Аңыздар ✍️

  27.08.2021
  171


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Майдақоңыр

Бейсенбінің әлеуметтік істерге араласып, өсіп-жетілуіне Маман би үлкен жебеуші болды. Сол дәуірде Маман би әділ, турашылығымен ел көзіне түскен. Айтса сөзі, қолқаласа бет-беделі өтетін үлкен билердің бірі еді. Жас болғанымен Бейсенбінің әділқазылығы мен ақылдылығына қызыққан көзі қарақты қарт би Бейсенбіні өз жанына ертіп жүріп баулиды. Жас Бейсенбі Маманға еріп талай топты жиынға, думанды ас-тойға, қазақ ортасындағы толып жатқан келелі кеңестер мен дау-шарларға қатысады. Бұл сапарлар Бейсенбіні өмір тануға, қалың халықтың күйін байқап, әділет жолын қууға ұмтылдырады. Бейсенбі билік басына байлығымен не ру шонжарлығымен емес, қайта әділдігімен, сөзіне жұрт ұйыған шешендігімен халыққа іс көрсетуімен танылып шыққан адам. Оның әділділігі мен шешендігі, алымдылығы жөнінде ел аузында мадақталып келе жатқан талай аңыз-әңгімелер бар. Соның бірі «Көк бесті дауын» шешкен әділ билігі болып табылады.


Бейсенбінің жастау кезіндегі бір аста өткізілген ошақ бәйгеде алдымен келіп, жүлделі болған көк бестісі үлкен бәйгеде қастандыққа ұшырап мерт болады. Көк бесті абақ керейдікі, уақ — жауапты жақ екен. Екі тайпа елдің арасында осыған бола үлкен дау туылып, ұзаққа дейін шешілмейді. Уақтың Еркөкше биі: «Ел арасын берекелестірсем, өлгенде артыма дау қалдырмай бітіріп кетсем», — деп ойлап, абақ керей мен уақтың сөз ұстар билерін кеңеске шақырса керек. Кеңеске абақтың жанат руы жағынан Маман би қатысады.


Қасына жас Бейсенбіні ертіп барады. ол Еркөкше биге амандаса барғанда, Еркөкше би:


— Мына балаң кім? — деп сұрайды. Санда Маман би:


— Інім, Дөненбай батырдың баласы, тізгін ұстатарым, — деп таныстырды.


Кеңес басталып, екі жақтың даугерлері дауын айтып, талабын білдіргеннен кейін, қарт Еркөкше би даудың төрелігін айтуға Бейсенбіні көрсетіп:


—«Кәрінің сөзі тәтті, ісі сәтті, жастың жалыны қатты» деген сөз бар. Жас биім, осы даудың билігін сен айтшы, — дейді.


Екі арыс елдің арасындағы ескі дауға тұңғыш рет кезіккен Бейсенбі:


— Бестінің құны — бес кесік, біткен жөн екі жақ елдесіп, жүрмелік қан кешіп, құн кесіп, бұл жолы бас бәйге — 500 қой көк бестінің сыбағасы еді. Бір кесік соған, бір кесік абақ елінің ұранына, ал қалған үш кесік ел ара берекелік ісің ғой, — деп тақпақтай жөнеледі.


Ұзаққа созылып білтеленген ескі даудың шиесі шешілгендей болады. Екі жақ Бейсенбінің билігіне айрандай ұйыйды. Абақ керей жағы 200 қой алып, 300 қойды кешірім етеді. Бұған дән разы болған Еркөкше би Бейсенбіге өзі мініп жүрген қоңыр жорға атын тарту етеді. Аттың түр-тұлғасы мен жүрісіне көңілі толған Бейсенбі домбыра шанағына «Майда қоңыр» атты әсерлі күй туындатады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу