Өлеңдер ✍️
Бұлбұл
Жас бұтақтарда бұлбұлдар сайрап, жел билеп,
Жанарды баурап жасыл бақтағы ақ сағым,
Арайлы көктем аясына алып, әлдилеп,
Оятып ойды, тұтатып сезім шақпағын.
Тоқташы, бұлбұл, тыңдашы мені, жан бұлбұл,
Мен дағы жырлап көрейін сенің үніңмен.
Осынау сәтке билеген мені нән бұлбұл,
Көктемнің, гүлдің сырласы ем ғой бұрын мен.
Мен жар сүйгем, жалыны мәңгі шарпыған,
Жүректің ерке лүпіліне сен құлақ сал.
Өмірден өтем адалдық деген айтып ән,
Жанымның көркі бұл күйімнен сен сабақ ал.
* * *
Ұйқыдасың, жан досым, жер қойнында,
Олқым — сенсің, жетпейтін жалғыз өзің.
Ақтарамын әкеліп барды ойымда,
Сен үнсізсің, телміре, талды көзім.
Сен тұрушы ең гүліңмен бір құшаққа ап,
Енді саған мен келем гүл құшақтап.
Бір тұтанып, әмірде алаулаған,
Бір-біріне біз ек-ау қалаулы адам.
Қарсы алатын күліп кеп нұр жүзіңе
Арман енді жалғыз сәт қарау маған.
Көзімнен нұр көруші ең төгілгенін,
Енді жасқа көрмейсің көмілгенін.
Балапандар марқайды, кетті ұшып,
Жылы ұя бос қалып, қаңырады.
Қарс айырылып көкірек, жүрек сыздап,
Көз алдында кең дүние тарылады.
Мүсіркей ме, сұрай ма мынау өңір...
Асау басы құлады мойынына.
Балапандар қанатын қомдай самғап,
Кірді барып кең өмір қойынына.
Балапандар орынын мамық төспен,
Сипап еді жып-жылы леп сезілді.
Қуаты еді сол бір леп, тыныс-демі
Оятты да қуантты пәк сезімді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter