Өлеңдер ✍️
Намыс
Қыз намысы дейміз-ау қыз намысы
Еркін қонған қайран ел құзға құсы.
Шыңға ұя салатын кілең қыршын
Қайда отыр бұл күнде құрып мысы.
Жоқ па екен оларда ер намысы
Келмей ме екен ол арын қорғағысы.
Жомарт қолын байлаған, жоқ жайлаған,
Емес пе екен нарықтың «қолғабысы».
Ұрлық түбі қорлыққа неге барсын,
Біле тұра ұятқа неге қалсын.
Ашыққанға тоқ мұндар ақыл айтады,
Лажсыздан екенін кім аңғарсын.
Азаматтың ашатын бақ-талайын,
Биліктілер жарылқар жоқ маңайын.
Күнкөрістің көзін тарс жауып қойса,
Тұрар дейсің әдептен аттамай кім!
Сонда қылмыс төркіні қайда жатыр,
Қайдан келді жоқшылық-заман ақыр?
Ар мен жанын саудаға қалай түсті?
Тауысарман боларсың ойлап ақыл.
Ар сақтама, жан сақта дейді халық,
Үңіл мақал түбіне бойлап барып.
Ардан жаным садаға дейді тағы,
Сақтап кәне қаласың қайсысын алып?
Мұны әркім өзінше пайымдайды,
Бас ауырса жан қорқып, уайымдайды.
Үш күн аштан сұрама ақыл дейді,
Ақыл кетсе, пәнда адам не қылмайды!
Ақылсызды емес бұл ақтағаным,
Барған жанды қылмысқа мақтағаным.
Ел билігін ұстаған жақсы-жайсаң,
Сен айтпасаң, мен лаж таппағаным.
28.03.1999 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter