Өлеңдер ✍️

  16.11.2021
  172


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

ФЗО-ға кеткен жеңешем

(баллада)
– Жеңеше! – дедім,
Жеңешем маған жалт қарап,
Боталап көзі жылауға өзі шаққа қап.
–Кенжем-ау, – деді, – ертең-ақ келем, дәм жазса,
Соғыс жоқ онда алдымда тұрған оқ борап.
– Келем ғой, келем, дәм жазса, келем, – деді де,
Белгісіз діріл бөгеліп қалды деміне.
Орамал ұшын апара берді көзіне,
Көзімді мен де көлегейледім жеңіме.
Көрісіп жылап, көрсетіп жылап көрмеген,
Көкемнен келген қара қағазға сенбеген
Жеңешем менің бойжеткен қыздай әлі де,
Жолына тағдыр қалайша тұрмақ көлденең.
Жеңешем менің жер басып жүрер болса егер,
Отауын іздеп осылай қарай жол шегер.
Жеңешем менің көкемнің ғана теңі ғой
Көкемнің орны кімменен оған өлшенер.
Сондықтан сенем, келеді жеңгем оралып,
Шақырса Отан, отырар кім бар омалып.
ФЗО-дан менің он тоғыз жасар жеңешем,
Келеді ертең өмірдің сыйын мол алып.
Жеңешем менің аққудың көгілдіріндей,
Жүзінде нала, мұңы бар көңіл білінбей.
Үстіне әне ақ жібек көйлек киіпті,
Жеп-жеңіл екен ақша бұлт жеңілдігіндей.
Ақша бұлтқа ұқсап кетеді шарлап қиырды,
Кетеді қазір. Жүрегім неге жиі ұрды?
– Тезірек кел, – деп соңғы рет айттым жеңгеме,
Жеңешем де маған сұқтана қарап қиылды.
Атам мен әжем де:
– Тағдыр солай бұйырды.
Біріне-бірі сүйеніп тұрып сыйынды.
Ырдуан арба қозғала берді сықырлап,
Арбакеш бала шыбыртқы сонда үйірді.
Сонымен, менің он тоғыз жасар жеңешем,
Келін боп түсіп, шымылдық көрді демесең,
Қабағын ашып, қауызын жара алмаған
Артығы жоқ-ау гүлге де оны теңесең...
Жеңешем менің жанымдай жақсы көретін,
Жан көкем үшін жүрегін жұлып беретін...
Көкемнің кеткен жолымен ол да жөнелді,
Келетін сынды көкемді алып келетін.
Жеңешем құрған шымылдық жерге сусыды,
Шешемнің үнсіз көзінен жасы ыршыды.
Көкем де жоғын, бөпем де жоғын ойласам,
Кеудемнің менің қаттырақ соқты дүрсілі.
Соңғы бір күндер сарғайып өңі суалған,
Сағыныш сылып, үмітпен ғана жұбанған.
Жеңешем менің шешімі батыл жан еді,
Ауданға барып ФЗО-ға өзі сұранған.
Ауылда біздің әңгіме тиек ағытты:
– Пеленшенің келіні кетіп қалыпты.
– Қалаға кеткен..
– Далаға кеткен десейші,
– ФЗО-ға кеткен,
– ФЗО-сы несі, бетім-ау,
– Күдерін үзіп біржола кеткен десейші.
Қып-қызыл өсек қыздырма сөздер кеу-кеулеп,
Соғыстың кезі (сөйлейтін ауыз семген жоқ).
Көңілім күпті, сенімім мықты, ал шындық –
Келмейді көкем, жанымда және жеңгем жоқ.
Жеңешем бірақ күдерін бізден үзбепті,
Келін боп түскен отауын – отын іздепті.
Магниттау деген қаладан жазған хатында:
– Заводта қазір жасаймыз жарақ біз депті.
Дегбірсіз әжем соңына хаттың шыдап па,
– Көкеңнен, қалқам, хат-хабар барын сұрап па,
Сұрап па? – деді,
– Сұрапты, – дедім бөгеліп,
Ең тұңғыш рет өтірік айттым бірақ та.
Өтірік емес, шындығым еді ол менің.
Жан көкем менен жеңешемді бұл бөлмеуім.
Келмейді көкем,
Жеңгемді бірақ ешкімге
«Бермеуім керек, берм
еуім керек, бермеуім!»
«Бермеуім керек!»
Бозбала балғын ниет бұл,
Үмітімді менің жеңешем ғана сүйеп тұр.
Қаусаған кәрі, қауқарсыз бала бұл үйде,
«...Келеді жеңгем!» –
Ортадағы ортақ тілек бұл.
«Есен-сау жүрсін жолынан қыдыр жолыққыр!»
Қарайды әжем төрт қанат үйді шолып бір.
– Қайтейін, – дейді, – отаудың көркі, ботам-ай,
Отаудан гөрі Отанға керек болып тұр».
Отаудан гөрі Отанға керек болғасын,
Заводтың барып ұстады жеңгем балғасын.
Мыңдаған жесір, мыңдаған жетім балалар
Жетілмей жатып жалғады ұрпақ жалғасын.
Оқ пенен оттың ортасында олар ес білді,
Махаббатпенен маңдайдың терін сес қылды.
ФЗО-ға кеткен..
ФЗО-ға кетті деген сөз
Майданға кетті дегенмен бірдей естілді.
Менің де жеңгем сол ұрпақ, сол топ ішінде,
Темірдей тәртіп тезіне түскен пішінде.
Көксеңгір завод, көкпеңбек құрыш илеген
Жеңгемді кейде көретін едім түсімде.
Темірдей тәртіп, темірдей тезі өмірдің
Жеңгемді менің шыңдағандай боп көрінді.
От көйлек киіп ойнады ол құрыш темірмен,
Айналасында қып-қызыл жалын өрілді.
Қып-қызыл жалын араны бөліп жеңешем
Бермеді қолын, бермеді, кейін шегінді...
Түсімді бірақ жорытқам да жоқ, жорымай
Сынаптай ойым сарсаңға түсті қорымай.
Жеңгемнен бір сәлемдеме келді, о, ғажап,
Ақ тілегімнің оңғарып жолы болуы-ай.
Кездеме бөзін, әшмүшке шайын аз ғана,
Бүкіл бір ауыл бөліскен кезде мәз бола,
Атам мен әжем қасқайып жұртқа қарады,
Сап тынды сонда қып-қызыл өсек, сөз-жала.
– Пәленшекеңнің ФЗО-ға кеткен келіні-ай
Бір жерден түбі шығады, – дейтін ел ұдай.
Мінекей, шықты, ақыры шықты жеңешем,
Газетке шықты, суретін қалдық танымай.
Өкпеммен қоса газетті сонда қолға ұстап,
Ұштым-ай дейсің, қонғандай басқа болды ұшпақ.
– Көрдіңдер ме? – деп, – жеңгемді менің, – жүгірдім,
Шаттығым өзі шартараптарға жол нұсқап,
Сүйінші сұрап ес біліп, етек жапқалы,
Көрмеген бала сезімі көзсіз, қатты әрі.
– Жеңешем менің, ФЗО-ға кеткен жеңешем –
Отаумен бірге Отанның, міне, мақтаны.
Табаным жерге, тимеді төбем көкке елі,
Әттең-ай, әттең, жеңгеме қолым жетпеді.
Стахановшы, жүлдегер дейді жеңешем,
Кім екен оның өнеге көрген мектебі?
Біздің үй ме екен, Магниттау ма, завод па,
Соғыс па, әлде соғыстан көрген сабақ па?
Тағдырға деген ащы ызасы ма әлде оның,
Махаббаты ма тастамас мәңгі талаққа?
Артында қалған сәлемі ме әлде бізге оның,
Білдіргені ме біздерден күдер үзбеуін?
Тұмардай тағып жеңгемнің құйттай суретін,
Көз қиығынан қимастық сезім іздедім.
Атам мен әжем көз жасын іркіп жинаған,
Айтатын сөзі жасына көздің сыймаған.
– Қайтейін-ай, – деп күрсінген олар тағдырға
Жауқазын гүлдің тозаңын бірге қимаған.
Тағы да хаттар...
Тағы да, тағы келді хат,
Сүйінші сұрап жүгіргем жоқ мен бірақ.
Атам мен әжем, жеңгеме бүкіл ел құлап,
Уақыт ұзап...
Оралмады елге ол бірақ.
Сәлемі, хаты жан ілтипаты демесең,
Оралмады елге ФЗО-ға кеткен жеңешем
Кездеме бөздің, әшмүшке шайдың күні өтті.
Күні өтпес дүние – құп-құйттай көңіл есесі...
Күні өтпес дүние – құп-құйттай ниет тап-таза,
Тап-таза болса, жүректе де жоқ наза.
Жеңешем бізді қия алмай әбден қиналып
Хат жаза-жаза, шаршады ма екен хат жаза?!
Хатта да бірақ сұрайтын сұрақ селдіреп,
Баяғы сезім бара да жатты сәл жүдеп,
– Табиғат заңы, тұрмысқа шықтым, кеш, кенжем,
Қайтейін...– деген хат келді, міне, соңғы рет.
Алдым да хатты, өксіп те өксіп жыладым,
Өзімнен-өзім ең тұңғыш рет сұрадым:
«Жан көкем неге майданға кетті сұранып,
Жеңешем неге ФЗО-да бағын сынады?»
Жауап берді әжем:
«Отаудан гөрі Отанға
Керектігіңді сезінсең ерлік туады».
Ал олай болса,
ФЗО-ға кеткен жеңешем
Жұлдызы жанып алдымнан ертең шығады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу