Аңыздар ✍️
Ер Едіге
Бұл Бабай Түкті Шашты Әзиз заманында бұрқыраған диуана болған екен. Қаратауда «Мыңжылқы» деген тауының бауырында бір бұлақты мекен жай қылып жүріп, күнде таң намазын күн шығармай, сол бұлақтың басында оқиды екен. Бір күн[і] алагеуімнен келсе, жалаңаш үш қыз суда ойнап жүр екен. Соның біреуіне диуананың назары түсіп, диуана да есі ауып талып қалыпты, қыз да қалпақтай түсіпті. Сөйтсе де олар пері қыздары екен. Жанындағы екі сау қыз талып қалған қызды көтеріп ала жөнеліп, өздерінің жұртына алып барыпты. Қыз есін жия алмапты. Перінің патшасының қызы екен. Патша балгер, бақсыларын жидырып, бал аштырыпты, сонда бақсылары айтыпты:
— Адамзаттан шыққан бір әулиенің назарына ұшыраған екен. Сол әулиенің өзі үшкіріп жазбаса, басқадан жазылмайды, — депті.
Сонан соң пері патшасы күшті ұшқыр ұшқыштарын жіберіп, Бабай Түкті Шашты Әзизді алдырыпты:
— Мына баламды оңалтып, сауықтырып беріңіз! — деп жалынып- жалпайыпты.
— Бұлар менің дәрет алатұғын суыма барып, жалаңаштанып суға түскендігінен менің есім ауып, бір намазым қаза болды. Сол намазымның орыны қияметке шейін толмайды. Соны қайтесің?! — деген соң:
— Осы баламды басы бүтін алыңыз! — деп, қызын беріпті. Перілерге бұйырып, бұлақтың басына апарып салдырыпты. Қыз өмірінде диуанаға жалаңаш денесін көрсетпепті. Бір күн[і] диуана:
— Жалаңаштан, денеңді көремін! — деп, қиғылықты салыпты. Қыз:
— Болмайды, онан соң екеуміздің жолдастығымыз ада-күде таусылады! — депті.
Диуана да диуанашылық мінезі қысып:
— Жалаңаштанып, маған бір көрін! — деп қоймаған соң, қыз:
— Енді мен саған жоқпын. Мен сенен екіқабат буаз едім, ер ұл тапсам керек еді. Сонан соң көрінуіме дұрыс еді. Оған шыдамай, асықтың. Қой, хош аман бол! Мына ішімдегі балаңды туған соң, осы бұлақтың басына ап келіп тастап кетем. Белгісі — алтыннан шүмегі, күмістен түбегі болар! — деп, жөнеле беріпті.
Сонан соң диуана қаңғып кетіпті. Сол баланы қыз айтқан күнінде ап келіп, су басына тастап кеткен екен. Бейуаз біреу тауып алып, алтыннан шүмегі, күмістен түбегі болған соң, Түркістандағы Тоқтамыс ханға апарып беріп, Тоқтамыс асырап, бала қылып өстірген екен. Қазақтан шыққан ер Едіге осы екен. Әкесі — Бабай Түкті Шашты Әзиз әулие, шешесі пері қызы екен. Бабай Түкті Шашты Әзиз әулие өзін сол бұлақтың басына қойдырған екен де, ер Едіге де өзін сол Бабай Түкті Шашты Әзизның қасына қойдырыпты. Олардың сол орында екендігін Жалаң аяқ Әшдүр сөйлеп, ол әулие де өзін сонда қойдырған екен. Мұның бәрін бастан-аяқ сөйлеп әңгіме қылған — Қуандықтан шыққан Арық Қоңырбай.
Ақпан, Байыштың Ақпанын һәм өзін сол араға қойдырып еді деседі. Ер Едігенің ертегісін сейлеймін деушіге бір қап жан керек болса керек.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter