Әңгімелер ✍️
Қарала қарбыз
— Қарбыздарың жақсы екен, жақсы есіпті, деді колхоздың жаңа председателі Марат Маркаевич. Келгелі бері қабағы бір ашылмай қойған председательдің аузынан шыққан жақсы лебізге бригадир Ерен қатты риза болып қалды. Риза болмай қайтсын, ол келгелі бері анауың да жаман, мынауың да жаман деп, шешесі «жаман» деген сөзбен ауыздандырғандай аузынан бір сөз түспей қойып еді. Оның үстіне қырыс қабағын қалың қара қасы одан сайын түкситіп көрсетеді де, колхозшылардың бірде бірі оның жанына еркін бара алмайтын болды. Колхоз — өзінің табиғатында ең қарапайым, көпшіл ұйым. Сондықтан да онда колхоз ісіне бір-ақ кісі жауап бермейді, сайланып қойылған басқарма мүшелері жетістікке де, кемшілікке де тегіс ортақ болады. Өйткені қандай ұсақ мәселе болса да, мұнда басқарма шешеді. Бірақ жаңа бастықтың жаңалығы болар, көбіне жалғыз бұйырып, жалғыз шешім қабылдай беретін болды. Мұны байқаған кейбір басқарма мүшелері ұнатыңқырамап еді, басқалары «жаңа адам ғой, сабасына түсер» дей салған. Сол «жарым ырыс» жақсы сөз аузынан шықпай қойған председатель түксие айтса да, түнере айтса да, әйтеуір бір жақсы сөз айтып салды. Бригадир Ерен әжептәуір көтеріліп қалды:
— Шүкір. Қарбызымыз жақсы шықты, Мәке.
— Мәке емес, Марат Марқаевич. Қанша гектар еді?
— Отыз гектар, Мәке.
— Марат Марқаевич! Көп қой тіптен.
— Мал шаруашылықты колхоз болған соң.
Председатель бригадирдің соңғы сөзіне маңыз бермеді ме, әлде өзінің бойына біткен кердеңі ме, қайта сұрақ қойды:
— Шілде айы бітпей жатып осынша үлкен, қайда барады, бұларың.
— Жоқ бұл әлі екі есе өседі, Мәке.
— Марат Марқаевич деңіз. Жақсы өсіпті...
Председательдің аузынан естілген бұл лебізге риза болған Грен жұмысына белсене кірісті, қарбыздың күтімін арттыра түсіп, оған екі рет қосымша азықтық зат берді. Қарбыз барынша дарбиып, желісі тарбиып өсе берді. Бұдан кейін председатель Еренді көрген жерде:
— Қарбызың қалай?— дейтін болды.
Шүкір, өсіп келе жатыр.— Көрген жердегі бәрі осы. «Қарбыз қалай?» Ылғи сұрақ осылай ашыла бергендіктен бір күні тіпті бригадир Ерен ойға кетті. «Тіпті осылай бара-бара менің Ерен атым бір жолы ұмыт болып,«Қарбыз» атанып кетермін. Немене, сондай-ақ менің қарбыздан басқа шаруашылығым жоқ па, бес жүз гектар арпа, төрт жүз гектар сұлы, бес жүз гектар жоңышқа, тіпті қазір оны үшінші шабуға кіріскелі отырмыз. Сүрлемге арналған жүгеріміз анау, ішіне кірген түйе табылмайды. «Қарбыз, қарбыз».. «Немене бәрі қарбызбен бітеле ме, керек десең қарбыз малға уақытша ғана азық. Негізгі азық — арпа, сұлы, беде, жоңышқаны бұл неге сұрамайды». Бригадир бұдан кейін екі-үш рет «қарбыз қалайға» жауап бермей кетті.
Бір күні колхоз басқармасында Ереннің баяндамасы тыңдалды. Ол барлық жай-жапсарды тегіс айтып болған соң, басқармадан көмек сұрады. Терде түксиіп, қатты өсіп, күзгі бүрі түскен қурайдай сойдиып-сойдиып тұрған қасымен жұртты сүзіп жібере жаздап председатель Марат Марқаевич отыр. Түрегеп сөйлеп тұрған Ерен сөзін аяқтап, бір сез деді:
— Жоңышқаның үшінші шабуына кіріскелі отырмыз, төртінші шабу үшін үшінші шабынды тез бітіріп, бір суғарып тастау керек болып тұр. Сонда дақыл төртінші табынға тез жетіледі. Ол үшін біздің бригадаға ең болмаса алымды бір агрегат бермес пе екенсіздер. Бригадир сезінің иланымды және жұмысының да жемісті екеніне сенімді еді, сондықтан да ол басқарма мүшелері алдында көңілді тұр еді. Бригадирдің өз жұмысына сенімді, нық тұруы председательін ұнамады. Ол онсыз да түксиген қабағын түйіп, үрт етін бұлтитып, төмен қарап, үнсіз отырды. Жаңа председательдің астынан шығамыз ба, үстінен шығамыз ба деп байқастап отырған басқарма мүшелері үндей қоймады. Нақ осы кезде председатель тарс кетті:
— Бір істейтін жұмысты төрт істейсіңдер, шала-шала істеп бітірдім дегенше, сапалы етіп бір-ақ істемейсіңдер ме. Бір шапқан жерді төрт шапқан соң жаз бойғы жұмыстарың сол болмай ма? Біздің ісіміз қалай өнбек. Агрегат та, дәнеңе де жоқ, қолындағы бар сол техникамен істейсің. Қалада бұлай істемейді.
Отырған басқарма мүшелері де, бригадир де бұл сөзді қалжың деп ұқты. Тіпті «шыдамсыз сары» аталып кеткен сушы Серікбай басқаларға қарап:
— Мынауыңның дені сау ма?— деп жіберді. Басқарма мүшелері оған жазғыра қарады. Тіпті кейбірі ұялып та қалды. Председатель мұны байыптап болғандай, түксиген қабағын көтеріңкіреп, тағы да:
— Қарбызың қалай?— деді. Бұл жолы Ерен бұған жиналыста тұрғандықтан да дұрыстап, жағдайды дәл баяндады:
— Қарбыз жақсы. Алды отыз килограмм шығатындай болды. Әлі өседі ғой.
Председатель тұқшиып темен қарап кетті де, біразға дейін үндей қоймады. Жұрт оны қалғып кетті ме деп, дыбыс шығармады. Председатель қалғыған да, ұйықтаған да жоқ еді, ол терең ойға кетіп барып, аттың басын зорға тартты: «Япырай,— деп ойлады ол,— егер бір қарбызы шілденің ішінде отыз килограмға дейін жетсе, ол күзге дейін елу-алпысқа бір барады-ау. Бір қарбызы елу килограмға жететін жердің бәріне бақша ексе, пайдаға шаш етектен қалмас па. Оның үстіне үш шабу, төрт шабу деген өнбейтін жұмыстан да құтылмас па. Дайын жатқан қарбызды пәлегінен жұлып алып, қаладан бір дүкен ашып сатар болса, колхоз ақшаның астында қалмас па. Сонау бір жылдары поезбен Ақмолаға бара жатып, Шуға тоқтағанда бір қарала қарбыз сатып алғаны есінде, он жеті килограмм шығып еді. Қант татыған сол қарбызды бір купедегілер бір күнде тауыса алмай, ертеңіне зорға бітіріп еді-ау. Сонда соған қатты таңданып, тамсанып еді, бұл. Ал ол Шудың қарала қарбызы мына біздің колхоздың қарбызының жанында ойыншық доптай екен-ау. Қазір әр қайсысы отыз килограмға жетіп отыр. Бұл колхоздың жері де жер-ақ екен. Бұрынғы председатель де председательмін деп жүріпті-ау, жұмыстың көзін тауып істеу деген жоқ. Колхоз өзінің экономикалық өркендеу арнасын таба алмай келген екен, ә. Осындай байлықты көре алмаған председательді «шаруашылықты өркендетті, өсірді, байытты» деп ауданды басқаруға алғанын қайтерсің. Жалпы бір қарбызы жарты центнер шығатын жерге мал өсіретін колхоз ұстаудың өзі барып тұрған жаны ашымастық қой.
Председатель тағы да түпсіз қалта—ойды қуалай берер еді, осы кезде «шыдамсыз сары» тағы баж етті:
— Немене, председательдің ұйқысын қандыруын күтеміз бе, ұйықтап отырып колхоз басқаруға бола ма.
Марат Марқаевич кезін ашып алып, түксиген бойы «шыдамсыз сарыға» қарады. Мұндай талай председательді көріп, талайымен таласып, тайталасып үйренген, кетпенін ешкім тартып ала алмайтынын білетін сары жосадай жұқпай қоймайтын пәле еді, ығыса қоймады, қайта тереңдетіп жіберді:
— Ұйқтап отырып колхоз басқаруға болмайды, айтарыңызды, байламыңызды тез айтыңыз. Менімше, Ереннің айтқаны дұрыс, оған жұмысы саябыр екінші бригададан кең алымды агрегат жіберу жөн.
Мынау қалай-қалай сөйлейді, мені баса-көктеп бара жатыр ма қалай, дегендей председатель, тағы да алайып оған қарады. Бірақ сөйлей алмады. Өйткені бұл осы колхозға председательдікке жіберілгенде бұрын осы колхозда бастық болған, қазіргі Көк терек ауаткомының председателі «жұмысты байқап істеу керек, онда шаруашылықты өте жақсы білетін колхозшылар бар, олармен есептеспеуге болмайды» деген еді. Сол Марат Марқаевичтің есіне оралды. «Шыдамсыз сарымен» сөз таластырмағанымен, оның бастықтығы ұстап кетті де, қатты жерге салғандықтан ұңғысынан морт кеткен кетпендей борт ете түсті:
— Техника берілмейді.
Ерен де сұраған жерінен алмай қоймайтын жігіт болатын. Өйткені артық пішіп, артық кесіп көрмеген, шаруашылықтың бақайындағы түгіл, сыбырлағын шағып жіберетін еді. Сондықтан өзінің орынды пікірін ашып айтып, дәлелдемей қоймайтын. Ол орнынан қайта тұрып келе жатыр еді, бас зоотехник «өзіміз-ақ шешерміз» деп сыбыр ете қалды. Басқарма мүшелері тарап бара жатқанда, Марат Марқаевич:
— Барлық жұмысты қарбызды күткендей істеу керек,— деді. Председатель жаңа болған соң көбі-ақ бет жыртыса алмай, ішінен әлде күліп, әлде ренжіп бара жатты...
Аспан айналып жерге түскендей ыстық. Августың аяғы болып қалған. Жоңышқаның төртінші шабыны да біткен. Колхоз бітік жүгерінің сүрлемге қалдырылған учаскесінен бес жүз елу центнерден кек балауса алып жатты. Арпа мен сұлының да түсімі ойлаған жерден шықты. Осындай қызу науқанды жұмыс кезінде Ерен колхоз кеңсесіне шақырылды. Күндіз бір сәт босай алмаған ол күн бата келсе, әдеттегісінше председатель сағат алтыда үйіне кетіп қалыпты. Хатшы қызға «таңертең келсін» депті.
Таң алдында тұрған Ерен күн шыға колхоз кеңсесіне келді. Әдеттегідей мұнда бас зоотехник, бас аграном, бас инженер, бәрі де бар. Тек председатель жоқ. Жұмыс жайын бас зоотехник жүргізіп, жұрттың бәрі тарап, бет-бетіне кетті. Әрі-беріден соң Ерен жалғыз қалды. Күн арқан бойы көтеріліп, үлкен сәске болды. Председатель әлі жоқ. Мамадағы бригадирдің күрең жорғасы да, күнде осы кезде егіс басында, әлдебір арық жағасында жайылып тұратынын аңсады, білем, олай-бұлай жүрген иесін көріп оқыраны-поқыранып қойды. Шаруасының бәрі қалып бара жатқан Ерен қатты тыпыршыды. Бірақ председатель келе қоймады.
Председатель кабинеті алдындағы бөлмедегі сағат тоғызды соққанда дәл кірді. Бәрі қаладағыдай. «Мұнысына да құдайға шүкір»— деді Ерен Марат Марқаевичтің алғашқы сөзі тағы қарбыздан басталды:
— Қарбыз қалай?— деді ол мұның аты Қарбыздай-ақ, «қарбыз» дегенге тоқтай айтып. Өзі асығып, тыпыршып, қатты ренжіп тұрғанмен Ерен ұстамдылық көрсетті:
— Жақсы, бәрі жақсы, Мәке.
— Сіз, біздің үйге қарбыз жіберіңізші.— Бұл жолы ол «Марат Марқаевич деңіз» дегенді айтпады.
— Жарайды,— деді Ерен,— бұйрық беріңіз.— Япыр-ай деп ойлады бригадир председательдің малы бар деп естімеп еді, қарбызды қайтеді екен?
— Соған да бұйрық керек пе?— деді Марат Марқаевич түксиіп.
— Ойбай-ау, бес-алты емес, он шақты емес, әжептәуір нәрсеге бұйрық керек болмай,— деді Ерен сасқалақтап.
— Он шақтысын жіберсең болады.
— Жарайды.
...Бригадир қарбыз плантациясына келді. Егістікте қарала қарбыз теңкиіп-теңкиіп жатыр. Қарбыздың биыл түйінді жақсы байлағанына Ереннің өзінің де көңілі көтеріліп тұрды. Бір-екі гектар емес, отыз гектардың бәрі тым шығымды болды. Ертең алдын үзіп, жібере бастайды. Жоқ. Бүгін-ақ жібереді. Қарбызды бүгін үздің не, ертең үздің не, үсік болмай, қазан ұрмай тұрып, енді бәрін жинап алса ғой. Сондықтан алдын бүгін-ақ аттандырады. Әлгі сауын фермасының меңгерушісі Бәкетай «сүт азайып барады» деп жүр еді, бір кенеліп қалсын. Екі жұмыс қылып не керек, председательдің үйіне де осы машинамен бір-ақ жібереді.
Түс ауа бір машинаға сиятындай қарбызды жинатты да, Ерен оны бір жарым тонналық машинаға тиетіп:
— Он шақты қарбызды председательдің үйіне түсіре кет,— деп жүргізуші жігітке қатты тапсырды.— Мына накладнойға Бөкетайға қол қойғызып, маған әкеліп бересің.
Председательдің үйіне қарбызды жібере тұрып, Ерен тағы ойланып қалды. Үйінде малы жоқ адам мұны не қылады? Ә, әлгі ауатком председателі келеді деп еді, соған мақтанып көрсетпек екен ғой. Оған несіне көрсетеді, ол бұл қарала қарбызды жақсы біледі ғой. Мұның онша күй таңдамайтын дақыл екенін де біледі. Мейлі, көрсетсе көрсетсін...
Марат Марқаевичтің үйіне күн ұясына еңкейе түскен ауатком ағасы Ерік Жомартов үстін қағынып, жуынып есік алдындағы лапасқа отырды. «Жаз жазыл» деген осы. Қазір үйге кіріп болмайды, қапас. Күндізгі ыстықтың аптабын кешкі самалмен салқындап баспасаң болар ма? Ия, осы шаруашылықтың биыл жұмысы неге кешеуілдеп жатыр, жылда барлығын алдымен бітіріп, қысқа сақадай сай отырушы еді...
Нақ осы бір сәтте колхоз председателі Марат Марқаевич те ойда еді. Екі-үш сағат аудан ағасымен бірге жүргенде «бұл колхозды бақша шаруашылығы жасау керек» деп құлағын сарсытып еді. Енді қазір қарала қарбыздың бірін алдына қойғанда оны неге айтқанына ауатком төрағасының кезі жететін болады. Сонан соң, бұл Марат Марқаевичтің басының жұмыс істейтінін өзі де сезеді. Сол кездері, яғни колхоз бақшаға бейімделгенде әлгі «шыдамсыз сарылар» да мұны мойындамай тұра алмайды. Бұл председатель болудың қалай екенін көрсетеді әлі, бәріне.
Ауатком ағасы лапаста шынтақтап жатыр еді. Неге мұның үстінен арыз түсе береді. Шаруашылықта жұмыс қарқыны сәл төмендегенімен, бүлініп кеткен ештеме жоқ қой деп ойлады ол. «Шаруашылықты білмейді» деп жазылған ғой, онда. «Кеш жүре түзеледі» емес пе, жасы біразға келсе де, колхоз председателі ретінде әлі жас қой. Оқыған, жоғары білімі бар адам әлі-ақ жетіліп кетпес пе.Иә, айтқандай бұл қалада туып, қалада ескен жігіт деп еді-ау. Жыл қорытындысына дейін шыдай тұрған жөн болар...
— Бір қарбыз жеп сусындай тұрсақ қалай қарайсыз.— Марат Марқаевичтің аздап ұрты кеуіп тұрғанын байқады ауатком председателі Ерік. Бұл неге мақтанып тұр екен. Әлде бір мен білмейтін жетістігі бар ма екен?
— Жарайды, сусындайық,— деп келісе кетті, сусап отырған Ерік. Марат Марқаевич әйеліне дабыстады.
— Қарбыз әкел, Әлфия.— Әлфия жұғар ақпанда келе қоймады. Жүгіріп өзі барған күйеуіне Әлфия:
— Көтере алмай жатырмын,— деді. Бұған қарқылдап бар даусымен күлген Марат Марқаевичтің даурықпасы Ерікке анық естіліп тұрды. Ерік басын көтеріп, қарбыз жеуге әзірленіп, сілекейін жұтып отырды. Есіктен дәу қара ала қарбызды қос қолдап, мықшыңдап көтеріп келе жатқан Марат Марқаевич көрінді, қарбызды көтеріп келеді, өзі күліп, көңілі көтеріліп келеді. Қарбызды ол жерге қойып, бұған аудан ағасы қалай қарар екен дегендей, сынай көз қиығын тастады. Неге екені белгісіз Еріктің түсі бұзылып, қуаңқы тартып, қабағы бір сәт түйіле қалды. Мұны Марат Марқаевич өзінше ұқты. Өзі осында пәлен жыл председатель болғанда есіре алмаған қарбызды менің қалай өсіргенімді көре алмай тұр. Қазір тіліп жіберіп, қақ айырып тастағанда қант татыған қып-қызыл қарбыз, арасында шөпегі қап-қара болып «мені же, сусыныңды қандырамын» деп тұрғанда қол созбай тұра аларсың, бәлем. Аузының дәмін бір алсын.
Ерікті таңдандырмақ болған Марат Марқаевич қарбызға пышақты екі-үш салып өткізе алмады. Орнынан тұра берген аудан ағасы:
— Сен оны балтамен жар,— деді де, Марат Марқаевичке жаңа көргендей таңырқап көз тастады да, айтты:
— Ал бұл қарбызыңды мен мал болған кезде жермін, әзір сиыр болғым келмейді,— деді де, нық адымдап қақпаға беттеді. Бір минуттан кейін Марат Марқаевич ауатком председателінің машинасының гүр еткен дыбысын естіді. Ол тіпті не болғанын білмей, сәл аңырып тұрды. Өзі де түске жарымаған, түксиген байқұс қантүленіп кетті. Сонан соң жүгіріп барып балта әкеліп қара ала қарбызды бір шауып, қақ айырды. Қарс айрылмай қарбыз киізге ұқсап, желімі ашылған нәрседей сытырлап барып екі бөлінді. Іші аппақ, шөпегі де болар-болмас сарғыш. Кәсіпбай ауатком председателінің не айтқанын да түсінбей, бұл не екенін біле алмай, есеңгіреп тұрды...
Біраз күннен кейін ауданға шақырылған «отыз мыңыншы» председатель сондағы өнеркәсіп комбинатына инженерлікке, өз мамандығына жіберілді деген сөз гу ете түсті.
Күзге қарай өзі істеген «Еңбек» колхозына келген Марат Марқаевич жаңа бастықтан сиырына бір тонна қарала қарбыз жаздырып алды...
1987
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter