Өлеңдер ✍️
Алысқа, өскен елге көз қадаған
Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек.
Заманға жаман күйлемек
Замана оны илемек.
Абай
Алысқа, өскен елге көз қадаған.
Абайдан ұлағатты сөз тараған.
Ой салып көкірегінде көзі барға
Жері жоқ жан жүректі қозғамаған.
Дей алман одан ғибрат алмаған бар,
Зерделеп ой тезіне салмаған бар.
Зиялы коғамбыз деп күпсінеміз
Үзігін ғадауаттың жалғағандар.
Абайдың кейіпкерлері әлі тірі,
Келмей ме жағымпаздың жаны сірі.
Сырт бейне, киім киіс, тұрмыс өзге,
Қалпында ішкі залым сырдың түрі.
Пысықтар кеше Абай еткен мансұқ,
Жортып жүр танаулап іс тындырғансып.
Кейбір паң, машинаға азар сыйып,
Іркілдеп бара жатады нәнсіп, нарсып.
Қоғамда тиылмады ұры-қары,
Адамдық тарылудан терді тары.
Қалғанды түнде сорлап, күндіз жарлап,
Айтады шыдамасты адам ары.
Саудаға негізделген зор кәсіп бар.
Оларды жүргізеді көзі ашықтар.
Ісі ол ерінбеген, екі асардың.
Бүгінгі «қымбат енер» тез машықтар.
Адамдар айнығанда адалдықтан,
Зұлымдық өрбитінін надан да ұққан
Бар зауал феодализм қалдығы еді,
Бүгінгі ағайынға қалай жұққан!
Қоғамдық сырларға біз қанықпыз ғой
Деуші едік дерт жұқпайтын алыппыз ғой
Заманның құбылмалы құйынында
Баяғы «жартас» күйде қалыппыз ғой.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter