Аңыздар ✍️

  27.08.2021
  216


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Маната

Күндердің күнінде күйші үстіртке келіп, оның жоғары көтерілер жердегі құз-қиясын көріп тамашалайды. Қарсы келе жатқан керуеннен асудың сырын сұрап, әңгімеге біраз қанады. Ақ сұр аттың айыл-тартпасын қатты тартып, өмілдірік-құйысқанын мықтап алып, «Қара түйе — Манатаның» шыңына көтеріледі. Бұл шың туралы ел ауызында небір қызықты аңыздар барын бұрыннан да білетін. Енді, міне, ертегідей болып естілген асуды өз көзімен көріп, өз аяғымен басып келеді. «Қара түйе — Манатаның» жоғары қарасаң, бөркің түсетін, төмен қарасаң, басың айналатын үстірттің текше-тегіс үстіне шығады. Ақ сұр аттың айыл-тартпасын босатып, аз уақыт желге қаратып, қаңтарып қойып, шылбырынан ұстап отырып, біраз ойға кетеді. Бұл шыңның басына шықса да, төмен түссе де, аман- есен өткендіктеріне мал сойып, садақа беріп жататын керуеннің істегенін істейтін қауқары жоқтығын есіне алады. Дегенмен бұл да ел ауызында бар жер екен деп, асудың асқарларын домбыра дыбысымен жаңғырта «Маната» деп күй шығарады. Біреулер бұл күйді «Маната тау» деп те атайды. Сөйтіп, үстіртке асатын асу — «Қара түйе — Манатаның» басын жылдар бойы садақа шалған мал етінің исі мен жер ошақтың түтіні ғана шалса, ол құздарды Құрманғазының қолынан шыққан күйдің сиқырлы толқыны да шалып өтіп, шың-шыңды қуалап кетті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу