды. Біразы Ботагөзден жауап ала алмаған соң, өзара күбірге кірісті.
Бір кезде азан-қазан шу, сатыр-күтір атылған мылтық дауысы шықты. Үйдегі әйелдер де, Ботагөз де үрейленіп, өре тұра келісті.
– Бұл не?!–десті бәрі де.
Не боп, не қойғанын жан адам білген жоқ. Шу көбейді, атыс үдеді. Аздан кейін мылтық дауысы бәсеңдеп, азан-қазан шулаған дауыс түрменің ішіне кірді. Салдырлаған кілттердің, сындырылған есіктердің дыбысы естілді. Коридор іші сатыр-күтір жүгіріспен дүңгірлеп кетті.
– Шығыңдар, босандыңдар!–деді күңгірт коридордан біреулер, әйелдердің есігін ашып.
Сасқан әйелдердің біразы коридорға көйлекшең, жалаң бас, жалаң аяқ шығып кетті. Не болғанын, есік ашқан кімдер екенін түсінбеген Ботагөз де дүрмекпен коридорға, одан тысқа шықса, қорғанның қақпағы далиып ашылып қалған. Ағылып кіріп-шығып жатқан адам. Айнала опыр-топыр жүгіріс, айқай, у-шу...
Араның ұясындай ызыңдаған шудан Ботагөздің құлағына көбірек естілген сөздер: «Жойылсын патша, жасасын бостандық таңы!» Ботагөз бұл сөздерге түсінбеді, түсінгісі келмеді де. Оның есіл-дерті Темірбек.
– Дядя!–деді ол орысшалап, алдынан өте берген біреуге,– сіз дарға асқан кісілер көрдіңіз бе?
– Көрдім,– деді анау Ботагөздің бетіне қарап,– оны қайтесің?
– Қай жерде? Олардың ішінде менің ағам бар еді.
– Ағам!..– деп таңданған дауыспен жолыққан адам Ботагөзге жақындап еді, Кузнецов сықылданып кетті.
– Сіз Кузнецов емессіз бе?–деді Ботагөз.
– Ия, мен Кузнецов. Сен кімсің?
– Мен Балтабектің қарындасы – Ботагөзбін,– деді Ботагөз жылап жіберіп,– менің ағамды бүгін дарға асты.
– Балтабекті ме?
– Жоқ, Темірбекті! Балтабектің інісі.
– Жылама!– деді Кузнецов,– бостандық таңы атты.
– Әй, жолдас!–деді Кузнецов қасынан өте берген біреуге, сен мына кісіні ағасына апар!
– Қайдағы ағасына!–деді анау.
– Дардан босатып алған... Мен асығыс барам.
Кузнецов аршындай басып ілгері кетті, «ағасына апар» деп тапсырған адамға еріп, Ботагөз түрменің сыртына айналды.
«Дардан босатып алған» деген Кузнецовтың сөзі, Ботагөздің сөнген үмітін қайта тұтандырды. «Босатып алған» деген сөзден ол «тірі қалған» деген мағына ұқты. Сондықтан оның дірілдеген денесі қайраттанып, аяғы қаздаңдап кетті.
Бастаған адам түрмені сырт айналып, қорғанның күншығыс жақ бір бұрышына алып барса, тұзақ жіптер салбыратқан өре ағаш тұр екен. Өренің қасына барса, күртік қардың үстінде бастарын бітеу қаппен тұмшалаған екі кісі қатар жатыр.
– Ағаңды танисың ба?–деп сұрады ертіп барған.
– Танимын.
Ертіп барған адам қатар жатқандардың шеткі біреуінің басындағы қабын сыпырып алып еді, ол Бүркітбай екен. Жан жоқ денесі былқ-сылқ етеді.
– Мынау ма?–деген дауысқа ол төмен қараса – Темірбек!
«Бауырым!» деп ол құшақтай жығылды. Бірақ есінен танбады, көзінен жас шықпады. Бетіне бетін тақағанда Темірбек оған ұйықтап жатқан адамдай әсер берді.
Темірбекті Ботагөз маңдайдан, беттен шопылдатып сүйді де, мауқы басылғандай түрегелді.
Ботагөз түрегелгенде, көптен оның қабағын көтертпейтін қайғының зілді қара тасы домалап жерге түскендей, қалпына келгендей болды.
Сондай сезіммен Темірбекке телмірген көзін жоғары қаратса, абақты қорғанының еліктей мелшиген қимылсыз кеудесін баса, ашық аспанға өрлей, сәуле қанатын кең жая алтын күн көтеріліп келеді екен.
Ол Темірбекке қарап еді, күннің алтын сәулесі себілген беті сау, еркін көзіндей нұрланып кетті.
«Қалқам, Ботам!– дегендей болды Темірбектің нұрлы кескіні,– бұл күн, тірі сен түгіл, өлі маған да ортақ. Мен сыбағамды саған берем. Мен үшін екі есе, апаң үшін үш есе, Айбала үшін төрт есе бақытты бол!»
– Кеттік!–деген дауысқа Ботагөз жалт қараса, Кузнецов екен.
– Қайда!
– Бақытқа!
АЛТЫНШЫ ТАРАУ
ПЕТРОГРАДТА
1
Петроградтың табалдырығын биыл екінші рет аттаған Асқар Николаевский вокзалдың қала жағына шығып аз уақыт тұрды.
Қызылжардың уездный начальнигінен Елемесов боп алған Асқардың командировкасы– Земгорға жолданған еді.
Земгордың бастығы князь Львов, орынбасары Базархан екенін Асқар газеттен оқыған.
«Қазақ» газетінің бір санында көтеріліс жасаған қазақтарды, әсіресе Асқарды Базарханның қатты сөгіп жазған мақаласын Асқар оқыған еді. «Мұндай көзсіз көбелектердің жазасы – ату, асу, тірідей отқа үйту!» деп аяқтаған еді Базархан Асқар туралы сөзін.
Земгорға тура баруға Базарханнан жүрексінген Асқар, Смирновтың үйіне барып еді, әйелі Булатовтың майданда жасырын жұмыста екенін айтты.
Майданға баруға бел байлаған Асқар Земгорға астыртын кісі сап білсе, Базархан Минскіге кеткен екен, оның орнында Қарамұрзин деген қазақ қалған екен. Қарамұрзинді Асқар естіген де, көрген де жоқ еді. Сондықтан, ол Петроградқа келген күні Смирновтың үйіне қонды да, ертеңіне Земгорға барып, Қарамұрзинге өзін «Елемесов Балапан» деп таныстырды. Қарамұрзин Асқарды сыпайылықпен қарсы алып, майданға қызметке келгеніне рахмет айтып, хал-жаймен оны таныстырды:
– Түркістанды қоспағанда,– деді ол,– қазақтың бес облысынан 227500 жігіт алынбақ еді, соның тең жартысынан артығы алынған.
Алынбаған жігіттер қайда екенін білу үшін Асқар Қарамұрзинге сұрау беріп еді:
– Жігіт бермей, қатты к,ырғынға ұшырап, Қытай ауып кеткен ел – Жетісу облысындағы Үйсін-Дулат, Албан-Суан,– деді ол.– Одан басқа жігіт бермей әлі де соғысып жатқан Торғай елінің қазақтары.
– Бастығы кім екен?
– Амангелді Иманов деген дейді. Қырылып бітпей көнетін қалпы жоқ. Одан басқа жігіт бермей отырған Адай елі. Шет пұшпақтап границадан шығып кеткен азын-аулақ елдер болмаса, одан басқа халық жігітін беріп жатыр. Окопқа жігіт берген жалғыз қазақ емес. Түрікпен, Тәжік, Өзбек, Ұйғыр сияқты бұрын әскер қызметіне алынбайтын елдерден де алып жатқан көрінеді. Олар да басында көтеріліп, артынан көніпті. Жетісу мен Торғай және Ереймен елдерінен басқа патша жарлығына қатты қарсы шығып, қырғынға ұшыраған ел – қырғыз.
Қарамұрзиннің айтуына қарағанда қазақтан алынған жігіттердің бәрі окоп жұмысында емес екен. Біразы: Орал бойындағы заводтарға, шойын жолдарға, Петроград, Москва. сықылды үлкен қалалардың заводына орналасыпты. О.копта 50 мыңдай жігіт бар екен. Олар Минскі мен Варшава қалаларының аралығында істеп жатқан көрінеді.
– Маған не қызметті лайықтайсыз?– деген Асқардың сөзіне Қарамұрзиннің берген жауабы:
– Елден жөнелткен жігіттердің ішінен ауырып қалған адам көп. Оларды орналастыру міндетім деп білгенмен, жұмсайтын адам жоқтығынан Земгор жәрдем көрсете алмай отыр. Мына: Пермь, Вятка қалалары арқылы Екатеринбург қаласына шейін Солтүстік жолмен барып қайтқаныңыз жақсы болар еді.
Сезіктендірмейтін түрде Асқар Базарханның соғысқа көзқарасын сұрап қойып еді:
– Ол кісінің достары: кәдет партиясының мүшесі князь Львов пен меншебек Чхеидзе ғой,– деді Қарамұрзин,– кәдеттер де, меншебектер де соғысты жеңгенше созайық деген ұранға басшы боп жүр. Базекең солардың ұранын қолдайды. Сондықтан князь Львов Базекеңді өзіне – Земгорға орынбасар қып алды.
– Орыс дворяндарының арасында осы кісі бағалы-ау деп ойлаймын,– деді Асқар.
– Какжы. Кәдеттің цекасына шлен болу оңай емес. Оған орыстың светская интеллигенциясының қаймағы ғана мүше бола алады. Милюков, Гучков, Львовпен тең болғандықтан Базекең кәдетке мүшелікке ілегіп жүр. Выборгское воззваниеге 1907 жылы қол қоятын 17 кісінің біреуі Базекең емес пе? Атасын алсаң – хан тұқымы. Өзін алсаң – ғалым кісі. Сонысын, есептеспей қоймайды.
– Елден келген адамбыз, біз наданбыз ғой,– деді Асқар Қарамұрзинге,– сұрауды көп берді деп сөкпеңіз.
– Сұраңыз, сұраңыз!..
– Базекеңді бәріміз де аға көреміз, басшымыз көреміз. Меніңше осы соғысқа жәрдем бергеннен қазаққа тиер пайда шамалы сықылды. Пайдасыз іске белсене көмектесетін бұл кісінің не білгені бар?
– Ол жағы маған да мәлім емес. Бірақ Базекеңнің айтатыны: «Патшамыз Николай Романов: Поляк, Фин, Латыш елдеріне соғыстан жеңіп шыққасын бостандық берем деп уәде қылды» дейді. «Менің достарым Милюков, Львов, Родзянко маған: «сіздерге де бостандық әпереміз, соғысқа белсене жәрдем беріңіздер» деп айтады дейді. Үлкен саясаттың адамы ғой. Ол кісінің де бір білгені бар шығар.
Қарамұрзинмен екі-үш сағат кеңескеннен кейін, Асқар Солтүстік темір жол бойында ауырып-сырқап қалған жігіттерді орналастырып, мәліметін алып қайтуға мандат алды да, жүріп кетті.
2
Петроград пен Екатеринбург арасындағы қалаларда әр түрлі себептермен серіктерінен қалып қойған және жұмысқа орналасқан жігіттерді аралап, тиісті көмегін көрсетіп, Петроградқа декабрьде қайтқан Асқар, сол кезде Базарханның қалада жоғына тағы да қуанып, мандатын жаңартып, Земгордың Минскідегі бөлімінің қарауына кетті.
Бұл жолы да, ол Петроградта Смирновтың үйінде болып, «Минсікіде тұрады» деген Булатовтың адресін алды. Минскіге келе, Асқар тура Булатовтың үйіне түсті. Екеуі құшақтасып амандасқаннан кейін, сұрауына жауап күтіп, достық жылы кескінмен қараған Булатовқа, Асқар барлық жайын қысқаша айтты.
Ол күні көздері ұйқыға кеткенше, екеуі де өткен күннің тарихынан шыға алмады.
Қазір Булатов – Железов деген фамилиямен қалалық Управаның электр монтері боп істейді екен.
Ертеңіне Асқар Земгорға барса – сетік танау, сойдақ тіс қазақ жігіт бар екен. Ол өзін Сарымсақ Омаровпын деп таныстырды да:
– Қазақтың азғана оқығаны бірін-бірі білетін еді, сені біз білмей отырмыз. Біз білмейтін де оқыған азамат болғаны ғой. Сапарың оң болсын,– деген сықылды суық тілдермен Асқарды біраз қажап отырып, Земгордың бастығынан Асқарға жолдама алып берді.
Қолына берілген жолдаманы Асқар былай шыға оқыса, жазған сөздері төмендегі екен:
«Батыс майданның ұрыстағы оныншы армиясының қолбасшысы, Ұлы дәрежелі генерал Петуховқа! Осыны көрсетуші – тіленіп келген қазақ, Елемесов бұратана халықтардың жұмысшы партиясының 1 және 2 батальонына тілмаш ретінде жіберіледі. Ол батальондар бірінші құрылысшы инженерлер тобының қарамағында. Земгордың канцелярия начальнигі»
(Қол қойған).
Осы қағазды қалтасына салған Асқар, пәтеріне келе кешкі поезбен жүрем деп еді, Булатов: «бірер күн жатып, партияға түсуіңді бір ыңғайлап кет» деген соң қалды.
Сол күні кешке Булатов Асқарды Михаил Васильевич Фрунземен таныстырды. Фрунзенің сол кездегі қызметі – бір мекемеде экономист екен. Соз түрінен қазақ, қырғызды жақсы білетіндігі көрінгесін, Асқар шыққан жерін сұраса, Піспек қаласында туыпты. Булатов кім екенін айтқан соң, Фрунзе Асқарды жатырқаған жоқ. О да Асқарға Булатовтың ақылдарын айтты.
– Мен Базархан Меделхановпен таныспын,– деді Фрунзе,– ол өзін ұлтшылмын деп есептейді. Бірақ ол кадет. Кадет партиясының программасы – отар ұлттардың тағдырына қайғырмайды. Олай болса, кадетке ұсақ ұлттан кірген адам да ұлт .қамқоры бола алмайды. Барлық ұлттарға бостандық әперетін коммунист партиясы ғана. Олай болса, сіз сықылды халықтың қалың ішінен шыққан оқығандар коммунист болулары керек.
Түнгі сағат екіге шейін кеңесіп отырған Асқар, барлық сырын Фрунзеге де жасырмай айтқаннан кейін, сол үйде Асқар партияға түсуге анкет толтырды.
Асқар кешікпей майданға кетті. Ол жіберілген 10 армияның штабы Столбцы деген станцияда тұрады екен.
– Бұл маңайда 13 мың қазақ жұмыс істейді,– деді генерал Петуховтың адъютанты Асқарға (генералдың өзі қабылдамады),– мың жігітке бір поручик берілді. Мыңның ішінде бес жүзден екі батальон бар. Батальон басына бір прапорщик қойылды. Егер де Земгордың осындағы уәкілі – Меделханов сізге сеніп, жолдама қағаз берсе, мен қызмет берем.
Адъютант (книжкасынан қағаз жыртып ап Асқарға Меделхановтың адресін берді.
Далаға шыққасын Асқардың ойына тағы да күдік кіре бастап еді, «туғаныңды жасырасың, өлгеніңді қайтесің?» деген мақал түсті оның есіне. «Қорқып жан сақтай алмаспын,– деп ойлады ол,– не де болса барайын!»
Асқарды жақсы танитын Меделханов, ол кіріп барғанда, ішіп отырған шайын тастай түрегелді де:
– Сен қайдан жүрсің?!–деді.
– Елден.
– Елдің көтерілісінің жайы не болды?
– Үкімет әскері күшпен басты. Тауға паналаған азғана адам болмаса, өзге халықтың көнбегені қырылып, көнгені осы жаққа майданға кетті.
– Шоқ-шоқ, өлде бар!–деді Базархан тістеніп,– ақымақ елге сол керек. Сен сықылды «ақылды» жігіттері бар ел, осындай күйге ұшырамай қайтушы еді...
Асқардың ашуы алқымына келіп қап еді: «әліптің артын бағайын» деді ішінен.
– Адам кешетін қылығың жоқ!– деді Базархан,– қанша елдің обалына қалдың! «Үйге келгесін үйдей күнәсін кеш» деген еді. Өзің келмегенде саған сақтағаным көп еді. Енді амал жоқ, ия, сонымен неге келдің?
– Майдандағы жігіттерге көмектесейін деп келгенім ғой.
– Міне, мұның жі-гіттік. Енді күнәңді кешуге болады. Насыбайың бар ма?
– Жоқ еді.
– Ия, шонымен қайдан зүйсін?– деді Базархан тілінің астына насыбай салып.
Асқар Базарханға қысқаша, генерал Петуховтың адъютантына жолыққанын, оның жолдама сұрағанын айтты.
– Мен өзім Петногиятқа қайтқайы жати едім, Земгойға докият беймек едім, зақсы келдің. Минскіде Сайымсақ миза Омаев бай. Ойнымда уақытса сой қаяды. Сен соған помоснік боя түй.
– Жақсы.
– Ендеше генеяй Петуховқа сояй деп записка бейейін. Базарханда: аты, фамилиясы, қызметі көрсетілген «именной» блокнот бар скоп, сонысын алып, жазғалы жатты да, насыбайын тастап:
– Генерал Петуховпен мен доспын, деді Асқарға,– соғыс алдында ол Псковтың граждандық губернаторы еді. 1913 жылы Петербургте болатын губернаторлардың жиылысында, губернатор болатын адамдардың тізімінің ішінде болғандығымнан мен де қатнасып ем. Сонда танысып ек. Содан дос. Князь Львов маған бір губернаға губернатор боп бар, мен министр Советінің бастығына жібер деп айтайын деп еді, мен оған «кейінірек болармын, әзірге отан қорғау жұмысында істегім келеді, Россияның алдында қызметімді көрсетіп, сыйымды содан кейін, соғыс аяқтағасын алғым келеді» деп жауап бердім. Ол менің бұл сөзіме алғыс айтты.
Меделхановтың мақтаншақтау екенін білетін Асқар, губернатор боламын дегенін мақтаны деп түсінді.
– Ғафу етіңіз!–деді Асқар, Меделханов запискасын жазуға айналғанда,– сіз менің фамилиямды білесіз ғой?
– Какжы! Менің памятым әзірге өзгерген жоқ, Асқар Досанов!
– Мен кәзір – Балапан Елемесовпін.
– Как так?!.
Асқар шынын айтты.
Көтеріліске көмекші болғандығы үшін ұрысқанда, Асқарға Базархан баяғы – 1913 жылы Асқардың тұтқын боп жер аударылуы туралы ешнәрсе айтқан жоқ еді. Үйткен себебі, ол жылы тұтқындалуына өзі көмектесуін білдіріп алармын деп ойлады.
Асқардың мынадай жасырынып жүргенін білген Базархан, оны ұсынып, қызметке жолдама беру түгіл, майданның саяси бақылау орнына айтып жаптырып қоюға бір ойлады да, тағы да «сынап көрейін» деген пікірге келді, «көнбей бара жатса, тізгіні қолда ғой».
– Жақсы, жазайын,– деді ол өзінің аты-жөні жазылған блокнотын қолына алып.
Базарханның запискасымен генерал Петуховтан Сарымсақ Омаровқа помощниктік назначение алған Асқар, майдан арасындағы жігіттердің ішінде ай жарымдай қызмет істеді. Тез жіберем деп кеткен Базархан, не себеп екені Асқарға мәлімсіз. Омаровты өзімен Петроградқа ала кетіп, содан тез қайтпады.
Бұл уақыт соғыстың қызу қарқыны бәсеңдеп, екі жақтың да әскері окопта аңдысумен жатқан кезі еді. Сондықтан, майданның аузындағы қазақ жігіттері кейін шегеріліп, қалың орманды отан әскерге жол салу, өзендерге көпір салу, кейінгі жақтан окоптар даярлау жұмысына түсті.
Асқар аралағанда жұмысшы жігіттердің халі өте ауыр екен. Ең алдымен – жататын жылы үй жоқ. Майдан маңындағы қалаларға әскердің өзі де сыймағандықтан қазақ жігіттері қазақ елдерінен жіберген киіз үйде жатады екен. Қыстың орта шені болғандықтан, күн көбінесе, үскірік суық. Жұмысының көбі жер қазу болатын жігіттер, қазатын жерлер қорысты, батпақты томар болғандықтан, бір кез шұқыса астынан су шығып, жұмыстан суға белшесінен малынып қайтады. Суға малшынып келген жігіттерге аяқ киімін, басқа да киімдерін кептіретін жылы орын жоқ. Сондықтан көп жігіт ауруға шалдығып өлген. Аяғынан ревматизм боп домалап жатқандар да аз емес. Оларды қарайтын дәрігер жоқ. Жүздеген аурулар, жұмыс кезінде мертіккендер дәрігердің жәрдемінсіз суық киіз үйде сарнап, зарлап жатады.
Тамақ жағы да өте нашар. Қырдан келген жігіттердің көпшілігі капуста, картоп сықылды астарды сүйсінбей, ара-тұра берген консерваларды арам деп жемей, ашығып қапты. Күндері жалғыз жанға қарағандықтан, олар кейінгі кезде мінген аттарына қастық қып, аттарының аяқтарын әдейі сындырып, сойып жепті. Бұл қулықты сезген армия бастықтары өлген атты жеуге бермей, қасақана көмдіріп тастаған екен, жігіттер қазып ап жепті. О да сезіліп қап, жігіттердің ішінен атылғандары болыпты. Бірақ оған қараған жігіттер жоқ. Ат өлтіру үдемесе кеміген жоқ. Асқар араласқан бастапқы күннің өзінде-ақ, «атты жемегенде не жейміз?» деп аттың аяғына әдейі бөрене құлатып сындырған жігітті ол көзімен көрді.
Жалдап –саудагер майданға да барған екен. Бұрын сауда қылған кейбір жігіт, жігіттердің етке тарығуымен пайдаланып, жақын қаладағы орыстардан ақсақ-тоқсақ семіз мастектерді арзанға алып, қымбатқа жігіттерге сатып, көп пайда істеген.
– Пайдам пәлен мыңға барды,–- деп мақтанып отырған жігіттерді Асқар талай көрді.
Жігіттер арасында карта ойнау басым екен. Жылпос жігіттер жуас жігіттерді картаға еліктіріп, қалтасын қағып алады екен. Ұтылған жігіт ашығады екен. Ондайларды сезген Асқар ақыл айтып еді:
– Қазынаның айыма беретіні 50 сом, ол тамаққа да жетпейді. Киім бермейді. Олай болса аптап өлеміз бе? Карта ойнап ақша ұтқанның несін сөгесің?– деген жауап алды.
– Ұтқанда өз жолдастарыңды ұтасыңдар. Олар ашыққанда не пайда?– деп еді біреулер:
– О да дұрыс-ау!–деп мойындады. Ал, енді біреулері:
– Шынымды айтқанда өзімнің өлмегенім керек. Мен жұртты асырай алмаймын!–деп теріс қарап кетті.
Көпшілік арасында көбірек «жұмыс» істейтін молдалар ғана екен. Жігіттер ішінде жүз басы, мың басы молда болудың қажеттігін Базархан Земгop арқылы үкімет алдында дәлелдеп рұқсат әперіпті. Жұмыскер жігіттің айлық ақысы –: 50 сом. Батальондық молданың айлығы – 200 сом, мың басы молданың айлығы – 275 сом.
Тамақты аз беретін үкімет құран мен дін кітаптарынан молдаларды тарықтырмаған. Майдандағы жігіттерге арнап Қазан типографиясына үкімет ерекше заказ беріп, қазақ тілінде дін туралы жазылған кітаптарды көп бастырып, бараққа үйіп қоятын болған. Молдалар жігіттерге қызығып тыңдайтын қыссаларды бермейді екен.
Осы кемшіліктің бәрімен күресу Асқарға қиын болды. Бірақ ол қиындықтан қашқан жоқ. Жігіттерден ептеп шыжымдап сыр тартып, біріндеп бастағы қиын халді ұғындырып, аздан кейін тіліне еретін жігіттерді көбейтті. Асқардың үгіт жұмысына өте белсене ат салысқан Кенжетай. Итбайдың өтірік жаласымен ұсталып кеткен Кенжетай, абақтыдан қашып, елге беттеп келе жатқан жолында 16 жылдың оқиғасы естіліп, орыс қалаларында жұмыста жүрген қазақ жігіттерін үкімет аулағанда қолға түсіпті. Содан ол өзіндей қолға түскен бір партия жігітпен осы майданға айдалыпты. Орыс тілін білетін және пысық жігіт болғасын – оны жүз басы қойған екен.
Осылай, қызу қарқынды жұмыс арасында жүргенде Асқар Ботагөзден алатын хаттарының ішінен – соғыс соты Итбайды өлтірген адамнан екі кісіні дарға асуға үкім еткен хабарын естіді.
«Егер мүмкіндік боп қолыңнан .келсе,– деп жазыпты Ботагөз хатының аяғында,– Петроград барып осы жұмысты бұздыруға тырыс!»
Асқардың бұл жұмыссыз да Петроградқа барып, майданның хал-жайын доклад беріп қайтатын ойы бар еді. Ол Кенжетайға ақылдасып, жүрмек болды.
– Мына хатты Базекең мен Мадиярға табыс етерсіз,– деді мың басы молданың біреуі, штаб бастығынан Петроград барып қайтуға рұқсат алған Асқарға. Февральдың он екісі күні Минскі арқылы Асқар Петроградқа жүріп кетті.
3
Минскіден келе жатып, Москва да пересадка жасаған Асқар мерзімді күннен кешігіп, Петроградқа февральдың он жетісінде кеп түсті.
Қолында жүгі жоқ Асқар, Невский проспектіні бойлай, «Европейская гостиницаға» жаяу тартты. Жан-жақтағы көшелерге жолшыбай қарап келе жатқан оның көзіне шалынған нәрсе: көшенің әр жерінде суыққа бүрсеңдеп тізіліп тұрған халық. «Бұлар неткен халық?» деп Асқар жөн сұраса:
– Нанға очередке тұр,– деседі.
Осы жауапты Асқар жолда әлденеше жерден естіді.
Европейская гостиницада бос номер жоқ екен.
– Егер тоссаңыз,– деді директор,– кешке босайтын номерлер бар.
– Тосайын.
– Онда, задатка беріп кетіңіз!
Күні үш сомдық номердің үш күніне задатка тастап, Асқар далаға шықты да, Таврический дворецтегі Земторға жөнелді.
Бұл Замгорға барса, Базархан да жақында келген, Мадияр да қызметте екен. Базархан Асқарға Мадиярдан салқын амандасты.
– Хал-жай қалай?–деді Базархан қабақ шытқан сұраумен.
– Жаман.
– Несі жаман?
– Жігіттерде үй жоқ, киім жоқ, тамақ жоқ.
– Соғысқа келген кісі тойға келмейді,– деді Базархан кескінін тыржитып,– жігіттер жанжал шығара бастады деген хабар дұрыс па?
– Білмеймін,– деді Асқар.
– Қайдан білмейсің?! Ішінде болсаң да білмейсің бе?
– «Ішінде болды» деп кім айтты сізге?
– «Кім айтты!..»–деді Базархан кекетіп,– кім айтсын, келген хаттар бар.
– Кімнен, ол хаттар?
– Ел ішін ала тайдай бүлдіріп келіп ең, деді Базархан Асқарды көзімен атқылап, – сол ылаңыңды мұнда істейін дедің бе? Мен сені оқыған азамат деп сенін ем, елге мұндай арам ниетіңді білсем...
Базархан тұтығып қалды.
– Бөгелмеңіз!–деді Асқар.
– Өлгеніңді де білмей қаларсың!
– Халық үшін өлуге мен даярмын.
– «Халық үшін...»– деді Базархан ернін, қолын шығарып,– халықты жаман қатты жарылқап ең.
– Сенің жарылқағаның да белгілі.
Күтпеген жерден мұндай жанжалды кездестірген Мадияр Базарханға тоқтау айта алмай, Асқарға:
– Саған не болды, Асқар?! Ұрысса оз ағаң, жалғыз сенің ғана ағаң емес – алты алаштың ағасы, үлкен кісімен бұлай таласуың қате.
– Мен елде де, мұнда да көптің, халықтың жолына құрбан болатын адаммын!– деді
Асқар – бір емес, екі емес тіліңді найзадай неге сұға бересің. Сақалды сыйлайтын хан заманы жоқ!
– Асқар, енді жетер!–деді Мадияр қабағын түйіп.– Тілің шығып болған екен. Мына көрші бөлмеде отырғандардан ұят та. Дауыңды доғар!
– «Дауың» дейтін менің әкемнен қалған малды барымталап алған кісі жоқ!– деді Асқар дауысын бәсеңдетіп.– Менің дауым – халықтың дауы.
– Мына неменің халықшылын қарай гөр!..
Денесін ашу кернеген Асқар, сөзі сарқылып қалғандай болғасын есікті тарс жауып, шығып жүре берді.
Көшеге шыққан Асқардың ашуын «Нан! Нан!» деген әр жердегі шоғыр адамдардың шуы бөлді. Сол топтардың ішінде, кейде: «Құрысын соғыс!», «Жойылсын патша!» деген дауыстар да шықты.
«Бұл айқайлар тегін емес шығар» деп ойлаған Асқар, көшелерді біраз аралап еді, шоғырланған халықты қуған полицияларды, полицияларға көрсеткен халықтың қарсылығын кездестірді.
Бұл көріністер бір үлкен уақиғаның ұшқыны сықылды көрінгесін, қарны ашқанына қарамай трамвайға мініп. Асқар Ивановтікіне барып еді, үйінде жан жоқ. Есігі құлыптаулы. Көршілерінен сұрап еді, «білмейміз» деген қысқа жауап айтты. Көшеге қайта шығып, трамвайға қайта кеп мінген Асқар, Европейская гостиницаға екі сағат жүрді. Бұл екі сағатты ол қыдыру ниетімен өткізген жоқ. Мінген трамвайлары жолшыбай полициямен жанжалдасқан топтарға кездесіп, тоқтай берді.
Трамвайдан күдер үзген Асқар, жанжалдасқан топтарда аралап отырып гостиницаға іңірде келді де задатка төлеген номерін алды.
Қарны ашқан Асқар тамаққа заказ беріп, официант кеткесін, тамаққа төлейтін ақшаны алып қояйын деп қалтасына қол салып еді, қолына мың басы молданың «Базарханға бер» деген хаты ілекті.
«Не жазған екен, ашып көрейін» деп ойлаған Асқар конвертті сөгіп, хатқа көзін салса, былай деп жазған шен:
«Базеке!
Алланың жәрдемімен жүріп жатырмыз. Сізге бұдан бұрынғы бірер хаттарымда жігіттер арасына іріткі кіре бастағанын жазып ем. Оларды азғырып бұзатын өзіңіз орныңызға тастап кеткен Елемесов деген жігіт пе деп, күдіктенем деп ем. Ақыры рас болды. Анығын білдім. Жігіттерді үкіметке, дінге қарсы үгіттейтін осы екен. Бұл туралы полицияға білдірейін деп бір ойладым да, сізді қимай, тағы да «Базекеңе ақылдасып алайын»– деп ойладым. Ендігісін өзіңіз білесіз. Менің өтінішім: бұл жаққа енді жібермеңіз.
Мыңдық имам Құдайбергенов».
– Ә, мынадай хат екен ғой!–деді Асқар, қарқылдап күлді.
– Котлет,– деді официант.
Айырмен шетінен үзігі алған котлетті Асқар аузына сала бере, қайтадан қағазға тастады.
– Бұл қалай?– деді Асқар.
– Да,– деді официант күрсініп,– Петроград жайы, қазір осы лай!
4
Қатты сөзге келген Асқар үйден шығып кеткесін, долы ашуын баса алмай, Базархан одан жаман долданып, кең бөлменің ішінде ерсілі-қарсылы аяғын жылдамдата басып жүрді.
Мадияр Базарханды жас жағынан да, білім жағынан да, саясат жағынан да өзіне аға, жолбасшы көреді. Базарханның әрбір сөзі оған таласқа, талқылауға жатпайтын хадис сықылды. Базархан алдында ол үнемі әдеп сақтап, бірдемелерді сұрағаны, ақылдасқаны болмаса, ақыл айтуды өзіне ерсі көреді. Базархан туралы осылай ойлайтын Мадияр, Асқарға ашулануын көре отыра, ләм деп жауап қатпай, жүрісіне көзінің астымен ғана қарап қойып, қағазға шұқшия берді.
– Да, бұл тегін емес!– деді Базархан бір кезде тұра ғап, өзіне-өзі дауыстап сөйлеп,– мен енді мұның, тамырын жобаладым!
– Ало!– деді Базархан телефонды құлағына тосып,– полиция департаментын... его превосходительство... Господин Белецкийдің кабинетін!..
Белецкийдің, телефонына телефоны қосылған Базархан, оған қысқа сөзбен Асқардың мән-жайын айтып, арестовать етуін өтінді. Белецкий: «қайда тұрады?» деп Асқардың адресін сұрап еді, Базархан айта алмады.
– Табармыз!–деді Белецкий Базарханды жұбатып, дауысынан денесінде ашу барын сезіп.
Бірақ Белецкий ол уәдені Базарханның көңілін жұбату үшін ғана берді. Шынында Белецкийдің өз басында сол минуттағы ашу – Базарханнан әлденеше артық деуге болатын еді.
Артық болатын себебі: соңғы кезде жұмысшы көтерілісі күшейді. Завод, фабрикаларда, қала гарнизонының солдаттарының арасында, оқушылар арасында көтеріліске күшті даярлық жүріп жатқанын – ол сағат сайын, минут сайын біліп отыр. Соңғы кезде оның қолына түскен материалдар шпиондардың тіміскілеуімен тапқан өте құпия хабарлары емес, ашық хабарлар. Қайда не боп, не даярланып жатқаны қазір ашық. Көше-көшеге қаптап кеткен: «Жойылсын патша! Бітсін соғыс!. Жасасын бостандық!» деген ұрандар, жарнамалар. Қаланың көп жерінде революция жырларын айтып шулап жүрген топ. Оларды тыюға, ұрандар жазылған қағаздарды жоюға полицияның әлі келмей жатыр.
Ереуілшілерді басуға патшаның әмірімен қала гарнизонының начальнигі – генерал Хабалов та .қатынасады. Бірақ, оның ереуілді басуға жұмсаған солдаттары ереуілшілерді не атпайды, не ереуілшілер жағына шығып кетеді.
Хабаловқа да, Белецкийге де Николайдың бұйрығы қысқа: «Ереуілді тез тоқтатыңдар!» Бұл бұйрықты Хабалов та, Белецкий де орындамайын демейді. Бар ақылын, бар күшін сарып қылады, бірақ әлдері келмейді.
Ереуілді баса алмай, февральдың 17 күні түні бойы кірпік қақпаған Белецкий февральдын, 18 күні Асқар туралы тағы да звонить еткен Базарханға ренжіді.
– Борис Николаеч!–деді Базарханға,– сіздің жаңа ғана Америкаға келгендей сөйлейтін себебіңіз не?
– Неге олай дейсіз?
– Қалада неше мың Досанов, қатты сөз былай тұрсын, қатты қимылға кетіп жатқанын сіз білмей отырсыз ба?
– Балам!–деді Базархан,– оларды тыю керек. Тыйылуға тиісті көп бұзықтың біреуі – Асқар Досанов, ол мемлекетке залалды кісі.
– Ну... ладно!..– деп ашуланған Белецкий трубканы іліп қойды.
Белецкий Базарханды жақсы білетін еді, есептесетін де еді.
16 жылдың декабрінде кадет партиясының съезі болып, мемлекет билеудің конституциясы монархия жолын тез іске асыруды талап еткен еді. Съезде Базархан да болған. Бұл қаулыға патша: «Анархиямен қатты күресіп жатқан кадеттің мұнысы қалай?» деп ренжігенін Белецкий біледі. Белецкийдің өз басы конституциялы монархияға қарсы. Оның ойынша – монархия бұрынғы қалпынан түлемеуге тиісті.
Кадеттің сол съезі ойына түскен Белецкий, Базарханның Досанов туралы екі рет айтуын «болып жатқан уақиғаға жеңіл қарағандық, я тілектестік» деп, көңіліне қатты ауыр алды.
Забастовка тоқтатылған соң,– деп ойлады Белецкий,– Меделхановтың бұл аяқ алысын тексеру керек!»
Бірақ забастовка басылмады. Февральдың он сегізінде ашық ереуілге шыға бастаған жұмысшылардың саны 23 февральда тоқсан мыңға жетті. 24 февраль күні 200 мың болды. 25 февраль күні Петроградтың барлық завод, фабрикасы тоқтап көтеріліске қатынаспаған бір жұмысшы болған жоқ.
Әскердің хал-жайы да осылай болды. 27 февраль күні таңертең көтеріліске қатынасқан солдаттың, саны – он мыңдай еді, кешке – жүз мыңға жетті. Көтерілісті басуға жіберген солдаттардың көбі жұмысшыларға қосылып кетіп, мылтықтарының аузын патша үкіметінің қорғаушыларына қарсы бұрды. Революция оты қызды, революция дауылы көтерілді!..
Петроградтың көшесіне ереуілге шығып, патша үкіметіне мылтық ұсынушы осы көптің ішінде Асқар да жүр еді. Қасында Булатов.
18 февральдың таңынан Булатовқа еріп, көтеріліске қатынасқан Асқар, тамақ пен ұйқы дегенді ұмытты. Кезі келген тамақты ішіп, кезі келген жерге мызғыған ол, күні-түні ереуілшілерге еруден бір шаршамады.
Бастапқы күндері ереуіл оған 1916 жылғы қазақ кедейлерінің патша үкіметіне қарсы көтерілісіндей тәрізді халықтың мылқау күші сықылданды.
«Ауыз күйген үріп ішеді» дегендей, көтеріліс толқынының қай арнаға құярын жақсылап біле алмаған Асқарға, аздан кейін ойдың күңгірт бұлты айықты, революция аспаны ашылып, алдағы нысананы ,аздап болжады. Бұл нысана – Россия социал-демократ жұмысшы (большевиктер) партиясының патша түскен күні жариялаған манифесі еді; онда жазылған сөздер мыналар:
«РОССИЯНЫҢ БАРЛЫҚ АЗАМАТТАРЫНА!
Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!
Азаматтар! Орыс патшалығының қамалы бұзылды. Еңбекші халықтың сүйегінің үстіне орнатқан патша талаушыларының рахат тұрмысы бүлінді. Астананы көтерілген халық қолына алды. Революцияшыл әскер бөлімдері көтерілісшілер жағына шықты. Революцияшыл пролетариат пан революцияшыл армия отанды патша үкіметі төндіріп тұрған қатер мен бүліктен аман сақтап қалуға тиіс.
Орыс халқы қаны мен жанын аямастан зор күш жұмсап, басынан өткерген ғасырлық құлдық бұғауын күл-талқан етті. Жұмысшы табы мен революцияшыл армияның міндеті: жаңадан туып келе жатқан республикалық құрылымының басында отыруға тиіс – Уақытша Революциялық Үкімет құру.
Революциялық уақытша үкімет халықтың барлық праволары мен бостандығын қорғап, монастырьлар мен помещик жерлерін, кабинеттік және сыбағалы жерлерді конфискалап, оларды халықтың қолына беретін, сегіз сағаттық жұмыс күнін орнататын және жалпыға бірдей, төте, тең сайлау правосы негізінде жасырын дауыспен құрылтай шақыратын уақытша заң қабылдауды міндетіне алуға тиісті.
Уақытша революциялық үкімет халық пен армияны тезінен азық-түлікпен қамтамасыз етуді міндетіне алып, бұл үшін бұрынғы үкімет пен қалалық басқармалардың даярлаған астықтарын тегіс конфискалауға тиісті. Сұмырай реакцияның әлі де бас көтеруі мүмкін. Халықтың, және оның революциялық үкіметінің міндеті: халыққа қарсы контрреволюцияшыл арам ниет атаулының бәрін жаныштау.
Уақытша үкіметтің кезек күттірмейтін, жедел міндеті: бүкіл дүние жүзі елдерінің халықтарын өз қанаушылары мен құлданушыларына қарсы, патша үкіметі мен капиталистік итаршыларға қарсы революциялық күрес жүргізу үшін және құлдық бұғаудағы халықтарға зорлап жасатқан қантөгіс қырғын соғысты тезінен тоқтату үшін, соғысып жатқан барлық елдердің пролетарларымен қарым-қатынас жасау.
Фабрик пен завод жұмысшылары және көтеріліске шыққан әскерлер революциялық уақытша үкіметке өз өкілдерін тезінен сайлап жіберуге тиісті, бұл үкімет көтеріліске шыққан халық пен армияның бақылауымен құрылуға тиіс.
Азаматтар, солдаттар, әйелдер мен аналар! Бәріңіз де күреске шығыңыздар! Бәріңіз де патша үкіметі мен оның құйыршықтарына қарсы ашық күреске аттаныңыздар! Бүкіл Россияда көтерілістің қызыл туы көтерілді! Бүкіл Россияда бостандық ісін өз қолдарыңызға алыңыздар, патшаның малайларын құртыңдар, солдаттарды күреске шақырыңдар.
Бүкіл Россияның қалалары мен деревняларында революцияшыл халықтың үкіметін құрыңыздар!
Азаматтар! Қираған самодержавияның орнына бостандықтың жаңадан туып келе жатқан жаңа құрылымын көтерілісшілердің туысқандық, бірлік күшімен нығайтамыз!
Ұмтылыңдар алға! Өткенге қайту жоқ! Рақымсыз күрес күшейе түссін!
Революцияның қызыл туының астына бірігейік!
Жасасын, демократиялық республика!
Жасасын, революцияшыл жұмысшы табы!
Жасасын, революцияшыл халық пен көтеріліске шыққан армия!
Россия социал-демократ жұмысшы партиясының Орталық Комитеті»
Көтеріліс жасаушылар мен полиция арасында қандай үлкен жанжал болғанмен, кейде баррикаданың екі жағынан революцияшыл халық пен патша айдап салған жалдама әскердің арасында қырғын соғыс болғанмен, талай ауыртпалықты басынан кешіргенмен, Асқар екі нәрсені қолына берік ұстады: біреуі – төрт бұрышты фанер тақтайға желімдеп алған жоғарғы манифест, екіншісі – винтовка.
Февральдың жиырма жетісі күні Петроградта құрылған жұмысшы және солдаттар депутатының Советі (Совдеп), сол күні кешке бірінші мәжілісім құрды. Ол мәжіліске Булатовқа еріп барған Асқар да қатынасты. Николайдың тақтан түскенін, орнына ағасы Михаилды ұсынғанын, буржуазия партиялары болашақ үкімет туралы Николаймен саудаласып жүргенін, революцияның жаршысы социал-демократияның большевиктер қанаты ғана екенін Асқар осы мәжілісте естіді.
Мәжілістің күн тәртібіне қойылған мәселенің біреуі – майдандағы солдаттар арасына империалистік соғысты азамат соғысына айналдыру туралы үгіт жүргізу еді. Совдептің бұл жөніндегі қаулысы: Минскідегі Михаил Васильевич Фрунзеге арнаулы кісі жіберіп, хат жазу.
Хатты Булатов әкететін болды.
Майданға алынған қазақ жігіттерінің халі туралы Асқардың қысқа информациясына Совдептің берген ақылы: майданға тез барып жігіттерді жеріне қайтару, жеріне қайтатын жігіттерге жергілікті Совдептерді қолдауды, Совдеп ісіне белсене қатынасуды тапсыру.
Осы тапсырмаларды орындау үшін Асқар мен Булатов сол күнгі поезбен жүріп кетті.
Петроградтан сөтке жарымда жететін Минскіге Булатов пен Асқар жеті жүнде зорға барды. Жолшыбайғы поезд өз уақытымен жүруден қалған. Ерсілі-қарсылы ағылған поездардың бәрінде де лық толған солдат. Паровоздардың, вагондардың қабырғасына іліп қойған: «Жойылсын патша!» «Бітсін соғыс!» «Жасасын революция!» «Жасасын бостандық!» «Жасасын барлық елдің еңбекшілерінің туысқандық бірлігі!» деген ұрандар. Солдаттардың лебізінде революция өлеңдері. Революция ұрандарына, революция өлеңдеріне дүние лық толып, қазанына сыймай тасып, төгіліп жатқандай.
– Қайда барасыңдар?–деп сұрағанға:
– Қайтып барамыз!–деп жауап береді солдаттар.
– Қайда қайтып барасыңдар?– деп сұраса:
– Жерімізге!–дейді.
– Сендерді кім босатты?– деп сұраса:
– Өзіміз!– дейді.
– Бастықтарың рұқсат етті ме?– деп сұраса:
– Рұқсатына қарағамыз жоқ!– дейді.
Петроградтан аттанғанда, «солдаттар әлі түк сезбей Германия әскерімен аңдысып, окопта «тиыш жатқан шығар?–деп ойлаған еді Асқар,– біз революция хабарын алып барғанда қалай қуанар екен?» деп ойлаған еді ол. «Өзіміз апара жатырмыз» деген революция, сұрапыл дауылда тасыған теңіздей, толқыны аспанға шапшып, алдынан шыға келгенде, Асқар қайран қалды.
Асқар мен Булатов Минскіге барса, онда да Совдеп құрылған. Бастығы Михаил Васильевич Фрунзе. Бірақ Фрунзенің өзі Минскіде жақ екен. Майданға кеткен.
Булатовпен Минскіде айрылып, Асқар Столбцы станциясына барса, қазақ жігіттері жұмыстарын доғарып, алда не боларына құлақ түріп қана тым-тырыс жатыр екен. Асқар барғанша олардың оғаш істері: маңайларындағы астық, кездеме складтарын талап бөлісіп алыпты. Майданды жиектей созыла жатқан қазақ жігіттерін Асқар бірнеше күн аралап, патшаға соғысқа қарсы үгіт жүргізді. Осылай аралап жүргенде оның білгені: патша түскенін қазақ жігіттері шала-шарпы естіген. Патшаның түсуін әркім әртүрлі ғып айтқан. Солардың ішінде Асқардың қызық көріп тыңдағаны үшеу:
Біріншісі – «Асқардың өзі барып, өз қолымен түсіріпті» деген әңгіме. «Осындай бір қауесет шықты, рас болса қалай түсіргеніңді, кәне, айтшы!» деген сұрауларды Асқар өз құлағымен естіді.
Екіншісі – «Патша ол заманда ит терісіне мөр басып солдат алмаймын деп қазаққа ант берген екен. Сол антын бұзып, қазақтан солдат алғасын ант соғып, тағынан түсуге сол себеп бопты» деген әңгіме.
Үшіншісі – «Болшебек, меншебек деген бар екен. Болшебек халықтың қамқоршысы екен. Ол патшаны тақтан түсіріп, халыққа бостандық әперуге аттаныпты. Болшебек кедейлермен бірігіп, патшаны тақтан құлатқанда, меншебек байлармен бірге, патшаның орнына өзі әкім болғысы келеді екен» деген әңгіме.
Большевик, меньшевик жөнінде жігіттердің кейбіреуі осылай түсінгенімен, көпшілігі бұлардың арасындағы күресті ашық түсінбейді екен.
Бұл екеуінің қайсысы жеңер екен деген сұрауға, жігіттер өзара әртүрлі жауап табады екен.
«Меншебек жеңер!» дейді екен біреулері.
«Жоқ, болшебек жеңер!» дейді екен біреулері.
«Бұл туралы кітапта ие айтады?» деп жігіттер молдалардан сұраған екен, олар:
«Бұл ақыр заман белгісі. Кітап: ақыр заман боларда халық осылай әкімге бағынбайды деген. Бұл алланың адам баласына бұзық ниеті үшін жіберіп тұрған кереметі» депті.
Болып жатқан саяси халдің анығын жігіттер бірінші рет Асқардан естіді. Асқар патшаның түсуі, бостандық күннің тууы туралы түсіндіре кеп, сол бостандықты қорғау үшін елде Совдеп ашуға жәрдемдесудің қажеттігін, Совдеп кедейдің үкіметі екені, Совдептің байға қас үкімет екенін де айтты. 16 жылы байлардың, болыстардың кедейге көрсеткен зорлығын айта кеп: «Үкіметке ие болсаңдар байлардың желкесіне енді сендер мінесіңдер!» деген Асқардың сөзіне ұюшылар көп болды.
– Осыдан елге аман бара қалсақ па?– деп кіжінді ол жігіттер,– байлардың бізге тартқан табақтарын біз өз алдарына тартамыз, «дүниенікі дүниеде қайтады» дейтін еді.Жақсылықтың исі шыға бастады. Тек арты қайырлы боп, ұзағынан сүйіндірсін. Ал енді, елге аман барсақ па... байларға!.. Әй, бәлем-ай!..
Майданды жиектей жатқан жігіттерді жағалап жүргенде Асқар солдаттарға да көп кездесіп еді, олардың революция туралы ұғымы қазақ жігіттерінен анағұрлым озық. «Революциядан не түсінеді екен?» деп ойлаған Асқар, жолыққан солдаттарға сұрау беріп еді, олар: «Патша жойылсын!», «Соғыс тоқталсын!» деген ұрандардан басқа алдарына болашақтағы үкімет туралы саяси мақсат қояды екен. Олардың тілейтіні – жұмысшы мен шаруа үкіметі екен. Капиталистің завод, фабрикасын, помещиктің жерін – еңбекші бұқараның, көпшіліктің мүлкіне айналдыру туралы пікірлері ашық екен.
Петроградтан басталған революцияның бірінші күндерінде көпшіліктің қимылын, 1916 жылғы қазақ қозғалысына ұқсатқан Асқар, Петроградтағы Совдеп жиылысына қатынасқаннан кейін, майдандағы солдаттардың талаптарын көргеннен кейін, екі уақиғаның арасында жер мен көктей айырма барын аңғарды: 1916 жылдың қозғалысы – қайда сарқарын білмеген мылқау күш ағыны сықылды; ал, февраль революциясын жасауға белсене қатынасып жүрген жұмысшы мен солдаттар арасында саяси мақсат барлығы көрінді, ол –патшаны, капиталистерді үкіметтен қуып, билікті халық уәкілінен сайлаған Совдепке беру. Совет үкіметін құру.
Петроградтағы революция қимылына, солдаттардың қозғалысына араласқаннан кейін көпшілікті ұйымдастырып, саяси бағыт беретін орынның қажет екенін Асқар айқын көрді. Сондықтан ол, қазақ жігіттерінің елдеріне қайту мәселесін бір ыңғайлағаннан кейін, Петроградқа қайтып келіп, Совдептен ақыл алып, жеріне қайтып, Совдеп ашуды арман етті.
Майдан жиегіндегі жігіттерді аралап түскеннен кейін ол Минскіге келді де, айға жақын отырып, жігіттердің көпшілігін жеріне қайтарып, қасына Кенжетайды ертіп, марттың 28 күні Петроград келді де, Булатовтың үйіне түсті.
5
Кенжетайды ертіп, майдың бесі күні еліне беттеп, поезға мінуге билет алған Асқар, майдың төрті күні іңірде Кенжетайды жолға азық алуға жіберді де, Булатовтың кішкене бөлмесінде нәрсе-қарасын жинастырды.
Нәрсе-қара дегенде Асқар мен Кенжетайда үстеріндегі солдат киімінен басқа, не төсек-орын, не басқа багаж жоқ. Олардың жолға алатын жүгі – ішетін тамақтан басқа: Петроград Совдепінен алған екі жәшік кітап, жарнама, ұран. Бұл қағаздарға әдейі арналып істелген, түбі белуардан қосқабат жәшіктер бар. Кітаптарды сол қос қабаттың арасына салып бетін жапса, жәшікті ашқан адам ішінде кітап барын байқар емес, кітаптың бетіне жапқан тақтайды, жәшіктің түбі деп ойлайтын.
Майдандағы қазақ жігіттерін жайғастырып, марттың аяғында Петроградқа келген Асқар бір айдың ішінде жабайы уақытта бір жүз жылда ала алмайтын білім алды. Ең алдымен ол Германия арқылы Швейцариядан Россияға қайтқан Ленинді Петроград жұмысшылары Финляндия вокзалында қарсы алғанда ішінде болды. «Ленинді өмірде бір көрсем!» деген арманына ол жетті.
Бұл апрельдің 3 күні еді. Ленинді қарсы алу үшін вокзал алдына мыңдаған жұмысшылар, солдаттар және матростар жиналды. Ленин вагоннан шыға келгенде олар зор қуаныш үстінде еді. Олар Ленинді қолмен көтеріп алып, өздерінің көсемін вокзалдың үлкен залына алып барғанда, осы думанның ішінде Асқар да бар еді. Вокзалда меньшевиктерден – Чхеидзе мен Скоболев «құттықтау» сөз сөйлей бастап еді, Ленин олардың сөзін тыңдамады, олардың қасынан өте шығып, сырттағы жиналған халықтың ортасына барды да, броневиктің үстінде тұрып ол өзінін, даңқты сөзін сөйледі. Асқар ұлы адамның айтқан сөзін бар ынтасымен тыңдап, бір сөзін де қалдырмай жадында сақтап қалуға тырысты.
Ленин бұл сөзінде еңбекшілерді социалистік революцияның жеңуі үшін күресуге шақырды. Ол дүниежүзілік социалистік революцияның таңы атқанын, Германияда да революция болып, Европа империалистерінің күл-талқан болғалы тұрғанын, оған орыс революциясы жол бастап беретіндігін айта келіп, сөзін «Социалистік революция жасасын!» деп аяқтады.
Лениннің сөзінен кейін вокзал маңайына лық толған халық уралап қол шапалақтап, Петроградты басына көтерді. Броне-автомобильге мініп, Ленин жүріп кетті.
Осыдан кейін Асқар, бірнеше партия жиылыстарына қатынасып, революцияның ұсақ ұлттарға беретін бостандығы туралы, ұсақ ұлттар революцияға қалай қатынасу туралы көп сабақ алды.
Асқардың және бір үлкен олжасы – большевик партиясының апрель конференциясында жасаған Левиннің, Сталиннің баяндамаларын, конференцияның қаулысын оқыды. Осы конференция кезінде Асқар, Булатов тұратын ячейкадан партияға мүшелікке етті.
Міне, осындай олжаларға ие боп, жаны шаттана жолға қамданған Асқар майдың орта шенінің бір кешінде жиынып-терініп алып, түнгі ұйқыға кетті.
– Аһ! Уһ!..– деген дауысқа оянса, тан, атып қалған екен. «Ыңқылдаған кім?» деп басын көтерсе –Кенжетай!
– Немене, Кенжетай?–деді Асқар.
– Денем күйіп-жанып, әкетіп барады...
Асқар Кенжетайдың денесіне қол тигізіп еді, оттай лыпылдап тұр екен.
– Кеше кешке, сусағасын көшеден бір суық сыра ішіп ем. Сол пәле болды,– деді Кенжетай, демін иығынан алып.
Кенжетайдың қатты ыңқылына Булатов та оянып кетті. Асқар Булатовқа айтып еді, Булатов көрші бөлмеде тұратын дәрігерді шақырды, дәрігер: «өкпесі іскен» деп тапты.
– Не істеу керек?
Петроградта бір ай тұрып, Асқарға ерген Кенжетай саяси сауаттанып қалған еді, елге қайтып Совдеп ұйымдастырғанда: «Кенжетайды пайдаланам, осыдан саяси кісі шығарам» деп Асқар қуанған еді.
Міне, енді ол қуаныштардың бәрі жоққа шыққандай болды. Енді «Кенжетай елге тірі бара ма, жоқ па?!» деген қауіп туды. Кенжетайды ауруханаға орналастырып Асқар 2–3 күн күтіп еді, дәрігерлер: «Ұзақ ауыратын түрі бар» дегенді айтты. Жақын арада ғана Ботагөзден хат келіп, ол хатта алашорда партиясы ұйымдасқандығы, алашордашылардың Совет үкіметіне қарсы жұмыстар істеп жатқандығы айтылған еді. «Тез қайтыңдар!» деп аяқтаған еді Ботагөз хатын. Асқар сасыңқырап, Кенжетайға «енді қайтем?» деп ақылдасқанда:
– Тез қайт,– деді ол,– маған қарама. Халық бостандығы менен қымбат.
Қайтпауына Кенжетай ренжитін болған соң, Асқар еліне жүріп кетті.
ЖЕТІНШІ ТАРАУ
ТОЛҚЫНДАҒЫ ТОЙ
1
Темірбек пен Бүркітбайдың өлігін Кузнецов пәтеріне апарған еді. Оның пәтері дөң қаланың үлкен көшесінің орталығында екен.
«Дарға асылған адамдардың өлігі осы үйде дейді» деген хабар қаланын, ойы-қырына дүңк ете қалды. Темірбек пен Бүркітбайға және оның серіктеріне сот болғанын, оларға қандай үкім шыққанын қаланың халқы да, қалаға басқа жақтан қатынасқан халық та жақсы біледі; себебі, соттың процесі жергілікті газетке жазылған, жергілікті үкімет сотталушыларды жаманатты көрсету үшін және. жұртты олардың «қылмысынан» шошындыру үшін газетке әлденеше жариялап, «айыптыларды» тіл жеткенше сөккен; газеттің суретшілері қылмыстылардың, әсіресе, Темірбек пен Бүркітбайдың суреттерінен ойыншық жасап, оларды малдың, аңның, жын-шайтанның бейнесінде көрсеткен. Соттың үкімі газетке жарияланып, ең ақтық мақаласын газет: «дұшпандар патша ағзамға құрған тұзаққа өзі түсті де, қылғынып өлді. Бұл бірінші құрылған тұзақ емес. Мұндайлардың талайы құрылғанмен, патша ағзамды рахымы күшті тәңірі сақтаған, бұл жолы да сақтады, әлі де сақтамақ.
Алланың панасында монархия жасамақ, жасасын ұлы патшамыз!» деп бітірген.
Газеттің бұл мақалалары айыптылардың беделін төмендеткен жоқ, өсірді. Бұрын тиражы мың данаға жетпейтін газет сот процесі басталғаннан кейін кенеттен 5-6 мыңға көтерілді. Жергілікті үкімет бұған қуанды, газеттің көп тарауын–көпшілік арасына үкіметтің пікірі көп тарау деп түсінді. Сол қуанышпен бір тоқсанға берілген газеттің қағазын 4-5 күнде тауысып алған жергілікті үкімет Омбыдағы облыстық мекемеден телеграммен қағаз сұратты. Облыстық үкімет қағаз беруден бұрын полиция управлениесі арқылы газет оқушы халықтың ауанын астыртын байқап еді, газет мақалалары үкіметтің мақсатына қарсы нәтиже бергені анықталды.
– «Үкіметке қарсы элементтер біздің газетті агитация құралы ғып пайдаланады екен,– деп хабарлады полиция губернаторға,– сондықтан газеттің өскен тиражын қысқарту керек, және сот процесін газетке жазбау керек».
Осы хабардан кейін губернатор газеттің тиражын бұрынғы қалпына түсіруге, соттың процесін сақтықпен, аз жазуға тапсырды. Тиражы азайған газетке жұрт өшіретке тұрды. Аз тиражбен шыққан газет қолдан-қолға тимеді, бір дана газет бір айналаны, бір көшені лезде аралап түсетін болды.
Газет оқыған көпшілік айыптыларды, әсіресе Темірбек пен Бүркітбайды сот кезінде көруге құмартты. Жұрт санасына олар ақыл мен қайраттың түйіскен бейнесі сияқты болды. Осылай көруге құмартқан жұрт, соттың алғашқы күні полицияларды кимелеп, шанамен әкелген тұтқындарды қоршап тұрып алған соң, келесі күні көптен оларды жасырып, таң ата ала-көбеде алып кеп, соттың қорасындағы суық сарайға қамады. Содан кейін қашан сот процесі біткенше, тұтқындар суық сарайға ерте кеп, кеш шықты.
Кузнецов патша тақтан түсерден бір жұма бұрын ғана Омбыдағы большевиктер ұйымының жұмсауымен Қызылжарға жасырынып келген еді. Қызылжарда сот процесі болып жатқанын, айыптылар кім екенін ол газеттен көрді, үкімді оқыды.
Патша тақтан түскен хабарды естіген Кузнецовтың алдымен қолға алуға ойлаған бір мәселесі – өлімге бұйырылған жазалыларды құтқару еді. Бірақ ол бұл мақсатына жете алмай, патша түскен күні үкім орындалып қойды.
Темірбек пен Бүркітбайдың өлігінің үстінен шыққан Кузнецов оларды пәтеріне алып келгеннен кейін, құралды бірнеше адаммен типографияға барып, митинг ашып, наборщиктерге патшаның түсуі туралы сөз сөйледі де, далада шығатын газеттің атын «Бостандық таңы» деп өзгертіп, халықты бостандығын қорғауға шақыратын мақалалар бастырды. Жазықсыз жазаланып, ауыр қазаға ұшыраған Темірбек пен Бүркітбайды Кузнецов шын жүректен аяумен қатар, олардың ажалын монархияға қарсы үгіт құралы ғып жұмсауға тырысты. Сол мақсатпен ол «Бостандық таңы» газетінің бірінші бетіне Темірбек пен Бүркітбайдың суреттерін басып, оларды халық батыры, бостандық жолында құрбан болған күресшілер деп мақала жазды.
Өткен күндері Темірбек пен Бүркітбайды сот процесінде көруге ынтыққан жұрт, Кузнецовтың пәтеріне жан-жақтан ағыл-төгіл құйылды. Шағын екі бөлмелі Кузнецовтың пәтеріне келушілер сыймайтын болған соң, Ботагөзбен ақылдасқан Кузнецов өліктерді үй алдындағы кең қораның ішіне, арбаның үстіне қойды да, жұмысшылардан, коммунистерден кезекпен құрметті қарауыл тұрғызды. Көше-көшеден шұбырып келген халық тасыған өзендей сарқылмады, қақпаның аузын, қораның ішін босатпады. Жиналған жұртқа Кузнецов та, оның жолдастары да әлденеше рет митинг жасап сөз сөйледі.
Елікбай мен Сарыбастың пәтері Кузнецовтың пәтеріне қарама-қарсы еді. Темірбек пен Бүркітбайдың өлігіне жасалған құрметті көрген олар ызадан не істерге білмеді. Іші күйген олар, өздеріне тілектес адамдармен ақылдасып, Ботагөз бен оның елінен келген серіктерінің арасына іріткі салуға кірісті. Бұл ойларына жетуде олар өз бойларын көрсетпей Қызылжардың Асылхан деген саудагерін жұмсады. Асылханның ойлап тапқан амалы: Темірбек пен Бүркітбайдың мәйіттері жатқан Кузнецовтың үйіне бару болды.
– Ажал – құдай бұйрығы,– деді Асылхан олардың ағайындарына,– біреудің ажалы оттан, біреудікі судан. Сіздің кісілерге тәңірі лаухыл-махфузда дарға асылуды жазған. Сендер олардың ажалы неден болуынан күлкіге ұшырамайсыңдар, қазақша өліп, орысша көмілгеннен күлкіге ұшырайсыңдар. Бәріміз мұсылманның баласымыз. Айтпады демеңдер, ұлыңның ұлы, қызыңның қызы күлкі болатын жұмысқа кездестіңдер.
Асылханның бұл сөзі Ботагөздің серіктерін желіктірді. Онсыз да Ботагөзге наразы олар мына азғырудан кейін көтеріліп, аттарын жегіп, өліктерді алып қайтуға аттанды.
Олар іңірде келсе, қораның ішінде, өліктердің маңында фонарлар жағылып қойылған екен. Көруге келген кісілер әлі де қаптап жүр, еліктердің қасында мылтықты қарауыл.
Кузнецов бұл кезде пәтерінде жоқ еді, ол шойын жол бойындағы митингіге кеткен. Ботагөзді көршілес бір үй дәмге шақырып, сол үйде ол астан кейін қалғыған. Ботагөздің серіктері қораға кірді де, әй-түйге қарамай, өліктерді көтеріп ала жөнелмек боп еді, қарулы қарауылдар бермеді, жанжал болды, шу көтерілді.
Ботагөзге хабар жетті. Жүгіріп келген ол серіктерін тоқтатпақ болып еді, мылқау намыс санасын бүркеген олар оның сөзін тыңдамады.
Осы кезде Кузнецов та кеп қалды. Оның тоқтау сөзі де ашулыларға дарымады.
– Босатыңыз!– деді Ботагөз Кузнецовқа.
Кузнецовпен келіскен Ботагөз еліктерді алып, серіктерімен бірге кетті.
Даудың үлкені пәтерге барған соң көтерілді. Елден келгендер еліктерді түн ішінде елдеріне алып жөнелмек болды.
– Ерсен, өзің біл,– деді олар Ботагөзге,– ермесең және өзің біл; ал, біз сүйегімізді қалада қалдыра алмаймыз, кіндігін кесіп, кірін жуған жеріне апарамыз.
Ботагөздің ойы: ағаларға осында жерлеп, қызметке орналасып, Асқар мен Кенжетайды күтпек еді, ол план енді бұзылғалы тұр.
Не істеуге білмей сандалған Ботагөз ауыр ойдан тұншыққандай демін әрең алып отыр еді, есіктен біреу кірді, қараса – почтальон. Почтальонның ұсынған телеграмын Ботагөз оқыса – Асқар жазыпты: «Бостандықтың атқан алтын таңымен құттықтаймын, Кенжетай екеуміз кешікпей барамыз, бізді тос» депті.
– Немене екен?– деп жабырласты серіктері.
Ботагөз телеграмды оқып берді.
– Енді қайтесіздер?– деп сұраған Ботагөзге олардың ақылдасып берген жауабы:
– Сенің дегенің болсын!
2
«Патша түсіпті» деген хабар бергеннен кейін қала халқында дабыл болмады. Алғашқы бірер күндерде делебесі қозғанмен: «рас па, өтірік пе» деп бойын жинаңқыраған халық, бірер күн өтіп, хабар үстіне хабар шығып, уақиға анықталған соң, тасыған өзеннің сеңіндей сықысып, көше-көшеге сыймады.
Осы көптің ішінде ағаларын жерлегеннен кейін Кузнецовқа еріп, Ботагөз де жүрді. Митинг дегеннің не екенін Ботагөз сол күні ғана білді: қай жерге барса да шоғырланған көпішілік, ағаларында әлдекім биікке шығып ап, әлденемелерді сөйлеп кеңірдегі қызарғанша айғайлайды, Сол айғайшылардың біреуі боп топқа Кузнецов та араласады.
Бір күні бір топ адамның ішінде Ботагөз бен Кузнецов келе жатыр еді, алдарынан: шудасы желкілдеген, өркештері тікірейген семіз қара бура кездесті. Бураның үстіне ауыл өрмекшілері тоқыған алаша жапқан, еркеш үстіне шалқасынан киіз үйдің шаңырағын орнатып, шаңырақтың, төңірегін киізбен қоршаған, өркештің екі жағына бумалар теңдеген; шаңырақ үстінде бір шал, бір жемпір, бір қыз, бір жігіт отыр, бәрі де ауылша сәнді киінген. Бураның ноқтасың бидасынан ұстап, қалпақты европаша киінген біреу жетектеп келе жатыр, оның қасында да, бураның екі қабырғасы мен артынан да қалаша және ауылша киінген әйел-еркегі, кәрі-жасы топталған адам. Шаңырақ үстінде отырған адамдар кезек-кезек қолдарын бұлғап, бар дауыстарымен:
– «Жасасын алашорда! Жасасын алаш автономиясы!»–деп айғайласады.
– «Алаш» дегені не?
– Қазақша ол не деген сөз?
– Білмеймін.
– Мен де білмеймін. Бірақ жақсы сөз емес. Жақсы емес екенін кеше сөйлеген сарындарынан байқағам. Кузнецовтың сөзіне құлағын тама тосып, көзі бурада болған Ботагөз, шаңырақ үстіндегі адамдарға тесіле қараса, қазақша киінген жас жігіт – Сарыбас! Бураны жетектегенге қараса – Құзғынбаев!
Бураны қоршағандар шығысқа қарай жүріп, слободкадағы мешіттің алдына тоқтады.
Мешіттің кең қорасының іші, есігінің алды топырлаған адам екен, араларында бірнеше европаша киінген қазақ жігіттері және сәлделі молдалар.
Түйенің үстіндегілер түскен кезде, молдалардың ішіндегі сақалды біреуі мешіттің есігіне шығатын басқышпен жоғары көтерілді де, оң жақ қолымен оң құлағының ұшын ұстап, дөрекілеу, қырылдаған дауыспен азан айтты.
Азаннан кейін Құзғынбаев митинг ашып, сөз сөйледі.
– «Ақ түйенің қарны жарылды», алла алаш баласының көзін ашты, хұррият болды,– деп бастады ол сөзін. Содан кейін алашорда комитеті құрылғалы жатқаны туралы, алашорданың саяси мақсаты туралы қысқаша баяндады, оның сөзін Ботагөз Кузнецовқа түсіндіріп тұрды.
– Сөз қазақтың жас зиялыларының біреуі, қазақ халқын сүйетін ақ жүрек, жас учитель азаматымыз Сарыбас Итбай ұлына берілді!– деді Құзғынбаев өзі сөйлеп боп.
Ботагөздің құлағы селт ете қалды. Сөйлеуге жоғары шығып, басынан бөркін алған Сарыбасқа Ботагөз қадала қарай қалды. Сөйлерден бұрын Сарыбас айналасып көзімен шолғанда, Ботагөз ұшырай кетті. Ботагөздің шұқшия қарауына дәті шыдамай Сарыбас теріс айналып кетті.
– Азаматтар!–дап бастады Сарыбас сөзін,–бостандық бізге оңай келген жоқ, біз оған қиыншылық арқылы, талай ардақты адамдарымызды соның жолында құрбан қылу арқылы әрең жеттік. Бостандық күресінде азап көріп, құрбан болған ардақты адамның біреуі – менің әкем марқұм– Итбай Байсақалов.
– Жалған!.. Өтірік!..– деген ащы дауысының қалай шығып кеткенін Ботагөздің өзі де сезбей қалды. Оның дауысы көптің көңілін бөліп, көзі көргендер таңдана қарап, көрмегендер: «Ол кім? Қайда?» деп шулап, көрмек боп анталаған жұрт, тоғысқан қойдай үйме-жүйме боп, бірін-бірі басып кете жаздады.
Дүрліккен жұртты тоқтата алмай Құзғынбаевтың даусы қарлықты. Сөзін ешкім тыңдамаған Сарыбас аңырып тұрып қалды.
– Маған сөз!.. Маған!..– деді Ботагөз айғайлап.
Бұл топтың ішінде орыс әйелдері болмаса, қазақ әйелінен ешкім жоқ еді. Сондықтан, Ботагөздің сөз сұрауын таңсық көрді ме, болмаса аты-жөнін білді ме, әйтеуір, бір топ адам:
– Сөйлесін!–деп шуласты.
«Сөйлесін» деушілердің дауысы тұтасырақ, қалыңырақ шықты.
– Енді неғып тұрсың?–деді Кузнецов Ботагөзге,– шық, жоғарыға!.. Жақсылап сөйле!..
Ботагөз қоршаған қалың топты кимелеп, Сарыбас тұрған биікке шыға келді де:
– Жолдастар!– деді айғайлап.
«Жолдастар!» деп бастаған Ботагөз ағын судай ақтарыла жөнелді. Бұдан бұрынғы бір митингіде Ботагөздің аузына сөз түспей, бойы дірілдегенін көрген Кузнецов, мынадай суырылып сөйлеуін көргенде, өз көзіне өзі сенбеді.
Ботагөз ұзақ сөйледі. Ұнатпаған азшылық тарап кетті. Ұнатқан көпшілік орнынан қозғалмады.
– Жойылсын патша!–деп аяқтады Ботагөз сөзін,– жойылсын патшаның асыранды иттері!.. Жойылсын Итбай тұқымы!.. Жасасын еңбекші халық бостандығы!
Ботагөздің бұл ұранына үн қосқан дауыс аспанның астын керіп кетті.
3
Бүркітбайдың елінен келген ағасы Серікбай:
– «Өлген артынан өлмек жоқ». Тірі кісіге тіршілік керек. Бұл қыс аяғы шұбалаңқылау. Ауылдағы қара-құраның азығы да таусылуға жақын шығар. Біз енді, аманшылық болса елге қайтамыз, сен қайтесің, шырағым?– деді Ботагөзге.
Бұл күндері Ботагөз Совдептің қызу жұмысында еді. Большевиктер партиясына тілектес боп өткен оны Совдеп әйелдер бөліміне бастық қып қойған. Өмірдің талай қиын талқысынан өткеріліп, ысылған, әрі сауаты ашық Ботагөз, советтік және партиялық істерге араласқаннан кейін, саяси басқарушылық жұмыстарды тез баурап кетті. Қызу істің үстінде ерекше бір қасиетін көрсетті ол, онысы үгітшілігі, үгіт ісіне шешендігі. Бұл қасиетін көрген Совдеп Ботагөзді жиі ұйымдасатын митингілердің көбіне пайдаланатын болды. Қазақша да, орысша да шешен сөйлейтін ол патша үкіметінің, қанаушы таптың еңбекші көпшілікке көрсеткен қорлығын өз басынан кешкен мысалдармен байланыстырғанда, тыңдаушыларын талай рет жылату халіне келтірді... Осындай іскерлігін және жанының адалдығын көрген партия комитеті ерекше қаулымен, кандидаттар қатарынан бір айлық стаждан кейін, партияға мүшелікке өткізді... Ботагөздің белсенділігі күшейе түсті...
Сондай жұмыстағы Ботагөзді Совдеп қалай жібермек, ол қалай кетпек!.. Ботагөз осы жайларын айтып еді:
– «Өзің біл, шырағым!–деді Серікбай, оған,– ал, тілім екен я ат өтті сезім екен деп ойлама! Мен де, мінің мына серіктерім де, шын көңілден айтамыз, жүр біздің елге! Ұлы сөзде ұяттық жоқ. Петербор, Мәскеу жақта ойыңа сақтаған адам барын естідік. Амандық болса, ол жігіттің де елге қайтатын ойы бар көрінеді. Тым болмаса, біздің елде сол жігіт келгенше тұра тұр. Не деп қарған дейсің; тар кезеңде жолдас болған адамның, өсер мал, өсер басымыз бар, сені бөтен көрмеспіз, шамамыз келгенше күтерміз. Қалада қалам деген сөзің бір есептен жөн сияқты, бірақ көңіліңе келмесін, сен аттың құлағында ойнайтын ер азамат емессің, төмен етекті әйелсің, мына заманның ыңғайы белгісіз, жел оңынан тұра ма, солынан тұра ма? Жаман айтпай жақсы жоқ, егер солынан тұрып кетсе, еркекпен үзеңгі қатысып атқа міне алмассың. Біздің елде, тым болмаса, заманның беті бір ыңғайланғанша тұра тұр.
Ботагөз өз сөздерін, олар өз сөздерін айтып, ақыры келісімге келе алмаған соң, Серікбай да, оның қасындағылар да елдеріне қайтып кетті.
Патша түскеннен кейін көп кешікпей-ақ саяси ағымдардың беті айқындалды. Қазақ оқығандарының большевиктерді жақтайтындардан басқалары екі жікке бөлінді, біреуі–алашордашылдар, екіншісі– үш жүзшілдер. Алашордашылдар мен үш жүзшілдер жиылыстарда да, газеттерінде де өзара керілдесіп жатады; сөз жүзінде үш жүзшілдер большевиктерге бейім сияқты, бірақ іс жүзінде байшыл – ұлтшылдық бағыттағылар.
Бұл қаладағы алашорда комитетінде бастаушы адамның біреуі Сарыбас. Алашорданың жиылыстарында өзгелерден көп сөйлейтін, газетінде көбірек жазатын сол. Жиналыстарда, газетте жазған мақалаларында патшаның тақтан түсуін қуаттап, патшаны жамандап жазғанмен, іштей ол осы сөздеріне қарсы еді. Өзінің ішкі сенімінде ол монархист. Мейлі қай түрі болсын, республика дегенге оның қаны ұйымайды, оның ұғымында, республика – анархия.
Сондай ұғымдағы Сарыбас патша түскеннен кейін, жалпы көпшіліктің ау-жайына қарады да, монархияны жақтаудан түсер пайда жоғын көріп, «заманың түлкі болса, тазы боп бір шалып қал» әдісіне түсті, патшаның түскеніне іштей жылай отыра, көптің көзін бояп, «жойылсын патша!» деп айқайлап шыға келді.
Сарыбастың да, басқа алашордашылардың да сескенетін адамының біреуі Ботагөз болды. Слабодка мешітінің маңында болған митингіде Ботагөздің сөйлеуін, сол сезден кейін беделінің көтерілуін көрген алашордашылдар сол күні кешке болған жиналыстарында Ботагөз туралы екі жақты қаулы алды: біреуі – шама келсе оны өз жақтарына қаратып алу, екіншісі – егер оған болмаса – көзін жою.
– Бойжеткен қыз,– деп ұйғарды алашордашылдар,– соңына өзіміздің епті дейтін бозбалаларды салып көрейік, бірі болмаса, бірінің қақпанына неғып түспес екен. «Осы дәмелі» дейтін алашордашыл бозбалалардың тізіміне Сарыбас та кірді. Әуелгі жұмсаған біреулер берекелі іс шығара алмаған соң, әйелге әрі епті, әрі жұлдызымын дейтін Сарыбас, тәуекел деп өзі атқа мінді. Көп кідірмей ол Ботагөзге былай деп хат жазды:
«БОТАГӨЗ!
Өзіне жазған хаттың ең алдымен аяғындағы подписіне қарап алатын қыз атаулының әдеті. Біз бозбалалар да, қыздан хат алсақ сөйтеміз.
Осы хаттың ақырында менің атым «Сарыбас» тұруы сізді қайран қалдырар. Сіз ашуланарсыз да. Бірақ сізден өтінішім: хатты лақтырып тастамай, я жыртпай тұтас оқып шығыңыз, содан кейінгі өкіміңізге хат та, мен де ризамын.
Біз қанымыз бірте қазақтың баласымыз. Бірақ бақытсыздығымызға қарай кер заманда тудық. Дауылды заман бірімізге бірімізді еріксіз соқтықтырды. Ойда жоқ жерден біз бір-бірімізбен дұшпандастық. Былай қарағанда, біздің арамыз өте алшақ сияқты, бірақ қазақта «тау тауға қосылмайды, адам адамға қосылады» деген мақал бар еді. Біз бір-бірімізге жақындай алмас ек, егер надан адам болсақ. Шүкіршілік, ондай көкірегінде көзі жоқ адам емеспіз. Мен туралы сіздің қандай ойда екеніңізді мен білмеймін, ал сіз туралы мен, мақтағаным емес, я жағынғаным емес, өте үлкен ойдағы адаммын.
Қазақта: «досың да, дұшпаның да ер болсын» деген мақал бар және «ақылсыз достан, ақылды дұшпан артық» деген мақал бар. Сіз менің тұқымыммен жауластыңыз, дұрыс жаулық! Заңды, адал да, әділ де жаулық! Сіздің орныңызда болсам, мен де сөйтер едім. Бірақ сіздегі бір қателік: тұқымдарыммен бірге мені де жау көрдіңіз. Менің оқыған адам екенімді, дүнияға әділдік көзбен қарай алатынымды ұқпадыңыз. Мүмкін, менің бұл соңғы сөзіме сіз ызамен күлуіңіз: әділ болса солдаттарға еріп шығып елді неге шапты? Ағаларымды неге ұстатты? Кеше сот кезінде айыптыларға неге болыспады?» деп ойлауыңыз.
Ойлаңыз!.. Күдіктенуіңіз дұрыс. Менің жалғыз-ақ айтарым: заман толқын, адам жаңқа екен, толқын қалай қарай беттесе, ықтиярыңнан тыс сен де солай ағады екенсің. Менің халім сол жанқадай болды. Наныңыз, нанбаңыз – ықтиярыңыз: іштей, мен әкеме емес, тұқымдарыма емес, сізге, сіздің тұқымдарыңызға болыстым. Менің айыбым: «осылаймын» деуге батылым жетпеді.
Міне, енді, мынадай бостандық заман туды. Езілген қазақ халқының жығылған шаңырағын көтеріп, үйін тігіп жатырмыз, ол – алашорда. Сіз, «битке өкпелеп тонды отқа салды» дегендей, менің тұқымыма, маған өкпелеп, көптен бөлініп, әлдекімдерді сағалап жүрсіз. Ашу не істетпейді, бірақ ойлансаңыз, мұныңыз жол емес. Қазақтың қалың бұқарасынан шыққан сіз сияқты жөн-жоба білетін қызы бармақпен ғана санарлық. Сіздей қыз алашордаға өте қажет. Сонымен бұл хатта, алғашқы өтініп айтайын дегенім: қайтыңыз райдан! Тастаңыз ашуды! Қарындас боп қатарға кіріңіз! Құшақ жайып, қарсы аламыз!
...Басқа айтар сөздерім де көп еді, бәрін бір хатқа қалай сыйғызайын. Бұл хатым –бозбаланың емес, ағаның хаты.
Жауап күтем!
Сарыбас».
Осылай біраз уақыт өтті. Қар еріп, ала-сапыран бола бастады. Сарыбас Ботагөзден жауап хат алмадым демей тағы да екі-үш хат жазып, жолығуын, сөйлесуін өтінді. Ішкі сыры берік Ботагөз бір кезде: «жолықсам, сөйлессем қайтеді? Мен оған алданатын кісі емес, нем кетеді?» деп ойлады. Егер апрельдің орта кезінде Орынбор қаласында алашорданың жиылысы шақырылып, Сарыбас coғaн жүріп кетпегенде, Ботагөзбен бір кездесуге кездесетін еді.
Орынбордағы жиылыстың қаулы-қарарын алашорда газеттері жариялап жатты. Ол қаулы-қарарлардың байшыл-ұлтшылдық, сарында жасалғандығын әшкерелеп, Совдеп газеттері шықты. Совдептің жиылыстарында да алашорданың қаулы-қарарлары сөз боп, кертартпалығы, революцияға, халық тілегіне қайшылығы айтылып жатты. Бұл сіздерге Ботагөздің құлағы қанды. Оның үстіне Асқардан келген хаттардан да алашорданы жамандау аз болған жоқ.
Орынбор жиылысына кеткендер қайтып оралғанша қар кетіп, көк шықты; ағаштар жапырақтанды. Орынбордан келе Сарыбас Ботагөзді тағы да айналдырды, тағы да жолығуын өтініп хат жазды.
Қар кетіп, жер қарая, Ботагөздің бір дағдысы: күн сайын Темірбек пен Бүркітбайдың қабырларына бару еді. Қабыр қалын, ормандағы мұсылмандар зияратында. Ботагөз қабыр күзетшілеріне сөйлесіп, жас қабырдың маңына ағаш, гүл ектірді. Кешікпей орнатқан жас ағаштар жапырақтанды, гүлдер шешек атты. Жас қабырларға осындай көрік берумен қанағаттанбай, Ботагөз тасшы тауып алып, Темірбек пен Бүркітбайдың аты-жөндерін тасқа қашатты да, екі қабырдың аралығынан орнатты.
Бір күні Ботагөз Совдепте күндізгі қызметін атқарып боп, пәтеріне кеп тамақтанды да, күндегі дағдысымен қабырға жөнелді.
Ботагөз аурухана бақшасын айналып, қабыр жақ шеткі бұрышына өте бергенде, бұрыштың екінші қабырғасынан біреу қақырынып қалды. «Бұл кім?» дегендей Ботагөз жалт қараса, Сарыбас.
– Саламатсыз ба, Ботагөз?–деді Сарыбас қолын ұсынып (Ботагөз қолын берді).– Тағдыр деген тамаша-ау, ойда жоқта бізді кездестіруі-ай, шіркіннің!
– Өкінішіңізбе, бұл?– деді Ботагөз қолын алып.
– Жоқ, Ботагөз, қуанышым? Неге өкінем? Көптен бергі тілегім емес пе, бұл! Жолымды тосты деп ойламаңыз, имандай шыным: қырда туып, қырда өскен адаммын; жаз шығып, жер көктеген соң, қырдың баласы қалаға сыя ма? Күнде осылай, қаладан далаға шығып, көкірек кере дем алатын әдетім еді. Бүгін осы жаққа бірінші шығуым еді, тағдыр сізге кездестірді. Мұнысы – әділдік. Енді, ұят та болса, жан сұрасамыз ба: жол болсын? (Ботагөз үндемеді.) Әлде, мен сізге бөгет болдым ба?
– Мен сізге бөгет болдым ғой деймін.
– Неге?
– Саяхатқа шыққан адамның жолы жалпақ.
– Сіздің жолыңыз ше?
– Менікі сүрлеуленген дағдылы жіңішке жол. (Ботагөз күрсінгендей болды.)
– Қандай, қайда?
– Қабырға!
– Қабырға? Қабырға!.. Қабыр!..– деді Сарыбас дауысын құбылтып, түсінбегенсіп. Ботагөз үндемеді.– А... білдім... Жаңа ұқтым!..
– Ұқсаңыз сізге ұлықсат. Хош болыңыз.
Ботагөз жөнеле берді. Ботагөзді бұлай келмес деп ойлайтын Сарыбас, оның мынадай иінің жұмсақтығынан дәмеленді, оны бұрын қатты мінезді қыз деп санайтын ол, бұл жұмсаруын, хаттарынан шыққан нәтижеге жорыды.
– Ғафу етіңіз!–деді Сарыбас, Ботагөздің артынан ере сөйлеп,– егер ұлықсат етсеңіз, мен сізді ұзатып келейін.
– Рахмет, өзім де барам. Күнде барып жүрген орын.
– Жоқ, енді, сіз ренжімеңіз. Сізді бұлай жолықтырмағай ем, ал жолыққан соң жалғыз жіберуім адамшылығыма мін болады. Сізге серік болудан басқа ойым жоқ. Баратын жеріңізге апарып қайту борышым!
Тоқтамаған Ботагөздің рұқсатына қарамай, Сарыбас қатарласа жөнелді.
Қабырдың бақшасына жеткенше олар берекелі сөз сөйлескен жоқ. Сарыбас жалпақтап ол-пұлды айтқан болады, Ботагөз оған салқын, сараң ғана жауап береді.
Қабырды айнала кең қоршаған кірпіш діңгекті, тамыр торлы шарбақтың ішінде, қабыр араларында өскен орман өте қалың еді. Жол қабырлардың арасымен жүреді. Темірбек пен Бүркітбайдың қабыры бір жақ түкпірде, жолсыз шытырманның арасында.
Қабыр орманына кіре, Ботагөздің көңіліне Сарыбастан қауіп пайда болды. «Сақ бол!» деген еді оған Совдептегі жолдастары, «жауларың қапыңды тауып өлтіріп кетпесін!» «Осы Сарыбас, ойда жоқта қалай кездесті?– деп ойлады Ботагөз, жолдастарының сақтандыруы есіне түсіп,– бұл мұнда неге еріп келеді ?»
«Сақ болды» ойына алып, Ботагөз қалтасынан револьверін тастамайтын еді. Ойына қауіп кірген ол Сарыбасқа білдірмей, қалтасын сипап еді, жоқ!.. Үйінде қалып қойыпты.
Оның қаупі күшейді. Тамырларына суық қан жүгірді. «Осы арадан кейін қайтсам қайтеді?» деп ойлады ол. Бірақ қайтпады: недәуір ілгері сұғынып барып қалған, содан қайтам десе, Сарыбас: «неге?» демей ме? Оған не жауап айтады?
«Тәуекел!– деп бекітті Ботагөз толқыған ойын,– маған бұл не істейді? Мылтығы болмаса, жекпе-жекке маған бұның шамасы келе ме?»
Осы ойдан кейін ілігері жүрісін бөгемеген Ботагөз білдіртпей, Сарыбастың екі қолын аңдыды, егер қалтасынан мылтық суыратын болса, бұрын қимылдауды мақұл көрді.
Олар қабыр басына келді. Топырағы торқаланып, гүлденіп тұрған қабыр!.. Айнала сайраған құс!.. Мейірленген табиғат!..
Жас қабырдың бұл салтанатына Сарыбас таңданған, тамашалаған болды. Ботагөздің ойы Сарыбаста, көзі қолында. Сезіктенген сайын Ботагөзге Сарыбастың көз қарауы, бет құбылысы, дене қимылдары күдіктендіре түседі.
– Ал, Ботагөз!– деді Сарыбас қабырларды айнала шолып көргеннен кейін.– Енді бірдеме демейміз бе?
– Не дейміз?
– Дұға-мұға оқымаймыз ба?
– Мен дұға білмеймін.
– Менің ептеп «құлқуалда» қайыратыным болатын еді. Отырыңыз, мұсылман баласымыз ғой, білген бірдемемізді айта кетейік.
Сарыбас жасыл шөптің үстіне тізерлей отыра кетті. Ботагөз тұрып қалды.
– Неге отырмайсыз!
– Сіз оқығыңыз келсе оқыңыз. Бұл кісілер менен дұға тілемейді.
Ботагөздің сөзін зілді, кескінін салқын көрген Сарыбас:
– Ұнатпасаңыз қойдым!–деді де түрегелді.– Енді қайтамыз ба?
– Әрине, сүйтеміз.
– Мына сырт жақ жазық дала, соған қарай шығып, бой көтеріп қайтсақ қайтеді?
– Сіз барыңыз! Менің жұмыстарым бар еді.
– Өлмей жұмыс біте ме? Бүгінгі қызмет аяқталған жоқ па?
– Бізге қызмет үшін күні мен түні бірдей.
– Сонда да, ұзақ қыдырмасаңыз да, сыртқа шықпай-ақ, анау бір көделі алапта аз отырып, дем алсақ қайтеді?
– Мен шаршағам жоқ.
– Опыр-ай, қарындасым-ай, бойыңды менен аулақ қылуға ант ішкенбісіз? Хаттарыма жауап бермеумен ғана қоймай, бетпе-бет көріскенде де шиыршық атасыз, мұныңыз қалай?
– Сырласудың орны бұл ара емес қой деймін, реті келсе қалада сөйлесерміз. Қаласыз ба? Қайтасыз ба?
– Сіз ше?
– Мен қайтам.
– Барыңыз, онда!
Жүре беруге Ботагөз сескенді. Сарыбасты ала кеткісі келді.
– Қалам десеңіз еркіңіз. Бірақ манағы «апарып қайтамын» деген сөзіңіз қайда?
– Өзіңізге пайдалы жағын ғана ұстайды екенсіз ғой, менің сөздерімнің?
– Сізге солай көрінген шығар, бірақ меніңше, адамға уәде қымбат қой деймін. Қалам десеңіз қалыңыз, мен кеттім.
Ботагөз жөнеле берді. Одан басқаның арқауын таппады. «Тәуекел!– деп ойлады ол,– не де болса көрейін!»
– Тоқта!–деген сөз артынан шымырлау шыққанға Ботагөз жалт қараса, Сарыбас төрт-бес адымдай жерде ту сыртынан наган ұсынып тұр. Ботагөздің жүрегі аттай тулап, көзі қарауытқандай боп кетті. Бірақ ол есінен танбай, ақылын тез жинады да:
– Бұл ойыныңызға жол болсын?–деді денесін бетпе-бет бұрып.
– Әлей болсын, сұлу қыз!–деді Сарыбас сазарып,– тұрыңыз, анау екі қабырдың арасына!
– Себеп?
– Ол сұрауыңыздың жауабын наган айтады. Рас айтам, тұрыңыз!
– Ендігі бозбаланың әзілі осындай болды деп еді десеңізші! Айтар жауабын наган осы арада-ақ айтсын!
– Сұлу қыз!.. Сұрқия қыз!.. Орындаңыз, бұйрығымды!
– Орындамасам ше?
– Екінің бірі.
– Біреуі ату!.. Біреуі ше?
– Соның үйлесі болады да.
– Қандай?
– Жату!
– Атқан соң, әрине жатады, түрегеп тұрмайды.
– Атпай да жату бар шығар.
– Қандай?
– Ойлаңыз!
– Ә-ә!.. түсіндім! Соңда? Құтылу?..
– Әрине!
– Оңбаған!.. Бұзық!..– деді Ботагөз екпінді дауыспен,– «адаммын» дегендегің осы ма! Саған теңейтін айуан жақ! Қапымды таптың, ат, дұшпан!..
– Тілегіңді орындайын: үш кегімді атап, бір оқпен алам (Ботагөздің жүрегінен көздеді): бірі – әкем Итбайдың кегі, екінші – таланған мал мен мүлкімнің кегі, үшінші – өзімнің...
«Өзімнің» деген сөзді созбақтап аяқтай берген Сарыбастың қолындағы наган ұшып кеп кетті. Ол шошынып жалт қараса, арқасын таяй тұрған талдың арасынан біреу өзіне наган ұсынып тұр, қарына жармасқан бір мықты уыс етін езіп барады.
Не болғанын білмей қалған Ботагөздің маңдайынан шып-шып тер шығып кетті. Ол тал арасына қадала қарай қалды.
– Бауырым! Ботам!–деген сөз малынды оның құлағына. Таныс дауыс! Балтабектің дауысы!..
Ботагөз ілгері ұмтылғанда, қауға қара сақалды бір адам, білегінен ұстаған Сарыбасты құлақ-шекеден қойып қап ұшырып жіберді де, құшағын жая ұмтылды. Ботагөз көптен көрмеген ағасының дауысынан басқа, екі көзі мен мұрнын ғана таныды.
Екеуі құшақтасып, ұзақ көрісті. Ботагөз ағыл-тегіл жылады. Бірақ, ол қайғыға пісіп-қатқандығын көрсетіп, Балтабактей егілген жоқ.
Балтабектің қатты ұрған жұдырығынан есі ауытқып, құлағы бітіп құлаған Сарыбас есеңгіреген есін аздан кейін жинап, төңірегіне қараса, қасында наганды қолын төмен түсіріп Кузнецов тұр, Ботагөзбен біреу керісіп жатыр. Көріскеннің кім екенін ол жобалай алмады: жүдеу киімді, қаба сақалды біреу. Есін жинағанмен Сарыбас құлаған орнынан қозғалмады, атылған қасқырдай зілдене қарап, қырынан жатты.
Сарыбасқа «қозғалма!» дегендей ара-тұра алара қарап қойған Кузнецов көріскен туысқандарға жұбату сөз айтты, олар құшақтарын жазды.
– Ойпырай, мынау жатқан шаян сары кім еді?–деді Балтабек Сарыбасқа төніп.
– Итбайдың баласы Сарыбас,– деді Ботагөз.
– Итбай түгіл Шошқабайдың баласы болсаң да жоқтауыңды бір-ақ асырайын!–деп Балтабек ұмтылды.
– Сабыр!– деді Кузнецов ара түсіп,– біз бұрынғыдай құрғақ қол емеспіз. Бізде қазір тергеуші, сот бар.
– Қап!– деп Сарыбасқа тістене бір қарап, ашулы кескінін шұғыл жадыратқан Балтабек, сағынған қарындасын қайта құшақтап, ағалық, бауырмалдқ мейіріммен қайта сүйді.
4
1916 жылдың күзінде Қотыркөл қаласының бұзылған абақтысынан қашқан Амантай жоғалып кетті. Қашып шыққанын естіген жұрт, оның қайда кетіп, қайда тұрғанынан түк хабар білмеді. Итбай тұқымдары оны ашық та, жасырын да іздетті. Бұл хабар уездік, губерниялық мекемелерге де жетіп, олар Амантайды басына бес мың сом бәйге тігіп, ашық іздетумен қатар, бір губернияда неше болыс болса, соның бәріне тыңшы таратты. Қаладан да, даладан да тіміскіленбеген жер қалмады, бірақ жоқ!..
Жабайы халықтың көңіліне басқаша ой келді: «Көкке ұшқан жоқ, жерге сіңген жоқ, қайда кетеді сонда?»–дейтін олар,– әй, дәуде болса «Итбай тұқымдары оны қамауда өлтіріп жіберіп, жұрттан қорыққаннан қашып кетті деген хабар таратқан шығар».
Сонша іздеуге түсіп, көзден ғайып болған Амантай жоғалған да жоқ, онша ұзаққа қашқан да жоқ. Қотыркөлдің абақтысын бұзып шыққан адамдардың, құрулы мылтық, көк түтін астынан аман құтылған бір топ бөлегімен ол сол түні Меңіреу қарағайына барып жетті де, сондағы бір бекініске паналады. Ол бірнеше күн Меңіреуде жатып, жан-жағына астыртын хабаршы салып көріп еді, қай жақтан болса да, көтерілісті патша үкіметі қырып-жойып басқандық хабары келді. Жалғыз-ақ «Аманкелді тобы әлі де арпалысып жатыр дейді» деген еміс-еміс хабар естіледі, бірақ ол да анық емес, көмескілеу хабар. Бұл арадағы елдің енді бас көтеруге шамасы келмейтінін байқаған Амантай, «енді қайтеміз?» деп жолдастарына ақылдасты.
– Бәрі бір өлім,– десті біреулері,– бұл патшаның қол астынан шығып кете алмаймыз, қайда барсақ та бізді тауып алады. Одан да осы арадан тырп етпейік, қолдан келгенше бүлдірейік, қалаларды өртейік, өшіккенді өлтірейік, талайық, сөйтіп шамадан кеткенде ажал тұзағына мойын ұсынайық.
– «Таз ашуын тырнадан алады»,– десті біреулер,– бізді қолға түсіре алмаған үкімет біздің жазықсыз жақындарымызды қысады. Енді осы азапқа салғанымыз да жетер. «Бәйгеге тіккен бір мойын» дегендей, біздікі бейнетке де, ажалға да көнген бас. Қолмен істегенді мойынмен көтерейік, несіне болса да шыдап, өз еркімізбен қолға түсейік.
Біреулер тағы бірдемелерді айтып даңғаза болғанда, үндемей ойда отырған Амантай Асқарды жоқтады. «Бәрекелді-ай!– деп өкінді ол,–қол қайратын көрмесем де, тіл қайратын көп көріп ем, қысылған жерде таянышым еді. Ақыл тауып берер ме еді, қайтер еді, әттең, болмады-ау!»
Acқар туралы ойлаған Амантайдың есіне, оның «патша ұзақ жасай алмайды, құлайды» деген сөзі түсті. Бұл ойын ол жолдастарына айтып еді, біреулер: «сол қашып кеткен қоян жүрек неменің сөзі не, өзі не!.. Оның қу тілмен құрақ органы не керек!» деп Асқарды сөккенмен, енді біреулері, Амантайдан Асқардың «патша түседі» деген дәлелдерін тыңдай келе, «жаны бар сөз екен,– десті,– сөздері көкейге қонып тұр. Сол жігіт білмейтін жігіт емес сияқты да, осыны ойлыныйықшы!»
Ойлана келе олардың тоқтіғаны: «шыдайық, жасырынайық! Күтейік, байқайық!..»
Бұл топта Керекуден келген біраз жігіт бар еді.
– Өзгемізде жасырынуға сыймайтын қанша үлкен бой бар,– деді соның біреуі,– қайда болса сонда бой таса қыла бермейміз бе? Сыймайтын бой мына–Амантайдікі. Бәріміз жиналып соның бойын жасыруға тырысайық.
– Сыпайыламай сыйымды сөзіңді айтсайшы, әдемі сөзден қайсымыз аштан өлейік деп отырмыз,– деді біреу.
– Шыдасайшы!–деді анау,– мен де беталды құла-дүзге ұлағып отырған жоқ шығармын, көздеп отырған нысанам болған соң айтып отырған шығармын.
– Айт, нысанаң болса!
– Менің айтайын дегенім: мен өзім Керекудікімін. Жасымнан пароходта жұмыс істедім. Нақ менің өзіме тие қоятын ешкім де жоқ еді, пароходтағыларды солдатқа алмайтын да еді; ауылдағы інім ілігіп, соның намысын жыртам деп көзге түстім де, қуғынға ұшыраған соң осында қаштым. Пароходта менің жан аямас көп достарым бар. Амантай соларға барса, олар бұл кісіні сақтай алады, және мойны қашық жер, бұл кісіні ол жақта танитындар жоқ.
Көпшілік осы ақылды мақұл көрген соң Амантай көнді. Ақылдаса келе әркім .«сезіксіз» деген жерге паналай тұруға ұйғарып, Меңіреуден бәрі де бытырасты.
Керекудің жігіті Амантайды өз жеріне бастап алып барды. Кереку пристаныңда жүрген жұмысшылар Амантайды естіген екен, және ол туралы неше түрлі ертегілер тарап, оны бір көруге бәрі де құмар екен.
Олар Амантайды аса құрметпен қарсы алды. Шамаларынан келгенше жауға бермеске ант ішісті.
Пристаньға жұмысшы боп орналасқан Амантайға бұрынғы жұмысшылар жұмыс істеткен жоқ.
– Жұмысшы атын алып арамызда жүре бер,– десті олар,– жаныңды қинама, бір сені бәріміз жабылып асырармыз.
1916 жылдың аяғында, 17 жылдың басында Керекуде тұрып қалған Амантай патшаның түскенін пристаньда естіді. Ол кешікпей жолдастарынан рұқсат алып, еліне қайтты. «Патша түсіпті!» деген лақап болмаса, елдің қалпы баяғыдай екен: баяғы болыс – болыс, би – би, еңceci көтерілген кедей жоқ. Ауылда өзі өндірер іс жоғын көрген Амантай сол кезде «Асқар да, .Ботагөз де Омбыда дейді» деген хабар естіп, атпен тура Омбыға жүріп кетті. Бұл майдың бас кезі еді.
Ол Омбыға барған кезде, қалада Совдептің облыстық жиналысы ашылғалы жатыр екен, соған барған оның, алдынан күтпеген екі оқиға кездесті.
Бірінші оқиға: жиналысқа өкіл болып, Ақмола облысының әр уезінен бірталай қазақтар да келген екен. Олардың бәрі де таныса келе, Амантайды біле кетті. Қошеметпен қарсы алған олардың көзіне қарағанда, 1916 жылдың оқиғасына байланысты Амантайдың қимыл-қайраты турасында ел арасына ертегі сияқты, нелер ғажап кеңестер тарап кеткен, ел оны ертегінің, «оқ өтпейтін, қылыш кеспейтін», ешбір қауіптен сескенбейтін «көзсіз ері» көріп алған. «Сондай Амантай кеп қалды» деген соң, оны көруге құмартушылар көбейіп кетті. Бірден бірге тараған хабар жиналысқа келгендер түгіл, қала халқының арасына да тез тарап, көргісі келгендер Амантай түскен пәтердің есігін босатпады. Келіп-кетушілер сондай сапырылысып жатқан бір сәтте әлдекімнің бас салып мойнынан құшақтай алғанын Амантай аңғармай да қалды. «Бұл кім?!» деп ойлағанша.
– Қайдан келдің, нағашы-ау?.. Өңім бе бұл, түсім бе?–деген, жасқа булыққан әйел даусы шалынды оның құлағына. Ботагөз даусы сияқты боп кетті оған бұл дауыс. Рас сол екен. Атын әр уақыт жүрегінің жылы түкпірінде сақтап, бірақ қайда екенін, не халге ұшырағанын біле алмай, сары уайымда жүрген Амантайдың қуанышында, Ботагөзді көргеннен кейін шек болған жоқ. Жылау-сықтауы араласқан ұзақ амандықтан соң сұраса, Ботагөз Совдептің губерналық жиналысына өкіл екен. Амантайдың келгенін ол Кузнецовтан естіпті. Ол губерналық Совдептің жауапты қызметінде екен. Амантайдың күтпеген бір оқиғасы – Ботагөзбен осылайша кездесуі.
Екінші оқиға, губерналық Совдептен жиналысқа қатынасуға мандат алған Амантай, Ботагөзді ертіп жиналыс болатын үйге барса, регистрация жұмысын басқарып, өзіне мәлім Петька Гроза отыр!.. Ажырасқан екі жылдың ішінде кескін-кейпіне көп өзгерістер кіргенмен, Амантай оны жазбай таныды да, Ботагөзден де бетер бас сап құшақтап, бауырына қатты қысты. Гроза оның кескінін жатырқап қалған екен, сондықтан, алғаш «бұ кім?!», «бұнысы несі?!» деген таңдау оның да ойына кіре қалғанмен, мана кеп біліскен Ботагөздің:
– Ведь он, мой дядя же, Антон Петрович!.. Это он– руководитель народного восстания в Кокчетаве в 1916 году!.. Он же, дядя Амантай!.. –деген сөзінен құшақтаушының кім екенін түсіне кетті.
Құшақтары қайта айқасып, сағынысқан жүректер мауқын басқаннан кейін, Ботагөзді дәнекер ғып, айырылғаннан бері бастарынан өткен оқиғаларды қысқаша баяндап шықты. Амантай жайы бізге мәлім. Ал 1916 жылы Амантайдан бөлініп, Омбы большевиктерінен нұсқау алуға келген Гроза қапыда жандармерияның тұзағына ілігіп, Февраль революциясына дейін абақтыда отырыпты. Революция күндері босанған ол, Совдептің, әскери бөлімінде қызметте екен.
5
Совдептің облыстық жиналысы Россиядағы саяси хал-жайды, оның ішінде осы облыстағы саяси хал-жайды қорыта кеп, алдағы күнде Совет өкіметін күшейту үшін, Совет өкіметіне қарсы күштерге ұйымдасқан соққы беру үшін бірнеше шара қолдануға қаулы жатады, соның біреуі – қолдағы күшті, әсіресе басқарушы адам күшін жер-жерге бөлу. Осы бөлімде, Ақмола облысындағы алты уездің біреуінің орталығы – Н... қаласына уездік партия комитетінің секретары боп Кузнецов, уездік ревкомның бастығы боп Амантай, уездік комсомолдар комитетінің секретары боп Ботагөз тағайындалды.
Жиылыстан кейін Кузнецов, Амантай, Ботагөз – үшеуі бірге қайтты. Жолда олар Қызылжарға түсіп, содан әрі Н... қаласына атпен кетпек болды. Амантай Қызылжардағы Ботагөздің пәтеріне түсті.
Ботагөздің атына Асқар мен Кенжетайдан бірнеше хаттар келген екен, екеуі де Ботагөзге революциядан алған қуаныштарын айта кеп: «тез қайтармыз, бізді Қызылжарда тос, басқа жаққа кетіп қалма» деп жазыпты. Бұл хаттарды оқыған Ботагөз қынжылды. Өз ойына салса, оның Асқар мен Кенжетайды тосқысы келеді.
Амантайды әкем деп санайтын Ботагөз оған «Асқарды тосам» деуге ауыл әдетін сақтап ұялады, бірақ бұл тұйықтан оны шығаратын жол – Кенжетай.
Ботагөздің «Кенжетайды тосайын, кейінірек барармын» деген сөзіне Амантай көнді, Кузнецов көнбеді.
– Сенің күтем дегенің жалғыз Кенжетай ғана емес,– деді Кузнецов Ботагөзге, қалжың мен шынын араластыра.– Өйдеп алдама Кенжетайды күтетінің рас, бірақ сен Асқарды да күтесің.
– Асқарды?!– деді Амантай таңданған даусын көтеріп. Баяғы айрылғаннан Асқардың қайда екенін ол білмейтін еді. Ботагөзден сұрауға: «аман бола қойса жақсы, егер жаман болса, баланын, жарасын тырнағандай болармын» деп қаймыққан еді.
Кузнецов Амантайға Асқар туралы барлық білгенін айтып:
– Ендігісін Ботагөз сөйлесін,– деп Ботагөзді иегімен нұсқап, Амантайға көзін қысты. Ботагөз Амантайдан ұялып, төмен қарады.
– Партияның, советтің тәртібі қатты,– деді Кузнецов аз қалжыңдап отырып,– жиылыстың қаулысын бұзуға, советті, партияны танитын, оларға бағынатын адамның хақысы жоқ. Қаулы орындалады. Н... қаласына аттанамыз. Сүйген жігіт сүйген қызын тауып алуға тиісті. Ботагөз Асқарға кеткен жөн-жобасын айтып хат жазсын және осы пәтеріне де баратын жеріміздің адресін тастап кетсін. Сол адреспен ол іздеп келуге тиісті.
Қызылжарда тосуға мүмкіншілігі болмайтын болған соң, Ботагөз Асқар мен Кенжетайға хат жазды, және «егер хат қолдарыңа тимей қалатын болса, осы адреске соғады ғой» деп ойлап, пәтер үйіне де Асқар мен Кенжетайға арнап хат тастады...
Олар Н...ға жүріп кетті.
Кенжетаймен қоштасып, Петроградтан шыққан Асқар темір жолдың тәртіпсіздігінен жолда жиырма шақты күн жүріп, Қызылжарға келді де Ботагөздің орнын сипады. Көруге аңсап келген Ботагөздің кетіп қалуы жалындай шалқыған оның қуанышын су сепкендей басты, семірген көңілі жүдеді.
Орталық партия комитетінен оның алған жолдамасы Омбының Ақмола губерниялық партия комитетіне адрестенген еді. Ол енді не қыларын білмеді. Омбыға бару ма? Ботагөздің соңынан кету ме?
Партия тәртібі қатты. Ойы толқығанмен, Асқар тәртіптен аса алмады. Ол, тез барып, Н...ға командировка алу үшін Омбыға жүріп кетті.
Бұл кез, контрреволюцияның аса қатты қимылдап жатқан кезі еді. Омбыда «Сібірдің уақытша үкіметі» деген құрылып, революцияға қарсы барлық күш соның маңайына жиналды.
Сол кезде газеттерде Базархан, Мадияр сияқты байшыл-ұлтшылдардың алашорда деген ұйым ашуға кіріскені, ол ұйымның бағыты – революцияға қарсы екені мәлім болды. Омбыда алашорданың облыстық комитеті құрылды.
Революцияға қарсы бұл күштер революциялық күштен Омбыда басым еді.
Асқар Омбыға барған шақта, Омбыдағы партия комитеті революциялық күшті көбейтуге бар ынтасын сала істеп жатқан.
Осындай халде барған Асқарды Обком тез босатпай, ұйымдастыру жұмысына біраз пайдаланды да, Н...ға командировканы бір-екі айдан кейін ғана берді.
Асқар Н...ға келсе, Ботагөз елге командировкаға кетіп қалған екен. Қалада аз күн боп, Амантай мен Кузнецовтың жұмысына жәрдемдескен ол, Ботагөз елден тез орала қоймаған соң, «мен де аралап келейін» деп елге шықты. Н... уезінде орыс пен қазақтікі аралас 40 шақты болыс бар еді. «Қазір Ботагөз сол болыста шығар» деген жобамен ол аталған болысқа барса, Ботагөз одан әлдақашан кетіп қалыпты. «Пәлен жаққа кетті» деген жөнге Асқар да жөнелді.
Осы қалыппен Асқар Ботагөздің соңынан айдан артық уақыт сонарлап, мезгеген орыннан тап баса алмай-ақ қойды.
Ботагөзді соңынан қуа жүре, өзі де міндетті қызметін атқара жүре, Асқар Ботагөз туралы елдің пікірін де байқастырды. Ботагөз туралы ел аузындағы сөз: «Аты әйел демесе, ерден артық», «Шіркіннің жібектей созылған мінезі-ай!», «Жап-жас бола тұра, салмақтысына не берерсің!», «Оқып та қалған қыз екен, заң-законге жүйрігі-ай, сабаздың!», «Айыр көмей, жез таңдай деген осы шығар! Шешені-ай, шіркіннің! Сөйлегенде судай ақтарылады, ерні ерніне жұқпайды! Мұндай да тілмар адам болады екен!», «Өзі әлі күйеуге шықпаған қыз дейді. Қандай жігіттің маңдайы жарқырап тұр екен, мұны алуға!..»
Елдің халінен Асқардың байқағаны: ауылдағы әкімдердің көбі соңғы кезге шейін байлар боп келген екен, жуық арада уездік Совдеп сайлау шақырып, болыстық және ауылдық ревкомдарға кедейлерді, әсіресе, майданнан революциялық рух әкелгендерді отырғызыпты. Өздерінен әкімдік кететінін көрген байлар уездік Совдептің өкілдерінің көзін бояп, өздеріне жағымды, тілін алатын, құйыршық, пысықша кедейлерді ревкомға сайлатыпты. Ондайлар сайланған жерде кедейлердің үкіметке тартатын алым-салығы әлі баяғыдай. Байлардың көбі әдіс-айламен салық төлемейді. Малын жасыру байларға салт болған: төрт түліктен мыңдаған қарасы бар байларды болыстық ревкомның тізімінен тексерсе, ондаған ғана мал жаздырған, әйтпесе, о да жоқ, бірнеше байлар болыстық ревкомның тізімінде қу кедей!.. Елде анархия күшейген. Ұрлық-зорлықтан аяқ алып жүргісіз. Қалың мал, көп қатын алу үдемесе бәсеңдеген жоқ. Параның жолы ашық. Ауылдық, уездік әкімдердің біразының қиянатынан аяқ алып жүргісіз.
Елді аралаған Асқар, Ботагөзді қуып жете алмай, айдан артық жүріп Н...ға келсе, асығыс бір қызметпен Ботагөз тағы елге шығып кетіпті. Асқардың келгенін естіген ол оған былайша хат тастап кетіпті:
«Мұндай зор қуанышта адамның аузына сөз түсе ме? Не жазарымды да білмей отырмын. Мен командировкаға кеткенде келіпсің, елге шығыпсың. Ұғам! Міне, командировкаға қайта шығуға тура кеп отыр. Сен мені қуып жете алмадың. Мен сені қуып жете алам ба, жоқ па? Әлде, сен мені қууға қайта шығасың ба? Әлде, өстіп, кезек қуысып, көпке шейін кездесе алмай жүреміз бе? Осынын, өзі тамаша емес пе, Асқар? Біз не деген бақытты адамбыз!..
Жолығуды тілеген – Ботаң!»
Алма-кезек бірін-бірі сонарлап қуған Ботагөз бен Асқар екі айдан артық уақытта Н... қаласында жолықты.
ҮШІНШІ БӨЛІМ
КҮН КҮЛІМДЕГЕНДЕ
БІРІНШІ ТАРАУ
ШІЛДЕХАНА ҮСТІНДЕ
1
Н... қаласындағы Совдеп жиналысынан таң біліне қайтқан Асқар пәтер үйінің алдыңғы бөлмесінің терезесін тырсылдатып шертіп еді, сақ ұйықтайтын үй иесі әйел әуелі терезеден үңіліп қарап, Асқарды таныған соң, басына шәлісін бүркеніп, есік ашты.
Үй иесі – қартаңдау келген татар әйелі еді. Аты Салиха. Ері, бала-шағасы жоқ. Малы, істейтін кәсібі жоқ. Бар күн көрісі – тергі бөлмесіне пәтерші жіберіп, соның ақысын қорек ету. Н... келгелі Ботагөз осы үйде пәтерші. Жақын арада Омбыдан тағы да командировкаға келген Асқар дағдысымен осы үйге түскен.
– Нишік бик киш қайттың, ұлым?–деді Салиха.
– Ішләр болды, әнкей.
Салиханың үйінде терезенің сыртқы қақпағы болмайтын. Терезеге шұбар сицадан шаршау ғана құрылатын.
Асқар ептеп басып төргі бөлмеге кірсе, Ботагөз шырт ұйқыда жатыр екен. Таң сәулесінен үйдің іші бозамықтанып қалған. Шалқасынан жатқан Ботагөздің ашық бетіндегі секпілдері айқын көрініп тұр... Жүкті болғанын Асқардан бастапқы кезде ұялып жасырып жүрген Ботагөздің сырын осы секпіл ашқан.
Даладан сусап кірген Асқар аяғын ұшынан басып ауыз үйге қайта шықса, Салиха жатып қалған екен.
– Нәрсе кирәк?– деді Салиха басын көтермей.
– Сусадым.
– Нәрсе ішәсің?
– Су болса жетеді.
– Алып бирим әлі.
– Өзім алып ішем, әнкей. Қайда тұрғанын айтсаңыз болғаны.
– Самауырда.
Самауырдың салқындаған суынан Асқар екі шәшке ішті де:
– Әнекий?–деді ояу жатқан Салихаға,– Ботагөз қашан ұйықтады?
– Ей, мискин!– деді Салиха,– яшләр бит. Сізіні килін күп ойли. Сіз киткәш юқлами ул.
– Қашан жатты?
– Китаплар оқып отырып, мінә әтәшләр қышқырғаш қына юқлады.
Асқар төргі бөлмеге қайта кірді. Ол бөлмеде кереует біреу ғана болғандықтан Ботагөз төсекті жерге салатын. Асқардың Ботагөзді оятқысы келмеді де, үстіндегі шолақ сары тонын басына жастап, ілулі тұрған солдат шинелін жамылып, етігін ғана шешіп, үстінде киіз ғана жатқан темір кереуетке қисая кетті.
2
Таң сібірлей көзі ілінген Ботагөз біреу ақырын түрткендей болғанға оянып кетсе – қасында жан жоқ. Кереуетке қараса – Асқар ұйқтап жатыр.
Оны оятып алмайын деп ойлаған Ботагөз басын төсектен ақырын көтеріп, жүдеген Асқарға аяған кескінмен қарап, аз отырды.
«Жұмысы ауыр,– деп ойлады Ботагөз,– жұрт жұмысынан жан-тәнін аямайды. Көптің қамын ойлаймын деп өз басын ескермейді. Ауруға шалдықпаса жарар еді!..» Соңғы сөзінде оның дауысы шығып кетті.
– Немене, Ботагөз?–деді, Ботагөздің дауысынан оянып кеткен Асқар көзін кең ашып, басын көтеріп.
– Жәй!–деді Ботагөз мұңайған кескінмен,– ұйқыңнан ояттым-ау!
Екеуі бір-біріне ұзақ қарап, үнсіз отырды.
Ботагөз Асқардан да жүдеу еді. Оның қазіргі сиқынан, бұрын көрген кісі танымастай: көзі сарғайған, ұрты солған, мойны қылқиған, бетіне сепкіл түсіп шұбарланып кеткен, еріндері кезерген, саусақтары шілбиген Ботагөздің бұл жүдеушілігін Асқар оның екіқабаттығынан, ай-күнінің жақындағанынан деп ойлады. Екіқабат әйелді ауыл: «бір аяғы көрде, бір аяғы жерде» дейді. Бұрын босанып көрмеген жас Ботагөздің «әлде қайтіп кетем» деп жанынан қорқатыны рас, бірақ оның бас қорқынышы ол емес, өзгеде.
Н... да қазір үш күштің басы түйілген: Совдеп, казачий совет, алашорда, Алашордада қуат аз, ол казачий советке сүйенеді. Казачий советтің қарамағында 300 дей құралды әскер бар, әскер бастығы Алексей Кулаков. Казачий совет Совдепке қарсы. Бірақ қарсылығын сөз жүзінде айтады да, іс жүзінде қимыл көрсете қоймайды, тек әскер тобын көбейтіп, құралын күшейте береді. Совдеп қарамағында екі жүзге тарта адамнан құралған қызыл гвардияның гарнизоны бар, командирі Петька Гроза. Октябрь революциясына қатынасып, Москвада Совет өкіметін орнатыс ісінде болған ол Революциялық Соғыс Советінің жұмсауымен Омбыға келген де, одан Н... қаласындағы гарнизонды басқаруға жіберілген. Қызыл гвардия гарнизоны мен казачий отряд ара-тұра соқтығысып та қалады, бірақ қай жағы болса да батыл қимылға бармайды.
Газеттердің сарынына қарағанда, жалпы саяси жағдайды мөлшерлегенде, саяси ағымның оңға, я солға толқыры мәлімсіз. Қауіп күшті, Сібірдегі контрреволюцияның күшін жинауына қарағанда, аса қатерлі жағдай күтуге болатын сияқты. Сібірдің Совдепінде, егер контрреволюция бас көтерсе, оған төтеп болатын күш жоқ сияқты. Сыртқы саяси хал одан да ауыр: Кавказ жақтан Англия, Украина жақтан Германия, шығыс жақтан Жапония интервенттері шабуылға кіріскенін газеттер күнде хабарлайды.
Саяси халдің осындай ушыққанын көрген Ботагөз «не боп кетеміз?» деп уайымдаса, екіншіден, осындай тар кезеңде аяғының ауырлығына екі өкінеді.
– Аяғым жеңіл болса,– деп өкінеді ол оңашада я біреумен сырласқанда,– не болса да көппен бірдей көрем ғой. Жаумен арпалыста көптің бірі боп оққа ұшсаң, арманың бар ма? Мен қазір тұсаулы аттаймын. Заман аумалы-төкпелі боп кетсе, не өзгеге панам жоқ, не өзіме панам жоқ, «қасқыр болсаң, жеуіңе мен даяр» деп жаутаңдаймын да турам. Кім біледі, ондай екі талай заман болса, өзім өлгеніммен қоймай, Асқардың аяғына да тұсау болам ба?
Ботагөздің құлдырай жүдеуіне бас себеп осы ой. Бұл қауіпті ойын ол Асқарға сездірмейді, «неге мұнша жүдедің?» деп Асқар сұраса да айтпайды. Бірақ Асқар Ботагөздің сырын білмейді емес. Оның неге жүдейтінін ол жақсы ұқса да, «осылай емес пе» демейді.
Омбыдан Н...ға алғаш кеп, Ботагөзге қосылып, біраз күн бірге тұрып, күзге қарай командировка уақыты біткен соң және Обкомнан сол кезде «Қажетсің, тез қайт!» деген хабар келген соң, Асқар Ботагөзбен қош айтысып, Омбыға қайтты. Ботагөзді ол өзімен ала кетейін деп еді, Уком «Қызметкер аз, бізге керек» деп жібермеді.
Тез оралмақ боп кеткен Асқар бөгелді. Обком оны басқа уездерге жұмсап, Н...ға екінші командировкаға оның қолы 1918 жылдың апрелінің басында зорға ілікті.
Омбыға жазған бір хатында Ботагөз аяғы ауырлағанын Асқарға оспақпен сездірген еді. Баланы жақсы көретін Асқар бұл хабарға қуанды, баланы аман көруді арман еткен.
Н...ға келе Ботагөздің жүдеу көңілін көре, Асқардың езіне де: «бала жақсы ғой, бірақ мынадай тар кезеңде тұр- ған шақта, бала Ботагөздің не ажалына, не бейнетіне себеп болмаса қайтсін!– деп өкінді ол,– егер бала болмаса ғой, саяси халдың қай жағдайын болса да көппен бірге кереді!»
Ботагөз бен Асқар бір-біріне үнсіз төне қарағанда, екеуінің де ойында осы уайым отыр еді.
– Ойпырай, ішім!..– деген сөз шығып кетті, кеудесін алақанымен баса қойған Ботагөздің аузынан.
Ол Асқардан ұялайын деп еді, бұрағандай болған іш ұятты елетпеді, оның кескіні тыжырыла түсті.
«Толғақ па?» деген ой кеп кетті Асқарға.
Аздан кейін Ботагөздің тырысқан қабағы жазылып, Асқарға тақала отырып, еркелегендей басын кеудесіне сүйеп, бетіне көзін төңкере қарады. Асқар осы кезде күшене жөтелді.
– Күркілдеп жөтеліп кеттің,– деді Ботагөз,– тымауратқаныңа қарамай қызметті күндіз-түні істейсің. Түнде денең қызып шығады. Воспаление легких болып қалуың мүмкін, бүгін үйден шықпай, дәрігерге көрінсең қайтеді?
– Сағат қанша?
– Тоғыз.
– Көп ұйқтап қалған екем. Жастыққа басым тие денем жіпсіп еді, ептеп бойым жадырайын депті. Түнде денем құрыстап, әрі қызып, тұла бойым дел-сал болып, ауырып қалармын деп қорқып ем, градусник қайда?
Ботагөз градусникті алып берді.
– Температурам нормальный екен,– деді Асқар, қолтығына қысқан градусникті аздан кейін алып,– түнде отыз тоғызға барып еді. Шай даяр болса ішейін де кетейін.
– Шай даяр. Бірақ бүгін денеңді күт, барма дедім ғой.
– Ботажан, болмадың ғой, оқасы жоқ, бүгін байқасам байқайын, шай ішкесін Дәрібай фельдшерге барып келші көрініп рецепт алайын.
– Жарайды.
– Есіктен кірген кім, білші!– деді Асқар.
Ботагөз ауыз үйге шығып газет пен хат алып кірді.
– Хат қайдан?
– Кенжетайдан!– деді Ботагөз қуанып.
– Қойшы!
– Рас.
Денесі әлі де жіпсіп отырған Асқар, жатпастан хатқа қолын ұсынды. Ботагөз хатты ашты да, Асқардың қасына отырды. Екеуі бастарын тақасып отырып, хатты құмарланған дауыспен оқып шықты.
«Ардақты бауырларым: Асқар, Ботагөз, Балтабек!– деп жазыпты Кенжетай.– Сендерден кептен хат алмағансын қорқып жүрмін. Осы хатты алған соң тұрмыстарыңды, ол арадағы Совдептің хал-жайын айтып хат жазарсыңдар. Өз амандығыма келсем: денім сау, аманмын. Оқып жатырмын. 19 жылдың январына шейін оқуым бітеді. Тұрмысым жақсы. Оқуым біткесін-ақ, реввоенсоветтен сұранып, өзіміздің жаққа барғым келеді. Әскер білімін әзірге жақсы оқып келемін. Әрине біздің курста, бірыңғай әскери сабағы ғана жүрмейді, жалпы білім де береді, мысалы: орыс тілі, математика, физика, табиғат тану және саяси сабақ. Мен бұрын ауылдық мектепте ғана оқып, хат танырлық қана дәрежеге жеткен кісімін ғой. Жоғарыда аталған сабақтар, әрине, менің бұрын кездеспегендерім, сондықтан игеру оңай да боп жүрген жоқ, бірақ мойындаған істе адамның жеңбейтіні болмауға тиісті ғой, қиын болғанмен, сабақты мен де меңгеріп келем.
Менің аса көңіл бөлетінім саяси сабақ. Бұған дейін қанаушы тапқа кектенгенмен, оның табиғаты қандайлығын білмейтінмін. Енді, Ленин жолдастың еңбектерімен, Маркс және Энгельстің тісім бататын еңбектерімен танысып көрсем, «қанаушы», «қаналушы» деген біріне бірі қайшы екі тап көп ғасырлардан бері қатар жасап келеді екен ғой. Олардың тартысы да өздерімен бірге жасап келеді екен. Сол, пәлен ғасырға созылған таптық тартыстың түйіні біздің отанда Октябрь революциясымен шешілгенін мен жақсы ұққан сияқтымын. Сондықтан, егер бұған дейін бостандық күресін тар ұлттық мағынада ғана ұқсам, енді таптық мағынада ұққан сияқтымын. Коммунистердің кім екенін мен жаңа ғана айқын түсіндім, сондықтан бұл атқа ие болуымды өзіме бақыт деп санаймын және осы ардақты атаққа кір келтірмеуге жан-тәніммен тырысам...
Ардақты бауырлар! Сендерді сағындым. Әсіресе, Ботагөзді сағындым. Мен оны көрмегелі қашан!.. Есіме түскенде, көзіме жас алам.
Асқар! Сен біздің үйді білесің. Шаруамыз кедей болғанмен, өзара тату тұратын семья едік қой біз. Бәрімізді балапандай желпіп өсірген апам марқұм еді. Балалары – біз тірі тұрғанда апам кедейлікті ойлайтын кісі емес еді. Балаларының тіршілігін ол өзіне ең зор бақыт санайтын адам еді. Ақырда, басы патша, аяғы болыс – барлық қиянатшыл сұмдар бірігіп біздің тату ұяны бұзды. «Ұлын ұрымға, қызын Қырымға» дегендей бет-бетімізбен тозып, сүйікті анамыздың топырағын да қолдан сала алмадық. Басы патша, аяғы болыс болып, біздің семьяға (жалғыз біз емес, біздейлер нелер миллион ғой) жасаған қиянаты бізге қымбатқа түсті: апам елді, Айбала өлді, Темірбек елді. Олар өлген жоқ, оларды өлтірді. Өлтіргеннің басы патша, аяғы болыс.
Дүниенікі дүниеде қайтты: патша – Николайды, болыс – Итбайды біз де өлтірдік. Бірақ онымен революция аяқталған жоқ. Әлі де қатерлі күндер көп. Жау жанталасуда.
Біздің далада да жанған революция өртін сөндіруге жанталасушы жаудың бірі алашордашылар екенін сендердің хаттарыңнан да оқыдым, газеттерден де көріп жүрмін, Алашордашылдар Итбай сияқты қанаушылардың қамқоры екендігі олардың ісімен дәлелденіп келе жатқан сияқты. Олар әр жерде «Милиция» атын жамылып, әскерлік қосын құруға жанталасады, ондағы ойы Совет өкіметіне қарсы құралды күш ұйымдастыру екені өзінен өзі көрініп тұр. Бұл таң қаларлық та іс емес. Олар жасаған партияның басында Базархан, Мадияр сияқты кісілер жүрсе байды қорғамағанда қайтеді. Олар, әрине, ақтарға сүйенеді. Бірақ басым күш олардың жағында емес, біздің жағымызда. Біз орыс жұмысшы табына, орыс еңбекшілеріне сүйенеміз. Россиядағы ең зор күш осы. Оны бастаушы большевиктер партиясы. Ендеше, біздің қанаушы тапты да, оның қамқоршыларын да жеңіп шығуымызға ешбір күмән жоқ...
Сағынып жазған хат болғасын сезімді созып жібердім білем. Сағынуым ғажап. Менің қазіргі арманым мынау: қызып жатқан азамат соғысын аяқтап, бақытты тұрмысқа кіру.
Газеттердің айтуына қарағанда, мұндағы саяси мәселеге қырағы жолдастардың айтуына қарағанда, Россияның алыс түкпіріндегі Совдептердің халі ауыр. Соған қарағанда, сендерге аман көрісудің өзі маған кейде сағымданыңқырап кетеді.
Қойшы, көңілдеріңе қорқыныш салмайын. Қамалды бұзамыз. Бақытқа жетеміз!
Бауырмалдық сәлеммен – Кенжетай.
1918 жыл, 7 март.. Петроград».
3
Саяси жұмысқа ертеден араласқанмен, Мадияр оншалық болжағыш адам емес еді. Өзі мұсылманшадан «сарф» бен «нахуды», орысшадан екі жылдық учительдер курсын бітірген ол, екі нәрсеге қатты сенетін: біреуі – дін, біреуі – өзінен білімі жоғарылар.
Ептеп ақынсымақтау Мадияр, бірнеше шығарған өлеңдерінде: «я, алла, сыйынамын бір өзіңе», «құдая, құдіретіңе иемін бас» сөздерден бастайтын. Өзімен пікірлес адамдардың кейбіреулері оған: «сіз оқыған адамсыз, ғылымға таныс адамсыз, олай болса, дінге сенетін себебіңіз не? Тастаңызшы, осыны!» дегенде, «дін, менің саяси жолыма бөгет болмайды, көңілге жастан орнаған иғтиқатты мен өзгерте алмаймын» дейтін ол. Ол, кәтте, соңғы кездерге шейін, намаз оқып жүріп, «мынауың ұят-ақ» деп жақындары сөккен соң және олар «егер бұныңды қоймасаң, біз ренжиміз» деген соң әрең қойған.
Монархияға Мадияр идеологиялық ұғымнан басқа, мифологиялық сеніммен де иланатын еді. «Барлық табиғатты басқарушы бір қуат болмауға мүмкін емес,– деп сенетін еді ол,– сол басқарушы құдай, барлық адамды бір билеуші болмауға мүмкін емес, ол – патша».
Осындай сенімдегі Мадияр, патша тақтан түскенде, не жер жарылғандай, не аспан құлағандай, бүкіл әлем тірегінен айрылғандай қатты ренжіді. «Құранда: ли ила ой құрайшын» деп басталатын бір аят болушы еді, ол аяттың айтуынша «араб елінде Құрайыш атты ру болған, ол рудың адамдарын құдайды танымағандықтан, аспаннан періштелер кеп тас атып, үрім-бұтағымен құртып жіберген».
Мифологияға сенетін Мадияр, патша түскен кезде, «ендігі халіміз, Құрайыш руы сияқты болмаса, не қылсын?» деп үрейленді.
Мадиярдың ақыл қазығы Базархан еді. Базархан дінге сенбейді, бұл жақтан Мадияр оны іштей ұнатпайды; бірақ өзінен кеп оқығанға сенетін Мадияр Базарханды «дүнияда білмейтін ғылымы, болжамайтын мәселесі жоқ» деп санайды.
Патша түскенде Петроградта тұрған Мадияр, бұл хабарды ести сала, зәресі кетіп, жүгіріп Базарханға барды, алқынған қалпымен: «мына сұмдықты естідіңіз бе?» деп, естіген-білгенін айтты.
– Осылай болуға тиіс, бұл көптен күткен оқиға!– деді Базархан.
Базарханнан мұндай сөзді естімеген Мадияр: «енді үкімет билігі қандай болады?» деп сұрады.
– Республика!– деді Базархан.
Өз сенімінде конституциялы монархияны қолдайтын Базархан, саяси халді болжай кеп, «Россия моиархиясы енді оңала алмайды, Россияда енді республика болады» деген қорытындыға келген еді. Сондықтан кадет партиясындағы достары: Милюков, Чернов, Шелгунов, Львов, тағы басқалары, Николай Романов тақтан түскеннен кейін, таққа «не Николайдың баласы Алексейді, не ағасы Михаилды отырғызамыз» дегенде: Бұларыңыз әурешілік,– деген еді Базархан,– Россияға енді монархия жоқ. Россия енді: Англия, Франция, Италия жолымен кетуі керек, Россияға ендігі қажет үкімет – буржуазиялық республика».
Мадиярға осы ойларын ұғындырған Базархан «қазақтың ендігі күйі не болады?» деген оның сұрауына:
– Россияда буржуазиялық республика болады, қазақ елі сол республиканың вассальдық бір мемлекеті болады дейді, алашорда партиясын ұйымдастырудың, алашорда автономиясын құрудың қажеттігін айтты.
Кешікпей Базархан: «мен кадеттен шықтым» деп, газетке мақала жазды да, алашорда партиясын құруға кірісті. Базархан да, Мадияр да Петроградтан Орынборға қайтты, алашорданың автономиялық орталығын олар уақытша Орынборда тұрғызбақ болдық.
Алашорданың облыстық және жалпы Қазақстандық съезі шақырылды. Съезде Базархан бастаушының бірі болғанмен, Мадияр онша жарқырай қойған жоқ, ол алашшылдардың қоңырқайлау қатарынан ғана орын алды.
Съезінің негізгі бір мәселесі большевизмге қарсы шығу болған алашорда, съезден кейін қолдағы күштерін жер-жерде алашорда комитетін құруға бөлді. Сонда, Мадиярдың сыбағасына Н... қаласы тиді.
Мадияр өз ойында «қазақ халқы мені біледі, мен олардың арасында өтімді, беделдімін» деп санайтын еді. Сондықтан Орынбордан Н...ға аттанғанда ол: «алашорданы тез құрам, алаш милициясын тез ұйымдастырам, Совдепті тез құртам» деген сенімде болды. Н...ға келе, Мадияр бұл ойларын іске асыра алмады. Алашорданың уездік комитетін ол құрған болды, бірақ «комитет» дегенінде үркердей азғана алашшыл оқығандар болмаса, еріп жатқан көпшілік жоқ. Ауылдың байлары, аталықтары: «біздің тілегіміз алашорда» деседі, бірақ олардың ең көп беретін күші – мал ғана, жаннан берер күші жоқ. Мадияр «алаш милициясын құрамын» деп елге талай рет шықты, талай жиылыстар жасады, бірақ өз берер адамы жоқ байлар, халыққа: «беріңдер, сұраған азаматтарын! Тартынбаңдар!» деп көсемсігенмен, ол сөзді жел болмаса, ел тыңдаған жоқ. «Милиция жасау» ойы әлденеше рет іске аспаған соң, Мадияр қалжырады. Жоғарғы жақтан, әсіресе Базарханнан: «түк бітірмедің! Қолыңнан іс келмейтін топас болдың!» деп күнде ұрсып хат келеді, оған Мадияр намыстанады да, ашуланады да, бірақ «күш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ». Егер, казачий совет қолтықтамаса, қанша намыстанғанымен, Н...да алашорда комитетін сақтап тұруға мүмкін емесін Мадияр жақсы біледі.
Мадияр осылай іштен қапа боп жүрген кезде, апрельдің аяғында Омбыдан Сарыбас келді.
– Жақын арада Россияда переворот болғалы жатыр,– деп келді Сарыбас,– оны чехословактардан құрылған корпус бастамақ. Бұл переворот Самара мен Омбы арасында бір мезгілде өтпек. Қызылжар мен Омбыдағы біздің адамдар чехтарды күн сайын күтіп отыр. Облыстық алашорда комитеті мен Сібірдің уақытша үкіметі ақылдасып, болашақ переворотқа әзірлік жасау үшін жер-жерге кісі жіберді, маған осы қалаға бар деді. Қызылжар мен Омбы алынған күні облыстық комитет жер-жерге телеграммен хабар бермек.
Бұл хабарға қуанған Мадияр, казачий совет адамдарымен тез ақылдасып, переворот болатынын жергілікті Совдепке сездірмеуге, переворотта Совдепті қапыда басуға қам жасады.
4
Майдың орта кезінде Совдеп мәжілісінде қараған мәселе – Н... қаласындағы үш мешіттің «Көк мешіт» аталатын ен, үлкенінде соңғы кезде намаз мезгілсіз оқылып, бұрынғыдай емес, жырақ жердегі болыс, билер де намазға көп келетіндігі туралы болды.
«Мұның себебі не, осында бір мән болып жүрмесін?» деген сұрау туып, бұған әркімдер әртүрлі пікір айтты. Сөйленген сөздердің бәрінен қалада үлкен қауіп бары айқындалды. Ақылдаса келе, Совдептің жасаған қаулысы: қалаға қорыққандық белгі бермеу, көшеге түнде күшті қарауыл қою, түнде прямой провод арқылы Омбы, Қызылжармен сөйлесіп, ондағы хал-жайды білу, мүмкін болса, әскер сұрау, маңайдағы қалаға кеткен гарнизон бөліміне кісі жіберіп тез шақырту, телеграфқа мықты күзет қою.
Совдептің жауапты мүшелері әрбір үлкен істердің басына белгіленіп тиісті инструкция алды да, төтенше тройканың мүшелері болған Кузнецов, Асқар, Гроза проводқа барып, Омбыдағы Совдептен кісі шақырмақ болды.
Сол күні кешке телеграфпен Омбыдағы Совдептен де, алашордадан да «чехословак әскері вокзалда эшелонымен тұр, бүгін... қатерлі күн» деген телеграмма келді. Бұл хабарды естіген алашорда мен казачий совет «енді шыдауымыздың, реті жоқ, бүгін түнде Совдепті құлатамыз» деп қаулы қылды да, переворот жабдығына кірісті.
«Тығыз жұмыс бар, келсін!» деп Совдеп шақырған соң, Асқар амалсыз барған еді, ол сол күні қатты ауру еді: температурасы 39-дан жоғары, біраздан бері тиген тымау күшейіп алған.
Совдептің қарамағындағы отряд адамдарының бір тобы бұл кезде: қаладан 50–60 шақырым жердегі бір деревняларда жергілікті советті бандылар басып алып жатыр дейді деген хабармен кеткен еді, сондықтан Н... да аздаған ғана әскер мен жиырмадан аз-ақ артық құралды милиционерлер бар.
Сырқаты жанына батқанмен, саяси халдің ауырлығын көрген Асқар, ауруын жолдастарынан жасырып, «неге өңің қашқан?» дегендерге, «жәй, болмашы тымау» деп, Кузнецов пен Амантайдың: «үйіңе қайт, демал» дегенін тыңдамай, кешке Совдеп кеңсесін күзетіп қалды. Кузнецов командировкадағы отрядты тез қайтарып әкелуге Грозаны жұмсады. Қала күзеті Асқарға тапсырылды. Соңғы 4–5 күнде көз шырымын жөнді алмаған Кузнецовты ұйқы жеңіп отырғанын көрген жолдастары: «сіз тынығыңыз» деп өтінді одан. Бірер сағат ұйқтап ап, Асқарды ауыстырмақ боп Кузнецов үйіне кетті, Амантай да үйіне қайтты. Асқармен бірге Совдепте Балтабек және бірнеше милиционерлер қалды. Көше-көшеге патруль жіберілді.
Жөтелге булыққан Асқар ауыр ойда: «патшашыл заманның дауылы қиратқан Ботагөздің ұясы, революциядан кейін қайтадан құрала бастаған еді,– деп ойлады ол,– міне, енді екінші дауыл көтеріліп, алыстағы екпінінен, жаңа ғана тіккен отауының түндігі желпілдей бастады. Бұл дауылдан жаңа тігілген отау тағы қирай ма? Әлде аман қала ма? Ол мәлімсіз. Бұрынғы дауылды Ботагөздің, өз қара басы елемеді. Ол дауылға қарсы жүрді. Дауылмен арпалысқан ол, қажымай, жасымай, кездескен қиыншылықтардың бәрін батыл басып өтті де, іздеген сәулесі – бостандық таңына жетті. Онымен Ботагөз қанағаттанбады. Қолын таң астынан сәуле шашқан алтын күнге созды, аяғын алшаң аттады, сол жолында бақыты ма, соры ма?.. Мен кездестім, аяғына тұсау салғандай болдым. Егер, мына түндей төнген қатердің қара бұлты, боранын бүркіп, сұрапылын соқса, Ботагөзде оған қарсы ұмтылар дәрмен бар ма? Жоқ!.. Ол қазір тұсаулы малдай: ит қапсын, құс шоқысын, онда қозғалар дәрмен жоқ. О, Ботагөз!.. Шыныңмен, бақытсыз болғаның ба?..» Ауыр ойдағы Асқар, қасындағыларды әр жаққа жұмсап жіберіп, өзі Совдеп кеңсесінде жалғыз қалды. «Тым болмаса баласы да тумады!– деп екінді ол, Ботагөз ойынан кетпей,– егер аяғы жеңілденсе, халы бұдан жеңілденер ме еді, қайтер еді!»
Біреу дыбыс бергенге, Асқар, жоғары қараса – Кузнецов екен.
– Неге тез оралдыңыз?–деді Асқар, атып тұрып.
– Ботагөз толғатып жатыр деген хабар алдым. Сен тез бар! Күзетте мен қалайын.
Асқар үйіне келсе, Ботагөз қиналып отыр екен. Қасында жалғыз Салиха...
– Неге кешіктің?– деді Ботагөз.
– Жай,– деді Асқар шынын айтпай, Ботагөзді үрейлендірмейін деп.
– Жай? Жай!..– деді Ботагөз көзіне жас алып,– тек жай болсын!..
– Рас айтам, Бота! Совдептің жиылысы ұзаққа созылып, кешігіп қалдым.
– Тек, рас болсын. Әлгінде акушеркаға кісі жіберіп... үйінде жоқ дейді. Әкесі: «қалада соғыс болады деп қашып кетті» депті, «не соғыс?» деген екен, айтпапты.
– Імм!– деді Асқар, елемеген болғансып, бірақ ішінен, «ыңғайсыз хабар екен» деп ойлады.
Одан көп сөйлесуге Ботагөздің шамасы келмеді, толғақ жиілетті. Ботагөз әлсіреген, талықсыған белгі көрсетті. Асқар да, Салиха да састы.
Асқарға бір минут – жылдай болды. Қабырғада тырсылдап соғып тұрған сағаттың минутының тілі сағаттың тілінен сараң жүретін сықылданды.
Міне, осындай бір минут бір сағаттай болып, Ботагөздің кейістігін бірдей көтеріп отырған Асқар, көшеде бірдемелер бытыр-бытыр еткенде селк ете түсіп, құлақ түре қойды: бытырланған оқтың даусы.
Лезде көше айқай-ұйқай дауысқа, сатыр-күтір шабысқа, тарсыл-тұрсыл атысқа толып кетті.
– Алла! Раббым, ни хал булды!– деді Салиха терезеден қарап, көзі шарасынан шығып, екі бетін алақанымен басып.
Көшедегі атыстың не атыс екенін білген Асқар, алғашқы сезімнің әсерімен беліндегі наганын қолына ала жүгіріп, есік алдына барып қалды да, есіне талықсып жатқан Ботагөз түсіп, қайта шегінді.
Осылай есікке бір, Ботагөзге бір, әлденеше ерсіл-қарсыл жүгірген Асқар тастап кетуге Ботагөзді аяды, тастамайын десе жау қолына өзін-өзі ұстап бергелі тұр.
– Не істеу керек?!.
Толғақ бәсеңдеген минуттарында аздап есін жинаған Ботагөз, көшеде соғыс басталғанын, Асқардың сасқанын, мұны қия алмай жүргенін сезді.
– А-а-с-с-қар!–деді бір кезде Ботагөз талықсыған дауыспен,– ө-ө-ө-лдің ғой, ойпыр-ау, жа-н-ым-ау!.. Тығыл- сайшы!
Асқар Ботагөзге жұбату сөз айта алмады. Айқай-шу, атыс көбейе түсті. Асқардың үйіне жақындай түсті.
Потолокте кемпірдің ерте кезде бала бесігін ілген шығыршығы тұратын еді. Ботагөз толғатқасын, кемпір қазақша босандырам деп, соған аспа жіп байлаған еді. Кереуетте жатқан Ботагөз, толғақ қысқанда демеу керіп, сол жіпке анда-санда асылды.
Үйді айнала атыс, у-шу дауыс көбейгенде, Асқарға «тығылсайшы!» деген сөзді зорға айтқан Ботагөздің қолы аспа баудан шығып кетіп, оң жамбасынан құлады. Басын сүйемелдей берген Асқарға Ботагөз: «тығыл, сүйеме!» дегенді айтайын деп еді, әлі келмей, ернін ғана қыбырлатты.
– Бала инді туа,– деді кемпір сасқалақтап, Ботагөзді сүйемелдеп,– я алла, өзін, ярдам бир!
Санасын қорқу жеңіп, қасқыр қамаған қойдай басы ауған жағына жүгірген Асқар, сезімнің еркімен есікке барып, тысқа шыққалы ыңғайланып еді аржағынан бірнеше мылтықты адам, мылтықтарын ұсына кіріп келіп:
– Көтер қолыңды!– десті олар бір дауыспен Асқарға.
Мұндай тар жерде қапылысқа ұшыраған Асқар қолындағы наганын тастап, алдында мылтық ұстап тұрғандарға қараса іштерінде: Мадияр, Сарыбас, Алексей Кулаков бар екен. Асқар қолын көтерді.
– Тінт!– деді Кулаков қасындағы солдатына.
Солдат тінтіп, Асқардың қалтасынан наганның оқтарын алды.
– Ә-ә-ә!– деді Алексей кекетіп,– молодец, Герой! Мынау кім?–деді Ботагөзді көрсетіп.
– Менің әйелім.
– Солай ма? Бұл неғып жатыр?
– Босанайын деп жатыр.
– Поздравляю с новорожденным – деді Алексей ызғарлы күлкімен.
Ол күлкінің мәнін түсінген Асқар не дерін білмей тұрғанда, аузына Кулаковтың наганды қолы сарт ете түсті. Аузы ду ете қалған Асқарға, барлық күрек тістері қираған тәрізденді. Асқар есін жиғанша жұдырық пен тепкі үстінен жауды да кетті. Сол кезде не істеуге білмеген Асқардың көзі Сарыбас пен Мадиярға түсіп еді, солдаттармен бірге олар да жұдырық жұмсап жатыр екен.
Біраз жұдырық пен тепкіден кейін Асқар кім немен ұрып, не айтып ұрып жатқанын білген жоқ. Сарт-сұрт соққының даусын жеңіп Асқардың құлағына шалынған бір дыбыс – жаңа туған баланың дыбысы.
«Іңгә, іңгә!»–деп жылаған жаңа туған жас баланың дауысын Асқардың құлағы ұзақ уақыт ести алмады, ол талып қалды.
5
Есін жиғанын, я оянғанын Асқардың өзі де білмеді. Таяқтан талып қалғанда қашқан ақыл, оның басына біртіндеп жиналды.
Асқардың ең алдымен сезгені – денесінің оттай ыстықтығы. Оған бар денесі ыстықтан қорғасындай еріп бара жатқан тәрізденді.
«Көзімді былшық басқан ба?» деп ойлаған Асқар, ашайын деген ниетпен қолын тигізсе – жып-жылтыр, жұдырықтай ісік екен. Қанша зорлағанмен, ол кірпігін жаза алмады.
Жатқан орыны тас екенін оның денесі сезді. Денесінің астыңғы жағы салқын көрінгесін ол екінші жағына аунап еді асты мұздай екен. Қызған табаны мен алақанын басып көрсе де сондай: мұздай жып-жылтыр тас.
Ісігендіктен бе, таяқтан әлсірегендіктен бе – денесі зілдей ауыр екен. Басы бас емес, бас орнына байлап қойған қазандай қара тас сықылды. Және сол ауырлығының үстіне, қозғаса сытыр-сытыр етіп сүйектері сынып түсе қалатын тәрізді.
– Ойпыр-ау,– деп ыңырану болды Асқардың бірінші шығарған дыбысы.
Осы кезде жан-жағынан әр жерден ауырсынған дыбыстар естіле бастағанда, бұл дауыстар жаңғырыққан өз дауысы екенін, я басқа дауыстар екенін Асқар білмеді. Ыңыранған дауысқа құлағын түрген ол аздан кейін, маңайында басқа адамдар бар екенін білді.
– Сен кімсің?– деді Асқар, көзін зорға дегенде сығырайтып ашып, қасында басы көнектей боп ыңырсып жатқан біреуге.
– Антоненко. Сен Асқармысың?
– Я!..
– Дауысыңнан таныдым,– деді Антоненко тамсанып,– эх, егер су болса!..
1916–17 жылдары Күнбатыс соғыс майданында жүргенде Асқар жараланған солдаттардың лазаретінде талай кездесіп еді .Қолы, аяғы сынғандар, я басқа мүшесі жараланғандар, ыңырсығанда, сарнағанда Асқардың төбе құйқасы шымырлап, тыңдай алмайтын еді.
Көзін ашып айналасына еркін қарауға іскен қабағы жаздырмай, оның үстіне басы зырқылдап, денесі оттай жанған Асқардың құлағына айналасынан сол лазареттегі сарнағандардың үніндей үн естілді.
– «Асқармын» дедің бе?– деген дауыс шалынды, Асқардың құлағына.
– Я... сен кім?
– Кузнецов.
– Григорий Максимович?– деген Асқарды...
– Сен тірі ме едің?–деп Кузнецов орнынан атып тұрып кеп, қолын ұстай алды.
– Бұдан өлген жақсы!..– деді Асқар, кейістік дауыспен Кузнецовтың қолын әлсіздеу қысып.
– Ол не дегенің!.. Дұрыс емес! Абақтыға біз қамалғанмен, революция қамалған жоқ.
– Ол рас, революция қамалған жоқ, бірақ бізге енді, бұл бұғаудан босанып революция күнін көретін заман болмас.
– Неге болмайды?
– Григорий Максимович, сенімен мені, Амантайды ақтар мен алашорда тірі жібермес.
– Амантай қазірде тірі емес,– деді бір қазақ жігіті.– Ол өлді.
– Қайда?– деді бірнеше кісі қасынан.
– Көшедегі атыста оққа ұшып жығылғанын біздің бір жігіт көрдім деді.
– Өзің көрдің бе?
– Өзім көргем жоқ.
– Ендеше бекер болар!– деді Асқар мен Кузнецов қосынан, Амантайды «өлдіге» қимай.
Бірақ, қимағанмен, жағдайды ойлай келе, қолға тірі түспегенін көрген соң «елді» деген ой
басыңқырап, екеуі де тұнжырап қатты күрсінді, қамаудағылар тегіс күрсінді.
– Әй, әттеген-ай!– деді Асқар,– бәрекелді-ай Амантай тірі қалмаған екен. Халықтан құрыш болат боп туған қайратты ер-ай!.. Қапыда өлді-ау!..
Амантай елді деген хабарға Асқардан іші кем уылжымаған Кузнецов революцияның қиын өткелдерін өтіп, тіс қаққандығын істеп, Асқарға қажырлы сөздер айтты:
– Эксплоататор тап өзінің тарихи орнын бостандыққа ұмтылған халыққа тегін бермейді. Бостандық көксеген халық, тілегіне Амантай сықылды ардақты ұлдарының біразын құрбандыққа шалумен жетеді.
Ісінген көзін ашып, Асқар Амантай туралы сөйлеп отыр еді:
– Асқар!–деді Кузнецов.
– Әу.
– Ботагөз босанды ма?
– Босанды.
– Не туды?
Асқар болған уақиғаны баяндады.
– Егер құлағым алдамаса,– деді Кузнецовқа,– дауысы ұл бала сықылды еді.
– «Поздравляю!», «Құтты болсын!», «Бауы берік болсын!»– деген сөздер тұс-тұстан жауып жатты.
– Құлағың алдамауға тиіс,– деді Кузнецов,– жолдастар, ат қояйық Асқардың ұлына!
– Қояйық!– десті басқалары да шулап.
– Кім қоямыз?
Әркім әртүрлі ат айтып жатқанда:
– Жолдастар!–деді Кузнецов,– мен бір ат таптым. Бәріңе де ұнайды.
– Қандай?
– «Амантай!»
Әр жерден шыққан «дұрыс!» деген сөздің ішінде – қайғы мен қуаныш сапырылысып, араласып жатты.
6
Қала деген аты ғана болмаса, Н... қаласы, капитализм дәуірінің шын мағынасындағы заводы, фабрикасы араласқан көшелеріне үлкен үйлер салынған қала сияқты қала емес еді. Екі қабат үйлер үлкен көшелерінде ғана бірен-саран кездесетін, өзге үйлерінің көбі бір қабат қана қарағай үйлер болатын, шет жақтарында ағаш үйден шым үй көп кездесетін, азғана жаңбыр себелеп өтсе, көшелерінен адам батпақтан жүре алмайтын бірақ етек-жеңі мол, таусымақтау жерге жалпая салынған. Сібірде көп кездесетін үлке-е-ен бір деревня еді.
Н... қаласы бастап орнауында, қала боп салынған жоқ. Ол қаланың орнына бірінші діңгек қағылуы 1823 жыл. Бұл жыл – патша үкіметінің Сібір қазағын өзіне қаратып болдым деп есептеп, уақытша билейтін положение шығарып, Орта жүздің хандығын жойып, қазақты тура өзіне қаратқан жылдан бір жыл кейін.
Қала деген ат білінгенмен Н... қаласына көпке шейін қазақтардан басқа бөгде адам орын салған жоқ. Н...дағы казактар негізінде екі-ақ семьядан тараған еді. Біреуі – Кабанов, біреуі – Баранов. Кейінгі кезде саудагер татар, жатақ қазақ, аздап крестьян араласқанмен, ХХ-ғасырдың өзінде де Н... қаласынын, көпшілігі Кабанов пен Барановтар болды.
Бұл екі тұқымының екеуі де өздерін аталықпыз – патшаға білгіліктіміз деп ойлады. Онысы рас та. XVI-ғасырда Сібірге кеп, Сібірді жаулап алған Донның казагы Ермак Тимофеевич пен Кабанов, Барановтар ере келген. Сібірді алып бергеннен кейін патша үкіметі Ермактың бұрынғы қылмыстарын кешіп, сый берген, Сібірге атаман қойған. Сонда, Сібір өлкесіне әкімшілік жүргізген Ермактың сүйенер мықты адамдарының ішінде осы Кабанов, Барановтар болатын. Содан бері олардан атамандық үзілген емес. Бертін кезде Кабанов, Барановтардан генерал, полковник, прапорщик, поручиктер кеп шыққан. Сол офицерлердің көбі, 1917 жылы патша түскеннен кейін соғыстан үйіне қайтып, ешбір саясатқа араласпаған кескінмен, тым-тырыс үйлерінде жатқан. Бірақ қарулары өздерінде болатын. Қаруын сұрап барған уақытша үкімет адамына: «Казак қарусыз тұра алмайды» деп бермеген. Қалада Совдеп құрылып, Совдеп адамдары казактардың бермеген құралын тартып ала бастағанда, бірен-саранынан басқасы тығып қойып, «жоқ» деп отырып алған. Кейін, казачий отряд құрылғанда, құралдың көбі солардан табылған.
Патша түскенге шейін ешбір саяси партияға қатынасым жоқ деп ойлайтын, саяси мәселеден өзін қашықпын деп санап, өз басының карьерасын көп ісінен жоғары ұстайтын Алексей Кулаков, патша түскеннен кейін ғана өзінін, монархист екенін ұқты. Патшаның түсуіне оның жаны қатты ашыды. Революция күндері Петроградта болмағанына, патшаның тағын қанымен қорғай алмағанына өкінді. Оның ұғымында «патшасыз ел мемлекет боп тұрмақ емес» еді. «Енді не болдық?» деп өкінді Алексей, патша түскеннен кейін.
Құрылған уақытша үкіметке, әсіресе, Керенский үкіметіне ол қатты наразы болды. Ол ептеп Франция тарихын білетін еді. 1789 жылы Францияда монархия құлап, Наполеон да монархияны нығайта алмай, 1830 жылы июльская монархия жарыққа шыққан. «Бізде де солай істеп болмас па екен?» деген ой кірді Алексейге. Не қылған күнде, оның арманы – монархияны қайта орнына қою болды. Бұл жөнде өзі Россияның Наполеоны болуды қиял етті.
Алексейдің генерал Корниловпен байланысы болушы еді. Корнилов Қарқаралынікі, бұл Көкшетаудікі болғандықтан, землякпіз деп, екеуі 1913 жылдан танысып жақын боп кеткен. Оның қарындасы Елизавета Андреевна Кабановтың тұқымынан шыққан полковник Гаврил Кабановқа тиген, Кабанов 1917 жылы Жетісудағы атаман Анненковқа кетіп, соның помощнигі боп орналасқан.
Октябрь революциясына шейін Омбыда тұрған Алексей Кулаков, октябрьдің алдында генерал Корниловтан да, күйеуі Кабановтан да хат алды. Олардың хатта айтқан сөздері Алексейге ұнады. «Уақытша үкімет те, Совдеп те ұзақ тұрмақ емес,– деп жазыпты олар – монархия тез орнына отыруға тиісті. Монархияны орнына қою міндетін тарих орыстың монархистеріне, әсіресе, монархияға үлкен тірек болған казактарға жүктейді. Сондықтан біз де, сен де осы жұмысқа аянбай кірісуіміз керек».
Не істеу туралы олардың Алексейге айтқан ақылы – казачий станицаларға кетіп, казактарды алдағы болатын монархия өзгерісіне дайындау.
Бұл ақыл да көкейіне қонған Алексей, «қайда барам?» деп жақын адамдарына ақылдасқанда, олар Н... қаласына баруын мақұлдады. «Ол қаланың көпшілігі казактар,– деді ақылшылар,– және Кабанов, Баранов сықылды аталықты казактар көп. Сол жерге барып құралды күш ұйымдастыру керек».
Осы ақылмен Н... қаласына күзді күні келген Алексей, тез арада-ақ өзіне тілектестер тапты. Тез арада ол майданнан келген казактардан отряд жасап, өзі атаман болды. Оның көзге көрінер әскері 2-3 жүздей ғана болғанмен, шынында одан әлдеқайда көп еді. Кабанов, Барановтардың үйлеріне кеп тым-тырыс жатқан офицер балалары шынында жай жатқан жоқ. Олар тұрғын казактардың өзін ұйымдастырып, болашақ өзгерістің жобасын Алексеймен бірге құрысты. Сонымен, қысқасы, 1918 жылдын, июнь айында Сібірде болатын чехтардың өзгерісінің алдында Кулаков өзгеріске қаладағы тұрғын казактардың көбін даярлап болды. Сөз былай байланды: «Переворот болмақ. Қашан болатынын Алексей күні бұрын ұйымдасқан казактарға естіртеді. Ал, қимылдайық деген күні ұйымдасқан казактар ең алдымен үйлерінде пәтерде тұратын коммунистерді орын-орнында басып қалады. Әркім өз үйіндегіні өлтіріп, көтерілуге белгі ретінде шіркеу қағылғанда, түп-түгел көшеге шығады». Чехтардың өзгерісін Алексей күні бұрын естіді. Сондықтан өзгеріс күні жақындаған сайын ол аз ұйқтап, аз дамылдап,– революцияға қарсылық шараларын нығайта түсті.
Казачий отряд жалпы қауіп көрінгені болмаса, Совдеп Алексейдің бұл ісінің бірін сезген жоқ. Казачий отряд не қаруын тастап тарамай, не Совдепке бағынбай, не әкімшілікке таласпай, әскер ойынымен ғана шұғылданып тым-тырыс жатуы – олардың бір уақиғаны күтетіндігін өзінен-өзі көрсетті. Бірақ бұл уақиға не уақиға екенін уездік Совдеп түгіл, облыстық Совдеп те білмеді.
Әйткенмен казактардың соңғы кезде жүріс-тұрысы қауіпті бола бастағасын Совдеп сақтық істеп, көшеге күзет қойып, қалаға соғыс положениесін жариялады. Совдеп мүшелері казактардың, соғыс штабында не болып жатқанын тексеріп отырды.
Пәтеріне ерте кеп, жолға ерте шығуға атын даярлап, асын ішіп, төсекке жатқаннан кейін аз уақыт мызғыған Амантай әлденеге шошынғандай кезін аша түрегелді де, біреу жүргендей болды ғой деп терезеге барды. Терезе алдына бір түп тал өскен еді. Дала ала бұлттау бозамық екен. «Тал түбінде ешкім жоқ па?» деген оймен ол, үңіле қарап еді, кісі көрінбеді.
Енді ұйықтай алмайтын болғасын штабқа барайын деп киінді де, наганын беліне байлап үйден шықты. Көше тым-тырыс екен. «Көшедегі күзетшілер қайда?– деп ойлады ол, бірер квартал жүргесін,– күнде бұл кезде кешеде жүруге тиісті еді ғой?!»
Жүрегі әлденеменеге дірілдегендей болған Амантай бір кварталдан бұрыла беріп еді, бұрышта шоқиып жүресінен отырған бір адам көзіне елестей кетті.
– Қолыңды көтер!–деді Амантай отырған адамның ту сыртынан ептеп басып кеп, жақындап.
Отырғанда үн жоқ. «Бұл кім?» деген Амантай, наганның құлағын ашқан қалпымен отырғанды иығынан ұстап тартып еді, винтовкаға сүйеніп отырған ол құлап қалды. Қолынан винтовкасын жұлып алған Амантай құлағанға үңілсе, аузынан арақ исі мүңкиді. Есін білмейді. Жобасы Совдеп адамы.
Қарауылдардың бұлай мас болуы жай емес екенін Амантай жорамалдады. Бірақ, казармаға барып, басқа да әскердің хал жайын білуді, я Совдепке баруды білмей ол аз тұрды.
Осы кезде қаладағы төрт-бес шіркеудің қоңыраулары қаңғырлап, қаланы басына көтерді.
«Бұл не?–деп ойлады Амантай,– бұл кезде шіркеу қағылмайтын еді ғой. Әлде өрт шықты ма?»
Әп-сәтте кеше азан-қазан бола қалды. Жан-жақтан сатыр-күтір мылтық атылды. Қалада не хал болғанын Амантай енді сезді де, Совдепке қарай жүгірді.
Шіркеудің қоңырау қағуы, көшедегі шу, атыс үдеді. Бірақ Амантайдың бұл халден құты қашқан жоқ, үйден шығарда аздап дірілдеген жүрегі орнығып, денесі серігіп кетті.
Жүгіре басқан Амантай, қаланын, орталық шеніндегі алапқа шыға келсе, Совдеп үйін қоршаған адам. Олардың казактар екенін Амантай көрді. Атысып жатқан түріне қарағанда – кеңсе әлі жауға алынбаған сияқты. Казармаға барайын деген оймен Амантай бетін кейін бұрып еді, ол жақтан да атыс естіліп, көп адам бері қарай дүркіреп келеді екен. Дүркіреген топ алапқа шығып еді, олар да казактар екен.
Амантайды қоршады. Қашар жер болмай қалды. Және қашуды ол өзіне ар көрді. Сондықтан, алап жақ шетте тұрған үйдің қасындағы кішірек қызыл кірпіш дүкенге жүгіріп барып, артынан көріп қалған біреулер атқылап қуып жеткенше, құлпын винтовканың найзасымен бұрап сындырып жіберіп, ішіне кірді. Кішкене дүкенде терезе болмайтын еді, төбесін тақтаймен жапқан, есіктен өзге жерде адам кірер орын жоқ.
Амантайдың қашып кіргенін көрген казактар, дүкенге топырлай жүгіргенде, есік алдында тұрған Амантай, винтовканың оғын ағытты. Ол бұрынғы мергендігінен танған жоқ екен. Атқан оғы далаға сирек кеткенін өзі көріп тұрды.
Сол атысқаннан, Амантай таң білінгенше, дүкеннің ашық бетіне жан жолатқан жоқ. Бірақ ол, аздан кейін бет алдына атпай, оғы азын есептеп, көзіне кісі іліксе атты да, кісі ілікпесе атпады. Оның атпауынан «оғы таусылған екен» деп жүгірген талай жау қаза тапты.
Екі көзі алдында тұрған Амантай, бір кезде артында бірдеме күрс ете түскенге жалт қараса – төбеден түсіп жатқан адам емес, оттың жалыны екен. Жалынмен бірге сарайға тақтайлар да құлады. Іші тар дүкенге қоп-қою қара түтін лап беріп кірді. Түтінге тұншыққан Амантай, көзін уқалай, жан-жағынан тескіндік жер іздеп еді, құлаған сарай төбесінің бір пұшпағы бықсып жанып, еркін тұтанбай жатыр екен. Сол арадан құлаған ағаштарға жармасып, Амантай жан-дәрмен дегенде төбесіне шықса, аржағы огородты шарбақ, ол жақта кісі жоқ, ақтар есік алдында шулайды.
Огородтың сырты – суы сарқылған, бірақ сазына тал өскен өзеннің биік жарлы арнасы еді. Көзіне тіршілік үміті елестеген Амантай, жанып жатқан сарайдан сырғып түсіп, огородты айнала тоқыған шарбаққа денесін жапсыра, өзенге қарай жүгірді. Абырой бергенде өртенген дүкеннен желмен шалқыған көк түтін оған жамылғы болып, оны ешкім көрген жоқ. Өкпесі аздап алқынған ол, бауырына бұйра тал өскен биік жарға домалай құлады.
7
Талай түндерді жамылғылап жүріп, Амантайдың тағы да тапқан баспанасы Бурабай тауының етегіндегі Меңіреудің қарағайы. Берік бекініс тапқаннан кейін, жан-жағына құлақ түрсе, есек сөз желдей гулейді, сонда айтары: «руссияның бар жерінде де совет өкіметі құлаған, бар жерде ақтар өкіметі орнаған, енді жуық арада ақтар патшаны тағына қайта отырғызбақ та, патшашылдық дәуір қайта басталмақ...»
«Бұ қалай болды!– деп қайғырады Амантай,– еңбекші көпшіліктің қараңғы өміріне Октябрь революциясы жаққан бостандық шамы шынымен сөнгені ме?!».
Октябрь революциясын Ленин басқарған большевиктер партиясы жасағанын Амантай жақсы ұққан. Енді, жергілікті Совдеп құлап, Меңіреу қарағайына жалғыз тығылған Амантай «Ленин қайда екен?», «большевиктер партиясы не халде екен?» деген сұрауларды өзіне сағат сайын емес, минут сайын қояды да, жауабын таба алмай дал болады...
Тауды төңіректеген елдермен астыртын араласып көрсе, ақтар үкіметінің орнауына орыс – қазақтың байлары ғана қуанады да, еңбекші көпшілігі қайғырады. Олардың да айтары – Амантайдың аузындағы сөз. Бірақ олар да Амантай сенген өсекке сеніп, совет өкіметі жойылды деп ойлайды, оның енді қайтып тірілер-тірілмесіне көзі жетпей дал болады, олар да Амантайдай ауыр күрсінеді... Ой туманы олардың басында да қалыңдай түседі...
Осындай күндердің, бірінде Амантайдың алдынан тағы да бір бақыт жұлдызы жарқырап қалды. Оған кеп, бір топ адамымен Гроза қосылды. Переворот күні командировкада жүрген ол, алмақ боп қамаған ақтардың отрядымен соғысып, оларды да шығынға батырыпты, өзі де қатты шығынданыпты. Сонда да ол беріспей, аз кісімен тауға паналап үлгіріпті. Басында ол Н... қаласындағы әзге коммунистермен қатар, Амантайды да өлгенге жорыған екен, оның тірі құтылып Меңіреуге тығылғанын Амантай жасырын қатынасып жүрген Шортанның бір орысынан естіпті. Амантайдың жатқан жерін тауып берген де сол орыс. Ол Грозаны да жақсы біледі екен.
Жата-жастана сырласқан Гроза, Амантайға саяси хал-жайды баяндап берді. Оның түсіндіруінше, мына переворот өткінші жауын сияқты болмашы бірдеме. Совет өкіметі, оның ойынша, орталық Россияда мықтап орнаған, Өйткені, онда ұйымдасқан саналы, қуатты пролетариат табы бар, большевиктер партиясы басқарған бұл пролетариатқа ешбір ақтың да, ешбір сыртқы жаудың да тісі бата алмайды, ал мына Сібір өлкесінде переворот болған себебі – мұнда орталық Россиядағыдай ұйымдасқан пролетариат табы жоқ, оны басқаратын большевиктер партиясының басшылығындай мызғымас қырағы басшылық жоқ.
– Бірақ,– дейді Гроза, осы жайларды Амантайға баяндай. кеп, Сібірдегі хал – уақытша қиыншылық. Большевиктер халықтың қамқоры, ендеше, халық ақтарға емес большевиктерге ереді. Халық қайда болса күш сонда.
Сөз аралата көп сұраулар қойғанмен, Гроза Амантайдың күдіктерін жеңіп, өз сөзіне сендіреді.
– Сонда не істейміз?–деген сұрау қояды, сөнген үміті қайта тұтанған Амантай.
– Күресеміз,– деді Гроза.– Екі жолы бар оның: не орталық Россиядағы Қызыл Армияға қосыламыз, не осы маңда партизан боп жүре тұрамыз да соғыспен бері беттеген Қызыл Армияны тосып аламыз...
Ақылдаса келе, Гроза мен Амантай Орал тауына беттеп, Қызыл Армияға қосылуға бекінді және олар көп қиыншылықты бастарынан өткізіп, армандарына жетті де. Ол жайлы кеңес кейінірек...
ЕКІНШІ ТАРАУ
СӘБИДЕН СӘЛЕМДЕМЕ
1
Н...ның бір жақ шетінде, қаладан оғашырақ кірпіш заводы болушы еді. Революциядан кейін бұл завод тоқтап, үйлері бұзылып, аңырайып кірпіш күйдіретін орлар мен кетиген сарай қабырғалары қалған.
Қалада переворот боп, әкімшілікті ақтар мен алашорда алғаннан кейін, атыста өлген совдепшілерді және соғыстан жазамен атылғандарды кірпіш сарайдың ішіне үйіп, олардан белгі қалмау үшін денелерін өртеп жіберуге ұйғарды.
Амантайды еліктердің де, тірілердің де арасынан іздеп таба алмаған олар, оны қашып кетті деп жорыды. Тірі қалғандардың ішіндегі Асқар мен Кузнецовты олар атуға қаулы қып, ол туралы жоғарғы жерлерінен сұраған еді: «бастықтарын мұнда жіберіңдер, оларды мұнда тергейміз» деген жауап алды.
Асқардың өлі-тірісін білмеген Ботагөз, босандым деп оранып-шымқануға дәті шыдамай, жұрт көзінен ұрланып кірпіш сарайға барды. Бұл переворот болғаннан үш күн соң еді. Сарай ішінде жүзден астам елік жатыр екен. Өліктердің біреуінде де бүтін дене жоқ, бәрінің де қиянаттық азаппен өлгендігіне денелерінде айқын таңба бар. Маңайда күзетші көрінбейді. Ақтардың азабы аз дегендей, құзғын қарғалар мен иттер де өліктерді басынып алған.
Ботагөз Амантайды да, Асқарды да өліктердің ішінен таба алмады. Оның тапқаны Балтабек. Балтабектің ажалы – жарасы жазылды ма деген жүрегін тағы сыздатты. Бірақ, амал қанша, оның зарын кім тыңдайды. Өліктерді тағы да ақтарған ол бір адамның киім, дене жобасы Амантайға келеді, бірақ, бет-пернесі бұзылған, «осы Амантай болар» деп жорыған Ботагөз, көрші жігіттің біреуін жалдап, түнде ұрлатып алып, Балтабек пен оны көмдірді.
Асқардан хабар-ошар болмай қайғының қара теңізіне тұншыққан Ботагөз, бес-алты күннен кейін, мынадай хат алды:
«Білетін жолдастардың айтуына қарағанда Амантай нағашың оққа ұшып өлген,– деп жазған еді Асқар,– бұл бізге үлкен қаза. Амантай қазақтың еңбекші бұқарасының ішінен қайнап шыққан құрыш болат еді. Оны жанымдай жақсы көруші едім. Ескерткіш болсын – баланың атын Амантай қой. Сенен екінші өтінішім: мені қорғауға, ізденіп шығаруға шамаң келмейді. Менің басым бәйгеге тігілді. Жау қақпаны аяққа мықтап түсті. Алдымда не күн туғалы тұрғаны маған қараңғы. Не күтсе де бір тәуекел! Оны келешек көрсетер. Ал, сен мені уайымдаймын деп баланы жүдетпе. Бір баланы ептеп асырарсың! Баланы оңдап өсірсең, маған көрсеткен жәрдемің сол. Кім біледі: егер ауыр азапты қалжыраған дене көтере алмаса, артымызда нәсіл деген аты қалар!»
Баланың аты оған шейін қойылған жоқ еді. Асқардың тірі қалғанына қуанған Ботагөз, бала туралы тапсырмасын орындап, атын Амантай қойды.
Жас баланы ғылым жолымен күтуді Ботагөз білетін еді. Өткен қыстың басында Асқар Омбыға барып, Ботагөздің жүкті болғанын есіне алып, бала тәрбиелеудің жолдарын үйрететін бірнеше кітаптар әкеп берген. Оларды Ботагөз тегіс оқып шыққан.
Бала туып, Асқардың «баланы оңдап өсір» деген хатын алғаннан кейін Ботагөз тұтқынға түскен серігін қайғыра отыра, баланың тәрбиесін де кітап айтқан жолдан аудырған жоқ. Баланы жақсы өсіруге бас себептер күн, таза ауа, таза киім, таза тамақ, таза орын. Бұлардың бәрінен де тарықпаған сәби Амантай екі беті құндыздай құлпырып, балтыры бесіктей, дені сау боп өсті. Қырқынан шыққан кезінде денесі екі-үш айлық баладай болды. Жас баланы кескінінен айыру қиын, дегенмен, бет бітімі аумаған әкесі сияқты.
Асқар тұтқынға алынғаннан кейін, Ботагөзге жоғарыда айтылған бір ғана хат бере алды. Оған Ботагөз жауап жазып, түрме күзетшісі арқылы берейін деп іздеп еді, әлде неменеге күдіктеніп, ақтар ол күзетшінің өзін қамап қойғаны мәлім болды. Содан кейін Асқармен қатынасы үзілді. Хат былай тұрсын, ас та бергізбейді. Бірақ хаттаса, қатынаса алмағанмен, ас бере алмағанмен, оның абақтыда жатуының өзі Ботагөзге медеу боп жүр еді. Бір күні Асқар түрмеде жоқ деген хабар алды. Өлтіріп тастағаны, не бір жаққа жібергені белгісіз болды. Ботагөз састы. Не істеуді, хабарын қалай алуды білмеді. Совдеп құлағаннан кейін Ботагөз «өзімді де тұтқынға алатын шығар» деп қауіптенген еді. Бірақ қауіптенгенмен қайда қашады? Барар жер жоқ. Сондықтан ол, «тәуекел!– деп ойын бекітті,– ажалды да, бейнетті де күтіп алайын!»
Ақтардың штабынан, алашордада күн сайын тұтқын адамдарын. күткен Ботагөз, Асқардың абақтыдан жоғалған хабарын естіген соң шыдап отыра алмады, «менің бұл қалада екенімді олар білмей отырған жоқ,– деп ойлады ол,– енді бойтаса болуымның орны жоқ, тәуекел деп алашордаға барайын да, Асқардың хал-жайын сұрайын, өлі я тірісін білейін! Азар болса өзімді де ұстар. Қайтем, көнем! Амантайды көтеріп ала барайын. Олар да адам баласы ғой, мүмкін аяр!»
Ботагөз баласын орап көтерді де алашорда комитетіне барды. Ол барса, кеңседе: Мадияр, Алексей және Сарыбас отыр екен. Мадияр Ботагөзді еркін танымайтын еді. Сондықтан Ботагөз кабинетіне кіргенде: «Бұл қай келіншек!» дегендей, ол көз астымен қарады да, үндемеді. Ботагөзді танитын Алексей мен Сарыбасқа бұл келу таңқаларлық көрініс болды.
– Я,– деді Сарыбас сызды күлкімен қарап,– жол болсын, сұлу келіншек!
Не деп сөз қатарын білмеген Алексей: «амансыз ба?» деп қолын ұсынды, Ботагөз оның қолын алды.
– Сіз танисыз ба, бұл кісіні?–деді Сарыбас Мадиярға:
– Ж-ж-жоқ!
– Таныстырайын: Досанова Ботагөз! Қаталаспасам, солай болар, сұлу келіншек?
– Сол-ла-ай-ммма?!.. Сөйлеңіз!–деді Мадияр.
– Жөнімді біліп отырсыз,– деді Ботагөз Мадиярға,– келген жұмысымды айтайын. (Ол аз кідірді.)
– Сөйлеңіз дедім ғой.
– Асқар туралы еді.
– Асқар?.. А-а-а!.. Я, ия, оның несі туралы?
– Көруге мүмкіншілігі болар ма деп келіп ем.
– Мүмкін қасында тұрғыңыз келетін болар!–деді Сарыбас,– оған ұлықсат әперуге болады.
– Көруге?–деді Мадияр, сүзіле қарап,– ха-ха!. Көруге! Болмас ол, жас ханым.
– Коммунисті «ханым» дейсіз, сіз де қызықсыз-ау, ашуланса қайтесіз?– деді Сарыбас.
Мадиярдың ойы қалжыңда емес, Ботагөздің өзін еркін ұстауында. «Досың да, дұшпаның да ер болсын» деген мақалды дұрыс санайтын Мадияр, жауының алдындағы Ботагөздің бұл қайратына іштей сүйсініп те тұр.
– Көруге болмаса, дәм беруге ұлықсат етіңіз?– деді Ботагөз.
– Болмайды, ханым.
– Ең болмаса, мұнда бар я жоқ хабарын және қашан сотталатынын айтыңыз!
– Он да не істемексіз? Адвокат жалдамақсыз ба?
– Құзғынбаевты жалдар!–деді Сарыбас,– айтпақшы, Құзғынбаев та абақтыда екен ғой, Асқармен екеуі күнде ақылдасып жататын болар.
– Ие, ие, ол солай!–деді Мадияр, Сарыбастың сөзіне елегізе қараған Ботагөзге,– біздің ауылда бір мақтаншақ айтатын еді «қасқырды керегінде соғып ап, керексізінде өсірем» деп, сол айтқандай, Құзғынбаевты керегінде асырадық та, керексізінде қамап қойдық. Жас келіншек, мен сені естігенім болмаса, жүздескенім жоқ. Айтуда да солай еді, көзіме де солай көрініп тұр, сіз сөзге түсінетін адам сияқтысыз. Сізді әурелемей қысқасын айтайын: Асқар туралы сізге хабар бере алмаймын. Бұдан былай бұл мекемеге, бұл мәселемен келмеңіз? Ұқтыңыз ба?
– Түсінікті!– деді Ботагөз, жалынуды ар санап және жалынудан өнер ешнәрсе жоғын шамалап. Ботагөз шығып кетті. Кеңседегі үш адам оны қадалған көзқараспен жөнелтіп қалды.
– Хаталық!– деді Мадияр, зілденіп,– сөз жоқ, хаталық! Хаталастық! Әлгіні қамау керек еді.
– Бұған Алексей Андреевич не айтар екен?– деді Сарыбас.
– Орынды кекету!– деді Алексей,– қабылдаймын.
Алексейдің бұлай деуі: Н...да переворот болған күннің ертеңінде жазалау экспедициясын бастап, Алексейдің қарындасы Лизаны алған офицер Кабанов келді. Сол күні ақтардың штабында большевиктердің қалдығын құрту туралы сөз боп, Сарыбас Ботагөзді абақтыға алуды ұсынды. Бұл ұсынысқа Алексей, әуелде: «кеше ғана жас босанды, есін жинасын, содан кейін көрерміз» деп отырып, Мадияр мен Сарыбас өз сөздерін қуаттай берген соң, «солай-ақ болсын!» деп ризаласты. Бұл мәжілісте Лиза да бар еді, «жас босанды» дегенге елегізген Лиза: «ол кім?» деп сұрап еді, Алексей қарындасының есіне Ботагөздің онымен баяғыда бірге оқығанын түсірді.
– А-а-а, білдім!–деп Ботагөзді көз алдына елестеткен Лиза, оны абақтыға жабуға қарсы болды, өз көңілінде: «баяғыдан кейін көргем жоқ. Қандай боп өсті екен? Көрейін, сөйлесейін. Мүмкін, біздің кісі боп кетер» деп дәмеленді.
Өткір, өз ортасына ықпалды Лиза мәжілісте ұсынысын өткізді. Ертеңіне ол Ботагөзді іздеп, пәтерінен тапты. Көптен көрмеген соң, Лизаның кескінінен ол жаңылған екен. Сөйлесе келе таныған соң, Лиза оған оны аяйтындығын, қатерден қорғағысы келетінін, большевиктерді жақтау пікірінен қайтудың қажеттігін айтты. Ботагөз Лизаны бетке соқпады. «Есім жоқ, жиналайын, ойланайын, бірер айға шейін маған ешбір ақыл айтпауыңызды өтінем» деді. Лиза есек дәмелілеу боп қайтты, содан кейін тағы бірер іздеп барып, пәтерінде жолықтыра алмады.
Алексейдің Сарыбасқа: «орынды кекету, қабылдаймын» деу себебі, қарындасы Лизаның Ботагөзге қамқорлық жасауына жол бергенін есіне алу еді.
Алексейдің көзі Ботагөзге бұл жолы бұрынғыдан да артық қадалды. «Жақсы әйелдің бала – шешек атқан гүлі» дейтін еді,– деп ойлады Алексей, Ботагөз шыға жөнелгенде, соңынан қадала қарап отырып,– бала туғаннан кейін қандай сұлуланған өзі!.. Бұрын да сұлу әйел енді тіпті құлпырып кетіпті! Өзіне үйленер ме еді?» деп қорытты Алексей ойын.
Сарыбас пен Мадиярдың ойы бір түйінде еді. «Бұл көзге шыққан сүйел,– деп ойлады олар,– оны сылып тастау керек, баласын да, өзін де құрту керек!»
Мадияр бұл ойын Алексейге сыпайылап айтып еді: толқыған көңілді Алексей былқылмен: «көрерміз» дей салды да, өз ішінде, «оған жолығу керек екен!» деп орнынан тұрып, тысқа шығып кетті.
– Көрдің бе, былқылдауын – деді Мадияр Сарыбасқа – осы офицердің осы әйелде ойы бар.
– Ол бұрыннан мәлім мәселе.
– Ол ойы орындалмасын де! Көрерсің, Алексей алам десе осы келіншек оған тиеді.
– Жоқ, тимейді.
– Жақсы көріп емес, залымдықпен тиеді. Мен кісі танысам, осы әйел залым. Егер Алексейге тисе, оның ең зор мақсаты сені мен мені құрту.
– Оны істей алар ма екен?–деді Сарыбас үрейленіп.
– Істейді. Сондықтан бұдан құтылу керек.
– Қалай?
– Екі жол бар: біреуі – егер Алексей көнбесе, осы қалаға келіп жатқан трибуналдың бастығына айту керек. Ұғындырсақ, трибунал сөз жоқ, ол келіншекті жазалайды.
– Алексейді өшіктіріп алмасақ?
– Өшікпейді, тәйірі! Өшігетін ол оған ғашық деймісің. Жәй, көрсе қызар, нәпсі құмар офицерлігінен елтіп жүргені емес пе.
– Екінші жолыңыз ше?
– Ұрыларды жалдап өлтірту!..
2
Үйіне беттеп келе жатқан Ботагөздің ойы: үстіндегі іске татыр киімдерін сатып амалдап, Қызылжарға жету болды. «Қызылжарда завод та көп, жұмыс та көп,– деп ойлады ол,– соның біреуіне орналасармын. Жақын жерге барсам, Ержан да көз-құлақ болар».
Осы ойға табанын тіреген ол, аяғын жылдамырақ аттап, үйіне келсе, есік алдында бір жат жігіт тарантас майлап жатыр екен.
– Есенсіз бе?–деді жігіт, Ботагөз қасына келгенде, бойын жазып.
– Танымайтын жігіт болғасын, Ботагөз тоқтап амандаспай, қасынан өтіп кетті.
Үйден орап алып шыққаннан ұйықтаған Амантай әлі оянған жоқ еді. Баланың тиыштығын қымбат санайтын Ботагөз: «оянып кете ме» деген қорқынышпен аяғын ұшынан басып, демін ептеп алып, аспа бесікке баланы ақырын салды. Үйдің таза ауасы мол болсын деп терезені ашты. Жел улемесін деп есікті жапты. Содан кейін ауыз бөлмеге шығып еді, манағы арба майлаған жігіт ауыз бөлмеде қолын сабындап жуып жатыр екен.
– Тағы да амандасайыншы,– деді жігіт Ботагөзге қарап,– денің сау ма?
– Шүкір,– деді Ботагөз, ішінен: «осынша қадала амандасқан бұл кім?» деп ойлап.
– Құрбым, сен мені танымай тұрған шығарсын,. Танымайтын жөнің бар. Сен мені бұдан бұрын көрген жоқсың. Мен мына Есіл өлкесінде тұратын елдікімін. Ементай деген кісінің баласымын. Еліміз бұл арадан көп жер. Бір жолаушыға атымды жалдап келіп ем, қасымда оқуға түсем бе деп келген бір жігіт бар. Сенің кім екеніңді осы үйдегі кемпірден естідім. Сөзден сөз шығып отырып айтты. Және қасымдағы жігіт те біледі екен. Жаза баспасам, сен Асқардың әйелі болатын шығарсың?
– Болсақ болармыз,– деді Ботагөз күмілжіп:
Скамейкаға қолын сүртпестен отырып, Асқармен қалай таныс екендігін жігіт түрегеп тұрған Ботагөзге баяндады. Кеңесіне қарағанда ол жігіт 16 жылы приемға ілігіп, майданға кеткен екен. Жолда, вагонда қатты ауырып, Калуга қаласында жолдас жігіттерінен қалып қойып, больницаға түскен екен, онда көп жатқан екен.
– Өлім халінде, кірпігім ғана қимылдап жатыр ем,– деді жігіт,– орысша киінген бір жас қазақ жігіті көзіме ұшырай кеткенде денемдегі ауруым серпіліп жүре бергендей болды. Жас жігіт менің қасыма келгенде жылайын деп ем, күшім жоқтығынан ба, қуанғандықтан ба – көзімнен жас шықпай қалды. Сол жігіт Асқар екен. Менің балнесте жатқанымды естіп әдейі іздеп келіпті. Өзім бұрын орыстың «но» деген сөзін білмейтін, қала-қалаға аз шыққан момын жігіт ем. Балнесте тілімді түсіндіре алмай сілем қатып еді. Асқар келгеннен кейін тілді де түсіндім, ауруымнан да айыға бастадым. Күнде келіп-кетіп, ол мені жазылғанша күтті. Маған көп ақша жұмсады. Сонымен не керек, сауығып, зауытқа жұмысқа түсіп, жігіттер елге қайтқанда мен де бірге қайттым. Асқардың халін естіп, ішім ашып отыр. Әй, садағаң кетейін Асқар-ай, ондай бауырмал, ондай көпшіл жігіт дүниеде сирек шығар! Нашарға етінен ет кесіп беретін жігіт еді. Жалғыз мен емес, талай жылаған жігіттің көз жасын құрғатып еді, «көп тілеуі көл» деген, сонда менімен бірге болған мың шамалы жігіттің қайсысы болса да Асқардың жолына өзін құрбандыққа шалуға даяр. Түбі қайырлы болар. Ешнәрсе етпес. Таныстырып қояйын, өз атым Асан.
– Қасымдағы жігіт кім дедіңіз?–деп сұрады Ботагөз, біраз үндемей тұрып.
– Сағит.
– Пәмелиясы кім?
– Бектеміріп.
Осы кезде баланың дыбысы шыққасын Ботагөз төргі бөлмеге кіріп, оянған Амантайды құрғатып, емізіп отыр еді, Асан төргі бөлмеге кірді де, екі терезенің арасындағы орындыққа отырды.
– Кішкенеңнің бауы берік болсын!– деді жігіт,– «Ат ұстар» ма, «қырық жеті» ме?
– «Ат ұстар».
– Бәр-рек-келді!
Асанның есіне «ат тұяғын тай басар» деген мақал түсіп, аузын жия қойды. Ботагөздің көңіліне келер деп ойлады. Екінші – ол сөзге Асқарды қимады.
«Жас балаға көз тиеді» деген қазақтың ырымын Ботагөз елемейтін еді. Сондықтан ұйқысы қанып, тамаққа тойған баланы ол алақанына салып секіртіп, біраз ойнатты.
«Тіпә-тіпә, тіл-аузым тасқа!– деді ішінен Асан.– Әкесінің аузынан түсіп қалған екен, бақыр!»
Далада жұмысы боп түрегелген Асан, есікке бара берді де, теріс қарап қалтасынан күмәжнигін алып, Ботагөзге Николайдың қағаз бір сомын ұсынды.
– Балаңа көрімдік!–деді ол, беріп жатып,– күмісі құрғыр осы күні жоқ қой, мынаны ырым қыл!
«Тәңір жарылғасын» айтып, бір сомды қалтасына салып, баланы орап алып Асаннан аз кейін Ботагөз ауыз үйге шықса, қойдың семіз етін Салиха табаққа салып жуып жатыр екен. Бұл үйге ондай ет көптен келген жоқ еді.
Ол кезде есік алдына ағытқан арбаның үстіне отырып, Асан қамытының бірдемесін жөндеп жатыр еді, қасында Сағит.
Ботагөз Сағитты танымай, арбаның қасынан өте беріп еді:
– Асқардың әйелі осы кісі,– деген Асанның сыбыры құлағына естіліп қалды.
Амандасқысы келген Сағит, Ботагөзге ұмтыла беріп, қуып жетіп амандасуды ерсі көргендей тоқтады. «Сағит осы ма?» деген ой келді, оны сезген Ботагөзге.
Н... қаласы «Бұқпа» деген бір кішкене таусымақтың ығына салынған еді. Таусымақтың аты «Бұқпа» болуын әркім әр түрлі жориды. Біреулер: бұқпантай, аласа тау болғандықтан қойған дейді. Ал енді, біреулер: осы таудың басына «Бұқпа» деген батыр көмілген дейді. Бірақ қайсысы расын ешкім білмейді. Таусымақтың оңтүстігін ала біткен, бергі жарынан арғы жарына адамның көзі жетпейтін қаланың бір қабырғасын түгел ораған дария шалқар көл бар. Көлдің аты «Бұқпа». Тау қаланын, күнбатыс оңтүстігін қоршай, қалаға қорған сықылданып біткен.
Қаланың бұл таудың етегіне салынуын жұрт екі түрлі ертегі ғып айтады: біреуі–«жаугершілік заманда, қазақ Россияға жаңа бағынған кезде, қала салуға қорған сықылды тау екен деп, осы «Бұқпаға» әдейі салыпты». Екінші – «Қазақ бағынғаннан кейін, өкімет әскері дуан саламын деп осы жаққа шығыпты. Іздеген орны Көкшетау екен дейді. Көкшетауды іздеп келе жатқан патша өкіметінің солдаттары жолда Көлбай, Жанбай деген батырларға жолығыпты. Жөн сұраған солдаттарға Көкшетауды сілтеуге батырлар қимай, Көкшетау осы деп «Бұқпаға» алып барыпты. Солдаттар Көкшетау осы екен деп, Бұқпаға діңгек қағып, келесі жылы дуан түсіпті».
Бұқпантай кішкене тау болғанмен «Бұқпа» әдемі тау. Бір жағынан қарағанда ол тау да емес, Өйткені тауға меншікті тас онда өте сирек кездеседі. «Бұқпа» тауында тас жоқтың қасы. Оның тауы қорған сықылданып біткен кәдімгі топырақты жер. Қорған таудың үстіңгі қыртысы қалың қара топырақ. Сондықтан май мен сентябрь араларында жасыл барқыт жабуы бар жиған жүк сықылданады да тұрады.
Таудың биігінде ара-тұра сайлар кездеседі. Оларда өскен шоқ-шоқ қайың мен қарағай. Жазды күні сайрандағысы келген халық – тауға өрмелеп шығып, сайлардағы ағаштардың ішіне сіңіп, шайын құйып, қымызын сапырып, етін асып, гармонын ойнап, өлеңін айтып... деген сықылды рахаттанады да жатады.
«Бұқпа» тауының солтүстік күнбатысын «Бұқпа» көлінің оңтүстік күнбатысы сиыр мүйізденіп ораңқырап тұрады. Таудың көл жақ беті жарқабақтау. Сол қабақтан арбалы ат жүре алатын жол түскен.
Асқар абақтыға түспей тұрып «Бұқпа» тауының үстінде сайрандауға ара-тұра Ботагөз екеуі шығатын еді. Асқар қамалғасын, тауға баруды қойған Ботагөз, Амантай қырқынан шығып қолға көтеруге жарағасын, балаға таза ауа жұтқызу ниетімен тағы да шығатын болды. Сол дағдысымен ол, есік алдындағы арба үстінде қамытын оңдап отырған Асанның қасынан өткесін, тура тауға жөнеліп, төбесіне шықты.
Таудың үсті қаптаған кісі екен. Олардың қалың ортасына кіргісі келмеген Ботагөз, көлдің қабағына тақалған жердегі бұрын Асқармен кеп отыратын бір сандықша тасқа отырды. Көлдің тау жақ жиегінде сирек өскен қамыс болатын еді. Осы қамыстың іші қайығының шынжырын судың түбіне шөктіріп, бір орыннан қозғалмай қармақ салған адамдар екен.
Ондай қармақты Асқар мен Ботагөз де талай рет салған. Көлдің балығы өте көп болатын. Ерінбей отырған кісі, таңертеңнен кешке шейін салған қармағына іліккен балықты арбамен алып қайтатын.
Асқармен отыратын сандық тасты, Асқармен қармақ салатын көлді көргенде есіне Асқар түскен Ботагөз, күн ол күні желсіз, бұлтсыз өте әдемі болғанмен, ұзақ жүре алмады. Тауға шыға ойнаған Амантайды жаялығынан босатып, құрғатып, күн көзіне ұстап, күлдіріп, аз отырды да, өткен күннің еске түскен минуттары кеудесін сыздата бастағасын, баланы орап алып, үйіне қайтты.
Ботагөз үйінің алдына келсе, арба үстінде «Сағит па?» деп жорамалдаған жігіт қана отыр екен, Асан жоқ.
– Денің сау ма, Ботагөз?–деді жігіт арбадан түсіп, Ботагөзді қарсы алып.
Ботагөз «шүкір» дей қойған жоқ. Бірақ Сағит қарсы жүргесін тоқтады. Мана ол Сағитқа көз тоқтатып қараған жоқ еді. Сағиттың кескінін ол енді көрді: орта бойлы, жауырынды, денесі талдырмаш, жалпақ беттеу қара бұжыр, шамасы 18–19 дағы жігіт екен.
– Мен Сағит деген жігіт болам,– деді Сағит Ботагөзге,– Асқардың жақсылығын көп көріп ем. Сізді де бірер көрдім. Мен көргеннен өзгеріп қапсыз. Әлгінде тани алмадым. Денің сау, аман жүрсің бе? Асқарды да естідім. Ақыры қуаныш болсын! Қиын болған екен. Тумаңыз қайырлы болсын!..
– Мен сізді білем,– деді Ботагөз.– Асқар сізді көп айтатын еді. «Зерен бала еді» дейтін еді Асқар, «егер оқыса адам боп кететін бала еді, жетім бейшара қайда жүр екен деп» соңғы кезде іздеп тауып алуға сұрау сала бастаған еді, бірақ ол тілегіне жете алмай...
Одан әрі сөйлесе, көз жасы сөзбен жарысатын болғасын, Ботагөз сөзін де, жасын да зорлықпен бөгеді.
Біраздан кейін қайғысын жадыратқан Ботагөз бен Сағит арбаға қатар отырып, Асқар жайында біраз кеңестер сұрап, өз жайын да қысқаша айтты. Оның сөзіне қарағанда 1912 жылы Асқар Итбаймен Петербург кеткенде Сағит Кенжетай үйінде қалып, бірер ай тұрғаннан кейін әкеңнің жиені едім деп біреу қамқорсып алып кетіпті. Ол адам келесі жазда Сағитты орыс қаласында мал бағатын бір жатаққа жалдап, содан 1916 жылға дейін көбіне қала арасында мал бағу, егін салу жұмысында жүріпті. 16 жылы Көкшетау, Қызылжардың арасына шойын жол салу жұмысы басталғанда, бір жыл жер қазуда болыпты. 1917 жылы Көкшетау елі, Жайылған деген болыста, ауылдық мектепте мұнын, бір немере ағайыны мұғалім болып, сол мұғалім Сағитты қасына алып 1917 жылдың күзінде сабақ оқытыпты. 18 жылдың январында Н... қаласында мұғалімдер жиылысы боп, сонда Сағитты оқытқан мұғалімді земства Асанның еліне жіберіпті. Мұғалім Сағитты сол елге ала кетіп, қыстай оқу оқытып, қазір: «алдағы қыста Омбыда мұғалімдік курс ашылады» деген хабармен Асанға еріп, Н...ға соны білу үшін келген екен.
Сағит кеңесін аяқтағанда бір жақтан Асан да келді. Осы кезде үйден Салиха шығып, қонақтарға ас піскендігін айтты.
– Үйде кездессең,– деді Асан, Ботагөзді дәмге шақырып,– мал басын жейтін жолын, бар адам ең. Ретсіз жерде кез келдің,. Ол дүниеде болмаса, бұл дүниеде Асқардың жақсылығын қайыра алмаймын. Аз дәмді көптей көріп, бірге отырып же. Қай қазақтың әйелін асқа шақырып отырмыз. Әркім не істесе өзі үшін істейді. Сені жұрт Асқардың әйелі деп сыйлайды.
Асан да, Сағит та құрақ ұшып, Ботагөзді жақын тартқанмен, «бөрі арығын білгізбес» деген мақалды еске алып, Ботагөз күн көріс жағынан сыр бермеп еді; ол айтпағанмен, оның жайын жолаушылар Салихадан естіген екен.
Ертеңіне Сағитты алып еліне қайтуға ыңғайланған Асан, атын жекпестен бұрын Ботагөзді оңаша шығарып сөйлесті.
– Жарықтығым!– деді ол,– тілеуім алдымдағы жас жігітпін! Ниетім ақ. Ақ ниетіммен айтамын: «сыпайы сырын жасырмас» деп мынау жас балаңа да, өзіңе де қиын боп тұр екен. Сен ұят, намысты қойып, мына біздің елге жүр. Бай болмағанмен өзіме-өзім тоқ шаруалы жігітпін. Мінер ат, киер киім, ішер ас бар. Өзге байлықтың керегі де жоқ. Үйде шешем бар. Басқа жаным жоқ. Келіншегім биыл опат болды. «Кебін кигеннен түңіл, кебенек кигеннен түңілме» деген. Тірі болса Асқар ертең-ақ босанар. Баласы мен әйелін аман-есен қолына тигізсем, оған одан үлкен олжа болмас. Асқардың, жақсылығын қалай қайтарам деп жүр ем. Құдай айдап әдейі кез келгендей болдың. Бұл имандай сезім.
Асанның шын жүректен шыққан сөзіне Ботагөз сенді. Сондықтан «пәлен-түген» деген бұрма, қалтарыс сездер айтуды орынсыз көрді.
О
сы кезде сырттан Сағит келді.
– Жасырын сөздерің жоқ па?– деді ол.
– Жоқ.
Ботагөзге айтқан сөздерін Асан Сағитқа да айтты.
– Дұрыс. Достық сөз, жан ашыған сөз, сені Асан кем ғып ұстамайды. Жақсылығы тиген Асқардың әйелі сен түгіл, айдаладағы алты аласы, бес бересі жоқ мен де мінезінің жақсылығынан Асанға үйір боп жүрмін. Маған да жақсылығы тиіп жүр,– деді Сағит,– бұл арада бөтен кісі жоқ қой,– деді ол, жан-жағына қарап алып,– әлгінде мен барып отырғанда Мадиярға бір офицер келді. Осындағы ақтардың бастығы дейді. Соның сөз ыңғайы жаман екен. Ботагөзге бұл арадан кетпесе болатын емес. Тегі осы арадан тез аттанайық. Сөз түрлерін мен жаман көрдім.
Бұл «түрі жаман сөзді» Ботагөз жорамалдап, кескіні сұрланайын деді.
– Жұмысын, бітсе қайтайық,– деді Асан Сағитқа.
– Жұмыс бітті. Күзге қарай Омбыға оқуға баратын қағазымды алдым. Ас ішейік те жүрейік. Сонымен бізбен бірге елге жүресің ғой, Ботагөз?..
– Қайдан білейін...
– «Қайдан білейінді» қой. Достық сөзді ұқ. Кемшілік көрсең, обал-жазығың мына Асан мен менің мойнымда.
– Жарайды,– деді Ботагөз аз ойланып, жыламсырап.– Бармағанда не істеймін. Салт басым, сабау қамшым болса Асқардың жолында өлер ем. Мына бір кішкене болып...
Ботагөз бетін басып, өксіп-өксіп алды.
– Жылама,– деді Ботагөзге Асан мен Сағит қосынан,– бұған да шүкіршілік ет. Көз қырын салар жан болмаса қайтер ең. Қазақтың «берсең аларсың, ексең орарсың» деген мақалы бар. Асқардың жақсылығына жақсылық көрсетуге басымызды беруге даярмыз. Жақсымен жолдас болғанның жақсылығы осында.
Жолаушылар түскі астарын ішкеннен кейін ат жегіп жүргенде, Ботагөз жылап отырып, Салихаға сырын айтып еді, Салиха мақұл да көрді, қуанып та кетті. Салиханың қимағаны Амантай. Амантайға оның сүйіспендік ықласы ете кеткен еді. Иісі сіңіп, үйреніп қалған нәрестеден айрылу есіне түскенде – о да жылап, бірақ артқы халді ойлады да, шын ықласымен батасын берді.
– Мені қайда деп ақтар сұрап келсе,– деді Ботагөз,– баласымен шығып кетті, содан жоқ, қайда кеткенін білмеймін дерсіз, әнкей.
Кемпірмен жылап айрылысып, Ботагөз жолаушыларға еріп жүріп кетті.
– Мен сендерге бір ақыл айтайын,– деді Сағит, қаладан ұзап шығып, ат шалдырған бір жерде,– Ботагөз, сен көңіліңе ауыр алма, Асан, сен де қарсы болма.
– Айт!
– Мына Асанның ауылының қасында Байтөбет деген ақсақал бар. Мен соның қолында тұрам. Коммунистерге өш. Егер Ботагөз Асқардың әйелі екенін білсе, сөз жоқ, көрсетеді.
– Ол рас,– деді Асан,– білсе пәле.
– Бұл пәледен құтылатын жол оңай,– деді Сағит.
– Ботагөзді ол елде танитын адам жоқ. Сендер көңілдеріңе ауыр алмаңдар. Асан, сен Ботагөзді жолдағы бір мойыны алыс жерден әйелдікке алған болып бар. Ал, Ботагөз, сен тиген болып бар.
Бұл сөздерге Асан қызарыңқырап сасып қалды. Ботагөз кескінін бұзған жоқ.
– Саспа!– деді Сағит,– несіне сасасың. Көңілдерін, адал болса сасатын не бар? Мынадай қиын халде амал жоқ, соны істеу керек. Әйтпесе, Ботагөзді біліп қалса, Ботагөзге де, саған да жаман болады. Жандарыңда қастарың бар ма?
Біраз ойланып отырып, Ботагөз де, Асан да Сағиттың сөзін мақұл көрді.
Ботагөз бен Амантай кеткесін, үйреніп қалған Салиха үйіне сыймай іңірде жылап терезе алдында отыр еді, саудыр-саудыр еткен қарулы біреулер кіріп келді.
– Шам жақ!– деді біреу орысшалап.
Зәресі ұшқан Салиха, шамын тапқанмен сіріңке таппай сасып еді, сіріңкені үйге кіргеннің өзі жақты.
– Асқар Досановтың қатыны қайда?–деп сұрады біреуі үй ішін көзімен шолып.
– Нету.
– Қайда ол?
– Не знаем.
– Как не знаем? Знаешь!
Жай да, қысып та, қазақшылап та, орысшылап та, ноғайшылап та сұрағанмен, Салиха: «мой дом дауна пошол, шара өтірім пошол. Бараншук сам тащил. Потом не пришол!» дегеннен бір тайған жоқ.
Мадияр Салихаға шынын айтқыза алмай қажыды.
– Мұны ұрып болмайды,– деді Мадияр, әбден қалжырағансын,– бұған жалғыз-ақ шара бар.
– Арестовайт!
3
– Апа, биенің бас сауыны болды ғой. Жамал екеуін, сауып келсеңдерші!– деді төсегінен тұрып, киініп жатқан Асан.
Оның «Жамал» дегені – Ботагөз. «Ботагөздің кім екенін айтсам, жұртқа жайылып кетіп масқара болмасын» деп ойлаған Асан, өзге түгіл өзінін, туған шешесіне де аты-жөнін айтпаған.
Асан Н... қаласынан қайтып үйіне кеп: «жолдағы бір елден алдым» деп, Ботагөзді таныстырғанда, шешесі ішінен: «есік көргенді алма, бесік көргенді ал» деген еді деп ренжіді. Жақын абысындарына бұл сырын бастапқы кезде ол ішкірнелеп айтты да:
– Өлген келінім жақсы еді,– деді ол, көзіне жас ап, абысындарына,– біреудің әлпештеген баласы еді. 16 жасында қолыма келді. Туған қызымнан кем болған жоқ. Бейшара жастай өліп кетті. Ал, Асан мына бір шүйке басты әкелді. «Түсі игіден түңілме» деген сөз бар еді, түсі жаман емес. Бірақ «есік көрген адам», не боп шығарын кім білсін. Талай жерде жақсы қыз бар еді, олар беретін де еді, баланың не білгенін қайдан білейін!..
«Есік көргенді алма» деген мақалдан Масаты шошынғанмен, іле ол ойынан қайтты. Ботагөз жатып жастық, иіліп төсек боп, іші-бауырына кіріп, үйінің ішін де, ыдыс-аяғын да тап-тұйнақтай ғып ұстап, орамал-дастарқанды, көйлек-көншекті кірлетпегеннен кейін, Масаты абысындарына енді мынаны айтатын болды:
– «Ат мінсе ауынан» деген еді. Тіл аузым тасқа! Келінім көңілімнен шықты. Жүре бұзылмаса, әзірге ұнайды. Мінезі жақсы болғанмен, өлген келінім салақтау еді. Ал, мынау Жамал келгелі үй ішім бір түрлі таза боп кетті. Асқа да, үй ұстауға да өте бап кісі. Тегі бір үлкен орынға келін боп түскен адам-ау деймін. Әркім қылығынан жағады: сол шіркіннің ана бір нәрестесін ішімнен шықпаса да, әлдекімнің баласы болса да жақсы көріп барам. Баласы алтын асықтай, бүлдіршіндей әп-әдемі. Ал, Асанжанның ықыласы келінге құлап болған. Жақсы көргендігінен бе, немене? Кейде атын атамай, Ботагөз дейді. Ол не дегені екенін білмеймін!
– Көзі ботадай қап-қара боп мөлдіреп тұрғасын айтады да,– деді абысындары күліп,– жақсы көрген жастар бірін-бірі не демейді?..
Ботагөзді осындай жақсы көретін Масаты:
– Қалқам, биені езін, саудырып келсең қайтеді?– деді киініп жатқан Асанға,– баланың оянатын уақыты болды, жылап қалар.
Асан тез киініп, беті-қолын сумен шайып, көнек көтерген Ботагөз биеге жөнелді.
Асанда бие екеу еді. Бірақ екеуі де емшектері бір тұтам, лашық үйдей денелі, құнарлы биелер. Екі құлынға қаққан қысқа желі – ауылдың қасынан екі жүз саржандай жерден жүретін қара жолға жақын.
Асан мен Ботагөз желі басына жеткенде, аржағында жақын тұрған сайдан пар жеккен бес-алты арбалы шыға келді. Жүрістері қатты.
Не айт, не той, не жаназа, не болмаса тағы бір сондай жиылыс болмаса, мұнша тобыр арбалы адам бұл арада жүрмейтін. Ал құлағы түрік Асан ондай жиын бар деп естіген жоқ та.
– Мыналар кім болды екен?– деді Асан Ботагөзге,– биені олар кеткесін сауайық. Желге жақындап қалды ғой.
Қатты желіспен келе жатқан арбалардың алды желі басында кісі көрінгесін аттарын тежеп, саябырлап кеп, желі тұсына тоқтады. Барлық арбаға мінгендер де шаһарша ки-інген: үстерінде пальто, бастарында қалпақ.
– Мадияр!– деп сыбыр ете түсті Ботагөз Асанға, бетін арбалыларға бір қырындата беріп.
– Оның кім?– деді ақырын Асан.
– Кейін айтармын.
– Әй жігіт!– деді осы кезде Мадияр Асанға.– Бері келіп кетші!
Асан қасына барып сәлем берді.
– Сауар көбейсін!– деді Мадияр Асанға,– бұл қай ауыл?
– Құттыбай ауылы.
– Анау терінде екі ақ үй бар қай ауыл?
– Байтөбет ауылы.
– Ә, Байтөбет ауылы сол ма? Кәне, жүр онда!– деді Мадияр атшысына.
– Таныспадық?– деді Асан жөнін білгісі кеп.
– Жолаушымыз.
– «Жолаушылар» жүріп кетті. «Жөнін айтпағаны қалай?» деп ішінен ренжіген Асан, Ботагөздің қасына кеп:
– Әлгі кім?– деп сұрады.
– Мадияр деген кісі. Әнеугі мен тұрған қаладағы алашорда комитетінің бастығы.
– Мұнша адам қайда барады?
– Биені сауғасын айтайын. Сауын етіп барады. Қайда бара жатқанын мен білдім.
– Жарайды.
– Желі басына отыра тұрайық,– деді Ботагөз Асанға, биені сауып болғасын,– мен әлгі кеңесті айтайын. Сағит бұдан бес-алты күн бұрын «Жас азамат» газетінен мынадай хабар айтқан еді: Семейде алашорданың әскері жасалған. Ондай әскер Торғайда, Қостанайда, Оралда жасалған. Енді осы маңайдан да әскер алмақ боп алашорда адамдары келеді деген. Бұлар соған келе жатыр деп ойлаймын.
Былай пысықтығы болмаса, Асан саясаттан қараңғы жігіт еді.
– Олар солдатты кім үшін алады?– деп сұрады ол Ботагөзден.
– Өздері үшін алады.
– Жоға, кіммен соғысу үшін?– дегенім ғой.
– Совет өкіметімен, большевиктермен соғысу үшін.
– Ел оның солдат алам дегеніне бере қоя ма?
– Қайдан білейін. Берсе беріп те салар.
– Ай, бермес, соғысқа кім құмар дейсің? Бермеймін десе не қылады?
Асанның солдатқа баруға қарсы ойын білген Ботагөз моментпен пайдаланып, Асанды алашордаға қарсы үгіттегісі келді.
– Солдат алғанмен алашорда қанша ұзаққа барар дейсің?–деді Ботагөз.– Ұзаққа бармайтыны –бұлар ел ішінен байларды ғана жақтайды. Өткен жылы Орынборда болатын съезге, Қызылжар, Омбыда болатын съезге ылғи шонжарлар барған жоқ па?
– Съезге шонжарлар жүретін әдеті ғой. Кедей съезден не алады?
– Жоқ, олай емес, Совет өкіметі келсе, съезге шонжардан біреуді де кіргізбейді, ылғи кедей ғана қатынасады.
– Кедей съезден не алады?
– Съезде кедейлер өкімет сайлайды. Ол өкімет кедейдің жоғын жоқтайды.
– Жоқтағанда не береді?
– Жер, суға кедей ие болады. Кедейді жейтін байларды, болыстарды Совет өкіметі кедейге жығып береді.
– Алашорда ұзаққа бармайтынын қайдан білесін?
– Оны мен әулиелікпен біліп отырғам жоқ. Алашорда азғана байды жақтайды. Кедейге олардан жақсылық жоқ! Халықтың көпшілігі кедей. Сонда көп жеңе ме, аз жеңе ме?
– «Көп қорқытады» деген мақал бар. Көп жеңуін жеңеді ғой. Бірақ мыналар мылтықпен жеңбесе.
– Кедейде мылтық жоқ па?
– Қайда, ол мылтық?
– Ол мылтық Совет өкіметінің, Совет әскерінің қолында.
– Олар қайда?
– Ресейдің көп жері Совет өкіметінің қарауында. Олар соғысып, жеңіп, бері қарай келе жатыр.
– Мыналардың қызылдарды қырып тастадық, советті құртып жібердік дейтіні қайда?
– Өтірік айтады! Дұшпан солай демей не деуші еді?
– Әй, Ботагөз,– деді Асан серпіліп,– оқымаған да бір, соқыр да бір. Біз түк білмейміз. Сен әйел де болсаң оқығаның бар адамсың. Мына алашордаға сен Асқарды ұстады деп те өшігетін шығарсың. Ол өз алдына тұра тұрсын, өшігетін жолың бар, бірақ сен оны қоя тұрып, маған шыныңды айтшы: Совет өкіметі құрып кетпеуі анық қой?
– Анық!
– Совет жеңіп келе жатқаны рас па? Өз шыныңды айтшы! Мадиярға өшіккендіктен айтпа!
– Не деп қарған дейсің?
– Қарғанбай-ақ қой. Сенем. Егер бұл сөзің, рас болса, жұрттың солдат беретін не ақысы бар?
– Бермеу керек, бергізбеу керек. Көп «бармаймын» деп отырып алса, түк те қылмайды. Болыстар, байлар береміз дейді. Бірақ орда съезінде «солдатқа баратын жігіт орнына кісі жалдап жіберуге ерікті» деп қаулы қылған.
– Ойбай-ау, ол баяғы прием жылында болған жұмыс қой. Ол байларға қолайлы қаулы. Байлар баласын алып қалады да, орнына кісі жалдап жібереді. Жалданатын кедей. Жоқ, оған кедей көне қоймас! Ана жылы кедейдің аузы күйген. Енді кедейді алдай алмас!
– Үйде отырып күйінгенмен болмайды,– деді Ботагөз Асанның бетін, ішкі сырын көргесін,– алдын ала қимылдап, жігіт бермеуге тырысу керек. Ол үшін жігіттердің арасына сөз жүгірту керек.
– Ол оп-оңай. Осы елден приемға ілігіп акопқа барып қайтқан жігіттен бұған бір жігіт те көнбейді. Көндірмеудің міндетін мен өзім-ақ алам. Басын бастап берсең, ар жағын ел ішінің өзі де таратып әкетеді.
– Асан, сен бұған ыстықтай сұғынба!– деді Ботагөз.– Егер солдат берме деп ашық атқа мінсең сені Совет өкіметін жақтады деп алашорда жаптырып тастайды.
– «Жаптырады» деп өлімге айдағанына бара береміз бе?
– Солдатқа кісі бермейік деген хабарды астыртын тарату керек. Бұл жұрттың қышыған жеріне тиетін сөз. Тез тарайды. Және солдат бермейді де.
– Оның да рас екен.
4
Байтөбет аулында солдат алу туралы болған алашорда адамдарының жиылысына 22 болыстың халқы қатысты. Жырақ жерден келгендердің көпшілігі би, болыс, ауылнай, ақсақал, атқа мінер, жабайы халқы қатынасқан – жақын болыстар ғана. Бірақ бұл жабайы халық шақырумен келген жоқ. «Солдат алады» деген хабар естіген соң өздері келді. Алашорданың атап шақырғандары – беделді ақсақалдар, би, болыстар ғана еді.
Омбыдан және Н... қаласынан келген алашорда оқығандары жиырма шақты адам. Мойны алыс жердегі болыстардан келген би, болыс, ақсақалдар үш жүздей адам.
Міне, осы үш жүз жиырмадай адамды сый қонаққа есептеп, аулының үстінде жиылыс болған Байтөбет, өзге байлардан жалғыз-ақ көмек сұрады. Ол – тігетін ақ үй.
– Өзге расходын өзім көтерем,– деді Байтөбет,– әруақ шақырып, атымды атап келгесін, азар болса бір базардан алатын пайдам кетер, бір жылғы төлім кетер.
Маңайдағы байлар он бес шақты ақ үй тігіп бергеннен кейін Байтөбет айтқан сертіне жетті. Ас-су былай тұрсын, қонаққа тігілген он бес шақты үйдің ішіне керекті төсенішті де ол өзінен жеткізді.
Асқа екі үй арналған еді: біреуі – ас пісіретін үй, біреуі – пісірген асты сақтайтын үй. Ас пісіретін үйде ошақтан қазан күні-түні түспейді. Ас сақтайтын үйде қант пен бауырсақ қапшық-қапшық боп үйіліп жатты. Күнінде екі мезгіл беретін еттің бір мезгілі суып ши үстінде даяр тұрады. Қонаққа беретін етке Байтөбет күніне бір ту бие, бір тайдан жықты да отырды.
Байтөбеттің бұл мырзалығына жұрт қайран қалды.
– Дастарқаны кеңиін деген екен!– десті біреулер.
– Сауданың пайдасынан түскен ақша үйіңе қапшықтап кіріп жатса, сен де мырза боларсың!– десті біреулер.
Оқушыларға Байтөбетті қысқаша таныстыра кетейік: бұл сол елдегі аталықтың біреуі. Әкесі Майлы үш ағайынды, үшеуі де момын, бірақ мол дәулетті адам екен дейді. Майлы би болған. Бірақ «әділ» болған. Ұрлыққа қатты тыю салған. Ұрының қолын кестірген. Намаз оқымағанға дүре салдырған. Дінді қатты ұстаған. Ақырында хажыға кетіп, Меке жолында өлген. Байтөбет үш әкенің ортасында тел боп жалғыз өскен адам. Бұдан басқа еркек кіндікті баланы Майлы да, өзге аға-інілері де көрмеген. Байтөбет 18 жасында әкесімен билікке таласып, әкесі Мекеге кетерде тартып алыпты. Содан өкпелі кеткен әкесі мақұлдығын бермей өлді деген сөз бар.
Мекеге Байтөбет те барды. Ол бір емес, үш барды. Сүйте тұра, жұрт оны «орыс хажы» дейді. Олай дейтіні: намаз оқымайды. Ораза ұстамайды. Дәрет алмайды. Ескі молда, ишанға қарсы. Оның жақтайтыны – жәдит. Бұл елден үйіне ең алғаш жәдит мұғалімін жалдаған осы Байтөбет.
Байтөбеттің өзінде оқу жоқ. Бар оқуы – жас кезінде ескі молдадан білген намаздық. Бірақ ол, зиректігімен қазақшаны да, орысшаны да өз бетімен біліп алған. Екі тілде де жаза, оқи біледі. Осындай зиректігі арқасында және пысықтығы арқасында ол қала-далаға көп шығып, көп жерді, көп елді көрген. Көп адаммен таныс болған. Талай оқығандармен де танысқан. Соның біреуі – Мадияр.
– Әттең оқымай қор болған адам,– дейтін Мадияр, Байтөбет туралы,– егер Францияда туса Наполеон болатын-ақ кісі.
Ойға-қырға көп жүріп салақ қарағандықтан, соңғы кезде төмендеген шаруасын Байтөбет революциядан кейін алыпсатарлықпен көтеріп алды. Оның революциядан кейінгі кәсібі: ел атынан өтірік «проговор» жасап, кооперация ашқан боп, товар алып, сонымен сауда қылу. Осы сауда екі жылдың ішінде оның шаруасын бір болыстағы байлардың маңдай алдына шығарды.
Байтөбеттің саяси көзқарасы бар. Оның жақтайтыны – алашорда. Алашорданың уездік, облыстық съездеріне ол тегіс қатынасты. Орынбордағы барлық алашорда жиылысының, бәрінде де болды. Алаш азаматтары оны таниды. Мадиярдың оны іздеп кеп түскен себебі осы. Алаш азаматтарын Байтөбет төбесінен тік тұрып күтті.
– Ел тырп етпейді,– деп сендірді ол қонақтарын,– сұраған жігіттеріңізді сөз жоқ бергіземіз!
Алашорда адамдарына Байтөбет бұлай уәде бергенмен, ірге тыңдап жүргендердің ара-тұра оңаша шығып кетіп сөйлеген сөздері одан басқа болды.
– Байтөбеттің сөзі не бола қойсын!– десті ірге тыңдағандар өзара кеңескенде,– 16 жылы солдатқа жігіт беріңдер деп басшы болып, түбімізге бір жеткен. Ендігі қалжағына көнбеспіз. Берсін, өзінің, анау инеліктей қатқан оқудағы жалғыз баласын!
Қонақтарын күтуге Байтөбет сол елдегі епті жігіттердің бәрін жинаған еді. Ішінде Асан да бар.
Қонақтарға шай, қымыз беріп, табақ тартысып, жер-ошақ маңында болып, жүгіріп жүріп қызмет еткен Асан ара-тұра ірге тыңдаушылардың да сөзіне қатынасып қойды.
Ол қатынасып қана қойған жоқ, сөйлескен адамын қайрады.
– «Азғын елдің түбіне тақсыр жетер» дегендей,– деді ол сөйлескендеріне,– «тақсыр-тақсыр» деп болдық қой. Тоғытқан қойдай соғысқа айдап апарып, кедейдің балаларын оқығандар мен байлар ана жылы бір қырған. Со да жетер. Солдат бергісі келсе байлар мен болыстар өз балаларын берсін. Олар да солдаттың дәмін татып көрсін, қалай болар екен. Ал, кедей атаулы бір жігіт бермеу керек, білгенін қылсын! Не қылады дейсің? Түк те қылмайды.
«Түк те қылмайдының» артынан Асан кеңестеріне: «осылардың арты бос көрінеді» деп те қойды.
– Оны қайдан естідің?– дегендерге:
– Өздері айтып отыр. Күбірлеріне құлақ түріп жүрмін. Өздерінде зәре жоқ. «Тәйт!» десе үркейін деп үрейленіп отыр. Сөз түрлеріне қарағанда, қызылдар жақын жүр ме деп ойлаймын.
Даладағы жұрттың арасында «солдат бермейміз!» деген сөзден Мадиярдың хабары болған жоқ. Болысқа, атқа мінерлерге сеніп қалған олар, елдің тұтқасы қолымызда деген сеніммен, керекті жұрт жиналғанша жата берді. Байтөбеттің тамағына да, сөзіне де тойды. Байтөбет сөзін ел екі қылады деген ой олардың басына кірген жоқ.
Жиылыс ашылған күні, күн әрі жел, әрі аздап сіркіреген жауын еді. Күн ашылуына қараса: бұлт түрінен бір жұмаға созылатын ақ жауын болатын белгісі бар. Сондықтан Мадияр жиылысты ашып, салқын ауаға бүріскен жұртты өзінің ық жағына отырғызып, бір сағатқа жақын сөз сөйледі.
Оның сөзін жұрт онша құлақ қойып тыңдаған жоқ. Ең алдымен алашорда сенген байлар мен беделді ақсақалдардың өздерін шала тыңдады. Олардың шала тыңдауы солдата қарсылықтан емес, «сөйлесін, сөйлемесін, әйтеуір берілетін солдат қой» дегендіктен еді.
Мадиярдан кейін оның серіктерінен бес-алты жігіт сөйледі.
– Кәне, не айтасыңдар, халық?– деді Мадияр, бұйығып отырған жұртқа.
– Не айтамыз?– деді алдыңғы қатарда отырған болыстар, ақсақалдар,– ел боламыз деп жатқан азамат болса, «ел» деген елі біз болсақ, сұраған салдатыңды береміз.
– Осыдан басқа сөз жоқ па?– деп Мадияр масаттанған кескінмен жан-жағына қарап тұр еді.
– Менде сөз бар,– деді бір жігіт түрегеп.
– Сөйле!– деді Мадияр.
– Сөйлесем – сөз қысқа. Салдатқа бармаймыз!
– Неге?–деді Мадияр қабақ түйіп.
– Біз бір рет барғамыз – сол жетер!
– Қашан?–деді Мадияр тесіле қарап.
– 16 жылы?
– Ол патша заманы. Онда бармаймын деуін, жол. Ал мынау солдатқа барсаң – өз еліңді қорғайсың.
– Кімнен?
– Балшабектерден.
– Олар кім?
Мадияр жамандай түсіндірген болды.
– Егер менің басымда еркім болса,– деді жігіт,– мен салдатқа бармаймын. Өзге жұрт өзі біледі.
– Мынау не оттап тұр, бірліктен шығып, бармасаң сен бармайсың, өзге барады!– деп болыстар, ақсақалдар жігітке дүрсе қоя бергенде...
– Баратын кім?– деп көпшілік араның ұясындай ду ете түсті.
«Мен бармаймын!» деп айтуын айтқанмен, «өзге айта ма, жоқ па?» деп сасқан жігіт, көпшілік ду ете түскенде, қуанып кетті.
У-шу, азан-қазан дауыстан алашорда оқығандарының басы қатты. Айқайлап та, қолдарын көтеріп те шуды олар тоқтата алмады.
– Бізде осыдан басқа сез жоқ!– деп көпшілік орнынан ду түрегеп, аттарына міне-міне тартты. Сол шауып кетіп бара жатқан бір топтың ішінде Асан да бар еді.
– Жігіт екесіңдер!– деді ол, қасындағыларға,– айтқан жерден шықтыңдар!
– Е, шықпағанда қалай?–десті жігіттер,– сенін, көңіліңе сыйғандықтан емес, әркім қара басы үшін. Ана жылы байлар бізді бір сатқан. Енді неге сатылайық.
«Көнбегеніміз жақсы болды!» деген дабырмен топ жігіт қиқу салып, далақтап жарысып кете барды.
Жиылыс ашардың алдында халықтың көптігіне Мадиярдың көзі сүрінген еді. Оған ол қуанған еді.
«Солдат бермейміз» деген шудан кейін топтың кейінгі жағы сөгіле, дүркірей жөнелгенде, даладағы адамның қимылы – сапырылған толқындай боп кетті. Бірақ аздан кейін басылып, жиылыс орны суы сарқылған теңіздің арнасындай үңірейді де қалды. Жиылыс орнында қалған азғана болыс, ауылнай, ақсақалдар – сарқылған теңіз арасының шұқанағында қалған азғана сасық су сықылданды.
– Ел адамы деген аттарын, бар!–деді оларға кескіні өрт сөндіргендей күп-күрең болған Мадияр,– біз сендерге сеніп келдік. Тоқтатыңдар, анау қара қарғадай шулаған берекесіз елдеріңді!
Болыстар, билер, ақсақалдар бұл сөзден ұялып, тұс-тұсқа аттана шауып еді, ешкімді қайырып ала алған жоқ.
Сол шабысқа Мадиярдың өзі де араласып:
– Уа, алашым, елім, мендік бір азамат жоқпысың, бар болсаң қайт!– деп топқа араласып біраз далақтап еді, уысына бір жан түспей, сынаптай сытылды да кетті. Мадияр да, басқа алаш адамдары да, болыс, билер, ақсақалдар да жиылыс орнына зорға қайтты.
– Өз басымыз даяр!– десті ұялған ақсақалдар.
– Сендердің бастарың құрысын!– деген ашулы сөз шығып кетті Мадиярдың аузынан,– маған көптің басы керек!
– Көптің жайы анау!– десті ол сөзді көңіліне ауыр алған кейбір болыстар.
Осы жиылысқа Н... қаласынан аттанарда Мадиярдың атына Орынборда – Дутовтан, Аягөзде – Анненковтан телеграмма кеп, жігіт сұраған еді. Мадияр олардың екеуіне де:
«Жігіт алуға елге шыққалы жатырмын, жақын арада екі полк жөнелтем!» деп мықты сеніммен телеграмм соққан еді. Екеуінен де іле:
«Рахмет! Большевиктерді сіздің күшіңізбен жеңуге сенеміз!» деген жауап телеграмма қайтқан еді.
Елге аттанғанда да, жиылыс ашыларда да жігіт алуына Мадиярдың сенімі тастай еді. Өйткені, ол өзін халыққа тұтқамын, беделдімін, халық сөзімнен шықпайды» деп есептейтін. Ол үміт Мадиярды алдады.
Жиылыс болған орынға қайтып, жан-жағына қарағанда үркердей ғана болыс, билер көрінген соң, Мадияр өзін ел көшкенде жұртта қалған күшіктей көрді.
5
Құттыбай ауылы мен Байтөбеттің арасы күзге қарай алыстап, екеуі күзектейтін Есілдің тоғайлары он шақырымға жақын жер болатын еді.
Байтөбеттің бір әдеті: маңындағы ауылдардың шаруасы тәуір адамдарынан жаз болса бір тоқтысын жеуді, қыс болса соғымнан сыбаға жеуді өзіне парыздай көреді. Кімнен сыбағасын жегенің кімнен жемегенін ол ұмытпайды. Сыбағам сақтаулы деген үйге ол ретін тауып бір түспей қоймайды.
Реті келмей, биыл жаз Байтөбеттің сыбаға жей алмаған үйі – Асандікі еді.
Сентябрьдің желкемдеу салқын бір түнінде, отты маздатып қойып, іңір шайын ішіп отырған Асан мен үй ішінін, құлағына тарантас дауысы естілді.
Бұл ауылға келген қонақтың көбі Асандікіне түсетін, сондықтан, құлағын үйге жақындаған арбаның дыбысына тіккен Асан:
– Жамал,– деді Ботагөзге,– төр алдын жинастырып қойшы, тегі арбалы біздікіне келер білем.
Төр алдында жатқан бірер жастық болмаса, өзге шашылған дүние аз еді. Ботагөз орнынан түрегеп, жастықтарды жүктің үстіне жинаған кезде, арбалы үйдің қасына кеп, сырттан:
– Асан, әу, Асан! Шығып кетші, үйде болсаң!– деген дауыс естілді.
– Байтөбеттің дауысы ғой,– деді Асан орнынан қозғалып, сыбырлап,– шайды жиыңдар. Көптен біздің үйге қарап қасқырдай ұлып жүр еді, бір жейін деген екен.
– Апа,– деді Асан түрегеп, денесін иіп, Масатының құлағына сыбырлап,– сеңсең қызыл тоқтыны соямыз ба?
– Өзің біл!– деді Масаты.
Асан үйден шыға келсе, жолаушылардың жеккен пар аты есік алдындағы бөшкелі арбаға бастарын тірей тұр екен. Арбадағылар түскен жоқ.
– Салаумаликем!– деді Асан жақындап.
– Амансың ба? Мал-жан аман ба?
– Шүкір! Неге түспей тұрсыз, бай?
– Ұлықсат сұрайық дегеніміз ғой.
– Түсіңіз!
Арбада Байтөбеттің қасында отырғанның кім екенін Асан жерге түскесін таныды. Байтөбеттің сауда-саттыққа алып жүретін Қосшыбай деген пысық жігіті екен. Арбаның алдында божы ұстаған да біреу бар екен, Асан оны таныған жоқ.
– Келін түскелі келмей, Масатыға ұятты едім,– деді Байтөбет,– сол ұятымды аршиын деп келдім.
– Кешіккен жоқсыз ғой,– деді Асан қалжыңдап.
– «Тышқанға түк біткен сайын – қалтырауық» деген мақал бар еді. Сен өзің байыған сайын сараңданайын деп жүрсің-ау деймін, бала.
– Неге олай дедіңіз?
– Елдің рәсімінде – жақсы ат сатып алса да ырымын жасаушы еді. Осы келіннің тұсында сен неге сараңданып кеттің? Алғаныңды да білмей қалдық. Сырт естуіміз – келіннің атағы жаман емес дейді ғой. Әлі келіннен сазайыңды тартасың бала!..
Жастармен, әсіресе, келіндерімен қалжыңдасуды Байтөбет жақсы көретін еді. «Ырым жасамадың» деген қалжың сөзді ол әдейі «келін» естісін деп қаттырақ айтты.
– Сыбағаңыз даяр, бай,– деді Асан өзге дәлел таба алмай.
– Жоқ, бала, сен мені олай алдаймын деме. Менің бүгінгі ішетін дәмім – жеңгемнен жылда жейтін сыбағам. Ал, сенін, тойын, өзіне басқа. Бір оқпен екі қоянды түсірем деп ойлама, бала. Ол алдауыңа көнбеймін.
– Дұрыс. Төреңізге құлдық. Жүріңіз үйге.
Арбаның алдына мінген Сағит екен. Асанға о да амандасқаннан кейін:
– Сен атты ағытып кел, шырағым,– деді оған, үйге қарай аяңдаған Байтөбет.
Әйел болсын, еркек болсын, жасы үлкен кісіге, егер елейтін адамы болса, Байтөбеттің қолдасып амандасатын әдеті еді. Сол әдетінен ол жаңылмай, «жеңгемнің қолын алайыншы» деп, Масатыға үйге кіре, әдейі бұрылып қолдасты. Масатының айтуымен Ботагөз бұл кезде шымылдық түсіріп, соның ішінде отыр еді.
– Келін аманбысың?–деді Байтөбет Масатыға амандасып болғасын, шымылдық сыртынан Ботагөзге,– қонысың қайырлы болсын, жарқыным. Асан, шымылдықты түріп қой. Ас істеп берсе, сыйлағаны сол. Масаты асқа араласа алмас. Көріне бер, шырағым.
– Көрімдігіңіз!– деді Асан шымылдықты жиғалы жатып.
– Жол сөз. Жолаушы шығып баратын біреуге нәрсе беруді ырым көретін ем. Көрімдігіне Масаты бір көйлек киер, мына жолдан қайтайын.
Түрілген шымылдықтан шыққан Ботагөз, бетін бір қырындап жүріп, астың жабдығына кірісті. Асан далаға шығып кетіп, семізше келген қырықпа қызыл тоқтыны алып кіріп, заматта сойып, бір қолы мен төсінен басқа етін қазанға түгел салды. Дағдылы қонақтай жарты етін ғана салайын деп еді, мешкей Байтөбет тоймас деп ойлады.
Ет піскенге шейінгі кеңесіне қарағанда Байтөбет бергі шеті Қызылжарға, арғы шеті Омбыға барып қайтпақ екен, жұмысы кооперацияға товар алу.
Ат ағытып кеп, босағаға таман отырған Сағиттан Асан жол сұрап еді, ол: «Омбыда ашылатын мұғалімдер курсына баратын ем, аздап кешігіп қалдым, апаратын кісі таба алмадым» дегенді айтты.
– Ә, білдім!–деді Асан,– әнеугі менімен қалаға барғанда, күз баратын болдым деген оқуын, екен ғой?
– Ие, сол.
Сөз арасында Сағиттың кезі Ботагөзге түсіп қояды. Байтөбет ауылының мұғаліміне келетін «Сарыарқа» газетінің жақындағы бір санында басылған хабарға қарағанда, Асқар қазір Омбының түрмесінде. Осы хабарды Ботагөздің білетін-білмейтіні Сағитқа мәлім емес. Бұл хабарды Ботагөзге қалай жеткізем деп ойлап жүрген Сағитқа, өткен күні Байтөбет:
– Бала, сені Қызылжарға ала барайын, апар деп жүр ең,– деген соң, Қызылжарға баруға қуанып, бірақ «Ботагөзге тілдеспей кетем бе?» деп ренжіген еді.
Байтөбет ауылынан күн батардың алдында аттанғанды: «Бұлай неге кеш аттанды» деп ойлаған Сағит Құттыбай ауылына жақындағанда:
– Асандікіне қонайық,– дегенді естіді.
«Ә, онда жолым болды!» деп қуанды.
Міне, көкірегіне берік сақтаған осы хабарды Сағит Ботагөзге ет желініп, ұйқтауға жатқанша айтудың ретін бір келтіре алмай-ақ қойды.
Үй жабдығымен Ботагөз далаға кіріп-шығып жүргенде, Сағит та тысқа шығып еді, амандасудан басқа сөз аузына түспеді. Оған: жан-жағындағы барлық дүние соның аузын аңдығандай көрінді де тұрды.
Жолаушылар таңертең ат арқанынан жүреміз деген соң Ботагөз де, Асан да ерте тұрып, қонақтардың ертеңгі тамағын әзірлеуге кірісті. Асан отын ұсақтады. Ботагөз шелек алып, ауылға жақын жердегі Есілдің қара суына суға кетті.
Ботагөз оянғанда Сағит та ояу жатыр еді, оған Байтөбет жатарда:
– Шырағым, атты ерте тұрып суар, күн көтеріле жүреміз, су ішкесін де аздап оттап алсын,– деп тапсырған. Сағиттың ерте оянуына бір себеп осы болса, екінші себеп: Ботагөздің ерте тұрарын біліп, қасындағылар ұйқтап жатқанда, далаға шығып жолығу.
Ботагөз шелек алып тысқа шыққанын көріп жатқан Сағит, тез киіне салып, іле далаға шығып еді, сайға түсіп барады екен. Бұл, күн әлі шықпаған кез еді. Ауылдың естияр адамдары оянған. Біреу мал ергізіп, біреу жұмысқа кетіп... деген сықылды, шаруа жабдығына еріп жүрген халық.
Ботагөз кеткен жаққа Сағит аяғын тезірек басып жөнелді де қара судың ойына түсті. Ол қара су жан-жағына қалын, бұйра тал ескен, айналасы кесенің аясындай тік біткен жар, өзі терең шұқырда еді. Есіл тасығанда арнасы толып қалған қара су, сол кемерінен ала жаздай бір елі төмен түспейді. Көлемі кішкене болғанмен, түбі ете терең. Суында шортан сықылды үлкен балық бар. Жұрт «бұл қара судың астында кезі бар» деп аңыз қылады.
Қара судың суатына түсетін жолмен Сағит темен құлап, су жағасындағы талдардың арасына кіре беріп еді, иығына салған иін ағашқа екі шелек суды ілген Ботагөз алдынан қарсы шықты да, Сағитты көріп тоқтады.
– Мен сізді іздеп келе жатыр едім,– деді Сағит,– ана бір талдардың арасына барып азғана кеңессек қайтеді?
– Оқасы жоқ.
Біреу тінтіп таппаса жан көрмейтін талдың бір қамау аралына барып отырғаннан кейін, Сағит ең алдымен Ботагөзге:
– Сүйінші!– деді.
– Қалағаныңызды алыңыз!–деді Ботагөз жадырап, бір жақсылық хабар күтіп.
– Қалауым: Амантайды жақсы ғып өсіресіз.
– Болады! Ие, айтыңыз, немене?
– Асқардан хабар естідім.
– Кімнен?–деді Ботагөз, кескіні құбылып, асығып.
– Кәзиттен. «Сарыарқа» кәзітінде жазыпты.
– Не деп?
– «Асқар Омбының түрмесінде» деп.
– Апыр-ай, рас па? Өз көзіңізбен оқыдыңыз ба?– деді Ботагөз, жылап жіберіп.
– Рас. Өз көзіммен оқыдым. Неге жылайсыз?
– Өлтіріп тастады ма деп қорқып жүр ем,– деді Ботагөз жасы домалап,– тірі хабарын естіген соң қуанғандығымнан жылаймын.
– Ә, онда дұрыс. Қуаныш құтты болсын!
– Айтсын!– деді Ботагөз жасын сүртіп,– жыламайыншы. Адам не көрмейді? Тек, тірі болсын. Бірақ көңіл шіркін шыдамайды.
– Саған осы хабарды айтып қуантайын деп ем, бұл бір айтайын дегенім. Екінші айта кетейін дегенім: егер Омбыда жатқаны рас болса, мен оған қайткенде де хабарласып, сізге хат жазам. Асқар ағайдың жақсылығын жетім кезімде көп көріп ем. Енді мен де адам болғандығымды көрсетіп, қарлығаштай қанатыммен су сеуіп, әлім келгенше жәрдем көрсетейін.
– Мен бұған алғыстан басқа не айтам?– деді Ботагөз жадырап,– сізге үлкен рахмет. Ал, енді, олай болса, мен сізге бір аманат тапсырам. Ол аманат: Н... қаласында, әдейі Асқарға арнап Амантайды картішкеге түсіріп ем, екеуміз бірге түсіп ек. Соның біреуін сізге берейін. Асқарға ретін тауып табыс етіңіз. Бұл – бір. Екінші – бала кәзір пысыды. Алып жүруге жарайды. Сіз маған Асқардың Омбыда жатқандығын анықтап хат жазсаңыз, мен жаяуласам да жетем.
– Неге?– деді Сағит, тұрған үйінен кемдік көрді ме деген оймен.
– Тұрған жерімнен кемдік көргем жоқ,– деді Сағиттың ол ойын сезген Ботагөз,– туғанымнан кем күтіп отырған жоқ. Асанның бұл жақсылығын мен ешуақытта етей алам демеймін. Бірақ маған да, Асанға да қиын боп барады: мен, тұрпайы сөзбен айтқанда, байсырап баратқам жоқ. Ал, Асан әуелде елге мені «әйелім» деп әкелді де, енді үйленейін десе қисынын таба алмайды. Жас жігітке бір жағынан әйелсіз отыру қиын болса, екінші жағынан шаруа жабдығы бар. Оның үстіне: «бізді қапшыққа жасыра алмайсың» деген орыста мақал бар. Мені бұл қаншалық жасырып ұстай алады. Осының бәрі маған үлкен уайым боп жүр. Омбыға кетер едім дейтінім сол.
Бұл сөздерге не жауап берерін білмеген Сағит, Ботагөзге телміре қарап отыр еді, суат жақтан аттың дүбірі естілді.
– Қосшыбай ғой,– деді Сағит тал арасынан сығалап,– тұрған екен ғой. Мені іздеген шығар. Кетейін.
– Сөз осы,– деді Ботагөз де түрегеп,– картішкені бір қаға берісте қолыңызға ұстатармын. Енді сөйлесе алмаспын. Сізден хат күтем.
– Жарайды.
Сағит тал арасынан Ботагөзден бұрын шығып, қарасудың жарына өрмелеп бара жатқанда, артынан бір атқа жайдақ мініп, бір атты жетектеген Қосшыбай келді.
– Әй, сен қайдан келесін,?– деді ол Сағитқа.
– Бір, ішім ауырып...– деді Сағит қабағын тыржитқан боп.
– Етті асауын, сойқан еді.
– Ие, содан ба, басқадан ба?.. әйтеуір ішім ауырып...
– Ә, солай ма? Мен қайда жүр десем...– деп Қосшыбай желіп кетті де, ауыл қасына атты тұсап Асандікіне тартты.
Қосшыбай Асандікіне жақындағанда, иығына шекпенін жамылып, үйден Байтөбет шықты.
Жайшылықта намаз оқымайтын Байтөбет, бір жаққа жолаушы шығып, сыпайы үйге түссе, сыпайылық көрсетіп, қолына құман ұстап, дәретпен жүріп, намазға жығылатын еді. Сол әдетімен ол, үйден қолына құман ұстай шықты. Оның және бір дағдысы – құманын біреу ұстап жүргенді жақсы көреді. Сондықтан:
– Қосшыбай, мына құманды қолыңа ұстай қойшы! – деді ол, ұсынып.
Қосшыбай құманды ұстап, екеуі былай шығып, Байтөбет іш дәрет алғаннан кейін, таза жерде сырт дәрет алып отырып:
– Ә, Қосшыбай,– деді.
– Әу
– Осы Асанның үйі қалай тап-тұйнақтай боп кеткен! Бұрын былықтау еді.
– Ие, солай болған.
– Тегі, келіні оңды-ау деймін. Үй іші қандай таза! Келіні асқа да бапты кісі екен. Пісірген асының дәмдісі-ай, шіркін!.. Еті де, наны да, шайы да бір түрлі сүйкімді. Аумаған шәрлі жердің асы сықылды.
– Оның рас, бай...
– Қатындай алса да, мынау Асан бір маңдайлы неме екен.
– Оның рас, бай,– деді Қосшыбай аз ойланып,– енді саған мен бір қайран қалған нәрсемді айтайын ба?
– Айт.
– Өткен қыс екеуміз қалаға бардық қой, анау бір ақ тас дүкеннен табар алдық қой...
– Ие...
– Сонда, әлгі, бір қап қантты маған алып кел деп жібергенің есіңде бар ма?
– Е, неге ұмытайын. Есімде.
– Сонда, сол қантты ала барсам: дүкенде бір мөлдіреген қазақтың сұлу келіншегі тұр екен. Оңды әйел кісінің көзін тартпай қояма. Ажары оңды болғасын, сөзі сыпайы болғасын, біреуден: «бұл кім?» деп сұрап ем, сол қалада әлгі бір жігіт бар еді ғой...
– Кім?
– Әлгі...
– Кім оның?
– Әлгі... құрып қалғыр кім еді?.. Ана, әлгі, нені айтам... анау, кімді айтам... анау, әлгі... өй, құрысын; қызылдарға жазылып жүрген!..
– Ол кім?
– Жазғытұры ұсталды ғой...
– Әлгі... Асқар Досанов деген бе?
– Сол, сол...
– Ие, ол не?
– Манағы дүкенде көрген сұлу келіншегім соның әйелі екен.
– Ие, қызылға жазылды демесе, оның өзінін, де аттығы оңды жігіт еді ғой. Таңдап жүріп алған әйелі шығар.
– Құданың құдіреті,– деді Қосшыбай,– мен саған айтайын деп талай оқтанып, айта алмай жүрмін бай. Осы Асан алған әйел, маған, аумаған, сол қалада көрген келіншекке ұқсайды да тұрады.
– Қой!–деді Байтөбет нанбай.
– Құдай біледі, осы сол әйел.
– Келеді, келеді...– деді Байтөбет, аз ойланып,– алыстан әкелдім деген сыбысы жаман еді. «Жолда жатқан не қылған арзан әйел?» деп өзім де ойлап ем. Жобасы келеді.
– Ол бұған қалай тиді екен?
– Байы ұсталғасын, күнін көре алмайтын болғасын тиген шығар.
– Осыны тексертсек қайтеді?
– Қайдан?
– Қалаға барғасын, білетіндерден сұрасақ?..
– Қой, не қыласың?–деді Асанға көңілі қалмаған Байтөбет.– Жүре берсін. Егер де сол екені рас болса, Асанға бір пәле болар.
– Онда қойдық.
Асан қонақтарын шайға шақырды. Түнде сойған тоқтының өкпе-бауырын Ботагөз балтамен ұсатып, ақ ірімшік араластырып тәтті түшпәрә пісірген еді. Тәтті түшпәрәні сүйсіне жеп, қаймақ құйған қою шайды сораптап ішіп отырып, қонақтар көздерін бір қырын отырған Ботагөзден айырмады. Қонақтардың көзқарасы бүгін басқа екенін Ботагөз сезді. Бірақ неліктен олай екенін білмеді. Шайдан кейін Ботагөз далаға шығып, ат жегіп жүрген Сағиттың қасынан өте беріп, ақ орамалға түйілген бір нәрсені қолына ұстатып өтіп кетті. Орамалдың ішінде не барын жорамалдаған Сағит, ішкі қалтасына салды. Ботагөз үйге кіргеннен кейін Сағит қалтасына салған орамалды алып қараса – ішінде бір сурет және бір книжка жүр екен. Сағит әуелі суретке қарап еді – түрегеп тұрған Ботагөз, Амантайды кеуде тұсына ұстап тұрып түскен екен. Суреттің көлемі ашық хаттай болғанмен, кеудеден жоғарғы жері ғана түскендік- тен, Ботагөздін, кескіні, баланын, денесі үлкен шыққан. Денелі, семіз, шашы үкідей желкілдеген, әкесіне тартқан ажарлы бала – әкем көрсе қуансын дегендей күлімдеп түсіпті.
«Екіншісі не екен?» деген оймен Сағит қараса – сырты қатырма қағазды кішкене книжка. Сол жақ сыртында:
Пролетарии всех стран, соединяйтесь!
Членский билет РКП(б)
деген орысша жазу бар. Мұндай билетті Сағит естіген де жоқ еді, көрген де жоқ еді. «Бұл не кітапша?» деп ішін ашса, қарындашпен қазақша жазған бос қағаз жүр екен. Сағит оқыды:
«Сағит!– деп жазыпты хатта,– мана тал арасында сізге айтуға ұмытып кетіппін. Мынау книжка Асқардың партияға мүшелік билеті. Мен босанар күні түнде кеп ақтар ұстағанда Асқарды сүйрелеп ұрған екен. Мен онда есімді білмеймін. Билеті төсқалтасында болатын еді. Сүйреп, жұлқылап жүргенде түсіп қапты. Ертеңінде пәтеріміздің кемпірі тауып маған берді. Мен сақтадым. Асқар партия билетіне өте сақ еді. Ешкімге ұстатпайтын еді. Егер Омбыда сізге жолыға к,алса, көре к,алсаңыз, реті келсе табыс етерсіз. Өте қымбат санайтын билеті еді. Егер жолыға алмасаңыз, реті келсе өзіме қайтарыңыз, болмаса жоқ қып жіберерсіз. Бұл билетті не иесіне тапсыруды, иесі табылмаған күнде басқа адам пайдалана алмайтын қылуды сіздің арыңызға тапсырам және қиянат етпес деп сенем.
Ботагөз».
– Орындалады!– деді Сағит, Ботагөз қасында тұрғандай-ақ дыбысын шығарып.
Сақтап ұстау арына тапсырылған зат болғандықтан Сағит партбилеттің ішін ашып қарауға да бата алмады. «Өзіне тапсырар күн болса, өз көзінше бір-ақ көрейін» деп ойлады ол.
Билетпен қосып орамалға түюге, баланың суретін Сағит алақанын жазып қайта көрді. Бұл жолы баланың суреттегі кескіні манағыдан да шат сықылданды. Баланың суреті бұл жолы Сағитқа келешекте бір үлкен қуаныш күткендей кескінмен қарады.
– Егер тапсыра алсам, бұл өте қымбат сый болды,– деп қуанды Сағит, сурет пен партбилетті орамалға қайта түйіп жатып,– бұл әкесіне сәбидің сәлемдемесі!..
ҮШІНШІ ТАРАУ
АҚТАРДЫҢ АЗАБЫ
1
«Ботагөз!.. Амантай!..
Екеуіңнің аттарыңды қағазға түсіргеннен кейін аяғына не сөз қосарымды білмей бірнеше минут дағдарып отырмын. «Сәулем», «жаным» деген сөздер маған, менің сендерге шын сүйген жүректен шыққан ыстық лебізімді жеткізе алатын емес. Осы минуттағы менің бойымдағы сезімімді дәл өзіңдей ғып ұқтыра алатын теңеуді мен қазақ сөзінен де, орыс сөзінен де таба алмай отырмын. Өзге тілді білмейтінімді өзің білесің.
Нақ осы минутта «әттең не ақын, не жазушы болмаған екем!» деп өкінемін. Егер олардың бірі болсам – сүйген жүректі жарып шыққан менің шын жақындық, шын достық, саған шын жарлық, Амантайға шын әкелік ықыласымды дәл өзіңдей ғып ұқтыратын сөз табар ма едім, қайтер едім?
Мен бұл хатты еркін жерде, қаламымның шамасы келгенше еркін жазғалы отырмын.
Ең алдымен Амантайыңа құтты болсын айтам! Ұлыңның бауы берік болсын! Ер жеткенде Амантайдай ер болсын! Шіркін, Амантай... адамның арыстаны, болат құрыштай берігі еді. Ол есіме түскенде ішім алауланып кетеді. «Ат тұяғын тай басар» деген мақал бар. Амантай ағайдың орнын біздің Амантай илаһимда басатын болсын!..
Сен берген аманатты Сағит қолыма аман тапсырды. Саған жолдастың, достық көңілден мың алғыс. Билетім қалтамда. Амантай мен сенің суретің, міне, осы хатты жазғанда алдымда сүйеулі тұр. Амантай күлімсіреп түскен екен. Қалжыңымды айта кетейін: көзі, маңдайы, иегі мен сықылданғанмен аузы түбінде саған ауып кетер ме екен, қайтер екен?.. Еншілес болғаныңа бұл ренжуім емес, қуануым!..
Егер Сағит елге аман жетіп, хатты қолыңа тапсырса, қандай жағдайда жазғанымды ауызша да айтар, дегенмен, болған халды қысқаша баяндай кетейін.
Н... қаласынан мен Омбыға үш айда зорға жеттім. Үш айда!.. Атпен жүргеннің өзінде кеп болса – он бес күн жүретін жер. Қандай қиындықпен келгенімізді осыдан-ақ байқай бер.
Омбыға әйтеуір тірі келдім. Тірі келмегендері де бар. Н... қаласынан жөнелткенде 80 кісі едік. Қызылжарға отыз бір кісі келдік. Суыққа үсіді дейтін қыс емес. Айтуға да, еске түсіруге де ауыр!.. Қырық тоғыз кісі жолда ақтардың қолынан айуандық азаппен өлді. Ішінде – Кузнецов!..
Бізді Қызылжарға әкелген отряд бастығы Алексей Кулаков. Оның бұйрығы – «күніне он кісіден біреуін ату!» Күнде таңертең қаз-қатар тізіп қойып, ішімізден оннан біреуді алып шығады да, көзімізше атады. Амал жоқ. Бәрінен де көрсетіп атқан қиын екен!..
Мынандай бір оқиға болды: Қызылжарға әкетіп баратқан жолда бір күні таңертең Есілдің жағасына бізді тізіп қойып оннан біреуді ату үшін санай бастады. Менің оң жағымда Андреев дейтін бір жолдас бар еді. Сол жолдас Андреев оң қолдан ақтардың солдаттары санап келе жатқанда сасқалақтап, бірде менің оңыма, бірде солыма шықты. Санақ келіп қалғанда ол өз орнынан менің орныма тұрып еді, оныншы боп шыға келді. Егер ол қозғалмағанда кезек маған келеді екен. Бұл сөзді мен: «Андреев өліп, мен тірі қалдым!» деп қуанғандықтан жазып отырғам жоқ, болған фактыны айтып жатырмын. Қандай ауыр оқиға!.. Одан басқа да жан түршігетін талай көріністер болды. Айтуға адамның жүрегі айниды. Адам баласында аңнан да рахымсыздар кездесетінін мен ақтардың қылығынан көрдім. Бұларда адамгершілік сана сөніп, айуандық қылық қана қалған. Мұндай жыртқыштықты адам баласы баяғы күнінде де істемеген шығар!..
Омбы мен Қызылжар арасы жүз сексен шақырым. Жайшылықта поезд алты сағат жүреді. Біз он екі күн жүрдік. Мен мінген вагонда қырық шақты кісі болды. Кәдімгі товарный қызыл вагон. Бізден басқа, біздің вагонға тіркеген он шақты арестант тиеген вагон бар деп естідік. Бірақ олармен қатынаса алғамыз жоқ. Вагонның есігі күндіз-түні құлыптаулы. Терезесі жоқ. Жарық түсетін кішкене тесіктің өзіне тақтай шегелеп бекітіп тастады. Вагон іші түнде түгіл, күндіз күңгірт. Күндіз де, түнде де жарық қылар зат бермейді. Оттық затты қолға ұстатпайды. Бұл қараңғы «дүниеде» баста басымыз айналғанмен, артынан көндіктік.
Біраздан кейін бізге батқан жарық емес, ішетін тамақ пен адамның табиғи қажеттері. Бұл оқиғаны баяндауға сөз табу да қиын!.. Басқа түскенде адам неге болса да көнеді екен. Ластығы шектен шққан вагон, әуелі дем алғызбағанмен артынан үйреншікті орын болып кетті. Үйренбегендер де бар. Мәселен Қызылжар мен Омбы арасында төрт кісі жынданды. Біреуі неміс, біреуі орыс, бір татар, бір қазақ. Ақтардың айуандығы сондай: «өтірік жынданды!» деп нанбай, жынданған жолдастар өздері де азаптанып, бізді де азаптап, адамның жаны түршігетін бейнетпен өлді... Вагонда ауырып өлген жолдастар да болды. Бірақ, олардың өлімі жынданып өлген жолдастарға қарағанда той сықылданды.
Омбының станциясында біз вагон ішінде айға жақын тұрдың. Күніне жейтін тамағымыз – бір тілім шикі к,ара нан мен қайнамаған су. Одан да күніне бір-ақ кружка береді. Амал нешік, шыдайсың...
Жынданды, ауырып өлді, шығарып әкетіп, к,айтып келмеді... Қысқасы бір вагондағы қырық шақты кісіден түрмеге тоғыз-ақ кісі бардық. Бұл октябрьдің бас кезі.
Түрмеде де тәртіп қатты, тамақ аз болғанмен, вагонмен салыстырғанда үйіміздей болды. Түрменің бір жаманы – адам өте тығыз екен. Және ауырып өліп жатыр екен. Ең көп ауру – қарын сүзек. Оларды қарайтын дәрігер жоқ. Түрме бастықтары ауруды өлгенде бір-ақ әкетеді.
Біраз күннен кейін мен түрме ішінде санитар боп белгілендім. Содан кейін ара-тұра конвой қосып, мені түрме начальнигі аптектен ауруларға дәрі әкелуге жіберетін болды. Далаға шыға, қасыма ерген солдаттардың тамырын басып байқап, көнбістеу біреуін алдап, бір күні Әбілқасым Досымжанов деген жолдастың пәтеріне бардым. Сен, ол жігітті білмейтін шығарсың. Шыққан тегі Көкшетау. Кедейдің баласы. Омбының частный гимназиясына түсіп, ақшасы болмай оқи алмаған. Көкшетаудың уездік Совдепіне член болған. Бірақ оны әуелі қамап, артынан босатыпты. Босатқаннан күдіктеніп, алашордаға ауып кетті ме десем, олай емес екен. Мені бұрынғы ықласымен қарсы алды. Оның Омбы қаласында Жоламан деген бір таныс қазағы бар екен. Темір жолдың жұмысшысы. «Пәтеріме келсең сезікті боларсың, Жоламан үйінде жолығып тұрайық» деп, ол маған Жоламанның адресін берді.
Сағитты мен сол Жоламанның үйінде кездестірдім. Мен оны таныған жоқ ем, ол мені таныды. Сәті келіп, бірінші жолыққанның өзінде о л маған билетімді, Амантай мен сенің суретіңді берді. Ол күнгі қуанышымды мен саған айтып жеткізе алмаймын. Өзімнің бір қамығып жүрген күнім еді, абақтыдан босанғандай сезім пайда болып, қазақша айтқанда – төбем көкке екі елі ғана жетпеді. Тағы да айтам: сурет пен билетті берген саған, оларды аман тапсырған Сағитқа – шын жолдастың, достық көңілден мың алғыс!..
Сағитқа жетім бала кезінде қарасып едім. Және сол кезде өзінен дәмеленетін едім. Ол дәмемді ақтады. Сол кез¬де біреулер маған: «осыдан не шығады деп күтесің?» дейтін еді. Мен айтатын ем: «бұл адам болады!» деп. Айтқаным келді. Келгені емей немене – қандай үлкен жұмысты орындады! Бұл келешекте будан да үлкен адам болуға тиіс. Бірақ әзірге жағдайы нашар екен. Егер күніміз туып, Совет өкіметі қайта орнайтын болса, бұған оқып адам болуға жағдайды жасап бағатын шығармыз... Менің қатты қуанған бір нәрсем: сенің аман орналасуың. Үйіне апарған жігітті Сағит сипаттағасын есіме түсті. Кісілігі үлкен жігіт сықылды еді. Ойымнан шықты. Сағит маған ол үйде қалай тұрғаныңды да айтты. Дұрыс... Шын жүректен айтам – дұрыс... Орналасқаныңды Сағиттан естігенше «әлде қайда жүр? Әлде неғып жүр?» деп зәрем жоқ еді. Енді көңілім орнықты. Менің саған айтарым: егер көлденең кесір кездесіп тиыштығыңды бұзбаса, сол орыннан қозғалма, амандық болса, көрісетін күн ұзақ болмас.
Ұзақ болмас дейтін себебім: ақтардың газеттерін оқимын. Ақтар «большевикті қиратып жатырмыз» деп көпіргенмен, ол сөздерінің өтірік екенін өздерінің газеттерінен көруге болады. Омбыда шығатын Колчак үкіметінің «Заря» деген газетін оқыған кісі – Колчак үкіметінің жаны мұрынының ұшында екенін айқын көреді.
Колчак – революциядан бұрын патша үкіметінің теңіз әскеріндегі генералы. Европаша оны адмирал дейді. 1917 жылдың революциясынан кейін Сібірде құрылған Уақытша үкіметті, 18 жылдың ноябрінде Колчак қуып, өзін Россияның ең жоғарғы үкімет бастығымын деп жариялады. Бұл Колчак – революцияның және халық бостандығының жауы. Бұл монархист – патшашыл. Алашорда адамдары соның етегіне намаз оқиды. Бұл алашорданың кімнің жоқшысы екенін бұрынғыдан да айқын дәлелдейді.
Үкімет басына Колчак келгеннен кейін коммунистерге қатаңдық бұрынғыдан көп күшейді. Ол коммунистерге белый террор жариялады. Оны қазақша түсінікті ғып айтқанда – рахымсыз түрде большевиктерді қыру деген сөз. Аз күннің ішінде Колчак Совет өкіметін жақтайтын адамдарды қырып-қ, бағып еді, онымен еңбекші бұқарада революциядан рух күшейе туспесе, сөнген жоқ.
«Күшейгені емес пе? Декабрьдің 21 күні Омбыда Колчак үкіметіне қарсы үлкен көтеріліс болды. Көтерілісті басқарушы Омбыда жасырын жұмыс істеп жүрген большевиктер мен жұмысшылар.
Осы күнге шейін есімде: Бурабайдың школында оқып жүрген баларақ кезіңде сен менен:
«Телеграф знактарын шығарған кім?» деп сұрағансың. Мен сенің өзіңнен «ол кім?» деп сұрағанымда: «Америка оқымыстысы – Морзе» дегенсің. Ол әңгімені еске түсіріп отырғаным: абақтыға жабылған соң біз телеграфист боп алдық. Морзенің знактарын пайдаланып, түрменің қабырғасын тықылдату арқылы көрші камерадағы тұтқындармен сөйлесу оп-оңай боп кетті. Біраздан кейін дағдыланғандығымыз сондай: Морзе знагын тақылдату арқылы, іш пысқанда көрші камерамен ертегі, жұмбақ айтысатын болдық.
Осы знак арқылы 21 декабрь күні болатын көтерілісті біз күні бұрын естіген ек. Түнгі сағат бір кезінде көшеде атыс басталған соң-ақ, көтеріліс басталғанын білдік.
Көп кешікпей абақтыдан шықтық.
Мақтанғаным емес, мен бұрынғыдай бас қорғағам жоқ. Таң атқанша атысқан жұмысшы отрядының ішінде бірге жүрдім. Таң ата мен қосылған отряд атыста азайып, қалдығы қолға түсетін болғасын, «жан сақтаңдар!» дегенді айтты. Жаңбырдай жауған оқтың астынан аман шығып, қасымда жүрген жұмысшының қорасына тығылдым. Ол күні сонда жатып, ұзақ паналай алмайтын болғасын ұрланып, түнде Жоламан үйіне келіп ем, ол мені бір елеусіз танысының үйіне апарып жасырды. Мен осы хатты сол үйде жазып отырмын. Әлі ешкім сезген жоқ. Газеттен де оқырсың, Сағиттан да естірсің, әйткенмен, айта кетейін: бұл көтеріліс Омбы большевиктеріне де, абақтыдағы большевиктерге де қымбатқа тусті. Міне, менің алдымда алашорданың «Жас азамат» дейтін газетінің 1919 жылы, 5 январьда шыққан 18 саны. Осы санда «Көлбай, Шаймерден қашып шықты» деген мақаланы оқы! «661 кісі военно-полевой сотпен атылды,–- деп жазады газетте Омбыдағы көтеріліс туралы.–31 кісі каторжный жұмысқа кетті, 12 кісі соғыста өлді...» Бұл, әрине, кемітіп айтқан сан. Атыста өлген де, сотпен атылған да одан әлденеше рет көп.
Газетте атаман Шайтановтың: «Большевиктерді тыққан ауыл мен деревняны өртеу керек!» деген бұйрығы бар. Газетке жазбағанмен, Омбыдан қашқан большевиктерді іздейміз деп аттанған Шайтанов пен Кулаковтың отрядтары талай ауыл мен деревняның орнында күлін ғана қалдырғанын естіп отырмыз.
Ботагөз! Мен бұл хатты саған бір күн емес, екі-үш күн отырып жаздым. Әлі де жазарым көп еді, бірақ қысқартам. Қысқартуыма себеп: жаңа ғана осы үйге бір күдікті адам келіп кетті. Егер енді бірнеше минутта тығылмасам – ұсталып қалу қаупі туып отыр. Хатты осымен аяқтаймын. Міне, төрт-бес минутта мен бұл үйден жылысып шығып, шамам келсе Жоламан үйіндегі Сағитқа соғып, хатты берем де, одан да тез кетем.
Менің қазіргі минуттағы арманым – осы хатты Сағитқа тапсыру. Қолына тигізсем, оның қата қылмайтынына сенімім берік.
Ботагөз! Бір есептен қиындыққа шыдап, саған жетуді арман қылып ем, мұндағы жасырын партия ұйымы маған: «Қайткенмен, майданнан өтіп, Қызыл әскерге қосыл!» деп ұсынып отыр. Омбыдан аман кетсем, еркін жүре алатын документ жасап алдым.
Амандық болса, алдағы күзге шейін Қостанай жақтан Қызыл әскермен бір күні алдыңнан сап ете түсем. Сен сонда біздің әскерді қызыл жалаумен қарсы ал! Жарай ма?
Өліп қалсам... деген сықылды уайым сөзді мен бұл хатқа жазбаймын. Мен енді өлуге тиісті емеспін. Қызыл әскерге қосылып, қызыл жұлдызды берік пен қызыл жағалы шинельді киіп, қызыл туды желбіретіп, қыздыра айтқан қызыл әскер маршымен сен отырған ауылға кеп, аман-сау түсуге тиістімін. Сенен өтінішім: мені уайымдама! Жүдеме! Амантайды күт. Денсаулығыңды сақта. Қызыл жалаулық матаңды даярлай бер. Қызғалдақтай жайнайтын күнің жақын!
Ал, жаным Ботам! Қош... Амантайды мен үшін сүй!..
Жаныңдай жолдас – Асқар».
Омбы, 1919 жыл. Январь.
2
Есіл өзенінің биік жартасын жарып ағатын «Шын, бұлақтың» қайнап шығар басында, біреу іздеп таппаса, адам көрмейтін тастың қуысында отырып, 1919 жылдың августың он бесі күні, күн түске тармаса Ботагөз Асқардың осы хатын оқыды. Сол жаздың майының аяғында алған хатты оның бұл кем болса – пәлен рет оқуының біреуі еді.
Бірақ оның бұрынғы оқуы мен бұл оқуының арасында үлкен айырма болды. Хатты бірінші оқып қуанышты әсер алған ол: «енді жылауымды доғарайын, қуанышты тілек үстінде Асқарды қарсы алайын» деген қорытындыға кеп, содан кейін, егер қабақ шытар минуттары болса, хатқа қарайтын еді де, хат оның денесіне тарауға айналған уайым уытын тез тартып алып, көңілі жадырап жүре беретін еді.
Бұл жолы олай болмады. Оның жабырқаған көңілін хат жадырата алмады. Тастан тамшылаған бұлақтың суындай хатқа үңілген оның көзінен мөлтілдеген жас домалап отырды да, аздан кейін тамшыдан көбейіп, Есілге құюға сорғалаған судай көз жасы ағыла жөнелді. Ол бетін алақанымен басып өксіп-өксіп алды.
Ботагөздің бұлай жылауына себеп мынау еді: Асанның ауылында Асанмен құрбы бір жігіт өткен күз қайтыс боп, артында жас келіншегі қалды. Ол келіншек – түскеніне жылға толмаған, кескіні ажарлы, бір жігітке әйел болуға жарарлық деген адам еді. Аты Қалима.
Өлген жігіттің Алатай деген ержеткен інісі болатын. Бойдақ қайнысы болғасын ауыл-аймақ: «аға өлсе, іні мұрасы» деп, қайтыс болған жігіттің жылын бергесін, Қалиманы соған қоспақ болған.
Бірақ Қалима елдің ойынан шықпай, Асанмен көңіл қосып, соған тимек болды.
Алатай жеңгесінің, Асанмен жақындағанын бастапқы кезде сезбей, көптен соң барып білді. Ол әуелі қатаң келмей, Асанға ағайыншылық базнасын айта кеп:
– Жесір менікі, құдай болмаса адамның дауы жоқ. Бір қатынға татымайтын жігіт емеспін. Бір сайтан азғырған шығар. Ауыл үй қонып, ағайын боп отырған адамсың, жүрген-тұрғаныңды кешейін. Сен менің сыбағалы асыма қол созба!– деп өтініш етті.
Бұл сөзге басында ұялғаннан: «жарайды» деп жауап берген Асан, және де: «қойсам қояйын, ауыл-үймен аңдысып дұспан болғаным келіспес» деп ойлаған Асан, артынан Қалиманың сөзінен және шыға алмады.
– Мен өлерімді білетін адаммын,– деді Қалима Асанға, Алатайдың сөзін естігеннен кейін,– ол баста сенімен көңіл қосқанда, түбінде осы сөз боларын біліп сақтандырғам. Сонда сен: «неге болса да шыдаймын!» дегенсің. Тіпті уәдеңді бұзды деп ренжімес те едім. Мен қазір жүкті боп қалдым... Енді айнуыңның жөні келмейді. Өлсек, тірілсек те бірге болайық.
Қалиманың бұл сөзін естігесін, Алатайға берген уәдесінен Асан айнып:
– Ат-шапан айыбым даяр,– деді тағы бір сөйлескенде оған,– әуелде қара басып бір шырмалып қалып, енді босану қиын боп отыр. «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды». Бәріміз бір атанын, баласымыз. Бөтендігіміз жоқ. «Ерден кетсе де, елден кетпейді» деген. Сенің қатын алуың менің мойнымда болсын. Ат шапан айыбыңа бір қыздың қалыңын мен берейін. Сен есік көргенді алма, бесік көргенді ал. Уызың арылмаған жас жігітсің. Саған қызын кім бермейді? Ал, мен болсам, бұрын үйленген адаммын. Маған қызын жұрт талғап барып береді.
Асанның бұл сөзіне Алатай ер-тоқымын бауырына ала тулады:
– Өзің кімді мазақтайсың?!– деді ол, тігін кеп,– мен саған қалың беріп қатын әпер деп қашан айттым! Егер сен олай басынатын болсаң, менің сөзім қысқа. Өлмей, мен саған жесірімді бермеймін. Ағайыншылық сөзге көнбейтін болсаң: «жаумын» де де, тұрысатын жеріңді айт! Мен неге болса да шыдаймын.
– Шыдассақ шыдасайық,– деді Асан да ашуланып!
– Әй, рас айтасың ба?– деді Алатай түрегеліп.
– Рас айтқанда неғыласың?
– Не қылғанымды көр. Әкел қолыңды! Асан қолын бермеді.
– Ә-ә-ә... солай ма?– деді Алатай екіленіп.
– Менімен табан тіресуге жарамассың!
– Саған ол мықтылық қайдан келді!
– Көр, қайдан келгенін! Кезіңді желкеңнен шығарам! Үйіңе кімді сақтап отырғаныңды білемісің? Үйіңдегі әйел кімдікі?
– Кімдікі? Менікі!
– Атаңның басы!.. Абақтыға жабылған қызылдікі. Жәй-жәй-жәй, бар ғой, Асан, бір домалақ қағазды түртіп жіберсем, әлегін, аспаннан келеді. Сен мені түк білмейтін мылқау деп ойлайтын шығарсың. Мен сені ағайын деп аяп жүрсем, сен мені жат көріп таяйсың. Кәне, шыдасайық!
– Ойбай, білгеніңді қыл!– деді ерегіске қызып кететін Асан,– мені аяма!
– Рас па, әй Асан? Әкел қолыңды!
Екеуі қол алысты.
Бұл кеңестердің бәрін Ботагөз бір қаға беріс жерде естіп түр еді. Асан мен Алатай бірін бірі жегі қоярлықтай кез қараспен айрылғанда, Асқардан хат алғаннан бері басынан арылған қайғы тұманы қайтадан Ботагөздің жан-жағын қоршады.
– Апыр-ай, Асан-ай!–деді ол Алатай кеткесін, алдынан қарсы шығып, жылап,– бұларын, қалай?
– Ол не?– деп Асан білдірмеген болып еді, Ботагөз естігенінің бәрін айтты. Асанға енді тануға болмай қалды.
– Оған уайымдама, Ботагөз!–деді Асан,– сабындай көбіктенгенмен, сол неме не бітіреді дейсің. Аузы айтады. Әйтпесе, оған күш қайдан кепті?
Ботагөзді жұбатқан Асанға, егер келіншекті алмаса Алатайдың алдында одан қорыққан жасық адам болатындай көрінді де тұрды. Сондықтан ол: «не қылса да алмай қоймаймын!» деген сертке мықтап бекінді.
Осы кезде сол маңайға алашорданың соты келді. Байтөбет үйінде жатып сот құрған судьяға Асан жолығып, үш жүз сом пара беріп, келіншекті алып беріңіз деп уәделесті.
Асанның ізін аңдып жүрген Алатай, үш жүз сом бергенін түн қараңғысымен пайдаланып тыңдап жатып, болған істі бұлжытпастан Байтөбетке баяндады. Ел жайлауға шыққанда Байтөбет қонатын жерге Асан бұрын барып үйін тігіп қойып, Байтөбетпен екеуі жанжалдасып қалған еді.
«Құланның қасынуына, мылтықтың басуы» дегендей, Алатайдың Асанмен жанжалы Байтөбеттің ойына дәл келе кетті.
– 300 сом түгіл 3000 алса да судьяның мойнын бұрап берем!– деді Байтөбет Алатайға,– бірақ сен өзің берік бол. Түбінде ағайыным еді деп солқылдап қалып жүрме. Үйтсең осы бастан мен кіріспеймін.
– Менде ағайыншылық біткен,– деді Алатай сендіріп,– одан маған енді орыс жақын. Қолдан келетін не қастық болса, мен бәріне даярмын.
Алатай Байтөбетке Ботагөз туралы білгенін айтты.
– Бәсе!–деді Байтөбет,– Қосшыбай айтқан еді! Рас болды...
– Осы қатын кімдікі?
– Асқар Досанов дегендікі. Ол Омбыда ұстауда жатыр еді, к,ысты күні түрмеден қашты деп кәзитке жазды ғой. Өлі-тірісін білмеймін.
– Дәл үстінен түстін,!– деді Алатай, Асқардың кім екенін білмесе де,– нақ соның өзі!
Жұмысын орындаса Алатайдан қасқыр ішік алмақ болған Байтөбет, судьяға айтып еді, алып қойған парасы болғандықтан: «әйелдің басына бостандық қой» деп ол бұлталақтады.
Бірақ Байтөбет түптен кеп шынын айтқанда – судьяның көзі шарасынан шығып кетті.
– Оның қатынын жасырса,– деді ол үрейленіп,– не қылса да рауа. Онда мен пікірімнен қайттым.
– Сіз бұл іске кіріспеңіз,– деді Байтөбет,– ақсақалдың билігіне тастап жүре беріңіз. Кейінгі тынымын мен өзім істеймін.
– Жарайды.
Судья Асанның арызын ақсақалдардың қарамағына қалдырдым деп басқа жұмысын бітіріп, жүріп кетті.
– Мұныңыз қалай?–деген Асанның, сұрауына:
– Сондай заң бар,– деді ол, әуелі ақсақалдар қарайды. Егер олар бітіре алмаса біз қараймыз. Мен жақында айланып келем. Соған шейін бітірмесе, өзім бір жайлы қылам.
Сол кеткеннен судья оралмады. Байтөбет Қалиманың төркініндегі ақсақалдарға кісі салып, болып жатқан оқиғаны айтып хат жазып: «не қылған күйде қайын інісіне қосыңдар, ат, шапандарын, даяр» деп өтініш етті.
«Байтекеңнің сөзін орындаймыз» деген хабар келіншектің төркіні жақ ақсақалдарынан келіп қалды. Осы хабарды алғаннан кейін ерегіске, намысқа белін буған Асан төркіні ертең келеді деген күні түнде Қалиманы ұрлап алып қашты. Алатай қанша сақтық істегенмен айрылып қалды.
«Ит ашуын тырнадан алады» дегендей, Асан Қалиманы алып қашқанның ертеңінде Алатайдың жақындары жиналып Асандікіне келді де, Ботагөзге қатты-қатты сөздер айтты.
– Ә-ә-ә!..– деп кекетті олар,– сен осындай ма едің? Бәсе, бұл неғылған оңай олжа деп ек!..
– Бір келіншек кетсе, біреуі мұнда ғой,– деген сездер шықты кейбіреудің аузынан,– біріне бірі татитын ғой. Ауыр-ауыр сөздер айтып, Алатайдың жақындары тарады.
«Шыңбұлақтың» басына барып, Асқардың хатын оқып, Ботагөздің жылауы осыдан кейін.
– Не күйге ұшырадым?!–деп жылады Ботагөз.– Енді не болдым?..
3
Байтөбеттің сәлемімен – екпіні ел кешіргендей боп келген төркіні Қалиманың орнын сипады.
– Сенің бір ауыз сәлеміңмен келдік,– деді төркін жағының атқамінер, ақсақалдары, алдынан күтіп, Асан аулында отырған Байтөбетке,– біз сенің жағыңдамыз. Тентектің сен басын кессең, біз аяғын шабуға дайынбыз. Жұмыс былай боп қалған екен. Бұдан үлкен істің де тетігін табатынсың. Ендігісін өзің реттей бер, бізде бөтен сөз жоқ.
– Бір жайы болар, жата-жастана кеңесейік,– деп Байтөбет, Қалиманың төркінін Асанның үйіне және оның жанашырларына бөліп түсіртті.
– Жайым келмейді,– деп Асанның кейбір кедей ағайыны күңкіл шығарайын деп еді:
– Пәле жоқта пәле түсіріп!– деді оған Байтөбет, ақырып,– енді қипақтайын дедің бе? Өшір үніңді! Мен емес сендерге біреудің жесіріне зорлық қыл деген! Жансарының баласы көкіп кетіп едіңдер. Іздегендерің пәле еді. К,ұдай іздеген пәлеңді шаңырағыңнан түсірді. Енді шыда!..
– Соятын малдың реті жоқ еді...
– Астыңдағы жалғыз атыңды сой, сауып отырған жалғыз сиырыңды сой!.. Онда менің қанша ақым бар? Егер де қонағыңды күте алмасаң маған өкпелеме!..
– Үйі-күйі басқа адамбыз ғой, «Жансарының баласы» дегенмен, Асанмен біз бес-алты атаға келіп қалдық. Ол үшін бізді жазғырма!–деп біреулер жалынып еді...
– Көйлектей ағайыны сен күймегенде, Асанның отына күпідей ағайыны мен күйем бе? Осының, боларын біліп айтқанымда мықтымсынып болмап еді, тартты енді сазайын. Жайшылықта Асанның соңына еріп, басына іс түскенде қашамысың. Ол сөзді маған естіртпе!– деді Байтөбет.
Жансарыға қараған бес-алты үй болатын еді. Қалиманың төркіндері бірінен соң біріне жылжып соларда екі күндей жатты. Қолда бары қолдағысын сойды, қолда жоғы сатып алып сойды, сатып алуға күші жоғы борышқа алды, әйтеуір, Жансары тұқымы тырп ете алмай, дауға жиналған 40–50 кісіні күні-түні етке жықты да жатты. Қонағасысын көңілдегідей бермегендер Байтөбеттен таяқ та жеді.
Байтөбеттен құдалар екі күндей осылай сый қонақ боп жатқанда: «Асанды табыңдар, осы маңайдан ұзаған жоқ шығар. Елді атыстырмасын. «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқасын» деген мақал бар. Райдан қайтсын. Жесірді әкеп берсін. Күнәсін кешейік»– деп Асанның жанашырларын жұмсап еді, олар Есілдің тоғайын қыдырып, таба алмадық деп қайтып келді.
Шынында олар тапты. Сенімді бірер жігітке Асан жататын жерін айтқан еді. Бірақ тапқан адамдардың: «Қалиманы үйіріне қос, елді бүлдірме!» деген сөзіне ол көнбеді.
– Әліптің артын бағайық,– деді ол тапқан адамға,– не қылар дейсің. Бітімге келіп мал алатын болса, ол жабдығын істеңдер. Егер малға бітпесе білгенін қылсын. Онда қашпаймын. Үйге барам да жатамын. Әуселелерін көріп алам!
Тоғай ішінде тығылып жатып, Асан жан-жақтағы, баяғыда окоп жұмысына бірге баратын жігіттерге астыртын сөз салып еді, олар:
– Шыдасын, қорықпасын,– деп хабар айтты,– егер бітімге келмей зорлық істеймін десе – біз сойылыңды соғуға даярмыз!
Алатай да, Қалиманың төркіні де мал бітіміне келмеді. «Даудың кісісі емессің, басыңды даумен әңкі-тәңкі ғып қайтесің мал ал да біт!» деген сөзге Алатай әуелі солқылдап еді, Байтөбет оны қайрап: «Бұл қорлыққа көнгеннен де, осының жолында ел!» деп ширата берді.
Жасырын да, ашық та Асанды іздетіп, табудан күдер үзе бастағасын, Байтөбеттің ақылымен Алатай Ботагөзді айналдыруға кірісті.
– Менен кетті деп кеміткенім емес,– деді ол, Ботагөзге сөйлескенде,– жеңгем сенің тырнағыңа тұрмайтын әйел. Сайтан азғырғасын амалың бар ма? Әйтпесе, сені тастап оны алатын Асанның жолы жоқ еді. Бұл жалғыз мені емес, сені де қорлағаны.
– «Көсеу ұзын болса, қол күймейді» деген сөз бар,– деді Ботагөз, Алатайға сыр бергісі келмей,– қайтер дейсің. Алмағай еді. Алып қалғасын әйелдік қып бетінен алып қайтейін. Екі қатын алған жалғыз ол емес. Мен қызғанбаймын. Ал, сен де дау іздей берме. Аға езіңдікі. Қайта, мен қызғансам, әйелдік істеме деп сенін, ақыл айтатын жолың бар емес пе? Бәрін, бір атаның баласысыңдар. Ағаңның бір айыбын кеш. Ат, шапан ба, одан кеп бола ма, жұрт кескен айыбыңды ал да бітіс!.. Бір ауылдағы азғана он шақты үй қандасып қайтесіңдер?..
– Жоқ, Жамал!– деді Алатай көнбейтіндігін айта кеп,– Асан менің көңілім жібір іс істеген жоқ. Рас, жесірі кеткен жалғыз мен емес. Жесірдің елден кетсе де ерден кетпейтіні рас. Бірақ менің Асанға өкпем: ағамның жылы бітсе не етті? Мен оның жылын беріп, батасын оқытып, жеңгемнен: «жарықтығым, жас адамсың, отырсаң да, кетсең де еркің» деп сұрасам не етті? Сонда жеңгем маған тоқтамай: «мен құрықты Асанға салам» десе өкпем бар ма? Ол елдің ғұрпы емес пе? Олай істемей, ағамның өлгеніне табасы қанғандай, ағамның топырағына шеп шықпай жатып, жылын бермей отырып, Асанның жау боп түскені – өлсем сүйегіммен кетеді.
Ботагөзбен біраз арбасқан Алатай, көңілдегі ойын кеп кешікпей айтты.
– Сөздің адалы керек,– деді ол,– мен қанды қанмен жуам. Жесіріне жесірін алам. Мен сөздің турасын айтайын. Бітер жерімді айтайын.
– Айт.
– Айтсам: не жесірімді қолыма әкеп бермей, не жесірімнің орнына оның жесірін алмай – мен Асанмен бітіспеймін. Егер ол болмағанда, қай әліміз келгеніміз бір-біріміздің қанымызды ішеміз. Сөзді ашып айтайын: сенің де, менің де кегіміз қайтсын, мен де Асаннан кеммін деп жүрген жігіт емеспін, сен маған ти!
Ботагөз түрегеп жүре беріп еді:
– Әй, Жамал!– деді Алатай.– Рас көнбей кетіп барасың ба?
Ботагөз үндемеді.
– Жоқ, айт шыныңды!
– Мен саған борышқа тием дей алмаймын,– деді Ботагөз бетін бұрмай.
– Рас қой?–деді Алатай қатарласа беріп, түйіліп.
– Рас!
– Жоқ, тиерсің!
Ботагөз ерегісуді қажет көрмей жүре беріп еді...
– Тоқта!– деді Алатай иығынан тартып,– мен білем сенің кім екеніңді.
– Кіммін?– деді Ботагөз тайғақсып.
– Сен ақтар абақтыға жапқан, қызылға жазылған адамның қатынысың. Сені Асан үйіне тығып отыр. Сен Асанның қатыны емессің.
– Жібер!– деді, жылдамдата соққан жүрегі кеудесіне сыймаған Ботагөз, Алатайдың қолын итеріп.
– Енді ұқтың ба?– деді Алатай қолын босатып,– не сен маған тиесің, сүйтіп жан сақтайсың. Не күні ертең өзіңді көрсетіп, ақтардың қолына берем.
Ашулы адыммен Алатай кетіп қалғанда, дірілдеген буындары денесін көтере алмай, Ботагөз жерге отыра кетті. Қысылғаннан оның маңдайынан тер бұрқ ете түсті. Оның басына ой, көзіне жас келмеді. Оның денесін сана емес, үрей биледі.
– Сөйлестің бе, бала?– деп сұрады, іңірде далада отырған Қалиманың төркіндері мен Байтөбет.
– Сөйлестім.
– Қалай, икемге келетін бе?
– Жоқ, келер емес.
Байтөбет қонақтарға Ботагөздің кім екенін, қалай келгенін сыр ғып айтып еді...
– «Қатын қайраттанса қазан қайнатады» деген,– деді құданың біреуі,– жоқтап жатқан төркіні жоқ. Болысар адамы жоқ, егер Алатайдың өзі ұнатса зорлап апарып енгізу керек. Оған Асан да қарсы болмайды. Содан кейін сүйегімізді Асаннан біз өзіміз-ақ іздеп алайық. Алатайға ат-шапан айып алып берейік. Бізді немен разы ғып қайтарарын тағы сөйлесеміз ғой.
– Ерегіскесін, бір жұма қатынданып, тастап кетсең нең кетеді?– деді Ботагөзді алмаймын деген Алатайға біреулер,– алмаймын деуің дұрыс емес. Артының бір жөні бола жатар. Күшігіне тақым бұрау салып қаңсылатса, қасқырдың қаншығы жетіп келетінін білемісің? Асан да қасқыр мінезді қатты жігіт. Егер мына қатынға жаны ашитыны рас болса, мұның жанына батыра іс істесең қолыңа өзі кеп түседі. Қызымызды көзге бір көрсетші, Асан түгіл кім алып қашса да, мойнын бұрап берейік!
Алатай кенді.
Ақсақалдардың қаулысы: Асанның үйіне үш-төрт жігіт жіберіп, Ботагөзді көнбесе, зорлықпен Алатайдың үйіне алып баруға қосты.
– Бұларың келісер ме екен?– деген күңкілді Байтөбет басып тастады.
– Қарыстыр жағыңды!– деді ол жекіп.
Байтөбеттің әмірімен, Алатайға тілектес төрт-бес жігіт Асанның үйіне іңір қараңғысын жамылып, білектерін сыбана жүріп кетіп еді, аздан кейін Асан үйі жағынан шаң-шұң дауыс, төбелестің дыбысы, боқтау сөздер естілді.
– Бұл не?–десті отырып қалғандар үрейленіп, түре геп.
– Асан үйінде екен,– деді біреу жүгіріп кеп.
– Қалима ше?
– О да үйінде.
Әлгілер соған таласып жатыр ма?
– Таласқанға болатын емес. Үйі толған жігіт.
– Олар кім?– деді Байтөбет.
– Әр ауылдан да бар көрінеді. Төбелесіп күш келетін емес. Алатай төбелесем деп еді, Асанның жігіттері төбелеспей, аяқ-қолын ұстап, еркіне жібермеді.
– Бұл қай бассыздық!– деді Байтөбет тұлданып,– бұл енерді оларға кім үйреткен. Жүр, кәне, барайық, көрейік қырғанын!..
– Байтеке, сабыр!– деді біреулер, Байтөбет Асан үйіне жүруге беттегенде,– сөз бермей кетпес, ашу үстінде барып, біреу-міреу жазатайым болар. Кепке топырақ шаша алмассың.
Байтөбет аз кідіріп, бәсеңдеді.
4
Құттыбай ауылы күздікке екі жарылып қонды: төрт-бес үй Алатаймен бір бөлек, бес-алты үй Асанмен бір бөлек. Асан Қалиманы алды. Қалиманың туған әкесі: «Мен даудың кісісі емеспін, бітісемін, баламды көрмей отыра алмаймын!» деп еді, сол маңдағы атқа мінерлер: «Байтекеңе берген уәдеміз бар, елден шығам десең өзің біл, біз саған қосылмаймыз» деді. Олардың сөзіне болмай, Қалиманың әкесі Асанмен табысты.
Байтөбеттің ұйтқуымен Қалиманың төркін жағы Жансарыға қараған бес-алты үйдің он шақты жылқысын барымтаға алды. Ол барымтаның қаруын қайтаруға мүмкін еместігін көрген Асан амалсыз шыдады. Теңдік әпермейтінін біліп, үкімет орындарына бармады.
Байтөбеттің ақылымен Алатай Асанға қастықты екі жүйеден іздеді: біреуі – жақын жерден малына қастық істеу, реті келсе Асанның жанына да қастық істеп, кезегі келетін болса өлтіру; екінші – Ботагөзді жасырғанын алашорда мен Колчак үкіметіне білдіру.
Асанды талай тосқауылдап, өлтірудің ретін таба алмаған Алатай, Жансарыға қараған бес-алты үйдің қой, тайша-торпақ, тай-құлын сықылды малдарына бөрідей тиді. Құрығы жеткен малды ол жасырып та, көрсетіп те сойып жей берді.
«Мал ашуы – жан ашуы». Бірер тоқты-торымға шыдаған Асан, Алатайдың қылығы шектен шығып бара жатқасын, қол-іске қол-іс жұмсағысы келіп еді...
– Малды мықтап күзету керек те, қандаспау керек,– деп жалынды Ботагөз.– Алатайды желіктірген Байтөбет екенін көріп отырсың. Қайтесің, амал жоқ. Бұл заң тұрғанда саған қиын болатыны рас. Жасқанып, үкімет орнына бара алмайсың. Ақсақалдар саған өшігіп алды. Қайтесің, шыда!
Алатай біртіндеп жұмсарып, бірлігін берді. Оған қуанған шөпшілердің біреуі үйінен тоқты алдырып сойып, бәрі мәжілістесіп бірге отырып ет жеп, «кегіміз бітті» деп қол алысты. Шөпшілер Асанға ат, шапан айып кесіп, атына өзінің маңдайына басқан күреңін, шапанына түйе жүн шекпенін беруді өтінді. Асан оған көніп еді.
– Жоқ, алмаймын!– деді Алатай,– әуелде намысқа кірісіп тулағаным рас. Енді шын бірлігімді беріп, қалтқысыз табысқасын айып алып қайтейін. Кешкесін, түгел кешем.
Шын табысқандығын көрсету үшін Алатай Асанға сырын айтты.
– Ашумен,– деді ол,– Байтөбеттің ұйтқуымен сот орнына сені қызылдың әйелін тығып отыр деп арыз беріп ем. Ерте бергем. Әлі сыбыс жоқ. Аяқсыз қалса жарады. Егер аяқсыз қалмай, зәуі-сайтан үкіметтен кісі келетін болса, маған ішіңе бүкпе сақтадың деп ренжірсің. Ол сырымды жасырмайын.
– Өзің адал келсең оны қойшы, тәуекел, көріп аламыз,– деді Асан.
– Бәсе,– деді басқалары,– өздерің табысқасын ол не қылады. Келер де кетер.
– Егер келсе тегін кете қоймас,– деді Асан.– Бірақ, мен оған Алатайды енді кінәламаймын, Егер Алатайдың қолында сондай әйел тұрып, мен Алатаймен араз болсам, мен де үкіметке білдірер ем. Енді, татуласқасын ол үшін не көрсем де, мен Алатайға өкпелемеймін.
– Байтөбет ит түбіме жетті,– деді Алатай шын көңілден кейіп,– дауыңа көмектесем деп, іш-майымды сорып та болды. Мен, бар болғыр, атағына алаңғасарланып шаба бердім. Жауыз талайды осылай тақыр мұзға отырғызды дейтін еді, мен де отырдым.
– Болар іс болды,– десті қасындағылар,– оған өкінбе. Енді осының айласын іздеу керек.
– Мен таптым айласын,– деді бір шөпші,– екі туып бір қалғаны емес, басыңның аманында бұл әйелден құтыл. Әркімнің өз жаны тәтті. Біреу үшін отқа күйме. Әйелді бір түнде бір жаққа апарып таста. Содан кейін соттан кісі келсе: «көрмедім, білмедім!» деп отырып ал, не «қашып кетті» де. Сонда саған не қылады?
Бұл ақылға:
– «Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені, емен ағаштың иілгені – сынғаны»,– деді ол, Асқардың кім екенін айта кеп,– жалғыз мен емес, осы елдің барлық окопқа барған жігіті: «бұл әйелді сақтаймыз, ешқайда жіберме!» деп отыр. Асқардың жақсылығы елдің жігітіне сіңген. Ол әлденеше мың жігітке пана болған. Ал, біз рулы ел болып, бір әйелге пана бола алмаймыз ба? Мына қызылдар келе жатыр. Асқар қызылдың ішінде деген хабар алдық. Анық хабар.
– Онда жақсы екен.
– Ертең Асқар аман келсе, не бетімізді айтамыз. Әлдекімнің әйелі болса мен оны не қылайын. Мен өзім бұл әйелді сақтап үйіріне қосу үшін неге де болса шыдаймын.
Асанның серті беріктігін көрген шөпшілер, ұсыныстарын қайталаған жоқ. Етті жеп, белін шеше, сырларын ақтарып, «ер тәуекел!» деп бірлікке келген Алатай мен Асан жай-жайларына тарады.
Бұл хабарды қосына кеп хабарландырғанда, Ботагөз де, Асанның ағайындары да қатты қуанды. Асанды татулыққа жұмсағандары үшін олар Ботагөзге алғыс айтты.
– Бүкіл ел боп тетігін таппаған істің тетігін таптың-ау, шырағым,– десті қартаң адамдар Ботагөзге,– көп жаса! Осы татулықтың ертеңіне Асан мал сойып, Алатайды жолдастарымен қонаққа шақырды. Қалтқысыз татуласқан ағайын: «жақын арада жұрт жаңартып, бөлінген ауылды біріктірейік» деп ойнап-күліп ас ішіп тарады. Содан кейін үкімет орнынан кісі кеп қала ма деп екі жағы да құлағын түрік ұстағаны болмаса, өзді-өзінен қастық күткен жоқ. Мал да, адам да бұрынғыдай еркімен жайланды. Екі жағы да шаруа жабдығына тиышталып кірісті.
Бұл татулықты естіген Байтөбет бұрқанып, өзі кеп Алатайға:
– Сенде сүйек жоқ, кәпір, нағашың жаман еді, соған тартқан екесін. Бұдан да өлсең еттің!– деп ұрсып еді:
– Мен дау иесі емеспін, шаршадым,– деп жауап беріп, Алатай ол сөзге уәдесінен толқыған жоқ.
– Ендеше, менен жақсылық күтпе!– деп, көндіре алмаған Байтөбет, ашуланып кетіп қалды.
Асанның ауылы Есілдің жайпақтау бір қабағына қонған еді. Жайпақтың сайы Есіл тасығанда су кеп құйылатын алап болғандықтан қалын, шабандық. Жансарыға қараған бес-алты үйдің ер азаматы осы сайда шөп шауып, күндізгі сусынды шабындық басында ішеді де, кешке үйге кеп қонады.
Сол жыл Есіл де мол тасып, жаз жаңбыр да жауып, егін мен шөп тамаша көп шықты. Құрғақшылық жыл түгелімен ұйпайтын Есілдің шабындық сыбағалы алабының Жансары тұқымы мұртын да баса алмады. Ол ел аздап егін де егетін еді. Шабылған шөпті алдағы қысқа артығымен жетеді деп шамалағаннан кейін, Асан басқарған қостың тең жарасы егін жинау жұмысына шықты. Екі-үш еркек пен және үш-төрт жас әйелдермен Асан шабылған шөптерді шабындық орнына маялап үюге кірісті. Күзгі өрттен сақтанып, шапқан шөпті шабылған орнына үйіп, айналасын не өртеп, не қара жыртынды ғып тастайтын ол елдің ескі әдеті еді.
– Бейнеттеніп қайтесің?–деген Асанның сөзіне болмай, мая үйісу жұмысына қатынасқан жас әйелдердің, ішінде Ботагөз де жүрді.
Алатайдың «көрсетем» деген сөзін естігесін, ол біраз уақыт мазасызданып еді, Алатай мен Асан табысқасын Асқардан хат алғаннан кейінгі қуанышты қалпына түсіп, жадырап кетті.
Алатайдың өтінішімен біреулер:
– «Сондай ажарлы, жас әйелмен бір үйде жатып сау деп ойлайсың ба? Сен оған сенбе. Қаланың өзінде көңіл қосып, содан кейін әкелгенін анық білетін кісі бар. Өзің ойлашы! Жақындығы жоқ, айдаладағы біреудің әйелін біреу үйіне әкеп асырай ма? Ол жүлік әйел. Асанның басын айналдырып алған. Байқа түбінде көзге түрткі боп жүрме. Осы бастан басындырма! «Е!» десе «ме!» де.
Жұмсағанына көнбе. Жұмысқа бірдей жүргіз. Ретін тапсаң – Асанмен араздастырып кетірудің қамын ойла!»– деп Қалиманы азғырған-ды.
Ботагөздің кім екенін анық білмейтін Қалима, бұл сөздерге басында сене жаздап, Асаннан сұрап еді, Асан шынын айтты. Оған да түгелімен сенбеген Қалима, екеуінің жүріс-тұрысынан, көзқарасынан сынап еді, күдікті ешнәрсе, сезе алмады. Содан кейін ол күдікті ойды көңілден шығарып, Ботагөзбен дос боп кетті.
Келіні еместігін білгесін «бұрынғы көңіл өзгере ме!» деп Ботагөз Масатыдан да қорқып еді, Ботагөздің кім екенін білгеннен кейін, бұрынғы жақсы көруін о да өзгерткен жоқ.
– Келін дегенің мынадай боп шықты-ау, бетім-шіркін!– деп таңданған абысындарына:
– Жалғызымның өмірін сұраудан басқа тілек менде жоқ!– деді Масаты, баланың бір білгені бар шығар. Маған сөз не керек.
– Әлі де жақсы көресің бе?– деген сұрауға:
– Жек көріп не қылайын,– деді Масаты,– өзіме зияны тиген жоқ. Тіпті, сол шіркін туған баламдай боп кетті. Ана біреу нәрестесінің иісі өзіме сіңіп қалған. Жақсы көргесін: туған, тумағаны бәрібір екен. Құдайға күнәлі болсам да айтайын: сол нәрестенің, тілегін жалғызым Асаннан кем тілемеймін. Ертең аман-сау Жамалдың күйеуі келіп, қатын-баласын алып кетсе,– деді Масаты көзіне жас ап,– үйреніп қалған Амантайдан айрылуым қиын болады-ау деп жүрмін.
Осы сөзден кейін абысындары Масатының Ботагөзге ықласы ауғанын көріп, достары үндемеді; Алатайдың намысын жыртқандарының сөзін Масаты тыңдамады. Әйткенмен, Асан Ботагөз мәселесі ашылғаннан кейін маңдайына басқан жалғыз атын баптап, болашақ қауіпке даярлық істеді.
«Егер үкімет орны іздейтін болса,– деп ойлады ол,– Ботагөзбен жасырынайын. Қызылдар тез келеді деген сөз бар ғой».
Осындай ойда жүрген Асан, бір күні түс кезінде Ботагөзді арбалы атпен ауылдан қымыз әкелуге жұмсады. Шөпшілердің мая үйіп жатқан жері ауылдан екі шақырымдай еді. Арасында сайлар, тоғайлар болғандықтан жақын жер болғанмен ауыл шөпшілерге, шөпшілер ауылға көрінбейді.
Қорапсыз тарантасқа жеккен жуас атпен Ботагөз ауылға келсе, Амантай томпаңдап үй алдында ойнап жүр екен. Қасында Масаты. Бұл кезде оның ептеп тілі шығып, аяғын апыл-тапыл басып қалған кезі еді. Және дені сау, тәрбиесі жақсы болғандықтан денесі жас жарымда дерлік емес, екі жарым, үште дерлік.
– Әп-пә!..– деді Амантай, Ботагөзді көріп, аттаған сайын сүрініп, ұмтылып.
– Әу, құлыным!..
Көзінен екі елі таса болса сағынып қалатын Амантайды Ботагөз жүгіріп кеп жерден көтеріп алды да, құшағына қысып, бетінен мейірлене сүйді.
– Жылады ма?– деді ол Масатыға.
– Жоқ, шырағым. Қаймаққа езген ақ ірімшік жеп тойып алды. Жаңа қойдың піскен сүтін бердім.
Үйден қымыз қотарып алған Ботагөз, Амантайға алданып, оны ойнатып, былдырақтатып сөйлетіп, сөздеріне шегі қата күліп, үйден кешігіңкіреп шығып еді – табалдырықты аттай беріп үйге сұп-сұр боп қайта кірді.
– Немене?– деді Масаты, Ботагөздің сұрланған ажарына қарап.
– Мылтықты біреу түсіп жатыр,– деді Ботагөз дауысы дірілдеп.
– Қойшы, қарағым.
– Рас!
– Орысы бар, қазағы бар, үйге бес-алты милиционерлер сау етіп кіріп келді. Іштерінде Алатай. Бұлар Алатайдың арызы бойынша Н... қаласынан алашорда мен ақтардың Асанды ұстауға жіберген адамдары еді.
Милиционерлердің жай келмегенін жорамалдаған Ботагөз, буыны дірілдеп, жүрегі тулап, әйткенмен, сыр бермеуге тырысып, «мұнысы қалай» дегендей, Алатайдың кескініне қарап еді, о да сұп-сұр екен.
– Осы қатын ба?– деді қазақ милиционердің біреуі Ботагөзді нұсқап, Алатайға.
Алатай үндемеді.
– Мен... Саған... подлец...– деді милиционердің біреуі, Алатайға саусағын безеп, көзімен ішіп-жеп,– көресіңді көрсетем! Арыз бересің, содан кейін танасың!.. Үкіметті ойыншық қылғың келе ме?..
Алатайдың неге сұрланып тұрғанын Ботагөз сезді. Оң жақ шекесінің көгеріп іскенін көріп: «ұрған екен ғой, сорлыны» деп ойлады ол.
– Сен кімнің қатынысың?–деді, тағы бір милиционер Ботагөзге көзін қадап.
– Асандікімін.
– Қай Асан?
– Осы үйдің иесі.
– Атың кім?
– Жамал.
– Өтірік айтпа. Жамал емес, Ботагөз! Сен Асқар Досановты білемісің?
– Бұрын білетін ем, қазір білмеймін.
– Сен оның әйелі болдың ба?
Бұл арада: «болғам жоқ!» деуден пайда шықпайтынын байқаған Ботагөз, басқа әдіспен алдауға ойлап:
– Болдым,– деді,– бірақ айрылдым.
– Арестовайт еткесін, әрине, айрыласың? Сен неге оны тоспай байға тидің?
Милиционер залымдық күлкімен кескінін құбылтып көзін ойнақшытты.
– Тосып қайтем?– деді Ботагөз, дірілдеген денесін зорға билеп,– жас әйелмін, байға тидім.
Ботагөздің көзі сол кезде Масатыға түсіп еді, Амантайды баурына басып, кебеже қасында түрегеп, адам пернесі кетіп, құты қашып тұр екен. «Сіз далаға кетіңіз» дегендей Ботагөз оған көзімен ишарат қылғасын, Масаты түсініп, шығуға айналғанда:
– Отыр, кемпір!– деді бір милиционер ақырып,–- тырп етпе!
Сасқан Масаты шегініп, орнына барды.
– Сенімен қалжыңдасып тұруға уақыт жоқ!– деді милиционердің бірі түсін суытып,– сен абақтыдан қашқан большевиктің қатынысың. Қайда кеткеніңді білмей жүр ек. Мына подлец,– деді Алатайды нұсқап,– әуелі арыз беріп, енді танып тұр. Тансын!.. Көрсетеміз оған, танғанды!.. Сен, қатын, қалжақты қой, шыныңды айт! Абақтыдан қашқан Асқар Досанов бұл үйден қашан кетті? Әлде, әлі де осында тығылып жатыр ма?
– Мұнда Асқар келген жоқ.
– Ә-ә, жасырасың ба? Асан қайда?
– Шөпте.
– Сен айт, Асқардың қайда екенін!– деп милиционер, ұшы шоқпарлы резеңке қамшыны безеп, қолын көтеріп, Ботагөздің қасына төніп келді.
– Көрмегесін қайдан айтам!– деді Ботагөз.
– Мә-сағ-ған, көрмеген!– деп милиционер Ботагөзді қамшымен иықтан айқыра тартып-тартып жіберді.
Резеңке қамшы осқан арқасы, пышақ тіліп кеткендей Ботагөздің аузына:
– Апа-ай, өлдім ғой!–деген сөз түсіп кетті. Ботагөздің ышқынған даусы Масатының құлағына адамның емес, әлдененің үні боп естілді. Ол үннен есі шыққан Масаты:
– Қарағым-ай!– деп Ботагөзге ұмтылғанда...
– Кет, кәрі ит!–- деп милиционердің біреуі кеудеден түйіп жібергенде. Масаты шалқасынан түсіп, қолындағы Амантай ұшып кетті.
– Мына бұзылғандар қайтеді, ойбай!– деп Масаты орнынан тұра, шыңғыртып ұрып жатқан Ботагөзді арашалауға тағы ұмтылды.
– Кім бұзылған!– деп милиционердің біреуі наганын ұсынғанда, тілін ашулы саусақ тартып қап, наган гүрс етті. «Ах!» деген ышқынған дауыспен Масаты кеудесін алақанымен баса құлады.
Жерге ұшып түскен Амантай іле түрегеп, бақырып жылап, қамшыдан басын қорғаған шешесіне ұмтылып еді, милиционердің біреуі аяғымен қағып құлатып, басып кетті. Баланың жан дауысы шықты.
Үйдің іші азан-қазан, у-шу болды. Бірақ бұл шу адам баласының шуына ұқсаған жоқ. Ол шуды тыңдаған Алатайдың денесі түршігіп, тұла бойы шымыр-шымыр етті.
5
– Бұл үйге жан адамды қатынастырма, ауылдан ешкім оғаш шықпасын, қашқанын ат. Ауылға келген адамды ұстап, қама!– деп милицияның бастығы бұйрық беріп, бір милиционерді Асан үйінің, есігінің алдына қойды да, біреуін атқа мінгізіп: «ауылды айналып жүр!» деп, өзге төртеуі! – Алатайды алып, Асан жатыр деген қосқа тартты.
Милицияшылардың келген хабарын Асан олар аулына бармай-ақ естіген еді.
– Тығыл, тығыл!– деген еді Асанға, Алатай қосынан біреу жайдақ шауып келіп.
– Неге?
– Жау келді. Сені іздеген милиция елге қаптап кетті. Біздің қосқа кеп, Алатайды шыныңды айтпадың деп сілесін қатыра ұрды. Түнде Байтөбет үйіне қонып шығыпты. Өздері мас. Сені көрсе... «тік атамыз» дейді. Біздің ауылға кетті.
– Ойпыр-ай, онда, ауылға бүлік салады екен ғой. Ботагөз қолда қалды-ау!.. Ауылды әлекке ұшыратпай, барсам қайтеді?
– Қой!–десті, өзгелері шу ете түсіп,– көзге көрінбе. Жазым қылар. Қатын-қалашқа не істей қояр дейсің. Біраз ақылдасқаннан кейін Асан да, қасындағылар да тоғайға тығыла тұруды ұйғарды.
– Ауылдағы бар естияр еркек жалғыз Байғазы шал,– деді Асан, тығылар алдында,– егер бізді таппай кетпейміз деп қонатын болса, сол үйге түсіру керек. Әйелдерді ауылға қайтарайық. Хабарды солардан айтайық. Жантас, сен үйімде арақ бар деп жүр ең ғой?..
– Қалаға апарып сатамын ба деген он бөтелке самогон бар еді.
– Сен соны Байғазыға бер. Кешке милицияларды суарсын.
– Неге, байғұс-ау!
– Келгесін олар тегін кетпейді. Мас қылып, түнде мылтығын сыпырып алып, арбаға көлденең таңып ағаш арасымен алысқа апарып тастау керек.
– Онда жақсы бола ма?
– Бәрібір өлеміз. Одан да солай істейік те, қашан кеткенше жасырына тұрайық. Осы Есілдің тоғайы мен орманы бізді жасыруға жарайды.
– Ұйғарғаның болсын!– деді Жантас.
Сөз осыған қойылғаннан кейін әйелдерді ауылға қайтарып, қасындағы жігіттерін жан-жақтағы ауылдардың дос-жар жігіттеріне: «Мынадай күн туып қалды, құлақтас болсын!» деп жіберіп, Асанның өзі, қостарының маңайындағы бір ойырылған құдықтың үстіне қою тал шыққан қуысына кіріп жатты.
– Көп кешікпей милиционерлер келді де, Асанды табыңдар деп, шөпшілерді ұрып та, қорқытып та, қысып, одан дәнеңе өндіре алмаған соң, еркек атаулыны ауылға апарып тергеуге алып қайтты.
Ауылға қайтып кеп, қолдағы адамдарды таяқпен де, сөзбен де қорқытып милиционерлер шынын айтқыза алмай қойды. Ауылдың жеген таяғына ортақ болған Байғазы шал:
– Біздің үйге түсіп бір мал жеңдер! Сендерге кінә жоқ. Бұйрық солай. Тентекті тауып бермейін деген біз де жоқ. Қашып кетіп таптырмай отыр. Қатын-қалашқа жаны ашымайтын антұрған болды. Ауылды қысымға салып қоймас, өзі келер,– деп милиционерлерге жалынды.
– Жарайды,– деді милиционерлер,– қонайық. Бірақ ертеңге шейін іздеген адам таптырмаса, бізге өкпелемеңдер, жақсылық күтпеңдер!
– Енді... оған амал қанша?
Милиционерлер Асан үйінің есігіне құлып салып, бір шалды алдына отырғызып: «егер айрылып қалсаң, атыласың!»– деді.
Жантастың үйінен он бөтелке самогонды іңірде әкеп қойған Байғазы: «арақ бар» деуге бата алмай, білдірмей, қымызға қосып қана беріп отыр еді, соның өзіне қыза бастаған милиционерлер: «арақ бар ма, ақсақал?» деп өздері сұрады.
Байғазы кеп беруге батпай: «азғана бар еді» деп, әуелі екі шынысын шығарды. Оны көрген милиционерлер ет пісуге қарамай, нанды закуска қып, стаканды толтыра, бір-бірден қағып салды да, тағы сұрады.
Байғазы берген – екінші екі бөтелкені ішкесін, .аш өзекті арақ өртеп, уыты бойларына тез жайылып, олар мас боп сандырақтауға айналды.
Бұл кезде жан-жақтан жиналған он, он бес дос-жар жігітімен Асан ауылдың іргесіндегі жар қабақтың астында жатыр еді. Шешесінің атылып өлгенін ол естіген. Бұл хабарға сазарып сабырлық көрсеткеніне, қасындағы жігіттер оған разы болды. «Істің арты бұған айналған соң, – деді ол, – қасындағыларға, – қанды қанмен жумай, мен енді тынбаймын!» жанындай жақсы көретін ананың күйігі ішін өртеген Асан, сыртқа сыр бермей, милиционерлердің жәйін бала жіберіп білгізді.
Байғазы берген – үшінші екі бөтелкені ішкесін, олардың көбінің көзі бозарып, етке қарауға да әлі келмей, қылжиып қалды. Мастығымды білдірмейін деп тырысқан бір-екеуі – төртінші екі бөтелкеге, қазандағы еттен закуска алдырып жеп отырып, бөтелкелерін жартылап ішкенде – қосыла құлады.
Милиционерлер қылжиған хабарын алғасын: «әуел мылтықтарын тонайық» деп қасындағы жігіттермен Асан Байғазыныкіне келді де, мастықтан түк сезбеген олардың бар қаруын сыпырып қолға алды. Содан кейін ол үш-төрт жігітке мылтық беріп күзеттіріп қойды да, үйіне келді.
Масатының өлігінің қасында қараңғы үйде Амантайды құшақтап отырған Ботагөз, оның қасында құр сүлдесі ғана отырған Қалима,– үйге кірген Асанды танып, күңіренген зармен мұңдарын шақты. Бірақ сіріңке тұтатқан Асан, жылаған даусынан болмаса, кескінінен Ботагөзді де, Қалиманы да таныған жоқ. Ботагөздің бет-аузы көнектей ісік және сағалданған қанның жолақ-жолақ ізі. Сіріңкенің және біреуін шаққан Асан жарықты бетіне тосып, шешесіне қарап еді, демсіз жатыр екен. Жарасын көруге ол батпай, көзінің жасын төгіп-төгіп жіберді де, қолымен көзін сүртіп:
– Ал, жігіттер!–деді қасындағыларға,– маған да, менің үй-ішіме де бұл – оғын туралаған ажал екен. Енді қанды қанмен жуып, қашан күшімнен асқанда болмаса, мен қолға түспеймін.
– Мен де сенімен бірге болам!– деді Алатай,– мені де сау қоймады. Байтөбет иттің сөзіне еріп, өзіме тілеп алған пәлем!
– Өткеннің керегі не. Маған кәзір серік керек!
– Екеуіңді жалғыз қаңғыртпаспыз,– деді жігіттер,– қысылтаяң күн туса, біз де ат тізгінін берерміз.
– Оны көрерміз,– деді Асан,– маған сендер мына жұмысқа ақыл беріңдерші: милиционерлердің ісін көріп отырсыңдар. Бұлар әлі де тегін кетпейді. Не мені ұстап беріп құтыласыңдар, болмаса, мен үшін ездерің елуге бейіл боласыңдар. Екінің бірі. Мені ұстап берем десеңдер, айтыңдар! Сендерді әлекке ұшыратпай ертең өзім-ақ қолдарына түсейін.
– Оны айта көрме!
– Ендеше, сендер де өлмеңдер!
– «Қайда барса да қорқыттың көрі» болатын болса,– деді біреулер,– осылардың өзін жоқ қып жіберіп, пәлесін бір жола көріп алсақ қайтеді?
Асанның да айтайын деген сөзі осы еді. Бірақ ол өзгенің пікірін күтіп, «жарайды» дей қойған жоқ.
– Бір дәндеп алғансын бұлар елге кіжіңдейді де тұрады,– десті көпшілік.– Күнде өлгенше, бір-ақ өлейік. «Көргем жоқ, білгем жоқ!» қылып көздерін жояйық.
– Сөз осыған құйылса,– деді Асан,– мен де соны мақұлдаймын. Мені ұстап бер, берме – бәрібір бұлар бұл елдің басынан әңгі таяқты айырмайды. Бірақ ұжым болайық. Ауызға сақ болайық!
– Қайда жоғалтамыз?– деген сұрауға, Асан жауапты тез берді.
– Есілге ағызамыз.
– Шығып қап пәле болмай ма?
– Тас байлаймыз.
Алаштың жендеттеріне жігіттердің кескен жазасы сол түні орындалды...
6
Алаш милицияларына: «алмай кетпеңдер!» деп үйінен қайрап-қайрап аттандырған Байтөбет, Асанды көзге көріне олармен бірге жауласуға бата алмай, бірақ ішінен: «Әй, бәлем, дәндеп едің, енді сәті түскен шығар!» деп табалап, үйінде жатты.
Милиционерлер Асан аулына барып, Асанның шешесін атып өлтіріп, қос басына кеткен хабарын да ол алды. Бірақ содан кейін не болғанын, қанша тіміскілеп сұрағанмен оған ешкім айтпай-ақ қойды. Сұраған адамның оған берер жауабы:
– Қостан қайтып ауылға кеп, ауылдағы қатын-қалашты қысқасын, Асан ерлік көрсетіп өзі келді. Милиционерлер Асан мен Ботагөзді ұстап алып, қалаға жүріп кетті.
Бұл сөзге басында нанған Байтөбет, артынан астыртын кісі жүргізу арқылы Ботагөз бен Асанның тығылып жүргенін, олардың қасында бірнеше жігіт барлығын білді. Милиционерлерді, біреулер: «өлтірді» деді, біреулер: «өлтірген жоқ» деді. Оның анығын білуге Байтөбет тағы да шпиондарын жүргізіп еді: «өлтірген жоқтан» «өлтірді» хабары басымырақ болды. Бірақ ізі-түзі жоқ. Не өлген адамның, не олардың киім-кешек, қару-саймандарының, не ат-арбаларының еш жерде қалдығы жоқ.
«Өлтірген күнде, соның бәрін қалай жоқ қып жіберді!» – деп таңданды Байтөбет.
Көңіліне «өлтірді» деген күдік кіргесін, Байтөбет Н... қаласына почтамен мәлімдеме жіберіп, егер милиционерлер қайтып бармаса, зерттеуін өтінді.
«Бірақ,– деп жазды ол, мәлімдемесінің аяғында,– Асанды осал жау деп ойламаңдар – онда қару көп, ол қолға оңайлықпен түспейді».
Бұл мәлімдеме Қостанайдың сырт жағына келіп қалған Қызыл әскермен соғысуға аттанған Алексей Кулаковтың қолына түсті. Бұл кезде Кулаков ақтардың бір дивизия атты әскеріне атаман болған еді. Оның помощнигі атаман Шайтанов. Екінші помощнигі және трибунал мүшесі Сарыбас Итбаев. Дивизияда алаштан да бір полктай әскер бар.
Дивизиясын бастап, Қостанай фронтына аттанған Алексей Кулаков, жолшыбайғы ауылды да, деревняны да қан жоса ғып, адамдарын қырып, мал-мүліктерін талап, егін, шебін, қора-қопсысын күйдіріп отырып, сентябрьдің 25 күні Байтөбет үйіне кеп қонды. Байтөбеттің мәлімдемесі қалтасында.
Бұл кезде Асанға әр ауылдан ерген 50–60 қарулы жігіт Есілдің жағасындағы қалың орманның арасында жатыр еді, іштерінде Ботагөз. Ол да жігітше киініп қару асынған. Асанның үйінде қалған жалғыз Қалима. Оны Асан Амантайға бола тастап кеткен.
– Бала бізге ере алмас,– деді ол Қалимаға,– сен үйде баламен қал. Сұраған кісі болса «Асан Ботагөзді алып, мені тастап кетті, мен одан айрылдым» де; «Бала неге қалды?» деп сұраса: «Баласынан безіп кетті» деп, Ботагөзді жаманда. «Сен неге асырап отырсын,? десе: «Сәби ғой, қайда қаңғыртайын, обал ғой, өліп қалады ғой» де!..
Осы ақылмен қалған Қалимаға, Асан түнде ұрланып жолығып кететін, кейде түнде ұрланып Қалима да Асандардың қасына – орман арасына барып қайтатын.
Байтөбет үйіне кеп түскен Кулаков қасына Шайтановты, Байтөбетті, Сарыбасты алып, іңірде отыз шақты солдатпен Құттыбай аулына салт аттанды.
– Осы үй!– деді Байтөбет, шапқынмен келген солдаттарды бастап, Асан үйінің алдына тоқтап.
Кулаков, Шайтанов, Байтөбет, тағы он шақты солдат аттарынан қарғып түсіп, үйге кірді.
Бұл кезде Қалима Амантайға ас беріп отыр еді. Аттың дүбірін естігесін ол есікке жүгіріп барып сығалап, түсіп жатқан солдаттарды көргесін, жүрегі ұшып кетіп, сұп-сұр боп керегеге сүйене қойды. Солдаттар мылтық ұсынып кіріп келгенде – Қалима безгек адамдай қалш-қалш етті.
Бір аяқ айранды екі аяғының арасына қойып, Қалима ішкізіп отырған Амантай, Қалима тұрып кеткесін, қасықты өзі алып ішемін деп үсті-басын, бет-аузын қатықпен тегіс жаққан еді. Солдаттардың кім екенінде жұмысы болмаған Амантай бір қасық айранға аузын малып, омырауына төгіп отырып, әдемі қара көзін солдаттарға күлімсірей тікті.
– Сенікі бай қайда?– деді Кулаков Қалимаға төніп.
Қалиманың аузы сөйлеуге келмей, тісі сақ-сақ етті, дірілдеген буыны денесін зорға көтеріп, ол құлап қала жаздады.
– Айт!– деді Кулаков қамшымен тартып-тартып қалып.
– Ойбай-ай, ойбай-ай!..– деген дыбыс шығып кетті Қалимадан.
– Айтсайшы сорлы!– деді Байтөбет,– әйтпесе, өлдің ғой.
Қалиманың адамға ұқсамайтын даусынан қорыққан Амантай қатығын төге түрегеп, жылап ұмтылды.
– Бұл кім баласы?–деді Кулаков.
– Асқар Досановтың баласы,– деді Байтөбет.
– Ә-ә-ә!.. Аты кім?
– Амантай!..
– Амантай?!. Ұғымды!.. Амантай өлген... Асқардың досы. Соған ескерткіш... Ату керек!
Кулаковтың түйіле қарап, берген бұйрығының шын екенін көрген Шайтанов, наганының аузын балаға қаратып, құлағын қайыра беріп еді...
– Атпаңыз!– деді соңдарынан келген Елизавета Андреевна, Амантайды жерден көтеріп құшағына ап.
– Мұнда романтизмге жол жоқ. Елизавета Андреевна!– деді Шайтанов,– мен атаманның бұйрығын орындауға тиістімін.
– Сәби ғой,– деді Елизавета Андреевна жалынышты дауыспен,– атпаңыз!..
– Сіз құшағыңызға жыланды қысасыз!– деді Кулаков қарындасына,– түбінде ажалыңыз осыдан болады. Оны ойлайсыз ба?
– Ол рас,– деді қарындасы,– бірақ сонда да мен сәбиді атуға бермеймін. Мен сіздердің іштеріңізде жүріп, ешбір қылықтарыңызға қарсы тұрған емеспін және қарсы тұрмаймын да. Бұл менің сіздерден әуелгі де, соңғы да өтінішім болсын.
– Ну... жарайды!..– деді Кулаков,– сөйлесіп тұруға уақыт жоқ, Елизавета Андреевна, есіңізде болсын: бұл ең соңғы тілегіңіз...
– Жарайды.
Денесі ауыр, екі беті нарттанған, қара бұйра шашы бар, қара көзді әдемі Амантайды Елизавета көтеріп тұрып бірдемелер сұрап еді, үрейлене қараған бала жауап бермеді.
Елизавета қолынан баланы түсірді.
– Айтасың ба?– деді Кулаков, Қалимаға тағы қамшы көтеріп.
– Айтайын,– деді үрейі ұшқан Қалима. (Ол қорқып, шынын айтты).
...Салт атқа мінген Қалима ақтарды амалсыздан Асандардың қосына апарды. Бұл кезде Асан мен жігіттердің көпшілігі қоста жоқ еді. Ботагөзбен және екі жігіт ұйқтап жатыр. Отта қазанға ет асулы тұр.
– Тұр!– деген қатты дауысқа жігіттер де, Ботагөз де бастарын көтеріп көзін ашып еді, мылтық ұсынған солдаттарды көрді.
– Көтер қолдарыңды!– деген дауысқа Ботагөз де, жігіттер де қолдарын көтерді.
Ақтар қол көтергендерді тінтті, Оларда қару жоқ еді.
Мылтық ұсынғандардың ішінен Ботагөздің танығаны – Алексей Кулаков. Бірақ Кулаков оны еркекше киінгендіктен әуелі тани алмай қалып, денесінен қару қарап сипап жатты да:
– Ә, сен әйелмісің?!–деді таңданып.– Сен Ботагөз емеспісің?– деді ол тінтіп болғасын.
Ботагөз үндеген жоқ.
Ботагөздің қорыққаны: Асқардың хаты төс қалтасында еді. «Соны тауып ала ма?» деп састы. Кулаков мылтық табылмағасын Ботагөздің қалтасын тінтпеді де, қолын түсіруге рұқсат етті.
– Асан қайда?–деді Кулаков, қолын түсірген Ботагөзге едірейіп.
– Білмеймін.
– Мен саған адамгершілік көрсетіп болдым!– деді Кулаков, көзімен атқылап, Ботагөзге,– енді жетеді. Мен енді сенімен тіл емес, мынамен сөйлесем! (Кулаков қамшысын көрсетті). Одан да айт шыныңды!
Шынын айтпаған Ботагөзді Кулаков сабамады.
– Бір жолғы олжаға осы да жетеді,– деді серіктеріне,– қалғандарын тағы іздерміз. Қайтайық!..
ТӨРТІНШІ ТАРАУ
ТОЛҚЫНДЫ ТУ
1
Талай адамды атып та, талай ауылды, талай орманды күйдіріп те Асанды таба алмаған Алексей Кулаковтың «дикая дивизиясы» Байтөбет ауылында үш күн жатып, төртінші күні Қостанайға беттеп жөнелді. Бірақ Байтөбет аулынан әскерін ол түгел әкеткен жоқ, Атаман Шайтановпен жүз казакты қалдырып: «тез арада Асанды ұстап маған алып кел» – деп бұйрық берді, Ботагөзді Кулаков өзімен бірге әкетті.
Ол маңайдың ауылы да, деревнясы да Шайтановтың атына қанық еді, 1918 жылдың қысында бұрынғы Атбасар уезінің Маринский дейтін қаласынын, (қазақша аты «Амантай») крестьяндары Колчак үкіметіне қарсы көтеріліс шығарған. Бұл көтеріліске сол маңдағы көп деревняның крестьяндары, көп ауылдың қазақтары қатынасқан, осы көтерілісті басуға Колчак атаман Шайтановты жұмсап, Шайтанов төрт-бес ай Маринскийді зеңбіректің астына алып, көтерілісті күшпен басқан. Көтеріліс басылғаннан кейін, «еркек кіндікті адам қалмасын!» деген «ұранмен», атаман Шайтанов көтеріліске қатынасқан ауыл, қалалардың еңкейген кәрі, еңбектеген жасынан еркек атаулыны қойдай бауыздап қырған. Шайтановтың айуандық азабын көрген ел – мал-мүлкінен безіп, бет-бетімен қаңғырып кеткен. Сол маңдағы ауыл, деревняға, мәтте далаға сыя алмаған адамдардың біразы Байтөбет маңындағы ауылдар мен деревняларға қашып келген. Олардың кейбіреуін Байтөбет білетін.
Ауылында жүз казакпен қалған атаман Шайтановқа, Байтөбет өзі білетін жасырынған адамдарды түгел айтып, қаннен-қаперсіз боп жүрген олардың біразы ұсталып, атылды. Алды атыла бастаған олардың бірсыпыралары, көрсетуші барын сезіп, қайтадан қашуға кірісті. Шайтановтан сескеніп, олардың жасырынған үйлерінің адамдары да қашты. Сонымен, қашақтың саны көбейіп, аздан кейін бәрінің басы құралып, үлкен жиынға айналды. Асан да соларға қосылды.
– Енді қашуды қояйық,– деп ұйғарысты жиналғандар,– партизан отрядын жасап, Колчакпен соғысайық? Бұл ұсыныс қабыл алынғаннан кейін, жалпы қарасыны мыңға жақын жиын: бас, орта, кіші командирлер сайлап, жиынды әскер тәртібімен белді.
Мұндай құралданған күш жасалып жатқанын естіген ауыл, деревняның ақтардан жапа көрген адамдары жан-жақтан тіленіп келіп, партизан отрядына өздері жазылды.
Партизан отряды кеп кешікпей ақтарға шабуыл жасауға кірісті. Бір күні олар Байтөбет ауылында жатқан Шайтановқа шабуыл жасап, Шайтановты қашырды. Үйде қалып жан сақтай алмайтынын білген Байтөбет Шайтановпен бірге кетті.
Бұл кезде ол маңға Колчак әскері кеп келген еді. Колчак әскерінің жүріс-тұрысына қарағанда Қызыл әскердің жақындап қалғандығы ешкім айтпай-ақ мәлім болды. Бір жұма бұрын күнбатысқа қарай ағылған ақтың қалың әскері, енді кейін жапырылды. Келешегінен үміт үзгендігі ақтардың кескін-кейпінен, қылық-мінезінен де айқын ұғылды: үрейлері ұшқан, қарайғаннан қорқуға айналған, ауыздарына «шабуыл» емес, «қашу» ғана түседі; жүздері сынық, көңілдері басыңқы, мінезі бейбастақ, бойларын кернеген тырсылдаған ашу, сөздері бейпіл, жұмсағаны мылтық пен қамшы, істері талау...
Осындай физический де, моральный да қалжыраған Колчак әскері, тәртіпті, қарулы Қызыл Армия түгіл, партизан отрядының өзіне де үлкен қару көрсете алмады. Партизан отряды ақтарға тынымсыз шабуыл жасап, шет пұшпақтап қиратып, қаруларын ала берді. Осы әдіспен аз күнде партизан отряды зеңбірек, пулеметтерден де қоса, қолына мол құрал түсіріп, кәдімгі шын мағынасындағы соғысқа кірісті.
Партизандар соғысында ерекше көзге түскен жасақтардың біреуі – Асандікі. Атылған шешесінің, жақын жігіттерінің қолға түскен Ботагөздің кегін алу үшін, ол жанын аямай, бата қимылдады. Оның бір қорыққаны: ақтар Қалима мен Амантайды өлтіріп кетер деп еді (ақтардың әйелді, баланы атуы көбейіп кеткен, бесіктегі балаларды найзаға ілген оқиғалары естілген), партизан отряды күшейіп алғасын, штабын Асан ауылының маңына құрып, ақтарды ол арадан қуды.
Асанның отрядына бел болған жағдай, біріншіден – Қызыл Армияның жақындап қалуы болса, екіншіден – құлақ естір жерде: орыстан да, қазақтан да, басқа ұлттардан да осы сияқты отрядтардың көп құрылуы, солардың кебімен Асан отрядының құлақтас, сабақтас боп тұруы. Асанның, оның жолдастарының естуінше: «Осы арадан Қытайға шейін қаптаған партизандар. Ақтар осы маңайда ғана қашып жүр. Ілгері жақтың бәрін партизандар басып ап, ақтарды жойып, Совет өкіметін құрған».
Бір хабарда: «Қарқаралы, Ереймен жағында Амантай отряды құрылыпты дейді, он мыңға жақын қолы бар дейді» деп естіді. Амантайды Асан көрген. Амантай Совдептің сайлауын өткізуге келгенде Асанның үйінде қонақ боп дәм де ішкен, ол кезде саясаттан хабары жоқ және саясатты білгісі келмейтін Асан, Амантайдың: «Асан шырағым, шаруаң шағын жігіт екенсің, өзің он алтыншы жылы солдатқа да барып қайтыпсың. Зорлықпен барғаныңды айтып отырсың. Задың момын болғанмен, сүйегіңде кемігің бар жігіт көрінесің. Біз, міне, кедейдің қосағын қосақтап, еңбекші халықтың үкіметін құрғалы жүрміз. Бірақ ауылдық кедейі әлі қараңғы, таптық санасы оянбаған. Совдепке ауылдың кедейін оятысатын, санасын көтерісетін адам керек. Ондай іс қолынан келетін адамдарды біз жергілікті Совдепке бастық қып сайлаймыз. Бір көргеннен-ақ парқыңды танып отырмын: қолыңнан іс келетін жігіт сияқтысың. Егер ұнатсаң: ауылдық Совдепке сені бастық қойғым келеді!»– деген сөзіне: «Оның жол ғой, отағасы, бірақ ата-бабамда билік айтқан кісі жоқ еді, ел ұстау қолымнан келмес, құдай шаңырақтың төрт тесігінен, ошақтың үш бұтынан берсін деп маңдай теріме сүйенген адаммын, мені төре бол деп қыстама!»– деп көнбеген. Қайта-қайта айтып, сөзіне көндіре алмаған соң, Асанға іштей өкпелегенмен, сырттай сыр бермей, ертеңіне аттанарда: «Дос болуға тұратын жігіт екенсің, тағы да көрісерміз, қалаға келсең біздікіне түс» деп, рахмет айтып қоштасқан.
Н... қаласында болатын переворотта Амантайдың өлгенін я тірі кеткенін Ботагөз Асанға анықтап айта алмаған еді. «Шіркін, кісі-ақ еді!– деп өкінген еді Асан,– өлмесе жарар еді!»
...Солай, Амантайдың аман болуын іштей тілейтін Асан, «Амантай отряд құрыпты» деген хабарды естігенде шектен шыға қуанды. Онымен хабарласпақ, жалғаспақ боп, ол ат жетер жерге астыртын адамдар да жіберді. Біреулер: «біле алмадық» деп, біреулер: «білдік, бірақ жер шеті – қиянда болса керек, ат жетер жерде емес дейді» деп қайтты.
Жіберген адамдары жете алмағанына өкінгенмен, Амантайдың «бар дейді» деген хабарын Асан көңілге медеу көрді. «Жел болмаса шөп басы қимылдамайды» деген мақал бар деп ойлайды ол.– Мұндай хабар тектен-текке шықпайды, осы сыбыстың шығуы тегін емес. Қайда болса да, бір жерде Амантайдың бары анық. Тірі көрсем!..»
Асанның арманы – Амантайды ғана көру емес. Оның арманы – Асқарды, Ботагөздің сырттан таныстыруымен Кенжетайды аман көру. Ең зор арманы – Совет өкіметінің құрылуын көру. «Қызыл Армия жақындап қалды» деген хабар естілгенде, «Асқарды Қызыл Армияға қосылады» деп сенетін Асан: «аманшылық болса, Ботагөз бен Амантайды Асқардың қолына тапсырсам!» деп үміттенген еді, үмітіне қуанған еді. Қазір ол үміттің бір шетін уайым бұлты басты. «Ботагөз қолда кетті!– деп өкінді ол,– біздің қолға аман келе ме, жоқ па, оны кім білсін! Әй, аман келмес! Үйінде тиыш отырған қатын-қалаш, бала-шағаны өлтіріп кететін ақтар, Ботагөзге рахымшылық істейді деймісің!» Осылай, оның ойын қоршаған қорқыныш бұлтынан, жұлдыздай жылтырап көрінетін жалғыз сәуле – сәби Амантайдың әкесіне аман табысуы. Сәби Амантайдың амандығын, Асан өз амандығынан артық тілейді. «А, жасаған!–деп сиынды, дінге сенетін Асан,– осы тілегімді бер!»
«Ерсіл-қарсыл ағылған ақтардың біреуі жазым қыла ма!» деген қорқыныш Асанның зәресін күнде алады, күн сайын ол ауылынан хабар ап, Амантайдың амандығы үшін, тәңірге күн сайын «тәубә» қылады.
Ақтарға шабуыл жасай отыра, Асан бастаған партизан отрядының және бір қолға алған ісі – күнбатыс жақтан қашқан байларды ұстау.
Қызыл Армияның жақындап келе жатқанын тұрғын ел қашқын байлардан да байқады. Сентябрьдің ортасынан кейін пар жеккен аттарға, грузовик – автомобильдерге мүліктерін тиеп, күнбатыстан күншығысқа ағылған қашқынбайлар қаптап кетті.
Партизан отряды құрылғанша олардың біразы аман етіп кетіп еді, отряд құрылғаннан кейін көбі ұсталды. Оларды қорғауға ақтың шамасы келмеді.
Қашқындардан алған мүлікті партизандар екі жүйеге бөлді. Біреуі – алтын, күміс, я сол сықылды банктік қымбат заттар, асыл тастар; бұл жүйелі мүлік отрядтың штабының кассасына түсті. Екінші – киім-кешек, төсек-орын, ыдыс-аяқ сықылды мүліктер; бұлардың ішіндегі қазынаға жарарлық ете бір қымбаттары болмаса, партизандар бөлісіп алысты. Қауіпті адамдарын партизандар атты, қауіпсіздерін, әйелдерін, балаларын аман сақтады.
Қашқындардың ішінен толып жатқан ұлттың байларын табуға болатын еді: татар, орыс, еврей, башқұрт, шуаш, мордва, қалмақ, қазақ.
Бірақ үй ішімен көшкен қазақ байлары аз кездеседі. Қазақ байларынан қашқандар: өгіз, қой сықылды сауда малын айдағандар.
Бұл қашқындардың:
– Қайда барасың?– дегенде айтары:
– Қытайға.
Ақтардың әскері партизан отрядынан сырғып солтүстік күншығысқа беттеп алыстаған кезде, бір күні қарауылда жүрген Асанның құралды қосыны, ішінде жүк тиеген екі машинасы бар, жиырма-отыз арбалы қашқындарға кездесті.
Құралды адамдарды көргесін олардың керуеніндегі жүк тиеген екі машинасы мылтық атқанға қарамай қаша жөнелді. Есіл ол арадан үш шақырым ғана жер еді. Есілдің сол тұсында көпір болатын, бірақ көпір басында қарулы күзетші бар. Өзге жерде өтетін өткел жоқ.
Машинадағы қашқындар ешқайда бара алмайтынына күмән келтірмеген Асан, ат жеккен арбаларды тоқтатып тексерсе – көпшілігі орыс пен татар екен, ішінде төрт-бес қазақ семьясы да бар.
– Қашқандар кім?– деп сұрады Асан.
– Білмейміз, бізге жаңа артымыздан кеп қосылын еді,– деп қашқындар айтпады.
– Ендеше, маған еріңдер,– деп Асан, оларды көпірге бастап жөнелді.
Көпірге келсе – автомобильдегілер ұсталған екен. Көпірдің екі жағын ағаш пен шөп-шаламды араластырып судан жоғары өсіріп, су ағар ортасына тақтай салынған еді.Егер тақтайды ала қойса адам да, ат та өте алмайды.
Автомобильдегілер көпір басындағы күзетшінің оқпен тосқауыл жасағанына қарамай өтіп кетпек болған екен, күзетші тақтайды сыпырып алып, машиналар көпірдің ішіне кіре, «тақ!» деп тоқтап қапты. Кейін қарай шегінейін деген екен, тақтай арасына пулемет құрып отырғандар, оқты ағыта бастағасын шегіне алмапты.
Содан, көпірдің екі жағынан да партизандар қамап кеп ұстауға айналғанда, қапқа ораған бірдемені машинадағылар суға атыпты. Содан кейін қолға талассыз түскен олар, партизандардың «суға не тастадыңдар?» деген сұрауына: «түк те тастағамыз жоқ!» деп танып тұр екен.
Ұсталғандар жиырма шақты адам екен. Ішінде төрт-бес қазақ бар. Қазақтардың ішіндегі ұзын қара сақалды біреуін, «осыны қайда көрдім?» деп ойлаған Асан:
– Суға анық тастады ма?– деп сұрады, ұстаған партизандардан.
– Анық!
– Анық болса, бұлардан несіне сұрайсыңдар. Мен қазір алып шығам.
Асан шешіне бастады.
– Сүңгисің бе?– деп сұрады партизандар.– Су суық емес пе?
– Түк те етпейді.
– Қой, ауырарсың!–деген сөздерге болмай, ішкиімнен басқа киімді шешіп, ішкиімді ышқырынан түрініп, Асан көпірден суға басын төмен бере секірді.
Ол ара Есілдің өте терең жері болатын еді. Асан сүңгіген жер үйіріліп, шұп-шұңқыр болды да тұрды.
Асан су түбінде кешікті. Тұншығып өліп қала ма деп жолдастары қорқа бастады.
– Су астында дем таусылатын уақыт болды,– десті әркімдер,– апыр-ай, жазым болмаса жарар еді.
Асан кешіккен сайын ұсталғандардың бетіне қан жүгіріп қуана бастады. Бір кезде бір жақ қолтығына бір үлкен қапты қысып, Асан судан шыға келді.
– Ал, ұстаңдар!– деді ол, көпірге жақындап малтып кеп.
Партизандар қапты судан суырып алды.
– Арқан бар ма?– деді Асан судан шықпай.
– Бар, неге керек?
– Бір ауыр нәрсе жатыр, көтере алмадым. Екеу екен.
Біреуі осы. Анасын шығара алмадым. Арқан байлайын, содан кейін тартып алайық.
– Құрысын, оны қайтесің!–деген сөзге Асан:
– Жоқ, тартып алайық, ол тегін нәрсе емес!– деп бол-мады.
– Тоңасың!– деген сөзге:
– Тоңатын емеспін, қайта денем қызып алды, су да суық емес,– деді Асан.
– Мә, ендеше арқан!– деп қолына ұстатқан жуан арқанмен Асан тағы сүңгіді де, көп кешікпей шығып,– ал, тартыңдар!–- деді жолдастарына.
Он шақты партизан арқаннан тартып, кенепке ораған бірдемені судан суырып ап кенепті жазса – пулемет екен. Жазуына қараса Англия заводынан жақында шыққан.
– Екінші қапта не бар екен?– деп қараса, төрт-бес адам зорға көтеретін кеспелтек темір сандық. Аузында құлып.
– Бұлардың неге қашқаны енді мәлім болды,– десті партизандар,–кәне, сандықтың кілтін беріңдер!
Осы кезде шапқынмен Алатай келді:
– Ауылға қызылдар келіп қалды!
– Қойшы!..
– Рас, Асан, сүйінші! Әдейі саған сүйінші айта келдім! Әлгі... Ботагөздің күйеуінің аты кім еді?
– Асқар Досанов.
– Сол сіздің үйге кеп түсті. Мені саған жіберді.
2
Қостанайдан Көкшетау мен Атбасардың арасын ала Ақмолаға беттеген Қызыл Армияның 249-полкында Асқар политкомиссар еді, Кенжетай бір дивизионның командирі еді.
Асанның ауылы қай жерде екенін Асқар білмегенмен өткен қыс Сағиттан ол ауылды да, маңайындағы ауылдарды да сұрап жазып алған.
Есілге жақындаған сайын Асқар жазып алған ауылдарының атын атап жолшыбай сұрастырып еді, Байтөбетті Қостанайдың түбіндегі елдерге шейін біледі екен. Сағиттың айтуынша Байтөбет ауылы мен Асан тұратын Құттыбай ауылы жақын. Сондықтан, Асқар, Байтөбет ауылының жер мөлшерін сұрап алғаннан кейін, ілгері жүрген шақырымын есептеп, жақындаған жақындаған сайын асықты. Асыққан сайын оның көз алдында Ботагөз бен Амантай елестеді де тұрды.
Байтөбет ауылына жетпіс-сексен шақырым қалды деген жерден бастап, «енді анығын білетін шығар?» деп Асқар жолыққан адамнан: «Асанды білесің бе?» деп сұрап еді – «білмейміз!» дегеннен басқа жауап алған жоқ.
«Білмейміз! деушілердің көбі Асанды да, оның басына түскен халды да, Ботагөз жайын да жақсы білетін еді. Олардың білгенін айтпау себебі екеу: біреуі – Асқармен таныс болмағандықтан, оның бұл уақиғаға қалай қарайтынын білмейді, екіншісі – қазақта «көрдім деген көп сөз, көрмедім деген бір сөз» деген мақал бар.
Білгенін білмей қалған жұрттың сөзіне: «бұл қалай?» деп қайран қалған Асқар, Байтөбет ауылына 50 шақырым қалды деген күні таңертең, «бүгін жетеміз» деген оймен асығып аттанды.
Асқар ішінде келе жатқан полк, көптен бері алдынан үлкен қарсылық көрсеткен жау кездестірген жоқ еді. Бұл полктың маршруты: Уфа, Белорецкий, Орский, Қостанай. Осы жолында полк Орскийде Дутов әскерін кездестіріп, үлкен ұрыста бір рет қана болды. Одан кейін шабуыл жасаған үлкен қарсылық болмай, ақтар қаша соғысып сырғыды да отырды.
Байтөбет ауылына 50 шақырым қалды деген күні таңертең аттанған Асқар сол күні Ботагөзге жетіп қонуды ойлады. Алдында бет қайтарар жаудың жоғын білетін командир Асқардың бұл ұсынысына қарсы болған жоқ.
Қонған жерлерінен тан, біліне аттанған олар, алдына разведка жіберіп отырып, шамасы жиырма шақырымдар кезінен, ығында үлкен көлі бар бір шоқ ағашқа кездесті.
Ағаштың ығында шоғырланған адамдарды көрген бұлар, жау ма деп ойланып, сақтанып еді, разведкадан: «Өзіміздің басқа бір полк» деген хабар алды.
249-полк кілең кавалерия еді. Алдында жау жоғын естіген олар, өлең айтқан дауыстары даланы басына көтере, тура кел айналасында тынығып жатқан полкқа беттеді.
Көл үлкен еді. Ортасы жалтыр, айналасына қалын, қамыс шыққан, әр жерде суаты бар. 249-полк осы келді жағалап отырып, тынығып жатқан екінші полкқа жақындағанда: екі қызыл әскер алдына салып айдап келе жатқан біреу ұшырай кетті. Асқар алыстан ол адамға көзін салып еді, үстінде ақтардың солдаттарының киімі бар. «Не соғыста қолға түскен, не шпион болған адамның біреуі шығар?» деп ойлады Асқар.
Ақ-қарасын анықтап тексермей, қызыл әскердің бастықтары ешкімді өлім жазасына бұйырмайтынын білетін Асқар, айдаған адамды қызыл әскерлер атуға апара жатқанын көре-тұра: «ісіне лайық жаза алған шығар?»–деді ішінен.
Айдалған адамды, мылтық ұсынып әкелген екеуі көл жағасына апарғанмен, қастарына келіп қалған 249-полк өтіп кетсін дегендей атпай тұрды. Айдалған безеріп тұрды да жылап жіберді.
«Асқарды да көре алмай елдім ғой!..»– деген дыбыс шалынды Асқардың құлағына, ұсталғанның аузынан.
– Жолдас командир!–деді Асқар, атының басын тартып тұра ғап, қасында келе жатқан командирге,– естідіңіз бе, ана кісінің не дегенін?
– Не дейді?– деп сұрады командир.
– Мені, яғни Асқар Досановты көре алмай өліп барам деп жылап тұр.
– Кім болғаны?
– Әрине, маған бір жақын адам болғаны.
– Онда, анықтау керек. Барып біліңіз...
– Тоқтаңыз!..– деп сақтандырды, ат үстінен жақындаған Асқарды, айдалғанның қасында тұрған екі қызыл әскер.
– Жолдас, қызыл әскерлер!– деді атын тежеген Асқар,– мен командирлеріңізге жолыққанша сабыр етулеріңізді өтінем. Бұл мені білетін кісі.
Асқар тынығып жатқан полкқа шаба жөнелді. Мұның атылатын адамға барғанын тыныққан полктың командирі көріп, дүрбімен қарап тұр еді.
– Командирлеріңіз қайда?– деп сұрады, бірінші жолыққан қызыл әскерден.
– Әне тұр!
– Мойнына асқан маузері бар, қолына дүрбі ұстаған, ромбалы биік орыс жігітінің қасына шауып кеп тұра қалған Асқар:
– 249-полктың комиссары Асқар Досанов,– деді ат үстінен өзін таныстырып,– менің сізден өтінішім бар!
– 85-полктың командирі Орлов,– деді командир,– айтыңыз!
– Анау атуға апарған адамды анықтағанша босатыңыз?
– Біз оны анықтадық.
– Сонда да өтінем, жолдас командир! Ол кісі менің атымды атады. Маған жақын біреу болуға тиіс.
– Жарайды,– деді командир, қасындағы біреуге қарап,– сіз атқа мініп, қайтарып алып келіңіз!
Жұмсаған адам қайтарып алып келгенше аттан түскен Асқар сол арадан қозғалған жоқ. 249-полк «жазалы» адамнан бұрын келіп, 85-полктың қасына тоқтап, аттарынан түсе бастады.
Жазалы адам жақындағанда, Асқар тани кетті: Сағит! «Бұл неғып дұспан болды?» деп ойлады Асқар, командирдің «анықтадық» деген сөзі есіне түсіп.
Сағит Асқарды танымады. Оған тануға да болмайтын еді. Өйткені, Сағит көргенде, оның сақал, мұрты қауғадай, кескіні жүдеу, киімі жаман. Қазір ол: сақал, мұртын қырған, үстінде әдемі киімдері бар, кескінді, сымбатты қызыл комиссар!..
– Танисыз ба?– деп сұрады Асқардан Орлов.
– Танимын. Сағит Бектемиров.
Атын атағанға құлағы селтең еткен Сағит, «осыны қайда көрдім?» деп тұрған Асқарды енді тани кетіп, жылап қоя берді.
– Жылама, ұят болады!–деді Асқар,– жігіт кісі жыламас болар!..
Орловқа Асқар Сағиттің кім екенін айтты.
– Мүмкін қата болуы,– деді Орлов,– күдігі күшті.
Асқар сұрастырса, анығы былай екен: Сағит сол маңдағы бір ауылда мұғалім боп тұрады. Сол ауылға өткен күні ақтың екі офицері кеп, мылтық атып ауылдан еріксіз ат жектіреді. Офицерден қорқып ауылдың бар еркегі тығылып қалады, атты жегуге де, ылаушы болуға да, ауылдағы бар еркек – Сағитты офицерлер зорлайды.
Пар ат жеккен арбаға Сағит ылаушы боп шығады. Былай шыға, офицерлер жолда Сағитты шешіндіріп, оның барлық киімін өздері бөліп киеді де, мұнын, барлық документтерін алып, бұған өздерінің киімдерін беріп, жаяу тастап, атпен тартып отырады.
Жалаңаш қалған Сағит, қорықса да амалсыз офицерлердің біреуінің, киімін киіп, жаяу келе жатқанында, 85- полктың разведкасына кездеседі. Разведка оны полкқа алып келеді.
Орлов жауап алғанда, Сағит құтылам деп, өтірік айтып, сөзінен шатасады, сөздері айыршақ шыққасын, документі болмағасын, полктың соғыс советі оны шпионға ұйғарып, атуға бұйырады.
– Осындай бір адам Звериноголовскийде кездесіп, сөзіне сеніп босатамыз деп қырғынға ұшырап қала жаздап ек,– деді Орлов Асқарға, Сағиттың қауіпті адам емес екенін анықтағасын,– бұл жігіттің сөзі де, жүрісі де соған дәл келді. Соғыста осындай қаталар болады.
Өлім жазасынан құтқарылған Сағит ұзақ уақыт есін жиып, буынын бекіте алмады. Екі сөзінің бірінде ол, жоқ жерден өліп қала жаздағанын айтып, жылай береді. Көңілі орнына түсіп жайланғанша, Асқар Сағиттан Ботагөз мәнісін сұрамады. Сұрағанмен де ол айта алатын емес еді.
Біраздан кейін Сағиттың көңілі орнықты. Жасы тыйылды. Кеудесі кеңіді. Содан кейін ол, сұраған Асқарға, Ботагөз бен Асанның басындағы халін жасырмай, түп-түгел айтты.
Бұл хабарды естігенде: Сағиттың қорыққанына күліп отырған Асқар да, Кенжетай да қандарын ішіне тартып тұнжырап қалды.
«Шынымен-ақ бақытсыздыққа жаралған адам болғаны ма?» деп ойлады екеуі де.
– Кулаковтың отряды қайда?– деп сұрады Асқар аздан кейін, кеудесін қақ айыра күрсініп.
– Көкшетауды бетке ұстай жөнелді деп естідік, оған бес-алты күн болып қалды. Амантай аман, жақын арада сол ауылға ылау апарып ем, әдейі барып көрдім. Жүдейтін емес. Тағы бір хабар,– деді Сағит, Асқарға төніп,– Амантай бар ғой, кәдімгі үлген Амантай...
– Ие!..– деді Асқар серігіп,– ол қайда?
– Ақтармен қабырғалап соғысып барады деген хабар шықты.
– Қойшы!.. Апыр-ай, тірі ме екен?
Асқар қуанышын қайда сыйғызарын білмеді.
– Рас. Көзімен көрген адам айтты.
– Аузыңа май!– деді Асқар,– рас болса бұдан артық қуаныш болады дейсің бе?
Таңертеңгі асын екі полк та сол арада ішіп, күн түске тармаса ілгері жөнелді. Іші алауланған Асқар – ас ішкен жоқ. Өңі сынған себебін ол командиріне айтты.
– Уайымдамаңыз! – деді командир, – қайда құтылар дейсіз. Кешікпей ұстармыз.
Құттыбай ауылына 249-полк түс ауа жетті. Сағит тура оны Асан үйіне апарып түсірді.
Қызыл Армияны бұл ауылдың бірінші көруі еді. Сондықтан ауыл әуелі олардың не мінез көрсетерін білмей үрейленді. Соның біреуі – Қалима.
Есігінің алдында мылтықты адамдар түсіп жатқанда, Амантайды құшағына алған ол, қайда тығыларын білмеді.
Сағит пен Асқар кіріп барғанда, Қалима кебеже мен ағаш төсектің қуысында сұп-сұр боп тұр еді.
– Қорықпа!–деді Сағит,– бұл кісі анау Амантайдың әкесі – Асқар деген жігіт. Мен алып келдім!..
Біртіндеп бетіне қан жүгіре бастаған Қалиманың көзінен жас ыршып кетті.
– Қарсы алатын апам (Ботагөзді ол «апа» дейтін еді) жоқ,– деді ол, жасқа булығып, жақындап,– егер үйде болса қандай қуанар еді!..
Есіктен кіргелі Асқардан көзін айырмаған Амантайды Асқар кенеттен құшақтап алуға қорқар деп ойлап, даусы қалтырай шығып:
– Келе ғой, қалқам!– деп шақырды.
Амантай үлкен қара көзін Асқарға қадап, аз уақыт ұмтылмай тұрды.
– Бара ғой, Аманжан, әкең ғой, бара ғой, сәулем!– деп Қалима ұсынғасын, қолын созған Асқарға қарай құшағын жайды.
Асқар Амантайдың толық бетінен, білегінен, құшырлана сүйді де, иіскеді де. Ол кезде Амантай Асқардың жағасындағы знактарын, шлеміндегі қызыл жұлдызын ұстап таңырқанған кескінмен көрді.
– Көзі мен мұрны Ботагөзге тартқан екен,– деді Кенжетай,– маған берші, Асқар, мен де иіскеп мауқымды басайын.
Асқардан алған Амантайды Кенжетай сүйген жоқ, жай құшырлана иіскеді.
– Бұл қуаныштың алды,– деді Кенжетай Асқарға,– полктың командирі жолдас айтты ғой: «ұзап қайда барар дейсің?» деп. Ұзап ешқайда бармас.
Командирмен ақылдасып, Асқар сол күні ілгері жүрмек болды. Бірақ Асқардың Асанды көре кеткісі келді.
Асан ауылының айналасын қоршаған партизан отрядтары Қызыл Армияның келе жатқанын көрді. Бірақ олар кім екенін әуелі білмей, астыртын хабаршы салды. Көрінген әскерді осылай анықтап алып, қимылға содан кейін кірісетін партизандардың әдеті еді.
Келгендердің Қызыл Армия бөлімдері екенін анықтаған олар, тобымен келуге түсінбей атыс боп қалар деп ойлап, полкқа кісі жіберді.
Жолдан партизан отряды кездесу – Қызыл Армияға оның ішінде бұл полктарға жаңалық емес еді. Ондайлар жолда талай жерден ұшыраған.
Сондықтан екі полктың соғыс советі тез ақылдасып, сақтық жағын еске ала отыра, партизандарға келуге рұқсат берді.
Рұқсат алған қуанышты партизандар қызыл туларын желбірете: «Жасасын Қызыл Армия. Жасасын Совет өкіметі!» деп ұрандап, даланы басына көтеріп, тұс-тұстан ауылға қаптады.
Көпір басында Асқардың ауылына келгенін естіп, ұсталған автомобильдердің біреуіне мініп ұмтылған Асан, аулына жан-жақтан құйылған партизандармен бірге кірді.
– Асан мынау!– деді Сағит Асқарға. Асан үйіне кіргенде.
– Мен Асқарды танимын!– деді Асан.
Екеуі төстеріне төсін тақап, айқара құшақтасып, бірін-бірі қатты қысып, қазақша көрісті.
3
Амандыққа қанып, Амантайды сүйіп мауқын басқаннан кейін Асқар жүрмек боп еді, Асан рұқсат етпеді.
– Ботагөзге менің жаным сенен кем ашымайды,– деді ол Асқарға,– әуелде сен үшін әкелгенмен, артынан бірге туған адамымдай болып кетіп еді. Менен кінә жоқ.
Аман-есен үйіріне қосайын деп, не пәлеге, не бейнетке болса да шыдап бағып ем, күшімнен асып кетті. Күштен де асқан жоқ-ау қапыда ұрылдым. Көзбе-көз болғанда өзім өлмей жібермейтін ем. Ал енді, өзіңді көптен тосып ем, аман көрдім. Жақсылығыңды өтедім бе, жоқ па, оған құдай куә. Үйге кеп түскесін бір малымды жемесең риза емеспін. Содан кейін ұлықсат. Ұлықсат емес-ау, өзім бірге кетем. Ботагөзді өз қолымнан құтқармай мен тынбаймын.
– Саған мың алғыс, Асан!– деді Асқар,– менің жақсылығымды сен жүз есе артық қып қайтардың. Ерлік істедің. Жан-тәнім риза. Жігіт екенсің. Саған көмектескен халыққа да ризамын. Халық үшін қасықтай қанды төгуге бейіл боп, не бейнетке болсам да шыдап ем, онымды халық ақтады. Халық боп, халықтан шыққан біз боп бостандыққа ұмтылып ек, созған арманға қолымыз еркін жетті, кедейдің күні туды, байлардың күні батты. Енді бөгелмеу керек. Ботагөзді де құтқару керек... Асан Асқардың бөгелмей тартуына көнбеді.
– Менің қонағасым сенен не қорқып, не жағынып беретін ас емес,– деді ол,– қазақтың дәмді қадірлейтінін білесің.
Асқар командирмен ақылдасып еді, күн кешкіріп қалғандықтан тоқтауға командир қарсы болған жоқ.
Қызылдардың бір ісі: жолшыбай соғысып алған жерлерге ревком құрып келе жатыр еді.
– Осы маңда ел де көп екен,– деді командир, Асқарға,– және партизан отрядының құрылған жері екен. Халықты жиып, митинг ашып, ревкомын белгілеп кетейік.
– Жарайды!– деді Асқар.
Ұсталған қашқындарды Асан жақын деревнялардың біреуіне қаматтырып, мықты күзет қойды да, өз қонағын күтудің жабдығына кірісті.
Асан малын сойып, етін асқанша, Асқардың өтінішімен жан-жақтағы ауылдардың, партизан отрядының адамдары тайлы-таяғына шейін қалмай, тегіс Асан ауылына жиналды.
Жиналған жұртқа орысшадан Орлов, қазақшадан Асқар – Совет өкіметінің тұтатын жолы туралы баяндама жасады. Жұрт ол баяндаманы шаршамай толық тыңдап, шаттық көңілдерін дауыстап, қол шапалақтап білдіріп отырды. Баяндамалардан кейін халықтың өзі сөйлеп, ақтардан көрген жапаларын айтып, жиылыстық аяғы түн ортасына шейін созылды.
Ревком сайлау жұмысы таңертеңге қалып әскерлер тынықсын деп жұрт түн ортасы ауа тарады.
Асан өз үйіне жиырма бес шақты қызыл әскерлер түсірген еді. Ішінде Орлов пен Асқар. Үйге кіре Асқардың құмартқаны ас болған жоқ – Амантай болды. Бастан көргенде жалпы баланың біреуі сықылданған Амантай, минут сайын оған жақын тәріздене берді. Митинг кезінде Амантай оның көз алдында елестеді де тұрды. Ол Амантайды көруге құмартты. Көргенше дәті шыдамады. Асқар митингіден келсе – Амантай ұйқтап қалған екен. Ұйықтаған баланы сүюге оянып кетер деп, ашық жатқан бетіне еңкейіп үңіліп еді, кескіні көзіне Ботагөз сықылданып кетті. Асқар шыдай алмай, маңдайынан ғана тұмсығын тақап тұрып, қатты иіскеді. Түнгі салқын, таза ауаға рахаттанып ұйқтап жатқан бала оған оянған жоқ. Митингі тарай, Асан ауылының маңайы осы күнгі парккультуралар сияқты ән-күйдің, сауықтың мекеніне айналды. Партизан мен қызыл әскерлер араласқасын гармондар тартылды, өлеңдер айтылды, билеушілер көбейді. Бұл ойындарды тамашалап тұрған елдің қатын-қалаш, бала-шағасы тегіс жиналып:
– Е, бәрекелді, міне, жаңа арқамыз кеңіді ғой!.. Е, тәйірі осындай бір жақсылық болса керек еді!.. Мұндай да елге жайлы салдат болады екен!.. Ылғи бір ширатылған жібек сықылды жұмсақ мінез жігіттер. Қызылдарды оңды деген қауесет бар еді. Көз көрді. Рас екен. Қарасы өшкір ақтың салдаты қырып жібере жаздап еді, атаңа лағнаттың жеңілгені де елдің қарғысы шығар. Елге жайлы әскер – мына қызылдар. Осындай халыққа жайлы болғасын, халық тілегін тілеп, қызылдардың ақты жеңгені де сол ғой. Көп жасаңдар!..– десті.
Асан үйінің дәмін ішіп, тарағаннан кейін Асқар төрге төсек салдырып, Амантайды қойнына алып жатты. Ол түні бойы көз шырымын алған жоқ. Бірақ оны екі нәрсе ауыр ойға түсірмеді. Біреуі – бауырына кіре ұйықтаған Амантай, екіншісі – ауылдың айналасындағы ойын-сауық.
Таң сібірлей қалғыған Асқар, беті жыбырлағанға ояна келсе – Амантай оның кеудесіне асыла, мұрнын ұстап отыр екен. Еті аршыған жұмыртқадай аппақ, денесі толық баланы Асқар бауырына қысып сүйді. Оның ұйқысы ашылып кетті. Бұл күн көтеріліп қалған мезгіл еді.
– Сөйлейді,– деді от басында самауыр қойып жүрген Қалима.
– Ә, солай ма? Атың кім, қалқам?
– Ә-мә-тай...– деді бала сөзін созып.
– Әкең кім?
Асқар қарқылдап күлді.
– Апаңның аты кім?
– Бө-тә...
– Ә, қалқам біледі екен!..
– Біледі,– деді Қалима,– тіл шыққасын-ақ апам сөйлетіп, үйретіп отыратын.
Ботагөздің Амантайды ұстап түскен суреті Асқардың төсқалтасында еді, соны алып:
– Мынау кім?–деп сұрады Асқар, Ботагөзді нұсқап.
– Бө-т-тә...
– Мынау кім?..
– Ә-мә-тай...
Асқар Амантайды тағы да қысып сүйді, сүйді де көзіне жас алды, көзіне жас алды да күлді.
Таңертең екінші рет ашылған митингіден кейін, қызылдар жергілікті халықтың ұнатуымен Асанды болыстық ревкомға председател сайлап, ревкомның ел басқаруы жөнінде Асқар Асанға нұсқаулар беріп, содан кейін Асқар әскерімен ілгері жүруге жиналған еді.
– Тарс есімнен шығып кетіпті!– деді Асан Асқарға,– кеше көпірден біраз адамдар ұстап ек, өте күдікті адамдар. Біз ұстарда қапқа орап Есілге лақтырған нәрселерін, мен сүңгіп алып шығып ем, біреуі пулемет екен, ал, біреуі бір темір сандық. Оны ашқамыз жоқ.
– Олар қайда?
– Осы арадан бес-алты шақырым жердегі деревняның тас сарайында қамаулы. Алдырсақ қайтеді?
Асқарға «жергілікті ревкомның өз қарауына қалдырсақ қайтеді?» деген бір ой келді де, «жоқ,– деп ойлады тағы да ол,– пулеметпен, автомобильмен жүрген адам тегін емес шығар. Алдырып білейік».
Асқардың бұл ойын командир де мақұлдады.
– Біз жүре берейік,– деді командир Асқарға,– сен біраз адамдармен автомобильді ал да, осында қалып ұсталған адамдарды тексерістіріп, артымыздан қуып жет. Осыған сөз байласып, Асқар біраз қызыл әскерлермен Асан ауылында қалып қойды. Полк ілгері жүріп кетті. Ұсталған адамдарға автомобиль жіберіп, ауылға алып келгенше Асанның кеңесі – Ботагөзді қорғауда басынан кешкен қиындықтар туралы болды.
Автомобиль аз уақытта оралып келіп қалды. Асқар отырған орнынан қозғалған жоқ. Асан далаға шығып, айдаушылардың қоршауымен, үйге қамалғандарды алып кірді.
Сақалы қауғаланып өскен Мадиярды Асқар тани кетті. Асқарды Мадияр да таныды. Асқардан рахым күтуге дәлелі жоқ Мадияр, оның кескініне тура қарай алмай, көзін аяғының астындағы жерге тікті. Басып тұрған жер – оған енді жер сияқты емес, түпсіз тұңғиық қара үңгір сияқтанды. Қараңғы үңгірден басы айналған Мадияр ешкімнен рұқсат сұрамастан отыра кетті.
Асан мен Асқар Мадиярдан жауап алудан бұрын, темір сандықтың аузын сындырып ашып, ішін ақтарды. Сандықта алашорда комитетінің, документтері, соғыс мәліметтері салынған екен. Есілге тастағанда ішіне су кіріп, көп документ сиясы еріп, бүлініпті. Аман қалғаны аз.
Осы суланған документтерді ақтарып отырып Асқар, атылуға бұйырылған адамдардың тізімінен Асан мен Ботагөзді тапты.
Сандықтағы қағаз көп екен. Бәрін ақтарып, айырып оқуға ұзақ уақыт керек болды. Сондықтан Асқар суланған қағаздарды кептіру үшін күнге жайғызып, өзі Мадиярмен сөйлесті.
Асқардың Мадиярдан білгісі келгені: қайдан шыққаны, қайда беттегендігі, алашорданың өзге адамдарының қайда екені, алаш армиясының, ақтардың хал-жайы еді, Мадияр мұның біреуіне де жауап берген жоқ. Асан: «ұрып айтқызайық» деп еді, Асқар оны істемеді.
Мадиярға күзет қойып, далаға шығып, Асқар Асанға ақылдасқанда:
– Сен құй ұлықсат ет, құй етпе!– деді Асан,– бұл иттің, қылығы өткен. Мен мұны аттырам.
Асқар Мадиярды Н... қаласына алып кетейін деп еді, Асан сөзінде қарысып отырып алды.
– Жаудың жауының жауы осы!– деді Асан,– мен мұны тірі жібермеймін. Бұл талай адамның қанын осы араның өзінен төктірген. Қанға қанмен жауап беретін кезегі келді.
Асқар ойланып барып көнді.
Үкім орындалды...
Амантайды бауырына қысып сүйген Асқар, Асанмен де сүйісіп қоштасып, тез оралуға уәде қылып, автомобильмен жүріп кетті.
4
Н... қаласында ақтар үлкен қарсылық көрсетті. Қызылдар Оралдан Сібірге қарай беттегеннен бері, Орскийден кейін ақтардың мықты қарсылығы осы Н... қаласынын, тұсы болды.
Соғыс тактикасы жағынан Н... қаласынын, маңайы өте қолайлы еді. Оның күнбатыс жағын ораған таудың бітімі қорған сықылды екендігі романның – «Сәбиден сәлемдеме» деген тарауынан оқушыға белгілі. Осы қорған тау, қаланы жақын жерден ғана қоршап қоймайды, оңтүстік жағы бұйраттанып созылып, 50 –60 шақырым жерге кетеді. Ал, таудың солтүстік жағы мен қаланың солтүстік жағын орайтын үлкен көлдің сол жақ бүйірінен құйылатын өзеншік бар. Бұл өзеншіктің суы аз болғанмен, жары терең, ой-шұқыры көп, жарының екі жақ қанаты тоғай, ұзын тұрқы жүз шақырымдай.
Бас штабын Н... қаласынын, өзіне құрған ақтар, қаланың оңтүстігіне созылған бұйраттың өн бойына, солтүстігіне созылған өзеншіктің өн бойына шеп құрып үлкен ұрысқа күні бұрын әзірлік жасаған еді.
Ақтарды Орскийден шығарғалы үлкен қарсылық көрмеген Қызыл Армия Н... қаласына сол қарқынмен келіп қалып, жердің жағдайы разведканы алдап, осы арадан біраз адам шығын болды.
Н... қаласын алу төрт-бес күнге созылды. Қызылдардың бірінші күні бетін қайтарған ақтар, шабуылға ойланып еді, қызылдар ен, алғаш жиырма шақырымдай шегінгенмен, тез қарсы шабуылға кірісті.
Бір беткей, қаланын, күнбатыс жағынан соғысқанда, ақтар қаланы жуық арада алдыра қоймайтын еді. Өйткені қызылдар келе жатқан жақ жазық жалаңаш жер. Таудың арасына, өзеннің жыраларына бекінген ақтарға зеңбіректен де, пулеметтен де оқ жаудыруға және жаудырған оғын дәлдеп жіберуге қолайлы.
Бұл араның жер жағдайын Асқар жақсы білетін еді. Сондықтан қала маңайының топографиялық схемасын жасауға, бекініс жерлерді дәл көрсетуге оның кеп көмегі тиді.
Бұл кезде қызылдардың позиция қанатынын, солтүстік жағы – Қорған, Түмен қалаларымен, оңтүстік жағы – Атбасар Қызылордамен қанаттасып кеткен еді. Осы ұзақ шептің ойық жері Н... қаласынын, тұсы болды да, екі жақ қанат ілгері сұғынып, солтүстік қанат – Ешім, Қызылжар қалаларына, оңтүстік қанат – Ақмола, Шымкент қалаларына барып, позициялардың сызығы доғаға айналды.
Н... қаласында ақтардың қатты қарсылық көрсеткен және шықпай жатып алған хабардан естіген Қызыл Армияның екі жақ қанаты қаланы орап алу амалына кірісті. Бұл амалды қолдануда Асқар жасасып берген топография схемасы көп себеп етті. Сонымен, 249 полк қаланын, күнбатысында аңдысып, атысып жатқанда, Қызыл Армияның екі жақ қанаты қаланы орап қусырып кеп, қатты соғыспен түнде алды. Ақтардан мыңдаған адам пленге алынды. Көп құрал олжа болды...
249-полк қалаға таң ата кірді. Бұл кезде ақтар қаладан ұзап, арттарынан қуғын кетіп, қала қызылдардың қолына түгел көшіп болған еді. Өйткенмен, қала іші абыр-сабыр, сапырылған адам.
249-полк қаладан өтіп, күншығыс жақ бетіне тынығуға түсті. Полк тыныққанмен, қалада ақтардан алынған кеп плен бар деген хабармен: «Ботагөз қолға аман түспеді ме екен?» деген ой кеп, Асқар қалаға қайта барды да, қаланын, штабынан пропуск алып, тұтқын ақтарды түске шейін аралады. Бірақ оның қыдыруы босқа кетті. Ботагөзден ол сыбыс білмеді. Оның білген сыбысы – Кулаков дивизиясының пленге алынбай ілгері кетуі.
Іздеп-іздеп, Ботагөзден күдер үзген Асқардың есіне баяғы пәтерде тұратын Салиха кемпір түсті.
«Ол қайда екен? Бейшара тірі ме екен? Әлде өлді ме екен?» деп ойлады ол.
«Көрейін» деп Асқар жортып кетіп, бұрынғы жобасымен барып еді, «осы ара еді ғой» деген мерзімді жерінде үй жоқ; күйген, я бұзылған үйдің орны сықылды үйілген бір сары топырақ бар, айнала ермен, алабота шығып кеткен. «Осы ара болу керек еді, қасындағы үйден сұрайын», деп Асқар қалын, ерменнің, алаботаның арасымен, аржағында тұрған бір үйге жөнеле беріп еді, аяқ астынан аты үркіп, жығып кете жаздады.
Жалт берген аттың үстінен түсіп қала жаздаған Асқар тізгінін тез тежеп, тақымын орнықтырып, ат үріккен жаққа қарап еді, үй орнындағы үйілген сары балшықтың ортасындағы бұзылған пештің кірпішінің үстінде – киімі жалба-жұлба бір қартаң әйел отыр.
Аты үріккенмен: «бұл неғылған жан?» деп таңданған Асқар атын тебініп, әйелге жақындады. Әйел ат үріккенде басын төмен салбыратып отыр еді. Асқар үріккен атын тебініп жақындағанда, белін бүкірейтіп, таянып түрегелді.
Әйелдің кім екенін Асқар таныған жоқ. Оның кескін-кейпінде, киім-кешегінде адамға ұқсар жері жоқ, жәй ғана тірі әруақ.
– Шеше, кім боласыз?– деді Асқар кемпірге атын жолата алмай, анадайдан.
– Шушы үйінін, хозяйкасы,– деді кемпір зорға сөйлеп.
– Үйіңіз күйген бе?
– Нәрсә булганын һиште билмим...
– Өзіңіз қайда едіңіз?
– Түрмәдә.
– Сіз Салиха апай емессіз бе?
– Ә-әйі, мин Салиха амай...
– Мен Асқар!–деді Асқар, атынан түсе қап, тартынған атын Салихаға қарай жетектеп.
Салиха тәлтіректеп Асқарға жақындап, жылайын деп кемсеңдеп еді, көзінен жас шықпады.
«Мен Асқармын!» деген сөзді естіген көрші үйдің жігіті жүгіріп кеп, Асқарға амандасып, Салиханың басынан кешкен оқиғаны қысқаша баяндады.
– Сенің әйелің бір жаққа кетіп қалып,– деді жігіт Асқарға,– соны тауып бермедің деп ақтар бұл бейшараны ұрып-соғып, түрмеге жапқан еді. Содан мана шықты. Үйін ақтар отқа жақты. Бірақ, расын айтқанда, соғыстың арты неге соғарын білмей, маңайдағы үйлер қорқып кіргізбей, Салиха апайдың далада отырған себебі сол еді.
– Осы маңайда бос үй бар ма?– деді Асқар жігітке.
– Анау тұрған Савелий Кабановтың үй іші ақтармен бірге қашып, үйі бос қалып тұр.
– Жүріңіз, Салиха апай!– деді Асқар, Салиханы қолтықтап,– сол үйге апарып орналастырайын. Әй, жігіт, атыңды ұмыттым, атың кім еді, өзіңді танимын.
– Аманқұл.
– Әке-шешең бар еді, аман ба?
– Аман. Мен де сені білем. Дауысыңды танығасын келдім. Әйтпесе, танымаған адамда не жұмысым бар. Аманқұлды Асқар біледі. Ол грузчик.
Салиханы Асқар қолтықтап, атты Аманқұл жетектеп, үшеуі Савелий үйінің алдына келді де, атты қақпаға байлап, қарағай үйге кірді. Үй төрт бөлме болатын еді. Сенегі, ас бөлмесімен алтау. Үй ішінде қираған орындықтардан басқа жасау жоқ екен. Бірақ есік, терезесі, пеші бүлінбеген. Ішін абойлаған жаңа қарағай үй саңғырап тұр.
– Әй, Аманқұл!– деді Асқар, Салиханы бір скамейкаға отырғызып, жан-жағына қарап тұрып,– сен осы үйге ие болсаң қайтеді?
– Айта көрме...
– Жоқ, сен қорықпа. Ақтар енді оралады деп ойлама!
– Ақтар оралмаса да, Кабановтың мұндағы тұқымдары мені түтіп жер.
– Түк те қылмайды. Қалаға енді біздің үкімет орнайды. Жалғыз бұл емес, Кабановтың өзге байларының үйін де тартып алып, сендейлерге береміз. Сен мына Салиха апаймен осы үйге түс. Үйге екеуің ортақ болыңдар. Ақша беріп кетейін, мен қайтқанша апайды сен күт.
Аманқұл ризаласты. Соғыс біте Н...ға оралмақ боп, сәби Амантай мен Ботагөзді Салихаға көрсетпек боп, Асқар аттанып кетті.
Алексей Кулаковтың ақылымен Н... қаласынан кейін ақтардың қызылдарға үлкен қарсылық жасаймын деген жері – Бурабай тауы еді.
– Қызылдарды тосып, қапыда ұшырататын Бурабай тауында екі жер бар,– деген еді Алексей, корпустың командирше,– біреуі «Көкше» мен «Өркешті» тауының аралығы арқылы – Шабаший қаласынан Бурабай қаласына тік түсетін асу; екіншісі – Шабаший қаласынан шығып, «Көкшенің» солтүстігімен Шабақ келінің жарын жағалап отыратын асу. Сырттан келген қызылдар бастапқы асумен аспай амалы жоқ; ал егер бізді алдымыздан орағысы келсе, соңғы асу қиын болғанмен, онымен де өтеді. Ол асуды білетін іштерінде Асқар Досанов деген бар. Егер осы екі асуда пулемет құрып отырсақ, қызылдардың біразын отаймыз. Мүмкін олар шегінуі.
Таудың картасына қарап отырып, корпус командирі, Алексейдің ұсынысын қабылдап еді, бірақ «алдымызды ораған қызылдар бар» деген үреймен ол пландарын іске асыра алмай, үрейленіп дүркіреген солдаттарын тоқтата алмай, Бурабай тауынан ақтар ағып өте шықты.
Олар Итбай ауылына барып түсті. Қызылдардың келе жатқанын естіген Итбай тұқымдарында үрей жоқ екен, еркек кіндіктісі тығылуда екен. Ауылына келген ақтардық ішінде Алексей Кулаков пен Сарыбас барын естіген Итбай тұқымдары жиналды. Итбай өлгеннен бері болыстың қызметін атқарып, «қызылдар жақындады» деген хабардан беpi, тауға паналаған Елікбай да келді.
Сарыбасқа жылап көріскен Елікбай: «әйтеуір, шашылуға жиналған мал ғой» деп, 40–50 қой сойып, 2-3 ту бие сойып, ақтарға қонағасы берді.
Кейінгі жағына қарауыл қойып, ақтар ас ішіп жайлағанда, Елікбай Сарыбасты оңаша шығарып, қолына бір конверт ұстатты. Сарыбас ашып көрсе, Базарханның хаты екен. Хат былай жазылыпты.
«Сарыбас!
Бұл хат сенің қолыңа тие ме, жоқ па? Сондықтан қысқа жазам. Ұзын жазатын сөз де жоқ қой.
Менің көкейімдегі сөздердің бәрі сенің де көкейіңде. Өзің білетін сөздердің несін қайталайын. Біз сіздің үйден дәм ішіп аттандық. Бетіміз Семей. Құдай оңдап, біздің әскер қызылдың бетін қайтарса тоқтадық. Әйтпесе, әрі қарай жылжимыз да. Арғы жолдың шеті Қытай екенін айтып сені несіне мұңайтайын. Қытайға бір шыққан соқ, бұл жердің топырағын басамыз ба, жоқ па?– Оны бір тәңірі біледі.
«Жаудың жеріне де бір қос тік» деген мақал бар, Сарыбасжан! «Үмітсіз сайтан!» деген. Қытайға кеткенмен, болашақтан күдер үзбейміз. Бізде енді қалған жалғыз жол: Совет үкіметіне аз адамдарымызды білдірмей орналастырып, оны іштен шіріту.
Осы оймен, мен сен сияқты бірнеше алашорда жастарының совет алған жерде қалуын, советтің қызметіне араласуын мақұл таптым. Менің бұл ақылымды алған біздің біраз жастар, кейінгі: Қостанай, Ақтөбе, Орал жақтарында совет қызметіне араласа бастаған болу керек: қызылдарға тіленіп кіргендері де жоқ емес шығар.
Саған да айтарым: Қытай бізді жарылқаса да аз болмас. Сен ебін тап та, ақтардан сытыл!.. Ар жағы белгілі ғой.
Базархан».
Бұл хатты оқыған Сарыбас, Елікбайдан мазмұнын жасырмақ болды.
– Несін жалтақтайсың, шырағым,– деді Елікбай,– қорыққанның жөні осы екен деп, менен де сақтанайын деп пе ең? Хатты Базархан маған оқыған. Бізде осы күні не ес бар. Сонда да осы ақыл маған өте қонады.
Сарыбас ұзақ ойланбай ағасының сөзін қостады.
Тауға жылысуға бел байлаған Сарыбастың бір ғана алаңы болды. Ол – Ботагөз. Асан ауылынан тартып әкеткелі Ботагөз Алексейдің қарындасы Елизавета Андреевнаның қасында. Алғашқы күндері инеліктей бүгілген Ботагөз, тағдырына бас иді ме? Әлде қаталданды ма? Әйтеуір, аздан кейін дағдылы адам қалпына түсіп алды. Сарыбас оның бұл қылығын «Алексейге пенде болғандықтан» деп ойлап, оның өзінен, оны төңіректейтіндердің кейбіреулерінен сыр тартайын деп еді, түйсінді ешнәрсе қолына ілікпеді.
Сарыбастың алғашқы жорамалы: «Алексей Ботагөзді аз күн пайдаланады да, өлтіріп кетеді» деді. Кейінгі шамалауынша, олай болмайтын сияқты. Қытайға ала кететін сияқты. Алексейдің Ботагөзді ұзақ сүйреуі Сарыбасқа ұнамайды. Ол, Алексейге ықпал жасап, Ботагөз көзін жоюға талай тырысты, бірақ өзеуреп жүрген Алексейге оспақтап болмаса, ойын тура айта алмады.
Базарханнан хат алып, тауға тығылуға ойы кеткен Сарыбас, тәуекелге бел байлап, Алексейге Ботагөз туралы ойын айтты. Оған Алексейдің берген қысқа жауабы:
– Бұл менің ғана жұмысым.
Сарыбас ілінісейін деп еді...
– Мен сізге айттым, господин Итбаев,– деді Алексей,– «менің жұмысым» деп. Түсінікті де, ұғымды да сөз.
Екеуі қабақ шытысып тарқасты.
Итбай ауылы тауға жақын күздікке қонған еді. Алексейден ажырасқан Сарыбас, Елікбайға ғана сездіріп, орманы қалың тауға жытты.
Кейіндегі қарауылдан: «қызылдар жақындап қалды» деген хабар кеп, ақтар Итбай ауылынан аттанарда Алексей Сарыбасты іздеді. Жоқ!..
Не қулықтың болғанын Алексей айтпай ұқты. Сондықтан ол Елікбайға бұйрық беріп: «өзің біздің қасымыздан қозғалма! Кәрі әкеңді жібер! Сарыбасты тапсын! Егер таппаса өзіңді атам, әкеңді атам, мал-мүлкіңді талаймын, қора-қопсыңды, тауды өртеймін!»
Сасқан Елікбай әкесін жіберіп еді, таба алмай қайтты. Ызадан тұншыққан Алексей Елікбайды өз қолымен атты да, өзге жандарына тимей, малы мен мүлкін талауға, қонысын өртеуге бұйрық берді.
Ақтар аттана, ауылды өрт қаптады...
5
Ақтардың қолында Ботагөздің тұтқын болуына айға жақындады. Бастап қолға түскен күндері ол, Кабановқа тиген Елизавета Андреевнаны өзіне пана көрді.
– Лиза!– деді ол, Алексейдің бейбастақ мінезін көргесін, бірінші күні, Елизаветаға,– біз екеуіміз бір кезде жанымыз бір дос ек, бірнеше тату күндеріміз мектепте өткен еді. Оған көп уақыт болды. Мен мынадай күйге ұшырадым. Бұрынғы достығың үшін, мені айуандық жәбірлеуден қорғауыңды тілеймін.оқығаның бар адамсың. Мені атып тастаса, сен ара түспе. Оған мен бейілмін. Бірақ мені мазақтауға, арымды аяғына басуға ойлайтын адам болса, сен одан қорға. Панасыз, күшсіз мені мазақтың қол жаулығына айналдырам деушілерден арашала!..
Бұл сөздер арына ауыр тиген Елизавета Андреевна Ботагөзді біраз күн мазақ қиянатынан арашалап, айуандық мінез көрсеткен ағасы – Алексейді ұялтты. Алексей қанша бейбастақ болғанмен, қарындасының жалынышты және ұятты сөздерінен қаймығып, зұлымдық ниетін тежей берді.
Алексей ойға алған ісін орындап шығуына қашан да сенетін еді. Оның бір мықты сенгені – қызылдарды жеңу еді. Бурабай тауынан шыққанша осы сенім Алексейді жігерлендіріп келді де, Бурабай тауын соғыссыз қызылдарға бергеннен кейін – сенімі буалдырланды. Оған жасынан үйір болған оптимизм Бурабай тауын соғыссыз бергеннен кейін, өкпелегендей артында қалып қойды да, оның орнына пессимизм ұялады.
Бурабай тауы артында бұлдырап алыстаған сайын, Алексейдің іші өртене түсті. Іші өртенген сайын, оның ақылын ашу билеп, егер қолынан келсе, таудың тасын талқандап, ағашын өртеп, күл ғып кеткісі келді. Осы ашумен Шалқар көлінің жағасына кеп қонған ол, іңірде қарындасының жалбарынған сөзіне болмай, наган ұсынған қолымен Ботагөзді алдына салып айдап, әскер маңынан алысқа алып шықты.
– Елизавета Андреевна!– деді ол, Ботагөзге ара түскісі келген қарындасына,– сіз маған бұл мәселеде өкпелей алмайсыз. Егер менің сізді сыйлайтын жүрегімді өзіңізге дұспан қылғыңыз келмесе, мен сізден енді бұл мәселе туралы өтініш етпеуіңізді өтінем. Бұл сөз сізге ашық болуға тиіс!..
Қарындасы күмілжіп қалды.
«Ботагөз де: «қорға!» деген жоқ. «Не де болса көрейін!» деп, «жүрдік» деген жағына қарай, алдына түсіп аяңдай берді.
Түн ол күні бұлтты, кезге түртсе көрінбейтін қараңғы еді. Әйткенмен, Ботагөз қайда келе жатқанын шамалайды. Көлге су сарқылатын бір терең жыра кешке кезіне шалынған еді, соған қарай әкеле жатқан сияқты.
Не ниетпен әкеле жатқанына түсінбеген Ботагөздің бойына онша қорқыныш кіре қойған жоқ. Оның жүрегі дұрыс соғып, денесі әлденеге ширап кетті. Оған әлденеге «құтылам» деген сезім пайда болды.
Қостан алып шыққанда Алексейдің ойы – Ботагөзді ату еді. Былай шыққаннан кейін оның айуандық тілегі оянып: «Осы Ботагөзге жасынан қызығып ем, мен қалайша осыдан «махрұм қалам?»–деп ойлады. Осы қорытындыға келгеннен кейін:
– Ботагөз!– деді Алексей қатарласа беріп, жылы сөйлеп,– мен сізді неге оңаша алып шыққанымды білесіз бе?
Алексей Ботагөзге ғашықтық сөздерін айтты.
Бұл арбау сөздердің артында не барын білген Ботагөз, Алексей ғашықтық сөздер айтып келе жатқанда, қайткенде оны алдап құтылудың айласын іздеді.
Аздан кейін ол айланы таптым деп ойлаған Ботагөз:
– Алексей Андреич!– деді дауысын дірілдеткен болып,– мен де сізге қатал боп келдім. Сізді мен сөкпеймін. Сіздің мені сүйетініңізді мен енді анық ұқтым. Мен сіздің еркіңізде, ендігісін өзіңіз біліңіз...
Ботагөз жылаған болды.
– Жыламаңыз!– деді бұл сөзге сенген Алексей, наганын кабурына салып, Ботагөзді оң жақ белінен айқыра құшақтап,– мен енді сіздің құлыңыз!..
Ботагөз Алексейдің бетіне бетін тақап, сол қолымен оның сол қолын қысты. Алексей бетінен сүйіп еді, Ботагөз қарсыласқан жоқ.
Суық бетіне ыстық бет, суық қолына ыстық қол тиген Алексей, сезімнің толқынына көміліп, өзін-өзі ұмытты, осы кезде Алексейді оң қолымен құшақтап келе жатқан Ботагөз, оның наганын кабурынан ақырын суырып алып, қалтасына салды. Оны Алексей сезген жоқ.
– Мен сізден өтінем!..– деді Алексей, демін ышқына алып, Ботагөзге, жырақаның жағасына келгенде.
– Мен көндім!..
Алексей Ботагөздің қолтығынан қолын алды. Ботагөз екі-үш адым шегініп барып, қалтасындағы мылтықты алды да, жақындай берген Алексейге:
– Атам!–деді оқтанып.
Қараңғыға үйренген Алексейдің көзі өзіне ұсынған мылтықты көрді. Ол сасқанынан жанын сипап еді, наганы жоқ!..
Наганды Ботагөз алғанын Алексей білді. Сол минутта одан жан тәтті көрініп кетті. «Ашулы кісі атып жібереді» деп ойлаған ол, денесі дірілдеп шегіне берді.
Ботагөздің атып қалуға ойы бір кетіп тұрды да, «мылтық дауысы шықса, қуғыншы кеп қалар» деп, атпады. Алексей барып, кісі ертіп әкелгенше жасырынармын деп:
– Менің сізге істер рахымым,– деді Алексейге ол,– жаныңызды қиям. Тез кетіңіз!..
«Атып қала ма?» деп ығысқан Алексей, «атпаймын» дегесін жылдамдата басып қосына жөнелгенде, Ботагөз жыраға түсті де кетті.
Жыра бытықы-шытықы, біріне-бірі жалғасқан көп екен. «Құтылдым ба?» деп қуанған ол, сүріне-қабына, жыраны бойлап отырып, ентігіп, шаршағанда, көлдің жағасына жетті.
Ол еңбектеп, жардың биігіне шығып, артына құлағын түріп еді, дыбыс жоқ. Бірақ көлді айнала жылтылдаған от.
Ол оттар ақтардікі екенін Ботагөз біледі. Сондықтан ентігін басқан оған, ертеңгі күннің қаупі елестеді.
«Таң ата мені іздесе,– деп ойлады ол,– қалың әскер тауып алады. Енді қолға түссем оңбаймын. Не істеу керек?»
Қорқыныштан ба? Түнгі салқыннан ба?– Ботагөздің денесі қалтырап кетті.
Осы арада оның ойына – Шалқар көлінің ортасындағы тас діңгек түсті. Ол діңгекті Ботагөзге Асқар толық сипаттаған еді.
«Соған тығылайын» деген оймен Ботагөз көлді жағалап келе жатыр еді, жиекте екі қайық тұр екен. Соның біреуіне мініп, Ботагөз келдің ортасына тартты да кетті. Сәті түскенде, тас діңгекті ол тура тапты да, ескегін алып қап, қайықты толқынмен қайтарып қоя берді.
Діңгектің төбесіне шыққасын көңілі жайланған Ботагөз, айналасын сипап еді. Асқар айтқандай тобылғы, шөптесін орындар бар екен. Ботагөз сипап жүріп, бір қалың тобылғылы жерді тапты да сол араға кесіле жатты, аздан кейін ұйқтап кеткенін өзі де сезбеді.
Қосына ашумен барған Алексей, Ботагөзден қорқып келгенін айтуға ұялды, ол туралы тревога жасауға да ұялды. Одан ешкім жөн сұраған жоқ. Серіктері – «Ботагөзді өлтіріп келді» деп жорыды.
Жан-жағына разведка жіберген ақтың әскерлерінің көбі, Алексей қосқа қайтқанда, ұйқыда еді.
О да ұйқыға жатты, бірақ ұйықтай алмады. Оны кеп ойландырған екі зат болды. Біреуі – Ботагөздің айласын өткізіп құтылып кетуі; екіншісі – келешегінің күңгірттенуі.
«Ие, алдым күңгірт,– деп ойлады ол, шинелінің жарасына тұмсығын тыға, қос алдына жатып.– Совет өкіметі жеңді. Оның осы жеңуі жеңу. Енді біздің тілек бітті.
Ол не бақыт? Құрысын ол бақыт!»
Қытайға қашып барудан Алексейдің ойы жиренді. Оның қалғысы келді. Осы ой басына келгесін Сарыбастың қашқан себебін түсініп, ашумен азаптаған оның туысқандарын аяп, өзі де Сарыбастың жолын қууды мақұл көрді. Сол оймен ол, түрегеп жан-жағына қарап еді, айналасы түп-түгел шырт ұйқыда екен.
«Қайда тығылып қалам?»–деген ой келді оған.
Оның есіне де Шалқар көлінің тас діңгегі түсті.
– «Дұрыс!– деді ол, шинелінің ішінен беліне наган байлап, бомбаны қалтасына салып, аяңдап қостан шыға беріп,– сонда тығылам. Қытайға мына ұйқтап жатқандар-ақ өтсін!..»
Алексей жүгіре басып, көлдің жағасына келді де, жағалап жүріп, қайыққа кездесіп, қуанып кетіп, тас діңгекті бетке ұстай, қайықты есіп жөнелді.
Тас діңгекті тура тапқан Алексей, шығатын күн болса, малтып та шығармын, қайықпен белгі бермеймін деп қайықты толқынмен қайтарып, Ботагөз ұйқтап жатқан жердің екінші жақ тасасынан өзіне жайлы орын тауып, жаны жай тапқандай боп, о да қисая кетті.
6
Жер мен кекті тегіс солқылдатқан духовой оркестр күйінің дауысына шырт ұйқыда жатқан Ботагөз оянып кетті. Оның ұйқысы қанып, денесі тоңазып қалған екен. Ол орнынан атып тұрып, көзін уқалап, жан-жағына қараса – аспан да, су да, жер де оттай жайнаған қып-қызыл ту.
Мезгіл – күн шығардың алды екен. Шығыстан Батысқа қарай кешкен аспандағы күздің бұлты – шығар күннің алтын сәулесіне боялып, аспанға ілген сансыз қызыл тудай желбіреп тұр. Аспанды түгел жапқан қызыл бояулы бұлттың сәулесі, таңғы самалға толқыған көлдің бетіне шағылысып, Батысқа қарай сапырылған судың толқынында қызыл тулы сансыз кеме жүзіп бара жатқан сықылды.
Бұлттың, судың бетіне тігілген сансыз қызыл тулар, табиғаттың өзі Қызыл Армияның келуін Құрметтеп, қызыл ту көтеріп, қарсы алуға бара жатқандай әсер берді.
Табиғаттың бұл көрінісі көңілін есірген Ботагөз, қызыл тудай желбіреген су мен бұлттың қызыл бояулы толқынына біраз қарап тұрып, көзін көлдің шығысына, оркестр да уысы естілген жаққа тіксе, толқындай ырғалып, тулары аспанның күн сәулесіне боялған бұлтындай желбіреп, Қызыл Армияның қалың қолы келе жатыр екен. Бұл Қызыл Армияның ішінде Антон Лукин – Гроза басқарған полк та бар еді. Амантай мен ол құрған партизан отряды аз уақытта көбейіп, жергілікті ақтар үкіметінің берекесін жылға жақын қашырған, жазалаушы отрядпен аңдыса соғысып, 1919 жылдың сентябрінде Магнитогор тұсынан Қызыл Армияғa қосылған. Содан бастап ақтарды шығысқа қарай қуысқан олар Асқардың полкына сәті түсіп, Бурабай тауының маңында ғана кездесті.
Алексей Кулаковтың қолында Ботагөздің аман кетіп бара жатқанын да олар сол тұста естіді. Көрген адамдардың айтуынша, Ботагөздің халі өте қауіпті, өйткені, қызылдардың тықсыруы күшейген сайын, Кулаковтың айуандық қылығы да күшеюде. Өз дегенінен шықпаған адамдарға, оның ешбір мейірімі жоқ және ол жазалағысы келген адамға атудан басқа да неше түрлі жан түршігерлік жазалар қолданды, мысалы: тірідей кескілеу немесе тірідей өртеу сияқты...
Және сол адамдардың хабарлауынша, қуып келе жатқан Қызыл Армияның ішінде Ботагөздің ең жақын адамдары: Асқар, Кенжетай, Амантай және Гроза барын Алексей Кулаков біледі, сондықтан да ол Ботагөзге аса ызалы сияқты.
– Қоршауда қалса азапты өлімге бұйырмауы мүмкін,– дейді Кулаковтың Ботагөзге деген құлқын көргендер,– онда сескенер, батылдыққа баруға қорқар; ал егер қоршауға түспей, осы бетімен сырғи берсе, онда турасын айту керек, енді ұзаққа сүйремес.
Бұл сөз Ботагөздің достарын аса қынжылтады. Ақтар ілгері жылжыған сайын, қорқыныштары үдей түседі.
Сол қауіппен олар Шалқар көліне жетті. Бурабайдың батысында мықтап бір қарсыласқан ақтар, таудан асқан соң-ақ табан тіреп ұрысудан қалды. Шалқар тұсынан да олар осы қашқалақтай жылжыған қалпымен өтті. Ботагөздің өлі-тірісін білмеген достары, егер тірі болса, Шалқардан әрі сырғыған ақтардың ішінде болар деп жорыды. Оған қашан жетеді? Тірідей жете ме, жоқ па?– ешқайсысы біле алмайды, көруге құмартқан сайын, жүректері сыздай түседі...
Қызыл Армия Шалқардың екі жағын да орай жүрген еді. Оң жақ қанатта кетіп бара жатқан Асқар өткен күндерді есіне түсіріп, қабағын жауып келе жатып, Шалқардың ортасындағы діңгекке қарады.
– Жолдас командир,– деді ол қасында қатар келе жатқан командирге,– сіз көлдің ортасындағы сонау тас діңгекті көресіз бе?
– Өзім де бұл не деп ойлап келе жатыр ем, маған кеме сықылды елестеп еді,– деді командир – ол тау ма?
– Көлдің ортасына өскен тау. Сол таудың үстінде көзіңізге ешнәрсе шалына ма?
– Ту сықылды бірдеме көрінеді, қасында адам бар сықылды.
Екеуі де дүрбілерін көзіне ұстап қарап еді: діңгек үстінде адам!.. Адамның қолында – Қызыл ту!..
– Бұл не жұмбақ?–десті екеуі қосынан,– көл ортасына бұл жалау қайдан пайда болды?
Діңгекке тігілген Қызыл жалау туралы әркім әр түрлі сөздер айтты. Біреулер: ақтар бізді алдап тіккен жалау болмасын деді. Біреулер: ақтардан қашқан бізге тілектестер болмасын деді.
Асқарға келген ой:
«Әлде бір себеппен діңгекке тығылған Ботагөз болар ма?»
Асқар бұл ойын командирге айтты.
– Кім де болса барып көру керек. Қайық бар ма екен?– деді командир.
Асқар мен командир көздерін көлдің жағасына жүгіртіп еді, екі қайық ұшырай кетті.
– Мен барайын!– деді Асқар командирге.
– Біз барайық,– десті Гроза мен бір командир.
– Мен де барам,– деген сезді Амантай мен Кенжетай қосынан айтты.
Жеті кісі екі қайықпен суға түсе ғап, тас діңгекке тура тартты. Діңгек басындағы Қызыл туды олар анық көрді. Бірақ адам еркін көрінбейді.
...Түнде тас діңгекке аман жеткесін, Ботагөздің есіне Асқардың: «Қызыл тумен қарсы ал!» деген Омбыдан Сағит арқылы жазған хатындағы сөзі түсті. Сол сағаттан кейін, ол үш кездей қызыл матаны – шүберекті туға арнап, Асанға саттырып алып, көйлегінің ішіне орап жүруші еді. Ақтарға тұтқынға түскеннен кейін де, қызыл шүберекті ол тастаған жоқ та.
Тас діңгекке түнде жеткеннен кейін қызылдарға, Асқарға аман қосылуға сенген ол таңертең көлге жақындаған Қызыл Армия бөлімдері екенін көргесін, қызыл шүберекті ағытып алды да, ескекке байлап, ту көтерді. Ту көтерген Ботагөз, қызылдардан бірнеше адам қайыққа мініп, суға түскенін көргесін, «Асқар» деп жорамалдап, қуанышын қойнына сыйғыза алмай, қайықпен келе жатқандарға дауыс жетеді-ау деген жерден бар дауысымен:
– Жасасын Қызыл Армия!– деп, бірнеше рет айқай салды.
«Жасасын Қызыл Армия!» деген дауыс – Алексейдің төбесінен жайдың оғындай ұрды. Ол діңгекті ықтап, Қызыл Армияның қимылын көргісі келмей бұғып отыр еді, діңгекте өзінен басқа адам бар деп ойламаған еді. Нақ қасынан дауыс шыққасын ол, діңгекке өрмелеп жоғары шықса – басында желбіреген Қызыл ту тұр. Туды ұстаған Ботагөз!..
Шинелінің ішінен беліне байлаған наганды қабынан қолының қалай алып шығып, тұп-тура Ботагөзге қалай оқтанғанын Алексейдің өзі де білмей қалды. Мылтық ұсынған қолдың үстінен сол көзін қысып, оң көзінің қарашығын наганның қарауылы арқылы Ботагөздің дәл қарақұсына тікті. Оның көзі де, қолы да нысанадан жаңылған жоқ.
Ол наганның құлағын бармағымен қайырып, үсік саусағымен тілін тартуға ыңғайланып еді, Ботагөзге қадалған көзі таңғы сағыммен нақ Шалқар көлінің жағасында тұрғандай боп қарауытып, аспанды белуардан жиектеген Бурабай тауына түсті.
Ашу теңізіне батқан оның ақылы қайтадан қалқып бетіне шықты. Оның көзіне Бурабай тауының етегіндегі қала, қаладағы үйі елестеді. Содан бірте-бірте сабасына құйылған оның ақылы – өзінің болашағын есіне түсірді. Наган ұсынған қолын сол қалпынан қимылдатпай, бірақ көзін Ботагөзден мұнарланған Бурабай тауына аударып, ол екі нәрсені ойының таразысына салып, салмақтап өлшеді. Оның біреуі: Ботагөзді өлтіру, екіншісі – өлтірмеу.
«Ботагөзді өлтірсем,– деп ойлады ол қайықпен жүзіп келе жатқан Қызыл әскерлерге қарап,– бәрібір аналар мені тірі құтқармайды. Мүмкін, мен қапысын тауып, қолдағы қаруыммен оларды да өлтірермін. Бірақ сонау көлдің жағасын тегіс қоршаған қызылдың қалың әскері мені құтқара ма? Жоқ, олар құтқармайды!»
«Черт с ним! Құтқармаса құтқармасын, құтылғанда қайбір тіршілік!.. Жоқ!.. Оным қате екен!..»
Алексейдің есіне, ақтардың жеңілуі анықталғаннан кейін сырлас офицерлерімен бір кеңескені түсті.
«Россия советтік боп қалуға мүмкін емес,– дескен еді офицерлер,– біз оны қалдыруға мүмкін емеспіз. Олай болса монархияны қайтадан аяғына бастырудың екінші жолын қарастыру керек!»
«Жоқ,– деді ол, ішінен өзін-өзі шегелеп,– мен тілегіме жетуге тиістімін!.. Мен енді күшімнен асқан жерде жаудың оғынан өлем!.. Өзімді өзім өлтірмеймін де, көрінер көзге өлімге ұстап бермеймін де!.. Маған өзімнің қара басымнан, қара басымның намысынан – монархия қымбат... Мен тығылам!..»
Осы ойдан кейін ол наган ұсынған қолын түсіріп, артымен кейін қарай діңгектің тасасына сырғыды да, таңертең оянғанда көзі түскен бір тастың үңгіріне кіріп: «Мен енді апан түбіндегі қасқыр!»–деді ішінен, ызалы күлкімен.
Ботагөз Алексейдің өзін де, қимылын да сезген жоқ. Қайықтар жақындаған сайын ол, желбіреген туын жоғарылата түсіп, үсті-үстіне: «Жасасын Қызыл Армия! Жасасын Совет өкіметі!..» деп даусын көтере айқайлады. Оған – дауысы жер мен көктің арасына түгел толып, жер, көкті түгел жаңғыртқан сықылданды. Ол ұрандап тұрып жылады, жылап тұрып күлді...
Діңгекке жеткен қызылдар, ту ұстаған Ботагөз екенін көрген соң, қайықтан түсе, діңгекке өрлей жүгірді. Ботагөзге әуелі бұла кеп қалған Асқар болды. Құшақтаса кеткен екеуінің де кездерінен жас шықпай, бірін-бірі қатты қысып сүйісті.
Ботагөз екенін көргеннен-ақ ұмтылған Кенжетай, құшақтап керіскелі даяр тұр еді.
– Асқар!– деді Амантай, күлімсіреп,– біз де сағындық, амандасып бетінен сүйейік, босат!
Амантайдың дауысын естіп, Асқар құшағын жазайын деп еді, Ботагөз босатпады.
– Жиенжан, жібер!– деді Амантай, қуанышты дауыспен,– біз де сені сағындық!
Амантайды Ботагөз байқай алмай қалған еді.
Дауыс Амантай дауысы сықылданып кеткесін, ол құшағын жазып қараса, қасында Амантай тұр.
– Келші, сәулем!– деді Амантай, Ботагөзді құшақтап, бетінен сүйіп.– Мен жыламаймын, қалқам!
Кенжетай Ботагөзбен қазақша жылап көрісті. Сағынышты жолығысуға мейірі түсе шаттанған Гроза, өз кезегі келгенде, Ботагөздің қолын қатты қысып, құттықтау сөздер айтты...
– Амантай да бірге келді!– деді Асқар қалтасынан сәби Амантайдың суретін Ботагөзге ұсынып,– жолда көрдім. Аман!..
Ботагөздің тыйылған жасы, Амантайды көргенде қайта ағытылды. Ол жасты көзін алақанымен әлденеше рет басып, әлденеше рет суретке қарады. Қуаныш, құттықтау сөздер айтылып жатты.
Бақытты семьяның,, бақытты достардың – бақытты сөздерін тыңдағысы келмеген Кулаков, екі саусағымен екі құлағын қатты тығындап алған еді. Сондықтан діңгек басында сөйлескен бақыт сөздерін ол естіген жоқ. Сөз оған сөз емес, күңгірлеген бірдеме боп естілді.
Біраздан кейін күңгір де тыйыла қалғасын, ол өрмелеп, діңгекке шықса, Ботагөз көтерген Туды, сол көтерген қалпымен желбірете ұстап, екі қайық жағаға жүзіп барады екен. Жағада Қызыл туы толқынданған – қалын, әскер күтіп тұр.
Іші күйген Алексей, өз бармағын өзі тістеп, бір отырды, бір тұрды. Оның көзі қадалған сайын Ботагөз тіккен Ту желбірей түсті.
КӨКШЕНІҢ КЕУДЕСІНДЕ
(Эпилог)
Азат тауын айналып, күнгей бетіне шыға келіп ем, мөлдір көк гауһар тастан жасаған күмбездей Көкше, аспанға асқақтаған кербез бойымен көзімді тартып жүре берді.
Сібірдің салқын самалды көктемінде, көктен күндіз де, түнде де арылмайтын кілегей қоңыр бұлт, сол күні аспанның, жерді жиектеген жағалауына шегіп, жерден өзеннің жар қабағындай ғана жоғары тұр екен. Көктің кең, биік сарайында одан басқа көзге ілігер шөкім бұлт жоқ. Сондай ашық көгілдір аспанның астында көрінген Көкше – аспан астынан өскен кішірек бір аспан секілді. Бірақ Көкше көктен көрі көгірек!..
Көгілдір Көкшенің көркін көркемірек көрсетіп тұрған басына оралған кілегей ақ ұлпа бұлт пен етегін көмкере тоқыған бұйра сағым.
Бұдан аттай он жыл бұрын, дәл осы мезгілде, осы арадан нақ осындай бейнемен көзіме шалынған Көкшеге мен ара қонып атпен зорға жеткен едім. Бұл жолы астымда желдей жүйрік автомобиль. Жол үсті кең даланың көк орай шалғын бәйшешегімен тұтасқан салалы қалың селеу. Селеуге сүңги жүйткіген автомобильдің, астына жер жиырылып, кіріп, көз ұшындағы Көкше толқыған биік бетегенің үстінде, теңіздегі кемедей бізге қарай өзі зымырап жүзіп келе жатқан сияқты.
Көктемде түгі де, тоғайы да кектеп, келбеті көркемденген Көкше, аңсаған мені құшағын жайып қарсы алды. Мен оның шалғынын шолып, орманын оранып, көлін көлбеп, кең өлкесін кезіп, етегін ентелей басып тұрып, көзімді кербез кеудесіне тіктім.
Көкшенің кек гауһардай күмбез кеудесі аспанмен астасып, көркің күн нұрымен бояп тұр екен.
– Кел!– дегендей болды Көкше.
– Кеудеме жат!–дегендей болды Көкше.
– Күмбезіме шық!– дегендей болды Көкше.
– Көкке төбеңді тигізейін!–дегендей болды Көкше.
– Күнге бетіңнен сүйгізейін!– дегендей болды Көкше.
Көкше солай «кел» десе,– кімнің дәті шыдайды?!
Кілемдей жайнаған етегін көлбеп, Көкшенің кеудесіне мен өрледім. Құлдыраған құздың да, қиялаған шыңның да біреуін бөгет көрмедім.
Көкшенің кеудесіне шығып, келемін шолғанда – кезіме кеп өлке ілікті:
«Азат»–аяқ астында; «Сырымбет» – сырық сілтер жерде; «Жыланды» – жанында; «Бұқпа» – бауырында; «Айыртау» – аясында; «Имантау» – иығында; «Сандықтау» – сағасында; «Ақан» – ағайыны; «Зереңді» – замандасы; «Шортан» – шөбересі; «Торыайғыр»–тұстасы; «Көксеңгір» – көршісі; «Ереймен» – ерулесі; «Баян» – бауыры; «Қарқаралы»–құдасы; «Ақтау» – аңдасы; «Ортау» – одақтасы; «Ұлытау» – ұйымдасы; «Қаратау» – қайыны; «Алатау» – ағасы; «Алтай» – атасы...
Осы аталған таулардың біразын мен көзіммен көрдім, көзім жетпеген тауларды, аспанда шарықтап ұшқан сұңқар қанатты сезіммен көрдім.
Сүйтіп, сезімімді серуенде сайрандатып тұрғанымда құлағыма бір сыбдыр сезілді. Көкшенің кеудесінде шыңға ұялаған лашын мен қарағайға ұялаған қаршығадан басқа ешбір жанды мақұлық жоқ секілді еді. Бірақ, біреулер маған: «Бұл таудың басында барлық аң да бар... адам таудың басына шықса – аю аңдиды да, алып жейді» дескен.
Сол сөзден сескенген сезімім самал салқындатқан денемді одан кері суытып, сыбдырға сезігім күшейіп, соқтығатын аңның сазайын беруге, мылтығымды ыңғайлай бастадым.
...Бір кезде текше тастардың арасынан менің көзіме тасқа тырмысқан адамның алты қолы шалынды. Қолға қарап тұрғанымда, қылтиып қаз-қатар үш кісінің басы көрінді: біреуі – бұйра ақ бурыл сақалды, екіншісі – қою қара мұртты, үшіншісі – бетінде аздап ажымы бар, әдемі кескінді әйел.
Мен оларды текше таспен төменірек түсіп, қарсы алдым. Үшеуі де орденді: қарт пен әйелде – Ленин ордені, қара .мұртта – Еңбек Қызыл Ту ордені.
Біз жөн сұрастық: қарттың аты – Амантай – МТС-те директор; әйелдің аты – Ботагөз – агроном; қара мұрттың аты – Асқар – Райкомның секретары. Үшеуінің курортқа келуіне он шақты күн болыпты.
Біз Көкшенің кеудесіндегі биік шыңға шығып, төңіректі тамашалап, біраз отырдық. Бұл егіннің көктеген кезі еді.
– Маңайда егіннен ине шаншар жер жоқ екен-ау!– деді Амантай, жасыл барқыттай жайнап тұрған далаға жаны сүйсініп.
– Көкшенің кілемдей келбетті даласындағы көп көл, күміс теңгедей дөп-дөңгелек боп, күнге шағылысуын қарашы!–деді Ботагөз.
– «Көкшенің астында алтын дария бар» деп қиял еткен халықтың сөзі расқа шықты-ау!– деді Асқар, бұйра түтіні бұрқырап, бұлтқа жалғасып жатқан «Степняк» алтын заводын нұсқап.
Кеңес көбейді. Кең өлкенің келбеті осылай көркеюіне көңілдері шаттанған курортшылар: маған өткен күндерінен де баяндады. Мен тамашалап тыңдадым.
Бұл кеңес дәл осы арада әлденеше күнге созылып, кеп кеңестен – «Ботагөз» романы туды.
Күн көзіндей жарық бар
Ботагөздің кезінде.
Телегей теңіз тарих бар
Ботагөздің сөзінде.
Февраль, 1935 жыл,
Январь, 1953 жыл.
Романның соңы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter