Өлеңдер ✍️
Алагеуімдегі ауыл
Аспан тағы алақанға гүл берді
Бура бұлттан бұлдыр-бұлдыр мұң көрдім.
Найзағайлар жарқ еткенде, нәтінен
Нәзік жырға қолқа салып үлгердім.
«Шықпаса екен нажағайдан зор шығын»
Шықты бір сәт көше жақтан өршіл үн.
Ит-тірлігің селт етпейді жауынға
Қоңыр иті үріп жатыр көршінің.
Көңіл шіркін жүдеу тартып жүр кеміс,
Қажытады ауылдағы күнкөріс.
Мал ашуы –жан ашуы, лақ іздеп
Кетті қойшы естіп жұрттан бір сөгіс.
Қойды ма екен жалғыз лағы кеш қалып,
Бес шақырым көрінеді бес қарық.
Қойшы бала.Нөсер жауын.Насыбай.
Шалдар отыр жігіттікті еске алып.
Елемей-ақ көп адамның өсегін,
Елемей-ақ үр көктемнің нөсерін
Қойшы бала жыңғыл ішін кезед,
Жаңбыр басып аппақ шаңын көшенің.
Сол бір кештің сағынышы бой қарып,
Аймен бірге отырамын ойланып.
Қой қарауға кетіп еді көп кісі
Қырындағы шаттық қалып, той қалып.
...Мен де бірге кетсем бе екен қой бағып!?
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter