24.08.2021
  264


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Есекті тәрбиелеу

Әпенді шай ішіп отырғанда, есегі базарды кезіп кетеді. Көкөніс сатып жатқан қатарға барып, сәбіз, қияр салған кәрзеңкелерді тып-типыл етеді. Есек қашып бара жатып, құмырашының үйіп қойған қыш ыдыстарын да қиратып кетеді.


Базардағы бар сатушы шайханаға келіп:


— Ей, Әпенді, мынау сенің есегің бе? — дейді.


— Иә.


— Онда шығынды төле!


— Неге төлеймін! Сәбізді мен жедім бе, құмыраларды мен қираттым ба?


— Жоқ, бірақ сенің есегің ғой.


— Аһа, — дейді Әпенді, — мұның бәрін мен емес, есек істеді ғой.


Бірақ ашуланған саудагерлер басылатын емес. Мұны сезген Әпенді:


— Барлық есекті осында алып келіңдер! — дейді.


Базардағы бар есекті айдап келгенде, Әпенді төмен түсіп, есегіне жақындап:


— Сен не деген оңбағансың, есектің баласы, мен сені осылай тәрбиеледім бе? Ұятсыз! Мә, сазайыңды берейін! Ал сендер, кұрметті есектер, сендерге де сабақ болсын! — дейді айқайлап.


Есегін біраз таяқтап алады да:


— Міне, сазайын тартты, есек басқа есектердің көзінше жазасын алды. Әділдік жеңді! — деп Әпенді бұл істі тыңдырып, шайын ішуге шайханаға беттеген екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу