Өлеңдер ✍️

  23.11.2021
  465


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

Күндер

Қымбат күндер ұясындай үміттің
болар кейде ордасындай бүліктің.
Өмір көшін өткергенде сендерден
қалады екен тау суындай тұнық...
Кімдер жанын ұрындырмай ызғарға,
мұхиттағы кемелердей жүзді алға.
Кім сапарын бастады екен қаймықпай,
алдан күткен тұңғиықтар, құз барда...?
Арман гүлін солдырмаған көп пе екен,
кімде жүрек әуелгідей отты екен?...
Қандай адам көңілінің құсасын
Кайта әкеліп өздеріңе төкті екен?...
Өмір жолы әрқашан да бұралаң,
жығылған көп, жолда қалған, құлаған.
Бірақ, тұрып үлкен жолдың бойында
жеңілем деп ойламайды-ау, сірә, адам.
Күндер, күндер...
бастан қанша өттіңдер,
қанша рет шаттығыма бөктіңдер.
Өтіп кетті-ау өкініш, мұң арқалап
оралмайтын...
оралмайтын көп күндер...
Құттысын да, сәтсізін де өңгерген
күндерімнің соңына ерген мен мерген.
Келіңдерші...
келіңдерші, күндерім,
бақытымды бөлісейін сеңдермен,,.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу