Әңгімелер ✍️
Қожаның сатып алған есегі кісі болып кетеді
Бірде Қожаның есегі өліп қалады.
— Есексіз күн көре алмаспыз, мә ақша, базарға барып есек сатып әкел, — дейді әйелі Қожаға.
Қожа барып, базардан есек сатып алады да, артына бұрылып қарамастан, үйіне қарай жетектеп жүре береді. Сол кезде бір-екі ұры көз қысысып, ептеп келіп, есектің басындағы ноқтаны сыпырып жібереді де, біреуі есекті «әрі қайтарып базарға сатуға әкетеді, ал екіншісі ноқтаны басына киіп алып, Қожаның жетегінде жүре береді. Қожа артына қарап, жетектеп келе жатқаны есек емес, адам екенін көргенде шошып, мелшиіп тұрып қалады.
— Мәссаған, сен кімсің? — дейді.
Ұры антұрған, көзі жыпылықтап, мүләйімсіп:
— Бұл білместіктен болған бір іс. Мен тентектік жасап, шешемді қатты ренжіткен едім. Шешем көкірегін көкке сауып: «Көк есек бол», деп қарғады. Содан мен есек болып кеттім, мені базарға апарып сатып жіберді. Құдай көз жасымды көріп, саған тап келтірді, қолың жеңіл екен, міне, қайтадан адам қалпына түсіп тұрмын, — дейді. Және ол Қожаға көп-көп алғыс айтады.
— Бұдан былай әдепті бол, шешеңді ренжітпе, — деп Қожа ұрыны қоя береді.
Ертеңіне Қожа есек сатып алғалы тағы да базарға барады. Кешегі өзі сатып алған есекті тағы біреу сатқалы жетектеп жүргенін көреді.
Сонда Қожа езу тартып күліп, есектің құлағына сыбырлап:
— Өй, антұрған, менің тілімді алмай, шешеңді тағы да ренжіткен екенсің ғой, — депті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter