Аңыздар ✍️

  26.08.2021
  152


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Қос келіншек (ІІ нұсқа)

Бір бай өзінің екі ұлына елдегі қыздарды түгелдей таңдап жүріп, баламның теңі осы болар-ау деген екі қызды келін ғып түсіреді. Байдың қос келіні де байдың өзі дәрежелес дәулетті адамдардың қызы болады. Жасынан өмір тауқыметін көрмеген қос келіннің дене бітімі, жүріс тұрысы, мінез-құлқы да бір-бірінен аумайды, бір қалыпқа соққандай, бір анадан туып, бірдей тәрбие алған адамның баласындай болып сәйкеседі.

Қос келін қимыл-әрекеттерімен, ашық-жарқындығымен байдың салтанатын толықтырып, сәніне-сән, абыройына атақ қосады. Қос келінді көрген әркім-ақ таңдай қағып тамсанады, аузының суы құрып мақтап қызығады, сүйсіне қарайды. Бір-бірінен бөлінбестей ұқсас қос келінді  таңдап тапқан байдың тапқыштығына дән риза болады. Дүйім елдің назарын аударған қос келін боз балалардың да жүрегіне шоқ тастап, сезімін қытықтайды. Қос келінге деген ынтызары ауған бозбалалардың сонда да жолы болмайды. Күндіз жолығып, тіл қатудың орайы келгенмен, түн жастап жолығудың сәті түспейді. Сезімнің ыстық лебімен жүрегін жалын шарпып келіндеріне деген бөтен қолдың созылып, жат құшақтың ашылуынан күдіктенген бай, қабаған ит ұстайды. Қабаған ит есіктердің құлыбы, келіндердің күзетшісі іспетті болады. Күндіз атты кісіні аттатпайтын иттер түнде ауыл маңына ешкімді де жолатпайды. Қос келіншекке созған қолы жетпеген жігіттер олардың сұлулығын мақтап және оларға деген арман-сағынышын білдіріп, «Қос келіншек» күйін шығарыпты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу