Өлеңдер ✍️

  21.11.2021
  209


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Ғарышкер жолдас, үш жүз күн кеңістік кезген

Ғарышкер жолдас, үш жүз күн кеңістік кезген,
Отандық біздің ғылымға жеңіс күткізген,
Сен білмейсің ғой, ғарышқа сен ұшқан күні
Ақ боран соқты, жел тұрып терістік түзден.
Сол Байқоңырдың жан-жағы мелшиген дала,
Сен білмейсің ғой, тіршілік жол, сүрлеу ғана.
Меңіреу дала қойнында қойшы үйлерінің
Жарығы діріл қағады әлсіздеу ғана.
Сен білмейсің ғой, атомнан әл алған «Батыр»,
Жерге емес көзі ғарышқа қадалған «Батыр»,
Сен білмейсің ғой, сен ұшқан далада мынау
Екі ұшы жіптің секілді замана жатыр.
Бір заман сенсің сынаптай лықсып аққан,
Бір заман анау – қойшы үйі сықсима жаққан.
...Қоғамның күллі кереғар құбылыстары
Басталды іштей алысқан ішкі жырақтан.
Сен ұшқан күні сол күнгі ақ түтек боран
Ақ кебінге ұқсап тұп-тұтас жер-көкті қаптаған.
Ұйпап та ұйпап даланы бауырына басып,
Жыраға, жонға құйыны жоқ тұрақтаған.
(Үрейін ажал ұшырып санадан замат)
Ақ түтек боран ақ кебін ауа қармалап.
Бір отар қоймен кетті ығып қарашадай бір қыз
Ауыл сыртынан тал түсте қарадан-қарап.
Сен болсаң ұшып барасың зуылдап оқтай,
Діріл де қақпай, жүрегің суыл да қақпай.
Ол болса мана бір түйір мұздақ боп қатқан,
Денесінде енді ысу да, суу да жоқтай.
Санасында енді қорқыныш, үрей де жоқтай,
Айналасында дауыл да, дүлей де жоқтай.
Бұл-дағы енді ғарышқа кеткендей сіңіп,
Үдере көшіп дүние дүмеп жорықтай.
Үдере көшіп дүние дүмеп жорықтай,
Айналып басы барады бір ой қорытпай.
Медиен дала мелшиген, ақ кебін дала,
Өледі-ау енді ол іздеген біреу жолықпай.
Ғарышкер жолдас, көмектес қаршадай қызға,
Қара жер қамы егерде болса ойыңызда.
Атомдық қуат, адамдық ерлігің сенің
Басалқы, басу болғанмен қанша айызымызға,
Көмегің сенің жоқ кәзір, қол ұшың қысқа,
Қол ұшың қысқа, жетпейді алыс-алысқа.
Көктегі сенен көмек жоқ, жердегі бізден
Қорғансыз бейбақ шырылдар жаны талықса.
Көктегі сенен көмек жоқ, жердегі бізден,
Табиғат – апат, әлі күн ермегі біз бе?
Ғарышкер жолдас, бола ма ғарышты игеріп,
Жердегі жел-құз, бораннан енді өлуімізге?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу