Өлеңдер ✍️
АЙЖАН ҰЗАТЫЛҒАНДА
Жат жұрттық қып жаратқан,
Жаратқанның қай заңы-ай?
Сыңсу айтып қоштасып,
Кеткенің бе, Айжан-ай?
Гүлсімхандай шешеңіз
Күлім-күлім жүруші ед
Ешнәрсені ойламай,
Қалады енді артыңда
Қамығып бір, жалған-ай!
Балғын күнге қош айттың,
Бағыңды ашсын барған жер,
Бақытты бол, Айжан-ай!
Қызығына өмірдің
Кім бар екен тойған-ай?
Шындығына кей кезде
Жүрміз рас бойламай.
Нұр жүзіңде жымиған,
Сыр шашады ойлы арай,
Нұрланыңмен нұр құшқын,
Бақытты бол, Айжан-ай!
Осы жырды жазуға
Батылданды қол қалай?
Қыз кеткенде қойсын ба,
Көңілді мұң торламай.
Жарқын етсін жолыңды
Ақ сәуле боп бар маңай,
Жарық етсін түніңді
Нұрын шашып толған ай.
Келіп едің әкеңнің
Жарқын ізін жалғап-ай,
Жолыңа енді гүл бітсін,
Артыңа енді қарамай,
Бар, бара ғой, Айжан-ай!
Ай арман-ай, арман-ай,
Қарақат көз қарғам-ай.
Басыңа бақ орнағай!
Би-Бәтима пірлерің
Қиындықта қорғағай,
Жіңішке әйел-жолыңды
Ата-бабаң әруағы
Желеп-жебеп жалғағай!
Қосағыңмен қоса ағар,
Бақытты бол, Айжан-ай!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter