file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  30.08.2021
  236


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Түйебай

Жұмыстан қолы бос, еріккен қалжыңбас жігіттер бірде Түйебайдың ауылына көршілес бір үйге жиналып, ет пісіп, қазан түсейін деп жатқан кезде Түйекеңді: «Келіп табақтас болсын, күтіп отырмыз», — деп шақырады. Ол келгенше бастың құйқасын сыпырып, көзін ойып алып, жалаңаш бас сүйектің өзін ғана қалдырыпты. Дастархан жайылып, табақ келгенде әлгі қулардың бірі:


— Ойбай-ау, мына бастың құйқасы қайда кеткен? — депті түк білмегенсіп, сонда екінші жігіт:


— «Түйе бойына сеніп жылдан құр қалыпты» ғой. Түйеке, уақытында келмей, бастан құр қалдыңыз, кінә өзіңізден, бұйырғаны сол шығар, ырым болсын, ұстаңыз мынаны! — деп жаңағы жалаңаш басты Түйебайдың алдына қойыпты.

Осындай әзіл-қалжыңнан әбден зықысы шығып, мезі болған Түйебай ақырында құрдас-құрбыларын шақырып, қой сойып, қонақ етіп, бұрынғы атын өзгертіп, жаңадан ат қоюын өтініпті. Жолдастары мұны бір ауыздан қуаттап, сенің атың мұнан былай «Ботабай» болсын деп ұйғарыпты. Үй иесі бұған қуана риза болып, оларға алғыс айтыпты.


Қонақтары кеткен соң Түйебай әйеліне:


— Мен жұртқа мазақ болған бұрыңғы атымды өзгерттім. Әлгілер маған «Ботабай» деп ат қойып кетті. Қалай саған ұнай ма? — деп сұрапты. Сонда әйелі:


— Бетім-ау, жұрт қалжыңдап айтса, соның бәріне сене беретін ашықауыз бейшара, бүгін бота болсаң, келесі жылы тайлақ, одан арғы жылы баяғы түйе болатыныңды түсінбедің бе?! — депті.


— Қап, әлгі қулар енді бұрынғыдан бетер әжулап, күлетін болды-ау. Басқа жаққа көшіп кетпесем болмас, — деп Түйебай сонда санын бір соғыпты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу