Өлеңдер ✍️

  05.11.2021
  153


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Ақ көйлек

Қаладан маған әкелген көкем ақ көйлек,
Жұп-жұқа сәтен, өзіме ғана шақ көйлек.
Ойлайтын едім, дәл мұндай мата жоқ қой деп,
Киер ем күнде...
Ауылда, әттең, көп той жоқ.
Түймесі қандай, тігісі
қандай жап-жатық,
Қақпақша жаға қондырған сырма зер қатып.
Айтқа бір кидім, тойға бір кидім анада,
Мектепке киіп барамын күзде – ең бақыт.
Көйлегім менің көңілімдей аппақ қылаусыз,
Жамауы да жоқ, жасауы да жоқ құраусыз.
Ызадан бірде жарылып кете жаздадым,
Киіп апты інім, қияңқы неме, сұраусыз.
Көйлегім менің өзіме ғана өлшенген,
Киер ем күнде ұяламын тек жеңешемнен.
Үйде адам жоқта барамын айна алдына
Бозбала болып қалдым-ау деймін, сенсең мен!
Алтыншы біткен,
Жетінші класс баласы
Бозбала болса, бар оған кімнің таласы?
Көршінің қызы көз астыменен қарайды,
Көйлегім шығар көз жауын алған, шамасы.
...Жазды күн еді...
Жағалай қонған көлді ауыл,
Шаңқай түс еді, аңызақ соққан талма бір.
Қаңырық түтеп, шаңытып келген шөпшіміз
Алдыға шай кеп, ала бергенде сәл дамыл
Шар ете қалды жер ошақ жақтан жеңешем,
Тағы бір әйел, тағы бір дауыс ересен.
Жамырай шығып «ойбай да ойбай» деп қалды,
Деп қалды-дағы сең соққандай боп тоқталды.
– Қайда әлгі құрық?
Қайда әлгі сырық? – дегенше,
Қара жер төсін қақ жарып шыққан еменше,
Шуда да шуда, буда да буда түтіні
Қаратпай бетті сатырлап жанған селеуше,
Үйіріліп соғып, ирелең қаққан айдаһар,
Табаны жерде, кекілін көкте ойната,
Жұтарын жұтып, жұтпасын сілкіп демімен,
Бір үйірім құйын жолының бәрін жайрата
Қап-қара бұлттай қанаты келіп тигенде,
Жүгіріп шықтым, жүрегім соғып үйден де.
Жеңешем маған айқайлап қалды бір демде,
– Белдеуге кірді...көйлегіңді де ілгем де...
– Көйлегім! – дедім, кеудемді жүрек бір тепті,
– Көйлегім! – дедім маңдайдан терім бұрқ етті.
...Көйлегім менің, ақ сәтен аппақ көйлегім
Қап-қара топас құйынмен қалай бір кетті?..
Көйлегім менің, көңілімдей аппақ қылаусыз,
Көйлегім менің, жамаусыз әлі құраусыз.
Көйлегім таза, көңілімдей аппақ мүлкімді,
Жоғалтам қалай, жіберем қалай сұраусыз?..
Қара бет құйын құлдилап төмен жөңкіліп,
Соңынан мен де өшкенше өкпем ентігіп,
Жеткізбей маған көңілімдей аппақ көйлегім,
Бозбала болдым,
Балалық көңілім мертігіп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу