Өлеңдер ✍️
Шипалы бұлақ
Шиырлай аққан шипалы бұлақ,
Айналаң жасыл құйқалы құрақ.
Аңсаумен сені алыстан жетсем,
Шашымнан желің сипады жылап.
Шығарған ішсем суың құмардан,
Жарқ етіп көзге бұлыңғыр арман.
Жағаңа келіп шалғынға аунасам,
Жалбыздың исі мұрынды жарған.
Көргенше бекер қамыға ма адам,
Қаныма жұпар дарыған ауаң.
Тамшыңа Құдай қасиет берген,
Дертіме дәру, жаныма дауам!
Еркелеп жатып ем алғанда ерек,
Сырқатым болса бер алуан көмек.
Өкпеті таудың шыңына шығып,
Өкпеңді керіп демалған бөлек.
Бақытын сезем балаңша сыйдың,
Аймалап самал анамша сүйдің.
Балшығын жақсам балқыған тәнім,
Бар ма екен сендей балауса шүйгін!
Сіңірсең бойға сипалай нәрін,
Батпағында бар фито майларың.
Суың да дәрі, шөбің де дәрі.
Шетелдің қайтем шипажайларын?!
Елжірейді аспан жылысын беріп,
Шипалы судың ырысын көріп.
Шұрайлы тауы туған жерімнің,
Тынығып қайтар тынысым кеңіп.
Жаралған елдің бағына мекен,
Сендей жер маған табыла ма екен?
Ауырып келсем сауығады екем,
Жазылып кетсем сағынады екем!
Серікзат Дүйсенғазы
23 шілде, 2021 жыл.
(Өкпеті тауы Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Тарбағатай ауылында)
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter