Өлеңдер ✍️

  21.09.2021
  231


Автор: Серікзат Дүйсенғазин

Мұңды аруға...


Көктемгі бәйшешектей бүршік жарған,
Көркіңмен көзді арбаған кімсің, қарғам?
Қалайша кірпігіңе кірбің қонып,
Мойылдай жанарыңа мұң шырмалған?

Талайды тамсандырған, таңырқатқан,
Бұйырған тал мүсінің Тәңір хақтан!
Мөп-мөлдір көңіліңе қаяу салып,
Кім екен сұлулықты жабырқатқан?

Қандай күш сені осынша торықтырған,
Кездейсоқ жәдігөй ме жолықтырған?
Уыздай уылжыған жан екенсің,
Жолыңда кететіндей болып құрбан.

Басыңнан ұшқандайын мың бір бақыт,
Күлмейсің көздеріңнен күнді ұрлатып.
Ғажайып дидарыңнан нұр тайғанап,
Тұнжырап терең ойға тұрдың батып.

Жүзіңнен жасырғанмен тұнық таңды,
Өшпейді алаулаған үміт мәңгі.
Тұңғиық қарашықта көлдей тұнық,
Құпия сырың жатты құлыптаулы.

Бөлеген әсемдікке жер-ғаламды,
Келбетің елестетті кермаралды.
Жұмбағын жүрегіңнің жайып салып,
Тыңдағың келеді екен шер-налаңды.

Әдемі реңге қалай мұң тұнады,
Кеудемде сол бір сұрақ бұлқынады.
Шіркін-ай, сәл жымисаң дүниенің,
Сейіліп кетер ме еді сұр тұманы?!

Көкейде көктеп солай біраз арман,
Аңсадым шаттық лебін гүл ажардан.
Бір сәттік сенің сол бір пәк күлкіңе,
Қарғам-ау, тати ма екен мына жалған!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу