Әңгімелер ✍️
Менің жұмыстағы жеті атам
Бірінші атам – Бауыржан Момышұлы. Баукең өзіне ұнамаса да, шындықты айтып кетті. Ал, біз олай ете алмаймыз. Өйткені, өзімізді жақсы көрсеткіміз келеді. Бауыржан ештеңе ойламады. Тек шындықты ғана қолдады. Сол үшін де халық Бауыржанды батыр санады. Мен жұмыста тек шындықты айтуды талап етемін. Шындықты айтпасақ, жұмыс ешқашан алға баспайды. Мәселен, бір қызметкеріме тапсырма беремін. Ол қызметкерім маған «орындадым» дейді. Шын мәнінде ол орындамаған. Не болады? Әрине, ұят болады. Әсіресе телевизия саласында өтірік айтуға мүлде болмайды. Өйткені, сен бір адамды емес, тұтас бір халықты алдағанмен тең боласың. Ал, көрермен мұны ешқашан кешірмейді. Біз Бауыржанның екі қасиетін аламыз. Екінші қасиеті, батылдылық. Мейлі, батыр болмай-ақ қой. Соғыс ешқашан болмасын. Бірақ, батыл бол. Жұмысты істесең қорықпа, қорықсаң – істеме!
Екінші атамыз – Дінмұхаммед Қонаев. Қонаев бірнеше жыл ел басқарса да, ол адамгершілік қасиеті мен кішіпейілділігін биік ұстады. Тіпті, ол кабинетінде отырса да, есіктен жас бала кіріп келсе орынынан тұрып, өзі барып сәлем береді екен. Өмірінде араласқан адамдардың атын ұмытпай, қолынан келсе көмектесіп жіберетін көрінеді. Осыған байланысты жұмыста әріптестеріме бізге келген әрбір кейіпкердің тағдыры біз үшін өте маңызды болуы керек деп айтып отырамын. Қолымыздан келсе, біз де көмектесіп жіберуіміз керек. Жақында ғана «Ардагерлер» туралы хабар түсірген едік. Бір ата мен апамыз келді. Бірақ, атамыз сонша ашуланып, айғайлап жатыр екен. Жастар да қызба мінез ғой, біздікілер де «қайтсаңыз қайта беріңіз» деп ренжіп жатыр екен. Дереу көре салған бойда, жанына жетіп барып, «Ата, бекер келмедіңіз ғой. Келіңіз, түсіп кетіңізші осы бағдарламаға» деп жалынып, ақыры көндірдік. Қасында 70-ке келген апамыз да бар екен. Екеуін студияға алып келіп, бағдарлама жасадық. Сол бағдарлама арқылы ардагер атамыздың өнертапқыш, ал апамыз химиядан 100-ге жуық олимпиада жеңімпаздарын тәрбиелеген ұстаз екенін білдік. Ақыр соңында апамыз да, атамыз да риза болып, алғысын айтып кетті. Егер біз білместікпен қателік жіберіп, ол кісілер қайтып кетсе, көңілдерінде үлкен дақ қалар еді.
Үшінші атам – Томас Эдисон. Томас Эдисон – шамды ойлап тапқан ғалым. Ол жарықты ойлап таппастан бұрын, халықты жинап алып, мен бүкіл ғимарат мен көшелерді жарық қылатын боламын деп уәде беріпті. Кейін бірнеше жыл өткеннен кейін оны бір адам көріп қалып, «Әлгі шаруаңыз не болды? Жасаймын деп уәде берген едіңіз, жасай алмадыңыз ғой» деп мұрынын шүйіре сұраған екен. Томас: «Оң мың рет тәжірибе жасадым, он мың рет сәтсіздікке ұшырадым. Бірақ, әлі жалғастырамын» деген екен. Жаңағы адам содан кейін, «қоя салсаңызшы одан да, бәрібір түк шықпайды ғой» десе, «Жоқ, қателесесің. Мен он мың рет қалай жасамау керек екенін білдім. Енді жақын қалдым» деген екен. Расымен де, жарты ай өткеннен кейін Томас жарықты ойлап тапты. Эдисонның бір сөзі бар: «Жұмысты істер болсаң жаныңды сал немесе табандылықпен істе» деді. Кейде жұмыстан сәл проблемалар шығып қалса, «Мен жарықты ойлап тапқан кезде бірнеше мәселелерді шеше білдім. Сен осыншама ұсақ мәселелердің шешімін таба алмайсың ба?» дейтіндей көрінеді. Сонда өз-өзімнен ұялып кетемін.
Төртінші атам – Уолд Дисней. Егер мен бір бағдарламадағы кейіпкерлерді қайта-қайта шығара берсем, ел-жұрт мені көрмей қояр еді. Сол кезде Уолд Дисней: «Кешегідей жасама. Жаңаша бір нәрсе ойлап тап» дейді. Шығармашылық пен жаңашылдық болмай, сенің хабарыңды ешкім көрмейтін болады.
Бесінші атам – Имманиул Кант. Кант дәл уақытымен жүретін адам болған. Ол таңертең үйінен шыққан кезде, көршілері сағаттың сегіз болғанын, үйіне келерде кешкі сегіз біліп отырады екен. Біздің жұмыста 5 секунд уақыттың өзі маңызды. Мүмкін басқа жұмыста ол маңызды болмауы мүмкін. Бірақ журналистикада уақытты бағалай білу керек.
Алтыншы атам – Уильям Френд. Уильям Френд «Ең басты мәселелеріңді бітірмей, басқа мәселелерге басыңды ауыртпа» дейді. Себебі, ұсақ-түйек мәселелер бәрібір шешімін табады. Соған орай, мен де ақ қағазға айдың басты мәселелерін, аптаның басты мәселелерін тізіп жазып қоямын. Оларды орындамай, басқа нәрсеге басымды қатырмаймын.
Жетінші атам – Роман Гарсия. XIX ғасырдың аяғында Испания мен Америка соғысып жатады. Президент Маккенли Роман атты офицеріне Кувадағы революционерге маңызды хат апаруды тапсырады. Роман: «ол жақта соғыс болып жатыр ғой. Қалай апарамын?» деп бас қатырмайды. Он күн дегенде барып, әлгі хатты тапсырып, аман-есен елге қайтады. Бізге осындай журналистер қажет. Бұл жағынан мен өз қызметкерлеріме ризамын. Себебі, мен оларға қазір «Президенттің нөмерін тауып беріңдер» десем, олар маған 5 минуттан кейін тауып әкеліп береді. Сонымен қоса, олар «қалай аламын, қайдан аламын» деп бас қатырмайды. Мен оған сенемін.
Тек əріптестеріме емес, сіздерге де осы секілді ғалымдардың жолымен жүруге кеңес беремін. Мінеки, менің жұмыстағы жеті атам – осылар. Жетеуінің де портретін жұмысқа ілдіртіп қойғанмын. Егер мен сəл ғана қате қадам бассам, олар маған қабағын түйіп қарап тұратын сияқты.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter