Аңыздар ✍️
Досай би
Досай би жоңғар, қалмақ басқыншылығының аз-ақ алдында үйлі-жайлы, балалы-баранды болған, орта жасында ел билігіне араласқан. Сырттан қара дауылдай қаптап келе жатқан жайдың дүмпуін есте бастаған елі-жұрты одан және оның батыр інісі Қосайдан ел билігін қолға алып, жаудан аман сақтап қалуды сұранады. Бір тайпа елдің бұл өтінішін ол кездегі Түркістан шаһарын орталық етіп билеп тұрған хандар, бек, билер қолдайды. Сонымен Досай кейбір би, болыстарға ұқсап, «мені би сайлаңдар» деп бар малын шашып шығындап, артынып-
шабылмай-ақ, көп тілеуі бойынша би болып белгіленеді.
— Бала кезінен Қаратау өңіріндегі хандар, билердің алдын көріп, сөзін тыңдап, ауыл арасының кішігірім дау-дамайын атақты билерге жібермей-ақ, өзі шешіп, кесімді тапқыр, ше- шен сөйлеп жүрген Досай енді би болған соң аты әйгілі хандар мен билердің көпшілігімен таныс, дастарқандас боп кетеді. Ол әсіресе Абылай хан, Қабанбай, Бөгенбай батыр және Төле, Қазыбек, Есей билермен жиі кездесіп тұрады. Елді жаудан қорғау мәселесін және кейбір шиеленіскен дауларды сол билермен бірге ақылдаса отырып шешеді.
— Қарабас өзенінің басындағы қырғын шайқасты ел былай деп аңыздайды: «Алаңсыз малын бағып, тойын тойлап тыныш жатқан Қарабас сазындағы, Жетімтау мен Керегетас ығындағы Зорбай аулына жоңғарлар тыңшыларын жіберіп жүріп, ол ауылдың басшылары Досай би мен Қосайдың Түркістандағы жиынға кеткен хабарын есітіп, бір түнде тұтқиылдан шабуыл жасайды. Жігіттерін құл, қыздарын тұл етіп, мал-мүлкін ту-талақай қылады. Осы шайқаста беріспей соғысқан Досайдың төрт, Қосайдың тоғыз баласын жаулар қолға түсіріп, Қарабас өзенінің қайнар көзіне тастайды. Тастағанда жай тастамайды, көзге тастаған жігітті бұлқынып атқылап жатқан бұлақ суы сыртқа теуіп шығара берген соң, оның үстін кебежедей таспен бастырады. Сөйтіп, жауыздар қайнар бұлақ көзіне бір жігіт, бір тастан тастай береді. Бұлақ көзі бітелуге айналады. Су қан болып ағады. Сол бір жазалауды «ел көріп шошынсын» деп, жаулар жәбірлеген кемпір-шал, қатын-қалаш, бала-шаға демей бұлақ басына түгел жинайды. «Міне көрдіңдер ме, қарсылық етсеңдер, сендерді де осылай етеміз!» — деп ақырып, қамшы үйіреді.
— Бұл сойқан Түркістанға кеткен Досай, Қосайға жетеді. Олар сол жиынға қатысқан Төле би, Есей бимен ақылдасады. Қол жинап топ құрады. Бұл әрекет елге жетеді. «Не дейсің, Досай, Қосай Түркістандағы Қабанбай, Бөгенбай, Есей батырларды сан мыңдаған қолымен ертіп шығыпты». Бұл хабарды есіткен жоңғарлардың берекесі қалмайды. Есей, Досай, Қосай бастаған (анау айтқан сан мыңдаған қол емес) шағын жасақ Түркістанның шығыс жағындағы Ноғай қорғаннан өтіп, Нұра жотасына, одан Мыңбұлақ сазына жете бергенде, жоңғарлардың қарсылығына кездеседі. Сол қақтығыста Есей, Досай қолы жаудың біразын қолға түсіріп, қалғанын түре қуады. Сөйтіп, олар жоңғарларды Мыңбұлақ, Бестоғай, Қарабас өзендерінің бойынан, Табақбұлақ, Тасбұлақ, Ноғайбұлақ басынан қуып шығып, Жетімтау, Керетастан асыра, Бабаата, Құмкентке жеткенше қуа соғысады. Ақыры, жау жағы әлсіреп жеңілген».
— Міне, Есей, Досай, Қосай батырлар біздің жерімізді осылай қорғап қалған, — деп, Құлбек ақсақал әңгімесін аяқтады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter