Аңыздар ✍️
Қос ішек
Ертеде бір аңшы жігіт болыпты, деп айтылады «Қос ішек» күйінің аңызы. Сол аңшы жігіт биік таудың қиясын, қалың қарағайдың арасын тұрақ еткен бұғы-маралды аулап, кәсіп етсе керек. Бірде жолы болып, биік таудың қиын қиясынан теңбіл марал атып алады да, маралды етекке түсіру үшін ішек-қарнын ақтармалап алып тастайды.
Содан, арада айлар өткенде, аңшы жігіт аң атуға ұрымтал жер еді ғой деп, баяғы теңбіл маралды атқан жерге соқса, құлағына бір ызыңдаған дауыс естіледі дейді. Барлап қараса, өткенде атқан маралдың ішегін қарға-құзғын іліп ұшқан болу керек, қарағайдың бұтағына қос тін болып керіліп қалғанын көреді. Ызыңдаған дыбыстың сол ішектен шығып тұрғанын аңғарады. Қарағайдың бұтақтарына керіле кепкен ішекті сәл ғана жел тербесе ызыңдап, жанға жайлы дыбыс шығарады. Оның өзі бірде уілдеп, бірде сарнап, енді бірде сыңсып жылағандай болып, аңшы жігітті алуан түрлі күйге түсіреді.
Сол жерде аңшы жігіт «қой мына қос ішекке тіл бітейін деп тұр екен, бір амал жасайын» — деп, ішекті үйге алып келеді де, бір аспап жасап, соған қос шекті тағады. Содан тартып көрсе, шынында да қос ішекке тіл біткендей сұңқылдап қоя береді. Бұл үн аңшы жігіттің ғана жанын жадыратып қоймайды, тыңдаған жанның бәрін ұйытады. Осылайша, домбыра көптің сүйіп тыңдайтын аспабына айналады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter