Өлеңдер ✍️
Қатпас бұлақ
Бу бүркеніп бұралған Қатпас бұлақ,
Сарқырап ол қиядан жатпас құлап.
Қына тастың түбінен мөлдіреген
Бота көздер ақпанда қатпас бірақ.
Төрт түлік мал мыңғырған маңайында,
(Өскен елдің біткен бақ-талайына.)
Бірден келіп құласа, ылайланбас,
Ырыс-несібе бұл өңір ағайынға.
Болған аймақ халқына құт-береке,
Құт-береке өңірден құт мереке.
Әр төбеден күн сайын алтын қаптап
Алып жатса емес пе ол мереке!
Ыстық едің, анамдай керетін ем,
Сәл ұзасам, сағына келетін ем.
Тамылжыған тамызда жағандағы
Бал құрақтан бүлдірген теретін ем.
Көк майсада көбелек қуатын ем,
Күн нұрымен жүзімді жуатын ең.
Бұрымымды толтырып сарғалдаққа,
Қызғалдақпен қынай бел буатын ем.
Жасыл белдер жұпар сай қызықты ең сен,
Мамырда кеп мал төлін қызықтаушы ем.
Алғаш бие байлаған күнгі кеште
Алтыбақан...
ән сазын үзіп пе ем мен!
Әншіл өзен, сері дөң көзді баурар,
Жібек самал жел ескен қоңыр таулар,
Бір демалыс бұйырмай жүр ғой әзір.
Қысылмай-ақ баурында едім аунар.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter