Өлеңдер ✍️
Көктем
Көктем. 2020...
Неге биыл ызғарлы көктем мынау?
Көрер таңды көз ілмей өткердім-ау!
Күннің нұры түспей тұр сезіміме,
Терезесін тұмшалап кеткен қырау.
Неге әлемнің аспанын мұң торлаған?
Жүз ойланам, жүдеймін, мың толғанам.
Қайтқан құстың әніне қосылатын,
Көңілімнің көгіне бұлт орнаған.
Бұл ғаламды неліктен мұнар басқан?
Ақ пен қара аңдысқан, кіл арбасқан!
Жұмыр жердің жылуын кім ұрлады,
Сенделемін себебін біле алмастан.
Жұлдыз біткен жұпыны, ай буалдыр,
Арайынан қалайша айныған нұр?!
Дүниені арылтып дүрбелеңнен,
Баяғыдай жауса екен майлы жаңбыр!
Сағым көшкен алыстан көл бұлдырап,
Жабырқатар соққаны желдің жылап.
Сағынамын кешегі сал көктемді,
Сыңғыр-сыңғыр күлетін мөлдір бұлақ.
Далам анау сұрықсыз көзге сондай,
Қояр емес жанымды тезге салмай.
Алаңдаймын алты ай қыс аңсап күткен,
Кетем бе деп көктеммен кездесе алмай!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter