Өлеңдер ✍️
Ана, нәресте және хрусталь
Үйленді де, жайлағандай үйін нұр
Болған жігіт бастапты бір қиын жыр.
Жас келіншек сүйіп келген жарына
Дейді екен «келдім, енді киіндір»!
Бәрі керек жас адамға, ойласаң,
Жастық бақыт, қызығымды жоймасам.
Неге қажет барлық деген егер де
Бере алмаса жанға – ләззат, бойға – сән.
Етік керек, көйлек керек, тон керек...
Бір киім ал теңіз бенен көлге деп...»
Жар көңілін қимаған жас жігіттің
Бар табысы кетіп жатты дөңгелеп.
Сияқты еді барлығы да жетерлік,
Бұл ойымыз болып шықты бекерлік.
Өз алдына киім біткен бір төбе,
Гарнитурлар келіп қалды шетелдік.
Қалай шыдар тұрса егер жар сұрап,
Айтса бітті жігіт жетеді артып ап.
Кіре қалсаң көз тартады хрусталь
Люстралар самаладай жарқырап.
Сарып қылып тек жиһазға тапқанды:
«Өмір сүру керек қой!» – деп, ақталды.
Жас жігіттің төрт бөлмелі үйінде
Кілемдердің неше түрі қатталды.
Бұл жағынан болмады әсте қаталық,
Тұрды дүние кеңірдекке тақалып.
Айналасы бірер жылдың ішінде
Шықты олар «пысық жандар» аталып...
Қайтейік біз бар шындықты бұрмалап,
әділеттің ауласынан сырғанап.
Бәрі жақсы болатұғын оларда-
Келді өмірге бір қыз бала іңгәлап.
Ұмытылғандай ұлы бақыт шамына,
Жақсылықтар болып жатты тағы да.
Байлық та бар, бала да бар, бәрі – бар
Өмір сәні келе түсті бабына.
Қуаныш боп әр көктемі, әр күзі
Әлденеше жылдың тағы қалды ізі.
Сөйтіп жүріп...
Сөйтіп жүріп бір күні
Беске толды әлгілердің жалғызы.
Қалса-дағы басқа әдет, басқа ырым,
Тойламайды бұл күндері жасты кім!?
Бұлар соны атап өтпек болды енді,
Қалт жібермей бүгінгінің дәстүрін.
Қонақ үшін барын жасау – бас ғұрып.
Сервантының кілтін қойды аштырып.
Бір мақтанып қалу керек мұндайда
Барлығыңды,
Барлығыңды паш қылып.
Хрустальдың сыңғыры бір тамаша ән,
Хрустальдан өзге қоймау – жаңа сән.
Мөлдіреген аяқ-табақ бірөңкей
Көздің жауын алатұғын қарасаң.
Қызы жүрді томпаң қаға жүгіріп,
Анда-санда әр нәрсеге үңіліп.
Хрустальдың шынайысы, шынында
Тұрады екен көзді арбай құбылып.
Тұрды бәрі столында тізіліп,
Тиіспейтін айтқан сөзді қызы ұғып.
Алды кенет бір табақты қолына,
Балалықпен кеткен еді қызығып.
Аяқталып кенет солай бар таңы...
Түсіп кетті, шықты ыдыстың талқаны.
Әйел жетті сол мезетте жүгіріп
Қолына ұстай ет шабатын балтаны.
Мұндай кезде ашуға күш артасың,
Соңынан тек сазайыңды тартасың...
«Неге ұстадың ұстамайтын нәрсені?!» –
деп, анасы сілтеп қалды балтасын...
Дүниеқорлық ашуменен бірігіп,
Ақыл, сабыр қалып еді сырылып.
Шырқыраған сәби үні сол күні
Тұрып қалды ауада ұзақ ілініп...
Ана жүрек кетті енді езіліп,
Қандай күйге тап болғанын сезініп.
Аз ақылды ашу буған сәтінде
Құрғыр балта қалды қайдан кезігіп?!
Өт сөндірген адамдай боп тұрды өңі,
Тағдыры кеп өз қолымен ұрды оны.
Аялаған, ардақтаған, жан жеген
Талқан болды сәбиінің бір қолы.
Жан азабы түсіп мүлде тереңге
Айналғандай еді ана кереңге.
Біржола естен танды:
«Түк амал жоқ,
кесу керек сәби қолын», – дегенде.
«Жақсы, – деді ол есін жиып бір кезде, –
оздырмайық уақытты онда құр сөзге.
Сәбиімнің жаны қалсын әйтеуір,
Не десе де көтерем ғой жұрт өзге»...
Тұра алмады бірақ та ол сөзінде,
Қаншалықты бой ұрса да төзімге.
Шыдатпады тұнатын мұң, күйініш
Ғұмыр бойы сәбиінің көзінде.
Алыса алмай тағдыр атты күштімен,
Тістесе алмай тағдыр атты тістімен –
Таңып алып тас қып қызын өзіне
құлап түсті биік үйдің үстінен...
Осылайша қос өмірден көшті нұр,
Дүниеқорлық алды адамнан өшті бір.
Осылайша қаламызда бір күні
Кетті үзіліп...
Кетті үзіліп қос ғұмыр.
Дүние жақсы,
Дүние керек адамға,
Керек бірақ қанағат та,
Балаң да,
Кім біліпті сүрінерін қай тұста
өмір деген үлкен сынақ алаңда.
Жиналса да айтпас мұны бар мықты,
Мықтаса дер:
«Сана бір сәт қалғыпты».
Ең бастысы көзіңді шел баспасын,
Көтере алмай,
Бақыт пенен барлықты...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter