26.08.2021
  139


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Қоныстың қорқынышы

Бесекбай бастаған бір топ адам Тәшкен қаласына кіре салуға шыққанда жол тосқан қарақшылар олардың барлық көліктерін алдарына салып, қуып кетеді. Бұлардың қолында тек бір солтақ атан ғана қалады. Отыз адамның арасында жарымжан бір түйе. Енді не істеу керек? Лаж жоқ бәрі түйеге селбесіп ауылдарына қайтады. Ауыл қашықта, ұзақ жол азабын шегушілер әлгі солтақ атанға кезектесіп мініп, аяқ суытпақшы болады.


Олардың арасында Қоныс деген етшең, семіз қариясы бар екен. Ол түйеге мінген бетте түспей қояды. Бір күн, екі күн өтеді. Басқалар тықырши бастайды. Үнемі жаяу жүргендіктен кейбіреулерінің аяқтары талады. Қонысқа «біз де бір мезгіл аяқ суытайық та» деп айтайық десе, бата алмайды. Содан соң олар Бесекбайға келіп:


— Ана Қонысекеңе айтсаңызшы, біздің де жанымыз бар ғой. Бір мезгіл аяқ суытайық та, — деседі.


Сонда Бесекбай әдейі Қонысқа естірте:


— Әй, жігіттер-ай, сендердің бұл талаптарың дұрыс-ау, оны мен ойламай келе жатыр дейсіңдер ме? Бірақ сендердің бұл талаптарыңды мен қостай алмаймын. Өйткені алдағы күннің де қамын ойлау керек қой. Тамақ болса таусылуға таянды. Бәріміз бірдей аштан қырылғанша, ортамызда бір адамның қызыл май болмай, семіз күйінде тұрғаны да жөн емес пе? Түбінде кәдеге осы Қоныс жарамағанда, кім жарар дейсің? Гәптерің іштеріңде болсын, — деп көзін қысады.


— Е, олай болса, мақұл, — деседі жігіттер.


Бұл сөзді құлағы шалып қалған Қоныстың жүрегі аузына тығылып, денесі тітіреп кетеді.


— Бесенжан, — дейді ол біраздан кейін айқайлап. Дауысы үрейлі естіледі, — тоқтаңдар, мен түсемін.


— Жоқ, сіз түспейсіз, — дейді Бесекбай қасына жақындап келіп, — сіздің шаршамағаныңызды осы жігіттердің бәрі жөн көріп келеді. Отыра беріңіз.


— Алла разы болсын. Құдай енді түйеге кезегімен мінгізсін, — дейді ол түйеден домалай түсіп.


Осыдан бастап Қонысты үрей билейді. Тамақты да аз жеп, тіпті түйеге мінбей қояды. Келесі күні Бесекбай маңдайынан ащы тері сорғалап келе жатқан Қонысқа:


— Қонысеке, сіздің кезегіңіз келді. Түйеге мініңіз, — дейді. Бірақ Қоныс азар да безер болып, түйеге жоламайды.


— Түйеге мінсем, босаңсып қалармын. Жаяуым жанға жайлы екен, — деп алға түсіп, тарта береді.


Аулына аман-есен жеткен күні Қоныс бозқасқа шалыпты да, оған Бесекбайды шақырыпты.


— Япыр-ай, Бесекжан-ай, сол кездегі қорыққаным әлі есімнен кетер емес, — депті ол Бесекбайға.


— Оның өзі де өте қорқынышты сапар еді ғой, — депті Бесек бай оны арқасынан қағып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу