15.10.2021
  405


Арулар – асыл жандар

Қазақ халқы «қыз» деген сөздiң өзiн әдемiлiктiң, әдептiлiктiң, инабаттылықтың, сұлулықтың белгiсi деп таныған. Қыз баланың ұқыптылығын, шеберлiлiгiн, сүйкiмдiлiлiгiн, жанының нәзiктiгiн, өнер- бiлiмге бейiм тұратынын жоғары бағалап, осы қасиеттерiн нақыл сөздер арқылы ерекше көрсеткен. Мысалы: «Қыздың жиған жүгiндей», «Қыздың тiккен кестесiндей», «Қыз – елдiң көркi», «Жақсы қыз – жағадағы құндыз», «Ырыс алды – қыз», «Қызы бар үйдiң – қызығы бар», т.б. Қазақ халқы қыз баланы ардақтап, мәпелеп өсiрген, көңiлiн қалдырмаған, оған қарсы сөйлемеген. Әдемi, көрiктi, шырайлы, әсем, сұлу, ажарлы, ару деп сипатталатын қыздарымыздың жан дүниесі нәзік, адал махаббат иесі болғандығын, дәулетке, байлыққа, жиһазға қызықпағандығын, махаббат атты асыл сезімді айрықша қастерлеп, аялағандығын жыр-дас­тандардан білеміз. Кең байтақ ұлы даланы мекендеген халқымыздың бір тілде сөйлеп, әдет-ғұрып, салт-дәстүрінің, мінез-құлықтарының да біркелкі ұқсас болып келуі бұрынғы өткен Домалақ ана, Айша бибі, Жаған бегім, Нұрбике ханым, Айғаным, Ұлпан, Зере, Ұлжан сынды дана аналарымыздан қалған үлгі-өнеге. Ерке қыз, иманды әйел, қасиетті ана солардан шыққан. Сөйтіп, қазақтың батыл, ақын, ақылды қыздары ұлтты тәрбиеледі. Мәселен, «Батырлар жырындағы» Құртқа, Гүлбаршын, Ақжүніс, Назым секілді пәрәнжі-сәтір кимеген, сөйте тұра еркіндік пен есерліктің аражігін ажырата білген парасатты, тапқыр, төзімді, өнерлі, шашын төбесіне түйіп жауға шапқан батыр қыздар ер азаматқа қиын-қыстау кезде ақылшы, сенімді серік бола білді. Біздің қыз-келiншектердiң бойын­да iзеттiлiк, ар-ұят, ұялшақтық, үлкеннің алдын кесе-көлденең кесiп өтпеу, жанашырлық қасиеттер басым. Өйткені қыз балаға жастайынан үй сыпыруды, төсек жинауды, тазалық сақтауды, ас пiсiру, шай құю, кесте тiгу секілді жұмыстарды үйретудi анасы мен әжесi өз мiндеттерiне алған. Бүгінде осы бір жақсы дәстүрге селкеу түскен бе, қалай? Қазіргі күні кейбір қыздар жат қылықтарға әуестеніп барады. Мектеп қабырғасында жүрген бірсыпыра қыздарымыз жарассын-жараспасын денелерін жартылай жалаңаш қалдыратын киімдер киіп, қымбат әшекейлер, алтын тағып, бет-ауыздарын бояп, өздерінің инабат­тылығы мен сыпайылығына, жастық жарасымдылығына нұқсан келтіруде. Мәдени орындар мен көшеде шаштарын жалбыратып жайып жүретін қыз келіншектер көп. Шашты жинап, буып, түйіп қоюдың өзіндік ерекшелігі бар емес пе еді? Тұрмысқа шығу мәселесін кейінге ысырып, әдемі көлік мінуді, жеке басына үй сатып алуды, жиған-тергенін думандатып өткізуді, шетелге сая­хат жасап, дайын ас ішуді әдетке айналдырғандардың қатары көбейіп барады. Елімізде 26 мың отбасы бір балаға зар болса, 500 мың кәрі қыз бар екендігі туралы мәлімет бар. Жыл сайын 120 мыңдай түсік тіркеледі екен. Осының өзі-ақ ұлттық тәлім-тәрбие жұ­мыстарының деңгейі төмендеп кет­кен­дігінен болып отырған жайт деуге болады. Ал ата-анасын, туыстарын, ұстазын, елін, жерін, халқын сүйетін нәзік жандылардан өз шаңырағын ардақтайтын, балаларын жанындай жақсы көретін қамқор ана шығары сөзсіз. Өз ана тілінде еркін сөйлейтін, туған тарихын жетік білетін және халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтайтын, бағалайтын оған үлкен құрметпен қарайтын, ұлттық рухы, адами құндылығы жоғары қыздар туралы әңгіме басқа. Ең бастысы, ұлт тәрбиешісі – ана екендігін бүгінгі желкілдеп өсіп келе жатқан аруларымыз естен шығармағаны жөн. 


Нұрлан ҚҰМАР




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу