Өлеңдер ✍️

  30.11.2021
  169


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

ДАТ, ҚАЗАҚСТАН!

Жалауың болып ұстарым,
Қаламды қанша ұштадым.
Сетіліп Сенім барады
Қайтейін, Қазақстаным!
Қарғаумен қоғам құзғынын,
Түңіліп жүрміз біз бүгін.
Ерге сор, елге жұт болған
Осы ма Тәуелсіздігің?!
Былыққан билік тұстарын,
Көрді де лоқсып құсты Арым.
Қай жаққа кетіп барасың,
Қадірлі Қазақстаным?
Көз жасы толып кесеге,
Өсе ме халқың өше ме?
Өмірдің солғын бояуын
Көрсеңші шығып көшеге.
Ата-бабаның киесі,
Ежелгі жұрттың иесі,
Ауырлап халі барады
Ауылдың басын сүйеші!
Қалмады қарттар қадірлі,
Таба алмай жүрміз мәз үлгі.
Қазақстаным, көрсеңші:
Қалпымыз осы қазіргі.
Жыл қысып, күн мен ай қысып,
Дағдарыс келіп – қайғы ішіп,
Кедейің отыр қан құсып,
Байларың жатыр май құсып.
Ұранға жалған босқа ердім,
Соңында қалдым көштердің.
Адастырдың ба,
қайткенің,
Қазақстаным, қастерлім?!
Шығарып жатты төріңе,
Қазақты тықтың көріне.
Апатты тұсқа тақаған
Ақырзаманның кері ме?
Адыра қалды күш, дарын,
Ғарышқа жалған ұшқаным.
Қазақтың халін көрсеңші,
Көзіңді аш,
Қазақстаным!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу