Әңгімелер ✍️
Кеңсірік қалай көрінді
Бүлкібай майданнан бір қолынан айрылып қайтты. Оның шынтағынан жоқ қолына протез жасалды. Ал екінші қолының да екі саусағы оққа ұшқан еді. Қолынан айырылып қайтқан ері Салихаға бұрынғыдай сүйкімді көрінбеді. Бүлкібайдың қолының сықырын естігенде Салиханың шекесіне біреу бізді сұғып, қайта суырып алып, дамылсыз осыны қайталап тұрғандай көрінетін болды. Оның үстіне он шақты күннен бері тұрмай, төсек тартып жатып алғаны да етіп кетті.
Еркегі жоқта жол алып, жаман үйренген Салиха Бүлкібай төсек тартып жатқалы бері шолақ күйеуді менсінуді қойды. Тіпті ол кей күндері жарым түнде қайтып жүрді. Қасып-қасып ақырындап айтқан Бүлкібайдың coсын ол құлағына ілмеді. Бір күпі тіпті ері қанша жалынғанмен Салиха буынып-түйініп біржола кетпек болды. Киімін тегіс қаттап, қол сандығына салып, есікке қарай енді беттей бергенде, күйеуі Салихаға тұра тұршы дегендей ишара білдірді.
Әйел жалт бұрылып Бүлкібайдың бетіне тура қарады. Салиханың жарқ еткен нұрлы жүзі қызарыңқырап, қаны сыртына теуіп, долылықтан қызарса да әдейілеп бояп қойғандай көрінді. Оның жүзінін. сұлулығы сонша — бетінен ашу ізі білінбей, қайта сыртқа тепкен қан оны сұлуландыра түсіпті. Оның әдемі қыр мұрыны, кескінді кейпіне айрықша көрік беріп тұрғандай. Екі танауынан күн көрінеді деген сұлу да осы Салиха шығар. Қандай көркем келіншек! Қарақат көз, жайнаған жүз, тотыша құбылып тұр. Енді осындай келісті бетті біреу аймалап, шиқандай ерінді, оймақтай ауызды біреу сүйеді-ау!
Мүгедектің іші қазандай қайнады. Тіпті у ішіп өле кеткісі де келді. Оның ішін қызғаныш оты жегідей жеп, әлеп-жалап жіберді. Не істеу керек? Асыл ерке алыс сапарға аттанып барады, осындай ай десе аузы, күн десе көзі бар перизатты қандай ғана көздер қияды.
— Бір сәт тура тұршы,— деді ол әйеліне,— шын кетемісің? Мен өз басым сені қимаймын. Мынау тату күндердің айғағы — екі баланы кімге тірі жетім етіп қоямыз. Ойлансаң етті.
Әйел қатты кетті.
— Жоқ мен жарым адаммен тура алмаймын, мен періштенің баласындай көркіммен қасқырдың асығындай мүжиып тұрған сені қайтем. Бала болса, қалады да әкесін сағалап.
Күйеуінің қызғаныш оты ішін жалап барады. Өле кету оңай емес, өз жанын қия алмайды. Әйелінің әбден бұзылып алғанына, кететініне Бүлкібайдың көзі жетіп күйіп кетті.
— Анық кетер болсаң— деді ері,— он жыл бірге тұрдық қой, ең болмаса бетіңнен бір сүйгізе кетші!
Әйел бұрылып күйеуінің жанына келді.
— Еңкейсеңші бері таман, бір құшып сүйейін.
Мүгедек жалғыз қолымен әйелін қапсыра қатты құшақтады. Әйел де еңкейіп, отырған күйеуіне бетін тоса берді. Осы кезде Бүлкібай сүйе беремін деп әдемі қыр мұрынның ұшын қыршып, жұлып алды. Келісті беттің сәнін келтіріп тұрған мұрын екен, кеңірейіп кеңсірігі көрініп қалды. Көкиген танау бұдан кейін қанша көтерілмек болса да, түбін су орып кеткен ескі дуалдай мұжиып, жырымданып қала берді. »
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter