Аңыздар ✍️
Қос келіншек (I нұсқа)
Бір байдың мәпелеп өсірген егіз ұлы болады. Ата-ананың тілегіне сай егіз ұлдың екеуі де жұрт аузына іліккендей азамат болып өссе керек. Қай істе де екеуінің жұбы жазылмай, біріне-бірі сүйеу болып, бірін-бірі толықтырып, көрер көзді қуантып жүреді екен.
Бір күні бай отырып: «Бұл екеуінің кіндігін Құдай бір етіп жаратқанда, менің айырғаным болмас, екеуіне егіз қызы бар үйге құда түсейін», — дейді. Сол оймен бойжеткен егіз қызы бар үй іздеп құлағдар болып жүреді.
Ел іші болған соң әртүрлі гәп кездесе бермей ме, бір үйден егіз ұл туғанда келесі үйден егіз қыз неге тумасын? Кешікпей- ақ, бойжеткен егіз қызы бар үй белгілі болады да, бай құлшына қимылдап құда түседі. Екі жақтың да ықылас-ниеттері жарасып, құйрық-бауыр жесісіп, төс қағыстырған құда болысады.
Содан уәделі мерзім жетіп, қос келіншек ақ тілеумен босаға аттайды, келін болып түседі. Бір басы екеу болып, екі басы төртеу болып, тілегі орындалған бай неден аянсын, аяқ жетер жерге жар салып, ұлан-асыр той жасайды.
Бірақ, бәрі де жазудан ғой, той қызып, ел мәре-сәре болып жатқанда «аттандай» шауып жаушы келеді. Ел шетіне қарақұрым қаскөй жаудың киліге кіргенін хабарлайды.
Сонда отау үйде мәз-мейрам болып отырған егіз жігіт жұбын жазбастан атқа қонады. Тас-түйін болып бекініп, қатыгез жаудың алдын алу үшін ағайынға ұран салып, қол бастап шығады.
Ал қос келіншек болса әлгінде ғана шырқап отырған шаттық әнін мұңды зарға ұластырып, Тәңірге жалбарынады. Ақ тілеумен қосылған асыл азаматтарының аман-есен оралуын, жаудың беті қайтып, ел ішіне қайтадан тыныштық орнауын тілек етеді.
Естіген жанның жүрегін елжіреткен қос келіншектің осынау зарлы тілегін кейін бір өнерпаз домбыра тіліне түсірген екен. Сол күйі «Қос келіншек» деген атпен жұртқа жайылған.
«Қос келіншек» күйі — тел бұраумен тартылатын санаулы ғана күйлердің бірі. Домбыраның астыңғы және үстіңгі ішектері бір дыбысқа келтіріліп тартылғанда, шынында да үміт-тілегі бір егіз келіншектің қатар шыққан мұң-сырындай әсер береді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter