23.08.2021
  322


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Бұйырса...

Бір қарт базардан арықтау тай сатып алады да, жетелеп жүріп суарып, жыл бойына баптай береді, баптай береді. Түгі жылтырап, әбден кісі қызығарлықтай болған кезде баласы оны базарға апарып сатпақ болады.



— Әке, жылқыны сатқан соң алдыменен сізге мәсі мен кебіс, шапан мен тақия сатып аламын. Сосын балаларды түгел бүтіңдеймін. Әйел, әй, сен тында! Екеуімізге жағалы киімдер, — деп аталатын дүниелерді шұбырта жөнелгенде әкесі:


— Балам, әуелі бұйырса деп айт? — дей салады.


— Әй, әке-ай, осы сенің бұйырса-мұйырсаң бітпейді екен. Осы мені әбден қажытты, — деп қатты реніш білдіреді баласы әкесіне.


— Қазір жылқыны қолыммен жетектеп шығамын да базарға бармаймын ба? Барамын. Сатпаймын ба, сатамын. Сатқан соң ақшаны мұқият санап аламын. Сонда дүкен маған заттарын сатпай ма, сатады, сонда бұйырмайтын несі бар? — дейді.


Айтқанындай жігіт базарға барып, малын сатып, ақшасын санап алып, дүкендерді аралап, ойлаған бұйымдарын алмақ болып, ақша төлеу үшін қалтасына қолын салса, бағанағы санап алған ақшасы жоқ болып шығады. Қай жерде, қашан, кімдерге алдырғанын да байқамай қалған екен. Салы суға кетіп, түн ортасы ауа үйіне оралып, есігін қағады. Есіктің арғы жағыңда тұрған келіншегі «бұл кім» деп дауыстаса:


— Бұйырса, байыңыз боламыз, — деген екен.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу