Өлеңдер ✍️
Өнер серісі
...Баян бауырында кино түсіріп
Жатты бір жылы Шәкен Айманов.
Жүрді ол жүректен қиял ұшырып,
Кейде таңғалып, кейде ойланып.
Кейде қарайды ол тауға тәкаппар,
Кейде үңіліп ылди-қыратқа.
Кейде түңіліп ойы жік-жапар,
Кейде мінеді шабыт – пыраққа.
Кейде күмілжіп, кейде күбірлеп,
Кейде кейиді, кейде күледі.
Жүйке жұқарып, жүрек дірілдеп,
Шәкен Айманов шаршап жүр еді.
Бейнелі өнердің бейнет легі
Түбін қақтырмай, түйін таптырмай,
Шәкен Айманов жүрді шаршаулы.
Дүйім дебютті жаны жақтырмай,
Жалғыз қимылды іздеп жан салды
Жалғыз әрекет, жанды қимылдан.
Шындық сәулесін іздеп суреткер,
Мәңгі азаппен, мәңгі қиыннан
Маржан суырып, тізер, тірнектер.
Сондай сәттерде Шәкен Айманов
Қарап қалатын найза шыңдарға.
«Намыс – найзағай отпен қайралып,
Тас та қол созып күнге тұрғанда...»
Деп ол ішінен демде сілкінген,
«Өнер халықтың намыс оты ғой!»
Шырқау шыңына шығып іркілген,
Шіркін, Шәкендер шың ғой, шоқы ғой.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter