Өлеңдер ✍️
«Таза бұлақ» басында
(баллада)
Құлашын Қызбел таудан соза құлап,
Ағады мөлдір бұлақ – «Таза бұлақ».
Бір кезде ағартушы Алтынсарин
Суреттеп жазған бұлақ, ғажап ұнап.
Бұл бұлақ көне дала өткеніне,
Білмейміз риза ма, өкпелі ме?!
Бір кезде диқан Қыпшақ Сейітқұл кеп
Сүйеніп тұрған мұнда кетпеніне.
Бұл бұлақ – бұла бұлақ, тұма бұлақ,
Тарихы одан да әрі жырағырақ.
Бір кезде ат суарған сардар, сарбаз
Атойлап қызыл туды қырда бұлғап.
Бұл бұлақ сан жолаушы, сан ұрпақты
Тазалық, мөлдірлікпен таңырқатты.
Айтқандай Алтынсарин, құйттай бұлақ
Даланың даналықпен бабын тапты.
...Сол бұлақ,
Сол бұлақтың жағасында
Ауыл тұр қаққан жаңа қадасын да.
Ыбырай Алтынсарин атындағы
Жас совхоз көне Торғай даласында.
Жоқ әлі бұл ауылда сән-салтанат,
Әзірге өңкей үміт, өңшең талап.
Жас совхоз кеңсесіне кеше көшті,
Жаз бойы жүрген шатыр-кеңсе арқалап.
Құт қоныс құба жонға талай пайда,
Ақ шаңқан ауыл өсті алаңқайда.
Мың-мыңдап жер жыртқанмен, бірақ биыл
Бұл ауыл асықпайды сабантойға.
Шымырлап «Таза бұлақ» шым-шым ағып,
Барады әр тамшысы бір сыр алып.
Маңайда қарабарқын күздік жатты
Мақпалдай топырағынан бу шығарып.
Бұлақтан әріректе қос басына
Диқандар жиналған кез кешкі асына.
Құйғытып қара жолман келе жатты
Сол кезде қос қапталдан қос машина.
Бәлкім, бұл жолаушы ма, әлде өкіл ме,
Басшы ма шаруа сұрар сол бетінде?
Жүр еді қос басында жас директор,
Қылпылдап сан сауалдың қалды өтінде.
Жас жігіт – жас директор тұрған қылпып,
Замана қызығына құмар да ынтық.
Шалт мінез, шапшаң да тез, қимылы лез,
Шамалы шырғалаңды шығар жұлқып,
«Е, мейлі, кімде болсаң жолаушысың,
Бал бұлақ таңдайыңа болар сусын».
Әзілмен жұбанады жас директор:
«Бар ғой деп Ыбырайдай қолдар кісім».
Бұлаққа жеткенде олар дем арасы,
Байқалды анадайдан шама жасы.
Біреуі – «Бидайықтың» жігіттері,
Біреуі – ардагер қарт, ел ағасы.
Әп-сәтте сәлем беріп, сәлем алып,
Қауым жұрт алқа-қотан бола қалып,
– Жол болсын!
– Әлей болсын! – деп жатқанда
Ортадан ардагер қарт дараланып,
Дауысы сәл дірілдеп, кетті сөйлеп:
– Жастықты бекер айтпас отпысың деп,
Заманның оты сендер, шырақтарым,
Отымен Отан ыстық деп мүсіндеп,
Бейнелеп, теңей с
өйлеп, тебіреніп кеп:
– Біз-дағы жерді баптап, жерді емдік, – деп.
Қоржыннан қолындағы ала берді
Ұқыппен әлденені келген бүктеп.
– Жылдарда жиырмасыншы ашпа-жалап,
Келдім мен бұл бұлақты баспаналап.
Сепкенмін қап түбінде қалған дәнді,
Әрқайсын көзден тамған жасқа балап.
Сонда мен санап сепкем түйір дәнді,
Түйір дән тіршілік боп бұйырған-ды.
Бұйырған сол тіршілік бір әулетке
Жалғады қияндар мен қиырларды.
Тараған сол әулеттен нелер ұрпақ,
Топырақ, сендер басқан жер жарылқап.
Суырылып ақын шықты сол ұрпақтан,
Қарайтын ғалым шықты ел таңырқап.
О, тоба, ең бастысы, сендер барсың,
Әуелі Диқан керек жер болғасын!
Диқанның еңбегінсіз күнің бар ма,
Кіндіктен қара жерге жалғанғансын.
Бұл бұлақ көп тірлікке болған талшық,
Талматқан талайларды қалған қаңсып.
Басынан шөл қанғанша өткен де бар
Бекерге тебіренгенсіп, толғанғансып.
Зымырап өтті жылдар күйті келмей,
Басына бұл бұлақтың үй тігілмей,
Бауырына бұл қыраттың дән себілмей,
Сол мені ойлантатын ұйқы бермей.
«Орнады жаңа совхоз» дегенді естіп,
Жаз бойы бір әулет боп елеңдестік.
Бар еді сол әулетке ортақ мүлік,
Хақында сол мүліктің көп кеңестік.
– Берсек пе! –
Бермесек пе?! –
Екіұдай боп,
Тыңдады олар мені тоқырай кеп.
Кемпірім кемсеңдеді: «Ең болмаса
Музейге бермедің-ау, бәтір-ай», – деп.
Ол – мынау сынық кетпен, сүйем темір,
«Тәйір-ай» деп біреу күлер, біреу кейір.
Бұл темір көшпендінің көп әулетін
Тұяғы қалмағанда тігерге бір
Асырап, алып қалған аман сақтап,
Сан ұрпақ талай шыңдап, талай саптап,
Сейітқұл кетпенінің бір сүйемін
Жеткізген сөйтіп бізге заман – соқпақ.
Немере, шөбересі, шөпшегі ұстап,
Заманы Сейітқұлдың кетті алыстап.
Бұл кетпен енді бүгін өздеріңмен,
Көненің көзі болып төс қағыспақ,
Сол Қыпшақ Сейітқұлдың нәсілі ем мен
Осы өлке, осы өңірде өсіп-өнген.
Жылдарда жиырмасыншы жаңағы айтқан
Сау қалдым осы кетпен, осы қолмен.
Сондықтан, сүйем темір – сынық кетпен,
Төрінде біздің үйдің тұрып көптен,
Мүлкіндей сақтап едік бабамыздың
Қолымен керегеге іліп кеткен.
Қимадық ешбір музей сөресіне,
«Береміз, береміз» деп келесіде,
Әкелдім соны Ыбырай ауылына –
Дән сепкен «Сейітқұлдың төбесіне».
Сыйлаймын солардың жас әулетіне,
Ескерткіш болады деп елге түге.
Ал сендер енді кетпен ұстамассың,
Тек бірақ табаныңды жерге тіре!
Осы сөз белгісі деп осы мұра,
Теңгеріп бабалардың асылына,
Ұстаңдар, қайсың совхоз директоры,
Әкелдім ауылыңның шашуына.
Сол кезде жас директор тұрды ұшып,
Қарт оны бір минутке тұрды құшып.
«Бидайық» – көрші совхоз жігіттері
Әкелді алқа-масақ жүгірісіп.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter