Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
11.11.2021
300
Құдық
Торғай, сенде құдықтар көп
Шыңыраудан су тартқан.
Қара жердің жүрегінен
Қасиетімен қыл тартқан.
Қапырық түтеп шөлдегенде
Кәусарыңнан бір тартқан
Жас сәбидей қуанушы еді,
Жаңа шыққан құндақтан.
Шеменіңде тағдыр жатқан,
Шыңырауында талшық жатқан,
Тамшысында сыр жатқан,
Торғай, сенің құдықтарың
Аумайды бір жұмбақтан.
Кейде құмақ,
Кейде қырдан,
Кейде жырақ,
Құм-шағылдан
Саған жолым тірелер.
Келем саған мен қаталап,
Мейіріміңмен сен боталап,
Екеумізді тең махаббат
Мөлдіретіп жіберер.
Екеумізде бірдей шөл бар,
Бір кәусар бар,
Бірін-бірі қандырар,
Бір-біріне махаббаттай
Мәңгі ынтық,
Мәңгі іңкәр,
Мәңгі зар.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter