Аңыздар ✍️

  27.08.2021
  194


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Ортеке

Аңшы Құламерген таутекені көп атқан екен. Құламергеннің анасы баласы әрбір саяттан қайтқан сайын бір жапырақ етті кесіп қыл арқанға кигізіп қояды екен. Күндердің күнінде арқан етке толады. Сол күні оған түсінде аян болады. Таутекенің киесі қыз бейнесінде келіп «О, ана, сенің балаң неге бізді сонша есепсіз қырады? Тәңір оның ісіне ырза емес. Адам өзінің керегінен артық алуға қақысы жоқ. Құламергенге сәлем айтыңыз, оның шелегі толды. Енді бір тамшы қан төксе, қарғысқа ұшырайды», —  дейді. Шошып оянған анасы баласына: «Қарағым, сен арқан үстіне шықтың, ендігі жердегі саят жақсылыққа апармайды. Садағыңның бауын шешіп, аңшылықты тоқтат енді», —  дейді. Алайда таутекенің терісін саудагерлерге сатып, пайдаға құнығып алған Құламерген анасының айтқан сөзіне құлақ аспай, тағы да аңшылыққа шығады. Сол күні күн бұлт болады. Тау ішіне кірген Құламерген бірде-бір текені таба алмайды. Әбден шаршап шөлдеген аңшы бір тастың тасасына от жағып, шай-су ішпек болады. Осы кезде жанынан бұрын көрмеген сүттей аппақ, мүйізі алтын бір теке көлденеңдеп өте береді. Әккі Құламерген садағын жұлып алып, қандыауызға жебені салып жіберіп, шірей тартып жібереді. Жалп етіп құлаған текені дереу бауыздап жіберіп, етін мүшелеп бұзады. Терісін тұздап орап, бір асым етті қазанға салып демалуға отырады. Сол отырған бойы қалғып ұйықтап кетеді. Бір уақытта дүрс еткен әлдебір дыбыстан шошып оянады. Қараса, бағанағы өзі бұтарлап тастаған ақ теке түк болмағандай, оққа ұшпағандай, сойылмағандай қарсы алдында бүп-бүтін тұр екен. Көзінен от шашқан теке қатты қорыққан Құламергенді үш рет айналып басынан бір қарғиды да, жайылып кете береді.


Ертеңіне Құламергеннің аты үйіне бос қайтады. Аңшының анасы атты ары-бері айналып қайран қалады. Ертоқым бүтін, қару-жарағы аман, тек Құламергеннің өзі жоқ. Білгір әйел атты зерлей қарап жүріп оның бауырының күйгендігін байқайды. Байқайды да: «Балам арасанға түскен екен» деп жорамалдайды (арасан — қайнап жатқан ыстық бұлақ). Атқа мінген ана өзі білетін арасандарды аралап жүріп біреуінің ішінен әбден пісіп, сүйегі езіліп кеткен баласының мәйітін табады. Осы хикаяны естіген бір домбырашы: «Бұдан былай аңшылар жөн-жосықты бұзбасын, керегінен артық алмасын», — деп осы өнеге күйді шығарған екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу