Әңгімелер ✍️
Нан жесіне қараңыз!
«Әкемнің өлетінін білсем, алмаға айырбастап жіберер едім» деген екен бір жаман. Сол айтқандай нан комбинаты директоры Тойғановтың басына да осының кері келді. Тексеру тұтқиылдан басталып кетеді деп кім ойлаған. Тіпті тексеру болғанмен аузы бар, қарны бар, бала-шағасы бар адам тіліме көнбейді деп Тойған Тоғаныч ешқашанда ойлап па еді? Оны Тойған Тойғаныч атандырған да оның осындай құлқы емес пе еді. Егер ондай ой басына келе қалса, документі құрғырды сұлудың жүзі көрінер күзгідей жалтыратып қоймас па еді. Аяқ астынан комиссия келтіріп бұл қу шұнақ құдайға не айтарсың!
Комиссия әуелі Фабричный поселкесіндегі қойманы тексеріп кеп қалды. Кеспелтек қаптар, енсіз екеншелер, далиған дағарлар әділет таразысына тартылып, сақырлап қант, бұрқылдап үн өтіп жатты. Әрбір қап таразыға қойылған сайын, безбеннің басы теңесіп шоқаң еткен сайын қойма меңгерушісі Сидоровтың жүйкесі жұқарып, қайта-қайта бір талдап шашын біреу жұлып алып тұрғандай болды. Безбен тұмсығына қарай тұрып ол ұзақ-ұзақ ойға кетті:
Осы уақытқа дейін «жоқ-жоқ» деп жүретін құдайы құрғыр шынымен бар болмаса не қылсын! Әйтпесе бұрыштан біреу сығалап тұрған жоқ, мұның қоймасындағы
артық-кемді, аз-көпті кім білуші еді. Тіпті мына комиссиядағылардың өзі «құдай емес, құдайдан былай емес қой». Сөйтіп Сидоров қуыстанып тұрғанда қорытындыны шығарып жатқан комиссияның бір мүшесінің даусы шықты:
— Қоңыр ұннан сегіз жүз килограмм жетпейді!
Сидоров селк ете түсті. Сол сол-ақ екен, оның селкілдеуі көбейе берді, қоймадағы дүниенің біреуі артық біреуі кем. Екіншісі сортты ұннан алты жүз килограмм артық бірінші сортты ұннан тоннасы кем. Кеспек-кеспек маргарин орнымен жоқ, қап-қап қант саудырап артық қалған. Құймақтың құйылып жатқаны анау...
Жаманат құрғыр жата ма, қалқан трубкалы сымсыз телеграф жалғасып, әп-сәтте-ақ мұның өзі Тойған Тойғанычтың қалқан құлағына да бір соғып өтіп еді. Ол да тез қимылдап ең болмаса наубайханалардың цехтарына «абай болыңдар» деп айтпақ еді. Оның осы ойын біліп қойғандай комиссия мұнда да келіп үлгіріпті. Ондағы мастер Бөлековтан бидай ұны жетпей қалыпты.
Бұл қисыны қашқанда істің бәрі осылай болады екен. Тойған Тойғаныч ең болмаса «Ұзынағаш» наубайханасына бірдеме демек еді, оның да тексеріліп. бары-жоғы, алғаны-бергені ақтарылып, асты-үстіне келіп жатқанын білді. Қыстың қысқа күнінде қырық рет үзіліс жасайтын Денисовтың заманасы бір тұтам болып, өзі бір уыс болып бұрышқа кіріп алыпты. Бір сәт Денисов ұлпа ұн, аппақ нанмен қоштасып, көзіне торлы терезелер де елестеп кетін еді, өзін ұрттап ішкізіп, шайқап төккізіп қойған Тойған Тойғанычты, тағы кім бар еді, әлгі технолог Терентийді тағы... соларды еске алып көңілін бір демдеп қойды. Қиын қыстау күндерде қалай-ақ солар оны қызыл оттың ішіне тастап кетер екен! Бір жаманы — комиссия жылы қабақ көрсетпей қойды. «Жылы-жылы сөйлесе жылап іннен шығады» дегендей олардың алды-артын әлденеше орап та көріп еді, орайын келтіре алмады. Өңкей көк айыл пәле екен.
Ақыры қорытынды да жасалып, ішкендер-жегендер, берген-алғандар, артқызған-тартқызғандар сопаң-сопаң етіп шыға-шыға келісті. Қоңыр ұннан табандатып тоғыз тонна жетпей қалды. Екінші сорт ұннан екі тонна артық шықты. Неше айтқанмен бұл наубайхана аудан орталығында емес пе, жақсы көз, жылмаң сөздер наубайханаға да кіріп шықса керек-ті. Ақ ұнның да ортайып қалғаны осыдан-ау деп шамалады комиссия.
Бұдан кейiн комиссия мұндағы артық-кемді, документ, документсізді тегіс тексеріп көп нәрсені анықтады. Қоймадағы социалистік меншіктің талан-таражын да байқады. Тіпті ол Тойған Тойғанычтың кіріс-шығыс документтерден қолын да көре алмады. Аға бухгалтер де мұнан аулақ қалып отырыпты. Кім біледі, тіпті бұлар күйген күлшенің, шикі қамырдың ізін осылайша жаппақ шығар. Әйтпесе олардың қолынсыз бір күлшені тышқан тістеуші ме еді? Мұндағы документтердің сайда саны, құмда ізі жоқ. Екі қойманың арасындағы алым-берім де қолдан шатыстырып, сиыр құйымшақтанып кете барады...
Есебін табатын ерлердің бұл жолы қырсыққанда Қызыл иті қыңыр жүгірді. Сидоров жөнелткен ұн жұртта қалған жұрымдай есепке кірмепті. Ептескен екеуінің бұл жолғы орталық қоймада жасырған үлкен ұрлығы да ашылып, «өзің жеген ішектің жауабын өзің бер» деп қасқыр мен түлкі ертегіде біріне бірі қарасқанындай бұлар да біріне бірі телмірді. Жеті тонна ұнды жасыру олардың кеу тамағын, кең тамағын анық-ақ көрсетіп тастады. Жеген соң осылай жесеңші деп кейбір естіген сайқымазақ жігіттер оларды тоғыз саққа жүгіртті.
«Бір тасты бір тас қозғайды» дегендей бір жоқты екінші бір жоқ түртіп шығара берді.
Кім алғаны белгісіз мыңдап кеткен ақша, аузы-мұрны, қол-аяғы жоқ шығыс документтер... Бір үзімін аузына салсаң кеудеңді бір күн қыжылдататын, сырты күйік іші шикі нанның сыры міне, осындай екен.
Тойған Тойғаныч осындай иен дүниеден есепсіз жеп жүргенде комиссия келіп қалғаны болмаса басқасының бәрі де орнынша болса керек-ті. Оның кердең басып, бойкүйез жүруінің де жөні бар сияқты. Өйткені оның қылмысын ашқан акті қысқа қарай інге кірген суырдай аудан басшыларының тартпасына кіріп, зым-зия кетіпті. Өздері наубайхананы жағалаған жемқорлардың нан жесіне қарап, ауыздарын тамсанып отырыпты. Шынында да олардың жеуі қарауға тұрарлық сияқты. Шіркін-ай дерсіз. Белі ауырмағанның нан жесіне қараңыз деген осы дағы!
— Нан жесіне қараңыз!
1965
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter