Аңыздар ✍️
Еңсегей бойлы ер Есім
Қазақ жұртының бұрынғы үлгілі билері сөз бастағанда: «Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы» деп сөйлейді екен.
Сол Есім хан — әз Жәнібектің тоғызының бірі Жәдік ханның немересі екен. Қазақ жұртына хан болып тұрғанда пайтахт Түркістан шаһары болған екен. Соның заманында Ташкентте Қатаған деген жұрттың ханы Тұрсын хан Есім ханға елші салып:
— Екеуміз тату-тәтті, балдай боп тұрысалық. Күн батыстан келген жауға мен төтеп берейін. Күншығыс жақтағы жауға сен кедергі болып тұр. Менен қосын ал, жабдық ал, азық ал, сөйт те ұлы Ертістің басынан түсіп аяғынан бірақ шық! Сонан бергі жер өзімізге қарап қалсын, — деген соң, Есім хан:
— Жарайды, болса болсын. Мен сенен қосын да алмаймын, азық та алмаймын, жабдық та алмаймын. Өз күшім өзіме жетерлік. Тек сен менің қалған жұртыма көзіңнің қырын салып тұрсаң болады, — деп Тұрсын ханменен уағдаласып, мың кісімен күннің шығысына қарай жүріп кетті «Ұлы Ертістің басынан түсіп, аяғынан бір-ақ шығамын» деп.
Сарыарқаны қақ жарып келе жатқан бетінде, Шідерті деген өзеннің бойында бір жалғыз қара көрді дейді.
— Елсіз жерде неғылған жан жүреді? Бұл аң шығар. Аң болса, ірілеу көрінеді. Кертағы шығар, — деп, аттарына шідер салып, аунап-қунасын деп қоя беріп, қаннен-қаперсіз жатып алыпты. Сөйтіп, ол көрінген қаракер тағы емес, қалмақтың қарауылшысы екен. Бұлар бейғам жатқанда аттарын қуып, түп көтере алып кетті дейді. Айдалада «дат» деп жаяу қалды.
Мінгені Есім ханның Алабел-ді,
Бойында Шідертінің қара тұрды.
Көрінген сол қараны «кертағы» деп,
Аттарын шідер салып қоя берді.
Жаяу олай жүгірді, былай жүгірді. Ана төбеге бір шықты, мына төбеге бір шықты. Шыққанмен немене, ұшайын десе, қанат жоқ, жау көтінен қуайын десе, жалғызында да ат жоқ. Сайын далада төгіліп, жатты да қалды. Тоғыз күндей олай толғасты, былай толғасты. Дәнеме таба алмады. Оныншы күн болғанда Еңсегей бойлы ер Есім хан:
— Кел, жігіттер, жапанның сары даласында жатып өлмелік. Менімен жау соңынан баратын, маған серік болатұғының бар ма? — дегенде, бәрі шулай қоя берді:
— Жалғызымыз қалмаймыз, бәріміз де серік боламыз. Сізден айрылған соң айдалада аштан өліп қалмаймыз ба? Онан да сеніп соңында шұбырып жүріп өлейік, — десті.
— Маған серік болғанда, мен атты кісінің аяңдап отырып он күнде жеткен жеріне бір-ақ күнде барамын. Кәні, сондай жүріске жарайтұғының бар ма? — дейді. Сонда біреу тұрып айтты:
— Мен бес күнде барсам керек, — дейді. Және біреу тұрып айтты:
— Мен он күннің өзінде барсам керек, — дейді. Өзгесі:
— Атты кісінің он күнде барған жеріне алдымыз айында, артымыз жылында жетсек, жаман ба? — десті. Сонда Есім хан:
— Кел, батырлар, ер басына бір-бір таяқ алыңдар. Және кісі басына бір-бір таяқты бір жерге жинап салыңдар. Жаудан аман-есен қайтқандарың таяқ жиып салған жерден бір-бір таяқтарыңды алып өте беріңдер. Кісінің қаншасы қалып, қаншасының қайтқандығын кейінгісі есебін сонан білетұғын болсын, — дейді. — Міне, мен бүгін бұл жерден жөнелсем, сол қалмақтың он күн ұдайысын жүріп отырып, барған жеріне кешке қонаға барамын. Он күндік жерге барған соң ол қалмақ та көшпейді, жатады, «жаяу кісі он күндік жерге өмірінде келе ме?» деп. Мен барғанмен, жауға да тимеймін, жанға да тимеймін. Бес күнде келетұғын сені де тосамын. Он күнде келетұғын сені де тосамын. Дәл он күн болғанда «сол екеуі келіп жетті-ау!» деген кезде астыма көк ала түссе, түн ішінде айғайлап жауға тиемін. Көк ала атыма түспесе, онда
бәрің де аман болыңдар. Көріскенімнің алды-арты осы деп біліңдер. Қой, хош аман болыңдар! — деп Есім хан екі етегін беліне түріп алып, қалмақтың із өкшесіне түсіп, жөнеліп берді. Оның соңынан ана екеуі де жүрді.
Айтқанындай шыққан күнінің күн батып, қас қарайып, сам жамыраған кезінде қалмақтың он күнде зорға жетіп жығылған жеріне жетіп барды дейді. Барса, қалмақтың ауыр қолы қопаға бекінген екен. Қопаны айлана жағалады. Иін тіресіп, қостарын тігіп, жаудан түскен атты да, өз аттарын да қопаның ішіне кіргізіп жіберіп, отты самаладай қылып өртеп, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болысып жатыр екен. Бетегеден биік, жусаннан аласа болып, жалғыз шөкене бетіне ұстап, айсыз қараңғы түнде қопаның қалың ішіне кіріп кетіп, түні бойы аралап көк аланы ұшырата алмады. Таң атқан соң Қопаның бір түбек берік жерін тауып алып, қалмақтың бір атын азыққа сойып алып, шақпағы кісесінде, аттың қарнын қазан қылып, емін-еркін ыстығын қылып, жеп жата берді. Түн болса, қопаның ішін қақ жарып аралап, Көкаланы іздейді. Күндіз жатады. Сонымен тоғыз күн де өткізді.
«Енді бір күн Көкаланы қолыма түсіріп алып, түн ішінде жауға тимесем, келген екі жаяуменен күдер үзіп, қалмақтың өзіне келіп бенде болып, шынын айтып қойса қорыққандықпен, онда бір масқаралық болды ғой», — деп, оныншы күннің түнінде жанұшырып қопаның ішін шарқ ұрып келе жатса, қалмақтың ханы қосын қопаның қақ ортасындағы аралға тігіп, Көкаланы ер тоқымымен түн болғанда босағасына басын кіргізе қосынның ішінде шылбырынан ұстасып отырады екен. Әгар айқай шықса, не нәрсені болса да шыдатпай, тас-талқан қып үзіп кетеді десіп. Есім ханның Көкаласының даңқы қалмаққа бұрын әбден танымал болған екен. Сонда қостың ішінде отырған қалмақтар ет жесіп отыр екен. Етті жеп болып, қолдарындағы пышақтары тегіс жерге түскен соң, қалмақтың біреуі жауырынды алып қарады да:
— Япырмай, — дейді, — Еңсегей бойлы Ер Есім дәу де болса келген шығар. Осы күнде аралап: «Көкала қайда?» деп алақтап жүрген шығар, — дейді. Дәл осы сөзді айтқанда Есім хан Көкаланың артына тақау отыр едім депті.
— Канеки, рас па? — деп, жалма-жан біреуі алып қарады да, — Еңсегей бойлы ер Есім Көкаланың алдында ма, артында ма? — дейді. Сонда қылп етіп қалдым, шығып қарайды ғой деп Көкаланың бауырының астына кіріп отыра қалдым десті. Мені сонша жерге жаяу келеді деген, ондай болып жүреді деген ойларында дәнеме жоқ. Жауырынға түскенін айтысып, әзілдей қылысып отыр. Және біреуі алып қарады да:
— Сендер нені айтып шатып отырсыңдар? Еңсегей бойлы ер Есім Көкаланың не астында, не үстінде ғой өзі, — дегенде, «енді шығып қарайды ғой» деп, шылбырдың сулыққа тақалған жерінен қиып жіберіп, Көкаланың үстіне мініп алдым да, тұра қалдым енді не дер екен деп. Сонда жауырынды бірі алып қарады да:
— Шылбыр қалды да, Көкала кетті ғой, нанбасаң тартшы шылбырыңды, — дейді. ол шылбырын тартып қалды да, мен айқай салып қопаның ішінде шапқан дөңгелек тұяқтыдан дәнеме қалдырмай қудым да шықтым депті.
Соңынан келген екі жаяу да жолын тосып жатыр екен. Бір-бір атты олар да ұстасып мініп, есен-аман қалған көп жолдастарына келіпті. Баяғы таяқ кесіп салған жері Мыңтаяқ атаныпты. Сол сапарында ұзақ жүріп кетіп, жолдастарының қалғаны қалып, қайтқаны қайтып, өлгені өліп, ең ақырында қырық кісіменен қалыпты. Түркістанға қайта бет қойып келе жатып жолай естіпті. Тұрсын хан қосын тартып келіп, иесіз қалған елді шауып, жыбыр-жиыр қылып жаман қырғын таптырып, Түркістанды өзіне қаратып алып қойған екен. Еңсегей бойлы Ер Есім мұны естіген соң долданып, өз-өзінен аласұрып, жынданып құтырды дейді. Жанындағы жолдастары осынша ұстап байлаймыз десе де, шамасы келмей олайғысын олай, былайғысын былай лақтырып, қырық жолдасы бәрі де қалжырап, алқынып дем алысып отырған соң, Есім хан өзінен-өзі басылып, сылқ түсіп жатты да, әрі-беріден соң басын көтеріп алып:
— Мен не болдым? — деп сұрады дейді. Жолдастары:
— Сіз құтырған есепте болдыңыз, жаман болдыңыз, — дейді.
— Онда неге мені байлап тастамадыңдар, — дейді.
— Бәріміз жабылсақ та, шамамыз келмеді, — десті.
— Жалғыз маған ба? — деді.
— Жалғыз сізге бәріміз жабылсақ та, мұршамыз келмеді, — деді.
— Олай болса бір мен құтырғанда қырық кісі шыбын құрлы болмаған болса, бәрің мендей құтырсаң, дүние жүзі кісі болса да қырау құрлы болмаса керек. Кел, батырлар, қырық біріміз құтырған бойымызбен барып Ташкентке қол қоялық. Ал, жүріңдер, — деп Ташкент шаһарына қарай бет қойып, сол қызуланып көтерілген екпіндерімен барып кіріп кетіп, Тұрсын ханды итше текпілеп, қорлықпен өлтіріп, Қатаған деген халықты жаман қырды дейді. «Қатаған ханы хан Тұрсын, қай неткенді ант ұрсын!» деген мақал сонан қалды деседі. Сонан соң «Қатаған» деген ат жоғалды.
Бірлі-жарымды қалғаны болса, қаңлы, шанышқылыға сіңіп кетіп, сонан қалған елдің тұқымы сол екі елдің ішінде қорғалап қалыпты деп айтылады. Ашаршылық болып төмен тартар сауынның қажет уақытында сол Көкала бір балалы малға сатылып, «Есім ханның Көкаласы, о да
бір балалы мал болыпты» деген сөз сонан қалды. Сол үшін қазақ халқы «басы айырдан көті айыр» деседі.
Қасым хан деген ол — Әз Жәнібектің бел баласы. Жошы ханнан соң көп жұрт алған кісі осы Қасым хан еді деседі. Бұл һәм қазаққа хан болған кісі жалғыз қазақ емес, ақырында көп жұртты биледі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter