Әңгімелер ✍️
Бір айып
Кенжекең тағы бірде бір жақтан келе жатып, бір байдың үйіне түсіп, сол үйде қоныпты. Сол үйдің есігінде бір жалшы жігіт жүріпті. Кенжекең тамақ ішіп, жайланып болған соң сыртқа шығады. Сол кезде әлгі жалшы жігіт Кенжеге келіп:
— Кенжеке, мені осы жалшылықтан құтқарыңызшы, — деп өзінің мұңын шағады.
— Жалшылықтан құтылғың келсе, сен менің айылымды ұрлап ал, — депті.
Сөйтеді де, өзі үйге кіріп, жатып қалады. Ертеңгілігінде Кенже атын ерттейін десе, бір айылы жоқ. Кенже:
— Айылымның біреуі жоқ, біреу ұрлап алыпты. Байеке, айылымды таптырып бер, — дейді. Бай жалшыларына ақырып, олардың екі аяғын бір етікке тығады. Байдың жалшылары айылды «біз алғанымыз жоқ» десе де, бай оларға сенбей тінткен де, айыл әлгі түнде Кенжеге жолыққан жігіттен шығады. Бай жалшы жігітті ұрмақшы болғанда, Кенже оған ара түсіп, оны ұрғызбай алып қалады.
Байға Кенже:
— Осы жалшыңызды бір айылдың құнына маған беріңізші. Жазасын өзім берейін, — дейді.
Сөйтіп, әлгі жалшы жігітті өзімен бірге алып кетеді. Кейін әлгі жігіт «бір айылға сатылып келген» деп, «бір айыл» атанып кетеді. Кенже оған енші беріп, үйлендіріп, жеке отау етіп, бөлек шығарады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter