Өлеңдер ✍️

  30.09.2021
  247


Автор: Серік Боқан

ШЫНЖЫРЛАР САЗЫ

 


(Америка лагеріндегі қазақ ақынының соңғы өлеңі)


Америка құрлығы Отан емес ол үшін,


Білгеніммен қаншама, өрі менен еңісін,


Баз кешіп өмірден тағдырынан жерісін,


О, туған жер қиырдан жүрегінің емісің.


 


Мұңға толы осы бір қыркүйектің құшағы,


Тырналар мен кептерлер күншығысқа ұшады.


Еркіндіктің шындығы көкжиекке сіңуде,


Көзін сүртер мұңлы ақын бостандығы тұсаулы.


 


Тұтқын үшін не жазды күтетұғын мырзалық?


Көтеретін сорлыны төбесіне бір халық.


Еркіндікке бұлқыныс, соңғы ғана сағаттар,


Соңғы күшін жиюда қалдыруға жыр жазып...


 


Ол сезінді бостандық әуендерден орын ап,


Тек түсінде көріпті, сүйгенінің қолын ап...


Із соқтырған соңғы үміт  Отан деген – ақиқат,


Шындық жалғыз ол үшін қиялдардан орын ап.


 


Тербетуде ақынды құшағында ұлы түн,


Әлсіреген жанымен сөндіруде үмітін.


Адамдардың сорына тапқырланған осындай,


Рухты қамаған абақтылар құрысын...


 


Өмір сүрді минуттың жанарында қас-қағым,


Кешіп жүрді Алтайдың белуардан ақ қарын.


Өлім күйі тербеген үміттерін жер қылып,


Өмір деген осы екен – көшіп жүрген ақ сағым...


 


Романтика бір шумақ бара жатты сызылып,


Өлең болып оқылар еркін құстар тізіліп.


Миығында мысқылдың реңі бар тым ащы...


Түршіктірер күлкіден өмір тұрды сырылып.


 


Жазды соңғы өлеңін жүректің тамшы қанымен,


Үзілуге шақ қалған тәннің соңғы жанымен.


Кісен қиған аяғы жете алмады еліне,


Жазды соңғы өлеңін ШЫНЖЫРЛАРДЫҢ сазымен... 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу