Өлеңдер ✍️

  05.11.2021
  179


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Адам бір кейде...

Адам бір кейде сарқылған сынды
Сезімнен дағы, ойдан да.
Денеңде тұтас салқын қан сынды
Ақпайтын судай сайларда.
Адам бір кейде суалған сынды
Шуағынан да, нұрдан да.
Денеңді жайлап мұң алған сынды,
Малынып санаң мұнарға.
Адам бір кейде жалыққан сынды
Жақсы үміттен де, қиялдан.
Үміттің көзі қарыққан сынды
Қарай да қарай ұялған.
Адам бір кейде жабыққан сынды
Думанынан да, тойынан.
Ұтылған сынды, әрі ұтқан сынды
Баянсыз шақтан байыған.
Ал кейде кенет Аплатон сынды,
Аяғы Жерде тұрғанда
Сезімі сәуле,
Ақылы таң сынды
Сәулелерімен салады түрен,
Болмыстық тылсым – Тыңдарға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Үмітай
Үмітай 11.11.2022 23:41
Өте керемет

Пікір жазу