Өлеңдер ✍️
"ТӘМСІЛ ӨЛЕҢДЕР" атты жыр мүшайрасына:
Танымы кең жанның,
мақсаты болар нық.
Ырыссыз пұлыңнан,
білімнің қоры артық.
Биікке самғай біл,
құмартпа жеңілге,
"Бақаның бағынан,
сұңқардың соры артық."
***
Жүзсін десең ғұмырдың,
теңізінде кемең зор.
Дауыл мен жел,жаңбырға,
міз бақпайтын емен бол.
Мұратыңнан тайқымай,
мақсатыңнан жерімей,
"Өсиетке терең бол,
Өсек сөзге керең бол."
***
Сабылып сарсаңдарды ілмей босқа,
Кейіптен көре ала біл мірдей нұсқа.
Табиғи тепе-теңдік жоғалмасын,
"Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста.
***
Дархан жан бар-жоқтың жолын құрар,
Ақ пейілмен жақсылыққа шомылдырар.
Сараң жолдас жаныңа жалау болмас,
"Тегі жаман тойда тонын сұрар."
***
Бар қиын қамал емес,
жігеріңді сала біл.
Құндылық көкте емес,
тілегіңнен ала біл.
Ақтарып жан сарайын,
өзіңе зер сал терең,
"Бақытты сырттан емес, жүрегіңнен таба біл."
***
Ырысың артылар
құрмет пен сыйыңнан.
Қаржыңды оң жұмса,
мүкәммал — бұйымнан.
Тырнақтап тапқанды ысырап етпегін,
"Теңге,сом — тиыннан,
ынтымақ — ұйымнан."
***
Елін сүйген игі істерді қамтиды,
Жермен, Ұлтпен абыройың артиды.
Өзге тілді жете,жатқа білгенмен,
"Ана тілің алпыс тілге татиды!"
Жанар Ешназар
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter