Өлеңдер ✍️
Соңғы хабар
(диктор Сауық Жақановаға)
Сауық диктор оқиды соңғы хабар,
Не айтар екен, япыр-ай, мен қуанар.
Мен қуанар, менімен ел қуанар
Сауық диктор оқиды соңғы хабар!
Бір жаңалық айтады Сауық қазір,
Қуанышқа боламыз қарық қазір.
Сауық диктор, сен неткен бақыттысың,
Дауысыңды таниды халық қазір.
Дауысыңды таниды халық қазір,
Дауысыңа қуанып қалып та жүр.
Ән айтпадым деме сен, ән айтпай-ақ
Атақтысың талайдан анық қазір.
Ән деген не?..
Әуелі сөзі болмай,
Сөз деген не?
Салмағын сезіп алмай,
Сол екеуін сарапқа сала алар ма ең,
Сауық, сен сезіміңнің тезіне алмай.
Сауық, сен сезіміңнің тезіне алмай,
Соңғы хабар оқыр ма ең сезіне алмай,
Соңғы хабар күтеміз сағат сайын
Қонақ күткен адамдай көзін алмай.
Сан мың адам күтеді соңғы хабар
Өзі және өзімен ел қуанар.
Соңғы хабар жеткізген бір ауыз сөз
Мүмкін...мүмкін құлақта мәңгі қалар.
Мүмкін қалмас, ауамен кетер тарап,
Өтер секунд, минуттар, өтер сағат.
Мүмкін сол ма, бір хабар, бір ауыз сөз
Өміріңді өксітер қатал сабақ.
Тіршіліктің жүректе мәңгі жанар
Оты өшкенше күтесің соңғы хабар.
...Сауық диктор оқиды соңғы хабар,
Не айтар екен, япыр-ай, мен қуанар,
Меніменен бірлесіп ел қуанар.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter