Өлеңдер ✍️
Күз-өлең
Бәлкім бұған кінәмшіл жаз айыпты,
Талдың жасыл желегі азайыпты.
Сағынышқа толтырып мұң көшеді,
Сары түске боялған ғажайыпты.
Мүмкін оған шынымен жаз кінәлі,
Қаңқылдайды өкпелі қаздың әні.
Қайда асығып кетті екен жасыл дәурен,
Тұра тұрса қайтеді-ей аз күн әлі?!
Қайта оралса дей ме әлде құмбыл үміт,
Көктем келіп маңайға, күн жылынып,
Жазды аңсайды жас көңіл ауық-ауық,
Жапырақтай күздегі мың құбылып!
Шөп басына мөп-мөлдір күміс тұнып,
Қоңыр салқын, айнала тыныш, тынық.
Күйме кетіп барады күнбатысқа,
Гүл мезгілді сұр мезгіл ығыстырып.
Желегіне түспеген шұғыла дөп,
Ақ қайыңның ақтарар сыры да көп.
Көкжиекті бетке алып керуен тартып
Көшкен бұлт та көз жасын сығып әлек.
Шығарып сап уақыттың көшін ғаріп,
Жылтылдайды бір сәуле өшіп-жанып.
Өткен күнді өткізіп көз алдымнан,
Мен отырмын өлеңнен өшімді алып...
Серікзат Дүйсенғазы
Serikzat Duisengazy
11.10.2020
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter