Өлеңдер ✍️
Ескерткіш
Соғыстың соқалары бар,
Соны сүйреген тайынша, таналары бар,
Жұмысқа ысылған олар, қамыттан жараған олар.
Бүгінгі елдің ағасы заманның қабағын баққан,
Кешегі қара табандар – ірің көз қара балалар.
Соғысқа қан бере алмаған, соғысқа жанын бергендер,
Шолақ қол басқармалардан солақай зәбір көргендер,
Дүниенің қаталдығынан қайысып тәлім көргендер,
Шыбықтай солқылдап жүріп, майысып бәрін жеңгендер.
Махаббатты үйренген қулар қам көңіл жеңгелерінен,
(Қыз емес жеңгесі деген, махаббат көрген ерінен...)
Атпа атқан, торғай қорыған, сельсовет хатшысы болған,
Еңбегін есептей берсең, кем емес Еңбек ерінен..
Бертінде әкім болғандар, белгілі ақын болғандар,
Евней Букетовтер мен кәзіргі Ғафу болғандар.
Әрине азамат олар, құр емес пенділіктен де,
Әрине арқалары бар, әрине ақылдары бар.
Соғыстың соқалары бар,
Соны сүйреген тайынша таналары бар.
Тайынша таналары сынды қан жұтқан балалары бар.
Соғыстың ескерткіші көп, бұлардың ескерткіші жоқ,
Бір күні шығып кетпей ме бұлдырап санадан олар?
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter