Өлеңдер ✍️

  19.09.2021
  169


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Хұрма туралы сөз

1
Хұрма ағашын көлеңкелеп отырып,
Ескі наным,
қазір мүлде жоқ ғұрып.
Еске түсіп,
әңгімені жалғадық
Көңілде көп ой кестесі тоқылып.
Меккеден! – деп
қасиеттеп қаншалық,
Ауыл біткен ауыз тиіп, тамсанып,
Ақ сандықтан әжең ғана шығарып,
Іркіп ұстап, қымбатыңдай соншалық.
Нәрестені сақтайды деп тіл көзден,
Жын-періден
ұйтқып үрлеп күл кезген.
Тақияға тағып хұрма сүйегін,
Бесіктерге қадайтұғын бір кезде.
Ауырғанда ауыз дәмін алуға,
Сәтін берсе, ажалдан да қалуға
Көңіл бұрып,
қайран аңқау қазекем
Балаған ғой киесі мол даруға.
Әжелер жоқ бұл ғұрыпты аттаған,
Бісмілләсіз қолға ұстауға батпаған.
Хұрмаң осы! —
дейді Әбсаттар ақырын
Ағаш жәйлі
ақжем ғып күн қақтаған.
Сол хұрма өсіп қонақ үйдің қасында,
Тәбат тартып жемісі ұшар басыңда. –
Япыр-ау! —
деп қыздар күледі қулана
Батыл жігіт жоқ па деп бір осында.
Әлібекке кей біреуі көз салып,
«Бір рахат болар еді шөл қанып» —
– Биік екен!
– Он-ақ метр ағашқа
Шығу деген қиын боп па соншалық...
– Мұны арабтың ару қызы баптаған.
Бізге емес, Ерағаңа сақтаған, –
Ағасына әзілдейді Әлібек
– Ерағасы-ау, ұят қой деп татпаған.
Ермек күліп:
– Жемісі оның биікте,
Биік деген қолға оңай тиіп пе?!...
Маңың толы жанды хұрма тұрғанда
Тұрсың бала, көңіліңе түйіп не?
Күлкі...
Әзіл осылайша жарасып,
Өзінше әркім әр хұрмаға қарасып...
Қашан болсын жақсы биік тұрады деп
Қойдық түйіп, Хұрмадан сәл ары асып.

2
Күнге иін төсеп мынау томсарып
Тұрған хұрма байқағанға соншалық
Мол ризық екен-ау бұл аз елге, –
Дедім барша қасиеті ой салып.
Араб жұрты Хұрма бағын қалайды,
Оның мәні – құрылысқа ол жарайды.
Көлеңкесі – сая,
сусын – жемісі
Экспортпен жер бетіне тарайды.
Қала көркі – ағаш,
әйгі сыр мәлім.
Бұл сөзімнің әз оқушым біл мәнін.
Алматының терегіндей тізілген
Ару Бағдат құшағында Хұрманың.
Сол Хұрмадан қала сая тапқандай
Қыз бейнелі ару —
сындар, ақ маңдай
Жасыл торғын жәйіп Бағдат үстіне
Жел боп желпіп,
самал сеуіп жатқандай.
Сондықтан да қала жәйлі, кең тыныс
Тілейміз тек болса ғой деп ел тыныш.
Қирамаса снарядтан осынау
Табиғаттың өзі қойған желпуіш!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу