Өлеңдер ✍️
Керекумен кездесу
Баянауыл басында бұлт бар ма,
Керекудің көгінде мұнар бар ма?!
Қалқаман мен Мамыр көл қосыла алмай,
Орны жатыр.
Баяғы құмар бар ма?!
Шідерті мен Шілікті арасынан
Тұз тасыған түйеге сыңар бар ма?!
Махаббатқа «Қорландай» қойса ескерткіш,
Машақатын көрген кім, сұрау бар ма?!
«Мен кедеймін, адастым, кім жазықты?»
Деп бозбала жанымен жылау бар ма?!
Тағы да бір бозбала тау-тас кезіп,
Табанынан таусылып шыдау бар ма?!
Қара Ертістің суындай арқаланып,
Төгіп-төгіп алатын жырау бар ма?!
Сері бар ма Шәкендей, бала бар ма
Қабдікәрім ақындай қуанғанда?!
Жә, жетеді тізбей-ақ осылар да
Осынау топырақ аруағы бір аунауға.
Бар, әрине.
Бәрі бар. Бәрі орнында,
Бірі кейін, біреуі топ алдында.
Соған орай сыйы бар заманның да,
Соған орай салмағы бағаңның да.
Қосылмаса көл шығар қосылмаған,
Ынтызарлық үлгісі ол ғасырға аян.
Махаббаттың мұңына мәңгі ескерткіш
Қалқаман мен Мамыр көл, жасыл Баян.
Осы өңірде тұз жалап, суын ішкен
Сыңар түйе аумайды өң мен түстен.
Елестейді ол өркеші мұнара боп,
Пароход боп боздайды енді Ертістен.
Сол бір түйе енді елес...Ант атқандай,
Еңбегіне куәлік, мандат қалмай.
Екібастұз жылуын Орал тау мен
Европаға ең алғаш сол тартқандай.
Ол шөлдеген, ол білген, ол аңсаған,
Сүрлеу салып жасампаз, заман, саған.
Пирамида тасынан түрі бөлек,
Эйфель мұнарасынан биігірек,
Ең алғашқы кірпішті сол тасыған,
Сараыарқада салынған канал саған...
Қол жетпеген шын ғашық адамына,
Жеткізбеген Қорлан ба, заманы ма?!
Ол да білген бар мұңын кеткен айтып,
«Келер ұрпақ қарар деп қабағыма».
Бас ескерткіш – жүректе Естай әні,
Тас ескерткіш әлі жоқ, болады да...
«Мен кедеймін неліктен, кім жазықты?»
Деген ақын мұң жұтты, у да жұтты.
Соның бәлкім арманы орындалған,
Гүл-қауызда тас көмір бүр жарыпты.
Тау-тас кезген бозбала далаға ынтық,
Қуанышын ғұлама қабағы іркіп,
Менделеев кестесін Сарыарқа ғып,
Махаббаттан тұрар ед алабұртып.
О, жарықтық кең заман, неткен рақат?..
Кен мұхиты – Кереку жатқан жалпақ.
Екібастұз жылуы енді бүгін
Еуразияға табиғи оттан да ортақ.
Онда Баян басының бұлты да ортақ,
Керекудің көгінде мұнар да ортақ.
Топырағынан алынған тас көмірдей,
Топырағымен жабылған мұңы да ортақ.
Онда мұңға малынған жыры да ортақ,
Мұңнан бақыт жасаған ұлы да ортақ.
Дос елдерге жарық та, жылу да ортақ,
ГРЭС-тердің, ГЭС-тердің атауы ортақ,
Алыптардың даңқы мен атағы ортақ.
Бәрі, бәрі, бәрі жұп, бәрі де ортақ,
Жұп емес туған жерге тек Махаббат!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter