Өлеңдер ✍️

  29.10.2021
  136


Автор: Нұржан Қуантайұлы

Жазғытұрым

Бұлың-бұлың күн өттi,
Бұлың-бұлың...
Серпiп тастап көңiлдiң шымылдығын,
Тарттық қырға!
Ауаша кетейiк бiр
Бақсысынша үй көрмес бұрынғының.
Жазғытұрым.
Жуаның қалың шағы.
Жайқала өскен рауағаш, сарымсағы.
Жайылма су ойдағы, көшейiкшi
Жалаң аяқ
Көңiлдiң жалын шағы!
Қоймап едi әнеугүн күркiреп күн,
Күркiреп күн! Қырда көк дүркiреттiң.
Беу, дүние-ай! Көк иiсiн сағынып ем,
Бергенi ме тәңiрдiң бiр тiлектi?!.
Аузы көкке iлiндi топ қараның –
Жiлiк майы ендiгi тоқ болады.
Қардың суын iздеген мал сияқты
Алып-ұшып қу көңiл тоқтамады...
Алты ай қысты арпалыс, ұрыс делiк,
Ұрыс бiттi, қолқаға тыныс келiп.
Ендi өлмейдi: болып ед жiңiшкесi үзiлердей,
Жуаны жiңiшкерiп.
Сағыныпты-ау тiршiлiк күн шырайын,
Мен де тiрi! Қалайша тыншығайын –
Көкқасқаның тiзгiнiн бершi, бауыр,
Көк жотаға шоқытып бiр шығайын.
Жазғытұрым әкелдi ен даласы...
Сүгiрет қой табылмас тең-таласы.
Қырдың иiсi шiркiн-ай!
...Қырда тумай
Түсiнбейсiң-ау оны, кент баласы...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу