Өлеңдер ✍️

  21.09.2021
  486


Автор: Серікзат Дүйсенғазин

Менің анам

Өсіріп, ер жеткізген сегіз бала,
Әлемде менің шешем – еңізгі ана.
Өң берген өміріне адалдығы
Тең келген көңіліне теңіз ғана!

Жүрген жоқ ізгілікті ол жиып бекер,
Жұмыр жер жүрегіне сиып кетер.
Маңдайдан «құлыным» деп сипағаны,
Мәңгілік мәртебеңді биіктетер.

Кім білмес анашымның пейілін кең,
Жаны оның жаратылған мейірімнен.
Қазақтың келіні боп ғұмыр кешті,
Аулақта сауық-сайран, сейіліңнен.

Сіңіріп тәрбиесін бай даланың,
Көрдік біз салт-дәстүрден таймағанын.
Абысын-ажынымен тату әлі,
Өткен жоқ алдын кесіп қайнағаның.

Жатса да ертелі-кеш үйге адам кеп,
Күтетін соның бәрін «сыйлы адам» деп.
Қонақты құт келгендей қарсы алумен,
Ғұмыры дастарханын жинаған жоқ.

Ешкімге көрсеткен жоқ енжарлығын,
Құрметін көрмей оның кем қалды кім?
«Барым» деп түсінді әркез бала-шағам,
«Арым» деп әлпештеді ақ жаулығын.

О, менің ақ ниеттім, асқақ анам,
Дүниеде жақын жан жоқ басқа маған.
Ұяттың ұясы деп әр тал шашын,
Басынан орамалын тастамаған.

Кішімен сөйлесетін баласынбай,
Туысқа жаны жомарт, жанашырдай.
Аллаға сансыз мәрте шүкір еттім,
Анадан туғаныма дәл осындай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу