Әңгімелер ✍️
Қабекең қалай жымқырды?
Ол ішудің, жеудің тәсілін ешкімнен де сұрамайды. Өзі дегенде өзегін салады. Ептейтін жер келгенде есесін ешкімге жібермейді. Есебін табады. Біреуге күйедей жұғыса кетуге, біреудің етігін өзінің етегімен сүртіп жағымпаздана қоюға шебер-ақ. Ісі жөніне келсе өктемірек сөйлеп, істің беті теріске бұрылса «өзің біл» деп мүләйімси қалады. Өзіңнен төменгілерге ожар мінез де көрсетеді. Колхозшыларға зекіру, оларды жәбірлеу оның сүйегіне сіңген.
Қабен сонау бір қиын жылдарда «Мереке» колхозының бастығы боп тағайындалып, шаруашылықты шашын колхоз мүлкін талан-таражға салған соң, оны колхозшылар колхоздан қуып шыққан еді. Бұдан кейін ол атына мініп ауданға жөнеген...
Қабекеңнің аудандағы қайырымды достары оның былығының бетін бүркей салып, Орман ауылдық советіне председательдікке ауыстыра қойды. Ауылдық совет орталығы көп уақыттан бері-ақ «Баубай» колхозында болатын. Осы ауылға көшіп келгеннің ертеңінде-ақ колхоз председателі Мәсеновты шақырып алып, Қабекең былай деді:
— Тас түскен жеріне ауыр..,
Бұдан кейін үш-төрт күн өтті, Мәсеновке кездескенде Қабекең:
— Мен ғой ауыл совет председателімін, осы колхоздың шаруашылығына жауапкершілігім сенен артық болмаса кем емес,— деп тағы бір ескертіп жіберді. Ертеңіне тағы кездесіп:
Бұл колхоздың қандай мәселесі болса да менсіз шешілмесе керек,— деп председательге тағы бір құлақ қағыс қылып етті. Осы, осы екен бұдан кейін екеуі бір шөлмекті қақ бөліп ішіп стакан соғыстырып достасып, «ауылы аралас, қойы қоралас» сенікі-менікі дегенді біліспей кетті. Тіпті татулықтары сондай — басқарма мәжілісін де шақыруды қойып, колхоздың күрделі жұмыстарын екеуара сыбыр-күбірмен шешетін болыпты. «Екеуміз де жетеміз ғой басқарманы таратсақ та болмай ма» — деп жіберіпті, Әттең, ауыл шаруашылығының уставынан қорқыпты,
Қай жерде болса да Қабекеңнің көздегені өзінің құлқыны болыпты. Басқа біреуге бергенше бұған тиісті ақшаны өзім ала қояйын деп, өзінің сауатсыз әйелін ауыл советі жанындағы оқу үйінің меңгерушісі етіп қояды.
Жамбылдың толық жинағын беріңізші,— деген бір оқу апаңыз:
— Мынау ма?—дейді бір кітапты алып көрсетіп.
— Жоқ, бұл Абайдың толық жинағы, маған Жамбылдың жинағын беріңіз,— дейді оқушы.
Ой, шырағым-ай, кітап сөзінің бәрі бір емес пе, ала бермеймісің?—деп апасы Абайдың толық жинағын ұстата бергенде оқушы мырс етіп күліп, теріс айналып жүре беріпті. Қабенге керегі оқушыға бар кітапты оқыту ма, оқу үйінің бастығына тиісті ақшаны алу ғой. Ақша мәселесін алансыз шешіп тастаған соң ағаңыз енді үй шаруасына беттейді. Үй шаруасы! Үй шаруасын Қабекеңнің «ақсаусағы» Рахила істеп жүрмек пе? Ол бақандай кітапхана бастығы. Сондықтан ол үйіне, күтуші де алды. Күтуші біреу ғана емес, тепсе темір үзетін екі азамат; бірі ержеткен, бірі бойжеткен. Ержеткен үй иесін күтсе, бойжеткен бәйбішені күтеді.
Былай қарағанда баяғы бай мен бәйбішенің кызметкерлері сияқты. Емила мен Қайыр. Колхоз жұмысына араласпай-ақ Қабеңнің «ерекше басшылығымен» жұмыс істейді. Оларға жұмысқа қай маусымда қатысуы керектігін де сол айтып береді. Яғни күзде колхозшылар еңбекақы алардан бір-екі апта бұрын ғана. Олардың жұмысқа тиіп-қашып төбесін көрсететін кезі болмаса, басқа уақытын бәйбішенің ыдыс-аяғын жуып, отын-суын алып, құйып береді. Бірақ, ол істесе де, істемесе де алады. Өйткені «тоқпағы мықты болса, киіз қазық, жерге кіреді». Қабекең не ақырып жіберсе, не қолын көлеңкелеп көзді қысын жіберсе бітті. Қап-қап астық, Қайырдың енбегі болып, Қабен үйіне домалап береді.
Қабекең мал айырбастау, сауда жасау дегенді долыдан үйренген екен деседі колхозшылар. Ол да дұрыс сияқты. Өйткені ауылдық советтің арық кәрі қара биесін колхозға, колхоздан алған жас қара биені ауданға кері биеге, кері биені Керімбектің көк биесіне, көк биені жирен төбелге, оны ала аяққа айырбастап түсін бөтендеп алды. Бұл жағына келгенде баяғы болыстардың ұрысы сияқты. Сәт деген болыстың Өтеш деген ұрысы көршісінің торысын ұрлап, оны қараңғы үйге қамап, он бес күн сауырын ыстық сумен шабақтап, шұбар қылып шығарған екен. Сонда көршісі «шұбарлығы болмаса біздің сол торыдан айнымайды-ақ», деген екен. Бірді-бірге соққанда Қабекең алған қара биені енді танысыншы, кәне!
Облыстан келген кейбір өкілдер Қабекеңнің үйіне соқпай өте алмайды. Өйткені оларға ауданда сапылдақ Сапақ Қабекеңді шалқыған көл етіп, арнасынан асқан өзен етіп, мұзарт тау етіп, қысқасы не керек, бар қасиет сонда деп көрсетеді. Қабеннің өзі де оларды майлы ішектей айналдырып ішіне кіріп, сыртына шыққан. Олар да шалқая қоймаған. Бір қазының екі басын тістескен.
Колхоздың есеп беру-сайлау жиналысын шақыра қойған облыс өкілі Кошқаров «Баубай» колхозының председателі Мәсеновті, ауыл совет председателі Қабекеңді сынаған екі бірдей жігітті «екі қу жақ» атандырып жиналыстан қуып та шыққан . Бірақ, әне жерден, міне жердей сопаң-сопаң етіп шыға берген Қабекең мен Мәсеновтің жеп қойған, ішіп қойған нәрселерін жасыра алмаған, яғни айтқандардың бәрін бірдей қуып шыға алмаған. Мынаны жаптың ба дей бергенде, екінші жерден шыға-шыға келген. Жиналыс бітуге таянғанда бақандай бес мың сом сопаң етіп, Қабекеңнің мойнына міне түскен. Мәсенов те қауіптеніп «маған да кеп қалар ма екен» деп мойнын ішіне тыға қойған. Бұққанмен шындық жатсын ба, бес мың сом сарт етігі оған да қара жыландай орала кеткен. Амал не? Осы кезде жиналыс жабыла салыпты: «Жабулы қазан жабуымен» қалып отырыпты. Әлі де пісіріліп, түсіріліп жатса керек, сорпа құлқынға құйылып, ет көмекейге тығылып, Қабекеңнің жымқыруы үдей түседі,— дейді. Ұзағынан бергей деңіз!
1950
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter